103
Қырғын күлкі адамы
(Ювеналды памфлет)
Ұйқысын аша алмай жатқан депутатты әйелі жұлқылауда.
- Кешігесің, тұр енді. Жұмысыңа барып ұйықтайсың.
Депутат жұмысқа барып ұйықтай беруге болатынын есіне келтіріп көзін жыпылықтатып жатты да, қонжиып барып көтеріліп отырды. Телефонын ашып еді «туған күн бе, туылған күн бе?» деген талас-тартысқа толы мақаланы сайттан көріп қалды да, сол сұрақ ұйқысын келтіріп, санасын бітеп құлап түсті. Қайта оянып парламенттегі біреуге неге кешіккенін айтып ескертіп қоймақ болып төсектің оң жақ басындағы тартпаны ашып еді, көнесі, жаңасы бар үш телефон ағараңдап жатты. Біреуін таңдап алып қоңырау шалып еді. «Телефоныңыздың бірлігі жоқ» деген сөз естіліп етбеттеп алып апыл-ғұпыл каспий платежи ашып бірлік салды. Бір кезде барып жаңа киген көзілдірігін шешіп, жанып-сөнген телефон бетіне манарып қарап тұрып қалып:
- 10 жыл бойы бірлік салмаған тастадым деген сим картам мынау. Ха-ха-ха... Сим картам байғұс жатқан орнынан бір аунап түскен шығар!...
Сол кезде жаңа телефонына байыппен жазылған үкімет хаты келіп түсті:
- Сіз Жосалыға іс тексеруге баратын 8 өкілдің қатарына қосылдыңыз. Түстен кейін сағат 14:00-те ұшақ көтеріледі. Билеттеріңіз рәсімделуі үшін құжат көшірмесін көрсетілген почтаға жіберсеңіз.
Бұлар Байқоңырға қоңып, жеңіл көлікпен Жосалыға жеткеде қауқылдап қарсы алып жүгіріп жүрген баспа сөз хатшысы:
- Жосалы бойынша ең алғаш болып фейсбук ашқан менмін. Сондықтан, мені баспа сөз хатшысы қылып жіберді, -деп мәз болды. Депутаттар күлейін деді, ыржиып барып салауат сақтау керегі естеріне түсіп мамырлап тоқтай қалды. Бұл депутаттың ең басты адам екенін байқап қойған хатшы мұның қасына келіп кимелеп:
- Алматы күндері, Атырау күндері деп Астанада өтіп жатады ғой. Сол секілді Астанада Жосалы күндерін жасасаңыз. Себебі, біздің әкім Астананы қатты көргісі кеп...
Әкімдіктің ішінен жасалған музей қабырғасына келгенде таяғын ұстап дайын тұрған әйел самбырлай кетті:
- Асанқайғы атамыз Жерұйық іздеп жүріп біздің қасиетті Жосалыға келгенде, -дей бергенде депутат осы бір жаттанды сөзді жақтырмай:
- Жерұйықты неге сонша іздеген? Нақтылы адресі бойынша бара салмай, -дер сылып еткізді.
Енді көне бір қылыштың тұсына келгенде, таныстырушы әйел:
- Бабаларымыздан қалған құнды мұра. Қанға малынбай соғылған күйі сақталып бүгінге жеткен, бірде-бір жоңғарды өлтірмеген, ары таза қылыш, -дегенде, депутаттың арт жағында өкшесін көтеріп, мойынын созып кимелеп қарап тұрған жас өкіл:
- Қылыш сонда «арым таза» деп тұрма дегенде депутат жақтырмай қарасада, қалған өкілдер ду күлді. Ас-тағам мәдениеті қабырғасын келгенде алдынан шыға келген әйел депутаттың жас күнінде жүрген көп қыздарының бірі екен. Ауызына басқа сөз түспей қалып:
- Қазір кіммен жүріп жатсың, -деп қалғанда әйел бақырайып ештеңе айта алмай тұрып қалды. Хатшы жүгіріп жетіп келіп:
- Бұл кісі Қаракөз ханым, ұлттық тағам пісірудің шебері, - деп үстел шетіндегі шашыраған тарыны алақанының қырымен қаққылап жинай бастады. Тамақ көрмесінің орта тұсындағы апай ойыншық жыланың басын тәрелкеге сүйеп қойып:
- Қазақ міне үйге жылан кірсе алдына ақ құйып былай шығарған, -деп сүт тамыза бастағанда, терлеп, мазасыздана бастаған депутат маңдай терін бір сыпырып жіберіп:
- Жыланға құйғаныңызды сауған сиырыңыз көрсе, бүйтіп жыланға беретініңді білгенде бұзауыма емізе салатын едім ғой демей ме, -деп шеңк-шеңк етіп күлді. Әйел депутатқа ештеңе дей алмай ыңғайсызданып томсарып қалды.
Бұл кісілердің біріне балмұздақ оратып алып, ысыққа шыдамай еріп бәтіңкесінің ұшына тама бастаған балмұздақты көтеріп:
- Балмұздақ «күннің ыстығ-ғ-ғы ай деп еріп кетіп жатыр, -деп көмекшісіне бір көзін жыпситып күліп алды. Көмекшісі көзін сығырайтып, күлімдеп қойды. Баттасқан бояулармен табиғатты, талдарды сызған, орташа суреттерін көгерген бірнеше оқушы тұр.
- Міне, депутат мырза, ауданымыздың балалары да өнерлі, талапты.
Депутат картинадағы өзен жағалауындағы қолтырауынның оң жақ аяғынан ұстап тұрған бейнеге сұқтана қарап:
- Қолтырауынды батпаққа батып кеткен жерінен сүйеп шығарып алып жатсыңба, -дегенде бала тақ ете түсті:
- Ол онсызда батпақта, шалшықта жасамай ма? Мұнда ауланған өлі қолтыырауын, -деді.
Енді бұлар аяңдап, арызын, ұсынысын айтуға жиналған, қақпа алдында күтіп тұрған бұқараға қарай жүрді.
Бұрыштан бұрыла бергенде шашы ұйпа-тұйпа шал бірінші көзге түсті. Шалға сұқсия қараған депутаттың көзін байқап қойған хатшы:
- Ипотекаға үй алған кісі ғой. Шашы содан ұйпа-тұйпа болып кетіпті, -деп айтуы айтып алсада, депутат қыжырая қалама дегендей «деп естідім» деген сөзді жұмсақ айтып ақырластырды.
- Өзің қайдан боласың, ей, бауырым?
- Кірпіні білесіз ғой.
-Иә.
- Бұл жердегілер кірпіні кірпі деп айтса, мен кірпіні кірпікшешен, кірпікшешем деп толық айтатын жерден келгем, -дегенде депутат түсінгенсіп құр езу тартты да, кірпкіден кейін жалғанып тұрған сөзді ойлап жетіп, бірер секундтан кейін кешігіп күлді.
Шашы ұйпа-тұйпа, қырған сақалы ағарып қайта тебіндеген шалдың қолына ұстап алған телефоны бір қарағанда он жыл бұрынғы айфон 5 деген түріне ұқсап кетті де, депутат:
- Бір жақсысы, айфон он төртісі шықты, -деді ауылға жаңалық жеткізгісі келіп, технология жаңалықтарынан хабардар екенін білдіріп.
Қарт түсініңкіремей:
- Жақсы болған екен. Аман-есен шықса болды, қашан сотталған адам еді, -дегенде депутаттың тілі тамағына тығылып сөйлей алмай қалды.
Жездесін көруге асыққан балдызы жеңіл көлікпен енді жеткен еді. Депутат жездесінің Қызылордаға бұрылмасын біліп өзіне жеке айтатын өтініші болған соң алып-ұшып жеткені осы.
- Па, па, па, мынаны қараңдаршы, ха-ха-хах-ха!..
Бүктетіліп күліп келе жатқан қарсы алдындағы балдызы жақындағанда:
-Төп-төртбұрыш, көкпеңбек көзілдірігіне қараңдаршы, екі телевизорды өшіріп көзіне киіп алғандай.
- Үй-й, сендердің мына Қызылордаларыңда бір орында тұруға болмайды. Топырағының құнарлылығы соншама, жерінің қыста да жып-жылы болып тұратыны бар. Сондықтан, Қызылордада бір орында тұрсаң тамырланып, ағаш болып көктеп кетесің. Бір орында тұрмай жүріп жүру керек. Астанаға, Алматыға жұмыс істеп, базар ашып дегендей...
- Па-ха-ха-ха-хах...
- Мойыныңда салбырап тұрған күлгін ала мойыншағыңа қарасам, оқушыныкіндей ғой. Бұл енді сөзсіз тегін келген галстук қой, -деп иықтаған қағып сақылдап күліп, -той-томалақта иығыңа аса салған, -деп бітірді сөзін.
Амандасудан соң, балдызы оның төртбұтыш қызыл көзді жүзігіне телміріп, жездесі ол телмірген сайын саусақтарының ұшын пианиноша былқылдатып басып тұрды да, балдызы шашын сілкіп жалт қарап іргеде тұрған қазақи жүзіктің қатырылған үлкен мүсінін көрді. Қызылордада мұндай қатырылған жүзіктер толып тұрады.
- Көшедегі үлкен жүзікті тағып алшы, Алтынай, -деп иығынан түсіп бара жатқан шарфысын ұстаған күйі жапырласа күліп, - әуелі шарфыңды мойыныңа салып ал, мұнда сыйлық, мынау - сенікі. Көрдіңбе, -деп қатырма жүзікті нұсқап кеңкілдеп әрең тоқтап. Сол кезде тістерінің ішінен жалғыз алтын тісі көрініп шыға келді.
- Депутат мырза, хатшы, тамақ пісіп қалды деп жатыр ватсапта жазып, -деді ұйымдастырушылапдың бірі, - Тезірек үйге кірейік.
- Иә, кірейік, -деп шашын желп еткізді депутат.
- Мә-ә, палаудың үстіне салғандарың не дөңкитіп?
- Желке, -деді балдызы бәрінен бұрын тіл қатып.
- Желке?
Тағы да шашын желп еткізіп балдызына қарады.
- Күйеу балаға желке тартатын жосын.
- А-а, - Таңдана шашының ұшын селкілдетіп, -сондай да жосын барма бізде?
- Мә-ә, мына балдызым өзінің желкесін бере салған екен. Қарашы, шәй құюшы келін, балдызымда желке жоқ, иегі төсіне тиіп тұрады. Бітеу мойын.
Шәй құйып отырған келіншек екі-үш саусағымен ернін көлегейлеп сыңқылдай күлді.
- Қызылорда, пах, пах! Сендердің күріштеріңді-ай! Қа-а-а, Қасықты жақындатсаң күріші таңдайыңа өзі секіреді, -деп шашын желпілдетіп балдызының төңірегіндегілерді тағы бір ду күлдірді.