Жылдың үздік прозасы
403

Бақытқа апарар жеті жол

- Мама, мына сағат біздікіндей екен. Қазір ол «ку, ку» дейді.

Советхан жүгіріп барып басқа бөлмеге кірді де, тағы айқай салды:

- Мам, мам, қарашы, бұғысы бар біздікіндей кілем! Менің кереуетімнің үстінде ілініп тұрған ше!

- Иә, иә, балам. Ол кілем Есен көкеңнің де, Ұлпаш апаңның да үйінде бар.

- Кеше көшенің басындағы Ғабиттің үйіне барғанда да тура осындай кілем көрдім.

 Советхан үйде ешкім болмағанда кілемдегі бұғының көзін саусағымен шұқып, мүйізіне маңдайын тақап көретін.

Таңертең мектепке қып-қызыл галстугын аппақ жейдесіне байлай алмай әлек болып бірінші әжесіне жүгіріп барды.

- Әже, сабаққа кешігіп барам, мына галстукті мойныма байлап берші.

Әжесі галстукты қолына алып, екі ұшын әрең тауып, бір жапырақ қызыл шытты олай да, бұлай да айналдырып көрді де:

- Ана бір, төсіңе тағып алатын ортасында шабдар шашты баланың бейнесі бар бес жұлдызды белгің қайда?

- Әже, ол значоктағы Лелин ата ғой. Мен қазір октябрят емеспін! Бесінші сыныптан бастап пионерге өтемін.

- Не дейді?! Астапыралла! Баяғыда мынандай қызыл шүберекті үйде бала қатты ауырып жатқанда киіз үйдің сыртына, туырлыққа байлап қоюшы еді. Осы күнгілер оны иттің қарғыбауындай мойындарына байлап алатын болыпты. Көресіңді көрмей көрге кірмейсің деген осы!

- Әже, галстукты үйдің сыртына не үшін байлаған?

- Онысы, біз қонақ күте алмаймыз, үйде ауыр жағдай болып жатыр дегені. Мұны түсінген қонақ та ат басын басқа үйге бұрған. Қазір қып- қызыл шытты байламаса байбалам салатын бір заманға тап болдық қой, қараң өшкір! Ит біле ме, мұны қалай байлайтынын? Бар, шешеңе апар, мұның тілін бір білсе солар біледі.

- Совет, сабаққа кешігетін болдың ғой, балам. Оны неге «әжеңе апарып жүрсің? Әкел бері, өзім байлап берем.

Етжеңді анасы епті саусақтарымен шымқай қызыл шытты екі айналдырып байлай салды.

Есіктен шыға сала желкелеріне бір-бір желкілдеген қызыл желекті жабыстырған бір топ балаға ілесіп Советхан мектепке қарай жарыса жүгіріп кетті. Оның пионерге өткеніне анасының кеудесін мақтаныш кернеп артынан ұзақ қарап тұрды.   

Маңдайында «Ленин жил, Ленин жив, Ленин будет жить» деген жазуы бар мектепке кірді. Дәлізде тізіліп тұрған қауға сақал ақсақалдардың кім екенін білмесе де астында жазылып тұрған есімдерін, әдетінше К.Маркыс, Ф.Енгеліс деп тілін епке әрең келтіріп оқып өтті.

Класс сағатында күн көсем жайлы айтылып болған соң, апай, қабағын түйіп, терең бір күрсініп алды да:

- Балалар, сендер октябрятті бітіріп, енді пионерге өттіңдер. Оған өту мәселесі жиналыста жеке-жеке қарастырылады. Оң шешім қабылданған жағдайда, пионер шараға қатысқандардың барлығына салтанатты түрде уәде береді. Оның символы мойындарыңдағы – үшбұрышты қызыл галстук. 

Енді пионердің міндеттерімен таныстырып өтейін:

тәртіпті сақтау;

оқуда және күнделікті өмірде үлгілі болу;

үлкендерге көмектесу;

қоғамдық пайдалы еңбекпен, мысалы, металл сынықтарын, макулатураларды жинаумен айналысу.

Бұдан былай біздің ұранымыз:

«Сүйгендер ғана еңбекті

Октябрят болып жүрмек-ті» емес,

«Жарқын болашаққа барамыз

Бақытты содан табамыз!» болады.

- Апай, пионерден кейін неге өтеміз?

- Ары қарай, комсомолға өтесіңдер.  

Ол кезде сендер жастарды коммунизм идеалдары үшін күресте дайындау мен оларды бір идеяның төңірегінде біріктіруге, жанқиярлыққа дайын болуға міндеттеліп, жеке адамның алдында қоғамның үстемдігін ұғынуларың керек болады.

- Апай, комсомолға кірмесе не болады?

- Комсомолға кірмеген адам елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысудан жалтарады деп есептеледі. Бұл оқу орындарына түсу, лайықты жұмысқа орналасу кезінде жағымсыз салдарға әкеледі.

- Апай, содан соң неге өтеміз?

- Содан соң, содан соң….. Ары қарай, апай ойын жинақтай алмай біраз кідіріп тұрды да, балалар, түбі біз коммунизме жетеміз. Коммунизм орнаса, бай кедей болып бөлінбейміз. Барлығымыз бірдей боламыз. Бақытқа жетеміз. «Бақытқа», «бақытқа» деген сөз жаңғырыққа айналып алыстап бара жатты.

- Апай, дауысыңыз естілмей кетті, апай, қашан, қашан жетеміз?  

Балалық шағына саяхаттап қайтқан Советхан оянып кетті.

- Туу, ноутбукты қосып кеткендерін қарашы, аналардың. Бақытқа жетейін деп жатқан жерімнен  «Жаңа Қазақстан, Жаңа Қазақстан» деп оятып жіберді, әкең..!

Ұйқысын аша алмай, қолымен көзін уқалап мең – зең болып отырғанда ноутбуктен бір дауыс:

«Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады» - деп бақытқа апарар жеті жолды айтып айқайлап жатты.