241
Жұптағы жалғыздық
Талай алақұйын түндерге тоғыз жыл тоймай жүріп, қазір неге суығанын өзі де түсінбейді. Тар бөлме ішіндегі кең төсектің қақ ортасында жатқан Жарас келіншегін бұрынғы құштарлықпен күтпейтін болған. Қайта Алуаның есікке жақындап келе жатқанын сезгенде, шамды өшіріп теріс қарап ұйықтап қалғансиды. Мектеп кезден мөлдіреген көзіне, құлақты сипайтын әуезді әр сөзіне, тап-таза аңғалдығына аңсары ауған Жарас Алуаны аттестат алған бойда алып қашып кеткен. Алуа әппақ аңғалдығымен, биязы қылығымен бүкіл әулетті өзіне баурап алды. Үйге келгеннің барлығы Алуаны ауыз толтырып мақтағанда Жарастың өз келіншегіне деген ынтықтығы одан сайын артатын. Бойын ысытқан сезімге сыймай кеткенде, қасына барып белінен құшырлана қысып-қысып кететін. Келіндік міндетін атқарып түн түскенше жүріп алатын Алуаны күткенде, жанды жері жүгендеуге келмей төсегіне сыймай дөңбекшіп кететін-ді. Ал қазір, келіншегінің мөлдіреген көзі мөлиіп, аңғалдығы мына жаста ақымақтық болып көрінетін сияқты. Сыбызғыдан шыққан сырлы үндей сызылып шығатын Алуаның сөздері сағыздай ырғалып созылғанда әңгімесін айтып бітпей, Жарастың бойын ашу қарып айқайлап жіберетін болды. Үйіндегілерінің үдесінен шықса да, жүрегіне бірдеңенің жетіспей жүргенін Жарас жігіт жасына келгенде түсініп жүр.
- Осы біз осы уақытқа дейін не туралы сөйлестік? – деп ойлады Жарас іштей. Не саясатты түсінбейді, не кітап оқымайды, кітап былай тұрсын, қоғамдағы оқиғаларға да өз ойын қоса алмайды. Қоғамды қойшы, менің ішімде не болып жатқанын біле ме екен өзі? Жооқ, ішімде ит өліп жатса да иісін сезбейді бұл!
Жарас оны байқамас па еді, соңғы кезде журналистика саласындағы әріптесі Әсеммен жақын сөйлесіп жүр. Кез келген тақырыпта тұқырмай ойын оңай жеткізетін әріптесімен әңгімелессе жаны серігіп қалатынын байқады. Соңғы уақыттары сөйлесулері сырласуға ұласып бара жатқандай. Сырласқан сайын бір-бірінің ой тереңіне тартыла түсетіндей. Сол тартылыс заңына қарсылық білдіруге Жарас бүгінде қауқарсыз. Өзін барынша бұғауда ұстайын десе де, қанының қайнауы қырағылығын қалжыратып жібереді. Ол жеңіл желік емес, ол терең түсініктің төңірегінде туған тылсым сезім. Суық сана бұлқынып, сыртқа шыққысы келгенімен, тылсым сезім тереңіне тартып әкете береді. Еркі есеңгіреп жүр. Әйелі Жараспен ойнап, қалжыңдасқанды да білмейтін сопақ сияқты. Арасында қулық жасап қоятын әдеттен де ада. Былш еткізіп айта салады, тарс етікізіп қоя салады. Ал, Әсемнің болмысы мүлдем бөлек! Онда жұмбақ та, жасырынып жатқан желөкпелік те бар. Сонысымен де сырлы. Ойы да, бойы да келіскен Әсем Жарастың ойын айтқызбай-ақ әб жыланша орап алады. Ондай қасиет Жарастың санасының сілесін қатырып жүр. Екі балалы болса да да белі бұзылмаған, бөксесі жайылмаған, төсі алға ұмтылған тіп-тік. Мүсініне көзі түсіп кетсе Жарастың денесін нәпсі тұтас тұтқындап алатын болды. Сезім бұлқынысының боямасыз көрінісін жасырудан шаршады. Осыншалықты ойын түсінетін жанның бар екенін кездестіргенде, оған дейін жанының жалғыз екендігін елемегендігін түсінді. Бойын билеген асау сезімдерді тыныштандыра алмай жатқанда есіктің астындағы сызықтай саңылаудан түскен жарықтан әйелінің көлеңкесі көрінді. Бітпейтін шаруаның шырмауынан босап, есікті ептеп ашып бөлмеге Алуа кірді. Бойында бұрынғы нәзіктіктен бір мысқал да қалмаған Алуа, есікті сезімтал болғандықтан емес, Жарастың ашуынан аяқ тартқандықтан ғана ептеп ашты. Талай жылдан бері үлкен әулеттің үдесінен шығу жолында нәзіктігін жоғалтқан күректей қолдары кір сабын сасып жатағына жақындады. Тас қараңғыда сипалап жүріп көрпесін тапты да, серпіп жіберіп, суық төсекке сүңгіп кетті. Әдетте, шаршағаннан сілекейі ағып сілейіп қатып қалатын Алуа, бүгін кірпік айқастыра алар емес. Жарастың ашуланшақтығын Алуа басқаға жорып жүргені рас. Келін болып түскелі осы үйдің отына кіріп, күлінен шығып жүргенін, келе сала етегіне бала бітіп, ұрпақ сүйгізгенін, ері түзде болғанда үйінің барлық берекетін кіргізіп отырғанын, он жылдан бері келген керегесін жаман сөзбен кірлетпей, шаңырағына шаң жуытпай жүргенін ойлап жатып өзін-өзі аяп кетті. Осылардың барлығын ой елегінен өткізіп жатып ол сол өмірден өзін көрмеді. Дәрігер боламын деген арманынан адасып, көздеген мақсатынан көз жазып қалғанына қынжылды. Оқу оқымағанын, жұмыс жасамағанын ойлап ішінің іңірінде жатқан өкініші оянып, жүрегін осқылады. Бәрінен де өз басын ұмытып, отбасы үшін өзін осыншалықты құрбан еткен Жарасының қанша уақыттан бері қасында қатқан қара тастай болып жатқаны жанына батты. Ішін қарып, кеңірдегіне дейін көтерілген өкініш пен өксікті бөгей алмай бетін жастыққа жасырып алып, түн ортасында тұншығып жылап жатты.
Жарас барлығын естісе де былқ етпей жата берді. Оның бар ойы Әсемнің әлемінде жүргені қашан.