Жылдың үздік сатирасы
93

Төреғали түс көрді.

(Фельетон)

Төреғали түс көрді. Таңғы ас үстінде бетін сипалап, қолдарын уқалап, мыж-тыж боп отырып:
- Мен түс көрдім, жандарым. Түсімде Толқыным екеуміз – қара, өзіміздің кәдімгі қара Lexus-пен жүйткіп келеміз. Арт жағымнан бір сұры қол сусын берді, ішіп жіберсем аузымды күйдіріп барады, сырты сұры күмістей 40 пайыздық Онегин екен.
Бетімді ауызымды ыстық күйінде сипалап қызарып кеттім. Сол кезде әлгі сұры қол:
- Тынышталасың, -деді де шөп берді. Көкнардың өзі, кеңсірігіме тақап бір иіскеп жіберіп, соны шегіп ем жағам жайлауда, көңілім тынышталып, әйеліммен соншама бақытты екенім басыма келіп еліріп айхайлай бастадым. Бағдаршамдардың жанынан тепкілене өттім. Музыка деген даң-даң... Жан-жағым улап-шулаған дауысқа айхайға, полицей көліктерінің көгілдір жарқылына толып кетті де, көлігімді көліктерімен жан-жақтан қысып ролде отырған мені екіқабат Толқынның шыңғырған дауысына қаратпай аяғымнан сүйреп ролден жұлып алып сыртқа шығарды. Айхайлап тыпырлаған мені төменге қарай сүйреп, суырып алған соң тас еденде екпеттетіп, қолдарымды матап, жауырынымнан басып алып кетті. Сол кезде күйеу баласы Ернармен бірге төркіндеп келген томпақ, кіші қарындасы Дина:
- Бүгін не түс көрдіңдер. Түс айтайықшы. Аға, мен де саған қатысты түс көрдім. Түсімде енді нақты сіз көргендей емес. Бірақ, басқаша. Сізді бәрі кіналап, ұрсып телевизор, фейсбук, инстаграм, ватсапқа дейін шулатып жатыр екен. Миллиондаған жұрт бәрін санасаң. Көшеге шықсам, шешеміздің көшеге жайып қойған қызыл ала кілемін адамдар аяқ киімін шешпей кірлете басып жүр екен. Мен қызыл ала кілемнің басына шықтым да: «Бүкіл әлем қарсы шықса да, мен туғанымды соңғы деміме дейін қолдаймын! Кім не десе де, аяқтан шалса да Құдайдың оған берген духы мен мінезін тартып аласыздар ма? Қолдарыңнан басқа не келеді? Қазақтың басқа мәселесін шешу ма? Жо-о-о-оқ... Ары қарай ашып дым айтпай-ақ қояйын!Мықты болсаңдар! Тілімді қышытпай отырыңдар» деп айхай салдым. Ызам келіп өзімді баса алмай әрең тұрмын. ол сөзді қалай айттым, тілім тіпті қыши түсті...  Менің айхайымнан соң адамдардың бәрі қағаз сурет болып қатып тұрып қалды да, төбеме су құйылғандай мұздап қарап тұрып қалдым.
Үйде өстіп әңгіме айтып отырғанда терезеге шарт етіп ұрылған бір әппақ құс саңғып кетті. Қарындасы жүгіріп терезе ашып қараса «шегіп алған халық па, ағаң ба?» деген айхайлар естіле бастады. Бұл дауыстарды отырғандардың бәрі анық естіді.
- Түсімізді елдің бәрі біліп алған. Көшедегілер бір түрлі қарайды.
Америкадан үлкен қарындасы Фариза хабарласты, күйеу баласы Дархан да сәлем жолдап жатыр. Оның телефоны жабыла бере, Төреғалидың әйелі
- Мен де түс көрдім. Барша әлеммен екеуміз атысқалы жатыр екенбіз. «Бүкіл әлем жарыма қарсы шығып соғыс ашса, артында тұрып оғын алып беремін» деп жатыр екенмін дегенде, терезенің ары жағынан екінші шуыл көтерілді. Бұлар жапырлап келіп төмен қараса 30 мың, 40 мың барма екен, бұқара лық толып жиналып алыпты. Көліктер жүре алмай қалған.
- Бүкіл әлеммен екеуің соғысасыңдар ма? Сенде шеккенсің-ау, -деп екі баласын қолтығына қысқан еркек айхай салды.
- Артында тұрып оғын алып бергенше, тура жолға түсіргенін абзал, елге зияны тигенде не болар еді, -деп жайнамазын құшақтаған әппақ көйлекті әйел сөзін салмақпен бітірді.
- Артында оғын алып беріп тұрам дегенше, Алладан амандығы мен әлемнен кешірім сұраймын дегенің дұрыстау, - деді көзілдірік киіп, шашын түйіп, машинасының есігін ашып, сыртқа қарай аяғын салбыратып отырған әйел.
Әйелімен қатар қарап тұрған, көгілдір галстукты, ақ жейделі бойшаң кісі  линзасын қозғап қойып:
- Оғын емес, дәрісін алып бер, -дегенде бұлар шыдамай терезені жаба қойды да, ішкі бөлмелерге қарай қаша бастады. Қашып бара жатып қатар орнатылған екі терезеге қараса екеуі де қалың нәсихат, ызалы сөздерден бояу шашқандай қып-қызыл болып қызарып кетіпті.