289
Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол..
Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол..
(Абай)
(әлеуметтік драма)
1 – көрініс
Бота (43 жаста)
Ару (42 жаста)
Марго (41 жаста)
Санат– Арудың күйеуі
Бөтен (абстрактылы кейіпкер)
Дәрігер
Бір жыл бойы көріспеген құрбылар кафеде кездесті. Бота мен Ару құшақтасып амандасты да тамаққа, тапсырыс берді.
Бота. Бір қалада тұрып, бір-бірімізді көрмейміз. Күйбең тіршілік. Әне-міне деп жүріп кездестік-ау, әйтеуір.
Ару. Айтпа! Таң атады, күн батады. Үйге сүйретіліп келесің, бала-шаға, сонымен күніңнің қалай өткенін білмей табалдырықтан аттай сала төсекке құлайсың.
Ару. Бота, жанып тұратын көзің мұңды ғой, жүзің де солғын. Бәрі дұрыс па?
Бота. Ой, менде депрессия, құрбым.
Ару. Неге, не болды?
Сол уақытта, алып-ұшып Марго келді. Құрбылар бір-бірін беттерінен сүйіп шулап, орындарына жайғасты.
Марго. Сұлулық салонына барамын деп кешігіп қалдым, қыздар. Айып етпеңдерші. Туу, сағынып кеткенімді сөзбен қалай жеткізсем екен?! Осылай жүгіріп жүріп, қалай қырыққа келгенімізді де байқамай қалыппыз, иә.
Бота. Сенің сол баяғы тынбай жүгіретін әдетің қалмаған екен.
Марго. Мына жасқа келгенде қалай қартайыыып жайбарақат жатасың, бетіңе түскен әр әжіммен алысу керек қой. Былтыр ғана фейс массаж жасатып едім..
Бота. Не массаж?
Марго мен Ару (дауыстап) Фейс массаж!
Марго. Бір жылдың ішінде бетімнің терісі төмен түсіп кетіпті. Енді мезотерапия жасатып келе жатырмын. Бізде уже возраст! Түсінесіңдер ме? Ал, плазмалифтингтті үнемі жасатып тұрамын. Мына бет терісі гравитациядан төмен түсе бастайды, серпінділігін жоғалтады. Оны дер кезінде тоқтатпасаң, елуде бетіңді жинап алу қиын болады. Кемпір боласың и все! Ол кезде уже ештеңе көмектеспейді.
Марго Ботаға жақындап, бетіне анықтап қарайды.
Марго. Мәә, сенде бұғақ пайда болыпты ғой. Одан құтылу қиын. Мен саған қазір бетке арналған жаттығуларды жіберемін, міндетті түрде жаса. Менде бұғақ пайда болып еді, бұрынғы сылқ-сылқ еткен күлкім, бүлк-бүлк еткенде, Құдай – ай, айнаға қарай алмай қалдым ғой.
Ару. Сосын?
Марго. Сосын бір клиникаға бардым да мойын зонасына липосакция жасатып тастадым, то есть сол жердегі майды сорғызып алдырып тастадым.
Бота. Ой, таппайтының жоқ сенің, қалай қорықпайсың?
Марго. Зато, бес, ой жоқ, он, ой жоқ, он бес, иә, бақандай он бес жылға бір-ақ жасарып шыға келесің! Сұлулық – құрбандықты қалайды дейді. Қазір тек жалқау әйел өзіне қарамайды, барлық дүние бар заманда неге әдемі болып жүрмеске! Сұлу емес әйел жоқ, күтім көрмеген әйел бар!
Бота. Туу, уайымдайтын дүниені тапқан екенсіңдер! Енді, қартайсақ қартаямыз да, қайтеміз, уақытқа төрелік жоқ қой.
Ару. Дұрыс қой, бірақ Маргоның айтып жатқаны әдемі қартаю ғой.
Марго. Міне, Ару түсінді. Ай, осы Ару сен че то не то! Бірдеңе бүлдіріп жүрген сияқтысың осы!?
Марго енді Арудың бетіне анықтап қарайды.
Марго. Ааа, Ару сенің қабағың түсіп кетіпті. Саған блефаропластика жасату керек. Сосын, көзіңнің айналасындағы ұсақ әжімдерге ботокс салдыру керек.
Ару. Жалпы, жоспарда бар, бірақ кейінірек жасатсам ба деп....
Марго. Жоқ, кейін кеш болады. Бұл процедураларды уақытында жасату керек.
Түк ауырмайды. Ақшаң болса болды. Бет ештеңе емес қой, ішті айтсайшы. Бұрын тойып жесек де жіптіктей боп жүре беретін, қазір жатарда бірдеңе жесең бітті, таңертең тұрсаң белің быртия қалады. Ал, сосын ақ тер көк тер боп жүгір.
Бота. Өзіңді сонша қинап қайтесің? Құдайдың берген бітімімен бақытты болып жүре берсеңші. Өмір онсыз да қысқа, енді тәтті жемей, тамағыңды тиып, қысылып, жеген асыңның әр граммын есептеп отырсаң оның несі өмір? Тиетін байыңа тиіп алдың, өзіңді кім үшін қинайсың?
Марго. Міне, бізді құртатын осы! Кім үшін? Не үшін? Өзің үшін. Сен өзіңде жалғызсың. Өзіңді жақсы көрмесең, сені кім жақсы көреді?!
Бота. Қазіргі психологтарды көп тыңдайтының көрініп тұр.
Ару. Марго дұрыс айтады. Қырыққа келдік деп енді сары қарын, салпы етек боп жайылып жүрмейтін шығармыз!
Марго. Че то мына Ару не то! Точно бір өзгеріс бар сенде.
Ару. Қайдағыны айтпашы, Марго. Сол күйеу, сол жұмыс. Баяғы жартас сол жартас қой бізде. Не өзгереді дейсің?! Тыныш жүрмейтін бізде сен ғой, одан да сен айт әңгімеңді.
Марго. Ой, менің историямды сұрамаңдар.
Бота мен Ару. Қане!
Марго. Ал, тыңдаңдар онда. Ой, жаңа жылда корпортив болды. Біздің компания үлкен етіп өткізеді емес пе?! Содан бара сала аш қарынға ащы судан алып кеп жібергенде, әлгі арақ басыма бір-ақ шаппай ма? Ал, ортаны берме сосын. Ары да ырғалып, бері де ырғалып билеп жүріп қарасам бір қараңғы бөлмеден бір-ақ шығыппын. (сахнада қойылып жатыр)
Ару. Ой, Марго, сен сол баяғы Маргосың ғой!
Құрбылар, кафені бастарына көтере күлісті. Даяшы асты алып келгенде барлығы ыңғайсызданып үндемей қалды да, ол кеткен соң әңгімелерін жалғастырды.
Бота. Қызық жеріне келдің, сосын?
Марго. Сосын, қарасам, соңғы кезде бір басқаша көзбен қарап жүрген жігіт бар еді, былай енді сезесің ғой, сөйтсем сол екен. Итеріп жіберейін десем, белімнен қысып құшақтап алыпты, денем босап, біртүрлі болбырадым да қалдым.
Бота. Жағып бара жатыр деші.
Марго. Айтпа. Соондай сезімтал екен өзі, мойнымды құшырлана иіскегенде бойым балқып кетті.
Ару. Ой, жынды қыз, байың бар емес пе?!
Марго. Бар ғой, бірақ маған сондай сезімталдылық, жұмсақтық жетіспейді екен. Анау, күйеуімді айтам, жұмыстан келеді де, шаруасын бітіріп, қабырғаға қарап қорылға басады.
Бота. Енді шаршайтын шығар, қызықсың.
Марго. Маған жылы құшақ, ыстық ықылас жетіспейді, әңгімелескім келеді. Онсыз да күнімен бір-бірімізді көрмейміз ғой. Кейде, мен оған тек бала табу үшін ғана керек сияқтымын.
Ару. Қойшы, сен де қатырасың. Сонымен, әлгі әріптесіңмен араң немен аяқталды?
Марго. Сонымен, сезімнің жетегінде кетіп қалдық.
Бота. Мәссаған! Қалай сонда?!
Марго. Солай! Туу, есіме түссе өзіме жыным ұстайды. Білмеймін, былай енді қалай айтсам екен. Бір сәттік сезімнің тасқынын тоқтата алмадым ба, бірдеңе..
Ару. Күйеуің біліп қойса ше?
Марго. Қайдан біледі? Мен айтпаймын ғой.
Ару. Жұмыста ана әріптесің айтып қойып жүрмесін, абайла.
Марго. Білсе, жанымды бір-ақ жұлып алар. Ол да жынды емес шығар, айтып қоятын!
Бота. Ертесі жұмысқа келгенде, әріптесіңді көрдің бе?
Марго. Көрдім. Жаныма келіп, кешірім сұрап, мас болып қалғанын айтты, әлгі жағдайды ұмытуымды сұрады. «Әрине, менің есімде ештеңе жоқ, тіпті не болғанын да түсінбей қалдым. Болған дүние болған жерде қалсын» - дедім. Екеуіміз бір кабинетте отырамыз. Жұмысқа күнде ерекше көңіл-күймен барамын. Үйден боянбай шықпаймын. Сол өзімді тонуста ұстауға үлкен мативация болып жүр. Әйелге ол нәрсе керек екен, онсыз өзіңе қарамайсың. Тұрмыс тоздырып жібереді ғой.
Ару мен Бота. Ааа, бәсе! Осы екен ғой, фейс массаж, ботокс, мезотерапия, плазмалифтинг деп жүргенің. Енді түсінікті болды!!
Құрбылар күлісіп алды.
Ару. Бота, сен жаңа бір әңгіме бастап едің. Не депрессия?
Марго. Депрессиясы несі құрысын? Жәй ма?
Бота. Бірдеңеден құр қалатындай, тұрмысқа 18 жасымда шығып алыппын. (оқиға сахнада қойылып жатыр)
Марго. Жақсы емес пе, ұлың үйленетін жаста, ертең жас әже боласың. Менің ұлым болса енді беске толды.
Бота. Әкем мен анам ерте айырылысып кетті. Орталарына әжем түсіпті. Анам отырса опақ, тұрса сопақ бола берген соң, шыдай алмай маған аяғы ауыр кезде кетіп қалады.
Ару. Қойшы, содан?
Бота. Содан, төркінін паналап жүріп мені босаныпты.
Марго. Сонда туғалы әкеңді көрмегенсің бе?
Бота. Кішкентай күнімде анам, әкемді қайтыс болған деп жүрді. Кейін маған бір қыз хабарласып, бауырым екенін айтқанда мен өз құлағыма өзім сенбедім. Оны мен анама айттым. Сонда ғана анам болған оқиғаны толық баяндап берді. Мен анамның рұқсатымен әкемнің екінші отбасымен таныстым. Ол жақта бір сіңлім, бір інім бар екен. Үйлеріне бардым. Құрақ ұшып, қарсы алды, барын беріп бәйек болды, бірақ бір туғандай болып кете алмадық. Оған, мүмкін уақыт керек шығар, білмеймін.
Ару. Олар сені қалай тауып алыпты?
Бота. Анам мен әкем бір ауылда бір сыныпта оқыған. Ортақ таныстар арқылы тапқан екен.
Марго. Иәә, бұлтарысы мен қалтарысы көп өмір!
Бота. Жақында анам қырық жылдыққа барды. Барын кигізіп, сәндеп жібердім. Көңілді болып кеткен анам, түн ортасында торығып келді. Есіктен кірді де, үйде арақ бар ма? – деді. Қайдан болсын, мам! Үйде ешкім арақ ішпейді ғой, - деп едім, бар да алып кел, - деп бұйырды. Анамның арақты аузына алмайтынын білем ғой, бірақ қарсы сөз айтуға батылым бармады, алып келдім. Өмірі ішпеген анам, сол түні ащы суды жанына жұбаныш қылып, кеудесіндегі өкініш толы өксікті тоқтата алмай төкті.
Ару. Анаң содан кейін тұрмыс құрмаған ба еді?
Бота. Анам әкемді ғана сүйді. Басқамен бас қосуды ойына да алмады. Ал, маған өмір бойы әкенің жылуы жетіспеді. Әкесінің мойнына асылып еркелеген құрбыларыма қызыға қарайтынмын. Әкесі бар қыздар қандай бақытты! Сол орны ойсырап тұрған жерді жамау үшін де тұрмыс құруға асықтым. Асылжан маған басқалардан бөлек боп көрінді. Көңілімді табуға тырысты, әр сөзіме сезімтал болды. Өмір бойы жетіспеген жүрек жылуын жоғалтудан қорықтым. Тұрмыс құрдық, бірақ, қазір асыққанымды түсініп жүрмін.
Марго. Неге? Төрт балаң бар, төңірегің түгел.
Бота. Ол сырттай ғана! Қазір ол Астанада. Мен Алматыдамын. Екеуіміз екі жақта жүрміз. Арамызда жылулық жоқ, әңгімеміз тек балалардың айналасында. Өткенде келіп кетті. Көптен көріспей жүрген туыстардай қал-жағдай сұрастық та екі бөлмеге кетіп қалдық. Жаным жалғызсырайды да тұрады. Бірдеңе жетіспейді. Ол маған әке орнына әке, аға орнына аға бола білді. Оған деген құрметім шексіз, бірақ, маған махаббат жетіспейді, түсінесіңдер ме, махаббат! Егер әкем болғанда, мен осы сезімдердің орнын ауысытырып алмас едім ғой! Егер әкем болғанда адам өмірінің бақыт өлшемі болатын сезімдерді шатастырып алмас едім ғой! Үлкендер осыны неге түсінбейді? Неге тек өздерін ойлайды? Бұл бақытсыздықтың ұрпақтан - ұрпаққа жалғасатынын біле ме екен? Мен бақытсыз болсам, балаларым бақытты бола ала ма? Оның жан дүниесінде не болып жатқанын білмеймін, білуге де құлықты емеспін. Ал, ажырасайын десең, болмайды. Ортада төрт бала бар. Анама не деймін, адамдар не дейді?
Ару. Ол енді уақытша шығар. Отбасы болған соң..
Бота. Жоқ, Ару. Уақытша дүниенің барлығы тек қырыққа дейін болады. Қырық – ол меже. Сен оған дейін өз әлеміңді қалыптастырасың, сол белдеуден асқанда өзің құрған әлеміңде ғана өмір сүресің. Қоғам таңған түсініктердің торында тұншығасың. Еркіндік ешкімде болған емес, болмайды да. Әсіресе, бізде, әйелдерде. Бірдеңе өзгертуге талпынады екенсің, қоғам сені өз ортасынан ығыстырады. Оларға сен көзге түскен сүйелдей боласаң. Ажырасқан еркек емес, отбасын сақтап қала алмаған әйел кінәлі болады. Жүрген жерде жартыкеш, күлкі нысанына айналады. Одан да махаббатсыз, жылусыз өмір сүре берген жақсы.
Ару. Иә, барлығының қорқатыны қоғамның пікірі. Анау не дейді, мынау не дейді. Балаға не айтам? Қоғамның құрасуында тұншығып жатқан қаншама жан!
Бота. Қыз баланың қылығы тез шыққанымен, ақылы кеш кіреді екен. Әйел баласы, тұрмысқа ақылмен де, жүрекпен де емес, қажеттіліктен шығатынына көзім жетті. Біреуге, мен сияқты, жүрек жылуы, әке қамқорлығы жетіспейді, біреу мейірімге зәру, біреу қаңқу сөзден қашатын жансауға іздейді, біреуді зорлап алып қашып кетеді, біреу тұрмыстық жетіспеушіліктен шаршап кім болса соған тие салады. Ал күйеуге тимей қалу мүлдем қауіпті! Қыспаққа алатын қоғам бар, түрткілейтін туыстар бар, саусағын безеп күліп қарайтын көшілер бар. Таңдауға мұрша бермейді. Амал қанша? Алды - артыңа қарамай көлденең көк аттыны ерттейсің де кете бересің. Солай, әйел тіршіліктің тұнығына батып, баламен алданып орта жасқа келіп қалады. Ал, бала өсіп, әйел есін жиып жан-жағына қарайды да бірдеңе жетпейтінін түсінеді, бірақ кеш. Қоғам қалаған рольді ойнап бердім, енді мені жайыма қойыңдар. Өз қалауыммен өмір сүремін деп айта алмайды. Болмайды!
Ару. Иәә, ол рас.
Бота. Ару, сенде не жаңалық бар? Қыздар, кеш болып кетті, мен жаңалығымды келесі кездескенде айтайыншы, Санатты білесіңдер ғой, «үйге қашан қайтасың?» - деп мазамды алып жатыр.
Марго. Қыздар, көңілімізді түсірмейікші! Бір жыл көріспедік емес пе? Бойымызға қан жүгіртіп, бір сергіп келейік, сосын барасыңдар. Тұрамыз, тұрамыз, қанекиии! Сосын жіберемін үйлеріңе! Бисіз қайтпаймыз!
Бота Ару. Туу, осы сен сөйтпесең Марго боласың ба?!
Қыздар биге тұрады, Марго ешкімге шаң ілестірмей билейді.
2 – көрініс
Ару есігін кілтімен ашып, аяғының ұшымен үйге кіріп келсе, Санат ұйықтамай күтіп отыр. Жарықты қосып қалды.
Санат. Иә, бұл жолы ерте келдің ғой.
Ару. Қыздар көп отыра алмады. Мұндай жаста биге де зауқың соқпайды екен өзі. Сәл қимылдасаң шаршап қаласың. Үйге барып жата қалғың келіп тұрады.
Санат. Әлден осылай десең менің жасыма келгенде не айтар екенсің! Бұл ештеңе емес әлі, елуді еңсергенде көресің шаршағанды.
Ару. Ой, қойшы жетпістегі шалға ұқсамай.
Екеуі күлді. Ару жатуға қамданды. Ол күйеуінен бөлек бөлмеге кетіп қалды да керіліп, аспанға қарап жатқанда телефоны «тың» ете қалды.
Бөтен. Үйге жеттің бе, алтыным.
Ару. Иә, өзің отырғызып жіберген таксимен жеттім.
Бөтен. Жақсы, жарығым! Ақшасын төлейін десем қырсыққанда картамда ақша бітіп қалыпты. Демал. Қайырлы түн!
Ару. Ештеңе етпейді, өзімде бар ғой. Саған да, түн тыныштығын тілеймін.
Ару жүрегінің түбінде жатқан сырды құрбыларына ашпағанын дұрыс болды ма, әлде оларға ақтарылып айту керек па еді деп ойланып жатыр. Өзі үнсіз ойға батып жатыр, бірақ сахнада ішкі монологы оқылады (осы кезде Арудың қиялындағы төсек сахнасының иммитациясы бимен беріледі).
Ару. Құдай-ай, мен не істеп жүрмін өзі! Мына жүрісім не? Әлде Санатты мүлде сүймеймін бе? Оның мен десе шығар жаны бөлек қой. Қайдан білсін?! Бұлай өмір сүргенше неғып жер жұтып кетпейді екен мені?! Бәрі сол көзқарастан, қарғыс атқыр сол бір ғана көзқарастан басталды емес пе?! Алыстан біреудің үздігіп қарағанын қалай сезбейсің? Жазған хаттары мен айтқан сөздеріне мән бермей, неге бірден тыйып тастамадым?! Осының тереңдеп кетуіне өзім кінәлімін, басқа ешкім емес. Енді жатысым мынау, тәнім үйде, жаным жырақта. Барлығы әйелден басталады. Оны ата-бабамыз да: «Тана көзін сүзбесе..» деп айтып кеткен. Қазақтың мақалдарына дейін әйелге кінә артады екен. Кейде өмір бойы іздегенің кеш кездеседі екен ғой. Өмірді артқа айналдырар мүмкіндік болса ше! Бұл қашан бітеді өзі? Біте ме? Неге тоқтата алмаймын өзімді?! Неге қауқарсыз болып қалдым?! Бұл шын сезім бе, әлде нәпсі ме?! Қалай ажыратамын?! Есіңді жи, Ару! Мұныңды ешкім, ешкім құптамайды, тіпті құрбыларың да! Әр кездесуді соңғы деп алып қайта бара беремін, бара беремін. Номерін бұғаттап тастаймын да, қайта шығарып аламын. Жын ұрған шығар мені...
Жоқ. Болды. Тоқтату керек. Қанша қиналсам да тоқтау керек. Санат білсе.... ойлаудың өзі қорқынышты. Шаңырағым ортасына түссе балаларыма кім әке болады? Басқаларға не айтам? Осы жасқа келгенде басқа біреуді сүйіп қалдым деймін бе? Масқара емес пе?! Қалай? Қалай тоқтатамын? Ол қылық еркекке жарасар, қоғам оны кешірер, ақтап алар, бірақ әйел үшін ол масқара! Әйелді ешкім де, тіпті, өз туысқандары да түсінбейді, кешірмейді! Өмір бақи күйе жағып, қаралап өтеді. Әйелде ерік жоқ, болған да емес..
Ал, тоқтаттым дейін, бірақ онсыз мен қалай өмір сүремін? Құримын ғой. Ол маған ешкім ешқашан айтпаған сөздерді айтады, ешкім сыйлмаған сезім отын сыйлайды. Мен ол қуат көзінен ажырасам, әйел ретінде солмаймын ба, қурап қалмаймын ба?
Жоқ. Өзімді ұмытуым керек. Отбасы бірінші орында. Отбасы басты құндылық. Тоқтату керек. Болды. Тоқтату керек...
Ару атып тұрып, бөтеннің номерін бұғаттап тастады.
Таңғы уақыт. Ару мен Санат асханада шәй ішіп отыр. Санат аузын жауып шайнаса да, барлығы сыртқа естіліп тұр. Бұл Арудың ашуын туғызды.
Ару. Туу, Санат, неге осы шайнап отырған барлығы сыртқа естіледі, терің жұқа ма?
Санат. Терім емес, сенің жүйкең жұқа.
Ару. Қойшы, мен ас шайнасам ештеңе де естілмейді ғой. Сенікінің барлығы сыртқа естіліп тұрады екен осы.
Пауза. Санат саусағын шошайтып бірдеңе көрсетіп отыр. «Алып бер» деген ишарат.
Ару. Не?
Санат. Анау, артыңдағыны алшы
Ару. Нені? Аты бар ма?
Санат. Тұр ғой артыңда
Ару. Тууй осы сен сол әдетіңді қашан қояды екенсің? Атын айта салмайсың ба?
Санат. Менімен сонша жыл өмір сүріп, мені әлі түсінбейсің бе? Сөзімнен емес, көзімнен ұғатын уақытың келді ғой.
Ару. Енді менің артымда мың сан зат тұр, мен соны бал ашып білуім керек пе? Жоқ, тілің жоқ па?!
Санат. Қасық! Сен өзіңе қасық қойып, маған қоюды ұмытып кетіпсің!
Ару. Ой, Құдай-ай, саусағыңды әрі де, бері де шошайтпай соны айта салмайсың ба?
Ару артындағы қасықты алып Cанаттың алдына лақтырып жіберді. Санат елеген де жоқ, екі көзі телефонда. Біраз уақыттан кейін Ару тыныштықты қайта бұзды.
Ару. Туу, Санат, тісіңді естіртпей шұқи алмайсың ба?
Санат. Естігің келмесе ана жаққа баршы, шаршаттың ғой, тіпті. Ұнамаса шәйіңді бөлек ішші. Саған еш ұнамай қойдым ғой. Отырсам опақ, тұрсам сопақ. Соңғы кезде мені көрсең жын көргендей боп жүрсің.
Ару. Қойшы, менің әр сөзімнен бәле іздемей.
Санат. Бәле іздеп отырған мен бе, сонда?
Ару. Ұнамайтын жерлеріңді айтқаныма жазықтымын ба?
Санат. Ұнамайтын жерлерім күн сайын көбейіп келеді. Бәлкім, ұнайтын біреуді тапқан шығарсың а?
Ару. Басыңа басқа ой келмеді ме? Мынауың не сөз?
Санат. Енді мұны қалай болжауға болады? Естіртпей шайна, тісіңді шұқыма, жеме, ішпе! Аузымды буып таста онда! Бірге отырып шәй де іше алмайтын болдық қой өзі!
Санат ашуланып орындықты итеріп жіберіп, дастарханнан тұрып кетіп қалды. Ару стол шетінде жатқан телефонын қолына алып қарап отырды да, бөтенді блоктан қайта шығарды.
Бөтеннен хат. (сахнада оқылады)
Менің телефонымда бейнең көрінбей қалды ғой, жаным! Қайтадан бұғаттап тастадың, білем. Сенің бейнеңді бір сәт көрмесем көңілімнің қаншалықты құлазитынын білесің бе?! Жоқ, білмейсің ғой! Сені бір сәт көрмесем көңілімді қара түнек торлағандай тынысым тарылады. Ауа жетпейді, түсінесің бе? Түсінбейсің ғой, түсінсең мені осындай азапқа салар ма едің? Келесі кездесуімізді күн санап күтіп жүрмін, жарығым.. Ендігәрі мені олай жан азабына салмашы. Менен алыстамашы, алтыным.
Білініп – ақ тұра ма бөтендігім,
Бөтен десең, бөгелмей кетем, күнім.
Бұртиғанмен, білгенмін екеуміздің
Ғұмырымыз біртұтас екендігін.
Ілесіп ек осылай ең есті ізге,
Бақыт деген бағынды белес бізге.
Бір шаңырақ астында болмасақ та,
Бір аспанның астында емеспіз бе?! (Сағыныш Намазшанова)
Алтыным, айып етпеші. Айлыққа дейін бір елу мыңдай бере тұрасың ба? Білесің ғой, бала-шаға, кредит, жеп-ішу дегендей. Қанша тартсаң да жетпейтін заман болды.
Ашуланып отырған Ару жүзін жылытып, телефонын кеудесіне басып, көзін жұмды. Телефонынан Каспи қосымшасына кірді де, елу мыңды бөтенге аударып жіберді.
Ару. Жоқ, бұдан әрі шыдай алмаймын. Санатқа айтуым керек. Барлығына нүкте қойып, жаңа өмір бастауым керек, мұның жалғыз шешімі – ажырасу!
4 – көрініс
Жатын бөлме. Ару Санатқа айырылысу жайын қалай айтсам екен деп қиналып отыр. Санат кірді.
Санат. Соңғы кезде өзің ерекше құлпырып жүрсің (жақындап құшақтады. Ару Санаттың қолын иығынан алып тастады). Жаңағыға әлі бұртиып отырсың ба? Өзің ғой ашуыма тиген.
Ару. Осы сен барлығына мені кінәламасаң басың ауыра ма? Жоқ әлде балтырың сыздай ма?
Санат. Туу, басталды. Кейде тым ашуланшақ боласың, кейде ештеңені елемей өзіңмен-өзің жүресің. Саған не болып жүр өзі? Әйелдерде қырықтан асқанда гармондық өзгерістер болады деуші еді, сондай бірдеңе басталып кеткен жоқ па? Әйтеуір баяғы Ару емессің.
Ару. Санат, сен, сен бар ғой маған ренжімеймін деші. Бәрін түсінемін деші.
Санат. Не, не боп қалды? Қорқытпай айтсаңшы, тыныштық па?
Ару. Мен өзімнің қарақан басымды ғана ойлайтын ойсыз әйелмін. Мен, мен оңбаған опасызбын, мен...тек...түсінші...түсінемін деші... сен..
Санат. Ару, Ару не болды? Бері қара, Ару??
Ару диванда отырған жерінде шалқасынан сұлқ құлады. Санат Арудың бетінен шапалақпен ұрса да ол есін жимады. Әбден абдырап, жедел жәрдем шақырды.
5 – көрініс
Палата. Дәрігер қабағын түйіп бірдеңе айтуға қиналып отыр.
Дәрігер. Басыңыздың айналып, көзіңіздің қарауытып жүргеніне көп болды ма?
Ару. Шамамен бес ай. Не болды? Қауіпті бірдеңе ма? Дәрігер, жасырмай айтыңыз.
Дәрігер. Қазірше, нақтысын айта алмаймын. Толық тексерілу керек.
Ару. Қауіпті бірдеңе болса, жасырмаңыз, дәрігер!
Дәрігер. Уайымдамаңыз.
Толық тексерістен кейін дәрігер Арудың жатқан палатасына Санатты да шақыртты.
Санат. Дәрігер, Арудың денсаулығы қалай? Талдау нәтижелері не дейді?
Дәрігер. (басын төмен салып, терең күрсініп) Жағдай мәз емес.
Ару. Қатерлі ісік пе?
Дәрігер. Иә, сәл ертерек келгенде...
Санат. Үміт жоқ па?
Дәрігер. Үміт жоқ деп айта алмаймын, емнің барлық түрін жасаймыз, бірақ ота жасау қауіпті. Ағза оны қазір көтере алмайды.
Ару. Қанша өмірім қалды, дәрігер! Жарылатын жүрегім жарылып кетсін, тек шындығын айтыңыз!
Санат. Ару, неге олай дейсің? Қазір сен жамандықты ойламай, күресуді ойлауың керек. Жүз пайыздан бір пайыз қалса да өмір үшін күресеміз! Қасыңда мен барда олай ойлауға қақың жоқ!
Дәрігер. Үміттеріңізді үзбеңіздер! Бастысы жақсылыққа сену. Адамды мұндайдан алып шығатын да тек сенім. Сабырлы болыңыздар!
Ару палатада жалғыз. Санат үйіне қайтып кетті. Ару қолына телефонын алды. Терезе жаққа біраз телмірді де бөтенді ашып жаза бастады. (Сахнада Арудың жазғандары оқылып жатыр.)
Бөтенге хат
Сәлем. Күтпеген жерден емханаға түсіп қалдым. Өң мен түстің ортасында жүргендеймін. Бүгінгі күннің жәй елес болып шығуына барымды берер едім. Енді ғана махаббатқа мастанып, өмірдің тәтті шырынын тата бастағанда төбемнен жай түскендей болып отыр. Өмір бәрімізге онсыз да өлшеп берілген ғой, бірақ, менің өмірімнің өрігі енді піскелі жатқанда сабағынан үзілмекші. Сенгім келмейді. Сен барда, бұған сенгім келмейді.
Хат біраз уақыт оқылмады. Ару жылап-жылап ұйқыға кетті. Көзін ашса жанында Санат қолын ұстап отыр.
Ару. Сенбісің! Балаларды жалғыз қалдырып келдің бе?
Санат. Алаңдама, анамды шақырттым. Бүгін сенің қасыңда қонуға дәрігерден рұқсат алдым.
Ару. Санат, балалар білмесін, оларға ол бұл жағдай ауыр тиеді. Қазір айтпай-ақ қояйық.
Санат. Уайымдама. Оларға аналарың жақын арада келеді, емханада укол алып жатыр дедім.
Ару. Қолдағаныңа рақмет.
Санат. Ойыңнан барлық күмәнді алып таста, тек жақсылыққа сен. Екеуміз әлі немере, шөбере бағуымыз керек. Менің мойныма жүктеп қоймақшысың ғой бәрін! Ондай қулығың іске аспайды! Мен оған жол бермеймін. Қарттықты қасқайып бірге қарсы аламыз, бірге.. (Жарық сөнеді.)
Таңертең Ару көзін ашса Санат жоқ. Дереу телефонын іздейді. Бөтеннен хат келеді.
Бөтеннен хат.
Алтыным, хатыңды қайта-қайта оқып түсінбедім, түсінгім де келмеді. Ол қалай? Қалжыңың шығар!
Бөтенге хат.
Қалжың болса, қанеки! Тым болмаса түсім болса ғой! Өкінішке орай, олай емес. Шындық шыбықпен сарт еткізіп есеңгіретті. Қанша қалғанын бір Құдай біледі. Соңғы демім қалғанша күресемін. Өзім үшін болмаса да сен үшін, екеуміз үшін күресемін.
Хат біраз уақыт оқылмайды. Ару қайта-қайта қарап жауап күтеді. Кеш батады.
Бөтеннен хат.
Кешір, дереу жауап бере алмадым. Жұмысым көбейіп кетті. Сауығып кет.
Ару хатты оқып бір суықтық сезеді. Бетін басып отырып қалады. Келесі күн. Ару телефонын ала сала бөтеннен хат іздейді. Ештеңе келмейді. Күтеді. (Сахнада ары-бері жүріп, басын біресе шалқайтады, біресе отырады, біресе тұрады, телефонға келген әр хатқа елеңдейді, сосын қайта орнына барып отырады. Осы кезде сахнада сезіммен арпалысу, зарығып күтуді көрсететін музыка ойнайды).
6 – көрініс
Бір жыл өтті. Ару мен Санат асханада отыр.
Санат. Бәрі жаман түстей өтті де кетті. Біз жеңдік. Біз бәрін жеңдік!
Ару. Сенің қолдауың болмаса мен бұл ауруды жалғыз жеңе алмас едім.
Санат. Мен өмірді сенсіз елестете алмадым. Мен үшін ол мүмкін емес жағдай болды. Не ойласаң сол болады ғой. Жаман ойды жуытқым келмеді. Қалай? Қалай, мен мына асханада сенсіз жалғыз отырар едім? Кім маған тісіңді шұқыма, естіртпей шайна деп ескерту жасап отырар еді?! (екеуі күледі).
7 – көрініс
Жатын бөлме. Ару жалғыз отыр. Телефонын қолына алып бөтеннің номерін жойып тастады.
Өмір, сені сүйем! Түсінбегенімді түсіндіргенің үшін, түсіндіру үшін сынақ жібергенің үшін, барымды бағалата білгенің үшін СҮЙЕМ, СЕНІ, ӨМІР!
(соңында мына әнді беруге, не оқуға болады)
Өмір өзіңді таппай іздеп өзек талса да
Өмір мен кешкен мөлдір таза мезет қаншама
Өмір жанымда бақ пенен зор кезек болса да
Мен сені сүйемін өмір мен сені сүйемін өмір
қайырмасы:
Алдымнан мұңартып шақырды дала-ау
Жарыққа күнә ғой жақындамау
Әлі де сөнбеуге хақым бар-ау
Мен сені сүйемін өмір
Берерін білмеймін әлі ертеңнің
Өткеннің үзігін әрең тердім
Сонда да келеді тағы өртенгім
Өмір жеткенде бір биікке құлап қалсам да
Өмір бойдағы қайта тұрар қуатты алса да
Өмір алдына талай сынып жылап барсам да
Мен сені сүйемін өмір, мен сені сүйемін өмір
қайырмасы:
Алдымнан мұңартып шақырды дала-ау
Жарыққа күнә ғой жақындамау
Әлі де сөнбеуге хақым бар-ау
Мен сені сүйемін өмір
Берерің білмеймін әлі ертеңнің
Өткеннің үзігін әрең тердім
Сонда да келеді тағы өртенгім
(Роза Әлқожа)
Шымылдық