Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
98

Бір күндік ғұмыр

Үш көріністі пьеса

Қатысушылар:

 

Дариға – 35 жастағы ғалым қыз.

Жансая – 25 жаста. Тұрмыс құрған. Дариғаның үй қызметшісі.

 

Оқиға кеш, түс, таңертең болып кері қарай өтеді. Кейіпкердің бір күндік өмірі бейнеленгенмен, 10 жылдық өмірін қамтиды.

 

Бірінші көрініс

 

КЕШ

 

Қалалық пәтер. Қонақ бөлмесі. Электр жарығы жанып тұр. Сөре толы кітаптар. Жинақы диван мен кресло тұр. Бұрышта үлкен айна орналасқан. Ортада 3-4 адамға жайылған салтанатты дастархан.

Жансая жайылған дастарханды жинап жүр.

Іші хатқа толы үлкен хрусталь құмыраны сүртіп жатып, сындырып алды.

 

 35 жасар Дариға сахнаға жүгіріп шықты. Сасқалақтап құмыра қалдықтарын жинап жатқан Жансаяны ашуланып жұлқылады.

 

Дариға: Не істедің сен, Жансая?!

Жансая: Кеш... Кешіріңізші... Мен... Мен... Мен әдейі емес!.. Байқамай...

Дариға: Сколько раз повторяла?!  Жансая...

Жансая: Қаз... қазір бәрін жинап...

Дариға: Поздно уже!

 

Дариға оны жұлқыған күйі жерге қарай итеріп жіберді.

 

Дариға: Сен... Оның өмірімдегі орнын білесің ғой?.. Неге түсінбейсің, Жансая? Бұл менің бүкіл әлемім... Бәрі көкке ұшты. Жоқ! Бір мезетте... Оны қанша іздедім. Күттім... Енді? Неге бұлай? Тек мен ғана... Мен ғана, жалғыз. Жападан жалғыз!..

 

Дариға ызаға булығып жылады.

 

Дариға: Сенен қанша рет өтіндім. Тіпті осы құмыраға салынған гүлдің суын да ауыстырмай-ақ қойшы дедім. Неге ұқпайсың?!

Жансая: Мен... жай... оны орнынан қозғап, астын...

Дариға: Жоғал! Көзіме көрінбе!!!Пошла отсюда! Вон!

Жансая: Кешіріңізші...

 

Дариға бөлмедегі заттарды жан-жаққа лақтырды.

 

Дариға: Қозға, мынаны да! Мынаны да! Мына мені де қозға, ауыстыр, көшір мына қарғыс атқан үйден! Қыз құсап ұзатылып кеткім келеді... Бақытты болғым келеді! Мен де! Түсінемісің?!

Жансая жүгіріп келіп, оны құшақтап алды. Сабырға шықарды.

 

Жансая: Болды, болды... Бәрі жақсы болады... Әркімнің маңдай жазуы. Одан асып ешқайда кетпейді.

 

Дариға ызаланып жылады.

 

Дариға: Маған неге солай жазылды екен?!. Қай қылығыма берілді?..

 

Дариға сабырға келді.

 

Дариға: Жансая,маған ренжімейсің ғой ия?! Мен мұндай емес едім. Өзім де түсінбеймін... Осылай тез нәрсеге ашуланатын болыппын. 35-ке келдім міне... Қартаяйын дегенім бе... Кешірші... Соншама дастархан жайып күткен де келмеді ғой. Неге келмеді екен а?!. Ылғи осылай себепсіз жоғалып кетеді... Көзіме көрінбейді.

Жансая:Ол...

Дариға: Айтпа! Ол туралы ешкімнің аузынан естігім келмейді. Ол тек менікі. Болды!

Жансая: Бірақ, Дариға...

Дариға: Бүгін тым кеш болып кетті, осында қона сал. Күйеуіңе телефонмен ескерт. Балаңды жақсылап қарасын, бір күнге ештеме етпес. Қала шетіндегі үйіңе бүгін жетпейсің. Қон. Есесіне ертең демал.

Жансая: Бірақ, күйеуім ренжиді ғой...

Дариға: Ренжігішін! Жүріңдер сол күйеулеріңнің асты-үстіне түсіп, көңілін тауып! Ендеше, менің көлігімді айдап кет. Таңертең бірақ келесің.

Жансая: Қараңғыда... жақсы жүргізе алмаймын... Жарайды, күйеуіме бара алмайтынымды айтып көрейін, ренжісе де...

Дариға: Өзің біл. Айлығыңды ертең есептейік. Мына жердің барлығын тез жинап, алып кетші.

 

Жансая дастарханды жинап алып кетті.

 

Дариға аласұра бастады. Жылдамдатып басына орамал тақты. Көзілдірігін киіп, компьютер алдына отырды. Басын жоғары көтеріп, көзін жұмып кішкене отырды да жазуға кірісті.

 

 

ХАТ

Құрметті... (өшірді). Аса мәртебелі... Жаратушы!

Ол жоқ! Бір жерден көрінді. Бірақ көре

алмадым. Құпия жүреді. Жасырынды. Тек

сұлбасы. Шарам таусылды.  Шаршап, қалжырадым.

Келмейтін болғаны ма?! Бәріне сенуден қалдым...

 

Басындағы орамалын жұлып алып тастады. Принтерден хатты шығарды.

Телефон шырылдады.

Дариға жазған хатын мыжып-мыжып бүктелген хатқа ТОЛЫ жартылай сынған хрусталь құмыраның  ішіне салды.

Телефон тұтқасын көтерді.

 

Дариға: Алло?! ... Иә, тыңдап тұрмын. Қайдан дейді? ... Трейнингті түнде де жүргізетін болғансыздар ма? ...Мхм. Түсінікті... Біріншіден, уақытын ұмытып кетіппін, екіншіден енді қатыспаймын. Мен солай шештім. Айып етпеңіз... Күйеуді сіздердің трейнингтеріңіз арқылы тапсам, ендігіге дейін 10 күйеуге тиетін уақытым болды. Жоқ, тізімнен шығарып тастаңыз! Сау болыңыз!

 

Тұтқаны қойды.

 

Хм! Трейнинг дейді ғой! 2 жылдан бері ол туралы диссертация жазатын уақытым болды. Тапқан күйеуім қайсы? Барлығы солардың ақылына қарап тұрса... Надо же?!.

 

Үстел үстіндегі шақыру билеттегі суретке көзі түсті. Қолына алды.

 

Қасымда жүрген Гүлжанат та тұрмысқа шықты де сомен... Жұрттың-ақ жолы болғыш. 1-2 ай жүріп, қол ұстасып үйленіп шыға келеді. 3 ай бұрын күйеуі маған келіп тұратын. Ол кезде әлі Гүлжанатты танымайтын. Сөзіміз де, өзіміз де жарасатын сияқты ек... Тек жүрек жараспады. Үйлесім таппады. Менің не кінәм бар? Не кінәм бар, айтшы. Енді міне! Ақ көйлек киіп шыға келдіңдер. Жек көрем! Жек көрем сендерді! Екеуіңді де.

 

Суретті жыртып-жыртып тастайды. Ашуға булығып жылады. Айнаның алдына барды. Көз жасын сүртті. Жымиды.

 

Пауза.

 

Майысып қалды. Өз-өзіне қарап қысылып, төмен қарағыштай береді. Өзін жігіттің алдында тұрғандай сезінді. Еркелеп тұр.

 

Өзің ғой енді... Сен мені жылата бермеші. Мен те-е-ез Ленжіп қалам... (төмен қарады)

Пауза.

Қыдырайықшы... Ммм... Мысалыыы?.. Шулы жерден жалығып кеткем. Одан да мысалы, паркке. Тып-тыныш саябаққа. Екеумі-і-з ғана. Қол ұстасып... 

О-ой, өмірі сүйтесің...

Келші! Одан да билейік.

 

Бидің бас жағы баяу болғанымен, жартысы cтрептиз гоу-гоу биіне жалғасады.

 

 

Екінші көрініс

 

ТҮС

Қонақ бөлмесі.  Дариға 30 жас шамасында. Әндете басып бөлмеге кірді. Үстінде халат. Тырнағын егеп жүр.

 

Дариға: Жансая?! Әкелген азық-түлікті көрдің бе? Кешке дейін үлгермей қалмайық. Дастархан дайын болмай ұят болмасын! Кешегі айтқаным бойынша турай бер салаттарды. Жоқ, тұра тұршы. (орнынан атып тұрып, өз-өзіне сұрақ қоя бастады) Ол өзі қандай салаттарды ұнатушы еді???

 Балық қосылған?..  Қосылмаған?..

Балық жеген жақсы ғой. Денсаулыққа пайдалы. Қосылғанын ұнатқаны дұрыс... Жансая, балық қоса бер. Басқа да тамақтарыңды дәмділеп жасай бер.

 

Теледидар қосты. Арналарды ауыстырып көрді де, өшіре салды.

 

Бүгінгі көңіл-күйіме сай ештеңе жоқ екен. Тіпті муз.каналдардың өзі  как то... траурный... мұңды. Бәріне не көрінген?!.

Күткен адамым келе жатыр. Одан асқан бақыт бар ма?! Жанса-а-я, менен көмек керек пе?

(өзімен өзі)Әй, бірақ асхана жағы қолымнан келе қоймас.

Жансая, кешке дейін үлгермей қалмайық әйтеуір...

 

Жаңылтпашын көңілдене бірнеше қайталап айтты.

 

Хан баласы ханзада

Болды ғашық ханшаға.

Алып ханнан хабар,

Ханшайымды табар.

 

Телефон шырылдады.

Алло! Иә... Сәлеметсің бе? ... Түсіндім. Нұржан, оны кешегі айтқанымдай жаса! 25-не жиналыс жасаймыз. ... Ок! Жақсы!

 

Тұтқаны қойды.

 

Сондай мелочтарды маған айтпай-ақ қойса да болады ғой. Жоқ, міндетті түрде айту керек, мазалап...

 

Телефон шырылдады.

Тағы қайсысы...

 Алло! Аха, қалыңыз қалай? ... Менде бәрі ойдағыдай. ... О-о-о, дұрыс болған екен. Не жаңалық? ... Ммм... Ертең дейсіз бе? Барлық туысқандарды шақырсаңыз тіптен жақсы болған екен. Шүйіркелеспегелі көп болды.... Сіздің бауырсағыңыз бен бешбармағыңыздың дәмі әлі таңдайымнан кетпей жүр ғой. ... Уақыт болса, баруға өте қатты тырысамын, апай. ... Сіздер де мен жаққа келіп қайтыңыздар. ... Кешке үнемі үйдемін ғой. ... Аха, Жақсы! ...

Сау болыңыз!

 

Телефон тұтқасын қойды.

 

Қалаған адамға уақыт әлбетте табылар. Бірақ мен бармаймын. Себебі әрқайсысының «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақтарынан әбден жауыр болдым. Бас-басына көрген сайын қайталап сұрай береді, сұрай береді... Как будто я все реша-а-аю и все в моих руках!.. Ооо, одан қалса ескі дәуірлерден қалған барлық жалғыз басты еркектермен таныстырғыш... Өзімді жер бетіндегі өтпей жүрген соңғы қыз сезініп кетем ондай кездері. Аузынан сөзі, үстінен бөзі түсіп қалған небір жігіттерге телефон номерімді беретінін қайтерсің?! Ол байқұстар тұрады сосын, хал сұраудан ары аса алмай. Ондайлармен бірден қоштасамын. Good bye! Еркек – еркек сияқты болу керек!

 

Қолында тақтай, пышағы бар Жансая келді.

 

Дариға: Болайын дедің бе?

Жансая: Турасып жібермесеңіз бітпейтін түрім бар.

Дариға: Давай, қайсысын?

Жансая: Міне...

Дариға:Үшбұрыштап турайын ба?

Жансая: Иә, Солай.

 

Пауза

 

Дариға:Жансая, сезесің бе мен сондай бақыттымын! (Кенет есіне бірдеңе түсіп кеткендей)  Қазір...

 

Дариға орнынан тұрып, компьютер алдына жайғасты. Жан-жағынан іздеп орамалын тауып, басына салды. Көзілдірігін киді. Басын жоғары ұстап көзін жұмып біраз отырды да жазуға кірісті.

 

ХАТ

Құрметті, жаратушы! Құдіретіңнің арқасында

Шексіз бақытқа ие болайын деп отырмын.

Рахмет, саған! Тек... Тек ұзағынан сүйіндір...

 

Принтерден шығарды.

Хатты әдемілеп бүктеді. ЖАРТЫЛАЙ ХАТ ТОЛҒАН сынығы жоқ хрусталь құмыраға апарып салды. Орамалын әспеттеп шешіп қасына қойды.

Оны көрген Жансая басын шайқап мырс етті.

Дариға столға келіп, салат тураса бастады.

 

Дариға: Көп күттім, өте көп...

Жансая: Қонақтар тезірек қайтатын шығар...

Дариға: Тіпті жарты өмірім өтті десем де болады.

Жансая: Өмір әлі алда ғой...

Дариға: Саған солай боп көрінуі мүмкін. Күйеуің, балаң бар.

Жансая: Күн суытты. Жылы аяқ киім алып беру керек еді.

Дариға: Оны күткен әр уақытымды пайдалы іске жұмсағым келді. Нәтижесінде...

Жансая: Баламызды ештемеден кем қылмай өсіргіміз келеді.

Дариға: Нәтижесінде сабақ пен жұмысқа алдануға тырыстым. Магистратура... Докторантура... Жалғаса берді оны күте-күте. Міне 30 жас...

Жансая: Оқыған деген жақсы ғой. Біз күйеуіміз екеуіміз колледжден ары оқымадық, күйбең тірлікпен...

Дариға: Несі бар? Өзің айтпақшы өмірің әлі алдыңда.

Жансая: Балам үйге мысық әкелген екен, тамақ жемей қалыпты.

Дариға: Өмір осылай болады деп кім ойлаған?..

Жансая: Расында, әлі жаспын ғой. Оқып алсам болады.

Дариға: Баланы кем қылмай өсіргіміз келеді емес, өсіруге міндеттісің!

 

Дариға шаттана орнынан тұрды.

 

Білесің бе, оның бойы менен... Міне, мынадай ұзын (қолымен көрсетті).

 

Жансая: Сізге, орташа бойлылар ұнаушы еді ғой.

Дариға: Жоқ, ойым өзгерді. Тура Гауһардың жігітіндей ұзын болса екен деймін. Жігіттің ұзын болғаны жақсы екен.

Жансая: Қызық...

Дариға: Көздері со-о-ндай мөп-мөлдір. Қыр мұрынды... Ал қолдары қандай әдемі десеңші. Кейін неке жүзігін таққанда одан сайын әдемі көрінетін болады. Бірақ ол тым сымбатты болып кетсе, мен қызғанамын. Себебі қазір қыздар өздері жүгіреді жігіттің артынан. Сосын басын айналдырып үйленіп алады. Тренингте соның бәрін үйреткен, тек мен оларды жасағым келмейді.

Жансая: Неге?

Дариға: Ну-у, білмеймін. Шындап қаласам жасай аламын. Бірақ, білесің ғой, маған қандай жігіт керек екенін?! Біреуі тым жуас, бірінің түрі онша емес, енді бірі кедей... Оған тағы ЖМОТтарды қос.

Жансая: Кедей?

Дариға: Иә, кедей! Құдай-ау, 30-ға келгенше астында арзандау болса да бір машинасы жоқ жігіттен ары қарай не күтуге болады?

Жансая: Кедей байымай ма, бай жарлы болмай ма? Онда тұрған не бар? Керісінше сізде бар емес пе олар...

Дариға: Иә, бар. Ал ондайларға қосылсам үйде матриархат орнайды! Кім көбірек айлық алады, билік бәрібір соның қолында. Оны кез-келген еркек іштей болса да мойындайды.

Жансая: Мүмкін...

Дариға: Сондықтан, ол менен барлық жағынан алда тұрғаны жақсы. Білім, ақыл, ақша...

Жансая: Ондай жігітті табу қиындау... Меніңше, сізге жуас, бағынатын күйеу керек сияқты. Өзіңіз сүйреп жүресіз.

Дариға: Жоқ, Жансая! Қателесесің... Байтал шауып бәйге алмас деген бар... (пауза)

Қойшы, одан да түрімді ретке келтірейін кешке дейін. Жақтырмай кетіп жүрмесін (күлді).

 

Пауза. Дариға жастықты бала қылып орап, мәпелеп жүр.

 

Ол келеді... Кездесеміз...  Керемет!

 

Жаңылтпашты ӘРТҮРЛІ МӘНЕРДЕ бірнеше  рет  айтады.

 

Таудан түсіп келеді тау ұлдары,

Тау ұлдары сүйеді қауымдарын.

Тау ұлдары сүйеді ауылдарын,

Тамашалап жүреді тауын, бағын.

 

Гүл әкелер ме екен а?!

 

Құмыраның қасына барды. Қолына алды.  Құмыраға қарап сөйледі.

 

Мен сені сондай жақсы көремін. Сен де жақсы көресің ғой, иә?! Өмір сондай қысқа... Тезірек кездесейікші...

Сонда мен сені былай сүйіп аламын (құмыраны сүйіп алды. ойланды). Жоқ!, сүймеймін. Мынау әбден еркексіреген қыз екен деп ойлап қалар...

(Пауза)

Кеште шаршау көрінбей, 1 сағат жатып тынығып алайыншы.

 

Дариға шығып кетті.

 

Үшінші көрініс

 

ТАҢЕРТЕҢ

Құстар сайрап тұр. Дариға 23 жас шамасында. Ұйқыдан оянды. Телефоны шырылдады.

 

Дариға: Алло!..  Қайырлы таң. ...  Мхм... Жоқ, ренжімеші, Кездесе алмаймыз. Себебі? ...  Соны білу маңызды ма? Себебі... сен маған ұнамайсың.... Солай... Жарайды, сау бол!

 

Тұтқаны қойды.

 

Мақтаншақ! Кішкентай нәрсесін дардай қылып айтып отырады. Тіпті ол жайлы ойлағым да келмейді.

 

Беті-қолын жуды.

Телефонына смс келді. Оқыды.

 

Ту-у, мынау да қоймады ғой. Өзі қатарлас қыз іздемей ме?! Ақымақ! Мені апа жасайын деп жүр ме?! 25 жас...  Ол үшін бәрібір апамын.

 

Жансая келді.

 

Жансая: Таңғы ас дайын.

Дариға: Жақсы, қазір...

Жансая: Айтпақшы, Болат звондаған. Сіз ұйықтап жатқанда. Оянғанда маған ескертші деп еді...

Дариға: Әйелі ұйықтап жатқанда олай звондамай-ақ қойсын! Тығылып... Сөйлескім келмейді. Құрып кетсін бәрі!!! Бір демалыс күнімді дұрыс өткізуге мұрша бермейді. Өңкей бірінен-бірі өткен жігіт сымақтар...

(Пауза)

 Жансая, көңіл қошым болмай тұр.

                                                                      (Пауза)

Олардай қайдан болсын...

 

Жаңылтпашын ызалана айтты.

 

Хан баласы ханзада

Болды ғашық ханшаға.

Алып ханнан хабар,

Ханшайымды табар.

 

Лэд арқылы көрсетіледі:

Модель жігіттер, сымбатты актерлер, миллионерлер, спортсмендер...

 

Күйеуім солардай болар ма еді. Бір міні жоқ!

 

Дариға дел-сал меңіреу күй кешті. Басын сәждеге қойып жылады. Басына орамал, көзілдірік киді. Компьютер алдына отырып хат жазды.

 

ХАТ

Құдіреті күшті Құдай!!! Әбден шаршадым.

Сенерім қалмады. Жәрдемдесші маған... Мен де

бір сенің құлыңмын ғой. Барлық талаптарың

болмаса да, барынша дұрыс, таза жолда жүрдім.

Адал өмір сүруге тырыстым. Харам еткен нәрселеріңнен

қашық болдым. Маған жөні түзу жар

кездестіре көрші. Жан-тәніммен оны асыға күтемін.

Тілегімді қабыл етші...

 

Үлкен хрусталь құмыра «шңң» етіп дыбыс шығарды.  Дариға жалт қарады.

Басындағы орамалын шештпеді.

Ойланған қалпы хатын бүктеді.  Сүйретіліп барып, бос құмыраға алғашқы хатын салды.

 

СОҢЫ