Жылдың үздік сатирасы
1567

Маңдайша

(әзіл әңгіме)

Осы бір үш бөлмелі, аласа үй Тракторбек тумай тұрғанда да бар екен.  Ал бұның ақылы кіре бастаған кезі соғыс уақыты еді. Әкесі Қоқымбай колхоз басқармасы болды да, осы үйді кеңсе қылды. Маңдайшасына «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп жазғызып қойды.

- Бұл үйді мен қолыммен салысқам. Алғашқыда қызыл отау болатын. Мен оның белсенді мүшесімін. Бір күні ауылға алғашқы трактор келіп, жаман дүрліккеніміз бар. Дәл сол күнді күткендей, сен жүгірмек те шыр етіп дүниеге келдің. Жұрт атыңды Тракторбек қойғызды, әйтпегенде, өзім арғы атам Итаяқтың атын қоймақ едім, - дейтін де, әкесі мұның басын екі тізесінің арасына қысып отырып, шашын ұстарамен жалтыратып қырып тастайтын.

 Адам маңдайына жазғанды көреді деуші еді, басқарманың кеңсесі адам емес қой, бірақ ол да маңдайына жазғанның бәрін көрді. Ең алдымен, «Жеңіс үшін» деген жазу күн жеп, жаңбыр шайып, өшіп тынды. Оның орнына «Нан болса, ән де болады» деп алтындай әріптермен жазылған ұзынша қаңылтыр орнатылды. Бұл кезде Қоқымбай қартың жоқ, Тракторбек болса маңдай тері бұршақтап комбаинда жүрді.

Күндерде бір күн нан туралы жазу да әлдекімнің көңілін көншітпесе керек, ғайып болды да, «Бесжылдық жоспарларын асыра орындайық!» деп әдіптелген сала құлаш қызыл шүберек желбіреп тұрды. Бұдан кейін де талай жазулар ауысты. Тракторбектің есінде қалғандары «КПСС жасасын!», «Әлемге – бейбітшілік!», «100 саулықтан 150 қозы аламыз!»... тағы басқалары. Маңдайшасы жиі жаңартылғанымен, үш бөлмелі үйдің соры бес елі екен. Не жөндеу көрмеді, не бір жаңа қабырға қосылмады. Қалқайып тұрып-тұрып, жермен-жексен болуға айналды. Кеңсеге тарлық еткен соң, пошташы Ақпанбеттің қарауына берілді. Бірақ ол үйдің маңдайына жазған құқайы әлі бітпесе керек. Бір күні Тракторбек баяғы әкесі салысқан кеңсенің тұсынан өтіп бара жатып, оны ағартып, өңін кіргізіп қойғанын байқады. «Демек, маңдайша ауысқан болды ғой» деп, әуестік жеңген Тәкең ентелеп жетіп келді. Қателеспепті, «Қайта құру – өмір талабы» деп жазған кім болса да, бар өнерін салғаны көрініп тұр. «Енді осымен қалатын шығар, - деп ойлады Тракторбек. Жоқ, маңдайша одан кейін де өзгерді. «Кооператив Көкжұлын» болды, «Шапалақ» шағын кәсіпорны болды. Тағы да өзгере берер ме еді, егер жатаған үйдің бір қабырғасы опырылып түспегенде. Оның да дәм-тұзы таусылып, шыдамы жеткен жері осы болар. Монша салып жатқандардың құдайы беріп, кірпіштерін бір-ақ күнде тасып әкетті.