Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
300

Өткен шақтың үні

Моноспектакль

Кейіпкерлер: Бір актер төрт түрлі жас кезеңіндегі адамдардың монологын айтады: 70 жастағы қария, 40 жастағы ер адам, 25 жасар жігіт және 18 жастағы жасөспірім.

І акт. 70 жастағы қарияның монологі: «Жұмсалмаған өмір» немесе «Мұң»

(Қария қарттар үйінде, терезенің алдында жалғыз отыр. Көзі сырттағы әлемде, бірақ ойы тереңде. Қолында ескі сағатты баяу айналдырып отыр.)

Қария:
Міне, жеттім... Өмірдің ең соңғы аялдамасына. Қарттар үйі... Бұл жерді бір кездері тек әңгімелерден ғана еститінмін. Әрине, ол кезде мұнда келемін деп ешқашан ойламадым... Жоқ, ешқашан. Бірақ тағдыр деген солай – ойламаған жерден алып келді.

(Көзін терезеден алмай, терең күрсінеді.)

 

Өмірде барлығы басқаша болуы керек еді... Неге мен осындамын? Не жіберіп алдым?

(Терең тыныс алып, басын шайқайды. Қолы дірілдей таяғын алады)

Сағаттар... оларды тоқтату мүмкін емес. Бәлкім, мен де уақытпен бірге зымырап бара жатырмын... Бірақ осы өмірде не қалдырдым? Жалғыз тұяғым, немерелерім... Бір күні бәрі жай ғана алыстап кетті. Мен олардың өмірінде тым көп нәрсені талап еттім бе,  жоқ әлде керісінше, аз бердім бе? Әлде уақытын қате таңдадым ба? Мүмкін, бәрін дұрыс істедім деп сендім, бірақ шын мәнінде... бәрі қате болған шығар. Сол қателіктердің салдары осында әкелді ме мені?

(Басын көтеріп, терезеге қайтадан қарайды.)

Адам жас кезде өмірді шексіз деп ойлайды. Күндер зымырайды, бірақ біз сол күндерді бағаламаймыз. Оларды тек өткенде ғана түсінеміз. Міне, енді отырмын, осы қарттар үйінде. Адамдар келеді, кетеді, ешкім тоқтамайды. Уақыт секілді, бәрі зымырайды. Бірақ мына жердің бір айырмашылығы бар: бұл жерде ешкім асықпайды. Әркім өзінің өткеніне оралып, сол өмірдің ескі суреттерін есіне алады. (пауза)

 

Өмірім көз алдымда бір сәттей өтті... Шындығы сол, сен ешқашан өмірге қайтып келмейсің. Қанша уақыт өтіп кеткенін байқамай қалдым. (Пауза.) Қайда асықтым? Не үшін өмір сүрдім? Артымда не қалды?

(Басымен шайқап.)

Ештеңе. Үлгермедім. Жастық шақта бәрін кейінге қалдырдым: "Уақытым көп, ертең үлгеремін" деп ойлайтынмын. Бірақ сол ертең ешқашан келмеді. Барлығы өтті... (Үнсіз.) Ұрпағыма өнеге болатындай не қалдырдым, не істедім.. Өткеніме көз жүгіртсем, қас қағым сәтте өтті  де кетті. Жетпістен астым, шал болдым деп шалқаямын,  мына бос, қураған қуыс кеудені несіне керемін. (кеудесін ұрады).  Тоқыған білімде жоқ, қалдырған мұра да жоқ. Барлығы бар, бірақ ештеңе жоқ. Өмірде барлығы далбаса, балаңа дұрыс тәрбие, дұрыс білім бермесең. Ата әулиетін тілге тиек етіп, өткенін құрметтемесе, жеті атасын білмей, өз әкесінен безсе, мен қарттар үйінде отырармедім,  садаға кеткір мұндай баладан, садаға кеткір.. (дауысы қатты шығады. Таяғымен жерді ұрады).

Апарте (сахна сыртынан баласы мен келінінің дауысы естіледі)

Ұлы: Ол менің әкем, мен оны қарттар үйіне қалай тапсырамын?

Келін: Біздің оған қарайтын шамамызда, уақытымызда жоқ. Өзі бір бөлмелі пәтер, ертең екінші баламыз дүниеге келеді, сонда не болады?

Ұлы: Білемін, бірақ бұл оңай емес.. Әкемді қарттар үйіне тапсыру оңай шешім емес, жұрт не дейді..

Келін: Мен сені жақсы түсінемін, бірақ шындыққа келейік. Әкең әрине жақсы адам, бірақ оған күнделікті күтім қажет. Тамағын дайындап, дәрісін ішкізу.. Ал мен жұмыстамын, сенде жұмыстасың, баламыз сабақта. Оған кім қарайды? Оның үстіне.. Біздің аз ғана тапқан таянғанымыз кімге жетеді..

Ұлы: Сонда мен оны қарттар үйіне тастай салайынба..

Келін: Бұл тастау емес, қарттар үйінде оған жақсы күтім көрсетіледі. Өзі секілді үлкен адамдардың арасында керісінше жақсы болады. Ал біз бар күшімізді өзімізге, болашағымызға арнайтын боламыз.

Ұлы: Мүмкін сенің айтуың да дұрыс шығар. Әкем маған кезінде жақсы тәрбие берді, өсірді, қақты. Бірақ өзім қалаған білімді ала алмадым, арманыма жете алмадым. Баламыздың жақсы білім алып, жақсы жерде өмір сүруі қажет.

Қария.

Жә, баланы қойшы, сол балаға дұрыс тәрбие бермеген өзім екенін мойындаған кезде ішім алай дүлей, амал не, уақытты кейін қайтара алмаймын. Қураған шалдың жан айқайы кімге керек. Өз балаң керек етпегенде, мына қоғам қайтсін мені. (орындығына қайта отырады).

Егер маған екінші рет өмір қайта берілсе, барлығы басқаша боларма еді. Бірақ өмір біреу ғана.  Айтайын дегенім, кеше бір жорналис қыз келіп менімен ұзақ  сөйлесті. «Ата, өмірде неге өкінесіз,  мұндай жағдайға қалай жеттіңіз?» - дейді. Мен не деймін, кімді кінәлаймын. Бойыңда күш жігерің бар кезде кәріліктің ауылы алыс көрінеді. Босқа өткізген өмірімді ойлап, өзегімді өкініш кернейді.

Менде армандар көп еді... Олардың бірде-біреуін орындамадым. Жас кезімде, бәрі мүмкін деп ойладым. Бірақ үнемі кейінге қалдырдым, кейінірек деп... Сонда арман деген не болды? Кішкентай жарық сәуле ғана... бірақ мен сол жарықтың артынан баруға батылым жетпеді. Уақыт... бір кезде ол шексіздей көрінді. Әр таң атқан сайын, менде әлі де ертең бар деп ойлайтынмын. Енді қарасам, сол ертеңдер артта қалып қойды. Жастық шағым қайда? Уақытты босқа жіберген кездерім үшін жүрегім ауырады. Кейде уақыттың қадірін білмедім, оны босқа сарқып тастадым. Баламның балалық шағы көз алдымнан сырғып өтті. Оның қалай өскенін де байқамай қалдым. (қолын сілтеп кекесін күледі). Білімсіз адамның күні не болсын, қара жұмыс деп таңның атысын, күннің қалай батқанын білмейсің. Қолың босай қалса доссымақтармен сауық сайран құрып, ащы судан ұрттап, ештеңе ойламай жүресің. Пендемізғой, бірақ сол пендешіліктен асып кете алмай не білім, не өнеге, не балаға қалдырар мирас жинамадым. Қазіргі халімді өзім жасадым, өз қолыммен, өз өмірімді осыған жеткіздім. (пауза)

Денсаулық — ең қымбат байлық. Бірақ мен оған мән бермедім. Өмір бойы жұмыс істедім, өзімді аямадым. Уақыт өтеді, бірақ денсаулық қайта оралмайды. Дәрігерлердің айтқанына құлақ аспадым, өзімді бағаламадым. Енді, қартайғанда, әр қадамым ауырады, әр таң атқан сайын ауырлық сезінемін. Денсаулығың болмаса жақыныңа да керек емессің. Адамға берілген ең құнды байлық деніңнің саулығы. Бойыңда күш қайратың бар кезде барыңды бағаламайсың. Құдай берген сап сау тәніңді алкогольмен былғап, былапыттап не болса соны жейсің. Сосын семіресің кеп, шылым сенің жан досыңа айналады. Ауа жұтудың орнына түтін жұтып, су ішудің орнына арақ ішіп алаңсыз жүрген кездер, қу босқа кеткен өмір.. Қуыс кеуде қасқа  шал отыр қабырғасы қисайып.. Еййй босқа кеткен өмір.. (мұңды әуен. пауза).

Апарте (өткен күннің елесі есіне түседі. Жастау уақытында үйіне арақ ішіп келген уақыттағы әйелімен диалог)

Әйелі: Тағы да ішіп келдіңбе? Қайда болдың?

Еркек: Қайда болушы едім, жұмыста. Не болды?

Әйелі: Жұмыста болсаң, ақша қайда? Осы айлықты күтіп, неше күн бойы баланы қалай тамақтандырамын деп ойлап жүрмін. Ал сен, тағы да ішіп келдің..

Еркек:Кішкене ғана іштім.. Жұмыстастармен..Оның несі бар?

Әйелі: Несін айтасың! Сенің «кішкене ішем» дегеніңнің арты әрдайым не болады? Үйге бос қолмен келесің! Балаларға киім керек, тамақ керек, ал сен тапқан ақшаны ішімдікке жұмсайсың.

Еркек: Не болды сонша, бір рюмка бар жоғы. Жұмыстан кейін тынығу керек..

Әйелі: Жұмыс дейсіңбе? Сенің дұрыс бір жасаған жұмысыңды көрмедім. сенің осы қылығыңнан бізді кім құтқарады? Сенің тапқан ақшаңды есептеп, оны қайда жұмсайтынымызды санап отырмын! Үйдің ішін жөндеу керек, баланың оқуына ақша қажет. Бірақ сен бәрін ішімдікке кетіресің..

Ұлың сенің қандай үлгіңді көреді? Ертең ол сен сияқты болмай ма деп қорқамын... сенен не үйренеді?

Еркек: Сен ұлымды араластырма, мен жақсы әке болуға тырысып жүрмін..

Әйелі: Солай ақ болсын.. Солай ақ болсын..

Жанымда  кемпірім болғанда мұндай күйге түспеспе едім. Сені де уақытында бағалай алмадым. Қадіріңді тым кеш түсіндім. Барды бағалаудың өзі үлкен ақыл. Менде ол ақыл да болмады. Бар жастығыңды отбасына арнадың, жақсы жар болдың. Ал мен, мен бейбақ біздің жақсы өмір сүруіміз үшін тырыспадым да. Тым болмағанда ұлымызға білім де бермедім. Білім түгілі әкелік өнегемді де көрсетпедім. Кім үшін, не үшін еңбек еттім, артымнан не қалдырдым. Қалған жалғыз тұяғым, балам мені қарттар үйіне тапсырса менде не қалды дерсің. Бұл менің емес, кімнің кінәсі дерсің.. (өксіп жылайды). Егер сен тірі болғанда бұған жол берермедің, қара кемпірім.. Жаман шалыңды қарттар үйіне жіберген ұлыңды жақтарма едің, әлде лағынет айтып шалыңмен бірге кетерме  едің? Қайдам..

(басын көтеріп өз-өзінен күледі). Балалық шағым, алаңсыз бақытты кезім. Апамның омырауына жабысып, ештеңе ойламай тойған қозыдай томпаңдап ойнап жүрген күндерім. Сол кезде мен ойладымба қартайып қарттар үйінде өз-өзіме  мұңымды айтамын деп. Әкем менен үлкен үміт күтті, ал шешем, аяулы шеше, баласын қандай күйде болса да қабылдайды екен. Оқымаймын деген еркелегімді де көтерді. Сенің мейірімді жұмсақ мінезің менің қиқарлығым мен қырсықтығыма қарсы тұра алмады. Сондада сен менен үмітіңді үзбедің анашым.

«Айналайын, айналайын, адам болшы, еліңе адал қызмет етіп, біз мақтан етер тұлға бол»-деуші еді әкем. Әке әрқашан өзі жетпеген асудан баласын көргісі келеді. Мықты бола алмадым, тағдырдың жағасына жармасып күресудің орнына сандырақтап бос далбасалап жүре бердім. Жо-жоқ, мен өмірге налымаймын, мен тек өкінемін. (дауысы көтеріледі).  Өмірім тек бақытсыздықтан құралды деп айту күнә. Бақытты да емес, бақытсызда емес бір бейбақтың өмірі. Күні мен түні алқымдай қамап, ақыл-есімнен айырған сан ойлардың арысын ары сермеп, берісін бері сермеп бақытты күнімді көз алдыма елестетемін.

Мен ғұмыр кешкен заман аумалы –төкпелі, алағай бұлағай болдығой өзі. Келістіріп оқу оқымаған соң, әскерге кеттім. Онан келген соң бірден үйлендім, үй болдым. Ол кезде жоқшылықты да, жетіспеушілікті де, моральдық кемсітушілікті де, рухани азғындықты да көрдім. Барлығы өтеді де кетеді. Үкіметтің берген шолақ жалақысын шүкір етіп жүре бергенім мүмкін қанағатшылдықтан, мүмкін алға мақсат қойып талпынбағаннан болар кім білсін. Білімге аса құштар емес едім, кейін қартайғанда түсіндім, ұрпаққа өнеге қалдырғың келсе тым болмағанда тыңдайтындай есті сөзің болсын. Білім дегенім оқу тоқу емес, рухани, мына кеудедегі, жүректегі өнеге. Қуыс кеуде бейбақ шал, жасын бұлдамаса несін бұлдайды.

Өткен өмір-өшкен от. Әйтсе де өлеусіреп жатқан ошақтың қоламтасын қағыстырып жіберсең , арғы жағынан  жылтыраған шоқ көрінеді емеспе. Сол өткен шақтың сәулесі. Ендігі өмірімді жарықтандырып тұрған да сол сәуле ғана.

Мен ешқашан өзіме "Мұның бәрі қалай болды?" деп сұраған емеспін. Бірақ енді жауап таба алмаймын. Жүрекке ауыр салмақ түскенде, тек тыныштық қана қалды. Ешкімнен сұрамайсың, ешкімнен күткен жауап жоқ. Бұл – өмірдің соңғы сабағы. Одан кейін тек үнсіздік.

(Қария орындыққа отырады, басын төмен салып, қолын тізесіне қояды.)

Бәрібір... мұның да бір мағынасы бар шығар. Мүмкін, осында отырып, бәрін түсінетін шығармын. Тек жалғыздық, тек үнсіздік, тек өткен өмір ғана (Үнсіздік. Мұңды әуен)

Апарте

Жетпіске келіп ой қозғап,

Артыма көз жүгірттім.
Өткеннің бәрін саралап.
Өмірімнен түңілдім.
Неге, неге..
Уақытты босқа сарп еттім,
Арманды шетке қалдырдым.
Болар деп бәрі ертеңге,
Бос елеспен алдандым.

Күңіренген кәрілік,

Жастық шақ енді алыста.

Келмеске кетті уақытым,
Қателіктер мен бос қадам.
Балада да кетті алыстап,
Көңіл де мұңға айналды.
Өмірдің әрбір қиылысы,
Тағдырдың жазған айналымы.

Бірақ сол тағдырды жасау өз қолымызда. (қолын көтереді, алақанымен бетін басады)
Кеш түсіндім  уақытты, сол уақытты маған қайтарыңдар, қайтарыңдар. (қария айналып жүріп 40 жастағы адамға айналады).
 

 

40 жастағы ер адамның монологі: «Құнсыз өмірдің құндылығы»

Ер адам сахнаның ортасында тұр, көзі төменде, терең ойда. Бір қолымен қалтасын ұстап, баяу қозғалады, сөзін ойланып бастайды.)

Ер адам:
Төрт он жылдық... Қырықтан асыппын. Өмірдің жартысы өтті, ал қалған жартысы қанша боларын кім біледі. Күндер зымырайды, уақыт та, жылдар да қалмайды. Бірақ мен бұл өмірде неге қол жеткіздім? Қанша нәрсені кейінге қалдырдым десеңші? Уақытты босқа өткіздім... (ашуланады) Не істедім сол 20 жылда? Негізгі жылдарым қайда кетті? (пауза) Мен уақыттың құлы болдым. Күнде бірдей таң, бірдей жұмыс, бірдей мәселелер.

Жастық шағымда қолымнан келетін нәрселерді істемедім. Әлемді аралаймын деп армандадым. Бірақ айналып келгенде, бар болғаны қара жұмыс . Мына қолдар не жасамады десеңші. Бәрін жасадым. Бірақ менде бастысы ақша жоқ (өздігінен қарқылдай күледі). Ия, рас айтамын. Азамат басыммен дәл осындай өткір шындықты мойындау ауыр екенін де білемін. Қырықтан асып өз қауқарсыздығымды, әлсіздігімді, қателігімді мойындаудан басқа менде амал барма.

Апарте (Ақшасын бермеген бригадирмен диалог)

Ер адам: Басеке, жасаған еңбегімізге жалақы болса.. Үйде бала шаға бар дегендей..

Бригадир: Қайдағы ақша? Жұмыстың әлі жартысын аяқтаған жоқсыңдар. Күні бойы жұмыс жасаудың орнына бос сабылып жүрдіңдер.

Ер адам: Адамға демалып алу қажетқой, біз робот емеспіз.. Оның үстіне әлі бір тиын алған жоқпыз.

Бригадир: Сен маған ақыл айтпа, сенің орныңды көздеп жүрген қанша жас жігіттер бар. Ұнамаса сені ешкім ұстамайды.

Ер адам: Кешіріңіз басеке.. Мен тек..

Бригадир: Бар жұмысыңды жаса!

(Көзін жоғары көтеріп, ауыр күрсінеді.)

Кезінде білімге, білуге аса құштар емес едім, жұрттың малын бағып, қара жұмыс жасағаныма мәз боп жүре бердім. Маған білім де, білік те керек емес еді. Бар ақылымның жеткен жері солай ойладым. Десекте біз пендеміз. Пендешілікке жаба салу оңай. Қазір... ақылды адам болуға емес, ақшалы адам болуға тырысамыз. Енді ақылың болмаса, ақшаң да жоқ, ал ақылың болса, ақшаң да көп. Меніңше, өмірдің міне, қарапайым формуласы осылай. Ақылдың өзі тек табыс әкелетін құралға айналды. Бірақ менің ақылым бар ма, жоқпа соны өзімде білмеймін. Ересек, ақылы толысқан адамның бұлайша айтуы мүмкін күлкілі де шығар, бірақ бұл ақиқат. Өмірде менің шолақ ақылым ізденіске, талпынысқа, тұлға болып қалыптасуға мақсат қоймаған. Әр еркек өз өмірінде тал егіп, үй салып, ұл тәрбиелеуі керек деген сөздерді көп еститінмін. Бұл жай ғана ақыл емес, өмірдің нағыз мәні секілді. Бірақ мен сол үш міндеттің бірін де дұрыс орындамаппын.

(Басын шайқап, терең күрсінеді.)

Мен өзіме осы сұрақты жиі қоямын. Ақша — бұл байлық емес, бұл мүмкіндіктер. Бірақ сол мүмкіндіктерге  жету жолында біз мақсат қойып, ниет етпесек, еңбек етпесек, төбеден біреу бізге ақша бере саладыма? Жер бетіндегі екі аяқты пенделерміз, біз білмейтін тылсым, біз білмейтін құпия жоқ шығар. Әйтсе де осы күнге дейін өткенге өкінбей өмір сүрудің сырын білмейміз. Менде сол адамдардың қатарындамын.

Апарте (әйелімен диалог).

Әйелі: Отағасы, өзің білесің, баламыз биыл мектеп бітіреді, оқуы былай тұрсын, күнделікті жүріс тұрысына ақша қажет. Оның үстіне пәтердің төлемінің де уақыты келді..

Ер адам: Тырысып жатырмын, болмай жатыр, көрмей тұрмысың?

Әйелі: Бүгін тағы ішіп келгенсіңбе?

Ер адам: Ия іштім, жұмыстан соң демалғым келді. Ол да айыппа?

Әйелі: (жыламсырап) Біз мұнда қиналып жатсақ, сен тапқан таянған кішкене ақшаны ішімдікке құртасың. Демалғым келді дейді.. Отбасың емес, арақ сені жұбатады екен..

Ер адам: Ей қойшы сен, бәрібір түсінбейсің..                    

Әйелі: Ұлыңа не үлгі бересің..Өзіңнен соң не қалдырасың..

 

Бірді айтып, бірге кетіп отырғанымды қарашы. (қолын бір сілтеп, есіне әлдене есіне түскендей жымияды).

Адасқанның алды жөн, арты соқпақ деуші еді. Қырықтан асып, елуге таяғанда қай белесті бағындырамын? Осы кезге дейін білімді де, басқасын да жинамадым. Бір күндік өміріме риза болып, болашағыма бас ауыртпадым. Болашақ деген Сенің артыңнан із қалдырар ұрпағың. Балаңа ақыл айтпа, өзің үлгі бол деп бекер айтпаған.

Жас күніңде  бәрі басқаша болатын. Армандадық, мақсат қойдық. Бір күні бәрі өзгереді, бақытқа жетеміз деп сендік. Сол арман мақсатқа жету үшін не істедім мен? Ештеңе. Не тындырдым? Бар болғаны қара жұмыс. Қырықтан соң күш-жігеріңде таусылады. Бұрын мен үшін ең маңыздысы – арман болатын. Қазір армандауға уақыт жоқ. Ақша үшін өмір сүріп жатырмын ба, әлде өмір сүру үшін ақша табамын ба? Ажырата алмай қалдым. Қазір бәрі ақша үшін. Тіпті ақыл-ойымыздың өзі саудаға түскен сияқты. Қанша көп білген сайын, соғұрлым көп табасың. Ал мен.. мен болсам.. қолымды мезгілінен кеш сермедім... (Жан-жағына қарап, алақандарын жайып, басын шайқайды.)

Жалпы менің түсінгенім, адам өмірі деген балшық секілді. Балшық дегенде даладағы лас, қоймалжың дүниені меңзеп отырған жоқпын. Кәдімгі мүсін құятын , қоспалары бар балшық. Балшықтан түрлі мүсіндер шығады. Адам өзі мүсінші, балшыққа әр түрлі мүсін береді, өмірін өз қолымен жасайды.  Мүсініне мән беріп, одан керемет туынды жасайтындар бар, әншейін балшықты илеп қоятындар да бар, ал кейбірі шыдамы таусылып тастай салатындар да бар. Мен осы үшеуінің қайсысына жатамын..

(Пауза. Терең ойға шомылып, сахнаның шетіне қарай жылжиды.)

Ойлап отырсам бәрі берілетін білім мен тәрбиеге байланысты. Өткеніме тереңірек үңіліп өз қателігімді таптым. Әрине, әр пенденің бойында қанмен берілетін де қасиеттер бар, алайда ес білген соң сазбалшықтан мүсін жасау өз иелігіңде. Білім алу, мақсат қою, рухани жаңғыру. Сөйте тұра мен өзім шықпаған биіктен ұлымды көргім келді. Қанша тырыссамда өзіңде жоқ затты балаңнан талап ету қателік. Бағыт бағдар беріп, жол көрсетуге менің шамам да, білімім де жетпеді. (күрсінеді).

Бір данышпан «Дүние ұшы-қиырсыз теңіз. Бұрынғы өткендер де, кейінгі келгендер де сол теңізге құрдымға кетеді. Шамаң келсе бұл теңізден өтер кемең ақылың мен білімің болсын» деген екен. Теңіздің ортасына дейін келіп артыма қараймын. Қараймын да басымды шайқап өкінемін. Енді, міне, қырықтан асқанда, осының бәрін түсініп отырмын. (пауза)

Уақыт мені күтпейді. Мүмкін, әлі кеш емес... (Басын көтеріп, терең дем алады. Үмітпен алысқа қарайды.)

«Жастықтың зая кеткен уақыты»

(25 жасар жігіттің монологы)

(Жігіт сахнаның ортасында. Қолында телефон, бірақ көзі терең ойда, әлсін-әлсін маңдайын уқалап, өткен өмірді еске түсіріп отырады.)

Жігіт:
Жиырма бес... Бұл жасты кім қалай түсінеді? Біреулер үшін өмірдің гүлденген шағы, армандардың орындалатын кезі, ал мен үшін... өкініштердің басталуы секілді. (пауза) Әлі жаспын, бірақ артқа қарасам, жіберіп алған мүмкіндіктерім аз емес. Бір кезде уақытым жетеді деп ойладым, ертең бар ғой деп бәрін кейінге қалдыра бердім. Ал қазір ертеңдер артта қалып қойды...(Орындықтан тұрып, бөлме ішінде жүреді.)

Жастық шақтың ең үлкен қателігі – бәрі мәңгілік сияқты көрінуі. Қалай болса да, уақыт алда сияқты, ешнәрсе кешікпейді деген сенімде болдым. Білім... Иә, білім алу керек еді. Ол кезде кітап оқуға, оқуға көп нәрсеге көңіл бөлуге болатын еді. Бірақ қызық қуған, достармен қыдырып, бос уақытты босқа өткізген күндер көп болды. Қазір ғана түсінемін, білім – болашақтың алтын кілті еді ғой. Мамандық таңдап, тілдерді меңгеріп, әйтеуір заман ағымына ілесіп кету еді.

Қазір қарап отырсам, сол кезде талай мүмкіндік болған екен. Курстар, жобалар, түрлі идеялар – барлығы менің алдымда тұрды. Бірақ мен оларды пайдаланбадым. Өйткені ерте деп ойладым. Әр нәрсені кейінге қалдыру – жастық шақтың ең үлкен қателігі. Ертең келеді, бірақ сол ертеңнің не әкелерін білмеппін. Қазір білім алуға тырысамын, бірақ уақыт өтіп барады. Жас кезде үйренген нәрсе санаға терең сіңсе, ал қазір, жиырма бесімде, сол білімнің орнын толтыра алмай жүрмін. Оқығым келеді, үйренгім келеді, бірақ миыма қонбайтындай. Ойланбаған ми сасиды деуші еді, мүмкін менің миымда  ойланбаған соң кеуіп барадыма..

Апарте. (түлектер кездесуінен диалог)

Кластасы: О о Жандос қалың қалай, мектеп бітіргелі еш өзгермепсің. Ата-анаңның денсаулығы жақсыма? Не кәсіп, қайда жүріп жатырсың?

Жігіт: Рахмет, бәрі жақсы. Мен сол жүрген, анда-мында.. Өзің немен айналысасың?

Кластасы:Мен қазір ішкі саясат бөлімінде бас маманмын. Бұйырса басшысы болуыма да аз қалды. Жоспар мен мақсат көп. Ал сен немен айналысасың?

Жігіт: Мен сияқты оқуға түсе алмадым, мектеп бітіре жұмыс жасадым. Қазір жалдамалы жұмысшысымын.(дауысы сенімсіздеу шығады).

Кластасы: Кезінде мұғалім оқы деп ұрысқан кезде тыңдауың керек еді.. (күледі)

Жігіт: Ия.. Сол кезде тыңдағанда бұлай жүрмес едім.

Мүмкіндіктер... Олар сол кезде көп болды. Әр адамға берілетін жолдар – менің алдымда да болған. Бірақ мен ол жолдарды байқай алмадым. Қазір қарап отырсам, ол мүмкіндіктердің бәрі менің жігерсіздігімнен, жеңіл ойлағанымнан босқа кетті. Мүмкін, дұрыс кеңес беретін адам болмаған шығар, мүмкін өзім тым бейқам болдым. Қалай десем де, қолымнан ұшқан сол мүмкіндіктер мені өкінішке қалдырып отыр. Амал не..

(Терезеге қарайды, сыртқа қарап, алыстағы көріністі көзімен шолады.)

Босқа өткізілген уақыт... Сол күндердің құны жоқ. Қанша доспен қыдырып, қанша кеш өткіздік, бірақ ешқайсысы да маған не білім, не тәжірибе берген жоқ. Босқа кеткен уақыттың енді қайтып оралмасы анық. Ал ол уақыттың орнын толтыра алам ба? Жоқ. Сол күндерде алған білім мен дағдылар қазір керек болар еді. Мүмкін мен әлдеқайда алға басар ма едім... Өзімді табар ма едім... (Жігіт біраз уақыт үнсіз тұрып қалады, сосын күрсініп, маңдайын сипайды.)

Апарте. (Жігіттермен төбелес , сынған бөтелке дауысы)

Жігіт: Бері кел, таяқ жейсің.. көрсетемін саған.. (жұдырықпен ұрған дыбыс)

2 жігіт: Әкеңді танытамын қазір.. (жұдырықтасады. Полиция көлігінің дауысы)

3 жігіт: Полиция келе жатыр, қашыңдар..

Жігіт: Ей қорқақтар, келіңдер мұнда мықты болсаңдар.. Жігіт емессіңдер сендер..

Күш қуатым бойыма сыймады, көрінгенмен ілініп, шатақ іздедім. Төбелес іздедім. Ой сорлы десейші, сол кезде спортпен шұғылданғанымда қазір олимпиада чемпионы болатынбедім. Өзім былай икемімде бар. Ақыл айтатын адам болмады, айтса да ешкімді тыңдамайтын албырт болдыққой. Ессіздің күйін кешіп, есалаң боп жүруден басқа қызық болмады. Сондағы қызық дегенің не? Өз қатарым студент болып, оқу оқыса, мен оларға оқымысты деп күлдім, себебі өзімнің қолымнан келмеді. Ол кезде мен ойланбадым..

Өмір... Өмірдің өзі – бұл мүмкіндік. Бізге берілген ең құнды нәрсе – уақыт. Уақыттың қадірін уақытыңды жоғалтқанда білесің

(Қолын қалтасына салып, ұялы телефонына қарайды.)

Міне біздің қазіргі уақыт. Солайма? Күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған мына телефон... Телміріп қанша сағатымды осында өткізіппін. Не үшін? Керексіз ақпараттарға, күлкілі видеоларға... Барлығын қайталап қарап, уақыттың қалай өтіп жатқанын да байқамаппын.(ашуланады.)

Телефонды қойып, шынайы өмірге қарауға уақыт жетпейді. Мына әлемде не болып жатыр? Кім не істеп жүр? Бұның бәрі экранның ар жағында ғана қалды. Қарасам, жастығымның алтын шақтарын дәл осы телефонның алдында өткізген сияқтымын. Әр күні менің көз алдымнан жылдам өтіп кетіп жатыр, ал мен тек қараймын, телміріп... Шынайы өмір ол қазір, міне, дәл қазіргі сәт. Шынайы өмір мына сізбен біз.  

Ең өкініштісі – білім алатын, өзін дамытатын уақытты босқа жібергенім. Бірде-бір кітап оқымадым, пайдалы дүниелер іздемедім, тіпті театрға да барып көрмеппін. Міне менің әлемім, міне менің өмірім де білімім де. (дауысы қатты шығады). Күнде мағынасыз посттар, бейнежазбалар, қызықсыз әңгімелер... Ал енді сол өткен күндеріме қарап, не үйрендім, не көрдім деп сұрасам – жауабым жоқ. Тек экрандағы суреттер мен видеолар .  Олар маған не берді?

(Телефонын алып, бетіне қарап, ашуланғандай түрмен үстелге қайта қояды.)

Шынайы өмірдің мәнін, тереңдігін түсінудің орнына, жеңіл ақпараттарға алданып қалдым. Жастардың бәрі солай. Уақытымызды телефон жұтып жатыр. Біз оған құл болдық, ал ол біздің уақытымызды ұрлады.(күрсінеді. Пауза)

 

Үнемі жылай беру, арыз айту жарамас. Жарқылдаған жастығым өтсе де, әлі де мүмкіндіктерім бар. Тым болмағанда сол қалған мүмкіндігімді пайдаланайын. Өмір бір рет беріледі, мүмкін, енді... дәл қазір, осы сәттен бастап өзгеруім керек . Алдымен кітапханаға барайын, сосын, сосын дұрыс бір жұмыс іздейін.. Ия.. Тек 5 минут мына бір роликті қарап жіберейін.. (телефонға үңіледі).

 

«Бос кеткен уақыт»

(18 жасар жігіттің монологы)

(Жігіт сахнада, қолында телефонын ұстап, жүйкесі сыр бергендей күйде отырады. Бір сәтке телефонын үстелге қойып, терең дем алады, алайда қайта алып, экранға қарап, ұсақ қимылдармен беймаза күйде айналдырады. Кенет қолындағы телефонды лақтырып, өздігінен айғайлайды)

Жігіт:

Сен.. Бәріне кінәлі мына сен.. (телефонға қарап сөйлейді). Сен болмағанда мен қазір басқалары секілді оқуға түсіп, мақтанып жүрер едім. Сен менің санамды жаулап алып, енді мүлде мені өзіңе тәуелді еткің келеді ия?

Мен қандай болдым? Көз алдымда өтіп жатқан шынайы өмірді ұмытып, уақытымның барлығын тек саған арнадым.  Мен өзі қай әлемде өмір сүріп жатырмын? Оятыңдар мені.. Адамдар, оқиғалар, сезімдер... Бәрі экранның ар жағында қалып, шынайы өмір қайда қалды. Көзімді ашып жұмғанша мектепті де аяқтадым.

Апарте (анасы мен баласының диалогы)

Анасы: Балам тұр, сабағыңды оқы..

Ұлы: Аха, қазір.

Анасы: Тұр, тамағыңды іш те, сабағыңды оқы.

Ұлы: Ия, қазір..

Анасы: Мен саған неше рет айттым, таста телефонды (ашулы)

Ұлы: ту мама, ия, қазір..

Анасы: Сен бала айтқанды тыңдамайсың, адам болмайсың сен. Әкел ана қолыңдағыны..

Ұлы: Болды міне тастадым..

Анасы: Сен әлі отырсыңба? Неше сағат өтті айтқаныма. Тұр қане, сабағыңа бар, кешігесің.

Енді не істеймін, алдыма мақсат қойып, оқуға түсудің орнына уақытымды текке жібердім. (саусағын тістей ерсілі қарсылы жүреді).

Мүмкін спортпен шұғылданармын? (денесіне, қолдарына көз жүгіртеді). Бала кезден бастамаған соң енді қиын болатын шығар.. Тағы не істеуге болады, ойланайыншы..

Осы кезге дейін не бітірдім, сұрақтардың жауабын іздеудің орнына, телефонымнан ойындардың жаңа деңгейлерін іздедім. Сабақтан кейін де сол, достарым спортпен айналысып, денсаулықтарын шыңдап жатты, ал мен ойын ойнадым. Миымды жаттықтырдым. (өз өзінен күледі).
Бәрі маған оқы деп айтатын, мұғалімде, анам да, әкем де, әпкем де. Сол кезде ойлайтынмын, маған оның не қажеті бар, үлгеремін деп. Мүлде құлақ аспадым.  Телефондағы ойындар маған бір сәттік ләззат берді, бірақ соның артында менің шынайы өмірім мен құнды уақытым зыр ете өте шықты. Сол уақытта  тым болмағанда кітап беттерін ашып, дайындалғанда Оразбек секілді оқуға түсетін едім. Оразбек деген біздің кластың оқымыстысы.. Менің басым телефоннан түспесе, оның басы кітаптан көтерілмейді. Жақсы көрсеткіш үшін әкесі машина алып беремін деген. Қандай бақытты ия?

Апарте. (мұғлімнің монологы)

Мұғалім: Балалар, мектеп ол білімнің діңгегі. Егер қазірден бастап дұрыс білім алып, алдыға қойған мақсаттарыңды айқындайтын болсаңдар, болашақта өздеріңе жақсы болады. Ал егер қазір оқудың мәнін түсінбей, бар зейіндеріңді телефондағы қажетсіз ойындар мен видеоға жіберетін болсаңдар, жастық уақыттарыңды қажетсіз заттарға жіберсеңдер өмірлеріңді босқа өткізесіңдер.  Сондықтан білімге, ғылымға зейін қойыңдар, дұрыс мамандық таңдап, уақыттарыңды қазірден бастап тиімді пайдаланыңдар.

(жерде жатқан телефонды алып, оған ұзақ қарайды)

Мүмкін енді бәрі кеш.. Мектеп кезінде алынуы тиіс білім – өмірдің ең мықты негізі ғой. Мен сол негізді құра алмай, жіберіп алдым.  Сабақ оқудың орнына, мына досыммен уақыт өткіздім. Бар білгенім – тек ойын ережелері мен деңгейлері.. Ешқайда түсе алмадым. Қолымда не бар? Телефондағы ойындар..
Спортпен шұғылдану керек еді. Жастардың барлығы денсаулықтарына көңіл бөліп, спортты серік етті. Бірақ мен оған да уақытымды бөлмедім. Тек телефон. Ал енді сол спортпен айналысқандардың барлығы биікке жетіп жатыр. Олардың денсаулығы мықты, ойы ашық. Ал мен... Тек экрандағы жалған жеңістерден басқа ештеңе алған жоқпын.

(Қолдарын бетіне қойып, бір сәт үнсіз қалады.)

Ойын арзан, күлкі қымбат.. Оқуға түскен достарымның барлығы мәз-мәйрам қуанып жатыр. Мектепте оқыған білімдерін сынап, сынақтан өтті. Ал, мен әке-шешемнің бетіне қарауға ұяламын. Мен олардың үмітін ақтай алмадым, барлығы сенің кесірің, сенің.. (бетін басып жылайды)
Мүмкін, әлі де кеш емес шығар. Мүмкін, бәрін қайта бастауға болады. Бірақ артта қалған уақытты қайтарып ала алмаймын, барлығы мектеп қабырғасынан басталып кетті. Оны толтыру мүмкін емес. Әр минуттың, әр сағаттың құны қайтып келмейді. Енді сол жоғалған уақытымның артынан өкініп, қалған күндерді бекерге өткізбей, өзімді қолға алуым керек. Ойындардан алыс, білімге жақын болуым керек. Өмірін осы кішкентай ғана құралға тәуелді еткен жалғыз мен емес шығар. Тіптен бесіктегі балаға осыны көрсетсең болды іңгәлап жылағанын тоқтата қояды. Не құдірет десеңші..

Адам санасын, ойын, ең бастысы уақытын жаулап алатын не құдіретің бар? Жооқ.. Бұл сенің құдіретің емес.. Бұл біздің әлсіздігіміз, жігерсіздігіміз.. Санамыздың жеңілге  қарай ұмтылуы. Кітаптың орнына сен, сабақтың орнына сен, спорттың орнына сен, шынайы достармен өткізген уақыттың орнына сен, табиғаттың әсем көрінісін тамашалаудың орнына сен, махаббаттың орнына сен..(телефонына қарайды). Сен барлығының орнын бастың. Нәтижесі міне.. Өткен уақыт қайта келмес, бірақ әлі де кеш емес. Ешкім баласын жаман болсын демейді, әке шешем менен үміт күтті, алайда менің шынайы өмірді емес, виртуалды өмірді таңдағанымды олар қапыда жіберіп алды. Мүмкін олар маған көбірек көңіл бөлгенде бұлай болмаспа еді.. Егер әкем жұмыс жұмыс демей менімен бірге футбол ойнап, балық ауласа, ал анам «Мазамды алмашы» дегеннен гөрі менің ішкі жан дүниемді көбірек тыңдағанда.. Мүмкін бұлай болмаспа еді.. Жоқ мен оларды кінәлай алмаймын, егер солай болған жағдайда достарым секілді менде үмітті ақтарма едім деген ойлар.. (күрсінеді).

Уақытымнан кешіксемде менің әлі мүмкіндігім бар, өз жігерсіздігімді мойындап, қателіктің көзіне тіке қарау да ерлік. Мен беріспеймін. Уақытымды текке жоғалтпаймын. Мен алтын уақытты қадірлеймін.. Әлі де кеш емес.. ия, кеш емес..

(Телефонын өшіріп, оны үстелге қойып, терең күрсініп, орындыққа отырады. Сахна жарығы баяу сөнеді)