8118
Қызыл торсық
Бала кезімде әкемнің артына міңгесіп, шөп шабуға барушы едім. Әкем торы аттың алдына тартпаны тіктеп немесе айыр, тырманы көлденең ұстап отыратын. Қанжығаның бір жағында тамақ салынған қап, екінші жағында күнге бояуы оңған торсық аттың жүрісін қайталап таңқылдап келе жататын. Шөпке шықсақ су құятын, жайлауға шықсақ қымыз, қыс бойы сүт таситын—кәдімгі торсық. Жолай сылдырап бұлақ ағып жатушы еді. Бұлақ ән салып отырып, қолаң шашын өретін, өз әніне өзі тамсанып билеймін деп маңдайын тасқа соғып алып жататын. Ақкөңіл бұлақ жаңа ғана тасқа ренжігенін лезде ұмытып қалатын еді, оны ұмыттыратын жан-жағындағы жайқалған шөптердің былдыры. Шөптердің қолдары бұлаққа жетпейтін еді, сол кезде самал жел шөптердің белін ары-бері иіп қозғайтын. Шөптер бұлақтың күні бойы салған әнінен құлақтары тұнып, бастарын салбырататын. Ал бұлақ болса аспанның көкпеңбек көзіне қарағанды жақсы көретін. Бұлаққа қолдары жетпеген шөптер шықтармен беттерін жуғаннан аса алмай, көздері талып жұмылатын.
Әкем бес литрлік торсықты қолыма ұстатып, бұлақтан су толтырып кел деп, мені аттан түсіріп өзі шалғы шыңдау үшін қосқа асығушы еді. Қос дегенім, бір тамшы су өтпейтін, жауын тамбайтын қарағайдың бұтақтарының асты, қолшатырын жайған қарағай бір қозғалмастан бізге қызмет етеді.
Аюбалдырғаннан дайындап алған шүмекті тастың үстіне қойып торсыққа су толтырамын. Балдырған шөптен сыбызғы жасап, бойың әзер көрінетін шөптің арасында тұрып, айсара аспанда ойнақ салған, шолжаңдап билеген бұлттарға жауап ретінде сызылта күй ойнап, тіпті ән шырқап берсең де болады, бірақ шөп науқаны сенің еркелігіңді көтермес. Сыбызғы тартып толғанып жататын кез емес, дәл қазір торсықты барабан етіп таңқылдатып, бойыңа қайрат-жігеріңді, күш-қуатыңды жиятын кез. Жолда шыршадан шыршаға секірген тиіндерді қуып жүремін деп, су толтырып қойған торсықты бойыңнан асатын шөп арасына жоғалтып, әзер тауып көтеріп келемін. Әкем тау суын мейірі қанғанша жұтып, тартпасын иығына асып, шөп шабатын алаңқайға жеткен соң екі алақанына түкіріп ысқылайды да, іске кіріседі.
Әкем шабылған жолақтың басында тұрған маған жақындайды. Шабылған алаңқай желке жағын тақырлап, кекілін бір жағына қайырып қойған, шашын шаштаразға қиғызған баладай. Әкем қарағайдың көлеңкесіне дем алып отырып:
-Әкел, суыңнан,-дейді. Су құйып беріп, әкемнің су ішкенін қалт жібермей бақылап тұрамын.
-Торсықты қайттің?
-Торсық жол бойы таңқылдап, «шөптеріңді қашан бітіресіңдер» деп шаршады. Біз оған жауап бермедік. Бұтаның түбінде ұйықтап алсын деп үстіне күпәйке жауып қойдым.
Әкем менің әсірелегеніме езу тартып күледі, сосын темекісін асықпай тартып алып, сергек қимылмен шөп шабуға кіріседі.
Сол қызыл торсық ыдыс болса да, бала кезімнің куәсі. Аптасына бір рет Катонда тұратын Әлағамның үйіне торсықпен сүт тасимын. Әлаға дегенім Қасымбектен кейінгі екінші ағатайым, аққұба келген, жылы жүзді, сегіз қырлы, бір сырлы, өзі—ақын, өзі—мұғалім.
Шашын екіге қақ жарып, бұрымы тастай етіп өрілген қара қыз таңертең торсық тола сүтті көтеріп, оқушыларды аудан орталығына таситын автобус аялдамасына кетіп бара жатады. Кішкентай күнінен мойын ағашпен су тасып үйренген қызға торсықтың ауырлығы бұйым емес. Автобуста түрегеліп тұрып заңғар Алтайдың қарлы басынан көзін айырмай, биіктік пен аласаның ортасында аудан орталығы Катонқарағайға келіп жетеді. Үйден қарыс қадам аттамаған қара қыз үшін Катонқарағай деген ертегідегі шаһардай. Асфальтталған көше Арман шаһарына бастап келе жатқандай көңілі көкке көтеріледі. Түп-түзу көшенің бойындағы үйлерде басқа әлемнің адамдары тұратындай, өзі де бес күн бойы басқа әлемде өмір сүретінін ойлап, мысы басқан көп қабатты үйлерге қызыға қарап тұрған кезде автобус бұрылып, сүт толған торсық бір жағына жантая жығылады.
Басқа қыздар екі-екіден сыбырласып, үлкендеулері қастарын керіп, құпияларын айтысып тұрғанда мен кемпірлер сияқты сүтіме ие болып, аяғым әзер жететін автобустан мықшыңдап түсіремін. Қолыма торсық ұстағанымды білдірмейін деп, ауырлық бір жағымды тартса да, бойымды түзеп, торсықты мектепке көтеріп кірем. Мен ауылдан сүт апармасам Әлағамның алты баласы аштан қалатындай, өзімше қамқор қарындастың ролін ойнаймын. Шындап келгенде, шешем «сен келгенше көйлек тігіп қоямын, өрнек салып қолғап тоқып беремін» деп әр апта сайын алдаусыратып қоя беретінін сеземін. Мендей қайтпас қайсар қалайы қызды көндіруді айтсаңшы. Жасым он екі-он үшке келіп сүйегім өсіп, көйлектерім симай, қыпша бел Раушан әпкемнің киімі дәл келмей қалған жасөспірім кезім ғой.
Алты сабақ бітіп, Әлібек ағам алып кеткенше қызыл торсық партамның астында тұрады. Ағамның жанында томпаңдап қарындастық міндетімді атқаруға мен кетіп бара жатамын. Маған Әлағамның немесе орыс тілінен сабақ беретін Мадина жеңгемнің қолынан ұстап мектеп ауласынан бірге шыққан ұнайды. Әсіресе, соңғы сабақ бітпей жатып сыныпқа кіріп, апайдан «Назымды алып кетейін» десе, мен үшін мәртебе, біздің сыныпта ешкімнің аға-жеңгесі мұғалім емес. Әншейінде солдатша қимылдайтын мен асықпай жиналамын: бір демде қаламым да жерге түсіп, сөмкем де жабылмай қалады. «Мен ауылда емес, енді Катон-қалада тұрамын» дегенді қанатын жайған бантигімнен-ақ білуге болады. Бес сағат бойы оқушылардың шуылынан құлағы тұнып, тілін жұтқан торсық осы сәтті күтіп тұрғандай, есікке қарай томпаңдай жөнеледі. Томпаңдап келе жатқан торсық емес, кеудесіне піскен наннан аяғын санап басып келе жатқан қара қыз.
Ағам торсық тола сүтті көтеріп алға түседі, кең көшені тарылтып жеңгем екеуміз артта жүреміз. Мен жеңгемнің қолынан ұстағым келіп, енді бірде шиыршықталған плакатын ұстап жүрсем бе, әлде жолда жерге түсіріп аламын ба деп ойлап, өз-өзімнен қысылып, терлеп келе жатамын. Жеңгем «Үйдегілер қалай?» деп сұрайды. Бітті, сол жерден бастап мені тоқтату мүмкін емес: әкемнің демалыс күні ауылдың сиырларынан анализ алғанын, сол жерге аяғыма балшық тигізбей бес рет барғанымды, анамның кеше көрші ауылға бата жасағанын, әжеміздің зейнетақы алған соң, үлкен ағамның үйіне кеткенін, арасында бір сиырдың су алғанын да ұмытпаймын. Үлкендерден не естимін, қаз-қалпында жеткіземін. Жеңгем арасында «Мен туралы апаң не деді?» деп сұрағанда, көзім жыпылықтап, басқа арнаға ауыстыра қоямын. Есеп бірде-бір, жеңгемнің апам туралы айтқанын да үйіме жеткізіп бармаймын.
Аға-жеңгемнің үйіне келе сала қызыл торсықтың да, менің де ішіміздегі желіміз босайды, кеудемізге піскен нанымыз суиды. Торсықтың ішіндегі сүт көк тегешке аударылады, ал мен мектеп формамды шешіп, бойжеткен әпкелерімнің мендей кезінде киген, маған арқасы тарылып қалған сары барқыт көйлегімді киіп, тамақ ішетін үстелге отырамын. Қатты қимылдасам үлбіреп тұрған жеңі дар ете түсетінін біліп, байқап қимылдаймын. Шешем өзіне симай қалған жап-жаңа лавсан көйлегінен маған шақтап көйлек тігіп қоямын деген. Апам көйлек тігіп берем демесе де, бір аптаға сүп-сүйкімді немере сіңлімді қарауға келісетін едім, кейде осылай бәлсіне қалатыным бар. Апам әжеңе тартқансың дейді, қайдам, Қалимаш әжемдей ел анасы болу қайда? Қалимаш өз әжем ғой, ал мені неге Нұрдаш дейтіндері жұмбақтау. Нұрдаш апа менің кіндігімді кесті ме, аузыма түкірді ме, кім білсін? Естуімше, Нұрдаш апа—көпіріп көп сөйлейтін сөзуар кісі дейді. Егер Нұрдашқа тартсам, ертең жетпіске келгенде қандай кемпір болады екем, сол жағы сәл жұмбақтау.
Осы апта күтсем, келесі аптада әпкелерім мендей кездерінде киген сары барқыт көйлектен құтылып, жеңіне фонарик салынған, екі иығыма екі қанат бітіретіндей жаңа көйлек киетінімді ойлап отырып, алдымдағы ботқамды жеп аламын. Ботқа дегенді осы жақта ғана жеп көріппін. Сөйтсем, ботқа сүттің жауы екен. Анашымның күнара жасайтын кеспе көжесін уақытша ұмытамын.
Қызыл торсық бір апта бойы істейтін жұмысы жоқ, есік жақта бос тұрғандықтан, менің тамақты қалай жегенімді, қомағайланбай аузымды жай ашқанымды, котлетті шанышқымен бөліп жемей қолыммен аузыма тыға салып ұялып қалғанымды, мәдениеттілікке үйреніп келе жатқанымды, сыпайылық сақтаймын деп қарным ашқанын қалт жібермей бақылап тұрады.
Арасында қызыл торсық ауылдағы ата-анасын сағынып, шашы бұйраланған, екі ұрты томпайған бір жасар бөпесімен бірге жылап отырған қызды аяп, өз қақпағын бұрап, бұрап қоятын. Торсықтың қолынан басқа не келсін? Ойыншық болып кетсе ше, доп болып домалап бір жасар Алтынайды күлдірсе ме екен? Әлде даңқ-доңқ деп барабан қағып бере ме? Шар болып үрленіп, балапанның көңілін аулар ма екен, екі ұртын қаққылап, қақпағын тақылдатып билеп берсе ме екен? Жо-жоқ, атай көрме, торсықтың қолынан сүт тасудан басқа ештеңе келмейді.
Жұма күні босаған торсықты алып қайтатын күнім. Ол күнге он екі жасар қыз бен жасын білмейтін қызыл торсық әбден дайындалады. Түске дейін Алтынайды бір жылатпай ойнатады, жеңгесінің жасыл көйлегін киіп, сықырлауық орындыққа шығып алып Қырмызы апайына ұқсап «Елігім-еркемді» шырқайды, Әлағасына ұқсап домбырамен ән айтады. Ал қызыл торсық болса екі құлағын елеңдетіп, екі көзін терезеге салып, сырттан біреу кіріп келіп, томпақ қыз ұялып қалар ма екен деп орнынан қозғалаңдап қояды. Әйтеуір, концерт аяқталып, торсық «Уһ!» деп дем алады.
Қызыл торсық жуа-жуа қуарып, күнге күйіп ашық күлгін, ортасы қызғылтым болып қалған. Түбіне көзі түскендер ғана торсықтың бұрын қызыл түсті болғанын байқайтын еді. Торсық есік жақта тұрып, томпақ қыздың жеңгесінің де жаңадан түскен кезде тым әдемі, өте сұлу болғанын есіне алады. Есіктің алдында ұзын столда той болған, қызыл торсық қымыз құйып алып, торы аттың қанжығасындағы қапта бүлкілдеп, ашуын әзер ұстап келген. Стол жағалай отырған адамдарға қымыз құйып болған соң, бос торсықты біреу теуіп кеп жіберген. Сол кезде торсықтың көзінен оты жарқ ете қалып, «доңқ» деп дыбыс шығарған. Көз жасын ішіне жұтып жатып жаңа түскен келінге қарады. Қарады да көңілденіп сала берген: үлбіреген сұлу келіншек бұған қарап отыр екен. Келіншек тез көзін тайдырып әкетті, бірақ торсық өзінің қып-қызыл болғандығынан көзге түсіп қалғанын білмеді. Сол жерде сұлу келіншекке қарап жатып ұйықтап кетті.
Келіншектің мөлдір жанарын қазір мұң торлаған. Қызыл торсық кейде сол көздің ішіндегі мұңды өз ішіне қасықтап құйып алып, көшеде ағып жатқан арыққа төккісі келеді. Кейде осы үйдегі жігіттің кеш келетін жолын тосып жатып, басынан «доңқ» дегізіп қойып қалғысы келеді, күтіп-күтіп босағада ұйықтап кетуші еді торсық. Тек «Қайда жүрсің?» деген келіншектің дауысынан оянып, ұйқысы шайдай ашылады, қайтып ұйқысы келмейді.
Сүттен босаса да, бір апта жан-жағына жалтақтап шаршаған торсықты партамның астына әкеліп қоямын. Іштері пысқан балалар қарап тұрсын ба, үзілісте торсықты доп етіп ойнайды. Жеп-жеңіл торсық-доп партадан партаға даңқ-доңқ етіп ұшады. Есіктің көзінде, партаның астында тұрғаннан гөрі аспанға ұшып, армандаған торсық бір жетісіп қалады. Сонда деймін, торсық екеш торсық та даңқ іздеп ұшқаны ма?!
Бір күні оқушылар доп-торсықты бір біріне лақтырып ойнады. Мен екі ортада «әкел, әкел деймін, бер өзіме, Галина апайға айтамын» деп тәлпіштеніп бәрін қуалап жүргемін. Торсық-доптың артынан жүгіремін, қолдан қолға ұшқан торсық жеткізсін бе, мен де желігіп, оқушылардың назар аударғаны ұнап, күлмейтін жерде күліп, айқайламайтын жерде айқайлап, осының өзі қызық көрініп, тіпті торсық болып кете жаздап, торсық болып ұшайын десем аяғым жерден көтерілмей тұрған.
Галина апайдың жетекші екені, менің сабақты жақсы оқитыным, Қабырға-ауыл, Катон-қала екені бөлек әңгіме. Ал қазіргі әңгіме бейшара торсықта. Бейшара болмай қайтсін, әлгі «даңқ-доңқ» деп ұшып-қонып жүрген торсықтың аузы ашылып кетіп, ішінен ашыған сүт доп ойнап тұрған балаға шашырап кетті. Бес күн бойы есік жақта сүмірейіп тұрған торсық, әбден ашуын ішіне жиған ба, ашыған айранның қышқыл иісі сыныптың ішін алып кетті. Бәрін құрттың-ау, Назым! Тәлпіштенген, партаның ортасында жүгірген, фонарик жеңді лавсан көйлек киемін деп желіккен түрің осы ма? Осы торсықтың арыз айтар аузы жоқ. Өткенде жеңгең «Назым, торсықтың ішін сумен шайып қойшы» деді ме, деді! Ал сен Қабырға-ауылда емес, енді Катон-қалада тұратыныңа масаттанып, алдағы аптада киетін фонарик жең салынған, лавсан көйлегіңді армандап жүріп ұмытып кеттің!
Шашын екіге қисық жарып, екі бұрымын бұрап өріп алған, фонарик жеңі бар лавсан көйлекті армандаған қыз торсықтың аузын әзер тауып бұрап, есік жақтан шүберек әкеліп айран болып ақтарылып жатқан жерді сүртті. Қолын қайта-қайта жуып, араға уақыт салса да, беті қызыл ала торсыққа ұқсап алабұртып, достарына сыр білдірмей бантигін дұрыстап таққан боп тұр еді, қоңырау шыр ете түспесі бар ма? Әншейінде қоңырау дауысына мән бермейтін қыз жүгіріп барып қоңыраудың ортасындағы сары жез домалақты сүйіп, сүйіп алғысы келді. Адамдарды қысылтаяң кезден құтқаратын көзге көрінбейтін домалақ жез темірге айналып кетсе ғой! Әлде қоңыраудың дауысына айналса ма екен? Тапты, тапты, қоңыраудың дауысына айналады, ешкімге көрінбейді, бірақ қатер төнсе, елді құтқарады. Елді құтқармай-ақ өзіңді құтқарып алшы, қара қыз! Бірақ, неден құтқарады? Жаудан ба? Жау қай жақта, түк түсінсе бұйырмасын.
—Неғып түрегеп тұрсың, отырсаңшы,—деген Гүлнар апайдың сөзін естіген қыз орнына отырды, әдебиет сабағы екеніне қуанды, сол кезде өз ішінен сыңғырлаған қоңырау даусын естіді. Қоңырау дауысы бірте-бірте бәсеңдеп, жез қоңыраудың дауысы жүрегіне ауысқандай. Жан-жағына жез қоңырау болып қарады, достарының бәрі бір-бір қоңырау соғып тұрғандай, бұның соққан қоңырауына күліп тұрғандай, бұл да ыржиды.
Гүлнар апай «Қобыланды батыр» жырын түсіндіріп жатқанда, оқушы қыздың есіне мойнына қоңырау байлаған жылқылар, құлдыраңдаған құлынын ерткен бурыл бие түсті. Боз құлын көз алдында үлкейіп қос қанатты пыраққа айналыпты. Ертегідегідей, алтын жалы, күміс құйрығы бар екен. Қыз фонарик жең салынған лавсан көйлегімен бурыл тайды мініп, аспанға, ақша бұлттан асып жоғары көтеріліпті. Қолында қызыл торсық. Қызыл торсық ақ, күлгін, қызыл шарға айналады, енді бірде басына бантик болып желбіреп, бірте-бірте сәукеленің желегіне айналып барып, кемпірқосақ түзіп, күнге айналып кетеді екен.
-Сонда бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
-Жарайсың, Назым, отыра ғой, бес!- деді Гүлнар апайы.
Сол кезде ғана қыз жырдан үзіндіні жатқа айтып тұрғанын, «Қобыланды батыр» жыры лезде қиял әлеміне апарып келгенін сезді, со замат қашан қол көтергені, апайдың сабақ сұрағаны есіне оралды. Сол кезде ғана орнында ма екен деп торсыққа көз салған. Аспанда шар, жалау, сәукеленің желегі болмай-ақ, лавсан көйлектің фонарик жеңіне ұқсамай-ақ, кемпірқосақ түзбей-ақ, күнге айналмай-ақ қызыл торсық партаның астында томпайып жатыр екен. Қыздың жылағысы келді. Кірпіктерін жыпылық-жыпылық еткізді. Көз жасын көрсетпей торсықтың ішіне кіріп кеткісі келді. Қазір жылауға болмайтынын білетін ол, еңкейіп торсықтың қақпағын бұрады. Торсық қызға қарай алмай қызарып «Өз қақпағыңды бұрап жүр, мен сияқты қаттырақ бұра, тіпті басқалар доп қылып тепсе де, мен сияқты мыңқ етпе» деп тұрғандай.
Қызыл торсықтың ұстайтын жерінің жұлынып қалғанына біраз болған. Оны торкөз жіп дорбаға салып алып, бүгін кешке оқушылардың автобусына мініп ауылға қайтамын. Жолда бантик шешіп, сумка тартып, қолтықтаспаса ұшып кетейін деп жабысып жүрген қыздарды бір-біріне итеріп кететін ұлдардың әдеттері. Ондайда, торсық—қаруым. Тоқылған ұзын жіп дорбадағы торсықпен «таңқ» еткіземін. Сол кезде ішімдегі лықсып тұрған күш шығып, «таң-ң-ңқ» деген дауыс қоңыраулана санамды жаңғыртады.
Мен торсықпын ба, жез қоңыраумын ба? Егер торсық болсам, ішіме таудан аққан бұлақтың кәусар суын немесе аппақ сүтті, қымызды толтырайын, адамдар күнде ішіп тауыссын, мейірі қансын, мен керектеріне жарайын. Тек қозғалмай тұрып ашып, әлде борсып кетпесін. Ал жез қоңырау болсам... Егер жез қоңырау болсам, адамдардың ішіндегі сылдырмаққа айналамын. Ішкі сезімі селт еткенде, қоңыраулы дауыс сыңғырлап, жүрек үнін тербейді. Адамдар ішкі дүниесін тыңдағанда ғана арманына жетеді. Адамдарға керегі де осы.
Қызыл торсыққа келер болсақ, адамдар торсық сияқты: іші жуылмаса, ашуын ішке жинаса, бір орнында тұра берсе, ештеңе оқиын деп ойламаса, білгісі де келмей даңғойсып, үрленген шар болып қалықтап, доп болып домалап жүрсе іші бос дегенді білдіреді. Сенің ішіңе не жиғаныңа байланысты, салмағың да соған сай. Ертең ӨМІР қақпағыңды бұрап ашқанда, ішіңнен ашыған айран, дәмі бұзылған іркіт төгілсе, сонда ұят болады. Іші бос болып тұрып ДАҢҚ іздеу—бекер .
Торсықтың «даңқ» деген дыбысы менің ойымда сақталып қалды. Бос торсықтың жаңғырығы «басыңда миың бар ма?» деп сөгіп тұрғандай. «Басыңда ақылың болмай, даңқ іздеген неңді алған?» дейтіндей.