Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
315

Жарық пен қараңғы

Балаларға арналған сахналық қойылым

(ертегі)

 

Қатысушылар:

Жарық:  ақсақалды ата

Қараңғы:  жасөспірім бала

Айкүміс:  6 жастағы қыз

Бекзат:  8 жастағы ұл, Айкүмістің ағасы

Жүргізуші: ертегі желісін баяндаушы

Бір топ балалар сахна көрінісіне қажетінше

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Жүргізуші:

 

—Ерте кезде баяғы,

Ертегіге саяды.

Бір Ақ-Ата  болыпты,

Қолында аса таяғы.

Жүреді екен ел кезіп,

Жүйрік екен аяғы.

 

(Осы кезде сахнаға ақ қиінген, ақ сақалды ата шығып, қолындағы таяғын ауаға сермеп, көрерменді қызықтыратындай іс қимылдар жасап, тез-тез адымдап жүреді).

 

Жүргізуші:

 

—Оны бәрі таныпты,

Барлық жерге барыпты.

Ойға, қырға, тауға да,

Шашады екен жарықты.

 

Баурап алып тым көпті,

Көзін бір сәт ілмепті.

Ол заманда  балалар,

Ұйықтауды да білмепті.

 

(Мәтін оқылып жатқанда сахнаға бір топ ойнап жүрген балалар шығады.

Жарық-ата көңілді кейіппен оларды айналып, таяғымен жарық шашқандай болып жүреді.

Кенеттен шаршап, қалжыраған Жарық-ата  сахна шетіне ойысып, ақырын отырып, соңында жерге жата кетеді.

Сахнаға қара киім киген Қараңғы енеді. Сахнада қараңғылық орнайды).

 

Балалар (жан-жақтарына таңырқай қарап):

 

—Бұл не өзі?

—Қорқынышты

—Айкүміс, қайдасың?

—Аға, сені көрмей тұрмын, - деген дауыстар бір мезгілде шығады.

 

Көмескілеу жарық түсіріліп, көрерменге Айкүміс көрінеді.

 

Айкүміс (жыламсырап) :

 

—Көрмей тұрмын ағамды,

Үрей билеп санамды.

Неге бәрі тас-түнек,

Болып кетті  Қараңғы?

 

Сахнаны ары-бері кезіп жүрген Қараңғы Айкүміске жақындайды.

 

Қараңғы:

 

—Мен үшін бұл жәй жұмыс,

Алам соған сай тыныс.

Тура таптың атымды,

Қараңғы деп Айкүміс.

 

Айкүміс (жыламсырап):

 

—Жарық кетіп қалыпты,

Көмескі еттің қанықты.

Сен екен ғой, Қараңғы,

Қуып шыққан Жарықты.

 

Қараңғы (мейірімді дауыспен) :

 

—Тауға, қырға өрледім,

Сан құладым, терледім.

Кінә тақпа, балақай,

Жарықты мен көрмедім.

 

Қара түске бойлай ғой,

Қызықтырмай қоймайды ой. (Көтеріңкі дауыспен)

Менде де бар мейірім,

Қане, достар, ойнай ғой.

 

(Ортаға балалар шығып ойнап кетеді. )

 

Жүргізуші:

 

—Ары-бері жүгіріп,

Бір-бірінен тығылып.

Қараңғыда балалар,

Қала берді жығылып.

 

Ойнап жүрген балалар бір-біріне соқтығысып, кезек-кезек құлап қалады. Қараңғы оларды айналып таңырқай қарап орындарынан тұрғызып жүреді.

 

Айкүміс екі қолын екі жаққа жайып, жыламсырай:

 

—Тоқтаңдаршы достарым!

 

Ойнай алмай қалыппыз.

Шаршадық-ау анық біз.

Ойнау мүмкін емес қой,

Тас-түнекте жарықсыз.

 

Бекзат (жігерлі екпінмен) :

 

—Отырмайық біз кейіп,

Батырлармыз біз дейік!

Ал, жүріңдер, балалар,

Жарықты тез іздейік!

 

Балалар шуласып, екі қолдарын жоғары көтеріп, қолдау білдіреді.

—Іздейік!

—Жүріңдер!

—Кеттік, - деген дауыстар қосарлана шығады.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Жарық-ата  ақырын орнынан тұра бастағанда Қараңғылық сейіліп, жарық бола бастайды. Қараңғы сахнаны бір айналады да, кетеді.

 

Балалар жан-жақтарына алаңдап, сахнаға шығады.

 

Бекзат (уайымдап)

 

—Достар, әне, қарашы!

 

Бәрі қалт тұра қалады.

 

—Мынау жарық емес пе?

Әлде, сағым елес пе?

Жарық пенен Қараңғы,

Түскендей ме егеске?!

 

Айкүміс (сыбырлап):

 

—Біз де кеңес құрайық,

Тақпас Жарық бір айып.

Байқап тұрмын жүзінен,

Отырғандай мұңайып.

Қане, достар, жақындап,

Себебі не, сұрайық.

 

Балалар:

—Сұрайық!

—Келістік!

—Жүріңдер! - деп Жарық-атаның қасына келеді.

 

Бекзат (батылдана) :

 

—Жарық ата, аман ба?

Тап болдық бір  "жаманға"

Кетті бізден береке,

Жарық болмай ғаламда.

Кез келдік пе әлде, біз,

Қараңғы бір заманға?

 

Бұл кезде Жарық-ата орнынан тұруға ыңғайланып, балалар қолтығынан демеп тұрғызады.

 

Жарық(байсалды үнмен):

 

—Уа, айналайын, балалар!

 

Көрерменге  ойлы көзбен қарап, сөз бастайды

 

—Ғасырларды жалғадым,

Жарық болды бар маңым.

Бақ болсын деп мына әлем,

Демалмай жер шарладым.

Жарқын күліп балалар,

Алғыс болды алғаным.

Қане, өздерің айтыңдар,

Сөзімнің рас, жалғанын?! - деп балаларға қарайды.

 

Барлық балалар қосылып:

 

—Рас, рас!

 

Айкүміс:

 

—Сізден Жарық тарайды,

Бізге жақсы арайлы.

Іздеп келдік біз сізді,

Жарықты әлем қалайды.

 

Бекзат:

—Жаулап лезде даламды,

Үркіткендей санамды.

Жарық ата, сіз жоқта,

Болды түнек Қараңғы.

Біздер ойнай алмадық,

Керек емес Қараңғы.

Көрінбейді ештеңе,

Құтқар мына ғаламды.

 

Жарық:

 

—Бүлдіршіндер, балалар!

Періште пәк саналар.

Ережесін тіршілік,

Сәт те жетті жаңалар.

Шамам қалмай барады,

Жер- дүниені аралар.

Мына келген Қараңғы,

Мен жоқ жерде бола алар.

Жеткенімде  қайтадан,

Ол да бір сәт демалар.

 

Айкүміс (жыламсырап) :

 

—Ойынға еш тоймаймыз,

Тек сол ойды ойлаймыз.

Қараңғыда құладық,

Енді қалай ойнаймыз?

 

Жарық:

 

—Балалар-ау, ұғып ал,

Қараның да құны бар.

Түсі суық болғанмен,

Пайдалы өз сыры бар.

 

—Тынысымды кең алып,

Бағамдадым мен анық.

Шарлап жүріп шаршаймын,

Аспан-Алып, жер-Алып.

Қараңғыға тапсырып,

Алайын аз демалып.

 

Балалар бас шұлғи бастайды.

 

—Шешімімді бағамдар,

Бәріңнің де санаң бар.

Болашаққа өсиет,

Берер менің батам бар.

Әлемге мен келгенде,

ТАҢ деп мені атаңдар.

Келген кезде Қараңғы,

ТҮН  деп оны атаңдар.

 

 

Келемін мен ақ таңда,

Жаным тыныш тапқанда.

Ұйықтаңдар, даланы

Қараңғы кеп жапқанда.

Ұйықтау болсын заңымыз,

Мен демалып жатқанда.

 

—Келістік пе, балалар!

 

—Келістік, келістік! - деп шапалақ ұрады балалар.

 

Бекзат(қуанышты дауыспен) :

 

—Тапты міне, жаным бақ,

Өсеміз біз жалындап.

Күндіз шаруа жасалса,

Түнде аламыз дамылдап.

Қараңғыдан қорықпай,

Көрпе салып қалыңдап.

 

(Көтеріңкі дауыспен)

Барлық бала ұйықтап,

Қарсы ал күліп таңыңды ақ!

 

Осы кезде Жарық-ата қолын бұлғап, сахнадан сыртқа шыға бастайды, сахнаға Қараңғы ақырын кіріп келе жатады.

 

Сахна көрінісі өзгеріп, балалар бөлмесі көрінеді. Балалар әні ойналады. Олар ұйқыға дайындалып жүреді.

 

Жүргізуші:

 

—Қараңғы  мәз  болыпты,

Тыныштықты қорыпты.

Түн кіргенде ұйықтау,

Көңілге де қоныпты.

Содан бері балалар,

Ұйықтайтын болыпты.

 

Жарыққа да бақ дарып,

Отырыпты таққа нық.

Таңмен келіп шуағын,

Төгеді екен ақтарып,

Дәл осылай ереже,

Қалған екен сақталып.

 

Бар ғаламды таң қылып,

Уақытты артқа қалдырып.

Жарық келсе балалар,

Көрсетіпті сан қылық.

Қараңғыда соқтықпай,

Бір сәт тыным алдырып,

Басады екен шаршауды,

Ұйқыларын қандырып.

Білген екен түннен соң,

Ататынын таң күліп.

 

—Ерте кезде, баяғы,

Ертегіге саяды.

Міне, осымен ертегі,

Соңына да таяды.

Жақсылыққа жеткізді,

Ертегімнің аяғы...

 

                 СОҢЫ