7365
ХХІ-ші ғасырға құлдық!
Өткен ғасырға өкпеміз қарақазандай болғанмен, ғасыр соңында ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы атып таңымыз айрыла шаттыққа бөлендік емес пе. Бұнымыздан айрылта көрмесін, тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!
Енді міне, іле-шала жаңа ғасырда айқара есігін ашып, біржола құшағына орап алды. Басқаны қайдам, өз басым өрем жеткенше осы құлдық ұрғызған ХХІ-ші ғасырдың қадір-қасиетін қамшылап өтейін.
Алдымен айтарым, жас келіп жасамыс тартқанда мынау үбірлі-шүбірлі немерелерімді бағып-қағудан құтылғаныма құлдық! Бұрынғы біреуі мойнында, біреуі арқасында, қалғаны жетегінде ілініп-салынып еңкіш тартып кетіп бара жатқан бұрынғы әже-апаларды көз алдыма келтіріп еңсе езіліп жүнжіп бітуші едім... Қазір рахат, балабақша деген мекемең оларыңды қаракешке дейін қамап ұстап, кешке келін-ақ көлігімен зыр еткізіп әкеле қояды. Иіскеп мауқым басылмай-ақ таң атып олар тарыдай шашылып баратын жеріне тайып тұрады... Е, өстіп қолды ұзартқан ғасырыңа тәуба деп отырған кемпір-шалың бір біз ғана емес.
...Бұрынғының кәртайған шал-шауқаты келін баланың қас-қабағына қарап қағажу көрмеуші ме еді... Қазір рахат! Айналайын зейнетақының арқасында, әсіресе екі қолға бір күрек табылмай отырған ауылды жерлерде алшаң басып асыға оңынан түсіп жүргендерде бар. Тегі кері кетіп керги қалған бала-шағаға тап келсең, жиған-тергеніңді өңгер де айналайын қарттар үйіне тайып тұр... Онда да тек зейнетақыңның бөлшегін бөліп бере қойсаң – төсегің салулы, төрт мезгіл тамағың тартулы, ал басыңдағы үйіңді өткізіп берсең – сенен өткен сыйлы пенде болмай, уайым-қайғысыз қартая бер.
...Е, иә, ақшаң болса талтаңда да талтаңданың заманы туды. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннің уақыты келген кезең. Арыңды сат, көзін тап – тек қаражатты қампитсаң болды – күнің туады, көзің ашылады, көңілің көкте, өзің өзен-көлде армансыз шалқалап жатасың... Қазір миллиард жеп он жылға, жарты миллион қылғытып бес жылға сотталып кете бару екінің бірінің асқақ арманы... Бұрындары – сотталу, әсіресе қазына қаражатын жымқырып істі болу өліммен тең болды емес пе... Ол қорлықты да бастан өткеріппіз.
Жаңа ғасырға құлдық, ағыл-тегіл ақшаң болса төбедегің түгенделеді! Ақшаң болса, сәл өнерге бейімің болса болды – күндіз-түні теледидардан түспеуіңе болады. Әрі кетіп әуелеп аспандағы жұлдызға теңеліп теңселіп шыға келуің ғажап емес!
...Жымқыру демекші, біздің ел бұл жағынан әлемдегі ондықтан ойып тұрып орын алыппыз. Е, иә, премьер-министріміз де істі болып, ақыры айналайын ақшаның құдіретімен көп өтпей-ақ босап шықты емес пе. Олар айтады, ақшаң болса түрмең түнек емес, алшаң басып уайым-қайғысыз күн өткізер пейіш дейді.
Баяғы ақша... ойпыр-ай, көл көсірдің арқасында ата-бабасын түгендетіп қыш кітап шығарғандарда жетіп артылады. Ескерткішің не, көше бұйыртып, бүткіл бір ауыл атын алтын әріппен ата-баба атына жаздыртып жазмыштан оздыртып ойып тұрып орын алды емес пе.
...Жаңа заман – талант, білімің бес тиындық бақыр, тек жоғарыда жоталы көкең болса болды бағың жанып базарың орнайды.
...Осылай-осылай қарағым, ХХІІ-ші ғасырға құлдық ұрып барамын! Менің өрем жетіп желдей есіп айтып өтпегім осы. Сенің де делбезең қозып қосып-аларың боларына сенемін. Яғни сенде, менде бұл ғасырға құлдық ұрамыз!
...Е, иә, айтпақшы – алдыдағы ХХІІ-ші ғасырда өмір сүретіндерде тіптен арман болмайтын шығар... Әттең сол ғасырда ғұмыр кешер ме еді-ай!..