6501
Өгей
Монопьеса
Қатысушы
Әділ-тергеуші, отыздан асқан, ұзын бойлы, терең ойлы азамат.
(Ауылдың тәртіп сақшыларына арналған кішкентай кеңсесі. Бөлменің бір шетіне жұмыс үстелі қойылған. Әділ үстел басында қағаздарын қопарыстырып отыр.)
Әділ: (қолындағы қағаздарын тастай салып, орнынан түрегеліп): Мына жер неткен қапырық еді? Жеркепедей тар бөлмеге қысылған мына түріме қара! Қалада сәулетті сарайдай Әділет басқармасында істеп жүрген кезімді ойласам, ішім жанып кетеді. Иә, ол жақта жаныма тыныштық болған жоқ. Бірақ еңсесі биік сарайға кіріп-шығып жүрудің өзін мәртебе көруші едім. Қазіргі күйіме қарасам, таудан домалап түскен тасқа ұқсаймын. Тау неге қозғалады? Топырақ неге жылжиды? Мен мансап деген биік жартастың бір шетіне өлдім-талдым дегенде тырнағымды іліндіре беріп едім, бір қара күш төменге лақтырды да жіберді. Иә, кәдімгідей лақтырып жіберді. Жазығым-істің әділін айтып, шыр-пырым шығып, ақиқатты күзетпек болғаным. Сөйтіп өз қоғамыма өгей атанып шыға келдім. Апырау, атым Әділ болса, затым Адам болса, қалай өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етемін?!Өздері мені «қара қарғалар ішіндегі ақ қарға» деп атай бастағанда, түбі шындықтың салтаныт құруына көзсіз сеніп, қамсыз, еш алаңсыз жүрген едім. Бір-ақ күнде қызметіме тексеріс келіп, көптеген «шикіліктер» тауып, балағыма жабысқан ит ақыры қауып, істі жылы жауып, алыс ауданнан шыққанымды білмей де қалдым. Бар шүкір етерім-қызметімнен біржолата қуылмай, ауылға болса да, тәртіп сақшысы болып келгенім. «Батсна құлақ садаға» деп тентіреп ауылға жеттім. Мұнда да сіңісіп кете алмадым. Сол бір өгейлік, жат тұту мұнда да байқалады. Үш айда не көрдім, не білдім? Аққа жақ боламын деп не опа таптым? «Көзіңді қараулыққа жұма салмадың ба? Жаз деген шимайларын жаза салмадың ба?» деп құлақ етімді мүжіген әйелім ақыры ауылға келуден бас тартты. Енді, міне, жалғызбын. Жападан-жалғызбын. Жалғыздық кеміріп, тіпті өзіме-өзім дат болып бара жатқандаймын.Түбін тасқын шайған бәйтерекпін бе, солқылдаған көк терекпін бе? Әйтеуір не жанда, не санада бір дамыл жоқ. (Телефонын қолына алып, әлдекімге қоңырау шадады. Ар жақтан жауап болмайды.) Иә, алма, суық даусыңды бір естіртуге де қимасаң, «сүйдім, күйдім» деп жалындап қосылғаннан не пайда? Сүйген болсаң, етегімнен шындап ұстаған болсаң, мен қай қиырға барсам, сен де сол жерден табылар едің. Сүйген болсаң, менің жаным қысылғанда, қолтығымнан демеп, тынысым болар едің! Сүйген болсаң, менің «әділдік» деп соққан жүрегімнің бір ырғағына айналар едің. Мен қалап алған тағдырды өгей тұтпас едің. (Орнына барып отырып, үнсіз қалады. Қалта телефоны шырылдайды. Сөйлескен рай танытады.) Зірк-зірк етіп, «қылмыс ашылды ма? Айыпты табылды ма?» дегеннен басқаны біле ме бұлар? «Қылмыс неше пайызға ашылды? Құқық бұзушылық қанша пайызға төмендеді?» деп жыл соңында ақпарат сұрайтындары бар. Бәрін қағазда сайрата салсам, менен үлгілі тәртіп сақшысы болмайды-ау. Оған арым жібермес. Арамдықпен тапқан ақшаға бал ішкенше, адал тапқан тиынға қара су ішкенім артық! (Үстеліндегі қағаздарды қарап, бір шетке қоя бастайды.) Қара су ішпеген нем қалды? Жалдамалы бір бөлме, әйелдің шарапатын көрмеген соң, дастарханда не береке болсын?! Қара нан мен қара шай ендігі талғажауым. Жә, жұмысқа көңіл бөлейін. Әділін аңдап көрейін. Тағы да әділін. Иә, атың Әділ болса қиын екен. Тым-тым қиын. (Бір қағазға үңіліп) «Асыл тұқымды жылқыларым қолды болды. Бір бастың құны миллион теңге тұрады,»-дей ме? Мұндай екі атым болса, миллионер болады екенмін ғой? Ауылда сақшылықты қойып, жылқы бағумен айналыссам ба екен? Қанша жерден асыл тұқымды болса да, ендігі ет базарларының бірінде сатылып жатқан болар ол бейшара жылқылар? Құмға сіңіп кеткендей ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Бір ілік жоқ, күмән келтірер бір жан жоқ. Бәрі сүттен ақ, судан таза. (қағазды шетке қойып) Бұл ашылмаған қылмыстардың қатарына жатады. Қап, бұндайлар көбейе берсе, тағы да «міндетін дұрыс атқармады» деп шаншыла ма? Мынау не дейді? «Көршім мылтық алып кіріп, «атамын» деп қорқытты. Жазаға тартыңдар» деп жазыпты. Кілең қазақша арыздарды қараған қандай жақсы? Бір-ақ тілде, өз тіліңде жауап қалдырған одан да жақсы. Қалада қос тілде қлсамжарланып, екіүдай болып отырушы едік. Ауылдың жақсылығын енді көре бастағандаймын. Бұл керіскен көршілерді шақырып, не татуластыру керек, ат құйрығын кесісіп үлгерсе, қылмыстық іс қозғаймыз. Амал нешік, бір рет мылтық қоқаңдатқаны үшін сотталып кете барар. Бұл ашылатын, қылмыс төркіні әшкере болатын арыздардың қатарына жатады. Бұны мына шетке қояйын. Осы адамдар қызық-ау. «Қорамнан үш әтеш, екі тауығым ұрланды. Ұры алыстан келген жоқ» деп шағымданыпты. Оның үш әтеші екі тауығын ертіп, мүмкін, серуендеп кеткен болар. Көз алдарынан сәл ғайып болса, «ұрланды» деп жар салу бұл ауылдың салты ма? Бұл да болашақта ашылатын арыздардың санатына қосылсын. Мына арызданушы не депті? Өзі арыз емес, кәдімгі әңгіме жазып тастапты ғой көлдей етіп. «Көршім өзі бау-бақша екпейді. Түнделетіп менің бақшама ұрлыққа түседі. Көзіммен көрдім. Заң алдында қылмысының жазасын арқаласын,»-деп өзі соттап жібергендей аяқтапты ғой. Бір-екі қияр үшін соттаймыз ба жазғанды? Кең пейілділіктерің қайда? Құдайы көршіліктерің қайда? Жаңарып жатырмыз, жаңғырып келеміз. Бірақ жаңару деген ескіні мүлде ұмытып, түпқазығын босатып, беталды өзгеру емес қой! Өткеннен өнеге алып, жаңарсақ бір жөн. Бәрін белден басып, жаңа заман, жаңа ғасыр дей берсек, қазақтың өз болмысы өшіп кетпей ме? Бір қылтиған шөп үшін қатар отырған көршісінің үстінен арыз берген бұл пақыр нені көксеп отыр? Көршісі де батыл екен, өзі екпей, өзгенің көктегенін жұлып алып, жетісіпті. Жарайды, бұл да келешекте ізі белгілі болатын қылмыстардың қатарынан табылсын. Екі көршіні шақырып алып, әңгімелесіп, арызын қайтартқаным жөн сияқты. Әйтпесе дөрекі сөзі үшін, артық алған бір уыс шөбі үшін соттата берсек, еліміздің түрмелері қылмыскерлерге толып кетер еді ғой.
(қолына будыраған көп қағазды алып, бар назарын салады. Орнынан тұрыпе, ары-бері адымдай бастайды. Қабағын түйіп, үстелдің жанына барып тоқтайды. Қайта үңіледі.) Бұл ашылған, айыпты әйгілі болған қылмыс екен. Қызық. Бір айға жетер-жетпес уақытта ақ-қарасын ажыратып үлгеріпті. Тура мен келерден бір күн бұрын жабылған екен. Уһ! Алақандай ауылда кісі өлімі болыпты. Кісі өлімі! Ауылда! Қыршынынан қиылған қаршадай сәби! Жауқазын жасында қиылатындай қандай күнәсі бар еді? (қағазға үңіліп) Бес жасар ағасы ұрып өлтірген бе? Сұмдық! Телефонға таласудың соңы кішкентай үш жасар қызды өлімге душар еткен. Бір анадан туған екі бала бірі кенжесін телефон үшін өлтірген бе? Түсіне алар емеспін. Миыма сыймай тұр, көңіліме қонбай тұр. Бұлар бала ғой. Бала! Бала деген періште емес пе? Ол қалай кісі өлтіреді? Әлде телефон деген құбыжық шыққалы бері, біреудің қанын ішетін жалмауыз болып үлгерді ме? Не дейін мына істің ластығына?! Шешесі жұмыссыз, үй шаруасындағы әйел екен. Тұра тұр. Әкесі...әкесі туған емес, өгей екен. Бір отбасында бір әке, бір шешеден туған қос сәби, оларды асыраушы жалғыз ана, және осы үшеуіне бөтен, мүлде жат еркек. Қазақ атам «Жау жоқ деме, жар астында» деуші еді ғой. Бұл жанұяға қаны бөтен осы еркек, яғни, өгей әке. Бұл істің түбінде бір шикілік бар тәрізді. Жалғаны жария болып, шындығы көміліп қалған көмбеге тап болғандай бір сезімдемін. Ішкі түйсігім алдамаса, бір кілтипан бары анық. (қағаздардың ішінен кішкентай қыздың суретін алып шығады.) Құртақандай періште! Өмірге неге келдің, неге ерте кеттің? Қазір бір төмпешік болып, топырақ құшып жатырсың. Кім кінәлі? Расымен телефонға таласқан ағаң сені жазым етті ме? Әлде бір сұмдық сойқанның құрбаны болдың ба?Менің қызым да үштен асқан. Ол барлық суреттерінде күлімдеп тұрады. Бақытты балалық шақтың базарын кешіп жүр еді. Мен аулаққа кетіп, қазір көңілі кеміп жүрген болар. Жә, не айтып кеттім? Өзімнің бақытты балапанымды үзілген жауқазынмен салыстырғаным не? ( қағаздарды асығыс жинай бастайды. Құжаттардың арасынан ұл баланың суреті түсіп қалады. Жерге еңкейіп, суретті қолына алады.) Сен бе едің қылмыскер? Туған қарындасыңды телефон үшін жазым еттің бе? Сосын оны өлтіріп, қолыңа телефон тигенде, қалайша ойынға қарық болдың? Тоқтай тұр! Тоқта, бала, саған қарасам, көзіңе мұң толыпты, балаң жүзің нұрсыз солыпты. Жанарыңда мұңға жасырынып, үрей ұя салыпты. Сол қорқыныш бар сұмдықты жыя қалыпты. Қаскөйсің бе, әлде құрбансың ба? Нағыз қарау жәукемдеген жазықсыз жансың ба? Келбетіңе қарасам, «ағатай, араша түсші» деп үнсіз жылап тұрғандайсың. Тозақтың отына төзіп, жан сауға сұрап тұрғандайсың. (Ары-бері адымдайды.) (қатты дауыстап) «Ағатай, араша түсші! А-ға-тай!» Осылай деп айта алмай, ішіңнен тынған бейбақ сияқтысың. Не болса да, тәуекел. Істі қайта қарауға рұқсат алайын, жоғарыға мән-жайды тәптіштеп жазайын, шындықты шамам келгенше қазайын! (орнына отырып, компьютерде мәтін тере бастайды. Әлдекімдерге қоңырау шалады. Күрсінеді. Атып тұрып, қайта отырады.)
Міне, жоғарыға құжат жібердім. Ақтан қараны айыруға мұрсат сұрадым. Меселімді қайтармас деп Алладан медет сұрадым.
(Кабинеттен шығып кетеді. Кабинетке кіріп-шыққан бөгде адамдардың көрінісі суреттеледі. Папка құшақтап кіргендер құжаттарын жиып шығып жатады. Телефон тұтқасына жармасқандар бас изеп шығып кетеді.)
(Кабинет іші. Үстелде жаңа қағаздар жайрап жатыр. Әділ салмақты күйде әрқайсысына үңіліп отыр.)
Әділ: Қайта тергеуге рұқсат алдым. Жасырмаймын, қуанып қалдым. «Не қайран қыласың, өлер қыз өлді?» деп істі қайта жүргізуге бермей ме деп қауіптеніп едім. Күдігім бекер болды, дегенім орындалды. Енді істің әділін анықтау менің, мына Әділ тергеушінің мойнында. Ендеше, бастайық. Бұрын кез келген істі бастағанда, көңіліме жақын алып, жүрегіме қабылдамаушы едім. Бұл жолы не көрінді? Білмеймін. Тергеудің қайта жанданғанынан хабардар болған қыздың шешесі еңіреп келіп, аяғыма жығылғанын еш ұмытпаймын. «Жан жарамды қопарғанда не табасың?» деп жер бауырлап жатып келіп боздасын. «Кінәліні тапсаң, Асылым тіріліп келе ме? Қайсың оны маған қайтара аласыңдар?» деп өз шашын өзі жұлды. Өлген қызын екінші рет қайта жоқтады. Осы қанды оқиғадан кейін тұрмысы түзелгенін айтып қарқылдап күлді, онысы кімді мазақ еткені? Мектепке еден жуушы етіп жұмысқа қабылданғанын, тәп-тәуір табысқа ие болғанын айтқанда, шалқалап тұрып қарқылдаған түрі қандай қорқынышты еді?! Сол күнгі оқиғадан соң тіл-ауыздан айырылып, мақау болып қалған ұлын жек көріп тұрып жақсы көретінін айтып, ышқынды-ай келіп. Маған ол осы әлемдегі ең бейбақ, ең бақытсыз ана болып елестеді. Бір баласы екіншісінің қанын жүктесе, оның қолындағы телефон деген қарғыс атқырды үптесе, ана үшін нағыз сор сол емес пе? Шашы уда-дуда болып шығып бара жатып, «бұл дүниеде тыныштық бермеп едік, құлыным тым құрығанда көрде тыныш ұйықтасын, Тиіспейсің!» деп шыңғырды. Сонда істі неден бастаймын? Тұйыққа тірелгендеймін. Әлдекім жолыма үйдей тастарды үйіп, кедергі жасап тастағандай. «Шешінген судан тайынбас.»Бастаймын деп құлшынып тұрмын, кедергі болса қарғып өтемін. Асылдың өгей әкесінің түсініктемесін қара! Қан төгіліп, бүлдіршіннің бойынан жаны шыққан кезде үйде болмапты, сөзіне сенсем, араша тұрмай сорлапты. Өзі Асылға құжат бойынша әке де емес, оның шешесіне некелі күйеу де емес. Біздің қоғам ондайларға «азаматтық неке» деп ат қойып, айдар таққан. Азамат болса, некесін қисын. Ер болмай, ез шықса, жесір әйелден айылын жисын. Сонда екі бала айғайласқанда, шыңғырып жылағанда, бұл қора жақта түк естімей, дым білмей жүріп қалыпты. (Телефонын қолына алып) Көмекшіме айтайын, бұл Өгейдің өткенін қазып көрсін. Бір ілік тауып қалармыз. Ауылды аралап, түртінектеп едім, біреулер Асылдың көршісі бұрын істі болғанын айтты. Біз, заң адамдары, бұрын-соңды сотталғандарға ішіміз жібімейді. Содан болар, көршіге шүйілгенім рас. Жан алқымнан алып, тергедім-ай келіп. Егде тартқан оның көзінен жасқаншақтықты байқадым, қан аңсап, бала өлтіріп, «абақты, қайдасың?» деп түрмені өзіне лайық мекендей көріп қайтып айналып келетіндердің санатына жатқыза алмадым. Түйсігіме тым сеніп, бұра тартып жүрмін бе? Тәжірибеме бек сеніп, сыңарезуленіп кеттім бе? Тұрмыстың тапшылығын көп көрген жесір әйел ашу үстінде баласын басынан телефонмен ұрып, қылмысын бес жасар ұлына жаба салды ма екен? Күдіктену-менің ісім. Бұл істе мен үшін бәрі күдікті, шеттерінен күмәнді. Өйткені мына өмір деген ой-қыры көп, бұралаң соқпағы, шиыр-қиыр сүрлеуі мол жолда кімдер сорлап адаспаған? (қағазына үңіліп) Әйелдің кінәсіздігін айғақтар куәгерлері бар. Сол қаралы күні ол алыпсатар Сәмештің үйінде сойылған малдың ішек-қарнын тазалап, қызмет қылған. Оны бәрі растап отыр. Көршіден де күмән сейілді, оның қатысы жоқтығы білінді. Ол ұлымен, інісімен аудан асып, базар барып, малының етін сатыпты. Балаларға шеттен келген жау жоқ. Әсілі, дұшпан өзеуреп алыстан келмейді, ол жыланша бауырыңа жабысып алып, мезеті келіп, сәті туғанда бір-ақ шағады. Сол жылан Өгей емес пе? Оның қора жақта жүргенін, күні бойы тірлік тындырғанына маскүнем досынан басқа ешкім куәлік етпеді. Ол маскүнемге бір жарты берсең, кімнің сөзін болсын сөйлей береді. Бұл Өгейдің өткенінен бір ілік табайын, сосын құрығымды салып бағайын. (компьютеріне электронды хат келген дыбыс естіледі. Әділ экранға үңіліп, басын шайқайды.) Бір секірдің, құтылдың, екі секірдің, құтылдың, үш секірдің, тұтылдың. Қалада бірнеше рет қоғамдық орындарда, автобустарда әйелдерге қол жүгірткені үшін айыппұлмен құтылыпты. Ғаламторда жас қыздарға анайы хабарламалар жазып аты шығыпты. Жасырын парақша ашып, талай бойжеткеннің арына тиер төмен сөздер жазыпты. Ешкім үстінен арызданбаған соң, іс жабылып кете берген. Ақыры...Ақыры бір қызғалдақты бүр жаруға жеткізбей қиып тынды. (үстелді жұдырығымен қойып қалып) Дәлелдеуім керек! Бұл ессіз әйел бауырына жылан басып жүргенін де білмейді. Дереу онымен сөйлесуім керек. Мәйітті сот-медициналық экспертизадан өткізу үшін оның рұқсатын алуым қажет. (Азалы әуен ойнайды. Әділ телефонын алып, әйелге хабарласқан түр танытады. Сахнаға жұпыны киінген әйел шығады. Тұманда екеуінің қол сермеп, дауласқан кейіптері көрінеді. Әйел тізерлеп отырып қалады. Әділ оған құжаттарды көрсетіп, бір құжатқа қол қойдырып алады. Сахнада тұман сейіледі. Әділ жалғыз көрінеді.)
Әділ: Жер қойнына тапсырған туған баласын қазып алып, екінші рет союға жіберуге келісуі қаншалықты қиын болғанын елестете де алмаймын. Біз, адамдар, әдетте «қайғыңа ортақпын, менің де аза бойым қаза бодып тұр» деп өзгелерге басу айтып жатамыз. «Тас түскен жеріне ауыр.» Кімнің моййнына қайғы қамыты киілсе, сол ғана зардап, кесапатын анық біледі. Өзгеміздікі жай елестету ғана. (қағазды олай-бұлай бұлғап) Ана бұл қағазға қолымен емес, көз жасымен келісімін жазып кетті. Некесіз күйеуіінң бұрынғы «серіліктерін» білгенде төбе шашы тік тұрып, оған деген алғашқы күдігі бас көтерді. Бірінші күйеуі қайтыс болған соң, «тірегім, сүйенішім болар» деп дәметіп қолыма кіргізіп алған азаматым бүйі болып шаққан ба?» деп күмәнді ойға қалды. Сол күмәнін мен өз кәдеме жараттым, ақыры көздегеніме жеттім. Құжат дайын, енді періштені қабірінен қазып алып, тәнін тексеріп, қайта жерлейміз. Бәлкім, Асылды асығыс жерлегендер айғақты да қоса көмген болар.
(Азалы әуен ойнайды. Кеңсе тірлігі, кіріп-шыққан адамдар, келімді-кетімді сақшылар. Тұман арасында құжат қолтықтап жүгірген Әділ көрінеді. Азалы әуен тоқтайды.)
Әділ: Қорытынды қолға тиді. Бүлдіршіннің зорлық көргені, басына тиген соққыдан емес, қорлаудан өлгені анықталды. Әрі бес жасар баланың қарындасының шүйдесінен соншама жойқын күшпен ұра алмайтыны белгілі еді ғой. Балалар телефонға таласты деген сылтау ғана. Өгейге нағыз тұзақ салар кезім жетті. (телефонын алып шығып хабарласқан түр көрсетеді.) Иә, ол азғынды қамауға алуға шешім шығардым. Зорлық белгілерін салыстырып, дәлел табуым үшін ол тар қапаста отыру керек. (телефонына хабарлама келіп түскен дыбыс шығады. Әділ телефонына үңіледі.) Демек, Өгей қашты де. Бұл қылмысы, айыбы бар адамдар ғана баратын әрекет. Өзіңе-өзің ор қаздың. Мәймөңкелеп, бұлтақтамай, бас сап қашып кеткенің тіпті менің ісімді жеңілдетті. Күнәң болмаса, неге қашасың? Айыбың болмаса, неге сасасың?Қайда барасың, көп болса бір қыр асасың. Сосын тұтыласың, түрмеге тоғытыласың. Ол жақта нағашың тұрған жоқ басыңнан сипар. Қарақшылар ордасына тап боласың. Олардың өз «жазылмаған заңдары» бар. Сол «заңнан» зәбір көріп, шегесің зар. (Атып тұрып адымдай жөнеледі.) Балақайға психологтар көмектесіп жатыр. Тіл-ауыздан қалғаны, міскінге айналғаны-ол сұмдық оқиғаның куәсі болған. Психологтар да бұл сөзімді растар. Нәзік бала жаны көрген қасіретінен ес жыя алмай, ақыры тілі байланған. Шешесіне психолог көмектесе алар ма екен? Оның жан-дүниесіндегі алай-дүлей арпалысты кім түсінер? Уһ, көзім қарауытып барады, шекем сынып. (Орындығына отырып, шекесін уқалай бастайды. Азалы әуен ойнайды. Тағы да сақшылардың қызметтік қарбалас сәттері көрініс болады. Бір сақшы кіріп, Әділге бір қағазға қол қойдырады. Жұмыс телефоны шырылдайды. Әділ жауап берген, бас изеген түр көрсетеді. Бәрі тілсіз, тек қимылдармен ойнайды.)
Әділ (қолында ақ параққа салынған сурет): Психологтарға балақай сайрай жөнелмесе де, тілін мақау еткен қанды қылмысты сурет етіп салыпты. Қарындасын құтқара алмай, анасын көмекке шақырып зар илеген өз бейнесін айқын көрсетіпті. Өгейден зорлық көріп, өлімші халде жатқан қарындасын қара түспен бейнелепті. Көзінен жасы моншақтаған анасын алыс қырдан көрсетіпті. Дәрігерлер «бала жаны емдеуді қажет етеді» деп отыр. Бейбақ ана да жәрдемге зәру. Бірақ гүлдей солған періштеге тірілерден қайран жоқ. Иә, оған енді дәрігер де, тіпті ана да қажет емес. Мүмкін, о дүниеде туған әкесіне арыз айтып, көзін жасқа бұлаған болар. «Тірілерден иман кетті, өлі әке, қорған бол» деп сұраған болар. Жер бетінен жақсылық көрмеген бақытсыз балапанды Жер-ана екінші рет құшағына алды. Жібек топырақпен жүзіңді жасырып, мәңгі әлдиіне салды. Ал, Өгей әділ заңның тұзағына түсті, бұл жолы заңның зікірі күшті. Заң оның жазасын берер, сені анаңа кім қайтарып берер?Қарақшымен көңіл қоспай, ешбір еркектен таяныш іздемей, сендерді өзі өсірсе, бұл қандықол қарақшы жұлыныңды үзбес те еді. Балақай, мәңгіге сәби болып, топырақ бүркеніп жата бер. Жердің бетінен де асты жылы шығар. Ол жақта сені ешкім өгейсітпес. Өлілердің көңілі тірілерден жылы шығар.
Иә, тергеу тәмам. Жоғары жақ «тамаша іс тындырдың» деп арқаға қақты. Көксегенім атақ емес, мына қылмыс арқама батты. Ақиқат жолы ауыр боларын білгем, арлылар ғана бұл жолды сүйген! Күресіп жүріп шындықты таптым, азабын шектім сол бір сәттің. Шындықтың отын үрлеп жақтым, үстем болсын деп үлесі ақтың!Шындықты күзетіп, Ақиқат бақтым, өйткені Әділмін, аққа ұдайы жақпын!