Жылдың үздік балалар шығармасы
6926

Бос келген күрең

(Ақтанның хикаясы)

 

Ақтанның оянғанына біршама уақыт болған. Шаңырақтан көлбеу құлаған май тоңғысыз күзгі шуақ түңілік көтеріле үйге қоса енді. Сырттан еміс-еміс ала төбеттің үрген дауысы мен қойдың күрт-күрт жусағаны анық естіліп тұр. Әдетте атасының мама ағашқа атын ерттеп жүрген тықыры немесе ертемен қой санаған дыбысы естілуші еді. Алайда бүгін дала жым-жырт жайбырақаттыққа көшкен. Айнала сап тыныш.

         Қоңыр шал қыстаулыққа шөп оруға кеткен. Арттағы хал жағдайға, малға ие болуға кенже бауырын қалдырып, Ақтанға да бірер шаруа тапсырған. Ақтанды сынағаны ма? Әлде қысқа жіп күрмеуге келмей өзі үлгермейтін болғасын лажысыз жұмсағаны ма? Ол жағы беймәлім. Әйтеуір өзі үлкен деп санайтын бірер харекетке жарағанына Ақтан кәдімгідей марқайып, өзін азамат сезініп қалғаны бар. Бүгін сол шаруаның орындалатын күні. Сол үшін де түнде ерте жатып, таң ата ерте оянған. Манадан бері атасының тапсырмасын ойлап ұйқысыз жатқаны содан.

Көп бөгелмей тысқа шығып, арқандаулы атын ноқталап ұстады да, өзіне меншік қалмақ ермен бос ерттеп қойды. Апасы берген шайды қанып ішкен соң айтқан сөзін сүлесоқ тыңдады да, кәдуелгі қыңыр атасы сияқты төс айылын қаттырақ, шап айылды бос тартып жолға шықты.

Саркезеңнен өте шығыстан бетіңді өбер салқын желдің ұшқыны байқалды. Күрең де ауыздығын қарш-қарш шайнап, тебінсең ала ұшуға дайын. Мыңшұңқырдың күнгей бетіндегі жалды қыраттап, әрнені қарауылдай бөкен желіспен жортқаны не сылбыр жүріске салғаны белгісіз шоқырақтап келеді. Әзірге тізгін тартуда, көрсетер өнері болса алда көрмек. Қоңырдың қамшысының ұшындағы жыландай ирелеңдеген қара жол, одан ары долбарлап айтып берген, із кесіп жүретін кәдуелгі малшылардың үйі бәрі-бәрі көкейінде сайрап тұр.

Анау түстіктен көрінген құба жазық Қолаңшаштың да әр қиырынан қараңдаған жылқы, жаздың соңғы сонысын күйсеп жатқан табын-табын сиырлар көзге шалынады. Қолаңшаш туралы атасы айтқан құба жонның тарихы өңге. Бұл құйқалы мекеннің аңызы қасірет болса да бүгіні той думан. Ғашығына қосыла алмай құсаланып, жардан ұшып өлген Қолаңшаштың тарихы бөлек бір хикая еді. Сол Қолаңшаш қыздың құрметіне қойылған, атымен аталған байтақ жер бүгінгі күн еңкіш ердің еңсесін тіктеген, еру елдің малын тойдырған қордалы өлке. Ақтанның атасы, Қоңырдың да бір ерлігі осында болған дейді жұрт. Ақтанның есіне таудағы қызық қуған малшылардың өрістен қайтып әрекідік кездесе қалған бір әлетінде "Сенің атаңның артында көзкөргендер болмаса нана бермейтін өшпес бір ерлігі бар еді, одан бері бұл маңда ондай оқиға болған емес. Әй, батыр дерсің! ғажап-ақ" деп аузының суын құрта айтатын, қоңсы қонған елге намысын бермеген қыңыр шалдың әңгімесі түсті.

Орқашардың ойлы-қырат, жыра-жықпылдарынан өңге беті тақтайдай тегіс жататын жазығы осы – Қолаңшаш. Сондықтан екі ел арасындағы қызық-думан, бәйге, базар-жәрмеңкелер толық осы жерде өтетін. Ауыл ішіндегі қара жарыстан бастап, үлкен дүбірлі бәйгенің де құтты қонысы осы. Сондай айтулы бәйгенің біріне Құлжақоңырын мініп Ақтанның атасы да жеткен екен. Көргені қызық, айқай шу, мәре. Бірақ қарулы ердің көксегені басқа, бәйгеден кейін берілетін көкпарда еді. Жүзден озған жүйріктің салт бойынша жиналған жігіттерге көкпар беретіні бар. "Лақ-лақтап" шулаған бозжігіттерге бәйгесі келіп марқайған жүйрік иесі қысты күні ерте туылған марқа лақты әкеліп сояды. Қараңдаған қалың топ, қымызға мас қырағы жігіттер әй шайға қаратпай іле жөнелген. Арасына сіңіп Ақтанның атасы да кеткен..

Ежелгі жосын бойынша көкпарға түскен жігіттердің мұраты біреу. Әр ауылдың жігіттері бірігіп өз аулына бұра тартады да, барғасын денені мүшелеп, бөліске салады. Аттың да, ердің де сыналар шағы. Қоңырдың қайдан салса сонан шығатын, болып тұрған дер шағы болса да, ауылдан барған жігіттердің қарасы аз көрінеді. Бірлі-жарлысы күдер үзіп, қолын сілтеп қайтып та кеткен екен.

Алашабыр жұрт бытырап, тарай бастағанда астында бір мініске жарайтын көлігі бар жігіттердің барлығы көкпарға ойысқан. Қамшысын аузына тістеп, үзеңгіні шірей тартып тұра қалған жігіт. Жас лақтың сирағына ғана жармасып, тақымға қамтып ұстай алмаған тағы біреуі. Еңіске қарай ағызып келіп ат тұяғына мыжылып, қолдан сусып түскен көкпар. Ат-патымен сүрініп, омақаса құлаған қуғыншы. Бір-біріне қарауға мұршасы жоқ, қызығына кіріп кеткен қауым ел. Шаң қапқан алаң. Бір қарағанда жер танабын қуырып, ажалды ермек қып ойнаған ұлы дүбір дерсің.

Өзіне сенген небір қайратты, өткір жігіттердің өзі төрт-бес тақым басқаннан арыға бара алмай не болмаса қарақұрым қалың нөпірден лақты алып шыға алмай дүдәмәл халде тұрғанда сол елдің бір азаматы тақымдағы лақты ұшқыр атты біреуіне өңгеріп жіберсе керек. Дүйім ел соның соңынан қуа жүйтки жөнелді. Аттандаған айқай, арғымағын желдей ағызған азаматтар легі.

Таулы аймақтағы көкпар тартудың тағы бір салты сол маңайдағы отбасында қуаныш болып жатқан бір шаңыраққа лақты әкеліп түсіреді. Үй иесі келген жігіттердің арзу-арманын орындап, лақты алып қалады да, орнына өрістен жаңа бір ешкінің төлін әкеліп сойып, ары қарай қуанышты бірге тойлап кетеді. Қушыкеш жігіттер бұндайда қай елде, қайсы түтінде қандай қызық, қуаныш болып жатқанынан күні бұрын хабардар тұғын.

Манағы желік қуған қалың нөпір сол елдің іргесіндегі бір үйде түнеу күні жас келіннің босанғанын сылтауратып көкпарды сол үйге түсіреді. Бәтуәлі сөзге, уәжге тоқтап үй иесі биылғы лақтар әлі піспегендіктен былтырғы серкешті әкеліп сояды. Салт бойынша малдың басын, ішек-қарнын алып қалып, қалған толық денені келген көкпаршыларға берген. Дүбірге еліткен жігіттер айран-шалап ішіп, қысқа әңгімеден кейін аттың басын қайта ағызған. Қолтығы енді сөгілген ұшқыр аттар мен делебесі қозған бозбалалар теріскей шатты бетке алып құйын перен зымырап барады.

Әр тарапқа тартқан әр ауылдың жігіттері. Ақтанның атасы Қоңырмен бірге қоныстас балуан Нарбота да қаптаған көптің ішінде. Көкпарды бір екі мәрте жұлып алғанымен топты ортадан шыға алмай бір саңлау іздеуде. Ұрымтал сәтті күткенмен қыруар қолдан ыңғайға келмесін білген Қоңыр бірсыпыра уақыттан кейін шеткерек шығып Нарботаны шақырады. Көпті көріп тіс қаққан Қоңыр бұны күшпен алып кете алмасын сезіп әдіске көшкен. Сақа жігіт жырындылығын қояма?! Қысқа әңгімеден кейін бір сөзге келіп топтың ішіне екеулеп қайта кіріп кетті. Құлжақоңырдың күшімен кимелеп ортаға кірген соң манадан бері ешкімге дес бермей, атының басын теріскей бетке бұра тартып бара жатқан жігітпен қосарлана шауып бірге келеді. Алдыңғы сирағын аттың сауырына түсіріп алыпты. Атын тебініп, бір ұмтылып көкпарға таласа кеткен. Қолы қайтып қалған жігіт көп қарсылық білдіре алмай тақымын босата берді. Сол мезетте Нарбота да соңынан жеткен екен, ол да көкпардың бір пұшпағын қауып ұстап жабыса түсті. Қаншырдай қатқан қос аттың екпініне қу тақым, дойырдай қатпа қара қолдың күші қосылып, екеуі қосарлана шауып бірі алдыңғы, бірі артқы сирағынан кезек-кезек тартқылай берді. Асау білек қарысып тіптен жіберер емес. Көкпардың толық денесі бұларда болғанымен бағыт өз ауылдарына болғасын өзге жігіттер таласа қойған жоқ, тек ере шауып келеді.

Алма кезек жұлқысып, екі жаққа сілки тартқан екеу. Түсініксіз тартысқа таңданып ере шауып келе жатқан адамдар шоғыры. Сырттан қарағанда қызылпышақ боп ерегескен екі жасқа ұқсайды. Бірақ жырындылардың көксегені басқа сынды. Талай тайталас, талас-тартыста қарсыласын ат-патымен аударып, жұлқып әкететін кәнігі Қоңыр. Талай топта менмін деген жауырыны тақтайдай алыптардың жамбасын жерге тигізген балуан Нарбота. Екеуі де қырағы, жөпелдемеде қолдан жіберер емес. Бір уақытта егеске түскен екеудің әлеуетіне шыдас бермей көк серкештің денесі ортасынан қақ айырылды. Ілесе келген топ шу ете түсті. Соңынан жеткендер даурығып не болғанын аңдамаса керек. Бақса, серкештің толық денесі қабырғасының тоқтаған жерінен екіге бөлініп, кеуде жағы біреуінде, бөксе жағы біреуінде кеткен екен.

Алқақотан абыр-сабыр жұрт. Пай пайлап егей ердің күшіне мойынсұнғаны да, бір жілік те бұйырмағанына қапаланғаны да, түсінбей таңырқағаны да келіп екуінің қолындағы борбайға сенер-сенбесін білмей таңдана қарайды. Көкпарға енді ілескен бозжігіттер қайран қалып, сүйінішін жасыра алмай ағынан ақтарылып та жатыр.Үлкендер жағы бөлінген денеге ендігі таластың керегі жоғын сезіп кері қайтты. Жиналған топ қос азаматқа ықыласын беріп, разы хош айтысыпты.

Айласына күші сай екеудің ерлігін содан бері осы өңірдегі ел жыр қылып айтады. Сол қаңқу әңгіменің өзегі осы маңда болғанын біліп, қиянкескі тартыс қай жерде орын алды екен деп бажайлап келеді Ақтан. Іштей қыңыр да қиқар атасының ерлігіне тамсанып, кеудесін мақтаныш биледі. Бір заматта күреңді тебініп ағыза жөнелді.

Мынау шеті мен шегі жоқ дарқан даланың, жасыл жайлаудың, қарт қыраттардың еркесі, сәні жайлап жатқан елі екен. Мыңдаған жылдар қанына тарап, сүйегіне сіңіп кеткен бейғамдық, алаңсыз тірлік. Өздері жетіспей жүрсе де сый көрсетуге, жер бөліп, жонын кесіп беруге келгенле алдына жан салмайтын қамкөңіл мінез, адал пиғыл, ақжарма ниет. Сұлу табиғатқа әр беріп, мән-мағынасын келтіріп отырған да осы кең қолтық қазақы ауыл, соған тән мәрттік, кеңпейіл адамдар екен.

Табиғаттан бойына сіңген осы қасиетіне, көшпенді елдің қаннен қаперсіз тірлігіне қарап Ақтан осында туғанына, көңіліне қылау түсіргісі келмейтін ақжүрек жандардың кіршіксіз тазалығына сүйінеді. Таңданады. Тамсанады. Іштей пешенесіне бұйырған осы бақты көңіліне медет тұтады.

Күрең шабысына шабыс қосып құйындай жүйткіп келеді. Асау шабыстан сағымдай зымыраған күреңнің екпініне еліткен Ақтан жазық даланың тынышын бұзып әләуләйге көшкен.

"Жаз боооолса жарқырааааған көлдің беті ай оу,
Көгееееріп толқындайды япуурай алыс шеті ай ооооу"...

Ел алдында көсіліп ән шырқамаса да көз көрмес тау-таста, қой баққан сәттерінде әредік әләуләйге басатыны бар. Қазір де желмен бірге күреңнің шабысына делебесі қозып әндетіп келеді. Күрең әдеттегі можантопай жабылардай емес ұшқыр. Әу бастағы қарқынынан таяр емес. Сөйткенше болған жоқ қос аяқтап шапқан күреңнің жылдамдығымен Қоңыр атасы айтқан аймаққа жетіп те қалыпты. Анадайдан киіз үйге келіңкірейтін ақ шатыр көзге шалынды. Бұл көршілес аймақ Қобық өңіріне қарайтын ежелгі Торғауыттардың мекені. Тарихта қанша жерден жерге таласып, қырық пышақ болып қырқысса да қоңсы қонған қоныстас, киіз туырлықты ел. Елді мекені кең, аз мал бағатындықтан бүгінгі күн жерін көп қорымайды. Іргелес отыратын қазақ ауылдары іріқарасын осы жерге айдап қойып, айлап көздеп еркін жүре беретін. Қоңыр атасының айтуынша көз көрнеу жердегі анау ақ құбаша келген шатыр үй бұрыннан таныс Торғауыт жігіттің үйі. Жөн сұрасаң жол көрсетер деген-ді.

Үйге тақай бергенде абалай жөнелген итке күрең құлағын қайшылап қояды. Ілкі дұспанын көргендей шәуілін тоқтатар емес. Аттың сауыр жағына таяса артқы санның құлақ шекеге тиері мұнда. Оған Ақтан талай мәрте куә болған. Көп өтпей шай-шайлап қақпайлаған дауыс та естілді. Ағаш есіктің босағасынан маңдайын күн сүйген қатпа қара кемпір шықты. Әжімінен күйбеңі таусылмайтын бір сыдырғы тірліктің салған жолы мен соған көндіккен шарасыздықтың ізі байқалады. Дегенмен жүзінен еркіндіктің самалы да есетіндей. Ақтанның бұйымтайын тыңдап болғасын, шығыс жаққа жол нұсқады. Сол жақта баласы қой жайып жүр екен. Өзі қазақша тілге сайрап тұр. Жөн сұрауды да ұмытқан жоқ. Ақтан алғысын жаудырып кемпір нұсқаған жаққа жүрді. Түрі қазақтан айнымайтын қатпа қара кемпірге ықыласты, риза сынды. Ит тұқымының бағызыдан бергі әдеті емес пе, абалап қарсы алған төбет қайтадан абалап шығарып салды.

Желе жортып қойдың топанына жете бере ысқырып шақырған Торғауыт жігіттің дауысын естіп, бара амандасты. Аман саулықтан соң Торғауыт жігіт Қоңыр шалдың аужайын сұрады. Ешкімге қимас ескі досындай Қоңырмен арадағы бір екі естелігін айтып «Осы өңірдің қорушысы еді» деп қарқылдай күліп салем айтты. Күлкісінде қыжыртудан гөрі таңданыс басым. Ықыласты пейіл мен қатар сағыныш та байқалады. Ақтанның бұйымтайын күні бұрын сезген сынды, тыңдап, іздеп шыққан айғырдың үйірі алыс емес екенін, төменгі күреңседе жайылып жатқанын айтып жолға салды. Атасының осы теріскей аймақ Орқашар мен бүткіл Жоңғар жазығын, Майлы-Жайырдың қыр-сырына қанық екенін баяғыдан білетін. Манағы Торғауыттың «Қорушы» дегені соған байланысты айтқан әзілі болар деп түйді Ақтан.

Бұл кезде шақырайған күннің ыстығы қайтып қалған еді. Күнге тік қараған Ақтан көзі ұялып, қолын қалқалай бере түс ауғанын сезді. Торғауыт жігіттің нұсқаған жағына жүріп, көп өтпей қисық адырдан аса бергенде анадайдан қамсыз жайылып жатқан жылқының үйірі көзге шалынды. Үйездеп тұрған көк бие көзге шоқтай басылған. Талай мәрте бие байлағанда желіден қашып, тістеп, теуіп сауымның берекетін қашыратын, тек байлаулы құлынына алданып тұратын көк бие үйірдегі айғырдың өзіне де онша ырық бермейтін еді. Аңдаса мұнда да бөлек жайылып, шөптің сонысын күйсеп тұр. Өңгелері маңайына барудан именетіндей. Ақтан үйірлі жылқыны бірден танып, іздеген жоғын тапқанына қуанып кетті.

Жылқылар қамсыз. Шеткерірек тұрған кекілі шоқпардай торы айғыр үйірді сырттай бақылап, аңысын аңдауда. Алаяқ бастаған мама биелер құлындарын ертіп, төменгі суатқа беттеп барады. Биыл он екі бие төлдеген екен, құлындарының танауы желбіреп арасында құлдыраңдап жүр. Адамның қарасын көріп тегіс құлағын тіктей, үрки қарайды. Ақтан үйірлі жылқыны бұлаққа әкеліп барлығын суарып алды да, алдына салып кері қарай айдай жөнелді.

Келер жолдағыдай емес жылқыларды тықсыра қуып, бірде шауып, бірде желе жортып келеді. Қатар келіп қалғанда бір-бірін тістелеген биелер, тебіскен тай-құнандарды сырттай бақылау қызықты-ақ. Бірде Ақтанның ырқына бағынғысы келмей торы айғыр үйірдің алдын қайыра қуады. Ақтан да ерік бермей айқайлап, шабысын одан бетер жеделдете түседі. Осылай алақұйын желікпен ат шыптырымдай жерді артқа тастап, ел орынға отыра ауылдың шетіне ілікті. Тоқ жылқылардың екпіні бәсеңдеп, жас құлындар тапырақтап қалды. Ақтан да қууын тоқтатып, түйенің изең жүрісіне көшкен. Баяу, сылбыр келеді. Үйге иек тастам жер қалғанда атасы тапсырған шаруаны тыңғылықты орындағанына іштей разы болып, кеудесін қуаныш кернеді. Көзіне атасының маңдайынан сипап, мақтағаны да елестегендей. Кенет күреңнің тізгінін тартып, кідіріп тұрып қалды. Әлдебір жымысқы ой көкейін тырнаған. Мынау бір үйір жылқыны іздеп тауып, таудан айдап келе жатқан үлкен еңбек бар. Оның үстіне азаматтың бар екенін, керек екенін сезіндіретін тағы бір істі үстемелей түскісі кеп, бір байламға келді. Айғыр үйірді түстік қабырға беттегі бүргенге айдап, өзі кезең астындағы үйге тартты. Біраз жолды еңсерген жылқылар бірден жайылымға бас қойған.

Малды артқа тастап Саркезеңге жеткенде Ақтан атынан түсті. Сәл суытып, ауылдың аужайын байқаған соң оқыс қылық жасап, аттың айылын босатып, ертоқымды бауырына жіберді. Күреңнің жуастығы мұндай жақсы боларма?! Басқа аттар болса сауырына түскен ауыр заттан үркіп, мөңкіп баяғыда-ақ жөнелуші еді. Күрең болса тыныш. Сырттан қараған адамға үстіндегі адамды жығып, тулай қашқан бейнеге келеді. Ақтан енді аттың тізгінін түсіріп бос жіберді де, қамшымен саннан бір осып үйге қарай айдап салды. Өзі қиыс жүріп, үйдің қарсы бетіндегі кішкентай жотаға жүгірді.

Аз-кем уақыттан соң қонған жұрт толық көрінетін қарауыл тастың иығына шығып, ауылды барлай қарады. Ымырт түсіп мал өрістен қайтқан. Қарбалас тірлік. Ақтан күреңге көз тастады. Бос тізгінді алдыңғы аяғы басып қалып еңкейеді де қайта шұлғи тартады. Күрең күндізгі жорықтан аздап шаршаса да үйге, атағашқа асығады. Оған да ертоқымын алып, бойын суытып өріске жайылғаны керек. Дегенмен кәдуелгі желіс жоқ, нарау маңады.

Кешкі сауынның қарбаластығында жүрген апасының маңайға қарайлайтын түрі жоқ. Желіні сыздаған ақ тоқал сиырдың алпамсадай емшегін үзердей күріп-күріп сауады. Әлден уақытта күрең ат арқан салым таяғанда ер тоқымды аттың қарауытып келе жатқанын көріп қарала төбет арс етіп үре жөнелді. Арсыл-гүрсілмен жақындағанда ғана таныс жылқының бос келе жатқанын көріп үні бәсеңдеп өшті. Иттің үргеніне елеңдеп, ақ тоқал сиырдың екінші иіндісін сауып жатқан апасы бос атты көріп орнынан атып тұрсын. Шелегін тастай салып, аңырып қалған.

«Қу шешек-ай! Кішкентай баланы айдалаға жұмсап.. Келген соң барса да бітетін шаруа еді ғой. Енді не болды Құдайым-оооу!» деп Қоңыр атасын сыбай зарлаған қорқыныш аралас апасының дауысы жетті Ақтанның құлағына. Айқайды естіп үйден кенже ағасы мен қарындасы да қоса шықты. Күреңге жетіп үстін тінти қарайды. Ертоқымы бауырына түсіп, тізгіні сүйретіліп бос келген. Ақтан да, іздеп шыққан айғырдың үйірі де жоқ. Бірдеңеден үркіп баланы жығып кетті ме екен деген күмән, күдік. Әйтпесе аусар қылық жасап, жалт беріп үркетін күрең емес. Кенже ағасы аттың ертоқымын дұрыстап ат ағашқа байлады. Еңкілдеп көз жасын бұлаған апасы шаруасын тастап іздеуге кірісті. Күңкілдеп иманын да шақырып жүр. «Сақтай көр, Құдайым!» деген жалыныш аралас аяушылық та естіледі. Жар дегенде жалғыз баласының қандай халге ұшырағаны беймәлім. Бірақ бір сұмдықтың болғаны аян.

Ал қарсы беттегі жағдай мүлде бөлек. Ақтан сығалай қарап қызыққа батып тұр. «Мен керек екенмін ғой сендерге, іздеңдер» деген масаттану мен рахат сезімі қатар ұшқындайды. Шіркін Қоңыр атасы болса қайтер еді? Ол да шарқ ұрып іздер. Бірақ қорқынышын сыртқа шығара қояр ма екен?! Дегенмен осы көріністің өзі ақ Ақтанның қалауын қанағаттандырғандай. Ауыл жақ абыр-сабыр болып, кенже ағасы күреңге мініп енді іздеуге ыңғайланғанда істі одан ары насырға шаптырмас үшін қарауыл тастан ыржалаңдап Ақтан шыққан. Айқайлап әнге басып келеді.

"Жаз боооолса жарқырааааған көлдің беті ай оу,
Көгееееріп толқындайды япурай алыс шеті ай ооооу"...