118
Өзекті өртеген өкініш
(әңгіме)
...Сіз біздің үйді білесіз ғой? Білесіз! Білесіз! Білмеуіңіз мүмкін емес... Айнадай жарқырап жатқан Айнакөл аймағының Большевик ауылы мен Қызыл ту аталатын ат төбеліндей ғана шағын ауылдың ортасын қақ жарып, ұзатылған қызының үйіне қонаққа келген құданың шіреніп, міндетсіне жатқан жатысындай, ұзыннан сұлай созылған жырадан жоғары көтерілесіз. Әрі қарай сұр жыланша ирелеңдеген жалғыз аяқ жолмен сәл жүрсеңіз, оң жағыңызда кішкентай ғана тоқал там бар. Есіңізге түсті ме? Е, бәсе...!
Сол менің үйім ғой. Өзі аласа, шатырсыз, ескі тоқал там деп көз алдыңызға елестетіп, менсінбей тұрсыз ба? Тіпті де олай емес! Мен үшін сол үйден жарық, сол жатақ тамнан жылы, сол үйден еңселі үй жоқ. Кейіннен қаншама зәулім үйлерде тұрсам да, маған дәл сол тоқал тамдай сәулетті де, әдемі, жаныма жақын және көзіме оттай ыстық боп басылатын үй болған емес. Өйткені, менің бақытты, балдай тәтті балалық шағым сонда өтті. Міне, сол ауылдың қою қара шаңын толарсақтан кеше шапқылып жүріп, сол үйде есейіп, алғаш мектеп табалдырығын аттадым.
«Біз Ильичтің ұрпағымыз,
Ұлы Сталин қызымыз.
Мойнымызда галстук бар,
Қолда қызыл туымыз» деп әндете шырқап (есейген кезімде ойлап отырсам, сол әнді орыстың «По долинам мы по взгорьям» деген әннің сазына салып айтқан екенбіз), алтын ұя
- мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып» шыққанмын. Анам айтпақшы, «бақандай ел қорғайтын азамат» болып әскерге аттанғанмын. Тәп-тәпел, түр-түсі жағал сары, мінезі шақар Мұрат досымнан бойым сәл ғана, тырнақ сынығындай ғана биік, тыриған арық қара болсам да, ер жетіп, өзімше жігіт атандым. Алғаш рет алтыншы сыныпта оқып жүргенде қызға: «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, сүттен ақ, судан таза, күлімдеген күндей көрікті көретін Зейнел» деп, өзіммен бір сыныпта оқитын көк көз қызға хат жаздым. Сегізінші сыныпқа көшкен жылдың жазғы кәникулында... Өй, сегізінші сыныбым не айтып тұрған... Зейнел екеуіміздің адал «махаббатымыз» (әрине, күнәсіз сәбилердің мөлдір, пәк сезімі ғой) төрт жасқа толар-толмас кезімізде басталды емес пе?! Сонда ғой, Бораштың: «Зейнел сенікі емес, менікі. Ол мені жақсы көреді. Ылғи тәтесіне көрсетпей маған кәмпит береді...» деп, екеуіміздің төбелескеніміз. Бораш мені алып соғып, илектеп жатқанда, оған шамам жетпегеніне «махаббатымның» алдында намыстан өле жаздағам. Жақсы көретін қызыңды қолдан беру оңай ма, астында тыпырлап жатып бетіне тырнақты аямай салғам. Қызыл қан зу ете түсіп, екеуіміз де аңырай жылағанбыз.Тырнамағанда қорқам ба...?!
...Ия, сол сегізінші сыныпқа көшкен жылы өзіміздің жасыл желек жамылған жыраның бойында «сбидәние» жасап, тұңғыш рет сүйістің балдан тәтті ләззатын алғанмын. Өзіңіз ойлаңызшы, сондықтан, сол ауылымнан артық ауыл, сол үйден әдемі үй болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! «Әркімнің туып - өскен жері -Мысыр шаһары» дегенді бір ғұламалар менің ауылыма арнайы келіп, өз көздерімен көріп кеткендіктен айтқан болар, сірә...
Өзіңіз білетіндей, біздің там ауыз үй, ішкі үй деп бөлініп, одан әріректегі сыртқы кіре беріс бөлмені өзіміз «бодау» деп атаймыз. Бодаудың төбесіндегі мәткесі майыса бастаған соң, соның тақ ортасынан Бораш досымның сорайған бойындай тіреу қойылған. Мен өзі бала жасымнан кішкене қиқарлау, тәуір-ақ тентек, ептеген ерегеспелеу болып өскенімді де білесіздер ғой. Бір нәрсе жақпай қалса, анама, не әпкелеріме ерегессем, сол тіреуді құшақтап алып, бірдеңені қиратып тастайтындай, әйда, шыр көбелек айнала бастайтынмын. Ол кезде электр жарығы деген байлық бізде қайдан болсын. «Жетілік шам» деген кәрәсинмен жанатын шам жағамыз. Кәрәсинді үнемдеу үшін кешкі тамақты ішіп, ыдыстарды жуа салысымен шамды сөндіріп тастаймыз. Ғазиза анам, не Күлжан әпкем терезеден түскен ай жарығының аясында маған, менен кейінгі сап-сары ерке қыз - гүлдей майысқан Гүлшекерге ертегі айтады. Өзімізді сол ертегінің бір геройы ретінде елестетіп, қиял қанатымен аспанға шарықтай ұшып жүретін қарындасым екеуіміз пысылдап, тәтті ұйқының құшағына рахаттана құлай береміз...
Әлігінде өзім ептеп ерегескіш болдым деп айттым ғой. Бір күні тағы кімге ерегескенім қазір есімде жоқ, анам айтпақшы «жыным ұстап», тіреуді құшақтап алып, зақорлықпен «іһ-іһ» деп күшеніп шыр айналып жүрмін, шыр айналып жүрмін. Ешкім, оныма мән бермей, ең болмаса «қой» деуге жарамаған соң, бір жақсы идеяның қапақ басыма сап ете түскені. Өзіміз атам заманнан бері су ішіп жүретін, тұтқасы оң жаққа қиқайып майыса бастаған қаңылтыр шөмішті қолыма алдым да, шелектегі судан бір-екі тамшысын лып еткізіп іліп ала қойдым. Тіреудің түбіне тақалып қойылған ас ішетін жайдақ үстөліміздің үстінде тұрған жетілік шамның тап төбесінен пілтені, соғыстағы батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың снайпер Сүлейменовы құсап (өздеріңіз білетін «Волоколамск тас жолы» кітабындағы мерген) дәл сығалай көздеп, бір тамшы суды тамызып кеп қалдым. Ерегесіп тұрып, «қиын қылмақ» ойым шамның жылтырап жанып тұрған пілтесіне тамшыны тамызып қалып, шамды өшіріп тастау ғой. Аллам-ау, болды бір сұмдық...! Мен дегенің рәгәткі, садақпен көздеп ату додасында «ауылдың нөмір бірінші снайпері» Шолан бауырымнан басқаны алдыға түсірмейтін мерген едім. Бұл жолы не қылып Құдай атқанын, дәлдеп - ақ көздеген бар болғыр суым пілтеге емес, шамның өзіміз «пөзір» деп атайтын шынысына тиіпті. «Шырт» ете түсіп бір бүйірінде үлкен де, кіші де емес, дәл өзімнің бас бармағымның басындай үңірейген тесік пайда бола қалды...
«Тағы бір сойқан басталады-ау енді!» деп, орнымда сілейіп тұрып қалыппын. Сол арада анам бодаудың төр жағындағы бүгін ғана екеулеп орып әкеп үйіп қойған мияның бір уысын алып та үлгеріпті. Қалай шапшаң! Құрығыр шөмішімді тастай салып зып беріп далаға қашуды ойға алғанымша болмады, жұқа бәтес дамбал киген май қүйрығымда салмағы зілдей жас мия, әйда, ойнақты салсын кеп-кеп! «Шып-шып!» «Сарт-сұрт!» Бетпақтанып, жеңіл-желпі таяққа жуық арада жылай қоймаушы едім, көз жасым ағыл-тегіл алты тарам боп ағып, жаным көзіме көріне ышқынып кеттім.
-Көтенім-ай, көтенім-ай! Өлдім - ау, өлдім - ау! – Ботадай боздап зар жылағаныма анам қарайтын түрі жоқ. Ең болмаса қазақшалап та емес, татаршалап: «Кузің ғана жуғалмағыр!» «Кузің ғана ақмағыр!» деп миясының жарым-жартысы сынып түсіп қалса да, уысындағы қалғанымен, шәкіртіне шыпылдата дүре соққан баяғының молдасы құсап шықпыртуын тоқтатар емес...
Осы кезде күтпеген тағы бір оқиға болды. Шырқырай жылаған дауысымды, көшенің арғы бетіндегі, біздің үйдің қарсысында тұратын Бораш, қалай есітіп қойғанын білмеймін, жетіп келді.
-Тәте, тәтетай, ұрмаңызшы! Кешірші досымды! Ол әлі кішкентай ғой! – деп, анамның қолындағы, құрығыр, солқылдақ мияға жабыса кетті. Маған деген аяушылықтан, оның өз көзінің де жасы сорғалай ағып тұр. Сонда ғана, анамның өзі де әбден шаршап, шалдықты-ау деймін, «үһ» деп қолындағы қалған миясын лақтырып жіберді де, орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Өзіммен үшінші сыныпта бірге оқитын, әншейінде әрнәрсеге келісе алмай керісіп, кей кезде, тіпті төбелесіп те қалатын ұзын сирақ Борашымның мені жақсы көріп, жаны ашитындығына осы оқиғадан кейін ежірейген шегір көзім анық жетті. Содан бастап екеуіміздің достығымыз жарасып, туған бауырдай жақындасып кеттік. Тастай қатты ағаш отынды мықшыңдап жара алмай жатқан кезде, немесе қыста тыртыңдап қар күреп жатқанымда Бораш досым жетіп келеді.
Қолымнан күрегімді алып, құлшына кірісіп кетеді. Өзі бойшаң ғана емес, қарулы. Менімен жасты болса да, жұмысты жапырып жібереді.
...Аналарымыз Ғазиза мен Нұрай, Зәмира апамыз көршілердің бәрімен тату, сыйлас болып, бізді де соған тәрбиелеп өсірді. Олардың көрсеткен сондай үлгісі мен тәрбиесінен ғой, Бораш досымның шырылдап, мені анамның таяғынан арашалап алғаны.
Кешегі «көтенім-айлаған» күннің ертеңінде анам: «қане, көрейін» деп дамбалымды ашып қарады да, «құдайым – ай, ашу үстінде өлтіріп қоя жаздаппын ғой» деп, өзі жылап жіберді. Май құйрықтың сау тамтығы жоқ. Көтенімдегі жараның пөзірдегі тесіктен сәл кішіректігі болмаса, баданадай - баданадай қызыл-көк «цветной» болып білеуленіп кетіпті. Тура наурыз көжеге қосу үшін бықтырып қойған бидай құсап бөртіп-бөртіп тұрған жара екен. Сол жеген таяқтан соң мені ерекше бір таң қалдырған жағдай болды. Анамды атарға оғым болмай, «бұл таяғыңды өмір-бақи ұмытпаспын» деп, мен дегенің кешеден бері оған кектеніп, бажырая қарап жүргем. «Өлтіріп қоя жаздаппын ғой» деп құшақтап, бетімнен сүйгенінен кейін, миы аздау тақыр басымды анам кеудесіне басты. Ой, Алла-ай, жеген таяқ та, көтенімдегі «цветной» жарақат та өмірі болмағандай жаным жай тауып, көңілім босап сала берді. Жүрегім елжіреп, жанарыма ып-ыстық ащы жас үйірілді. Әкөу, мен бұрын сезбеген не сиқыр өзі? АНА кеудесінің қандай қасиеті бұл...?!
Көтендегі жарақатты анамның өзі оншақты күн қойдың сап-сасық құйрық майымен сылап жүріп әрең емдеп алды. Бірақ, сол таяқ құрығырдың пайдасы да тиді. Анам қай жерде жасырып ұстайтынын кім білсін, әйтеуір, өзі айтпақшы, «нурмымен ғана» беріп, он күн бойы екі «кәрәмел» кәмпиттен рахаттана жеп жүрдім.
... Анам ашуланбай қайтсін, шам, кәрәсін мен пөзір дегенің ауыл дүкенінде сәпсім жоқ, өте қат дүние. Ауылдағылардың бәрі тоң майға ескен шүперекті кесенің түбіне қойып, соны шам ретінде сығырайтып пайдаланады. Оның жанған кездегі исі сонша сасық және үйді де әбден ыстап бітеді. Шешем, әйтеуір, өте ұқыпты, керек нәрсенің бәрін қалаға - Бесаралға барғанда әдейілеп әкеліп қояды. Көршілердің бәрі «Ғазеке, ине берші, қайшы берші», «оймағымды мына қу балалар жоғалтып тастапты», немесе, «ақ түйме болса берші» деп, қашан болсын бізден алып кетіп жүреді. Анам кейде: «Ой Алла-ай, өздеріне керек нәрселерін түгендеп алып қоймаушы ма еді» деп сұраушының артынан айтқанымен, бар нәрсені «жоқ» дей алмайтын ол бермей қайтіп шыдасын. Ертеңінде сұрап келген басқа нәрсесін де: «е, менің складымда бәрі бар ғой» деп күліп, тағы да ұстатып жібереді. Бір қызығы: бір де бір көрші алған құрал-саймандарын өмірі қайтадан әкеліп бермейді. Анам баяғы маған:
-Сәкен, Бораштың үйіндегі қайшыны әкелші - деп жұмсайды.
-Балаларынан өздері неге беріп жібермейді. Мен жүгірем де жүрем. Немене, солардың құлымын ба, осы? – Бұлданып, күңкілдей сөйлесем де, басқа жол жоқ, амалсыздан өзім барып әкелемін.
Анам тамақ, қалаш-тоқаш, палау сияқты түрлі тағамдарды өте дәмді пісіреді. Қазаннан түсірісімен, өзіміз жемей тұрып тәліңкеге салады да, баяғы үйреншікті маған жарлықты шашады.
-Сәкен, Зәмира апаң мен Нұрай тәтеңе апар, ыстықтай жесін...
-Ылғи апарамын, олар бізге ештеңесін беріп жібермейді ғой...
-Қой, артық сөйлеме! Ол тәтең мен апаңның балалары көп. Жетіспегендіктен бере алмайды - деп, тойтарып тастайды. – Көрші - көлеңмен барыңмен бөлісу - мұсылманшылық - үлкен сауап.
Соғыстан жеңіспен аман-сау, кең кеудесінде сылдарлай әндеткен Орден, медальдармен оралған Зәкер әкейдің балалары шынында көп. Тәкен аға бастаған балалары оншақты – барлығы ұл. Дастархан басына солдаттарша қаз - қатар жайғасып, солдаттарша жеуге кіріскенде, тамақты опырып жібереді. Шынында, қайдан шақ келсін!
Мен ақылды баламын ғой, жөн сөзге тоқтап, тамақты апарып берем.
...Нұрай тәте Бораштан кейінгі ұлы Жұмаштың қолына кесе ұстатып, әдеттегідей бізге жұмсап жібереді. Ол: «Тәтем бүй дейді. Жүрегім қарайып тұр дейді. Қаймағынан бір қасық берсін дейді» деп, кесесін ұсынады. Бірақ, оның мұрнынан ытқып шығып, іле -шала ұясына қайтадан шауып кіріп кететін «боз атын» көрген анам:
Ой, дардай болып мынауың ұят емес пе? Далаға барып,
мұрыныңды «қатқан қыраудан» тазалап кел - деп, ескерту жасайды. «Боз атынан» тазаланып кірген Жұмаштың қолына қаймағы аз толмаған кесені ұстатады. - Жолда жартысын жеп қойма...!
Қаймақ демекші, сиыр ұстамайтын біздің үйге қаймақ қайдан келеді? Тілеуің бергір, жалғыз сары ешкі өзімізді де, көршілерді де қаймақпен қарық қылып жүр. Мойнында қоңырау сияқты кішірек қана салпыншағы бар ешкіміз, анама уәде беріп қойғандай, жылда жаңылмастан тек егіз табады. Сол ешкі біздің үйдің құты сияқты. Сүті мол, әрі қою. Анамның сары ешкісінің сүтін қатқан шәйін сағынбайтын, аңсамайтын адам жоқ. Өзіңіз білесіз, мен ол кезде бақандай төртінші сыныптың ақылды оқушысымын. Мұғалімім - оны да білесіз – Жаңыл тәтей. Басын оң жағына сәл-пәл қисайтып алып, мектептен жәйлап, маң-маң басып келе жатқанында анам:
-Жәке, атың басын бері бұр» деп, он бес- жиырма күнде бір шақырып, шәй береді. Сары жез шәугімнің астына шоқ салып, бажылдап тұрған шәйді терлеп – тепши ішіп отырған тәтейім:
-Ғазеке, сіздің шәйіңізді ішіп қанбаймын. Сонша дәмді, ішкен үстіне іше бергің келетін қандай сиқыры бар осы - дейді.
-Жарықтық сары ешкінің дәмді де, қою сүті ғой. Оның үстіне шәйді шығарғанда шәйнекке бір шәй қасық қант салып жіберемін және шәйнекті қайнатпай, бұқтырып қана ала қоямын. Сондықтан ғой дәмді болатыны - деп, бар секретін айтады.
Мен де бір пәлемін, тәтемнің (анамызды бәріміз тәте деп атаймыз) ұстазымды не үшін шәйға жиі шақыратындығын анам айтпаса да сеземін. Ептеген ерегеспе мінезім, біраз бұзықтығым бар және бірдеңені бүлдірмесем жүре алмайтын мен қуға тәтейімнің оң көзімен қарап жүрсін деген бақай есебі ғой. Енді қайтсін - әй...
Кейіннен Бораштар да сиыр ұстады . Нұрай тәтемнің басы құрғап қышиды да, мені мақтап - мақтап басын сықтырады. Мақтағанды кім жек көрсін, менің тіземе қойған шешейдің басын ерінбей, «шырт-шырт» еткізіп сығып беремін. Ол «тырнақ жауыр» деп, бір кесе сүт беріп, мен қылқылдатып рахаттана жұтып алам.
Аудан орталығы болуы себепті ме екен, әлде, орыстың қышқыл да, дәмді боршы, «кәтлет» дейтін қанша жеп жатсаң да тоймайтын тамақ сататын сталабайы, «Дружба» аталатын, әркім жайдақ орындығын үйінен өзімен бірге ала барып кино көретін театры бар үлкен ауылды «қала» деп атайды. Одан бөлек, құс сүтінен басқаның бәрін сатып алуға болатын жайма базары мен есік пен төрдей аумақты «универмаг» аталатын киім-кешек және азық-түлік сататын екі–үш үлкен магазиндері бар болғандақтан ба, әйтеуір, Бесарал ауыл болса да оны ел-жұрт «қала» деп әспеттейді. Міне, сол қалада тумасам да, сонда барып, базар аралауды аңсап тұрамын. Ес кіргелі өзіңіз білетін Қызыл ту ауылының толарсақтан келетін қою шаңын жалаңаяқ кешіп, шапқылап жүріп өскенмін. «Базар» демекші, сол базарды аралап жүріп масқараға ұшырап, күлкіге қалғаным бар.
Сіздер бірақ онша көп күлмеңіздер, сол оқиғаны айтып берейін.
...Жылда қалаға келер уақыттың алдында Бораш досым екеуіміз міндетті түрде мұқият дайындалып ақша жинаймыз. Жыра бойына барып, көкмайсада арақ ішетін орыс ағалардың арақтан босаған шөлмектерін дүкенге өткіземіз. Бірақ, әдеттегідей кәмпит, прәндік емес, ақшалай аламыз. Кейде сатушы Шерненконың қазақ тілінде:
-Кассада ақша аз, басқа бірдеңе ал-деп кергіп қалатыны бар.
-Аға, кәникүлде қалаға барайын деп едім, тиынмен беріңізші. Көп ақша емес қой – деген өтінішімізді жерге тастамай, басын бір шайқаған сатушы сылдарлаған тиындарды қолға ұстата салады.
-Рахмет, аға, деп қуанған біз өз жөнімізге кетеміз.
...Ой, сіз білмейсіз ғой, ол ештеңе емес, менің табыс табатын басқа да өнерім бар. Мен жасаған рәгәткі мен садағыма, кәдімгідей, «зәкәз» түседі. Өйткені, садақтың ағашын жұмсақ, оңай иіле салатын жіңішке ағаштан емес, таңдап жүріп діңі жуандау, мықты ағаштан жасаймын. Жебенің ұшын қаңылтыр қиығын иіп, ерінбей әдемілеп, үп - үшкір етіп қоям. Ол садақ, әрине, өзгелердікі сияқты емес, алысқа атады және «дік» етіп дәл тиіп, «кірш» етіп қадала кетеді. Рәгәткіні де серпіні қатты рәзіңкеден жасап, соларды Өмірзақ, Шолан, Мұқан мен Мұрат сияқты әкелері бар балаларға сатамын. Енді, әкесі жоқтардың ақшасы да жоқ емес пе ?!
...Міне, қалтадағы «байлықпен» алшаң басып, қалаға бұл жолы Бораш досымсыз жалғыз келдім. Өздеріңіз көрген жайма базардан алманың ұнтақталған ұнын, балмұздақ, ұйғыр акадан шашлық алып жедім. Базардың күншығыс жағындағы кішігірім үйшіктің алды ығы-жығы халық. «Не сатып жатыр екен сонша, топырласып кезекке тұратындай?» Жақын келгенде байқадым: елдің бәрі, арасында өзімдей балалар да бар, «бокал» аталатын үлкен күрешкеге құйған мөп-мөлдір, ашық қызыл түсті көз қызықтыратын сұйықты сатып алып ішіп жатыр. Сыра дейін десем, сары, не қоңыр емес. Және де шарап, не сыра болса, балалар ішпес еді - ғой. Не де болса ішіп көрейін бұл көздің жауын алардай мөлдіреп тұрған нәрсені. Қалтамдағы бес сомның қызуынан шірене, талтақтай баса келіп:
- Кто последный? – деп, білгенімше орысшалап кезекке тұрдым. Өшіретім келді-ау, әйтеуір! Алатын нәрсемді не деп сұрарымды білмей тұрған менің көзім үйшіктің маңдайшасына үлкен әріптермен жазылған «Ларёк», астына кішірек әріптермен таңбаланған «Бесаральского сельпо» деген сөздерге түсті. Қолымдағы «байлығыма» мақтанғандай марқайып, бір сомдықты емес, бақандай үш сомдық кесек ақшаны сатушыға ұсындым.
-Ларёк дайти!
-Что-что? – деп сатушы маған жымия қарап тұр. Кезекте тұрғандар да жамыраса ду күлді.
- Вот эти дайти! - Бірдеңе бүлдіргенімді сезе қойып, сасқанымнан быртық саусағыммен дәу ағаш бөшкені нұсқадым.
- Это морс называется, - деп бокалды толтырып ұсынған сатушы да, кезекте тұрғандар да күлкілерін тоқтата алар емес.
Масқара етіп, мені ұятқа қалдырған морс деген пәлесін апыл-құпыл ішіп, тезірек ол жерден тайып тұруға асықтым...
хххххххххххх
Ия, осындай қызық пен шыжыққа толы тірлікпен, өзімізге өмірі бітпестей көрінетін мектепті де тәмамдадық. Өй, ұмытып барады екенмін, айипақшы, сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімізде Бораштың үйінің дәл іргесіне Кеген жақтан Алексей Ботов деген орыстың жанұясы көшіп келді. Олардың тойған қозыдай томпиып тұрған әп-әдемі, ақсары қызы бар екен. Таня есімді ол қыз бізден екі сынып (әрине, орыс сыныбында) төмен оқыды. Міне, сол томпақ Таня сұлуға Бораш екеуіміз бірдей ғашық болып қалдық. Сол кезде «Куба-любовь моя» деген ән ел ауызынан түспейтұғын. Сонда ғой менің «Таня-любовь моя» деп зарлата, қоймай-қоймай әндетіп, «махабаттың ыстық отына» күйіп-жанып жүргенім. Бірақ, «күюім» ұзаққа бармай, оған деген көңілім мұзға шашқан қоламтадай суып сала берді. Өйткені, кеш қараңғысы түсе салысымен Бораш екеуіміздің қайсымыз бұрын барып ысқырсақ болды, Танямыз үйінен атып шығады да, үздіге сүйісе кетеді. Күнде солай... Ойпырмай, бізден екі жас кіші қыз сүйістің нағыз шебері екен! Оны қалай, қай кезден бастап меңгеріп алған десеңші!Тіліңді таңдайына алып, балын шығара сорған кезде, шайнамай жұтып қоярдай сүйіседі – ау, пәлекетің. Бірақ, қыздың екі жеп, биге шығатын ондай тұрақсыздығына көзім жеткен мен тез айныдым. Тектен тек кетпей, қулыққа басып: «Бораш, екеуіміз ежелден дос болсақ та, сен менен үш ай үлкендігің бар-ағасың ғой.Қашан болмасын, бала кезден үлкендігіңді танытып, маған көмектесіп жүресің. Таня екеуіңнің араларыңа түспеймін. Саған қидым ол қызды...» деп, құнымды арттырып, досыма жол бердім. Ойпырмай, ол қыз ұяттан да жұрдай екен, жолыққан жерде: «Сакенчик мой, за что ты меня бросил?!» деп, жалынышты түрмен, үздіге көзін сүзеді. Алайда, «уәде - құдай сөзі» деп анам айтпақшы, достыққа адал мен ол тұрақсыз қызды менсінбеген адамша, теріс айналып кетіп жүрдім.
...Бораш досым мектеп бітіргеннен кейін аудан орталығындағы автобаздан шопырлық курсты бітіріп алды. Совхоздың ескі машинасының «баранкасын» айналдырып жүріп, бір жылдан соң әскерге алынды. Артынша өзім де «Отан алдындағы борышымды» атқаруға қандас азербайжан бауырлардың Баку қаласына аттандым. Ашхабад қаласына түскен Борашыммен сартап сағынышқа толы хаттарымызды үзбей жазысып тұрдық.
Досым әскерден келе жатқан жолында баяғы Танясының үйіне түсіп, «олжаға» кенеліпті. Кейіннен өзі: «Үш тәулік бойы қыздың қойнында қона - жастана жаттым. Орыс ұлты дегенің қыздарын некелеспей-ақ жеке бөлмеге еркектің қойынына салып беруді намыс санамайтын арсыз екен» деп жағасын ұстап, жырдай етіп әңгімелеп берген -ді. Оның екінші «олжасы» -Таняның құшағынан босап шығысымен, ауылда бала кезден көрші тұрған, қысық көздері мысықтікіндей зәңгір көк Зейнел қыздың жалдап тұрып жатқан пәтерін іздеп тауыпты. Сол «ескі көздің» қойынында төрт тәулік бойы ойнап- күліп жатыпты. Пәлекет досым әскерден Танямен де, Зейнелмен де, «на всякий случай» деп хат жазысып жүрген екен.
Ойпырмай, екі жылдан астам уақыт туған елден, өскен жерден жырақ аймақта амалдың жоқтығынан жіпсіз байланып жүрген досым туған жерге қарыс қадам қалғанда, әкенің қара шаңырағына тезірек жетуге қалайша асықпаған? Қайтуға асықпай, бір апта бойы қатындардың қойынында қалай ғана түнеп - түстеніп жүрген десеңші! Бәрінен де, баласының әскерден оралуын зарығып, шыдамсыздана тосып жүрген аяулы анасының құшағына орануға асықпаған досымның дәтінің беріктігін айтсаңшы...
ххххххххххххх
...Мен дегенің «махаббатым» жастайымнан оянып, ерте «қағынған» жігітпін қой. Әскерге дейін өзімнен бір жарым жас кіші болғанымен, менен да ертерек «қағынып» өскен, жастайынан ышқырының тым бостығымен елге әйгіленген «қызбен» көңіл қосып жүрген едім. Еркек атаулының қолын қағып көрмеген «көңілшектігімен» аймаққа ерте жария болған, атына заты сай Жәрия атты, қыз есебіндегі сол әйелмен әуейі болып жүрдім.
...Құдайым-ай, өзің туралы келеңсіз жайды өз ауызыңнан «мен» деп айтып беру неткен ауыр еді. Әрі қарай, ол істің қалай-қалай өрбігендігін, тым болмаса, басқа біреудің басынан өткендей етіп, үшінші жақпен баяндап берейінші...
...Сәкен екі жыл әскери борышты атқарып, елге қайтқанында, жастайынан ерте «ауызданып», қатын қызығының дәмін татып қалған қу емес пе, қыздардың соңынан салпақтап, сөз айтып айналдыруды артық жұмыс санады. Екі жыл етек көрмей, «ашығып» келген ол қыз іздеп бос әуресі не, ешкімге «аулақ» демейтін дайын тұрған баяғы Жәриясының үйреншікті ыстық құшағына қойды да кетті. Сол кіргеннен мол кіріп, онымен екі күннің бірінде кездесіп, өмірлік жар таңдауға «уақыт таппай» мұршасы да келмей, ұлыққан арланша әуейіленді де жүрді.
«...Ат аунаған жерде түк қалар» деген аталарымыздың сөзі рас екен. Пушкин жарықтықтың өз өлеңіне қосқан шырылдауық шегірткесі сияқты ыршып, көгалда ән салып «кайф» болып жүргеніне сегіз – тоғыз ай өткенде Жәрия:
- Сәкен, сен әке атанатын болдың. Құрсағыма сенің шаранаң біткелі үш айдай уақыт өтті - деп, жерден жеті қоян тапқандай ыржия күліп тұр. «Гөләйттап» қызық қуып жүріп ондай күннің туып қаларын ойлап жүрген кім бар, жігіт шошып кетті.
- Қой, ойбай! Менің балам екендігіне сенің көзің жете ме?
- Ішімдегі тұла бойы тұңғыш сәбиіммен ант етейін, сенімен жолыққалы мен ешкімді маңыма жолатып көрген емеспін. Өзің ойламайсың ба, екеуміз күнде, күн ара бірге болып жүрміз. Сонда мен басқамен қай уақытта кездесіп үлгеремін? – деген сөзіне қуану қайда, жігіт қарсы уәж айта алмай, сілейіп тұрып қалды.
Қыздан қулық артылған ба, Сәкеннің сөзден ұтылғанын пайдалана қойған ол:
Бір мінім бар, сол өзіме батады,
Бәрінен де жаман ғой соның атағы.
Адасқанның айыбы жоқ, кешірсең,
Көңілімде қуаныш боп жатады – деп басталатын оншақты шумақ өлеңмен қоса, көзінің жасы да даяр тұр екен, көлдете төгіп – төгіп жіберді. – Бәрін түсінемін, сен менің өткен – кеткенімнің бәрі көңіліңде сайрап тұр.Достарыңның алдында ұялатыныңды білемін. Бірақ, ойнақтап жүріп от басқан мендей сормаңдай, бақытсыз бір бейбақтың бар кінәсін кешіре біліп, маған үйленсең, бетіңе жел боп тимес едім. Өмір – бақи қарыздар болып, құлың боп өтуге әзірмін – деген ол жігіт мойнынан тарс құшақтап, өксіп-өксіп ұзақ жылады.
Жас бала мен әйел атаулының көз жасын көрсе ет жүрегі езіліп, қоса жылауға шақ қалатын, тезірек жұбатуға асық болып, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысатын жігіт не айтарын білмей:
- Жәрия, жылама.Болды енді,жылама – дей берді сасқалақтап.
Сәкеннің «бұрандасы» босап, қобалжып тұрғанын сезген қыз аты бар әйел ағыл – тегіл болған көз жасын сүртпестен:
«Қара да болған шашыма,
Уайым түсті басыма.
Азабын жардың тартқанда, ей тартқанда,
Жасыма жүрек, жасыма!
Сүйемін сені, сүйемін,
Күндіз-түн ойлап жүремін.
Ақырғы жауап алғанша, ей алғанша,
Лүпілдеп соғар жүрегім...–деп, жаңағы жылағанынан болар, сәл қарлығыңқы, құйқаңды шымырлатар аса бір аянышты дауыспен, зар мен мұңға толы әуенге салып әндетіп қоя берді.
Көңілі босап, ләм – мим деп тіс жаруға шамасы келмеген жігіттің ауызына сөз түспей, сүмірейген күйі сұлқ түсіп тұр.
-Алмаймын десең ашығын айт. Ертең барам да аборт жасатып, балаңнан құтыламын. Сонда сенің жазықсың сәбиіңнің көгермей жатып көктей солатындығына кінәлі кім болатындығын құдіреті күшті Құдайдың бір өзі біледі... Сол жағын тереңірек ойла, Сәкен! – деген ол кілт бұрылды да, қасынан тездете басып ұзап кетті.
Жігіт «қыз» аты бар бұл әйелдің тағдырының бұзылу тарихын бұдан бұрынырақ, көз жасын көлдете, өкси – өкси жылай отырып баяндап берген Жәрияның өз аузынан естіген еді.
«Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан әкем Қасен соғыс аяқталып, ауылға келген соң, майданда немістерге тұтқын болып түскені үшін Сталиннің тұсында «Отанына опасыздық жасаған сатқын» ретінде 25 жылға сотталып кетеді. Оның аман келуінен күдер үзген анам, тірі жан емес пе, пендешілікпен біреуден ұл туып қояды. Алайда, «амнистия» жарияланып, ол үш жылдан соң туған жерге қайтып оралды. Әрине, намысшыл әкем шешеме қайта барсын ба, көрші ауылдағы бір жас қызға үйленді. Балалы-шағалы болып, қалған өмірінде ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты. Жасы жетіп, дәмі таусылған шақта жарық дүниеден өтті.
Әкем тұла бойы тұңғышы мені еркелетіп қасынан шығарғысы келмеді, мен де оны жанымнан артық жақсы көрдім. Анам да жақсы, әкем одан да жақсы, екеуін де қимай, екі оттың ортасында өскен мен бірбеткей, ерегескіш, бая – шая болып өсіп келе жаттым. Екі ауылдың арасында жортып жүріп, тәрбием де кемшін түсті ме, әйтеуір сабаққа да зауқым соқпайтын құлықсыз болдым.
... Он төрт жасымда алыстағы Жарбұлақ ауылына шешемнің: Қыстың көзі қырауда қайда барасың? Үсіп өлейін деп пе едің?» дегеніне қарамай, бір құрбымның үйіне баруға жолға шыққан едім. Жолшыбай орта жастардағы бір орыстың жүк машинасына қол көтеріп тоқтатып, отырып алдым. Отырғанымды қайтейін, жарты жолға жетпей, машинасының ішінде әлігі жолың болмағыр сары сапалақ мені шыңғыртып, қызыл қанымды ағыза зорлады. Арада оншақты шақырымнан кейін тағы, қысқасы діттеген ауылға жеткенше бір рет, екі рет емес, төрт рет зорландым...
«Біреуге тіс жарып айтатын болсаң, бауыздап өлтіремін!» – Осылай қорқытып, артынша «мынаған кәмпит алып же» деп, қолыма үш сомдық ақша ұстатты да, өзі ауылға кірмей, кері қайтып кетті. Шамасы, «біреуге айтып, милицияға ұстатып жіберер» деп қауіптенгені болар.Сүйтіп, жетінші сыныпта оқып жүрген мен он төрт жасымда қатын болдым. Содан кейін – ақ есейгендік өмірім басталды. Тәлейлі тағдырыма ерегескен түрім бе, жоқ «енді жоғалтар нем қалды» дедім бе, әлде шынымен еркек құшағының табы ұнап қалды ма, әйтеуір маған көз тастаған беті жылтыраған еркектің бірінің қолын қақпай, құшақтарына құлай бердім» деген ол біраз жылап алып, хикаясын әрі жалғады.
-Бұл жиіркенішті қылықтарымды айту маған оңай тиіп отырған жоқ, Сәкен. Алайда, сен барлық шындықты әлдебіреуден емес, өз ауызымнан естіп, білсін деп ағымнан жарылып отырмын. Бірақ, міне, он сегіз жастан асқан шағымда, қол жетпес арманым – сен жолығып, өмірде шынайы махаббаттың бар екенін түсіндім – деген Жәрия жігіт мойынынан тарс құшақтаған күйі, тоқтай алмай, ботасын жоғалтқан аруанадай боздасын кеп - кеп!
Әкесіз өсіп, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын, рухани да моральдық тауқыметін молынан тартып, қамкөңіл болып өскен Сәкен қыздың жаралы жанын түсінгендей болып, «қандай аянышты тағдыр» деп, оған қосыла жылағанын өзі байқамай да қалды.
...«Ең алғашқы махаббат басталады мектептен» деп, ән
жолдарында айтылғандай, Сәкен оныншы сыныпта оқып жүргенінде, өзінен бір сынып төмен оқитын Риза атты қызды құлай сүйген еді. Ең болмаса білегінен де ұстап көрмеген алғашқы махаббаты мектепті бітіріп, Семейдің құрылыс техникумының бұғалтыр мамандығында оқып жүргенінде, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Ерік есімді жігіті достарымен машинаға лақша басып, алып қашып кетеді. Сәкенге бұл оқиғаны өзбек жерінде әскери борышын атқарып жүрген жан досы Мұрат хат арқылы естірткен еді. Жігіт үш күн бойы нәр татпай, казарманың каптеркасында жылап жатып алған. Адамның жанын терең түсінетін рота командирі капитан Карапетянның өзі жанына келіп, туған бауырындай басынан сипай отырып біраз ақыл – кеңесін айтып, Сәкенді сабасына түсірген болатын. Сүйтіп, алғашқы пәк те, шынайы махаббаты сәтсіздікпен аяқталған еді.
... Әлгіндегі: «Тереңірек ойлан, Сәкен!» деп, қасынан жалт бұрылып кеткен Жәрияның сөзінен кейін ол өз - өзімен қалып, тұңғиық қалың ойдың құшағына орана берді...
«Ол қыз өмірдің шырмауықтай шырғалаңына бір оратылып, қайта шыға алмай жүрген бейшара. Қалай дегенімен жаны нәзік әйел заты ғой. Тағдыр тәлкегіне тым ерте, жастайынан ұшырап, жетімсіреп жүргені аздай, менен жүкті болып, ел бетіне қарағысыз халге қалып отыр. Мен: оған «аулақ»! деп, жарық дүние есігін ашып үлгермеген жазықсыз періште – сәбидің аборттан парша-паршасы шығып, шыбын жаны ұшып кетсе, мені Аллам кешірмесі хақ! Жанымдай жақсы көрген сүйіктім Риза болса жат біреудің жары боп, соның ошағын жағып, ұрпағын өсіріп жатыр...
Жәрияға: «сен көкпар додасына түскен лақтай, талайларға тапталған қалдықсың. Екеуіміздің жолымыз екі бөлек. Өзіңнің теңіңді тап!» деуге толық қақым бар. Бірақ, жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, шариғат жолын қатаң, таза ұстайтын анамның: «білмегеннің білместігіне кешірімді, мейірімді, қайырымды бол – деп, бала кезімнен санама сіңірген тағлымы қайда қалады? Мектептегі мұғалімдерімнің, үйдегі тәрбиешім, ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын сарп етіп жүрген ұлағатты ұстаз Күлжан әпкемнің адамгершілік пен адалдыққа, ар мен азаматтыққа тәрбиелеген өсиетін жерге тастағаным болып шықпай ма?! Бала кезден басыма жастап оқыған «Мөлдір махаббат», «Ботагөз», «Инеш», «Махаббат, қызық мол жылдар», тағы басқа көркем әдеби кітаптар мен «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман – Шолпан» сияқты хиссаларды өзім жатқа айтып, «солардағы кейіпкерлердей болсам» деп армандаған асқақ ойым, маған ғибрат,үлгі - өнеге болмай, жәй ғана бір сәттік сүйсініс пен қызығушылық болып шыққаны ма?
Жоқ! Мен сол бір адасқан қаз сияқты жол таппай, өмірден опық жеп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жанды құтқаруым керек! Кім көрінгеннің мазағына ұшырап жүрген бейбақтың өткен өміріне кешіріммен қарап, өзіме жар ету арқылы босағадағы қадірсіз басын төрге шығарсам...Ұрпақ сүйгізіп, ана атандырсам, ол менің намыссыздығым емес, үлкен Азаматтығым болмай ма?! Сол бір адасып, тұғырыққа тірелген жанды түзу жолға салып, бақытты етсем – бұл менің өмірдегі ең жарқын, қайырымдылық пен адами тұрғыдағы үлкен адамгершілік ісім болмас па...?!
Ия, талай ел саусағын шошайтып маған күлер, достар мүсіркер, дұшпандар сөз етіп табалар. Мейлі, кімнің аузына қақпақ қоярсың, айтар – айтар да қояр. Тек Жәрия сенімімді ақтап, адал жар болса – менің адамгершілік, мейірімділік миссиямның орындалғаны!»
Осы ойға берік тоқталған Сәкен сері Жәрияға үйленді!
Аузынан түсіп қалғандай өзінен аумайтын қыз бала аман – есен дүниеге келіп, есімін алғашқы сәтсіздікпен аяқталған махаббаты– Ризаның құрметіне «Риза» деп қойды.
хххххххххххххх
...Сәкен «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген сұрапылдан соң туып, әкесіздіктің, жоқшылық пен тапшылықтың рухани жан күйзелісін молынан тартқан ұрпақтың өкілі ғой. Ойын баласы емес пе, көршілердің, немесе ауылдағы әкесі біргәдір, есепші сияқты шолақ бастықтардың балаларымен ерегесіп, төбелесіп қалатын кездер жиі болып тұратын. Өзінің бойы аласа, тыриған арық, сондықтан әлсіздеу еді. Бірақ, әлі жетпей, таяқ жеуге айналса, ызақорланып, қолына не түссе, сонымен аямай салып қалатын намысқой, біреудің қиянатын кешіре алмайтын кекшіл болып өсті. «Біреу тисе қалса» деген есеппен, соғыста болып келген нағашысының «солдатский» белдігін кәстөмнің, жаз айларында көйлектің ішінен тағып алатын. Сол мінезін білетін анасы Ғазиза: «ойбай, тыныш жүр, сотталып кетесің. Байқұс – ау, сені арашалап алып қалатын әкең де жоқ» деп, санасына сақтықты жиі құйып отыратын. Анасының сол «сотталып кетесің» деген ескерту сөзінен жасқанып, талайларға есесін де жіберген кездері болған-ды..
Әскерде жүргенінде спортпен үзбей айналысып шынығып, бокс өнерін бір кісідей үйреніп келген соң, бұрындар есесі кеткен біраз балалардан кегін алып, жаны жәй тапқан - ды...
Бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ» деген рас екен. Анасы айтатын «сотталу» атты пәледен қанша сақтанып жүрсе де, бәрібір «абақты» аталатын тар қапастан қашып құтыла алмады.
...Армиядан оралған соң аудандық қаржы бөлімінің «госстрах» бөлімшесінде инспектор болып қызмет істеп жүрген кез. Жаздың жалын сынды ыстығын аямай шашып тұрған шілде айының бір күнінде аудан орталығынан ауылына жету үшін автовобекеттің жанында автобус тосып тұрған.
Өзі құралпас үш жігіт, қиралаңдаған удай мас болмаса да, ішіп алғандары білініп тұр, Сәкеннің жанына таяп келді. Ішіндегі сорайған ұзын бойлысы көздері ежірейіп қарсы алдына тоқтады:
- Ей, братан,темекің бар ма?
– Жоқ, мен темекі шекпеуші едім.
- Не, сен молдасың ба, әлде қызсың ба?
-Бауырым, ілік іздемей, өз жөніңе жүрсеңші. Мен саған кедергі жасап тұрған жоқпын. – Сәкен әлігілердің төбелес шығармақ ойын сезіп, қорғануға іштей әзір болып тұр.
- Қараңдар, мына духтың маған кедергі жасауға қауқары жетеді екен – деген ұзынтұра оның бет тұсына оң қолын сермеп кеп қалды. Сәкен бұғып үлгеріп, еңкейген күйі бүйір тұсынан сол қолымен осып жіберді. «Ыңқ» етіп бүгіле берген оны іле-шала оң қолмен жағынан оңдырмай ұрды. Ұзын бойлы адамның құлағаны да ебдейсіз екен, теңселіп барып кескен теректей сұлап түсті.
Бұлайша соғу бала кезден үйренген, әскерде бокспен айналысқан кезінде жетілдіре түсіп, әбден төселіп алған сенімді тәсілі еді.
Өздері үшеу болғандықтан, ондай қарсылықты күтпесе керек, қасындағы достары бір сәтке аңтарылып тұрып қалды да, екеуі екі жағынан Сәкенге жақындай берді. Сол арада жығылып жатқаны да түрегелді. Жасқаншақтай басқан ол, жаңағы алған соққыдан беті қайтып қалса керек, өзі шабуылдауға батылы жетпей, жанындағы жандайшаптарына:
- Ей, текешіктер, не қып сүмірейіп тұрсыңдар? Қане, мына духқа біздің кім екенімізді көрсетіңдер! – деп ақырып жіберді.
- Әкеңнің ауызын... Екеудің толықша келгені өзінен сәл әріректе жатқан жұдырықтай тасты жерден көтеріп алып, төрт – бес қадам жерден құлаштай сермеп қалды. Бұл тастың бағытын аңғарып үлгеріп, сол жағына қарай бұғып үлгерді. Тигенде қалпақтай ұшырып түсіретін қатты ағынмен атылған тас оң жақ құлақ тұсынан «зу» етіп өте шықты. Сәкен шалт қимылмен атылып барып тас иесін иек астынан баспен қақырата періп жіберді! Ол теңселуге де шамасы келмей, шалқасынан құлап түсті.
Ойдан жүйрік нәрсе бар ма: «Жеделдете, естерін жидырмай шабуылдамасам, ана екеуіне мынау қосылып, өз жағдайымды қиындатып алармын!» - Осы ой миында найзағайдай жарқ етіп, үшіншісіне тарпа бас сала шабуылдауды ойлап үлгергені сол еді, өзінің арт жағынан «баж» етіп жан ұшырған ащы дауыс естілді. Жалт қарағанда көргені: өзі алғаш ұрып сұлатқан ұзынтұра басын ұстаған күйі жерде ойбай салып домалап жатыр. Оның тап жанында жаңағы бұған сілтенген жұдырықтай қара тас. Сөйтсе, өзінің жалтарып кеткендегі жанынан зуылдай аққан тас арт жағындағы ұзынтұраның басына тиіп, қалпақтай ұшырыпты. Ойға алған үшінші қарсыласына жұдырық сілтеп үлгерген жоқ, сол арада бағанадан «бесплатный» гладиатор ойынын көріп, жаппай қызықтап тұрған жұртшылықтың арасынан:
- Милиция!
- Милиция келе жатыр! – деген дауыстар естіліп, артынша үш бірдей сарбаз жетіп келді.
Ой дегенің оқтан жүйрік – қой: «ойпырым–ай, вокзал маңы толған әйелдерді айтпай – ақ қояйын, еркектердің үлкен – кішісі бар, бір де біреуі әлігі бұзақыларға: «Әй, қойсаңдаршы. Өз жөнімен жүрген адамда не ақыларың кетті» деп айтуға жарамағандары мұны таң қалдырып, жағасын ұстатты. «Менің орнымда сол қызықтап тұрған адамдардың біреуі, немесе олардың аға, не інісі болуы әбден мүмкін-ғой. Сондай жағдай бола қалса да араша түспей, тап осылай тамашалап тұрар ма еді, қайтер еді...?!» деген ой санасында найзағайдай жарқ етті.
Келіп жеткен милиция ана үш бұзақыға қоса Сәкенді де ішкі істер бөліміне апарып, бәрінен жауап алды. Хаттамаларын да толтырып, «ауданнан алыс кетпеңдер, керек болған кезде шақыртамыз» деп, босатып жіберді.
Босатқанын қайтейін, өң түгіл, түске де кірмейтін «қызық» үш күннен кейін басталды...
Түскі асқа кетуге аз қалған уақыт еді, Сәкеннің қызмет орнына милиция формасындағы сержант пен аға лейтенант сау етіп кіріп келді. Мұның фамилиясы мен атын сұрады да, жауабын ести сала, «сіз тұтқындалдыңыз!» деп, қолдарын артқа қайырып кісен салды!
...Бұзақылармен арада болған жанжалды ертеңінде жұмысқа келгенде айтып беріп, басшылар ол жағдайдан толық хабардар еді. Олардың көздері бақырайып, не айтарын білмей сілейді де қалды. «Госстрахтың» бастығы Маркин Иван Федорович:
–Не үшін тұтқынға аласыздар? Оның ешқандай да кінәсі жоқ
– қой! – дегеніне пысқырған да жоқ, «сот ақ – қарасын айырады» - деп, алдыларына салып айдады да кетті.
...Мұнымен шатақтасып, таяқ жеген, бірақ өз жемтіктесінің атқан тасынан дене жарақатын алған «главарь» аудандық мал дайындау мекемесі бастығының баласы болып шықты. «Күштінің к...і диірмен тартады»-демекші, бұзақыны «арақ ішпеген», аузына ішімдік атаулыны татып алмайтын Сәкенді «орта дәрежедегі мас» деген анықтаманы тиісті кеңселерден әкесі алып берген екен. «Өздігінен әңгімелесіп, жайбарақат тұрған» үш азаматты қорлап, балағаттауының соңы төбелеске ұласып, әлігі «арты күштінің» баласын Сәкеннің «бұзақылықпен ұрып жыққанын, артынша жұдырықтай таспен жақ сүйегін сындырғанын» әлігі үшеуінен басқа «көрген» куәлар да табыла кетіпті...
Тергеуді ұзақ созбақтататын несі бар, бәрі алақандағыдай айқын нәрсе емес пе, «қылмыс дер кезінде ашылып», айналасы бір айдың ішінде тергеу аяқталып, сот болды. «Заңдылықтың сақталуын қатаң қадағалаушы» тұлға – прокурордың таққан айыптау қортындысын, ақ – қарасын таразылап, әділ шешімін шығараушы би (судья) қолдап, «қоғамдық орында мас күйінде бұзақылық әрекетпен жазықсыз адамның денесіне «ауыр жарақат салған» айыбы толықтай «дәлелденді». Сот аяқталып, «әділ би» Сәкеннің мойнына үш жыл мерзімге бостандықтан айыру жазасын іліп, жазасын күшейтілген (усиленный) режимдегі колонияда өтеуге Үкімін сол мезетте қолма – қол шығарып берді. Соттың оған кесетін жазасының алдын-ала келісіліп, жазылып қойылғаны Үкімнің сол мезетте дайын тұрғандығынан белгілі болып қалды. Адвокат жалдап жазған касациялық шағымын жоғарғы истанцияға жібергенімен, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген тәмсілдің дәлеліндей, ол далбасадан түк те шықпады.Үкім бекігенше Алматының тергеу изоляторында екі айдай жатып, Жоғарғы соттан: «...Аудандық соттың Үкімін бұзуға негіз жоқ» (шығарылған Үкім «өте әділ» болғандықтан) деген жауап келді...
ххххххххххххх
Қазақ аталарымызда әлмисақтан: «анадан он ұл тусаң да, бір жалғыздық» деген орынды тәмсіл бар. Сол айтқандай, бір анадан туғандай тату-тәтті, «бүтінді бөліп, жартыны жарып» жеп, бәтестен Ғазиза анасы тігіп берген әдемі, көк аспан түсті көйлекті кезек киісіп өскен достар – Бораш пен Сәкеннің арасына қарағайдай қатты сына қағылатындығын кім болжап білген...
Еске түссе, еңсеңді езіп, жүрегіңді жаншып жіберердей бұл «сына қағылу» келеңсіздігі неліктен, қалай болып еді?
«...Тек Жәрия сенімімді ақтаса...» деген күмәнді ойды құдіреті күшті Жаратушы Сәкеннің басына бекер салмаған екен. «Адал жарың болып, бетіңе жел боп тимеймін» деп ант берген Жәрия Алланың жіберген алғашқы сынағынан – ақ сыр берді. Жанұя құрып бірге тұрып жатқандарына алты ай уақыт өткенде, жоғарыда айтып өткен «жақ сындыру» оқиғасы орын алып, ауданның абақтысына қамалды. Құдай қосқан «адал жары» емес пе, күн құрғатпай абақтыдағы тамақ әкеліп, «мойыма, ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді» деп, сабырлыққа шақыра қайрап, «морально» қолдап жүрді.Қалай-қалай «қолдағаны» сот процесі өтіп, Сәкенді этаппен Алматыға жөнелткеннен кейін мәлім болды...
Онымен бірге тұрып жатқан кезде анасы Ғазиза: «әй балам, мына Жәрияң дос, жолдастарың келсе, солардың көзіне көзін қадай сұқтанып, ауыздарына кіріп кетердей итініп отырады. Сен аңқау оны байқамайсың да. Осының сықпыты жаман. Әйтеуір, түбін қайырлы қылсын, байқашы» деп сақтандырғаны бар. Ант беріп, анандай жағдайда қосылған жарын жаман ойға қимай, анасының ол сөзін баласы «орынсыз секем» санап, жақтырмай қалған еді. Көзбен көріп қана емес, жүрек түйсігімен сезетін көпті көрген ана емес пе, сол секемі бекер болмапты. «Сүйікті жарына» қолдау болып, аудандағы абақтыға тамақ әкеліп жүрген Жәрия милициядағы бір қызметкерге де «қолдау» көрсетіп жүріпті. Кімге дейсіз ғой...? Сәкеннің өзімен ес білгеннен бірге жүріп, бірге тұрған көршісі, бір жапырақ жүгері нанын бөлісіп жеген, сірке басып, оған себілген дус исі мүңкіген көйлектерін ауыстырып кезек киіп өскен милициядағы Бораш «досына»! Екеуінің ол «тірліктерін» бәрі біледі екен де, Сәкен қана сезбеген. Ол біліп қалса, «абақтыдан қашып шығып, екеуін жамсатып масқара болар» деген оймен ешкім бұған білдірмепті. Жанына әсіре қатты батқаны, Махамбет батырдың: «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлағанындай, жаратылысынан жәләп болып туған Жәрияның опасыздығы емес. Балалық кезден «жанымыз бір» деп, құшақтасып бірге өскен Бораштың сол достықты Жәрия-жәләптің лас құшағынан алар бір сәттік ләззатқа айырбастаған сатқындығы. «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегеннің кері келген Жәрия мен Сәкен екеуінің жолы, екіге бөлінген өзендей, әрине, айырылып тынды. «Иттің басын алтын табаққа салсаң – шоршып түсер» демекші, мейірім-қайырымы мол, жүрегі жібектей жұмсақ жігіттің: «адасқан жанды тура жолға салып, бақытты ету» «наивний» ісі осындай, жаннан түңілген өкінішпен аяқталған еді...
ххххххххххххх
«...Кеше кешқұрым Бораш аяқастынан қайтыс болыпты...!» Осы мұздай суық хабар құлағына тиген Сәкеннің әлдебіреу тақ төбесінен қос қолдап қойып қалғандай есеңгіреп қалды. Сенер -сенбесін білмей, меңіреу адамша мелшиіп, үн-түнсіз, қою қараңғы түндей түнеріп отырғанына сүт пісірім уақыт өтті...
«Аллам-ау, бұл не сұмдық! Осыдан бір күн бұрын ғана оны есіме алып, өне бойымды өзім де түсініп болмаған мұнар күндей мұнартқан мұң басқан еді. Бораш екеуіміздің қатар өрілген өмір жолымыз ойға оралып, оған деген өкпе ме, жоқ әлде, сартап сағыныш сазы ма, әйтеуір бір жүректі ауыртар түсініксіз хал кешкенім қалай? Сол шексіз ойлардың шырмауына оралып, есалаң адамдай меңірейген мең-зең күйге түстім. Еш себепсіз, өткен жылы бір тойда кездейсоқ кездесіп қалған сәтті есептемегенде, бақандай қырық екі жыл бойы бет-жүзін көрмеген Бораштың ойламаған жерден есіме түскені несі? «Дос» деп айтпақ түгіл, ойға алудан қашатын маған ол неғылдеп аяқастынан ойыма түсті» деп, қайран қала таңданған едім. Құдіреті күшті құдайым-ай, оның татар дәмі таусылатынын, мына бір күндік жарық дүниемен қош айтысатын сәтінің жақын қалғанын маған сездіргенің бе екен, әлде...?»
Жүрегі сыздай шанышқылап, құрғаққа шығып қалған балықша ауа жетпей, тынысы тарылды. Жаңа ғана жүгіріп келгендей ентігіп, екі иінінен әрең демалып отыр. Әлігінде ғана түскі астан кейін бойын ұйқы билеп, маужырап тұрған еді, ол күй сылып тастағандай жоғалып кетті. «У-һ-һ!» - Жалын құсқандай ауыр күрсініп, Бораш екеуінің ес білгеннен бергі тыныс-тіршіліктері, өмір жолдары жәйімен жылжып, кино таспасындай тізбектеліп өте берді...
Бір көшенің шығыс жақ бетінде олар, қарсы бетінде біз тұрдық. Мектепке дейінгі бал балалық шақтың қызық-шыжығын бірге татып қатар өстік. Бала емеспіз бе, әлде неге келісе алмай ұрсысып, тіпті төбелесіп те қалғанымызбен, арада бір-жар сағат өте ме, жоқ па, біреуіміз «жүр, ойнаймыз...» деп, екіншіміздің үйімізге түк болмағандай жетіп барамыз. Бораштың денесі бала кезден арық болғанымен бойшаң және маған қарағанда әлді болды. Балалар алыспай, күреспей тұра ала ма, күрескен кезде ол мені алып соғатын. Мен: «Қайта күресеміз! Қапы қалдым» деймін, үлкен балалардан естіген сөзді қайталап. Әрине, ол тағы да жығып кетеді. «Жығылған күреске тоймайды» деген емес пе, тап сол жағдай үш-төрт рет қайталанған соң, намыстанған мен: «Сен арамдықпен жықтың!» деп төбелесе кетем. Кейіннен қатарластарымыз күресіп жатқанда мен шамама қарамай: Бораш, кел екеуіміз күресейік» деп ұсыныс тастаймын. Досым: «Ой сен жығылып қаласың да, төбелесе кетесің» деп, күреспей қояды. Бір жылдың төлдері, сыныптасы Сағымның да денесі тойған қозыдай топ-толық. Өзі күшті, мені алып соғады. Ол да төбелестен қашып, менімен күреспейді.
Біраз өсіп, мектеп табалдырығынан аттаған кезде үй шаруасына араласа бастадық. Мен күшене тыраштанып отын бұтап, қыста қар күреп, шамам келмей мыңшыңдап жатқанымда, Бораш: «Сәкен, әкел мен істейін. Сен шаршадың ғой...- деп, шаруаны опырып тастайтын. Мен оның күшіне қызығып қарап тұрамын. Бақша суғарып әлім жетпей, тыртыңдап жатқанда да: «Сәкен, давай, мен суғарайын. Сен арықтың бас жағына барып күзет. Бар болғыр, орыстар суға тоюшы ма еді, өздеріне бұрып алады» деп, қолына күрегімді құлшына алып суғаруға кіріседі. Анам көрші ауылдағы бауырларына кетіп, апталап жатқан кезде, жалғыз жатқанға қорқып, оны қасыма алып, құшақтарымыз айқасып жатушы едік- ау. Баз - базында анамнан: «Бүгін Бораштардың үйінде қонайыншы» деп сұранып, түні бойы әңгімеміз таусылмай, тырқ-тырқ күлісе, таң біліне құшақтасқан қалпымызда көзіміз ілінуші еді. Төменгі сыныпта оқып жүргенде: «Ол әлі кішкентай ғой» деп, өзі менімен қоса еңірей жылап, анамның таяғынан арашалап алып қалғандағы мейірімге толы жүзі көз алдына келе қалды. Несін айтасың, нағыз жанашыр дос еді. Қайтейін, қайтейін...
... Өткен жылы бұлармен қатар өскен ауылдастың ең кенже немересі үйленіп, сол тойда екеуінің жолдары тоқайласты. Өз кінәсін білгендіктен болар, Бораш жүзін төмен салып: «Сәке, ассалаумағалейкүм» деп қос қолын бірдей созып, құшақ айқастыра амандасуға ұмсынған. Бұл оның бетіне жеккөрінішті ғана емес, жиіркенішті түрмен селқос қарады да, жалт беріп жанынан өте шықты. Ол болса, салы суға кеткен адамдай, екі иығы қушиып, сондай бір аянышты, жыларман халмен қос қолын бірдей, статуяша алдыға созған қалыпта тұрып қалған...
Апырым-ай, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демеуші ме еді... Шариғат заңдарын берік ұстап, тіршілігінде бес уақыт намазын қаза қылып көрмеген тақуа анам да: «Исламда мұсылман адамдардың бірі - біріне деген өкпесі жібек шыт кепкендей уақыт қана болуы керек» деп отырушы еді ғой. Өзінің айыбын біліп, алдымнан бас иіп, құшағын жая қарсы алған досымды кеудесінен кері итергенім - иттік болды-ау! Бабаларымыздың: «Иілген басты қылыш шаппайды» деген тәмсілді неге ойыма алмадым екен?
«Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,
Жақын келіп хал-күйін кім сұрайды?
Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,
Біреу ерте, біреу кеш, бір құлайды» деп,өзім жайшылықта әндетіп жүргеніммен, тап сол жағдай өз басымнан өтерін кім болжап, білген?! Жастайымыздан өзіме қамқор, ағалы - інілі жандардай тату болып, сыйласып қатар өскен досымның шынайы пейілмен жайған құшағын неге қақтым екен? Бораштың маған күні түскендіктен кішірейгені емес, айыбын мойындағандықтан бас иіп тұрғандығына миым жетпеген недеген ақымақ, топас едім?!
...Қазақтың: «Тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді» деген өмірден алынған тәмсілі неге ойыма келмеген? Өзі ойнастан туып, жастайынан жатырынан қағынып өскен қатынның жылмыңдап, көз сүзе қылмыңдаған қылығына, қанша айтқанымен еркек емес пе, қарсы тұра алмаған болар... Бораштың орнында өзім болсам қайтер едім? Жәрия жәләптің қолын қағып тастап, «тәйт, ұятсыз!» деп айта алар ма едім? Әй, қайдам... Құдайшылығын айтқанда, жылмиып, қылымси күліп, аярлана қылмыңдап тұратын қатын алдында ежелден әлсіздік танытып, құлап түсетін «еркек» деген жаратылыс иесі емеспіз пе? Осындай айлакер қатындардың құрық бойламас қулығына, сары сайтан сияқты сайқалдықпен арбаған аярлығына төтеп бере алмаған - біздей қарапайым пенделер ғана емес, мемлекет басқарған патшалар да соғысып, тату отырған көрші елдер бірі - бірімен жауласқан жағдайлар тарихта болды ғой...!»
Жүрегі атқылақтап, екі иығынан ентіге, қинала тыныстаған Сәкен қалың ой құшағына батып кеткен. Түн ортасы әлдеқашан ауып, төсегіне қисайғанымен, қос жанарынан сорғалай аққан ащы жасы толастар емес. Өкініші өзегін өртеген жігіттің кірпіктері қалай ғана іліксін, әрі - бері дөңбекши аунап жатыр. «Уһ!» - ауыр күрсініп, бірдеңеге бекінгендей орынан атып тұрды. Төрдегі шкафтың тартпасын жұлқи ашып, оқушы дәптері мен мүйіз сапты қаламын алып, әлденелерді апыл - құпыл асығыс жазуға отырды...
...Сәкен таң бозынан такси шақырып, Талдықорғаннан оңтүстік астанадағы Айнабұлақ ықшам ауданындағы Бораштың қара шаңырағына жеткенде, күн сәскеге таянған еді. Зәулім үйдің маңы иін тіресе толған машина нөпірі. Жол бойы қыстығып, қос жанардан нөсердей сорғалап аққан ащы жасын тоқтата алар емес. Үнсіз жылап келе жатқан жігіттің көлік нөпіріне көзі түсісімен, құмыққан үні еріксіз шығып кетті. Таксиден түсер-түспестен тарғылдана шыққан қарлығыңқы дауысы ауланы жаңғыртып жіберді. «Қайран бауырым-ай! Арманда кеткен арысым-ау!»
Екі жаққа шалқасынан ашық тұрған темір қақпадан кең аулаға өкіре кірді. «Қара нанды бөле жеген қимас досым-а-а-а-й!»
Еңселі үйдің қабырға бойына жағалай қойылған орындықтарда қаздай тізіліп отырған қыз-қырқындар мен кексе әйелдер жоқтау айтып, аңырай жөнелді. Қатардың орта шенінде аш күзендей бүгіліп, қарлыққан әлсіз дауысын әрең шығара еңіреп отырған Рәзия Сәкеннің көзіне оттай басылды. Борашының әйелін отырған жерінен қапсыра құшақтап, еңкілдей жылауын үдетіп жіберді
-Досымды аттыңдар ма, астыңдар ма, Рәзия-ау! Не жағдай бұл? – деген қарлығыңқы дауысы құмыға шықты,
-Осылай болды, Сәкен-ау...Борашым кейінгі кезде өзіңді көп айтып кетіп еді... Сағындым...Бір көрсем деп... – Рәзия ботасын жоғалтқан аруанадай боздап, жігітті құшағынан босатар болмады. Бірі елу екі жыл серігі болып, ана атандырып, төрт бірдей ұрпақ сүйгізген сүйікті жарын жоқтаса, екіншісі ес білгелі құшақтасып, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен қимас досының уақытсыз қазасы қабырғасын қақырата қайыстырып, өздерін тоқтата алмай егілуде...
...Арыстай атпал азамат жер қойнына беріліп, орынында топырағы томпайып жатқан қара жер қалды. Жерлеуден шыққан жамағат қала ортасындағы дастархан жайылып, құран оқуға даяр тұрған кафеден дәм татысты. «Бір үйдің кісісі өлсе - қаралы ол»
деп ұлы Абай хакім айтпақшы, қаралы үйдің ет жақындары мен ұрпақтары қайғыдан қан жұтып қала берді. Өмір деген сол, әркімнің өз тіршілігі бар, дабырласа сөйлескен қарақұрым халық түк болмағандай, өз жөндеріне тарасып кете барды...
хххххххххххххх
... Сәкен қимас досын жоғалтқалы, еңсесі толассыз жауған жаңбырдан кейінгі ми батпақтай езіліп, томаға-тұйық күй кешті. Ешкімді көргісі келмейді, тірі жан иесімен тіл қатысқысы жоқ. Өзектегі өкініш жүрегін лаулай жанған отша өртеп, таусылып бітпейтін тұңғиық ойдың құшағына орана түскен.
«Ойпырым-ай, тақуа анам марқұм: «Жазмыштан озмыш жоқ» деп, адам баласы ана құрсағынан шыр етіп жерге түскен кезде, құдіреті күшті құдайым жаңа туған шақалақтың маңдайына болашақтағы өмірін, көрер келешегін жазып қояды екен. «Құдайсыз қурай да сынбайды»» деген тәмсілді ата-бабаларымыз да бекер айтпаса керек» деп отырушы еді...
Апырай, сонда қалай болғаны? Сонау, күнә атаулыдан пәк, бес жасар сәби кезімізде Бораш екеуіміз көрші тұратын көк көз Зейнел қызға таластық. Төбелесіп, екеуіміз де жылап, у да шу болып едік. Сәл кейінірек, көшемізге көшіп келген болпық қыз Ботова Таняға досым екеуіміз бірдей ғашық болдық. Ұрсысып, бет жыртыспасақ та, көңілімізге кірбің ұялады. Болпық қыздың екеуімізді бірдей «сүйіп», бір шылбырмен жетектегісі келген тұрақсыздығына намыстанған мен: «Досым, менен үш ай үлкендігің бар ғой, саған жол бердім» деп, таласқа түспедім. Ол аз болса, көңіл қалудың көкесі – Жәрия жәләпқа байланысты өрбіп, қырық жылдан астам уақыт бет көріспей кеттік. Ақыры Бораш досым өкінішпен қара жер қойынына енді. Тап сондай өзекті өртеген өкінішпен өзім, міне, жанымды қоярға жер таппай сөлбірейіп, қиналып жүрмін. Сонда деймін-ау, бір үйдің баласындай тату болып, құшақтасып өскен екеуіміздің арамызға әйел (сәби болғанымен бала кезіміздегі Зейнел де төмен етектілердің санатында емес пе...) затының сына болып қағылуын құдіреті күшті құдайым о бастан бұйырып қойғаны ма? Жоқ, әлде бұл өзі өмірде аяқ астынан болатын кездейсоқ жағдай ма? Су құйсаң да ажырамас екеуіміздің, шыр етіп жарық дүниеге келген кезде, екі тармаққа бөлінген өзендей, екі айырылып, өмірден араздасып өтуді Алла тағала маңдайымызға жазып қойды ма екен? Әйтеуір, өзекті жан біліп те, түсініп те болмайтын бір тылсым, құпия құбылыс... Әй, әлдеқайда асыққандай, тоқтамастан сынапша зырқырай аққан уақыт-ай! Досын ешқашан тойып болмайтын қомағай қара жер қойынына бергені күні кеше ғана сияқты еді. Арада, міне, зуылдап қырық күн өте шығыпты.
Зират басына барып қара шаңыраққа аңырай келіп көріскен марқұмның ет жақындары бір шоғыр болып үн-түнсіз тұнжырай түскен. Зілдей ауыр қайғы еңселерін басқан топтың ортасында өкініші өзегін өрттей жандырып, ақсары өңі қаракүреңдене түтігіп кеткен Сәкен үнсіз бүкшиіп тұр. Екі иығы қушиып, белі бүгіліп кеткен жігіт әлденеге белін бекем буғандай, шалт қимылмен кәстөмінің ішкі жағына қолын салды. Артынша қалтасынан торкөз дәптердің қос парағын шығарып, Рәзияға үнсіз ұсына берді.
-Мен ақын емеспін. Бірақ, менің бұл жазбам Бораш досыма арнап, сағынышпен жазған өзекті өртеген өкініш өлеңім...
Көрмеген баршылыққа асып – тасып,
Өмірдің бар сынынан көрмей жасып.
Бала кезден құшақтасып бірге өскен,
Қайран Бораш, жүруші едің жәйлап басып.
Елу екі жыл ақ отауды көтергелі,
Сонша жыл шаңырақ көктеп,көгергелі.
Сен болмасаң, егерде, жан досым-ау,
Ұрпағың қанат жайып кетер ме еді?- деп, өлеңнің екі шумағын, жанарлары жасаурап, дауысы дірілдей әрең оқыған Рәзия әрі қарай оқуға шамасы келмеді. Булығып жылап жіберген оның қолындағы парақты көрші әйел алып, әрі қарай оқи жөнелді:
Кім білген жетпіс бес жаста кетеріңді,
Бөлуші ең туыс, досқа жүрегіңді.
Қалай ғана қиып кеттің артыңдағы,
Ұл - қыздар мен немере, шөбереңді?
Қырық жыл бұрын өзіңе өкпелеп ем,
Борашым бір келер деп елеңдеп ем.
Өкпеге қиғанменен, жан досым- ау,
Өзіңе, бұл сұм өлімді тілемеп ем.
Қапыда айырылып, доссыз қалып,
Мен отырмын қайғыдан өліп-талып.
Өзектегі өкінішті өрттей жанған,
Естимісің еңіресем тасқа басты салып?
Тәкен ағам, Күләй жеңгем қапа болып,
Роман, Шәкен, Гүлім жүр гүлдей солып.
Деп өкініп: «Ең болмаса, соңғы сәтте,
Құшақтап, сүйе алмадық ауыз толып».
Жан досым,қырық күн өтті,сен кеткелі,
Сағыныш сазы жүректерді тербеткелі.
Қайғырып, бір өзіңді қимастықпен,
Ұрпағың көздің жасын селдеткелі.
Қайғырмауға жетер емес,біздің төзім,
Құдай салған іске жоқ айтар сөзім.
Қалайша душар болдың бұл сұмдықа,
Қай жақтан сопаң етті жұмбақ өлім?
Кең дала көгерер – ау құрағымен,
Өмір кештің имандылық бұлағымен.
Пейіште Зәкер әкей қарсы алып,
Нұрай шешей қауышты ма құлынымен.
Құдайым сүйген құлға сынақ берер,
Сынақты сабырлықпен ер көтерер.
Рәзиятай, өзіңе, ұрпағыңа тілейтінім:
Бақыттарың таусылмасын ертең көрер!
Тағдырға шара бар ма қолдан келер?
Тірі адам нәпақасын іліп-терер.
Борашым-ау,иманың жолдас болсын,
Рухың сенің ұрпағыңа қуат берер...
«Өксікке толы өкінішпен еске алушы досың Сәкен» деп жазылған парақ оқылып біткенде, өң-түссіз бозарып кеткен Рәзияның:
-Борашым-ай... Қайран азаматым-ау – деп, өкіре жылған қарлыңқы үні шығысымен, ауладағы жұртшылық жаппай дауыс салды. Рәзиядан бастап, Бораштың бала-шағасымен, ет жақын туыстары құшақ айқастырып, бірі - бірімен көрісе бастады. Көрісу сәл саябырсығаны сол еді, қабырға жағалай қойылған тақтай орындықтардың орта шенінде аш күзендей бүгіліп отырған Рәзияның діріл аралас дауысы булыға шықты:
Құндыздайын жағамдай,
Едің-ау самал, саямдай.
Қиындық көрмей жүруші ем,
Болып ең қалқан, панамдай.
Ұл-қызды мәпелеп өсірген,
Білмесімді кешірген,
Не дейін мына тағдырға,
Шырағыңды сенің өшірген – деп, екі бүйіріне таяна теңселіп, сәл тыныстаған Рәзия жоқтауын әрі қарай жалғастырды:
Көңілін мейірім жайлаған,
Ұрпақтың қамын ойлаған,
Кешегі жүрген Борашты,
Өлед деп кім ойлаған?
Жақсылыққа жақсы жалғасса,
Кісінің көңілі толмас па,
Кенже туған немереден,
Шөбере көрсең болмас па...?!
Таңдап сүйгенің мен едім,
Қырандай жарым сен едің.
Еркелеткен мені мәпелеп,
Арысым-ау, неткен кең едің?
Тотыдайын, міне, тордағы,
Құлап жатқан ордағы,
Құландай күйге мен түстім,
Тағдырдың ісі ол дағы.
Еңіреп енді жылайын,
Көзімнің жасын бұлайын.
Өмірім өтті-ау өксікпен,
Жыламай қайтіп шыдайын.
Басыңа күнде барармын,
Суретіңе сағына қарармын,
Көп кешікпей, Бораш-ау,
Қасыңа мен де барармын...
Бұдан қырық күн бұрын сүйікті жарын жамағат жерлеуге ала жөнелген кезде, есі кіресілі-шығасылы болып талықсып, жоқтау айтуға жағдайы болмаған еді. Оның мына сай-сүйекті сырқыратып, ботадай боздауына бала – шағасы, үрім бұтақтарының өздерін қоярға жер таппай зар жылаған у-шуы қосылды. Рәзияның қос жанарынан аққан жас өңірін жауып, өзін тоқта алмай, екі жаққа кезек теңселе еңірегенде, қосыла егілмеген жан қалмады.
...Осы кезде, бұдан сүт пісірім уақыт бұрын, дәл төбеге келіп, содан бері еш жаққа жылжымай тұрып алған ала бұлт селдете құйып-құйып жіберді. Қылыштай жалаңдаған найзағай жарқ-жұрқ етіп, аспан астын қақыратқан күннің күркіреуіне ұласты.Тез, аяқ астынан басталып, төпелей жауған жаңбыр төгіп өтті де, артынша түк болмағандай сап тиыла қалды...