255
Қадір түні
Аудан орталығындағы мешітте қадір түнін күтіп, дұға-тілек қылуға барған, көптің ішінен Жайнаны көріп қалды. Олда бұған көзін алмай көп әйелдің ішінен қарап тұр екен.Бірақ көптің көзінше жақындап сөйлесе алмады.Келесі күні кешкілік Жайна:
– Қалың қалай? Кеше көргеніме қуанып қалдым,-деп жазыпты.Талап та алқынып сөйлеп ағынан жарылатын адам таппай тұйықталып жүрген. Жазғанына қуанып, бірден сарайы кеңіп сала берді.
– Жақсы өзің қалайсың? Менде сені көргеніме қуанып қалдым,-деп, бұрын ұзын сонар жазған хаттарына жауап бермейтін Талапқа бұл жолы Жайнаның әр жауабы қасқалдақтың қанындай.
– Менде жағдай бәлеңдей жақсы емес. Күйеуіммен ренжісіп үйге келдім.Қазір ата-анаммен тұрып жатырмын,-деді иіні түсіп. Талап бұған не дерін білмей жүрегі шық ете қалды. Бірақ ішіндегі сырын Жайнамен бөліскісі келетіндей.
– Еее, екеуміздің де мұңымыз бір екен.Менде Үмітпен ренжісіп ауылға келдім. Қазір үйдемін,-деді.
– Қойш! Неге олай жасадың?- деп оқыс хабар күткендей сыңай танытты Жайна.
– Солай болды. Бәлкім екеуміз не болғанын кездесіп айтармыз-деді.
– Біреу-міреу көріп қоймайды ма?
– Көре қоймас, ештеңе бүлдіріп жатқанымыз жоқ қой,-деді Талап.
– Жақсы. Ендеше кешкі сағат тоғыз-ондарға қарай шығамын,-деді Жайна.
Үйде тек бір нәрсені қазыла ойлап шаршаған еді, кешкілік Талаптың бойын әлде бір шаттық билеп дегбірсіздене, Жайнаның үйіне келе жатыр. Жол бойы мектептегі тәтті шақтар есіне түсіп көңілін толқытады. Мына бір Асхананың қасынан өткенде ұзақ әңгіме айтып бір-біріне еркелеп тұратын сәттері, мына жолдың бойында Жайнаны арқалап, кейде қарға аунатып ойнаған кездері көз алдына келеді. Ауылдың әрбір бұрышы, ғимараты, тіпті мына жүріп келе жатқан жолдың өзі бұлардың балалық махаббатына куәміз деп сайрап тұрғандай. Міне Жайнаның үйінің шарбақтары да сол қалпы, баяғыша есігінің ілгішіде іштен ашылады.Соның бәрі Талапты мектепке қайта әкеліп, бейне бір таңертең сабаққа баратындай сезімге бөледі. Есігінің табалдырығындағы басқышта Жайна баяғы мектептегі қыздай жымиып күтіп тұр. Талап бір сәт өткен шаққа оралғандай бақытты күйде еді.
Сәлем!-деді Жайна, жан-жағына ұрлана қараған сақтықпен.
– Сәлем!Қалайсың? Шықсай бері. Сыртқа жүріп қайтайық, екеуі Жайнаның үйінің қасына кейінгі уақытта салынып бітпеген үйдің іргесіндегі кесектің үстіне жайғасты.Әңгімені неден бастарын білмей біраз бір-біріне тосырқап кібіртікейді.Жайнаның да ойында « Күйеуімнен айырылысып алдыңда тұрғанымды бұрыңғы Талап болсаң ұнатпайсың ғой» деген ыңғайсыздық бар еді. Соны сезгендей Талап.
– Қазіргі жағдайда саған қолдау керек.Мен сол, сені қолдап кетейін деп келгенмін,-деп жанашырлық танытпақ болды.
– Мен, бір жола кеттім.Бұған дейінде бірнеше рет қайталанған. Бұл жолы тіпті қатты кетті,-деп Жайна күдерін үзіп көздерін төңкеріп қарады.
– Не болды сонда?-деді Талап.
– Қостанайға бір апталық оқуға кеткен. Сол жақтан бір қыз тауып алыпты. Маған сол қыз түнде екеуінің суретін өзі жіберді. Бұдан кейін қалай шыдаймын енді,-деп түңілді.
– Қап! Күйеуің неге олай істеп жүр? Бұған дейінде солай істеп пе еді?-деді Талап суыртпақтап.
– Иә.Алдында осы аудандағы бір әйелмен ойнас жасап,аяғын ауыр қылып тастағанын айтқан. Кейінгі туған баласы менен дейді еще ұялмай. Ойлаш, ол әйелдің күйеуі намаз оқиды,-деп көздері ұясынан шығардай бадырайды.
– Еее.Мынаған шыдап жүрген сенде тасжүйке екенсің!-деп Жайнаның көнбістігіне бас шайқады.
– Сол кезде де кетіп қалғым келген.Оған күйеуімнің анасын аяймын. Денсаулығы жоқ. Мен кетіп қалсам ол кісіге қарайтын адам жоқ. Ол кісіні де тыңдамайды ғой мынау. Ойнас қылып жүрген қатындарының біреуі де келіп ол кісіге қарамайды да,-деп сонда да қайын енесінің қамын ойлайды.
– Мә, Мен мынаған ештеңе дей алмаймын. Сонда күйеуіңнің саған тағатын кінәсі не?
– Арамызда үйленгеннен бері бала болмай жүргенін білесің ғой. Негізгі себеп сол. Бала туып бере алмағасын өзім де оған ештеңе дей алмай көніп келемін ғой. Бірақ осы жолы шектен шығып кетті,-деп, бір жола шешім қабылдауға бекінгендей. Жайна тұрмысқа шыққаныңда екі жақтың ағайын-туыстары қарсы болған. Өйткені күйеуі екеуі де бір рудан еді. Ақыры күйеуі алып қашып, Жайна ата-анасы келгенде аяғым ауыр деп өтірік айтып қалған болатын.Бәлкім ризашылықсыз шыққанның кесірі ме? үйленгендеріне алты-жеті жыл өтсе де, бала көтере алмай жүрген. Бір жағы өзіңде сол үшін кінәлі сезініп күйеуінің жүріс жүргеніне де көз жұма қараушы еді.
– Енді не істемек ойың бар?-деді Талап.
–Білмеймін. Қостанайдың орыстанған аудандарына жұмысқа кеткім келеді. Ол жақта ажырасқан,божырасқанға қатты мән бермейді ғой. Ал бұл ауданда өсек-аян көп. Кеше ғана күйеуімнің бірге жүрген жолдасы смс жазады, « Мен саған ғашықпын, кездесейікші » деп. Сұмырай! Соны күйеуім өзі біледі екен, жазып жүрме деп күледі ғой,-деп әбден қорлағандарын айтып таусылды.
– Онысы дұрыс болмаған екен. Бірақ енді сен бірден кетіп қалмай күткенің дұрыс қой. Бәлкім өзі келетін шығар қателігін түсініп-деп, ойын жақсылыққа бұра сөйледі Талап.
– Енді кешіретін несі қалды? -дейді Жайнада көңілі қалып.
– Дегенмен сен мықты екенсің осыған шыдап жүрген. Мен Үмітке былай істесем ол бір минутта тұрмайды ғой,-деп таңданысын жасырмады Талап.
– Екеуің неге қосылмадыңдар?-деді Жайна.
– Нақты не екенің айтуда қиын. Түрлі себеп.Бірақ біреуі де сенікімен салыстырғанда түкке тұрғысыз. Егер мынандай себеп болып кетіп қалып жатса, онда арман жоқ қой. Біздікі ұсақ-түйек-деп, күйеуі көзіне ашықтан-ашық шөп салып жүргеннің өзінде үмітін үзгісі келмей тұрған Жайнаға не айтарында білмеді.
– Ммм,-деп,ерінің жымқырды. - Шіркін бір балам болса күйеуім бәрін қояр деп үміттеніп жүре бергенмін ғой осы кезге дейін. Айтпақшы, ол сенен қызғанады мені. Кейде сенің ауылыңдағы тәтемнің үйіне барып келсем, ғашығыңның үйін көріп келдің бе деп ал текке тиісіп ұрыс бастайтын,-деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды.
– Ааа,ондайы да бар ма?Бірақ біздің сөйлесіп тұрғанымыз енді ғой,- деді Талап.
– Иә.Мен баяғы екеуміз мектепте жазған хаттарды әлі сақтап жүрмін. Кейде соны оқып тұрамын.Соны сезетін секілді,-деп жымиды.
– Байқа, көріп қойып жүрмесін. Онсызда қызғанып жүргенде,тіпті ренжіп жүрер,-деді, Талап іштей Жайнаның бұл ісіне көңілі марқайып тұрсада. Кейде Жайнаға кезінде айтпаған жылы сөзін айтып, аш бөрідей атылғысы келеді. Бірақ оған Жайнаның Талапқа деген сенімінің бәз-баяғыша сақталғанын көріп, сол сеніміне бұл да селкеу түсіргісі келмеді. Жайнаны да басқан ізін аңдып отырған осы ауылдың өсегінен сескендірмей, Талаппен кездесуге алып шыққанда сол сенім еді. Талаптың да ойында Жайнаға қылдай қиянат,титімдей жамандық қылу жоқ еді, тек күллі әйел заты бетіне түкіретіндей езіліп жүрген кезде, мені кеудемнен итермейтін біреу болса, осы Жайна деген сенім сырласуға асықтырған.Жайнаның өзіне әлі сенетінін көзбен көріп, құлақпен естіп біраз қанаттаныпта қалды. Әлі де әйел затына өзімнің кім екенімді дәлелдейтін мүмкіндігім бар екен деген үміт оянған кеудесінде. Ол үмітті де оятқан Жайна болды. Араларында аттап кетуге болмайтын қаншама шекара бар. Екеуіде соны сезінетіндей, бір-біріне етене жақындамайды. Тек қоштасар сәтте ғана Талап, - Баяғыша бетіңнен бір сүйіп қоштассам бола ма? - деп еді, Жайнада сәл жымиып қарсылық білдірмеді. Бірақ бұл мектептегі кездерден қалған сыйластықтың бір-бріне деген шексіз сенімнің белгісі ғана еді. Бұл кездесуден кейін екеуі кездепей тек смс арқылы әңгіме айтып жүрді. Телефонның ар жағында отырып Талап бірде ет қызумен Жайнаға,
– Бойдақтық,жаман емес, бірақ шабынған бурадай түнде қиындау екен,- деп әдейі жазып көрген, Жайна, - Саған бұлай сөйлеген ерсі көрінеді,-деп үркіп қалды. Содан кейін өзі де қашқатап, күйзелістен шығудың басқа жолын тапқандай хабарсыз кетті. Кейін күйеуіне қайта қосылғанын, көптен күткен кішкентайын бауырына басқанын естіп, сол үшін қуанды. Жайна ондай бақытқа шынымен лайық еді.