Жылдың үздік балалар шығармасы
76

Елгезек Есеннің бастан кешкендері

шыншыл ертегі

Шымқалада жуырда тамаша балалар қалашығы ашылған еді.

Ол өзінің сырт көркімен де, көзді арбайтын көптеген аттракциондарымен де қала балаларының  көңілін біржола жаулап алған болатын. Америкаңдағы атақты Диснейлендіңнен бір кем емес. Ауыздан ауызға тарап, бірінен бірі мақтауын асырып, тамсана айтқан сөздер тасқыны тау өзеннің екпінінен бір кем емес.

Есен осыдан екі күн бұрын осы қалаға келген. Мұнда әкесінің туған қарындасы Қарлығаш тұратын. Оның үлкен ұлы Досан Есенмен түйдей құрдас. Өткен жылы жазда келгенде Досанға әбден бауыр басып, ажырамастай етене болып кеткен еді. Олардың сағынысып көріскенін көрген Досанның әкесі күліп: «Екеуің осы уақытқа дейін бір-бірлеріңді көрмей қалай шыдап келгенсіңдер?»-деді.  Осында келгелі бір сәтке де бір-бірлерінен ажыраған жоқ. Үйден бірге шығады, үйге бірге кіреді. Әңгімелері де еш таусылар емес.

Есен Досаннан жаңа ашылған балалар қалашығы туралы естігенде, еріксіз елең ете қалған. Есен бойына сіңген елгезектігімен:

- Е, онда не тұрыс бар! Жүр кеттік!-деді. Досан да:

- Менің өзім де сенің келгеніңді асыға күтіп жүр едім.Жалғыз емес, өзіңмен баруды ойлағам. Тіптен жақсы болды!-деп қуана келісті.

Олар автобусқа мініп, қалашықтың дәл түбіндегі аялдамадан түсті. Ішке енді. Көздеріне шығыс жақ бұрыштағы үлкен, еңселі тақтаға ілінген, билборд бетімен баяу жылжыған қызылды-жасылды жүгіртпе жолды үлкен жарнама түсті. Жүгіртпе жолдағы сөздерді сабырмен, баппен оқи бастады.

«Құрметті балалар! Біздің ұшқыр ойлы, тапқыр, қиялы жүйрік жас өрендерге арналған қонақжай орталығымызға қош келдіңіздер! Бұл орталықта сан түрлі ойын алаңдары, аттракциондар жетерлік. Көңілдерің қалаған ойын түрлерін ойнап, құмарларыңнан шығуға шын тілектеспіз. Ал мына оң жақ қанатта орналасқан ақшаңқан  ғимарат «Көңілділер, Тапқырлар, Ұшқыр ойлылар сарайы» деп аталады. Бұнда әр талапкер жас өздерінің ойларының ұшқырлығын, қиялдарының жүйріктігін, қиыннан қиыстырып, алуан оқиғалы қияли-ғажайып әңгімелер айтып, бақтарын сынайды. Бұл сарайда үш болме бар.

Бірінші бөлме аты - «Жұмбақ айтам, тапсаң,

Жауап қайтар шапшаң!»

Екінші бөлме аты - «Қожанасыр келеді,

Күлкіге кезек береді».

Үшінші бөлме аты - «Қиялым кетші қалықтап,

Фантазиям шалықтап».

Осы үш бөлмедегі тапсырма, сынақтан сүрінбей, қамшы салдырмай өткен жеткіншек жеңімпаз болып табылады. Оның ұтымды берген жауаптары Астанадағы «Балалар баспасынан» өте әсем бояулы суретті кітапша болып басылады. Сөйтіп ол республиканың барлық мектептерінің кітапханаларына таратылады. Ал жеңімпаз жеткіншек арнайы дипломмен, алтын түсті арғымақ ат мүсінімен марапатталады. Оған қоса жеңімпазға демеушілер тарапынан белгіленген  қомақты жүлде салтанатты жағдайда тапсырылады».

Осы сәтте Есен мен Досанның құлақтарына былайлау топтасып тұрған бес-алты баланың қызу сөйлескен дауыстары жетіп жатты.

- Әй, кешегі белсеніп шыққан үш-төртеудің ешқайсысы да бірінші бөлмеден әрі аса алмай, кері қайтты.

- Өй, өте қиын екен. Анау жұмбақтарының алтауын шештім. Қалған төртеуін таппадым.

- Сонда қалай өзі?

- Қалай дерің бар ма? Ішке кіресің.

 -Иә, содан? Әлгі  баланың сөзін екінші бір қыз іліп алып кетті. Ол да кіріп, бағын сынағанын сөзінен байқалды.

- Содан есік сарт етіп жабылды. Бөлме іші қап-қараңғы. Аңқиып тұрып қалдым. Аз-кем уақыт өткендей болды. Бір кезде бөлме іші жарқ ете қалды. Жарқ етіп жанған мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек, еденге орналасқан қалың әйнек.

- Қызық, ә? Жанғанда не болды?

- Сәлден кейін бетінде өшіп-жанған жазу пайда болды.

- Не жазу?!

- «Әйнек үстіне көтеріл!» деген.

- Көтерілдің бе?!

- Иә, көтерілдім. Сол кезде қарсы қабырғада жарқыраған экран пайда болды.

- Ол не экран?

- Кәдімгі сыныптағы тақтадай.

- Үлкен екен, ә!

- Иә, үлкен! Осы мезетте оң жақ қабырғадан саңқ еткен репродуктор дауысы естіледі. Селк ете қалдым. Балалар мырс-мырс күлісті.

- Ол не деді?

- «Жас жеткіншек! Біздің Жұмбақ бөлмемізге қош келдің! Таудай талабыңа сәттілік тілейміз! Экранда кезекпенен он жұмбақ беріледі. Әр жұмбақты шешуге берілетін шекті уақыт мөлшері 30 секунд. Дұрыс жауап берілгенде, экран бетіне жарқ етіп: «Жарайсың!» деген жасыл жазу мен бас бармағын жоғары көтерген оң қол бейнесі шығады.

- Ал дұрыс болмаса ше?

- Дұрыс болмаса, бас бармағын төмен қаратқан қып-қызыл қол бейнесі көрінеді екен. Он жұмбақтың сегізін шешкен талапкер келесі Күлкі бөлмесіне өтуге мүмкіншілік алып, жарысты жалғастырады, - деді.

- Мәссаған, қызық екен, ә!?

- Қызығы сол,өкінішке орай, мен жеті-ақ ұпай алдым! Қыздың үнінен өкпе-наз байқалды.

- Е, жарайды. Жеті деген де аз ұпай емес қой,-деді біреуі жұбатқандай үнмен.

- Біз күнде келіп жүрміз ғой. Ашылғанына апта болса да, әлі бір талапкердің сегіз ұпай алғанын естімедік, - деді қатарында тұрған  екінші бір қыз бала...

Есен мен Досан жон арқаларын теріс беріп, екеуі әңгімелескендей сыңай танытып тұрды. Олардың әңгімесінен біршама жайға қанықты. Былай шыға бере Досан алақанымен Есеннің арқасынан сарт қағып, өзіне жалт қаратты.

- Не тұрыс бар? Тәуекел демейсің бе?! Өзің өткенде облыстық оқушылар айтысында топ жардың. Бас бәйгені иелендің. Енді республикаға бармақсың,- деді Досан көзі шуақ шаша Есенге қарап. Ол жымия күліп:

- Өзім де ойланып қалдым,-деді.

- Ойланатын не бар?! Шешінген судан тайынбас! Тілің бар. Көркем әдеби кітапты,газет-журналды көп оқисың. Біздер құсап телефонға көп телмірмейсің...

- Жұмбақ бөлмесінің жобасын білдік. Ал ана Күлкі, Қиял бөлмелерінің құпиялары біз үшін жұмбақтау болып тұр ғой,-деді ойлана сөйлеп. Досан:

- Әй, Есен, мына Жұмбақ бөлмеден бір өтіп алшы. Арғы жағын көре жатарсың. Еш сескенбе! «Тәуекел түбі-желқайық, өтесің де кетесің!» деп өзің айтушы ең ғой.  Есіңде ме? Мен былтыр ауылыңа барғанда, өзеннен қорқақтап, әрі жүзіп өтуге сескеніп тұрғанымда қамшылайтының!...

Есен талапкерлерді тіркеп отырған қызға тақана бере Досанға қайырыла қараған. Ол жұдырығын жоғары сілтей көтеріп, жігерлендірген қалып танытты...

 

ЖҰМБАҚ БӨЛМЕСІ

Есен бөлме ішіне енді. Іші қап-қараңғы. Әлгіндегі бейтаныс қыздың айтқанының бәрі рас болды. Сәлден соң бөлме іші жарқ ете қалды. Жанған еден бетіне орналасқан мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек әйнек екен. Осы сәтте ол әлгі қыздың барлық жайды еске сақтап, айту қабілетіне іштей қайран қалып, басын еріксіз шайқады. Көрінбей тұрған диктордың әр сөзін қалай дәлме-дәл айтқанын айтсайшы...

Артынша оның бетінде «Әйнек үстіне көтеріл!» деген көкпеңкөк жазу көрінді.

Қарсы беттен экран көрінді. Өзін аздап қобалжығандай сезінді. «Шекті уақыт мөлшері 30 секунд» деген үнді естігенде, бойын да, ойын да жинақтап ала қойды. Назарын экранға тіктеді.

Талдан талға секірер,

Жалт-жұлт етіп көздері.

Бұлаң етіп құйрығы,

Орны әп-сәтте өзгерер.

Есен мұның шешуін тез-ақ тапты. Сана төрімен найзағай отындай жалт еткен тосын ой жүгіріп өтті. Ол жауап берудің өзгеше тәсілін оң көрді. Құйрығы шолақ, жалы келте бір-ақ сөзден гөрі егіз жолды өлең шумағымен жауап берсем ше?!. Қанында бұлықсып, ойнақ салған ақындықтың алғыр алдаспаны атойлап алға шыға келді. Түпсана осы ойды орынды көрді. Көмейіне лықсып келе қалған өлең-жауапты асықпай мәнерлеп, «тиін» сөзіне екпін сала айтты.

Жылп-жылп еткен тиін(!) ғой,

Орман-ағаш үйі ғой.

Экраннан «Жарайсың! деген жасыл, зерлі жазу жарқ ете қалды. Оның астында бас бармағын жоғары көтерген қолдың бедерлі бейнесі тұрды.

Есен тапқан тәсілінің көрінбей отырған қазылардан қолдау тапқанына шын қуанды. Өн бойында сергек сенім пайда болды. Келесі тапсырманы тағатсыздана күтті.

Шыр айналып аспанды,

Бір орында тұрмаймын.

Қанша тоқта десең де,

Ешкімге мойын бұрмаймын.

Есен көп ойланып тұрған жоқ. 30 секундтың ортасына жеткізбей-ақ:

Көк жүзінің көркімін,

Бұлт(!) атанған бөркімін,-деп сарт еткізді.

Шешуге сөзге екпін салуды естен еш шығармауды ойына мықтап түйді.

«Жарайсың!» деген демеу сөз шабытына шабыт қосты. Өзі де ет қызуымен бас бармағын жоғары, оң қолын әуелете көтеріп жібергенін аңғармай қалды.

Тосын берілген жұмбақтар осылай жалғаса берді. Есен олардың құпия астарына тез бойлап, жауабын әрі тез, әрі дәл тауып отырды. Ойына оңынан орала кеткен егіз жолмен шешудің оңтайлы тәсілі көңіліне қона кетті.

Жұмбақ: Жүрсем сыбыр білінбес,

Сақтығымның шегі жоқ.

Қағып түсем қашқанды,

Жесем оны қарным тоқ

Есен:       Мияулаған мысықпын (!),

Тышқан көрсем пысықпын.

Жұмбақ: Тепкі көргем сан түрлі,

Көкке ұшамын әуелеп.

Көгалмен де зырлаймын,

Шыр айналып бебеулеп.

Есен:       Соққыға доппын(!) шыдаған,

Тепсе дағы мың адам.

Жұмбақ: Айтабақтай бетімді,

Күнге қарай бұрамын.

Дауыл соқса ұйытқып,

Мың теңселіп тұрамын.

 

Есен:       Күнбағыспын(!) шуақты,

Күнен алам қуатты.

Жұмбақ: Қыр соңыңнан қалмаймын,

Жарық күнде жабысып.

Тепсең, мен де тебемін,

Алысар болсаң алысып.

Есен:       Жарық барда тірімін,

Көлеңке(!) деген ірімін.

Жұмбақ: Қабағым бар қатулы,

Аппақ тоным қалың-ақ.

Ашып қалсаң есікті,

Қоя берем азынап.

Есен:       Қардан шапан кигізер,

Қыс(!) боларсың өр мінез.

Жұмбақ: Бұлт-бұлт етіп тереңде,

Ойнап асыр саламын.

Шылаушынды асап қап,

Алданып кейде қаламын.

Есен        Суда ойнаған балықпын(!),

Көз құртымын халықтың.

Жұмбақ: Шегінуді білмеймін,

Артқа қарай жүрмеймін.

Бұйырса да әміршің,

Құлаққа сөзін ілмеймін.

Есен :      Кідірмес ешбір қарқыным,

Уақыт(!) деген алтынмын.

Жұмбақ: Сезімдерді шертемін,

Өн бойыңды ерітемін.

Шымырлатып жүректі,

Түнек ойды серпемін.

Есен:       Ән мен күйсіз(!) мән болмас,

Тұрмыста ешбір сән болмас.

Диктордың дауысы:

- Жарайсың, Есен! Өте ризамыз! Апта бойы болған жарыста бірде-бір бала мынадай нәтижеге жеткен емес. Тым болмаса, сегіздік «Үкілі үміт» мәресіне де қол жеткізген ешкім жоқ. Сені шын жүректен құттықтаймыз! Әлі ешкім есігін ашпаған Күлкі бөлмесіне кіріп, бағыңды сына! Табысқа жетуіңе тілектеспіз!

 

КҮЛКІ БӨЛМЕСІ

Есен екінші есікті сеніммен ашты. Есік жабылғанда, бөлме іші қап-қараңғы  болды. Бір кезде үлкен экран жарқ етіп ашылды. Артынша үстіне ала шапан, басына тақия киген адам көрінді. Ол бұған күлімсірей қарап тұрды.Сол сәтінде оның желке тұсынан «Қожанасыр келеді, Күлкіге кезек береді» деген жазу көрінді.

- Балам! Күлкі бөлмесіне келген қадамың құтты болсын! Талабыңа сәттілік тілеймін! Алдыңдағы биік мінберлі панель бетінде 1-ден 10-ға дейінгі сандар бедерленген түйме батырмалар тұр. Соның ішінен өз көңілің қалаған бір санды басасың. Сол кезде мына мен тұрған экранға бейтаныс баланың аты жазылып шығады. Сен өз қиял-ойыңмен әлгі баланың басынан кешкен он түрлі күлкілі жағдайларын ойдан құрастырып, қысқа да нұсқа қылып айтып бересің. Оқиға желісіне қарай дауыс ырғағын, мәнерін келтіріп, әртістерше әсерлі етіп айту талап етіледі. Әр оқиғаны ойлануға берілетін шекті уақыт 30 секунд. Айтқан күлкілі оқиғаларың құпия бөлмеде отырған қазылар көңілінен шықса, экранда: «Ха-ха-ха-ха!» деген ірі әріптермен жазылған жасыл түсті жазу, репродуктордан күлген дауыстар жарыса шығады. Енді тапсырманы орындауға дайындал. Экрандағыны оқығанан кейін ойларыңды жинақтауға, қорытуға 3 минут қана уақыт беріледі. Бәрі түсінікті болған шығар. Сәттілік тілейміз!

Есен панельдегі реттік сандарға сүзіле қарады. Ішінен күбірлеп, қайсысын бассам екен аз-кем ойланды. Назары «7»  санына түсе берді. Есіне «Жеті қазына», «Жеті күн», «Жеті ата» деген киелі ұғымдар оралды. «Шешінген судан тайынбас!»-деп іштей күбір етті де, «7» санын басып қалды. Экрандағы Қожанасыр бейнесі лып етіп өшті. Оның орнынан «Жаңғалақ Жақан» деген үлкен жазу  мен  секундтық тілі ерекше түсті  үлкен дөңгелек сағат  көрінді.

Есен аз-кем тосылғандай күй кешті. Тез арада ойын жинақтап, өз достарының бастан кешкендерін, бас қосқанда айтатын күлдіргі әңгімелерін есіне түсіріп, жинақтап, миына шегелеуге тырысты. Ара-түра балалар басылымдарында жарық көретін, еріксіз езу тарттыратын қысқа  әңгімелердің ойда қалғандарын тірілтуге талпынды. «Солардың барлығын Жақанның бастан кешкендері етіп, айтып шығуым керек» деп, кесімді ой түйді. Экранға көгілдір сәуле шашқан сағаттың секундтық тіліне назары түсіп кетті. Тым асығып бара жатқандай ма, қалай? Бір кезде экрандағы сағат лып етіп өшті.

- Дайындалу мерзімі аяқталды! Айтуды баста!-деген Қожанасыр дауысы саңқ етті. Есеннің жүрегі лүпи соқты. Тәуекел! Бастайын!

                                                             ***

- Жақан сен ұлы Абай атамыздың Пушкиннен аударған Онегиннің Татьянаға жазған хатын оқыған шығарсың?

- Жо-жоқ! Оқыған жоқпн, апай!

- Ал неге оқымадың?

- Өзіңіз айтып едіңіз ғой,апай.., - деп күмілжіді.

- Не деп?!

- Өткенде болған сынып сағатында өзгелердің хатын оқыған ұят болады деп.

Ха-ха-ха-хаа!

***

- Жақан , сенің шығармаң жап-жақсы жазылған екен. Бірақ неге аяқтамағансың? – деді мұғалім.

- Апай, оның себебі мамамды табан астында жұмысқа шақырып кетті.

Ха-ха-ха-хаа!

***

- Жақан, сенің сүт туралы жазған шығармаң он-ақ жол! Ал жолдастарың осы аралықта екі бет жазып тастады.

- Дұрыс қой ,апай! Мен қойылтылған тәтті сүт жайлы жазып едім.

Ха-ха-ха-хаа!           

***

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Майра апай балаларға қарап:

- Мен жөтелемін, сен жөтелесің,ол жөтеледі,біз жөтелеміз? Осы қай шақ?-деп сұрақ қойды. Жақан қол көтеріп, орнынан ентелей тұрып:

- Қысқы шақ!-деді  көтеріңкі үнмен.

Ха-ха-ха-хаа!

***

- Жақан, айта қойшы, Архимед деген кім болған?

- Іммм... ғалым болған...

- Иә, дұрыс. Әрі қарай.

- Сол кісі ваннада шомылып жатқанда, «Эврика» деп айқайлап жіберген.

- Ия, жарайды дейік. Сол «Эврика» деген  сөз  не мағына береді?

- Імм... «Таптым!» деген сөз ғой.

- Иә, сөйтіп, нені тапқан? Жақан біраз ойланыап тұрып-тұрып барып:

- Мүмкін, ваннадағы суға түсіп кеткен сабынды тапқан шығар,-деді.

Ха-ха-ха-хаа!

***

Жақан газет оқып отырған әкесіне түрлі сұрақтар қойып, мазасын алды.

- Айтыңызшы, әке! Осы Тынық мұхит әр уақытта тынық па?  Әкесі ренжігендей үнмен:

- Жақанжан-ау, бұдан гөрі маңыздырақ сұрақ берсең болмас па еді,-деді.

- Жарайды, әке. Ендеше Өлі теңіз не себепті өліп қалған?

Ха-ха-ха-хаа! 

***

Сынып жетекшісі Жақанның үйіне оның тәртібі, сабақ үлгерімі бойынша арнайы келді. Есік алдында кездесіп қалған одан:

- Мамаң келді ме? –деді.

- Әлі жұмыстан келген жоқ,-деді сасыңқырап.

- Ал әкең қайда?

- Ол да тығылып қалды.

Ха-ха-ха-хаа!

***

Бейнелеу өнері сабағында Жақан қасындағы баланың салған суретіне қарап:

- Сен керемет етіп салдың ғой! Мына суретіңді көргенде, аузымнан сілекейім шұбырып, тәбетім ашылып келе жатыр.

- Тәбетім дейсің бе? Не үшін? Шығып келе жатқан күнге ме?

- Мәссаған! Мен  оны қуырайын деп жатқан жұмыртқа шығар деп ойлап қалсам.

Ха-ха-ха-хаа!

***

Жақанның көзі мектептен ісіп келді. Анасы:

- Көзіңе не болған?-деді үрейленіп.

- Мама десе, мен әзілдескенді ұнатам ғой. Түнгі сағат екіде сыныптастарымның біразына телефон шалып: «Кім екенімді тап деймін»,-деп, мазақ етіп, ойнап жүретінмін

- Иә, содан!

- Бүгін солардың бірі мен екенімді дәл тапты.

Ха-ха-ха-хаа!

***

Жақан тіс дәрігеріне келді. Оған бір топ сыныптастары ілесті.

- Мен тісімді жұлғызуға келдім.

- Ал сенің жолдастарың неге шұбырып жүр? Олар да тістерін жұлғызу үшін келген бе?

- Жо-жоқ!

- Енді не үшін?

- Олар менің жанұшырып, бақырғанымды тыңдау үшін келді.

Ха-ха-ха-хаа!

***

«Ха-ха-ха-халай» күлген дауыстар Есенді бұрынғыдан да қанаттандырды. Көптің көңілінен шығу оңай дейсің бе! Сол мезетте репродуктордан:

- Есен, бұл сынақтан да сүрінбей өтуіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Енді келесі бөлмеге өт!- деген Қожанасырдың көңілді,сергек үні естілді.

 

ҚИЯЛ БӨЛМЕСІ

Есен келесі есіктің   алдына келіп, кілт тоқтады. Онда көрнекі әріптермен жазылған мынадай хабарландыру ілініп тұр екен.

«Есікті ашып, ішке кірген соң  оң жақ бұрыштағы үстелге баруың керек. Соның үстінде жатқан әр  бөлек қағазда жеке атау сөздер жазылған  тапсырмалар бар. Соның біреуін алып, ашып оқисың. Сондағы тапсырманы сәтті орындасаң, онда жеңіске жеткенің».

Есен ішке кірісімен оң жақ бұрышқа бұрылды. Шағын үстел үстінде беті теріс қараған билеттер жатыр екен. Ол маңдайын сипалап, аз-кем толқып тұрды. Сөйтті де ішінен «Нар тәуекел!» деп күбір етті. Орта тұстағы билетті алды. Онда «Түйеқұс» деген жеке дара жазу тұр. Осы мезетте «Жеткіншек жас, ерік бер, Қиялыңды шарықтат!» деген демеу сөз қарсы беттегі экраннан жарқ ете қалды. Соның артынша маңдай тұста тұрған репродуктордан:

- Есен, билетте берілген бағдар сөз бойынша сөйлеуді баста! Ойыңды жинақтауға бір ғана минут уақыт беріледі. Ол маңдайын қыса ұстап, сана төрімен әрлі-берлі сапырылысқан алуан ойларды бір арнаға жинақтауға жанталасып жатты. Түйеқұс... Қиял құсы Африканы шарлап кетті ... Есіне атақты Тазша баланың:

Баласы қасқа айғырдың бөлтірік-ті,

Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.

Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,

Апырмай, бәрін тулап өлтіріпті,-деген өтірік өлеңі есіне орала берді.

- Ал әңгімеңді бастай бер!

- Бастайын. Кеше таңертең телефонымды ашсам, Сауд Арабиясында сан алуан жүйрік аттар, ламалар, нар түйелер бас қосқан аралас аламан бәйге өтпек екен. Қуанып кеттім. Онда әр жеңіске жеткендерге берілер сыйлықтар тізімін оқығанда, көзім ұясынан шығып кетті. Тікұшақ. Кадиллак автомобилі. Дубайдан екі бөлмелі пәтер... Қойшы, айтып тауыса алмайсың. Талай сынақтан қорықпай өтіп жүрген сабаз емеспін бе! Тәуекел, бағымды сынап көрейін!

Африкаға өткен жылы барғанымда бауыр басып, бір туғандай болып кеткен түйеқұсыма «Көкпырақ» деп ат қойып алғанмын. Керемет ақылды. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Айтқан сөзіңді жазбай ұғынады.Ал оған мініп алып, бүкіл Африканы аралап, сайран салғаным мәңгі естен кетер ме?! Көк жүзімен қалықтай ұшқанда, анау-мынау тікұшақтарыңды  шаң қаптырып кетеді. Жермен жүгіргенде, әлгі сұмдық жүйрік деген қабыландарыңа  қарасын да көрсетпейді. Өзі сондай жүректі.

Осыдан үш күн бұрын алып баобаб ағашының түбінде көлеңкелеп, демалып жатқанмын. Түйеқұсым қол созым жерде жайылып жүрген. Кенет абыр-сабыр болған бір дыбыстан басымды көтеріп алмаймын ба?! Бір шұбар ала қабылан күтпеген жерден Көкпырағыма атылмасы бар ма?! Мен «А-а-а-а?» деп айқайлап үлгергенімше болған жоқ, түйеқұсым қабыланды болаттай тұяғымен сарт еткізіп бір-ақ тепкені. Сендерге өтірік, маған шын, қатты тиген алапат соққы қабыланды көкке сақпанның тасындай атып жіберді. Ол әуеде тыраң-тыраң етіп, қанкөбелек ойнаған күйі тура мен жатқан баобабтың үстіне құлады. Оның ұсақ бұтақтарын күтірлете сындырып, ірі бұтағына ілінді де қалды. Мықтымсынған батырың үш-төрт рет ышқына, ащы дыбыс шығарды да, сылқ үзіліп кетті. Мен жүгіріп барып, Көкпырағымның ерен күшіне, ерлігіне риза болып, мойынынан құшақтап, тұмсығынан, көзінен сүйіп-сүйіп алдым.

Айтпақшы, ұмытып барады екем,  кешегі күні телефоныма түскен хабардан соң менен мүлдем маза кеткен еді.

Түс ауған шақ еді. Түйеқұсым кішкене жылғадан барып су ішіп тұрған. Сан түрлі ойға берілген күйде оған тақана бергем. Миымды мазалаған ойды сыртқа шығармай тыншымайтын халге душар болғанымды несіне жасырайын.

- Әй, Көкпырақ! Ол маған жалт қарады. – Кеше өзіңе айтқан хабар бар емес пе?

- Әлгі бәйгені айтасың ба?-деді ол судан басын көтеріп.

- Иә.Сол аралас аламан жарысқа барып қатыссақ қайтеді?- дедім. Ол жігерлі үнмен:

- Құп! Сөз болып па? Барамыз!– деді.

- Жарайсың, Көкпырағым!-деп, бетімді бетіне басып, мойынынан құшырлана құшақтап, арқасынан еркелете қақтым. Ол:

- Әлгі бәйге қашан болмақ?-деді.

- Енді екі күннен соң.

- Ендеше мен бүгін, ертең әбден дем алып, күш жинап алайын. Ертең кешке қас қарая ұшып шығамыз,-деді нық сеніммен.

- Түнде адасып кетпейміз бе?-дедім күдік алып.

- Есен аға, ол жөнінен еш саспа. Тура бәйге болар жерге еш адаспай барып жететініме нық сенімдімін.

Осындай жігерлі, батыл түйеқұсымның болғаны үшін тағдырыма шын ризамын.

Сонымен ертесіне кешкі салқынмен ұшып шықтық. «Көкпырақ десе нағыз пырақтың өзі  ғой» деп, ішімнен сүйсіне ойладым. Қос қанатының арасы, ұлпа жүнді арқасы сондай жайлы, жылы болатынын кереметтей сезіндім.Тура бір мамық диванда жатқандай сезіндім. Көкке көтерілер алдында:

- Жеңіл сырт киімдеріңді киіп ал! Тоңа да қоймайсың. Қанша дегенмен түн ауасы ғой, - деген қамқорлығына ет жүрегім елжіреп қоя берді.

Сәске түс кезінде сол Сауд Арабиясы жеріне келіп жеткенбіз. Әуеде қалқи  ұшып келе жатқан екеумізді көрген қалың жұрттың таң қалған у-шуы айналаны кеулеп кетті.

- Қайда қонамыз?-деді. Мен:

- Жығылсаң, нардан жығыл! Анау құрылған әдемі ақ шатырдың тура алдына қон!-дедім. Көзіме шатырды айнала күзетіп тұрған жасыл пилоткалы жауынгерлер шалынды. Барлықтары да мойындарына автоматтарын асынып алған. Олардан жүрегім дір етіп, еш қорыққан жоқпын. Көкпырағым қалың жұрттың үстімен үш айналып, тура әмірші шатырының қарсы бетіне қонды. Түйеқұсымнан секіріп түстім. Еш сескенбестен шатырдың төрінде көптен ерек, сәнді киіммен отырған кісіге қарай адымдай бастым. Текпішектен көтеріле беріп едім, алдымнан әміршінің түстері суық екі күзетшісі ақ күмістей жарқыраған найзаларын сарт-сұрт еткізіп, кесе көлденең айқастырып, кеудеме тіреді. Сол сәтте әмірші қолымен нұсқап, тиіспе дегендей белгі берді. Олар кілт шегінді.

- Сен кімсің?-деді. Олар араб тілінде сөйлейді ғой! Мен, өздеріңіз білетіндей, қай елге барсам да, сол елдің тілін барған сәтте-ақ біліп алатын ерекше қабілетім бар ғой.

- Ассалаумағалейкум, тақсыр мырза! Мен Есен деген баламын. Қазақпын!-дедім таза арабша. Әлгі мырза кісі орнынан атып тұрып, қолын көкке көтеріп:

- Ой, әлгі атақты Есен деген бала сен екенсің ғой. Иә, мен сен туралы көп естідім, телевизордан көргем. Африкаға келгеніңді бүкіл телеарналар көрсетіп жатыр, -деді. Сөйтті де жүгіріп келіп, қолымды алды. Мен әміршіге шын ризалығынды білдіріп, басымды ізетпен иіп сәлемдестім.

- Құрметті Фарух мырза! Сіздің елде ат, лама, нар аралас аламан бәйге болады екен! Соған мен де сонау Африканың бір шетінде жүрген жерімнен мына тұрған Көкпырағыммен ұшып келдім. Осы бәйгеге менің де мына Көкпырағыммен қатысуыма бола ма? Осы кезде оның екі жақ қанатында отырғандар шу етіп:

- Жоқ, онадай болмайды!-деді. Сол мезетте Фарух мырза оң қолын жоғары көтерді. Оларға алая, суық жүзбен қарады да:

- Өзі сонау жер түбінен келген екен. Атақ-даңқы шыққан осындай жас қыранның жолын байлауға еш хақымыз жоқ! Қатысады! Бірақ бір ғана шартым бар,-деді ол маған жылы шыраймен бұрылып.

- Ол қандай шарт?

- Мына Көкпырағыңмен ұшпайсың! Кәдімгідей жермен жарысасың!

- Оған сөз бар ма? Өзім де сүйтемін ғой,-дедім. Ол ілтипатпен басын иді.

Жарты сағат өтпей-ақ  аралас аламан бәйге басталды да кетті.

Небір дүлдүл, небір жүйрік пумалар,небір желмаялар  сап түзеген тұсқа қарай ойқастай  желдіріп, түйеқұсымның жібек тізғінін іріктім.

- Шеттей, шаң жұтпайтындай сол жақ қанатпен щабамыз,-дедім. Ол басын изеді.

Көкпырағым салғаннан суырылып алға шықты. Мойынынан тас қылып құшақтап алдым. Гулеген жел құлағымның жарғағын жарып жіберердей. Көзімді еркін аша алмаймын. Түйеқұсымның алапат екпінін бар жан-тәніммен сол жолы ерекше сезіндім. Алыстан барып, шеңберлене оралатын айналма жол сорабымен аққан жұлдыздай зырлап  келеді. Жарты сағаттан аса уақыт өткендей. Артыма қиғаштап, көз қиығымды тастадым. Әлгі жүйрік дегендердің қарамы сонау көз ұшында қалыпты. Алға назар салдым. Алып айналма алаңның шығыс қанатына  қаптаған қалың халықтың ортасынан ақ шатырдың сұлбасы айқындалып келе жатты. Жүрегім дүрсілдей соқты. Бір жағынан толқып та келемін. Мақтаныш сезіміне де берілемін. Сонау жер шалғайы Қазақстаннан келіп, қалың арабтардың бас бәйгесін иеленген даңқым ертең-ақ елге жетпей ме?! Астананың әуежайында қалың жұрттың, туған-туыстардың, достардың, құрдастардың құшақтары толы шоқ-шоқ гүлмен қарсы алатын сәтін көз алдыма елестетіп келемін...

Сөздің қысқасы, сонау Сауд Арабиясы елінен ақ күмістей жалт-жұлт еткен тік ұшағымның сонау орталық алаңға кеше ғана қонғанына біразыңыздың куә болғанына күмәнім жоқ. Сонымен осы сапарыма барынша риза боларсыздар деп ойлаймын...

Сол кезде репродуктордан:

- Қадірменді Есен! Жарайсың! Нағыз азамат екенсің! Саған бүкіл қазылар алқасы риза! Сен біздің бар сынағымыздан еш мүдірмей өткен тұңғыш жеңімпазымызсың! Сені шын жүректен құттықтаймыз! Қазір сыртта, орталық алаңда сені марапаттау салтанаты болады!

Мен екі бетім балбұл жанып, сыртқа шыққам. Есік алдында қалың жұрт жиналып қалыпты. Олар мені көрісімен ду қолшапалақтап қарсы алды.Досан жүгіріп келіп, мені құшақтай алды.

- Керемет болды! Тамаша! Тамаша! Айтары жоқ!-деп бетімнен сүйе берді.

Тапқырлықпен айтқан  жауаптарыңды, әңгімелеріңді мына тұрған жұрттың барлығы сырттағы күшейткіш аппараттан сүйсіне тыңдап, әр жауабыңа шатырлата қол соғумен болды...