Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
36

Қазақ & ағаш

 

Үш көрiнiстi шығарма

 

Қатысатын кейiпкерлер:

 

1.Емен

2.Қарағай

3.Қайың

4.Шырша

5.Қарға

6.Қарлығаш

7.Көкек

8.Шымшық

9.Қоян

10.Ағаш кесушілер

11.Ұста

12.Шәкірт

13.Кейуана

14.Ақсақал

15.Зұлыпхар

16.Жұлдызхан

17.Күйші

 

Бірінші көрініс

(Экранда ағып жатқан өзен. Өзен бойын бойлай өскен ағаштар. Қарғалардың қарқылы, құстардың шуылы, баяу ойнап тұрған сыбызғы дыбысы)

 

Бала қарға: – Қарқ-қарқ, қарт Қарға, сіз осы, биыл нешеге келдіңіз?

Қарт қарға: – Келер жылы 150 жыл болады.

Бала қарға: – Бала күніңізден осы жерді мекендеп келесіз бе?

Қарт қарға: – Иә, мен де, ата-бабам да көз ашқалы осы Қиғаштың бойын мекен етеміз.

Бала қарға: – Бұрын бұл өзеннің бойында қалың орман болған деседі, сол рас па?

Қарт қарға: – Ол рас.

(Қарт қарға үш заманды басынан өткерген, автор іспеттес дауысы ғана қалады)

Ертеде-e-e осыдан 180 жыл бұрын «Еділ» деп аталатын осы өзеннің жалғасын бойлай аққан дарияның бойы үлкен орманды алқап болған.

Жан-жануарлардың түр-түрі, өсімдік пен ағаш атаулының алуаны түрі сол орманда тіршілікке сән беріп ғұмыр кешкен.

     Бір күні орман хатшысы:

Кептер: «Тыңдаңыздар-тыңдаңыздар, шұғыл хабалама, суық хабар адамдар орман жанынан бір нәрсе салғалы жатыр. Ол жерде қағаз деген нәрсе жасайды екен. Ол үшін көп ағашты бұтайтын көрінеді.

– Не дейді?

– Ой-б-а-а-й, бұл не сұмдық!

– Бұтағаны қалай?!

(Орман іші жануарлар мен құстардың түрлі ағаштардың айқай-шуынан күңіреніп кетеді.)

Шымшық: – Олай болса, балапандарымызды алып ұя салар басқа мекен іздейік.

Қарлығаш: – Біз онсыз да жылы мекенге ұшып барамыз, алдымыз болса қыс. Ерте көктемде қайта келгенде баршамызға құт мекен болған бұл орман болар ма, болмас па?!

Көкек: – Көк-көк, дұрыс айтасың, Қарлығаш, келер көктемде қайда барып паналар екенбіз?  Әй, құстар, егер мүмкіндіктерің болса сендердің ұяларыңа салған жұмыртқаларымды өздеріңмен ала кетерсіңдер. Ал, мен кеттім.

(Осылайша Көкек те орманды тастап, оңтүстікті беттей ұшып кетті.)

Қоян: – Өй, аңдар-ау, біздікі не тұрыс? Ағаштарды бұталайтын ынсапсыз адамдар етіміз дәмді, теріміз бағалы бізді жайымызға қалдырар ма? Қане, жиналыңдар, қояндар!

Арыстан ақырып, жолбарыс жекіріп, қасқыр ұлып, қарға қарқылдап, сауысқан саңқылдап, құс біткен қиқу сап, құмырсқа қыбырлап, жәндіктер жыбырлап, маса ызыңдап, соналар дызылдап, торғайлар шиқылдап, шегіртке шіңкілдеп басталды бір дүрмек. Орман іші қайтадан беймаза күйге түсіп, абыр-сабыр, астан-кестен, әлем-тапырық, алай-дүлей бір сәт басталып кетті. Бұл айғай шуда ерекше зар қағып дауысы бәрінің құлағынан кетпеген ұлардың шулауы болды. «Ұлардай шулап» деген осыдан қалса керек.

      Бірнеше сағаттардан соң орманды мүлгіген тыныштық басып, жерге сырғи түскен ағаш жапырақтарының сылбыры ғана әр жерден бір естіліп тұрды.

Шырша: – Құдай-ай, не деген өлі тыныштық? Ау, сөйлесеңдерші желмен тербеліп тұра бермей.

Қарағай: – Көңіліміз құлазып тұр ғой, Шырша-ау. Жануарлар мен құстар өміріміздің сәні еді, шіркін, Бұлбұл сайрап, жапырағымыз жайнап тұратын заман енді келмес пе екен?!

Шырша: – Ей, Қарағай, ойың неткен жаман-ай. Не болды, сонша көк аспанды күңірентіп? Сендерді қайдам, өз басым сол құстарға күнім қарап қалған жоқ. Қайта, қуаныштымын. Мені алып кететін адамдарды тағатсыздана күтудемін.

Қайың: – Кәрі емен сіз не айтасыз? Адамдар кімнен бастар екен? Аман қалуымыз әсте мүмкін емес пе?

Шырша:– Бұл кәрі емен кімге керек? Діні қатты, бұтақтары тарам-тарам түрі де келіспеген отын болуға жаралған секілді бұл емен ха-ха-ха.

(Кәрі емен болса жауап бергісі де келмей ұзақ ойға шомып үнсіз қалады.)

Қарға: – «Қарқ-қарқ» (дауыс шықты қара ағаштың жоғарғы бұталарынан.)

Қарағай: – О, ғажап! Орманға жан бітіп, тоқтап қалған тіршілік жанданғандай.

Шырша: – О заман да бұ заман қара Қарғаның қарқылын сағынамыз деп кім ойлаған ә?

Қайың: – Шіркін! Бұлбұл сайрағанда да дәл бұлай рахаттанбаған шығармын.

Шырша: – Әй, қара Қарға, сен неге кетпедің? Барлығы өре-тұра бас сауғалай жөнелгенде?

Қарға: – Мен жылы жаққа ұшпаймын, торғай, шымшықтар секілді егінді қорып күн көре алпаймын, көгершінге ұқсап шатырларда қуқылдап күн кеше алмаспын. Адамдар да мені құртуға әуес емес. Осы орманда жалғыз ағаш қалғанша мекен етемін. Ата-бабам өніп-өскен жайқалған қалың орманды қу тіршілік үшін талақ қыла алмаймын. Сендер кетсеңдер жас талдар бар. Олар да ертең-ақ мәуелі ағаш болар, бұл орман әлі-ақ жанданар, жасар мен соған сенемін.

Шырша: – Пішту-у-у, адамдар бұтауды ғана біледі. Жас тал егер деймісің? Айтасың-ау сен де, Қарға.

Қарағай: – Ендеше, ұяңды менің бұталарыма сал, Қарға. Бәрінен биік болып орманды бақылап отырасың.

Қарға: – Қарқ-қарқ, қажеті жоқ, Қарағай, көресің-ау баладай.

Шырша:  – Ендеше, маған сал ұяңды. Онша биік болмағанымен,  «жаңа жылда жұлдыз тұрар Шыршаның ұшына, мен ұямды салдым» –  деп, әлі-ақ мақтанып жүресің.

Қарға:– Жаңа жыл да жақын қалды. 2-3 айда бұталатын саған ұя орнатуға тіпті де зауқым жоқ.

Шырша: – Хы, пішту-у-у, шөп-шалан мен жаман жәутік сым темірлерден құраған ұяңды төбеме орнатуға менің де құлқым жоқ аса. Әшейін, әзілдеп ем, шікірейуін қарашы.

Қайың: – Болмаса маған орнатсаңшы ұяңды, Қарғам-ау. Ығың аздау болады демесең, мыналардың бәрінен жасы менмін. Ұяңды орнатып, діңімнен балдай тәтті шырынымды қаным ішіп жүрмейсің бе, сайран қағып.

Қарға: – Бәріңнің де ниеттеріңе рахмет, ағаштар. Осыдан 10 жыл бұрын, жақтыртпай мені бар ағаш, «қалсаңдағы жалаңаш, қара Қарға, жоламашы» – деп бәрің үркей қалғанда, пана болған қарағаш, мен үшін ол дара ағаш, сатқындығым жарамас. Қарағашқа салған ұямды тастамаймын. Қасиетті, құт мекенім оны өзіме бақ санаймын.

Шырша: – Е-е, қара Қарға, өзіңе де лайығы сол қарағаш қой. Тең-теңімен, тезек қабымен деген. Оның үстіне адамдар қарағашты бұталай қоймас, не қағаз жасауға келмейді, не кеме жасауға келмейді. Отындық үшін ғана бұтамаса.

Қарағаш – Ей, Шырша, сен тіпті отынға да жарамайсың ғой. Немене бықсытып тұрсың а?

Қарағай: – Қазір бықсытып тұрсың, өртенсең де бықсып жанбайсың,  десеңші

ха-ха-ха.

Шырша: – Иә, күліңдер-күліңдер, есесіне мен мәңгі жасыл күйімде қаламын. Әй, Қарағаш, оған несіне шамданасың? Қайта, сен, отындыққа жарағаныңа да  тәубә де. Мына кәрі Емен оған да жарамайды. Балталауға қатты, я, қайың секілді шырыны да жоқ. Есі ауысқан адамдардың арман-тілек ойлап шүберек байлайтын ағашына айналмаса, қайтсін?!

(Орман ішіндегі ағаштар ду күлкіге батты.)

Қарға: – Қарқ-қарқ ей, ағаштар, жас талдар, несіне жетісіп Еменге күлесіңдер? Қане, қараңдаршы өздерің, ең көп құстың ұясы осы Еменнің бұталарында орналасқан. Дауылға төзімді. Жел соқса сендерге ұқсап теңселе жөнелмейді, өте байсалды. Бұл Емен осы тұрған бәріңнен бұрын шыққан бұл жерге. Сөйте тұра, қайсыбіреулерің секілді өзеуремей, үнсіз ғана тұрғаны неткен парасаттылық.

(Қарғаның осы сөзінен соң, орман іші қайтадан сілтідей тынады)

Қарға: – Енді аз күнде адамдар келіп балталар, аралар әйтеуір, бір амалын тауып қаншауыңды арамыздан бастап әкетер екен?! Одан да алдағы уақытта қай жерде, қандай мақсатта жұмсалатындықтарыңды ойланыңдар.

Қайың: – Ех, шіркі-i-i-н, десеңші. Кім қайда кетер екен? Бәлкім, мені жас қой деп тиіспей кетер ә? Қалай ойлайсыңдар?

Қарағай: – Қазір кеспесе, кейін кеседі. Бұл кәсіпорын жұмысын тоқтатпаса, түбі бұл орманды құртып бітетіні анық.

Қайың: (Жыламсырап, басын салбыратып) – Өмір неткен қиын еді... Сонда, мәңгілік боп қалудың еш амалы жоқ па?

Шырша: – «М-ә-әңгілі-i-i-к» мен туралы айтып жатсыңдар ма? Мен секілді мәңгі жасыл болсаң, мен секілді сұ-ұ-лу-у болсаң, мәңгі бақи адамдардың аялы алақанында, үйлерінің төрінде боласың. Мысалы мені жақсы көрмейтін, адамзаттың баласы жоқ. Ал, сендер, мәңгілік туралы ойламай-ақ қойыңдар.

(Шыршаның сөзінен соң, сөзге араласпай үнсіз тұрған Емен баяу тербелді де, асықпай бір жөткірініп, байсалды үнмен:)

Емен: – Ей, жас Қайың, босқа уайымдайсың. Бекерге күйіп-піспе. Әркім әу баста жаратылғанда-ақ бір мақсатпен жаратылады. Біз, ағаштар мақсатымыз: табиғаттың заңына бағыну. Ал, табиғат адамзаттың игіліне, адамдардың пайдасына жарауға шақырады.

Қарағай: – Пайдалы екен деп, шетімізден қырып отай бере ме, сонда?

Емен: – Адамдардың арасында да түрлісі бар. Бас пайдасын ғана ойлайтын, әр нәрсені ысырап қып, жөнсіз пайдаланатын халықтар болады. Орнымен ұқыпты пайдалатындар болады. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық болып, әр ағашты бұтаған сайын орнына бірнеше жас талдарды отырғызса, мына қасиетті қара орманымыз тұқылсыз қалмас.

Қайың: – Ал, мен, Шырша секілді ұзақ, мәңгі жасағым келеді! (жүзі солғынданып)

Емен: – Жаңа айттым ғой, біз адамдардың игілігіне бола жаралғанбыз. Ал, мәңгілік тақырыбына келер болсақ, оны ешкім де білмейді. Әр ағаш жақсы жерге, пайдалы істе жұмсалғысы келеді-ақ, амал нешік ол адамдарға байланысты.

Шырша: – Ал, менің болашағым айдан анық. Мені балталамай ақырын аралайды да үйінің төріне, зәулім-зәулім сарайларға, ғимараттардың алдына қақайтып қояды. Көрген мақұлықтың бәрі ауызын ашып таңданып, мойынын бір бұрмай өтпейді.

Қайың: – Туһ, шіркін! Мен де шырша болғанымда ғой. Не үшін қайың болып жаралдым екен?

Емен: – Ей, паң Шырша, сен өйтіп астамсыма! Ал, сен, жас Қайың, көрсеқызар боп әр нәрсеге қызықпа! Қайың болғаныңа қуан. Қайың болғаныңды мақтан тұт. Қайыңдарды жақсы көр. Қайыңшыл бол! Бірақ, өзге ағаштарға да құрметпен қара. Сенің күллі ата-бабаң адамзатқа өз сөлінен сусын беріп келді. Адамдар оны қайың шырыны атап кетті. Таласып ішіп, тамсана жұтты. Соны неге мақтан көрмейсің?

Қарағай: – Ей, кәрі Емен, қарағайлар туралы айтшы. Мына ағаштар білсін біздің қандай екенімізді.

Емен: –  Қарағай, сенің де дінің қатты, берік ағашсыңдар. Қарағайлардың іске аспайтын жері болушы ма еді? Кеме болып мұқиттармен әлемді шарлауға да шыдайсыңдар, темір жол рельстерін тапжылтпай ұстап тұруға да жарайсыңдар. Тіпті, сенің қабығыңнан дәрі-дәрмек жасалып адамзатқа емдікке де жарайсыңдар ғой.

Шырша: – Өзің неге жарайсың? Пайдаға жарайсың ба, өзі? (мысқылдап күліп)

Емен: – Біз де адамдардың бір пайдасына жарармыз. Табиғатта босқа жаратылған бірде-бір нәрсе жоқ. Осы орманда қанша ағаш болса бәрінің де өзінің атқарар қызметі, тигізер пайдасы бар. Мысалы, Қарағаш, сен, жер талғамайсың. Кез келген мекенде өсуге бейімсің. Атыңды білмесе де, барлық адам өмірінде бір рет болса да сені көрді, сен тазартқан ауамен дем алды. Адамдардың жұтқан ауасының таза болуының өзі неге тұрады?!

Қарағаш: – Ағаштардың барлығы пайдалы болса, Шырша, сен, неге сонша өктемсейсің?

Шырша: – Себебі мен мәңгілікпін, әрі, мен басқаларың секілді бөлшектемей-ақ бүтін күйімде пайдаланады. Қастерлеп төріне қояды. Әсем де, салтанатты жерлерден ғана табыламын.

Қайың: – «Мәңгілік» туралы не айтар ең, Емен?

Емен: – Жаңа айттым ғой мәңгілік ештеңе жоқ, тек адамзаттың мәңгіге жадында қалуға болады. Және ойламаңдар бұталған соң бүтіндей бір іске жұмсаламын деп. Бөлшектеп-бөлшектеп сан-салаға пайдаланар. Ыңғайсыз болса да айтайын, тіпті біздің бір бөлігіміз қағаз, одан әрі асып майлық, ол аз десеңдер түбінде дәретхана қағазына айналуымыз да ғажап емес.

Қарағай: – Ойба-а-а-й, ондай абыройсыздықтан сақтасын, құдай!

Емен: – Әрине, алып бәйтерек боп өсесің, содан соң адамдар бұталап, соңында дәретхана қағазына жұмсалу – абырой әкелмес. Алайда, бұл абыройсыздық – ағаштардың арасында ғана. Сайып келгенде табиғат алдында ол түк те дәрежемезді түсірмейді. Керісінше ұлы табиғаттың заңына сәйкес әр ағаш өзінше адамзатқа белгілі бір пайдасын тигізеді. Бастысы, зиянымыз тимесе болды.

Қарағаш: – Ағаштар адамзатқа зиянын тигізуі де мүмкін бе? Ол қалай, сонда?

Емен: – Иә адамдар ақыл-ой, пайым-парасатына сай бізді түрлі мақсаттарға пайданады ғой. Бірі игілікке, кейбірі лас, жаман әрекеттерге бізді де себепші қылады.

Қайың: – Түсіндіріп айтшы? Нақтырақ, қандай залал тигіземіз?

Емен: – Айттым ғой, адамнан айла артылмайды. Ағаштан зиянды-зиянсыз түрлі нәрсе жасауы мүмкін. Мысалы: Біздің бұтақтарымыздан күкірт жапсырып, бірнеше я әлденеше мыңдаған шырпы жасайды. Адамдарға жылу берер от шығарады. Зиянкес, түсінігі таяз адамның қолына түссе тұтастай орманды өртеп, жойып жіберуі де мүмкін.

     Ертеректе менің жас тал-шыбық кезімде үлкен ағаштардан естіген бір әңгімемді айтып берейін. Осы орманға басқа орманнан жас көшет әкелініп отырғызылған екен. Өз орманы өртеніп, өрт күллі ағашты жалмай бастағанда, сол маңда тұратын бір парасатты адам бір жас көшетті тамырымен жерден қазып, өрттен аман сақтап қалыпты. Өрт басылған соң барса, тұтас орманнан күлдері ғана қалыпты. Әлгі адам: «Қой, бұл жер маған қорған болмас, жалғыз ағаш орман болмас» деп өзінің ата қонысына қайтып, Еділ мен Қиғаш арасындағы біздің орманға әкеп отырғызған екен. Алғаш келген уақытында біздің жерге үйренісе алмай, баяу өсіп жапырағы ерте сарғаятын деседі. Қиғаштың жері құнарлы ғой кейіннен жапырағы жайқалған алып бәйтерек болыпты. Уақыты келген кезде Қиғаш бойындағы көшпелі халық одан құрылмалы үйлерін жасап ұрпақтарына мирасқа қалдырып отырған.

Қарағаш: – Мәссаған! Қандай керемет! Жаңағы өзің айтқан адамдардың жадында мәңгіге сақталу деген осы екен ғой иә?

Емен: – Дәл солай. Сол көшет боп келіп, біздің орманда алып бәйтерек болған ағаштың айтқан әңгімесі сол кездердегі бүкіл ағаш естіп өзінен кейінгілерге айтып отырған екен. Таяуда адамдар келіп шетімізден бұтаса үлгермей қалармын, соны сендерге баяндайын.

Қарағай: – Иә, айтшы, Емен.

Емен: – Әлгі көшіп келген жас талдың бұрынғы орманында бір ағаш болыпты. Ол үнемі мұрынын көкке шүйіріп, өзге ағаштарды менсінбей менің пайдам бәріңнен көп. Менің әрбір бұтағым адамзаттың асыл бұйымдары жасалатын қажетіне жарайды деп мақтанатын көрінеді. Күндердің бір күні орманды күтетін бағбандар келіп, ағаштардың жарамсыз бұтақтарын кесіп алып кетеді. Кесілген бұтақтарды лақтырмай адамдар одан шырпы жасаған екен. Сол шырпылардың бірі парасаттан жұрдай бір адамның қолына түсіп, әлгі содыр орманды өртеп кеп жіберген екен. Әлгі өзгелерді менсінбей жүрген ағаш, ақыры аяғында өз бұтағының себепкерлігімен мұрынын көкке шүйіріп жүріп, күлі көкке көтерілген екен.

Қарағаш: – Көрдің бе, Шырша? Сен сабақ алатын хикая екен.

Шырша: – Мен айттым ғой жаңа. Адамдардың алдында менің құрметім бөлек. Жасаса, сенен жасайтын шығар, шырпыны.

Қарағай: – Өй, сендердің дауларың бітпеді ғой. Одан да қандай іске жұмсалғыларың келеді болашақта соны айтыңдар?

Қайың: – Мен емен сияқты қартайып, қартайғанша адамдарға сарқылмай шырын берсем. Адамдар мені ең шырыны көп қайың атаса деп армандаймын. Солай адамдардың жадында мәңгі сақталып, «сол бір қайыңның шырыны неткен дәмді еді» деп айтып жүрсе деймін.

Қарағай: – Сенше, Қарағаш, болашағыңды қалай елестетесің?

Қарағаш: – Мен, білмеймін. Емен айтқандай адамзатқа пайдам тисе болды. Әрине адамдар мәңгі естеріне алып жүретіндей пайдаға жарап жатсам қуанар едім.

Шырша: – Мені енді, білесіңдер ғой болашағым айдан анық. Қайта-қайта мақтанғандай болмайын. Одан да өзің айт, Қарағай.

Қарағай: – Кім бірден жас күнінде бұталанғысы келеді дейсің? Әбден қартайғанша осы орманның қалың, ну орман болғанын көргім келеді. Кейін кәрілік келгенде мен де барлық адам алғысын айтар пайдаға жарасам деп ойлаймын. Емен, сен, айтсаңшы? Сен де біраз жасадың? Әлі де өсе бергің келе ме?

Қайың: – Қандай іске жарағың келеді?

Емен: Мен де Қарағай секілді ойлаймын. Желмен тұқымымыз орманның түкпір-түкпіріне тарап, ұрпақтарым көбейсе, олар да алып бәйтерекке айналса екен деймін. Ал, адамдардың сондай бір қастерлеп қолданатын бұйымына айналып жеті ұрпақтың, тіпті одан да кейінгі ұрпақтардың жадында мәңгі қалғым келеді.

 

Екінші көрініс

(Сахна баяу күңгiрттеніп, қараңғылық қоюланады да адамдар шығады. Қолдарында екі кісілік қол ара, балта, арқан )

 

Бірінші адам: – Қайсынан бастаймыз? (жан-жағындағы ағаштарға қарап)

Екінші адам: – Қайсы дейтіні жоқ. Мына шетінен бастай берейік. Әндірей еш қайсысын қалдыртпас.

Бірінші адам: – Әй, сол Әндірейің жергілікті халыққа бір ауыз ескертіп, рұқсатын алып па?

Екінші адам: – «Айттым», – дейді ғой. Совхоз бастықтарының ауызын майлап тастаған шығар. Қазір дәукумент сөйлейтін заман. Дәукіметің болса, ешкім ештеңе дей алмайды.

Бірінші адам: – Әйтеуір, Әндірейден бір бұзаулы сиыр аламыз деп халықтың наласына қалып жүрмейік.

Екінші адам: – Өй, саспа! (қолын бір сілтеп) Ей, осының халыққа не қажеті бар-ей. Онсыз да не көп, терек көп. Совхоз айтты дейміз, бітті. Біздің не кінәміз бар? Біз тек, айтқанды істейтін жұмысшымыз.

Бірінші адам: – Қайдан білейін, анау қиғаш бойындағы адайлар совхоз бастықты да пысқырмайды. Басы-көзімізді шығарып жүрмесін.

Екінші адам: – Ө-ө-й, олар да өкіметтен асып қайдап барар дейсің?

Бірінші адам: – Қой, қане, кірісейік. Кешке дейін отыз ағаш кеспесек үлгермейміз. Мә, арқанды тарттырып байла, сол жаққа құласын.

(Екеуі екі кісілік қол арамен шеткі ағашты аралап бастайды. Сахнада қол араның дыбысы. Сахнадан жарық азая береді. Ағаштар бірінен соң бірі құлап жатады. Қол араның дыбысы тоқтамайды. Қараңғылық қоюланып, екеуі тершіп маңдайларын сүртеді.)

Бірінші адам: – Қой, қайтайық. Бүгінге осы да жетер. Нешінші ағаш мынау?

Екінші адам: (Саусағымен тез-тез жүгіртіп шығады да)  – Отыз үш.

Бірінші адам: – Е, болды қайттық жүр. Ертең ертемен келерміз.

(Сахнадан екеуі шығып кетеді. Сахна толық қараңғыланып, баяу музыка ойнайды.)

 

Қиғаш бойындағы совхоз бастықтардың көңілін тапқан Андрей, жергілікті халықтың наразылығына қарамастан бас-аяғы бір айдың ішінде мыңдаған ағашты бұтап, құрылыс ағаштарын жасайтын фабрикасына жөнелтіп жіберді. Таз ашуын тырнаудан алады дегендей совхоз бастықтарға ерегіскен халық: «Біз де алайық отын қыламыз, қора саламыз. Әндірейге мыңдап кесуге рұқсат бергенде біздің кескен 2-3 ағашымызға қарап қалып па?» Осындай ниеттегі адамдар әр ауылдан бас көтеріп, күн сәулесі өтпейтін тығыз орманды айналдырған алты айда таздың басындай селдіретті де қойды. Адамзаттың пайдасына жұмсалғысы келген ағаштар да жан-жаққа бет алған еді.

 

Үшінші көрініс

 

(Шеберхана. Шебер ағашты сүргілеп жатыр. Үстел үстінде тізілген: ет салатын ағаш астаулар, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, өзге де бұйымдар толып жатыр.)

 

Шәкірт: – Ұста, ассалаумағалейкөм!

Ұста: – Уағалейкөмүссәләм, келдің бе?

Шәкірт: – Иә, ұста, ағаштарды әкелдім. Ағаш бағалары біраз өсіпті. Қайың мен қарағай бағалары тіпті шарықтап тұр. Тек қарағаш алдым. Есесіне өткен жолғыдан екі есе көп.

Ұста: – Е-е-е, дұрыс болыпты. Қарағайға әзірге тапсырыс жоқ. Бағасы арзан, салмағы жеңіл деп бәрі қарағаштан беріп жатыр тапсырысты.

Шәкірт: – Мынау нешінші ұршық, ұста?

Ұста: – Осы соңғысы.

Шәкірт: (кекесінмен күліп) – 18 ұршықтың бәрін не істегелі жатыр екен а?

Ұста: – Жамал әжейді танушы ма ең?

Шәкірт: – Қайсы, анау Қошалақтағы ма?

Ұста: – Иә, сол кейуана өтініп еді... «Бүгін алып кетем», – деген соң, жанталасып жатқаным ғой.

(Сахнаға ақ жаулықты, кимешек киген, қасына ерткен 6-7 жасар қыз бала бар кейуана шығады.)

Ұста: – Апа, сәлем бердік! Қалыңыз қалай, бай-қуаттысыз ба?

Шәкірт: – Сәлем бердік, әже.

Кейуана: – Аман ба? Көп жасаңдар, шырақтарым. Құдай қуат берсін қолдарыңа.

Шәкірт: – Әумин, әже!

Кейуана: – Шүкір-шүкір, ептеп жүріп жатырмыз. Мына сенің ұстаханаңа келіп, қыз күнім есіме түсіп жатыр. Апырмай а? ештеңе өзгөрмеген. Бәрі бәз-баяғы қалпы. Әкем жарықтық, сенің атаң екеуі үзеңгілес жақсы дос болды ғой. Әкеме еріп бала күнімде осы ұстаханаға келгенді ұнатушы едім. Сондағы келу себебім осындағы ағаштардың иісі. Бала боп ойнап кетпей, ана-оу бұрышқа көзімді жұма қап ағаш иісін жұтып отырушы едім. Елтай ағам жарықтық тапжылмай отырып, ағаш иісіне сонша құмартқаныма қайран қалушы еді. Әлі сол иіс, әлі сол ұстахана еріксіз баяғыны еске түсірді ғой.

Шәкірт ұста: – Келіңіз, әже отырыңыз.

Кейуана: – Ә, рахмет, балам, көп жаса. Кейін де, ұзатылар алдында осында кеп, «Елтай аға, төңіректе ұсталар бар болғанымен, өзіңіздің қолыңыздан шыққан бұйым бөлек қой, жасауды өзіңізге жасатқым келеді», – деп қолқаладым. Е, алда разы болсын, бір ауыз сөзге келген жоқ. «Әрине, Жамалжан, қыз жат жұрттық онымен бірге еріп барар сол жасауы ғой. Бала күніңнен көріп өскен ана-оу ағаштардан жасауыңа қажетті бұйымыңның бәрі өз мойынымда», – деді. Кейін, өз жұртыма келін боп түскенімде, бәрі таңғалып қызығып еді. Елтай әкем сандығымнан бастап, ас табақ, ыдыс-аяқ, күбіге дейін  түгел жасап беріп келін боп барған жерімде абыройымды асқақтатып қойғаны бар еді. Е, алда ол кісіге разы болсын. (бетін сипайды)

Ұста: – Иә, әкем айтып жүруші еді. Мен осы ұсталыққа баулып жүрген кезінде, «сен, атаң секілді бар нәрсені жасауға ебің бар, мен секілді емессің. Атаң кішкене пышақ саптан, үлкен қайыққа дейін жасай беруші еді», –  деп.

Кейуана: – Иә, солай Елтай әкей ағашты балшыққа иіріп түрлі нәрсе жасай беруші еді ғой, жарықтық. Бет-ажарың да әкеңе емес, Елтай ағама ұқсап қалыпты. Ол кісінің ұсталығын да берген ғой өзіңе. Осы үшін де маңайдағы көп ұстаға бармай, өзіңе қолқалағаным сол еді, қарағым.

Ұста: – Иә, апа, тапсырысыңыз дайын. Міне, мынау соңғысы. Өзіңізге беріп жібергелі жатыр едім.

Шәкірт ұста: – Әже, 18 ұршық осыншама көп ұршықты не істейсіз?

Кейуана: – Е-е-е, айналайын, жаңа айттым ғой, Елтай ағам бүкіл жасауымды жасап беріп еді деп. Қамыр илер оқтауым, астына салар тақтайыма дейін. Сол көп дүниенің ішінде ұршық та бар еді. Ұршық болғанда қандай! Мен келін болып түскен үй үлкен атам мен енемдікі. Шалым немеренің үлкені болған соң, сол кісілердің қолында өскен ғой. Жарықтық, кәрі енем қартайғанынша тың еді. Текемет басатын, ұршық иіретін. Елтай ағам жасаған, жасауыммен бірге келген сол ұршықты қатты ұнатушы еді. «Қолда жақсы айналады, өте ыңғайлы», – деп. Кейін маған да үйретті. Қарт енемнің арқасында ұршық иіріп, тоқыма тоқуды да, текемет басуды да бір кісідей меңгеріп алдық қой.

   Былтыр көктем, мына екі тізем сырқырап қоймаған соң, балалар: «Апа, жүріңіз қалаға, лишение аласың, ойбай қаланың дәрігерлері мықты, бір ай жат, қарал», – деп құлақ етімді жеген соң, Гөрепке (Гурьев) барғанмын. Тізенің сырқырағаны басылды-ау, елді сағынып жүрегім сырқырай бастаған соң он күн шаққа шыдадым да, елге тайып тұрдым. Келсем, әлгі кіші немере келін бар ғой, Темірбектің.

Ұста: – Қайсы ол, Бейсеннің баласы ма, қалалық келін ғой?

Кейуана: – І-i-i, дәл өзі. Сол келін үйді жинап жүріп, сыртқы темір есікті ашып қойып ауа кірсін деп. Тірейтін зат таппағандай, Елтай ағам жасап берген менің ұршығымды қыстырып тіреткен ғой есікті. Біздің жақтың желі шөкімдей ұршықты бұйым көрсін бе, ысқырып темір есікті кері итеріп, тарс жапқанда ұршығымды сындырып жіберіпті. Ой бір ашуланғаным-ай. Жарықтық, туған енем секілді бір қаһарым келе қалып, қуырып алдым бүкіл келінімді. Ойбай-ай, ұршық емес саусағым сынғандай жаныма батты-ай, десеңші. Содан, Темірбекке «Тұр кет, көлік тап! Жұмажандікіне апар мені», – дедім. Ақыры алдымыз жаз, Қошалақтағы мал ұстап отқан бала-келініме барып қайтам, ашуым басылсын әрі Қошалақтағы немерелерді көріп қайтайын дедім.

Ұста: (күліп) – Дұрыс, апа, қатырыпсыз.

Кейуана: (қолын сілтеп) – Тұра тұр, ашудың көкесі Қошалақта болды. Барсам, есік алдында менің сандығым жатыр ауызы аңқиып. Ішіне темір-телсек, жүр-жұрқаны қаптатып толтырып қойыпты. (Кейуана ұл-келінін әжуалап түрлерін көрсетеді. Ұста мен шәкірт жайраңдап күледі.)

 «Апа, сәлем бердік, қала жақпады ма не, ертерек кеп апсыз ғой», – деп келін мен Жұмажан атып шықты. Сәлемдерін алмастан, осы таяғыммен Жұмажанның кеудесінен нұқып, «Әй, мына сандығымды не істегенсіңдер? Не мынау ауызы аңқиып? Ішіне қоқыр-соқырларыңды салып күннің астына қақтап қойыпсың ғой!», – дедім. Келінде үн жоқ. Жұмажан: – «Өй, апа, енді...» Қысқарт! Таяғыммен салып қалдым. «Әй, мына сандықты лақтырғанша, мені лақтырсаңдаршы далаға. Төркінімнен келген жасауыма жау болдыңдар-ау. Шығар ана ішіндегі қоқыр-соқырды. Ауызын жөнде де сүртіп, тазалап кіргіз үйге», – дедім. 

Ұста: – Е-е-е, сөйтіп келіндерді бір қуырып алған екенсіз ғой, апа.

Кейуана: – Иә, содан сыртқа шықсам, түтіліп дайын тұрған түбіттер қапқа салынып даяр тұр. Жіп қып иірер адам жоқ оны. Тіпті, қазір ешкім текемет те баспайды. Киіз басу қалған. Содан ағыл-тегіл жасалып жатқан ысырапты көрдім де шыдай алмадым. Қаладағы, даладағы, ауылдағысы бар қыз-келін бар барлығын жинап келесі апта қырға, Қошалаққа келіңдер дедім. Қолдарына бір-бір ұршық беріп, жүн түтіп, жіп иіртіп үйретпесем ана жақта енелерімнің бетіне қайтіп қараймын?! Тіпті, ұршық деген не екенін, өмірінде бір көрмеген ұрпақ өсіп келе жатыр. Ең құрығанда осыларға бір көрсетейін, тамырынан ажырамасын деген ниет қой, менікі.

Ұста: – О керемет, апа, дұрыс-дұрыс жөн айтасыз.

Шәкірт: – Міне, апа, ұршықтарыңыз бәрі дайын болды.

Кейуана: – Е, айналайындар, өркендерің өссін шырақтарым. Құдай істеріңе қуат берсін. Жарықтық атам айтып отырушы еді, «Құдай күстенген қолдарды жақсы көреді», – деп. Адал жұмыстарыңның берекесін берсін!

Ұста: – Әумин, апа!

Шәкірт: – Әумин, әже!

Кейуана: – «Құрғақ қасық ауыз жыртар», – дейді, мә, айналайын, ала ғой.

Ұста: – Қойыңыз, апа, бұл неткеніңіз. Ала алмаймын.

Кейуана: (Мейірімге толы жүзін дереу жиып ап, сұрланды да) – Ал! Еңбек сатылмайды, бағаланады. Артық сөзді доғар!

Ұста: – Ой, апа-оу ыңғайсыз жағдайда қалдырдыңыз ғой. (жүзін төмен қаратып)

Кейуана: – Балам, мына өзеннің бойы, кезінде тоғай, одан бұрын орман болған деседі. Тоғай кезін бала кезімізде көрдік қой. Қазір қарасам, тіпті, саусақпен санарлық қалған екен. Әлі есімде, Елтай ағам жарықтық жасауымды алар кезде әкем қолына 20 сом ұстатты. Елтай ағам алмаймын деп азар да безер болып, әкем де қоймайды. Содан Елтай ағам айтты: «Ақыры, ақшаң қалтаңа сыймай тұр екен, қаладан жас көшеттер алдыртып бер. Қанша жылдан ұсталықпен айналысып келем, қайыңын да, еменін де талай бұталадық. Ағаштың киесінен қорқамын. 3-4 жылдан бері, Қиғаштың арғы бетіне жас талдар отырғызуды әдетке айналдырғанмын. Қаладан көшет алдыртып берсең бек разы болар едім», – деді. Ерте кездің адамдары тұнып тұрған өнеге еді ғой, жарықтықтар. Сенің хабарың бар ма, жоқ па, білмедім? Қиғаштың арғы бетін бойлай өскен ағаштар сол Елтай ағам отырғызған ағаштар.  Мен де әлгі, Темірбекке 10 шақты жас көшет алғызып едім. Соны саған аманаттайын. Бір қолың босаса барып отырғызарсың, балам.

Ұста: – Аманатыңызды міндетті түрде орындаймын, апа, уайымдамаңыз.

Кейуана: – Олай болса, мен кетейін. Сау бол, балам!

Ұста: – Аман-есен болыңыз, апа!

Шәкірт: – Әже, мен сізді жеткізіп салайын, жүріңіз.

 

(Шәкірт ұста мен кейуана сахнадан шығып кетеді. Ұста ағаш сүргілеп, жұмысын жалғастыра береді.)

(Сахнаның келесі жағынан жөткірініп Ақсақал кіреді.)

 

Ұста: – Ассалаумағалейкүм, Ақсақал, қалыңыз қалай?

Ақсақал: – Әлікіміссәләм! Шүкір-шүкір, тәуба жүріп жатырмыз. Өзіңде қалай? Ісіңе береке берсін. Тапсырыстарың көп пе?

Ұста: – Шүкір, Ақсақал, бұйырғаны болып жатыр.

Ақсақал: – Е-е-е, дұрыс. Тапсырыс болғаны жәқсі-i-i. Балам, саған, бір бұйымтаймен келіп отырмын...

Ұста: – Айтыңыз, ақсақал, құлағым сізде.

Ақсақал: – Бесік жасайтайын деп едім. Қолдан келе ме?

Ұста: – Иә, осыған дейін бірнешеуін жасағанмын.

Ақсақал: – Әп, бәрекелді! Өзім де бір жасаса осы бала жасар, атасының қолы алтын еді ғой деп келіп едім.

Ұста: – Қазір, ақсақал, көрейінші қайың қалды ма екен? (Жиналып тұрған бірнеше ағашты көзбен шолып шығады.) А-а-а бар екен, Ақсақал. Бесікті қайыңнан жасаған жақсы. Жеңіл әрі сықырлап дыбысы шықпайды, басқа ағаштар секілді.

Ақсақал: – Е-е-е, дұрыс болды ендеше. Кеше немерелі болдым. Қыз бала. Өзінің әкесі жатқан ескі бесік бар еді, оны кемпір жиен немереге беріп жіберіпті. Бала мен келінге салсаң, мәнеж дей ме, немене анау, соның ішінде өсірмекші. Әй, балаға бесіктен жайлы, төсек бар ма? Оның үстіне қыз бала болса, тіптен. Бесікте жатқан баланың аяқтары оқтаудай түзу боп, ұйқысы тыныш болады. Қай қазақ бесікке бөленбей өсіп еді,  бәріміз де осы бесікте өстік емес пе? Қой, қазақ баласын бесіксіз өсірген емес дедім де, содан өзіңе келгенім.

Ұста: – Болды, ақсақал, бұйырса жасаймыз.

Ақсақал: – Қашанға дайын болады? Қай күні келейін?

Ұста: – Бұйырса келесі сенбі дайын боп қалады, ақсақал.

Ақсақал: – Е-e-e, жөн екен. Жарайды, мен жүрейін ендеше.

Ұста: – Жақсы, ақсақал, дайын болған кезде хабарын беремін. Аман болыңыз!

 

(Ақсақал шығып кетеді. Ұста тірлігін жалғастыра береді. Сахнаға Зұлыпхар шығады. Қасында 6-7 жасар жас бала.)

 

Ұста: – О-o-o, біз жаққа да атақты шабандоздар келеді екен ғой. (Екеуі мәз болысып, құшақ айқастырады.)

Зұлыпхар: – Ассалаумағалейкүм, шеберім.

Ұста: – Уағалейкүміссәләм, қалың қалай Зұлпеке?

Жас бала: – Ассаумайкум!

Ұста: – Уағалейкүмәссәләәм, өй, жігіт.

Зұлыпхар: – Бәрі ойдағыдай. Өзің? Шеберхана бәз баяғы қалпынша түк өзгермепті.

Ұста: – Біздің тірлік осы ғой білесің. Өзіңде,  отбасың бала-шағаң аман ба?

Зұлыпхар: – Бәрі тегіс аман.

Ұста: – Көкпар қалай?

Зұлыпхар: – Өзіміз қойдық қой! Қазір шәкірттер дайындап жүрмін.

Ұста: –  Дұрыс! Оңтүстік жұрты аман ба? Батысқа қандай  жел айдап келді, өзіңді?

Зұлыпхар: – Саған келдім арнайы. Өзің жасап берген ер тоқыммен талай рет көкпардың додасына түстік қой. Жаман көкпаршы болмадық. Сол әуелі Алла содан соң, дәу де болса сенің қолыңнан шыққан ер тұрманның құдіреті ғой деймін. (Күліп)

Ұста: – Е-e, жоға. Ол қарағайдың құдіреті шығар. Атқа да, адамға да ыңғайлы нағыз ер тоқым осы қарағайдан болар.

Зұлыпхар: – Ол жағын енді, сен, білесің. Не де болса сенің шынайы ниетпен жасағандығың да бар ғой. Әдейі ырым қып мына балам бұйырса көктемде 6-ға шығады. Балаларымның ішінде нағыз шабандоз осыдан шыға ма, деймін. Атқа үйірсек. Қазақ алты жасар баласын алғаш ашамайға отырғызып, ашамайды тайға артып, тай үстіндегі жас балаға үкілі үмітін артпаушы ма еді? Бір жағы бұйырса, осы баланың ашамай тойына арнайы өзіңді шақыра келсем, бір жағы ашамай ерді өзіңе жасауды қолқалай келдім.

Ұста: – Әп, бәрекелде-e-e! Алма ағашынан алыс түсуші ме еді? Бұйырса жасаймыз, ашамайды. Аты кім, бұл батырдың?

Жас бала: – Жұлдызхан.

Ұста: – О, тамаша! Жұлдызхан, жұлдызың жарық болсын. Мына әкең сияқты жоқ, әкеңнен де өткен мықты көкпаршы шабандоз болғайсың!

Жас бала: – Рахмет! Әумин, аға!

Ұста: – Өй, қане не тұрыс? Үйге жүріңдер.

 

(Саханаға ентігіп аудан әкімінің орынбасары шығады)

 

Ұста: – Ойбай, Секе тыныштық па? Түріңіз өрт сөндіргендей ғой.

Әкім орынбасары: (Ырсылдап, ентігіп) – Өй, айтпа! Шынымен өрт сөндіріп келе жатырмыз. Масқара болдық, масқара!

Ұста: – Не болды, Секе, тыныштық па?

Әкім орынбасары: – Әй, өткен жолы өзіңе келіп едім ғой? Сен өзің болмадың. Ана үйреніп жүрген шәкіртің ертіп барған тоғайға.

Ұста: – А-а, иә. Сол жолы не қылдыңыздар айтқандай. Тоғайға жай ша бару керек пе еді, не шаруа?

Әкім орынбасары: – Мына кісілер кім болды? Бұрын бұл ауылдан көрмеген секілдімін.

Ұста: – Ә бұл жігіт, Зұлыпхар деген менің досым. Тараздың тумасы. Маған қонаққа келген еді.

Әкім орынбасары: – Е-e-e, дұрыс екен. Біз жақтан болмаса, айта берейін. Е, ұстеке, бір ұятты іс болды.

Ұста: – Иә, аманшылық па, не боп қалды?

Әкім орынбасары: – Жаңа жылға бір ай бұрын дайындықты бастап кетеміз, білесің ғой?

Ұста: –  Иә

Әкім орынбасары: – Сол аудан әкімі тапсырма берген. Қолыма 150 мың теңге ұстатқан. «Қаладан жақсы шырша алдырт, акиматтың алдына құрыңдар», – деп.

Ұста: – Содан?

Әкім орынбасары: – Содан, осы тоғайда шырша өседі дегенді естімеймін бе?

Өткен жолы келген себебім де сол. Шырша қай жағында? Үлкен болса, кесіп алайын дегенмін.

Ұста: – Иә, таптыңыз ба?

Әкім орынбасар: – Таптым. Шәкіртің ертіп апарды ғой. Көбі әлі кішілеу екен. Бір үлке-е-н шырша болды арасында.

Ұста:  – Иә, ондайы бар.

Әкім орынбасар: – Үлкен, әдемі шырша әрі тегін екен ақыры, ақшаны өзімде қалдырдым да, сол шыршаны апарып ауданға орнаттық.

Ұста: – Е-e, содан?

Әкім орынбасар: – Содан, жаңа үстіне жанатын қызылды-жасылды тоғын жүргізіп, пробаға тексеріп көргенбіз ғой. Білмеймін, неден болды? Тоқтан ақау ма? Өрт шығып, лап етіп лезде шырша өрене кетті. «Ойбай су әкеліңдер, өшіріңдер», – деп отты өшіргенімізше, шыршаның түрі быт-шыт болды.

Ұста: – Мәссаған! Қиын болған екен.

Әкім орынбасар: – Енді, әкімге не айтам? 150 мыңның түбіне су құйғанмын. Қысқасы, саған тиетіп әкеліп тұрмын. Әй, ұстеке, бір керегіңе жарар. Ағаштан түйін түйесің ғой. 50 мыңға алып қалсаңшы.

Ұста: – Ойбу, Секе, айыпқа бұйырмаңыз. Шырша ол кесілгеннен соң бірден пайданбаса, тез кеуіп ештеңеге жарамайды. Отындыққа дейін десем, бықсып жанып болмайды. Мен ала алмаймын.

Әкім орынбасары: – Қап! Бір құрыған ағаш екен, ә? Енді не істеймін, оны саған әкеп тұрсам.

Ұста: – Айып етпеңіз, Секе. Басқа ағаш болса алушы едім. Ауыл шетіндегі қоқысқа тастай салсаңызшы.

Әкім: – Әй, тұзым жеңіл ғой. Бірден жасанды шырша ала салсам ғой, сол. Жарайды, кеттім мен. (Апыл-ғұпыл сахнадан шығып кетеді)

 

(Мойынына домыра асынған күйші жігіт кіріп келеді. Сондай көңілді, жайдары үнмен домбыраны күмбірлетіп, нақышына келтіре Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әнін орындап келеді. )

 

Күйші жігіт:

Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербетеді кеме, ойнайды қайық.
А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!

 

Ұста: – Ә-ә-й, жарайсың, сері! Көңілдісің ғой?

Күйші жігіт: – Ассалаумағалейкүм, ұста-a-a, әрине, көңілдімін. Дүниеге сәбиім келгендей сезімдемін. (Қос қолын көкке көтеріп)

Ұста: – Ә, сері, күй шығардың ба, тағы?

Күйші: – Дәл таптыңыз, ұста! Сіздің атаңыз жасап, біздің әкейге сыйға тартқан киелі домбыраның көмейінен күй төгіле береді ғой, шіркін! Дауысы бәз-баяғы қалпындай. Ұста, бұл қайсы ағаштан жасалған, осы?

(Ұста домбыраны асты-үстін бір қарайды)

Ұста: – Емен ғой, бұл!

Зұлыпхар: – Бұлар ата-бабасымен ұсталар ғой. Жасаған бұйымдарының не құдіреті бар екенін, білмеймін ерекше болады, әйтеуір.

Күйші: – Дәл солай! Дұрыс айтасыз.

Ұста: – Е-е-e, бұл қасиетті Қиғаштың бойындағы, ағаштардың құдіреті ғой. Қарап тұрсам, таң атқалы қанша тапсырыстар түсіп жатыр. Қазақ шыр етіп дүниеге келе сала, ағаш бесікке жатады. Ағаш ыдыстармен ас ішіп, күнелтеді. Қымызын күбіге салып пісіреді. Мынау табақпен ұлттық асын жейді. (Астауды қолына алып) Ұршығын иіріп киімін киеді. Осы Қиғаш бойындағы халық ағаш қайығына мініп балығын аулайды. Осы ағаштан ер тоқымын сайлайды, ағаштан үйін жайлайды. Тағы да осы ағаштан күй шығарып, ән салып бұлбұлша сайрайды.

Е-е,  жарықтық, қазақтың бүкіл өмірі осы ағашпен біте қайнасқан екен ғой.

Сөйте жүріп, өзен бойына бір тал екпейміз ғой.

 

«Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық», – деп,  «Еділдің бойы ен тоғай», – деп өткен ер Махамбет айтқан тоғайдан, тоғайшық та қалмады. Аты ғана тоғай демесең, әр жерде селдіреген ағаштар.  Қане, жүріңдерші,  жігіттер, мына көшеттерді Қиғаштың арғы бетіне отырғызып қайтайық.

 

 

 

Күйші: – Жүріңіз-жүріңіз, ұста, кеттік

 

(Үшеуі сахнадан шығып кетеді. Сахна баяу қараңғыланып, күй ойнап ойнап тұрады.

Бала қарға мен қарт қарға қайтадан сахнаға шығады.)

 

Бала қарға: – Е барлығының куәсі болған екенсіз ғой. Ал, сіздің бала күніңізде ұяларыңыз орналасқан қарағашқа не болды?

Қарт қарға: – Оны адамдар бұталады да, қайық жасап мінді. Бір бөлігінен күбі жасады. Өткен жолы қайсы бір ауылдан ұшып бара жатып көріп қалдым, сол баяғы қарағаш бірден тани кеттім. Ескі-құсқы заттардың арасында үйінді де жатыр екен. Адамдар оған құяр қымызы болмаған соң, тастаған ғой.

Бала қарға: – Өзіңіз бала күніңізде көрген ағаштардың бөліктерін әлі күнге көріп тұрасыз ба?

Қарт қарға: – Әрине, олар да мені таниды.

Бала қарға: – Рас па?

Қарт қарға: – Иә, қай бір жылы жазда, бір кемпір қалада ұршық иіріп отыр екен. Қасында келіні ме, қызы ма біреу бар. Ол жүн түтіп отыр екен. Ана түбіттерді көріп қызығып кеттім де, бір-екі уыс ұяға ала кетейін деп, екеуінің аңдысын аңдыдым.

Бала қарға: – Содан?

Қарт қарға: – Кемпір мен жас келіншек кеткен кезде ылдилап түсіп, ауызыма 1-2 уыс мақтаны іле бергенім сол еді, жас келін қолына түскен нәрсесін зытырды-ай келіп басыма.

Бала қарға: – Сөйтіп? Қалай құтылдыңыз?

Қарт қарға: – Лақтырғаны ұршық. Баяғы қарағаштан жасалған. Мені таныды білем, әдейі тимей қойды. Қарқ-қарқ! Сөйтіп құтылдым да кеттім.

Бала қарға: – Қайта, жақсы құтылған екенсіз. Мына қиғаш бойындағы адамдар ағаштарды көп пайдаланады екен ә? Бүйте берсе, біз ұя салатын ағаш қалмай қалатын шығар.

Қарт қарға: – Бұрын мен де солай уайым қылушы едім. Қазір ол уайымым бекер ме, деймін. Қазіргі адамзаттың балалары ағашты көп егеді. Бір тал кессе, он тал егеді. Қалың орман болмаса да, ағаштардың түбегейлі құрып кетпей тұрғаны сол парасатты адам баласының арқасы ғой. Қиғаштың арғы бетін көрмейсің бе? Айналдырған  30-40 жылдың ішінде қанша ағаш боп қалды. Сол үшін де бұл мекеннен кеткім келмейді.

 (Домбыраның керемет үні шығады. Күй ойнайды.)

Қарт қарға: – Әне, естідің бе? Мынау әлгі кәрі еменнен шығып жатқан үн ғой. Жүрші жақын барып естейік.

 

(Екі қарға қанат қағып ұшып кетеді. Шымылдық жабылады)