Жылдың үздік балалар шығармасы
309

Жақсылық жасаудың кезегі

(Ертегі)

Ертеде бір мрамор тастан қаланған алып шаһар болыпты. Кезінде қала дәуірлегенімен, патшалардың тынымсыз соғысынан  қирап, күнкөріс күннен күнге қиындай беріпті. Осы қалада Жиһан мен Жиһаз деген екі ағайынды жігіт өмір сүріпті. Жиһан өте ақкөңіл, жомарт екен. Қажет кезінде үстіндегі соңғы жейдесін шешіп беретін, алдындағы асының жартысын жарлыға ұсынатын болыпты. Жиһаз бұған сонысы үшін үнемі ренжіп, ұрсады екен.

Сен ешқашан байымайсың осы түріңмен! Саған көрші үйдің бала-шағасына дейін күледі. Басы дұрыс жұмыс істемейді деп ойлайды. Екеуімізге әке-шешемізден қалған аз мұра құрып бітуге айналды. Сен мына береген қылығыңды қоймасаң, ұзамай өзіміз де аштан өлетін боламыз,– дейді. Жиһан қанша қайырымды болғанымен, күндердің күнінде айнала аш-арық жұртқа берер ештеңесі қалмайды. Ал Жиһаз болса, үйдегі іске алар дүниенің біразын сандыққа салып, аузын кілттеп қояды. Қаптағы қуырылған бидай, дорбадағы талқанды, қысқы соғымнан қалған сүр еттерді кебежеге салып, тығып тастайды. Ол осы қордан өзге түгіл, өз бауырына да түк татырмай қояды. Өзі ғана оңашада шетінен кертіп жеп жүреді. Жағы суалып, көзі шүңірейе бастаған туған інісіне күле қарап:

–Ал, жақсылық жасай ғой тағы да! –дейді кекесінмен..

Күннен күнге кері кетіп, аштық пен жалаңаштыққа бет алып бара жатқан қала тіршілігі Жиһанның жанына бата бастайды. Ол тығырықтан шығатын жол іздейді.

Күндіз-түні ойға батады. Күндердің бір күнінде көл жағасында балық аулап отырған Жиһанның төбесінен бұрын-соңды бұл өңірде болмаған алтын қанатты, күміс құйрықты бір құс ұшып өтеді. Оның адамзат тіліне ұқсатып сайрауынан Жиһан«Жақсылықтың кезег» деген сөзді ұғып алады.«Жақсылық жасаудың кезегі!» – деп күбірлейді ол. Жақсылық жаса! – десе, түсінікті. «Жақсылық жасаудың кезегіне тұр» –депкеткенжоқ па мына құс? Ендеше, Жақсылық жасаудың кезегін қалай ұйымдастырсам екен,–деп,Жиһан тағы да қалың ойға батыпты.

Ойлап қараса, жалғыз ағасының өзі бұған үнемі «Жақсылық жасама, елге күлкі боласың. Өмірі байымай өтесің, жарлы күйіңде қала бересің»,–деумен келеді екен. Ендеше, бұл жерде Жақсылық жасаудың кезегіне тұру туралы бірдеңе айтудың өзі артық секілді.

Жиһан әрі ойланып, бері ойланып, ақыры Жерге жақын орналасқан Жарық Жұлдыз еліне аттанбақ болады.  Өзі жақсылық жасап, жарты қап бидай берген  бір ақсақал шал  Жиһанға қорада тығулы тұрған тұлпар атын сыйлайды. Ана, апалар қайырымды ұлға біраз азық жинап береді. Жиһан арғымаққа мініп, жолазығын қоржынға сап бөктеріп ап келе жатса, аспанға кемпірқосақ құсап тартылған қызылды-жасылды жолды көреді. Бала осы жолға аяқ басуы мұң екен, Арғымаққа шатырдай боп қанат бітеді. Қоржыны қанарға айналып, ондағы тамақ көл-көсір бола қалады. Жиһан көзді ашып-жұмғанша, Жарық Жұлдыз еліне жетеді.

Бұл бір ғажайып ел екен. Жиһан әсіресе, ауаның таза, ақықтай мөлдір екеніне таңғалады.Мұнда қаласы қайсы, ауылы қайсы екенін ұқпайсың.  Қалада көп қабатты үйлер, жүйткіген көліктер. Алайда көшелер мен үйлердің маңайы көк жасыл бау-бақшаға бөленген. Бассейндер, шағын көлшіктер мен субұрқақтардан көз сүрінеді екен. Зауыт, фабрикалардың түтіні қайда кетіп жатқаны белгісіз, ауаны ластап жатқан ештеңе жоқ секілді. Көліктерден қап-қара түтін будақтамайды. Ал ауылдарында алып кітапханалар, шағын өндіріс орындары тоқтаусыз жұмыс істейді екен. Адамдар мынау ауыл, мынау қала деп таңдамайды . Өйткені қалада да, ауылда да не керектің бәрі бар бопты. .

Жиһан қаланың қақ ортасындағы ашық алаңда жиналған көп халықты байқайды. Олар шұбырған кезектің соңын қажымай, талмай ерекше ыждаһаттылықпен күтіп тұрған сияқты. Ол жақындап келіп қараса, Жарық Жұлдыздың адамдары шынымен бір нәрсенің кезегін күтіп тұр екен. Жиһан ерекше бір керекті заттың кезегі ме деп бұлардың жанына келіп: «Соңы кім екен?» – деп сұрайды. Сөйтсе, бұл баяғы алтын қанатты, күміс құйрықты құстың аян бере айтқанындай, Жақсылық жасаудың кезегі екен.  Жиһан қатты қуанып кетеді. Жерден іздегені көктен табылады. Қуана-қуана кезекке тұрады.

Ал жерде қалған Жиһаздың жағдайы адам аярлық күйге ұшырайды. Оның жалғыз дәнді бөліп жемейтін тоғышар сараңдығы жұртты әбден ашындырған екен. Жер бетіндегі жалғыз бауырынан асын тығып жеп, оны қаңғыртып жіберген Жиһаздың қылығы шектен асқан соң, жұрт оны жазалайды. Кебежеге тыққан тамақтарды теңдей етіп бөліп алысады, сандықтағы киім-кешектерді панасыз жетімдерге үлестіреді. Сөйтіп, жақсылық жасауға жаны қас Жиһаз көп кедейдің біріне айналыпты. Қадірлі кедей емес, «қарабай Қарынбай» атаныпты. «Қабірге жеткенше, қадірімді алма» немесе «Береріңді алсаң да, беделімді алма» деген нақыл сөздер содан қалса керек.

Ал Жиһан Жақсылықтың кезегінде кеш түсіп, қас қарайғанша тұрыпты. Сол кезеңде ол мұндағы жұрттың не үшін кезекке тұратынын біліп қайран қалыпты. Біреуі шымқай ақ киінген дәрігер екен. Ол осы елге көршілер зымыранмен ұшып келіп сеуіп кеткен ВИМАРК вирусын жұқтырғандарға тегін қызмет етпек. Біреуі Күн сәулесінен дәрумен жасаушы екен. Осы дәрумен заводының бизнесі дамығаны соншалық, ақшасы өзінен де қызметкерлерінен де артылып, өзге мұқтаж жандарға бөліп бермекші екен. Енді біреуі Білім министрі болып шықты. Ол шығармашыл және ғылыми ойлауы дамыған балалардың Өнер және Сана мектебінен түскен басы артық қаржыларды жетім балаларға үй салып беруге жұмсамақ екен. Жастар шөлді аймаққа мәуелі, миуалы мың ағаш өсіреміз десе, балалар қарттарға әдеби кітап оқып бермекші. Осылайша, жасалатын шексіз-шетсіз Жақсылық жасаудың кезегінен Жерден келген Жиһанның басы айналады. Алайда  Жиһан жер баласы болса да мейірімділік пен қайырымдылықтың ұрығы оның кеудесінде де құндақтағы баладай монтиып жатушы еді. Жиһан бойын тез жиып, өзінің қолынан қандай жақсылық келетінін ойлай бастайды. Ақырында, Жиһан қарттарға көмектеспекші болады. Жақсылық жасаудың кезегі Жиһанға келгенде ол: «Мен қарттарға көмектесейін деп едім», –дейді төрдегі қазыларға.  «Мақұл!» – дейді қазылар бірауыздан.  Қазылар бұған қаланың орталығындағы ұзын бір көшені беріпті. Жиһан күн сайын қарт адамдардың үйін жинап, тамағын, дәрісін беруге көмектеседі. Сонымен қатар, ол қартаң тартқан ақсақалдар мен апаларға  кітап оқып беретін болады. Жиһан қай үйге қонса, сол үйдің баласындай бірге тамақтанып, сол үйді өз үйіндей көріп, тап-тұйнақтай етіп қояды екен.  Қыстың ұзақ кештерінде ертегі айтып, не кітап оқып отырған Жиһанның даусынан  періште үніндей өзгеше бір әуен төгіліп тұрады екен. Жиһанның қыс бойы жасаған қамқорлығының арқасында осы көшедегі қарттардың ыңқыл-сыңқылы азайып, уайымдары сейіліп, «бақытты көшелердің» біріне айналыпты.

Осындай шат-шадыман күндердің бірінде жасы жүзден асып, осы дүниемен қоштасайын деп жатқан бір кәрі адам Жиһанға: «Не арманың бар?» – деп сауал тастайды. Жиһан басынан өткеннің бәрін қартқа баяндап береді. 

–Е, балам, сонша жерден бостан-босқа келмегенің көрініп тұр. Мен саған өте ертеден бері атадан балаға мирас боп келе жатқан алтын, күміс, гауһар заттарымды берейін. Сен оны соғыстан, аштан қырылып жатқан еліңе жұмса! –депті. 

Жиһан қатты қуанып кетіпті. Ол қарттарға жан-тәнімен қызмет етіп жүргенде де, көкейінен кетпейтіні – осы артта қалған ел-жұртының қамы еді.

Осылайша, жасаған шынайы жақсылығына қарттардың батасы тиген  Жиһанның жолы болып, еліне қайтыпты. Жүз жасаған қарттың сыйлығын арқалап Жарық Жұлдыз елінен Жерге түсіретін ғажайып тұлпарына ер салып, құстай ұшыпты. Жиһан еліне бара жатқан жолда: «Жерде де Жақсылық жасаудың кезегін жасаймын!» – деген тәтті ойдың құшағына еніпті.  Жиһанның ендігі өмірлік ұстанымы – Жарық  Жұлдыз елінен үйренген үлгісі бойынша – басқа жандарға неғұрлым көп жақсылық жасауға үлгеру болатын.