42
Жақын да алыс жол
(Толықметражды көркем фильмнің сценарийі)
НАТ. ҮЙ – ҚОРАЖАЙ - КҮНДІЗ
Кузовына ыңқита пірес жоңышқа тиелген ЗИЛ-157 жүк машинасы ГҮРІЛДЕП, ПЫСЫЛДАП ауыл үйінің алдына келді.
Төбесі жайпақ, сырты ақталған, телевизор тартатын ұзын антеннасы тікейген ШАҒЫН ҮЙ жоғарғы жағы біркелкі етіп қырқылған түп-түзу жыңғыл қорамен қоршалған.
Үйдің маңайында бір-біріне жалғасқан, мал қамайтын ашық қоршау, бастырма қора, жазда ат байлайтын көлеңке көрінеді.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ – КҮНДІЗ
Үйдің ауласы. Аулада биік, жуан талдар өскен. Жапырақтары жайқалып тұр. Талдардың саясында сәкі орналасқан. Биік талдың түбінде шағын, тапал орындықта арықтағы суға үңіле қарап 9-10 жастар шамасындағы бала отыр. Бұл – ДОС.
Дос – көзі ойлы, көп сөйлемейтін, салмақты, өзімен-өзі жүретін бала.
Әріректе, қазан-ошақ басында күйбеңдеген ақ жаулықты ӘЖЕ жүр.
Дос ДҮРІЛДЕГЕН машина даусына басын көтеріп, орнынан тұрды.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – АРЫ ҚАРАЙ
Машина кабинасының есігі ашылып, бірінші болып бұйра шаштары дудыраған 20 жас шамасындағы ШОПЫР ЖІГІТ, келесі жағынан біреуі мосқал, екіншісі, жас шамасы шопырмен шамалас ЕКІ АДАМ түсті.
Машинадан түскен кісілерге бойы ортадан жоғары, кең иықты, алып денелі, атжақты, келісті жігіт - СЕЙІТХАН ( 20 жас шамасы ) жақын келді. Келген кісілермен қол алысып, жайдары амандасты.
СЕЙІТХАН
Қалайсыңдар!
Жапа-тармағай, бір-бірімен қауқылдай жағдай сұрасып, емен-жарқын амандасып жатқанынан бұлардың жақын таныс, біліс адамдар екені байқалып тұрды.
Дос та да бұларға таяу келіп, машинадан түскен үшеумен қол беріп амандасты.
ШОПЫР ЖІГІТ
О, батыр хал жақсы ма!
Жылы жүзбен күлімсірей баланың сәлемін алып жатқан Шопыр жігіт ағалық, үлкендік пейілмен баланың арқасынан қағып қойды.
Сосын Сейітханға қарай:
ШОПЫР ЖІГІТ
(көңілді дауыспен)
Үйде әкей бар ма?!
СЕЙІТХАН
Ия, әкем үйде ғой.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – АРЫ ҚАРАЙ
Бұл кезде ақ мұртты, шоқша сақалды, үстінде тік жағалы кең ақ көйлек, басына қара тақия киген байсалды қария - УӘЛИ АҚСАҚАЛ кісілерге қарай келе жатты
СЕЙІТХАН
Әкем өзі де келе жатыр
ғой.
Шопыр жігіт қос қолын бере Уәли ақсақалға қарай ұмтылды.
ШОПЫР ЖІГІТ
Сәлем бердік, әкей!
Қалған Екеу де қос қолдарын беріп, ақсақалмен амандасып жатты.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Балалар амансыңдар ма!
Уәли ақсақал өзіне кезекпен қол беріп жатқан кісілердің сәлемін ықыласпен алды.
(пауза)
ШОПЫР ЖІГІТ
Совхоз атынан соғыс
ардагерлеріне бөлінген
шөпті алып келдік!
Сосын көйлегінің сыртқы төсқалтасынан бір парақтың көлеміндей бүктелген қағазды алып, бүктеуін жазып, дауыстап оқыды.
ШОПЫР ЖІГІТ
Жұмабеков Уәлиге – бір машина
пірес жоңышқа... Мінекиіңіз!
Қағазды Уәли ақсақалға ұсынды.
Жөткірінген Уәли ақсақал қағазды алып, кузовқа тиелген шөпке риза кейіппен қарады.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Әп, бәрекелді! Мынау не
деген ғаламат көп дүние!
Тіпті көп алып келіпсіңдер
ғой, түге!
ШОПЫР ЖІГІТ
Қайда түсіреміз? Шөпті
Түсірісетін көмекшілер де
дайын.
Серіктерін нұсқап қойды.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Сейітхан көрсетеді ғой...
Сейітхан бастырма қора жаққа қарай қолын сілтеді.
СЕЙІТХАН
Былай қарай!
Дос кузовта таудай болып үйілген, кендір арқанмен шандылған піреске төменнен жоғары қарай көз жіберіп, қызыға әрі таңырқай қарады.
ИНТ. МАШИНАНЫҢ КАБИНАСЫ – АРЫ ҚАРАЙ
Кабинасына мінген Шопыр жігіт кілтін бұрап, машинасын оталдырды. Жиектерінде моншақ шашақтар салбыраған кабинаның алдыңғы маңдай шынысының жоғарғы жағына әдемі қыздардың дөңгелек суреттері (наклейка) жапсырылыпты.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – АРЫ ҚАРАЙ
Машина ГҮРІЛДЕП, алға жылжыды.
Сейітхан қолымен бағыт беріп жолды көрсетуде.
Машина бастырма қораға жанай келіп, тақау тоқтады.
Екі Көмекші піресті ұстап тұру үшін кузовқа шандып байланған кендір арқанды ағыта бастады.
НАТ. БАСТЫРМА ҚОРА – СӘЛДЕН СОҢ
Бастырма қораның үстінде тұрған Сейітхан мен Шопыр жігіт кузовтың үстінен екі Көмекшінің айырмен атқан пірестерін күтіп алып текшелеп жинауда. Қораның төбесіне жиналған пірес екі-үш қатар болып биіктей бастаған.
ШОПЫР ЖІГІТ
Биыл жоңышқа бітік
шыққан.
Өзі айырмен түйреген піресін маяға жайғастырып жатыр.
Машинаның үстінде пірес лақтырып жатқан Көмекшілер де әңгімеге араласты.
ЖАС КӨМЕКШІ
Қарауыл жоңышқаға түскен
ауылдың сиырларын қамап
тастапты. Іздеп барған иелеріне
бермепті. Айып төлейсіңдер,
сосын босатамын, - депті.
МОСҚАЛ КӨМЕКШІ
Иесі дұрыс қарамаса сиыр
деген тыңдаусыз мал ғой.
СЕЙІТХАН
Ия...
Жарықтық, жоңышқаның
жөні бөлек қой! Исін қарашы
бұрқырап тұрған. Біздің қолдағы
бар малға артығымен жетеді
екен, қыстан шығуға.
Әкем де риза болып қалды.
Самайынан аққан терін алақанымен ысырды.
СЕЙІТХАН
Шілдеде күн мүлдем
ыстық болып кетті.
ШОПЫР ЖІГІТ
Ия, биыл жаз күн өте ыстық
болып тұр.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – КҮНДІЗ
Машинаның кузовы босаған. Бастырма қораның үстіне қаланған пірес МАЯСЫ тау болып көрінеді.
Жерге түскен жұмысшылар шаруаларын аяқтап, үсті-басын қаққылауда.
СЕЙІТХАН
(кісілерге)
Үйге кіріп сусын ішейік.
Кісілер сөйлесе жүріп үйге қарай беттеді.
Төменде тұрған Дос басын шалқайта маяға көз жіберіп қарады. Қораның көлеңкесінде екі құлағы кесілген, өсіп қалған күшік күннің ыстығынан тілі салақтап ырсылдай демалады.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ - КҮНДІЗ
Білегіне қоңыр матадан тігілген қалтаны ілген Әже Досқа қарата тапсырма айтып жатыр.
ӘЖЕ
Бар болса жарты келі
үнді шайын, үнді шәйі
болмаса 36- шай, бір келі
қант, бір келі пәруарда
кәмпит ала кел! Қазір,
тұра тұр...
Қамзолының қалтасынан көне әмиянын алып шықты. Әмияннан бір-екі көк ала қағаз ақшаларды шығарып, әмиянды бұрандасын бұрап жауып, қалтасына салды. Сосын қалтасынан бет орамал алып, оған қолындағы ақшаларды орап түйді. Түйіншекті балаға берді.
ӘЖЕ
Өзің де тәтті бірдеңе
алып жей ғой.
ДОС
Орамалға түймей ақ бере
бермейсіз бе?
Түйіншекті алып қалтасына салды.
ӘЖЕ
Орамалға түйілген ақша
жоғалмайды. Қане, таза
көйлегіңді кидің бе?
Достың көйлегінің жағасын түзеп, басынан сипап қойды. Қолына қалтаны ұстатты.
ӘЖЕ
Алған заттарыңды мында
салып ал. Ал бара қой.
ДОС
Бірінші кітапхана мен
поштаға барамын,
сосын дүкенге соғамын.
ӘЖЕ
Иә, сөйте ғой, жарығым.
Досқа мейірлене қарап, терең күрсінді...
ИНТ. ҮЙ - БӨЛМЕ – СӘЛДЕН СОҢ
Дос үйге кіріп, бөлменің бұрышында тұрған ағаш этажерканың сөресінде жатқан бірнеше кітапты алып, сабаққа ұстайтын қара сөмкесіне салды. Қоңыр қалтаны да бүктеп, сөмкеге салып сырт еткізіп құлпын басып жапты.
Бөлме қабырғасында шынылы кәсекте суреттер ілінген. Арасында моряктің формасын киген Сейітқанның суреті бар. Төменде, үстелдің үстінде қақпағы көтерілген РАДИОЛА мен пластинкалар көрінеді.
НАТ. ЖОЛ - КҮНДІЗ
Дос кең тақыр жолға түсіп жүріп кетті. Әр тұстан маңайында қора-қопсысы, ағаш-талдары қарайған, ауыл үйлерінің сұлбасы көрінеді.
НАТ. ЖОЛ – СӘЛДЕН СОҢ
Достың алдынан етігін сүйрей басып, басын төмен салып, өзімен-өзі КҮБІРЛЕП сөйлеп келе жатқан АСАН ӘПЕНДІ (30 жас) көрінді. Басына түсі оңып кеткен көнетоз, маңдайында бесжұлдызы бар ӘСКЕРИ ТЕЛПЕК киген. Қолына ұстаған таяғы бар.
Асан Әпенді - есі кіресілі-шығасылы, өзімен-өзі сөйлесіп жүретін, кісіге зияны жоқ адам.
Жақын келгенде Дос Асан Әпендіге қолын ұсынып, дауыстап сәлем берді.
ДОС
Асан Әпенді, қалайсың!
Басын көтерген Асан Әпенді Досқа қолын беріп тұрып себепсіз кеңкілдеп күліп алды.
АСАН ӘПЕНДІ
Жақсы, жақсы, әрқашан
жақсы...
Достың қолын ұстап тұрып тағы біраз күліп алған Асан Әпенді жөніне кетті. Басын төмен салып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп бара жатыр.
АСАН ӘПЕНДІ
Жақсы, жақсы, әрқашан
жақсы...
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – СӘЛДЕН СОҢ
Дос суы сырғи ағып жатқан каналдың үстіне салынған, екі жақтауындағы қадаларды жағалай тарта жуан сым жүргізілген, бір кісі ғана сиятын жіңішке КӨПІРДЕН өтті.
Басқан сайын көпірге төселген, арасы ашық көлденең тақтайшалар сықыр-сықыр етеді.
НАТ. КАНАЛДЫҢ ЖАҒАСЫ – АРЫ ҚАРАЙ
Көпірден өтіп каналдың басына көтеріле көтеріле бергенде, қарсы беттен қос бұрымын өріп алдына тастаған өзі құралыптас сүйкімді қыз бала - КЛАСТАС ҚЫЗ шықты. Қолтығына қысқан газет – журналдары бар.
Қыз бала кідіріп, бірінші болып сыпайы амандасты.
КЛАСТАС ҚЫЗ
Саламат па, Дос!
ДОС
Сәлем!
КЛАСТАС ҚЫЗ
Орталыққа бара жатсың ба?
ДОС
Иә, өзің Орталықтан келе
жатсың ба?
КЛАСТАС ҚЫЗ
Иә, Орталықтан келе
жатырмын. Поштаға барып...
газет - журналдарын көрсетті.
ДОС
Мен де кітапханаға
кітаптар өткізейін деп.
Сөмкесін салмақтап қойды.
ДОС
Сосын поштаға, дүкенге
соғамын.
КЛАСТАС ҚЫЗ
(күлімсіреп)
Сен кітапты көп оқисың.
Каникулда көп кітап
оқып жатқан шығарсың...
Дос ештеңе дей қоймады. Әлдеқайда, алысқа көз жіберіп қарады.
КЛАСТАС ҚЫЗ
Жақсы. Мен жүрейін.
Сау болып тұр
ДОС
Жақсы. Сау бол.
Қыз бала ептеп шаң жұққан туфлиін тықылдатып көпірден өте берді.
Каналдың басына шыққан Досқа алдыңғы жақтан шатырлы әдемі үйлері шашырай орналасқан «ОРТАЛЫҚ» көрінді.
НАТ. ОРТАЛЫҚ – КЛУБ - КҮНДІЗ
Кең шарбақпен қоршалған, еңселі, есік-терезелері биік, ғимаратқа келді. Алдында қоңыр сұр Уазик мәшинасы тоқтап тұрыпты.
Әрегіректе, төбесінде қақпағы бар үлкен қоңыр ЦИСТЕРНА көрінеді.
Биік есіктің үстіне «КЛУБ» деген жазуы бар тақта қағылған. Есіктің бір жақ қабырғасына көк түсті пошта жәшігі ілінген. Келесі жақ қабырғада астында ұсақ жазулары бар төртбұрышты әйнек тұр.
Одан ары, қабырғаға үлкен әріптермен, қызыл тушьпен «БОББИ» деп жазылған ақ ПЛАКАТ- АФИША жапсырылыпты.
НАТ. КЛУБ - КҮНДІЗ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос жақындап келіп келіп плакаттағы «ҮНДІ КИНОСЫ . БОББИ . 2 СЕРИЯ . БАСТАЛУЫ: 9.00 БАҒАСЫ – 40 ТИЫН» деген сөздерді оқыды.
ИНТ. КЛУБ – ПОЧТА – КҮНДІЗ
Клубтың жасыл сырмен сырланған қапсырмалы биік есігі ашық тұр. Дос ішке еніп ұзын, кең дәлізбен жүріп отырып, ашық тұрған есігінің маңдайынғы тақтайшада «ПОЧТА» деген жазуы бар бөлмеге келіп кірді.
ИНТ. ПОЧТА – КҮНДІЗ
Ағаш мінбер-қоршаудың арғы бетінде, қабырғаға тақай қойылған ұзын столдың үстінде жайылған, қатталған газет-журналдар, хаттар жатыр.
Столдың жанында басына гүлді жұқа капрон орамал таққан, көзілдірікті, сопақ жүзді, арық, қара әйел – ПОШТАШЫ АПАЙ ТАРСЫЛДАТЫП хаттарға мөр соғып жатыр.
Дос ағаш қоршауға жақын келіп, жалпақ жақтауына сөмкесін қойып, сәлемдесті.
ДОС
Саламатсыз ба!
Пошташы апай басын көтеріп, көзілдірігінің үстінен қарады.
ПОШТАШЫ АПАЙ
Саламат па!
ДОС
Газет-журналдар алайын
деп едім.
Пошташы апай қолындағы мөрін ұстаған күйі ағаш мінберге тақау қойылған, шағын үстелге жақын келді. Үстелдің үстінде телефон, конверттер, қақпағы ашық қаңылтыр қорапша, беті ашық жатқан жалпақ жазба журналы т.б. көрінеді.
ПОШТАШЫ АПАЙ
Уәлиев қой?
ДОС
Ия, Уәлиев.
ПОШТАШЫ АПАЙ
Қазір. Дария басына, автобус
күтуге барайын деп жатыр
едім.
Үстелдің үстіндегі әлдебір нәрселерді қарап, мөрін осында қалдырып қайтадан ұзын столға барды.
Шекесінде қолмен жазылған жазулары бар, қатталып жатқан газет-журналдардың шеттерін көтеріп қарай бастады.
Дос пошта бөлмесінің ішін көзбен шолды. Бөлменің бір бұрышында биік үлкен сейф тұр. Келесі бұрышта сарғыш түсті шағын ағаш жәшіктер, бума қағаздар жатыр.
Қабырғаға ілінген шағын сөреге түрлі-түсті конверттер, открыткалар тұрғызылып қойылған.
Қабырғаға ілінген 1976 жылды көрсеткен үлкен календарь тұр.
ИНТ. ПОШТА – АРЫ ҚАРАЙ
Бірнеше газет, бір-екі журналды жинақтап әкелген Пошташы Апай, ағаш мінбердің жалпақ бетіне біреулеп қоя бастады.
ПОШТАШЫ АПАЙ
Уәлиев Дос - «Білім және
еңбек», Уәлиев Сейітхан –
«Мәдениет және тұрмыс»
«Лениншіл жас»...
(пауза)
ПОШТАШЫ АПАЙ
Жиналып қалыпты
ғой.
Дос газет - журналдарды қаттап, жинап, сөмкесіне салды.
ДОС
Рақмет, сау болыңыз!
ПОШТАШЫ АПАЙ
Сау бол!
ИНТ. КЛУБ – КІТАПХАНА – КҮНДІЗ
Дос дәлізбен жүріп отырып ашық тұрған есігінің тұсына жапсырылған тақтайшада «КІТАПХАНА» деген жазуы бар бөлмеге келіп кірді.
ИНТ. КІТАПХАНА – КҮНДІЗ
Кітап сөрелерінің арасында ортаға таман қойылған үстел басында шашын иығына жеткізбей қиған ақсары, дөңгелек жүзді, сұлу КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ (17 жас) отыр.
Дос столға қарай жақын келді.
ДОС
Саламатсыз ба!
Кітапханашы Қыз қағаздардан басын көтеріп Досты жақын танитындығын білдіріп күлімдеді.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Саламат па Дос, кел!
ДОС
Кітаптарды тапсырайын
деп едім.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Қане, әкеле ғой.
Қалың шыны төселген столдың үстіндегі беті ашық ұзынша, жіңішке ағаш қораптың бірін өзіне қарай тартып жақындатып алды. Аппақ, әсем саусақтарымен формуляр қағаздарды парақтап қарай бастады.
Дос сөмкесін ашып, кітаптарын біртіндеп алып шығып, столдың шетіне қойды.
ДОС
Міне.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Қаазір.
Формулярдың біреуін суырып алып, қорапты әрі сырғытты. Кітаптарды алдына жақындатып, бір-бірлеп қолына алып, дауыстап оқып түгендей бастады.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Джек Лондон –
«Мартин Иден»,..
Формулярға белгі соғып, әрі қарай жалғастырды...
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Марк Твен - «Том Сойер...»,
Джек Лондон - «Ақ азу»,...
«Дерсу Узала»...
Мойнын әнтек қисайтып, маңдайына түскен шашын саусақтарымен түзеп, балаға қарап күлімдеді.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Дұрыс. Бәрін оқып
бітірдің бе?
ДОС
Иә, бітірдім.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Жарайсың!
ДОС
Тағы кітап алайын
деп едім...
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Иә, кіріп қарай бер.
ИНТ. КІТАПХАНА - КҮНДІЗ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос сөмкесін столдың шетіне қалдырып ішке өтті. Сөрелерді аралап, қатар-қатар жиналған кітаптардың түптеріне үңіліп, біреуін тартып шығарып алып қарай бастады.
ЕР АДАМНЫҢ ДАУСЫ (КАДР СЫРТЫНДА)
Саламат па, қалқам!
Дос сөрелердің арасынан қарады.
Басында сары түсті, ұсақ тесіктері бар жаздық шляпа, үстінде түймесі салынған қоңыр кәстөм, мойнында жуан галстугы бар ел ағасы жасындағы КІСІ столға жақын келіп тұр.
Кітапханашы қыз столдан басын көтерді.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Саламатсыз ба! Келіңіз.
(пауза)
ШЛЯПАЛЫ КІСІ
Қарағым, маған «Социалистік
Қазақстан» газетінің өткен айдағы
подшивкасын бере қойшы
бір материал қарап жіберейін.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Қазір.
Орнынан көтерілген Кітапханашы қыз түп-түзу аяқтарын тық-тық басып Достың тұсынан өтті.
Дос қолындағы кітаптың мұқабасын ашып қарауда.
Кітапханашы қыз арғы жақтан бір бума газетті көтеріп тық-тық басып орнына қайта келді.
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Мінеки, алыңыз.
Шляпалы кісі газет бумасын алып, қатардағы бос столға орналасып, газет беттерін ашып, үңіліп қарай бастады.
ИНТ. КІТАПХАНА – КҮНДІЗ – СӘЛДЕН СОҢ
Бірнеше кітапты екі қолымен көтерген Дос столдың қасына келді. Бұрылып стол басындағы Шляпалы кісіге сәлем берді.
ДОС
Саламатсыз ба!
Шляпалы кісі столдан басын көтеріп балаға қарады.
ШЛЯПАЛЫ КІСІ
Аман ба!
(пауза)
ШЛЯПАЛЫ КІСІ
Үлкендердің кітапханасында
жүрген бұл қай бала?
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Бұл - мектептің келісімімен
үлкендерге арналған кітапханадан
кітап алып оқуға рұқсат
берілген Дос деген оқушы.
Мектептің кітапханасындағы
кітаптарды оқып тауысқан.
Досқа қарап жымиды.
ШЛЯПАЛЫ КІСІ
Ә-ә, онда жарады, дұрыс-ақ!
Шляпалы кісі газетіне қайта шұқшиды.
Кітапханашы қыз стол үстіндегі Дос әкелген кітаптарды біреулеп алып, қаламсабын сытырлатып формулярға жаза бастады.
Кітаптардың бірі - сыртқы мұқабасында жиектері пілдің құлағындай, қайырылған шляпалар киген, мұртты адамдардың суреті бейнеленген - А. Дюманың «Үш нояны» екені байқалды.
Столдың шетіне қойылған кітаптарды тырситып сөмкесіне салып алған Дос қоштасып, кітапханадан шығуға бет алды.
ДОС
Сау болыңыздар!
КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗ
Сау бол!
ШЛЯПАЛЫ КІСІ
Сау бол!
НАТ. КЛУБ – КҮНДІЗ
Дос клуб қабырғасындағы «Боббидың» кино плакатына жақын келіп тағы қарады.
НАТ. ОРТАЛЫҚ – КӨШЕ – КҮНДІЗ
Дос жүріп бара жатып сыртқы тұрқы клубтың ғимаратына ұқсайтын, шарбақпен қоршалған мектептің жанынан өтті. Мектеп ғимараты екенін - атауы жазылған белгі айғақтап тұр. Жазғы демалыс болғандықтан мұнда тып-тыныш. Есігі жабық.
НАТ. ОРТАЛЫҚ – КӨШЕ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос ары қарай жүрісін жалғап, үшкір бастары жоғары қараған түп-түзу шарбақпен қоршалған үйлерді жағалап өтті.
Бір үйдің шарбағының үшкір қырлы қадаларына әртүрлі көлемдегі шыны банкілер төңкеріле кигізіліпті. Қаз-қатар тізіліп, самсап тұр.
Шарбақтың арғы жағында керілген жіпке қағып-қағып, аппақ ақ жаймаларды жайып жатқан семіз аппақ әйел көрінеді.
Тұсынан тырылдаған мотоцикл өтті...
НАТ. ОРТАЛЫҚ – КӨШЕ – КҮНДІЗ - АРЫ ҚАРАЙ
Шатырлары шифермен жабылған, аппақ үйлері қатар орналасқан көшені жағалай жүрді.
Үйдің көлеңкесінде, жерге бормен терезе бейнесін сызып «Мак» ойнап жатқан қыз балалар көрінді. Бантигі желкілдеген қыз бала тор көздерге тырп-тырп секіреді...
НАТ. ОРТАЛЫҚ – ДҮКЕН - КҮНДІЗ
Қабырғасында «ДҮКЕН» деген ірі әріптермен жазылған тақтайы бар, есігі ашық тұрған дүкенге келді.
ИНТ. ДҮКЕН – КҮНДІЗ
Ішке енген Дос кіреберісте кідірді.
Сатушының қоршауына (прилавка) жақын сауда жасап жатқан ақ орамалды, шүйкедей, өзі арық ӘЖЕЙ мен құлағы қалқайған 4-5 жастағы БАЛА көрінді.
Әжей жіпке ілінген қағазы бар жап-жаңа шалбардың белін баланың мықынына қойып, балағын төмен жіберіп өлшеп жатыр.
Еңкейіп жіберіп, бір қолымен шалбардың белін ұстаған күйі екінші қолымен балағын төмен тартып-тартып қойды.
ӘЖЕЙ
Дұрыс сияқты ғой.
Жақтауы жып-жылтыр, қоңыр түсті ағаш қоршаудың арғы бетінде бұларға қарап ақ кепкілі, қара мұртты, жеңі қысқа боз көйлек киген қоңқақ мұрын САТУШЫ тұр.
Сырттан қараған кісіге Сатушы өмірге де, өзіне риза адамның кейпінде көрінеді.
САТУШЫ
(жарқын дауыспен)
Апа, қалай дұрыс па екен?
ӘЖЕЙ
Дұрыс сияқты.
Қалқан құлақ Бала басын көтеріп әжесіне бір, сатушы жаққа бір қарап қойды.
Әжей шалбарды ұстаған күйі қоршауға жақындады.
ӘЖЕЙ
Бағасы қанша?
САТУШЫ
Төрт сом, алпыш тиын!
Сатушы тісін ақсита күлді. Тістерінің біреуі алтын екен.
Әжей аузы сыртылдап ашылатын көне әмиянынан көк-сары ақшаларды алып сатушыға ұсынды.
САТУШЫ
Мінеки сдашыңыз.
Екі-үш тиын ақшаны әжеге қайтарып берді.
САТУШЫ
(көңілді)
Немереңіз игілігіне кисін
бұл шалбарды!
ӘЖЕЙ
Рақмет айналайын, бақытты
бол!
ИНТ. ДҮКЕН - АРЫ ҚАРАЙ
Дос қоршауға тақау келіп сатушымен амандасты.
ДОС
Саламатсыз ба!
САТУШЫ
(жарқын дауыспен)
Сәлеміңді қабыл алдық!
Айта бер қандай тапсырма
бар?
ДОС
Үнді шәйі бар ма?
САТУШЫ
Үнді шәйі жоқ, қазір,
Грузин шәй бар.
Тағы да тісін ақсита, кеңкілдеп күліп қойды.
ДОС
«36»-шы ше?
САТУШЫ
«36»-шы бар, черный,
байховый!
Мойнын арт жағына бұрып қарады.
Сатушының арғы жағындағы жалпақ сөрелерде: қияр-помидор салынған, шырын құйылған банкілер, сиырдың, қойдың суреті бар консервілер; қағаз жәшіктердегі пряник, әртүрлі конфеттер, печенье т.б. көрінеді. Жоғарғы сөреде тізіліп, арақ-шарап бөтелкелері тұр.
Келесі беттегі сөрелерде қатар-қатар жинап қойылған киім- кешек, аяқ киімдер жатыр. Бір бұрышта балалардың ойыншықтары да көрінеді.
ДОС
Онда «36»-шыдан жарты
келі.
Сатушы жүндес білек, жуан саусақтарымен таразы тостағының бір жағына мойнынан ұстап кір тасын, екінші жағына бірнеше пашке жасыл тысты «36» деген сан көрсетілген шайларда қойды.
Таразының оңды-солды қозғалған үшкір, қызыл темір тілі тоқтағанша қарап тұрды.
Таразы тілі тоқтағанда жанындағы үстелдің үстінде тұрған үлкен ағаш шотының тастарын қақты.
ИНТ. ДҮКЕН – СӘЛДЕН СОҢ
Бастарына орамал таққан, сыпайы киінген екі ЖАС КЕЛІНШЕК бір-бірімен сөйлесе келіп дүкенге кірді. Сыңғырлаған дауыстарымен қосарлана үн қатты.
ЕКІ КЕЛІНШЕК
Саламатсыздар ма!
САТУШЫ
Сәлем бердік, сұлу
келіншектер!
ДОС
(келіншектерге қарай)
Саламатсыздар ма!
(пауза)
САТУШЫ
(Досқа)
Тағы!
ДОС
Бір келі қант.
Сатушы еденде тұрған аузы ашық қаптан, ағаш сапты темір
қалақпен қантты көсіп алып, таразы табақшасына төкті. Өлшеп болып, шотын қақты. Қантты оралған қоңыр қағазға салып, сұраулы кейіппен балаға қарады.
ДОС
Бір келі пәруарда
кәмпит.
Сатушы төменгі жайпақ сөредегі беті ашық қағаз жәшіктен төрт бұрышты, кішкентай жастық пішіндес ақ кәмпитті тағы да қалағымен көсті.
ИНТ. ДҮКЕН – АРЫ ҚАРАЙ
Екі келіншек шынтақтарымен ағаш қоршауға сүйеніп әнгімелерін жалғастыруда. Арасында әлденеге ақырын күлісіп қойды.
ДОС
(сатушыға қарай)
Енді бес прәндік.
Сатушы ақсия күліп, қолын көтеріп, алақанын ашып, балаға қарата бес саусағын көрсетті.
САТУШЫ
Бес штук прәндік па,
саған енді?
ДОС
Ия.
САТУШЫ
Ол да болады.
Сатушы қағаз жәшіктегі домалық пряниктен қалағымен көсіп алып, таразының тостағына бір-бірден сілкілеп төкті. Қалақта артық қалған бір-екі пряникті қалақпен бірге жәшікке қоя салып, таразыға қарап шотын қағып, езуін жимаған күйі балаға қарады.
ДОС
Болды.
САТУШЫ
Сізден алты сом,
он тиын.
Дос сөмкесін қоршаудың жалпақ жақтауына қоя тұрып, қалтасынан ақша түйілген түйіншегін алып шеше бастады.
САТУШЫ
(әзілмен)
Неге оны орап, қымтап
тастағансың, бір жаққа
қашып кетеді ме?!
ДОС
Жоқ, қашпайды. Әжем
осылай берген.
Сатушы сұқ саусағын жоғары көтерді.
САТУШЫ
О! Әже біледі. Өте дұрыс!
Әжені, үлкенді тыңдау керек!
Дос ақшаларын бүктелген күйі сатушыға ұсынды.
Сатушы ақшалардың бүктеуін жазып, санап жіберіп, алдында жатқан темір тостақтан бірнеше ұсақ тиынды саусағымен түрткілеп теріп алып, Досқа қайтарды.
Дос тиындарды орамалға орап, шалбарының қалтасына салды. Сөмкесінен қоңыр мата қалтаны шығарып, сатушы жақтауға қойған орама қоңыр қағаздар мен шай пәшкелерін салып алды.
Бір қолына сөмкесін, екінші қолына қоңыр қалтаны алып сатушымен қоштасты.
ДОС
Сау болыңыз!
САТУШЫ
Ал, сау болып тұр!
ДОС
(келіншектерге)
Сау болыңыздар!
КЕЛІНШЕКТЕР
(қосарлана)
Саау боол!
НАТ. ОРТАЛЫҚ – КӨШЕ - КҮНДІЗ
Дос дүкеннен ұзай бергенде қапталдан жап-жаңа велосипедінің дөңгелегі сырылдап, шашы желмен желбіреген өзі қатарлас бала өте берді.
Аяғы толық жетпегендіктен болу керек, орнынан көтеріле, тұрып- тұрып айдап бара жатыр белесебетін.
Дос тұра қалып, велосипед көзден жоғалып кеткенше қарап тұрды.
НАТ. ОРТАЛЫҚ – МОНША – КҮНДІЗ
Дос Орталықтың шетіндегі МОНШАНЫҢ тұсына келіп кідірді.
Шикі сарғыш кірпішпен қаланған, сырты сыланбаған шағын, шиферсіз әдемі ғимарат. Осындай шиферсыз, бірақ әдемі көрінетін үйлер ол кезде ара-тұра кездесетін. Мұржасынан түтін білінеді. Әзір келіп-кетіп жатқан адам жоқ. Есігі ашық. Есіктің жоғарғы тұсында «МОНША» деген жазу бар.
Моншаның жанындағы құдықтың биік дөңгелек семент тұғырының үстіне үлкен су тартатын МОТОР қойылған.
НАТ. МОНША - ҚҰДЫҚ – АРЫ ҚАРАЙ
Басындағы қысы-жазы тастамайтын ҚҰЛАҚШЫНЫНЫҢ бір құлағын қайырып ішіне тыққан, бір құлағы салбыраған МОНШАШЫ мотордың от алдыратын тегершігіне ұшы түйілген брезент жібін айналдыра орап, аяғын көтеріп семент тұғырға тіреп қойып, құлаштай тартты.
Пырт-пырт етіп, от алмаған мотордың шыны бөтелкелі бензин тартқышының үстіндегі тетігін басқылап Моншашы жібін қайта орады.
Аяғын тіреп екінші тартқанда мотор бір-екі тұтығып алып оталып, ЗІРКІЛДЕП істеп кетті. Шаруасын аяқтаған Моншашы ары қарай кетті.
ЗІРКІЛДЕГЕН МОТОР ДАУСЫ СЦЕНАНЫҢ ӨН БОЙЫНДА ЕСТІЛІП ТҰРАДЫ.
ДОС
құдыққа келіп, семент тұғырға асылып төмен үңіліп қарады.
Зіркілдеген мотордың күшімен айналып су тартып жатқан, жалпақ ременнің баданадай көз тесіктеріне ілініп келген су төмен қарай, тесіктен тесікке тамшылай жылжи ағып үлгермей, ременьмен мотордың ішіне тартылып, еніп кетуде.
Ал, сол мотордың ішінен айналып шығып төмен кетіп жатқан ремень тап-таза, сусыз, құрғақ...
Дос бұл көріністі біраз қызықтап енді, мотордың ұңғысынан шығып жіңішке тұрба арқылы су құйылып жатқан сементтен құйылған су жиналатын орынға барды.
Сырты иір-иір өңеш секілді жіңішке тұрбадан атқылап, САРЫЛДАП ағып ақпанаға құйылып жатқан суға біраз қарап тұрды.
НАТ. ОРТАЛЫҚ – ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛМАҒАН ҮЙ - КҮНДІЗ
Дос есік-терезелері салынбаған, шатырын жабу үшін дайындалған төбедегі айқұш-ұйқыш ағаштары арса-арса болып тұрған үйдің тұсынан өте берді. Маңайында үйілген топырақ, құм, зембіл, тақтай қалдықтары т.б. көрінеді.
ЫСҚЫРЫҚ (КАДР СЫРТЫНДА)
Дос мойнын бұрып кідірді.
Үйдің қалқасында екі қолын қалтасына салған, басындағы кепкісін қисайтып, маңдайына баса киген, көйлегінің етегін түйіндеп байлаған, бұдан екі-үш жас ересек ШИКІЛСАРЫ бала тұр.
Қарап қалған Досқа жайбарақат, бейбіт дауыспен үн қатты.
ШИКІЛСАРЫ
Ия, берірек кел!
Амандасайық!
Шикілсары өзі әлденеден сақтанғандай, жан-жағына көз тастап қойды.
Дос аңтарылып, орнынан бірден қозғала қоймады.
ШИКІЛСАРЫ
Кел, кел, жақында,
қорықпа!
Дос ақырын басып, Шикілсарыға жақын келді.
Шикілсары амандасуға қолын ұсынды.
ШИКІЛСАРЫ
Қалай!
Дос заттарын бір қолына алып, босаған екінші қолын ұсынды.
ШИКІЛСАРЫ
Достың қолын жібермей ұстап тұрып, жанына қарай шырт түкіріп қойды.
ШИКІЛСАРЫ
Ия, мынау сумкаңдағы
тырсиып тұрған не?
ДОС
Кітап.
ШИКІЛСАРЫ
(кекесінмен)
Ооо! Қандай кітап?
Қазір сабақ жоқ қой.
Каникул емес пе?
ДОС
Бұл - әдеби кітап.
Дос қолын тартып босатып алуға әрекеттенді.
ШИКІЛСАРЫ
Қане, біз де көрейік
не кітап екен?
ШИКІЛСАРЫ
Достың қолын босатып енді сумкаға жармасты.
ДОС
сумкасы мен қалтасына жабысып бермей тартқыласты.
ШИКІЛСАРЫ
(ызаланып)
Бәлесін қарай көр өзінің. Әкел бері!
Жұлқи тартып Достың қолындағы сумканы жұлып алды. Сумканы жұлып алғанда, қолындағы қалтасы да қоса кетіп, жерге түсті.
ДОС
Шикілсарыға қарай ұмтылды.
ДОС
Сумканы бер!
ШИКІЛСАРЫ
(дауыстап)
Ааа – ап!
Шалт қимылдап, жалт бұрылып сумканы баланың төбесінен асыра, әлдеқайда әуелете лақтырды.
ДОС
сумканың қайда кеткенін түсінбей бір сәт алаңдап, жан-жағына қарап қалды.
ДОС
Сумка қайда?
ШИКІЛСАРЫ
екі қолын екі жаққа жайды.
ШИКІЛСАРЫ
Сиқыр!
НАТ. ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛМАҒАН ҮЙ – АРЫ ҚАРАЙ
Үйдің әлі салынбаған терезе орнының жақтауын аяғымен баса Шикілсарының СЕРІГІ жерге ДІК етіп секіріп түсті. Басында алдыңғы ұшын сүйірлеген, жиегі тар шляпасы бар – арық қара бала. ТАСҚАРА. Қолында Достың сумкасы.
ДОС
Тасқараға қарай ұмтылды.
ДОС
Бер сумканы.
ТАСҚАРА
Мә, ала ғой.
Сумканы алға созды.
ДОС
Тасқараға жақын келіп сумкаға қолын соза берді.
ТАСҚАРА
қолын тартып алып, сумканы баланың басынан асыра Шикілсарыға лақтырды.
ШИКІЛСАРЫ
шапшып секіріп, сөмкені екі қолымен қағып алды.
ШИКІЛСАРЫ
(кекесінмен, даусын соза)
Сөмкесі зілдей екен өзі!
Каникулда да кітап оқиды.
Әәәдебии кітап!
ТАСҚАРА
(мазақтап)
Оқыымыстыы!
Бет-аузын қисаңдатты.
ДОС
енді Шикілсарыға қарай ұмтылды.
ДОС
(ызалы)
Онда сенің шаруаң қанша!
Әкел сумканы!
ШИКІЛСАРЫ
сумканы қайтадан Тасқараға атты.
ДОС
әлем-жәлемі шығып, ызаланып, алға ұмтылды.
ДОС
Өгіздер!
Жүгіріп, алқынып Тасқараға жетті.
ТАСҚАРА
сумканы Шикілсарыға атты.
ДОС
кері бұрылып алға ұмтылғанда Тасқара артынан оңдырмай тобықтан тепті.
ДОС
Беті топыраққа көміле құлады.
НАТ. ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛМАҒАН ҮЙ - АРЫ ҚАРАЙ
Екпетінен жатқан Дос басын көтерді. Бет-аузы айғыз-айғыз. Басын шайқап-шайқап алып, алақанымен көзін сүртті. Қолын тіреп, орнынан көтерілді. Шаңға былғанған шалбарының, көйлегінің шаңын қақты.
Сәл әріректе шаң басып, қисайып жатқан сумкасын, екінші жақта жатқан қалтасын көрді.
Ақсаңдай жүріп, сөмкесін жерден көтеріп, сыртының шаңын қағып, сүртті. Қалтаны да алып шаң, құмын қолымен сипай қақты.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – КҮНДІЗ
Дос канал жағасында, көпірдің қасында отырып, еңкейіп беті-қолын жуды. Қолымен су алып ұрттады.
Қалтаның аузын ашып, ішінен пряник оралған қоңыр қағазды шығарып, орауын ашып бір пряник алды. Пряникті аузына салып тістей тұрып, қағазды орап қалтаға салды.
Ағысқа қарап отырып асықпай пряникті дәмін алып жеді.
НАТ. КАНАЛ - КӨПІР – КҮНДІЗ – АРЫ ҚАРАЙ
Канал суы көпір астындағы қадалардың түбінде оймақтай-оймақтай иірім жасап, ақырын ағып жатыр.
Көпірдің жиегіне тартқан сымның үстіне үлкен ЖАСЫЛ ИНЕЛІК қонып отырыпты. Вертолет сияқты.
Дос инелікке көз тастап, ойға шома отырып пряникті жеп тауысты.
Дос орнынан тұрғанда қозғалыссыз тұрған инелік көтеріліп ұшты.
НАТ. ҮЙДІҢ АУЛАСЫ – КҮНДІЗ
Дос үйдің ауласына келіп кіргенде Әже алдынан шықты. Достың өңіріне шаң жұққан көйлегіне әбіржи, аңтарыла қарады.
ӘЖЕ
Үстіңе не болған?
ДОС
Ештеңе, жай...
Қалтаны Әжеге ұстатып, үйге қарай жүре беріп тоқтады. Бұрылып келіп қалтасынан алып тиын оралған орамалды берді.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ – КЕШ
Сәкінің үстіне қойылған дөңгелек үстелдің басында Уәли ақсақал, Әже, Сейітқан, Дос төртеуі кешкі шай ішуде. Уәли ақсақал төрге жайғасқан. Самаурынға жақын отырған Әже шәй құюда.
Кеседегі шайын сораптай ішкен Уәли аксақал жөткірініп қойып әңгіме қозғады.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
(риза кейіпте)
Сапқоз көп жоңышқа берді.
Өзіміздің жоңышқа да тағы
оруға келіп қалған шығар.
СЕЙІТҚАН
Ия. Ертең оруға барамыз.
Шайын ұрттай отырды.
Әлдеқайдан әуелетіп кезеңдік жастарға танымал, көңілді ӘН ҚҰЛАҚҚА КЕЛДІ... Дос Әнге елеңдеп, құлағын түрді.
ДОС
Бельгердің үйі ме?
СЕЙІТХАН
Ия, Бельгердің үйі ғой.
ДОС
Даусы қалай қатты шығып
біздің үйге дейін жетіп тұр?
СЕЙІТХАН
Колонка шығарып қойған ғой
далаға, дауыс күшейткіш.
ДОС
Бізде істейік те солай.
Күшті ғой, далаада тыңдап
жүресің.
СЕЙІТХАН
Болады ғой істеуге.
Колонка табу керек...
Көңілді ән әуелеп құлаққа келіп тұр...
НАТ. ЖОҢЫШҚА ҚОРА – КҮНДІЗ
Иығына асқан бел орағы бар Сейітхан мен айыр ұстаған Дос жоңышқа қораға кірді. Сейітхан орағын иығынан түсірді. Ору мерзімі жеткен жоңышқа жайқалып тұр.
Арасы бірнеше қатар тартылған сыммен бөлінген көрші жоңышқалықта басына ақ орамал байлап, ақ көйлек киген дәу мұрын кішкентай сары шал – ҚОЙШЫБАЙ жоңышқа орып жүр.
Шалғы тартысы сойқан. Ұзын шалғыны құлаштап тартқанда бір аумақ жоңышқаны баудай түсіреді.
Арырақта, жерге қойылған екі сырыққа жоңышқа дестелерін айырмен тиеп жатқан Қойшыбайдың ҚЫЗДАРЫ көрінеді. Қыздардың бастарына киген жиекті ақ қалпақтары ағараңдап, өзара сөйлескен дауыстары естіледі.
Сейітхан сым қоршауға жақындап Қойшыбай көршімен дауыстап амандасты.
СЕЙІТХАН
Қойшеке, амансыз ба!
Шалғысын тоқтатқан Қойшыбай басын көтерді.
ҚОЙШЫБАЙ
А, Сейітхан қалайсыңдар,
амандық...
Басқа сөз айтпай қайтадан шалғысын тартып кетті..
НАТ. ЖОҢЫШҚА ҚОРА – АРЫ ҚАРАЙ
Сейітхан шалғы орақты құлаштай тартады. Құлаштай тартқанда көкпеңбек, мақпалдай жұмсақ жоңышқа баудай түсіп, жантайып құлайды.
Жапырылып құлаған жоңышқаны орақтың ұшымен қағып, ортаға ысырып, жолын ашып алып, алға қарай сырылдатып тартып бара жатыр. Көйлегінің сыртында, жауырының ортасында аздаған тер білінеді.
Артында трактордың орағымен шапқандай түп-түзу болып ұзынынан созылған жүйек қалуда.
Бұл үшінші жүйек. Қатарда созылған тағы екі жүйек жатыр. Алда әлі орылмаған, жайқалып тұрған жоңышқа.
ДОС
орылған жоңышқаны айырмен жинап үйіп алып, дестені айналып жүріп үстінен айырмен сабап, жан-жағын дөңгелектеп ұрғылайды.
Жұмысын аяқтағанда түр-қалпы біркелкі дөңгелек емес, шағындау десте тұрады.
Үйілген дестелердің көлемі шағын, түр-қалпы дөңгелекке онша келе бермейтінін байқауға болады. Бұл - Достың жинаған дестелері.
Көрші жоңышқалықта десте үйген қос сырықты көтерген ақ қалпақты көрші қыздар өзара күлісіп атыздың шетінде көрініп тұрған маяға қарай кетіп барады...
СЕЙІТХАН
тоқтап, орағының шалғысын жоғары көтеріп, ағаш сапты жуан егеумен ШЫҢЫЛДАТЫП жүзін қайрады. Кідіріп, жоңышқа дестелеп жатқан Дос жаққа қарап дауыстады.
СЕЙІТХАН
Дос, жүр сусын ішейік!
Дос айырын дестенің үстіне жатқызды.
НАТ. ЖОҢЫШҚА ҚОРА – АРЫ ҚАРАЙ
Дос пен Сейітхан жиденің көлеңкесіндегі көк шөптің үстінде отыр. Алдарында дорба жатыр. Сейітхан дорбаның ішінен сырты қалың матамен қапталған шағын канистра мен көк кружканы шығарды.
Кружканы Досқа ұстатып, канистраның сыртын қаптаған, суы білініп тұрған матаны қолымен басып-басып көрді.
СЕЙІТХАН
Салқын екен.
Канистрдің бұрандалы аузын ашып, асып төгілген аппақ сұйық айранды Дос ұстаған кружкаға толтыра құйды.
СЕЙІТХАН
(Досқа)
Іш!
Дос айранды екі бөліп демалып ішіп, кружканы қайтып берді. Алақанымен аузын сүртті.
СЕЙІТХАН
Салқын ба екен?
ДОС
Ия.
Сейітқан кружканы қайта толтырып, бір деммен көтере тауысып ішті. Сусынның салқындығына ма, дәмділігіне ме риза болған сыңай танытты.
СЕЙІТХАН
Ооһ!
Сосын жоңышқалыққа көз тастады.
СЕЙІТХАН
Тағы бір күн келіп орсақ,
болып қаламыз. Биыл шөп
жеткілікті. Совхоздың берген
жоңышқасы бар. Өзіміздің
жоңышқа бар...
.
ДОС
Клубқа үнді киносы келіпті.
Бүгін болады екен.
СЕЙІТХАН
Қандай?
ДОС
«Бобби»
СЕЙІТХАН
Аа, әскерде көргенмін.
Жақсы кино. Барамыз ба?
ДОС
Ия, барайық.
СЕЙІТХАН
Онда осы орғанымызды
дестелеп ертерек кете
берейік.
НАТ. ЖОҢЫШҚА ҚОРА – СӘЛДЕН СОҢ
Сейітхан мен Дос екеуі екі айырмен, жүйек болып созылып жатқан жоңышқаны дестелеуде.
Сейітхан жантайған жоңышқаны айырмен жинап, мол-молдан көсіп алады.
Үлкен қылып үйіп алып, үстінен айырмен басып, нығыздап соққылайды.
Қасында тұрып айналасын айырмен дөңгелетіп ұрып шыққанда дөп - дөңгелек әдемі үлкен десте тұрады.
Дос өзінің шағын дестесін ыңғайлауда...
Алда орылған жоңышқа аз қалып, соңдарынан домаланған дестелер көбейген. Сейітханның жиған дестелері үлкен, біркелкі дөңгелек те, Достың дестелері шағындау, біркелкі емес...
НАТ. КЛУБ – ТҮН
Клубтың алды АДАМҒА толы. Қапсырма есігі екі жаққа қарай ашылған клуб есігінің үстіне орналасқан екі электр шамның сәулесі төңірекке жарық беріп тұр.
Шам жарығы жартылай түскен алагеуім тұстарда да шоғырланған КІСІЛЕР, ерсілі- қарсылы ЖҮРГЕНДЕР қарасы көрінеді.
Жиналғандар сол кезеңнің мәнерімен сәнді киініп, иіс суларын сеуіп, әдеміленіп келген.
Адамдар нөпіріне шеттен келіп Сейітхан мен Дос қосылды. Екеуі айналасына көз салып тұрды.
НАТ. КЛУБ – СӘЛДЕН СОҢ
Сейітхан мен Достың қасына арсалаңдап Шопыр жігіт келді. Үстіне ұсақ қоңыр бұршақ суреттері бар ақ көйлек киіпті.
ШОПЫР ЖІГІТ
Қалайсыңдар!
Үшеуі арқа-жарқа болып амандасты.
ШОПЫР ЖІГІТ
(Сейітханға)
Ана жақта біздің қыздар
тұр, жүр сонда барайық.
(пауза)
СЕЙІТХАН
(Досқа)
Осында тұра бер.
ДОС
Ия, жақсы.
Шопыр жігіт кетіп бара жатып баланың арқасынан қағып қойды.
НАТ. КЛУБ – АРЫ ҚАРАЙ
ДОСТЫҢ КӨЗІМЕН
Адамдар нөпірінің арасында, ҚҰРБЫ ҚЫЗДАРЫМЕН тұрған Кітапханашы Қыз ерекше сұлу болып көрінеді. Құрбыларының әңгімесін үнсіз тыңдап, шашын саусағымен тарақтап, күлімсіреп көз тастайды жан-жағына.
Сейітхан мен Шопыр жігіттің ҚҰРБЫ ҚЫЗДАРЫМЕН қосылып сыпайы сұқбат құрғандары байқалады.
Клуб қабырғасындағы «Боббидың» қызыл сиямен жазылған плакаты мен мұндалайды.
Жиылған нөпірді шолып тұрған Достың назарына әр тұстан:
Жанында ер адам бар, өзі кішкентай баланың қолынан ұстап тұрған Пошташы апай;
Жанындағыларға қолын сілтеп, көңілдене әңгіме айтқан Сатушы ілінді...
НАТ. КЛУБ – ТҮН - АРЫ ҚАРАЙ
Үлкен қоңыр Цистернаның айналасында ЖАСӨСПІРІМДЕР топталған. Қараңғы тұстардан жылтыраған темекі шоқтары көрініп қалады.
Цистернаның жанына фарын жарқыратып, тырылдап келіп жасөспірім ұлдар мінгескен екі мотоцикл тоқтады.
Жүргізушілері мотоциклдерінің газын қайта-қайта беріп тұрып өшірді. Әлсіреп, сарғайып барып фары да өшті.
Артында отырған серіктері сырылып түсіп, алдында отырғандары түспей жан-жағындағылармен бір ауық әңгіме дүкен құрды.
Аз уақыттан кейін Жүргізушілер мотоциклдерін қайта оталдырып, фары ауаны тілгілеп, газдатып тұрды.
Серіктері артына мінгескен соң, дырылдатып жүріп кетті. Артындағы шамдары қызарып қараңғыға сіңіп бара жатыр...
НАТ. КЛУБ – АРЫ ҚАРАЙ
ДОСТЫҢ КӨЗІМЕН
Достың назары айналаны шолып келіп қайтадан құрбыларының қасында күлімдеп, жадырап тұрған Кітапханашы қызды тапты...
Кешкі самалға бетін тосып, құрбылырының арасында күлімдеп тұрған Кітапханашы қыздан көзін ала алмай ұзақ қарады...
НАТ. КЛУБ – СӘЛДЕН СОҢ
Клуб есігінің алдына үстіне түймесі салынбаған жұқа, сұр кастом киген, томпақ бет, көзіне әйнегі қалың көзәйнек киген КИНОМЕХАНИК шықты.
КИНОМЕХАНИК
(айғайлап)
Кіреміз!
Осыны айтып өзі клубтың ішіне қарай кетті.
Адамдар нөпірі ақырын қозғалып есікке қарай жылжыды.
ИНТ. КЛУБ - КИНОЗАЛ - ТҮН
Клубтың дәлізінде жиналғандар кинозалдың есігіне кезекке тұрды. Есіктің көзінде тұрған Киномеханик кірушілердің тиын, ақшаларын алып, билет жыртып беруде. Кезекте тұрғандардың қатарында Сейітхан, Шопыр жігіттің маңайында тұрған Досты да көреміз.
Достың алдында тұрған, айналасында шіпірлеген ұсақ балалары бар, басына тақия киген, бетіне терең тыртық тартылып түскен КӨКЕ Киномеханикке ақшасын ұсынып жатыр.
ТАҚИЯЛЫ КӨКЕ
Алты билет
Киномеханик балаларды көзімен бір шолып ақшаны алып, кастомының қалтасынан уыстап тиын шығарып, қалған тиыны мен билетін жыртып беруде.
ИНТ. КЛУБ – КИНОЗАЛ - ТҮН
Кинозалдың төбесіне бірнеше жерден электр шамдары ілінген. Залға ұзын-ұзын, ағаш орындықтар қатар-қатар қойылған.
Дос орта тұстан төмен қатардағы орындықтардың біріне жайғасты. Ең бірінші қатарға кішкентай балалар орналасып жатыр.
Ұсақ балаларын ең алдыңғы қатарға тізіп орналастырып жүрген Тақиялы көке көрінеді .
ТАҚИЯЛЫ КӨКЕ
(балаларына)
Осында отырыңдар.
Өзі ары қарай кетті.
ИНТ. КИНОЗАЛ – САХНА / ЭКРАН
Алдағы биік ағаш сахнаның екі жағында айқара ашылып, екіге жарылған перде шетке ысырылып жиналған.
Сахнаның төріндеақталған қабырға.
Кино осында көрсетіледі.
ИНТ. КИНОЗАЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Іште отырған Достың назарына есік көзінде билет жыртқан Киномеханик, аржағында кезек күткен адамдар көрінеді. Есікке таяу тұрғандардың арасында құрбыларымен бірге тұрған Кітапханашы қызды да көреміз.
Билет алып есіктен кіріп жатқан жасөспірімдер артқы қатарға қарай өтуде. Бір-бірін кимелей кірген бір топ жас жан-жағына қарамай, соңғы қатарға қарай кетті.
Артына мойнын бұрған Дос залдың КӨРЕРМЕНДЕРГЕ тола бастағанын көрді.
ИНТ. КИНОЗАЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Достың қатарына басына орамал таққан АПАЙЛАР келіп, бұл шетке қарай ысырылып орнынан тұрып, оларды ортаға қарай өткізіп жіберді.
Сахнаның алдымен, орындықтардың арасымен өтіп жатқан Көрермендер залды толтыруда.
Есікте тұрған Киномеханик соңғы қалған бір-екі адамды билет жыртып өткізді.
ИНТ. КИНОЗАЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Орын жетпеген кейбір жасөспірім ұлдар қабырғаны жағалай сүйеніп тұр.
Клубтың төріндегі кинобудка жақтағы тесіктен қараңдаған біреудің басы көрінеді.
Есіктің көзінде жалғыз қалған Киномеханик залды көзімен бір шолып, кинобудка жаққа қарап, кімге айтқаны белгісіз дауыстады.
КИНОМЕХАНИК
Бастаймыз!
Өзі жарықты өшіріп, есікті жауып шығып кетті.
ИНТ. КИНОЗАЛ – СӘЛДЕН СОҢ
Бір сәтке залды қараңғылық басып, іле көз үйренді. Арттағы кинобудканың екі көзінен жарық көрінеді.
Залдың есігі ашылып, арғы жағынан бір ӘЙЕЛ кісі орындық әкеліп қойып отырды.
ЭКРАН - ДЫБЫСТАР
Бірінші СЫРЫЛДАҒАН дауыс шығып, экранға айқыш-ұйқыш сызықтар түсіп, одан кейін СЫРТ-СЫРТ еткен дыбыстар естіліп, киноның жазулары жүре бастады.
Кинобудкадан экранға қарай кеткен жарық залдың қараңғылығын жарып, тозаң түзіп, бір сызық өткір сәулені құрап тұр.
Экран жақтан шыққан киноның даусы, залда жаңғыра естіледі...
ҚАБЫРҒА - ЭКРАН
Сымбатты ЖІГІТ кітап оқып отырған СҰЛУ ҚЫЗҒА айнаның сынығымен сәуле түсіруде. Сұлу қыз қолын көлегейлеп басын алып қашады...
ИНТ. КИНОЗАЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Экранға ентелей қараған көздер. КӨПШІЛІКТІҢ арасынан бар ынтасымен киноға берілген Достың да назарын байқаймыз.
КИНОЗАЛ - ЕСІК
Залдың жабылған есігінің саңылауынан сызық сәуле түсіп тұр. Экранға түскен киноның жарығымен есіктің алдында орындықта отырған әйел кісінің сұлбасы көрінеді.
ЭКРАНДА
Суға түсетін бассейнді жағалап, қып-қызыл гүлдердің аясында әсем әуеннің ырғағымен аяқтарын сәнмен басып, шашының ұшымен ойнаған, көзі жайнаған Сұлу Қыз экранда. Қызға қызыға қарайтын Жігіт...
КИНОЗАЛ - ҚОЗҒАЛЫС
Аржағынан БІРЕУ тартқылап кинозалдың есігін ашты.
Киноға кешіккен біреу болу керек.
Әйел кісі орнынан көтеріліп, артынан есікті жауып сыртқа шығып, қайта кірді.
Басын бұқпантайлаған біреу қабырғаны жағалай тұрып кино көргендердің қатарына өтті.
ЭКРАНДА
табиғат аясында, әлдеқандай әдемі үйлердің ішінде көңілді әсем ән шырқап, би билеген... мотоциклмен қашқан Қыз бен Жігіт...
ИНТ. КИНОЗАЛ – ТҮН
Кино аяқталып, экранда соңғы сөздер жазылып жатқанда, жарық беріліп, көрермендер орындарынан тұрды.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ - ТҮН
Түн ортасы. Аспанда ай толықсып, жұлдыздар жайнайды. Дос пен Сейітқан есік алдында тұр.
СЕЙІТҚАН
Маса жоқ екен, басылыпты,
далаға жата саламыз ба?
ДОС
Ия. Түн сап-салқын күшті
екен.
НАТ. ҮЙ - ЕСІК АЛДЫ – ТҮН
Сәкі үстіне салынған төсекте көрпелерін жамылған Сейітқан мен Дос шалқаларынан аспанға көз тігіп, қатар жатыр.
Көк аспанда жұлдыздар жыпырлай жымыңдасып, ҚҰС ЖОЛЫ буалдырланып созылып түскен.
Тып-тынық түнгі тыныштық шегірткелердің әр алуан, бір қалыпты ШЫРЫЛЫМЕН үндесіп ғажайып күй тудыруда.
СЕЙІТХАН
Аспан қандай ашық, ғажап.
Дос аспанға қарап, ағасын үнсіз тыңдайды.
СЕЙІТХАН
Әкем айтатын: Төрт жыл
соғыста жүргенде ауылдың,
туған жердің аспанындай
аспан көре алмадым.
Ауылымның аспанын, бейбіт,
тыныш аспанын аңсап
сағындым,-деп.
СЕЙІТХАН
(ЖАЛҒ.)
Сондай-ақ мен де кеше алыс
қиырда әскерде болғанда
ауылымның аспанын сағындым.
Осылай елімде түнгі, тыныш аспанға
қарап жатуды армандадым.
Мүмкін, әркімнің өз аспаны,
өз әлемі бар шығар...
ДОС
Моряк болған қиын ба?
. СЕЙІТҚАН
Әр қызметтің қиындығы мен
берекесі бар...
Түнгі аспан. Шегірткелер шырылы...
НАТ. ДАЛА – АЛҚАП – КҮНДІЗ
Қызыл мия мен басқа гүлді өсімдіктер өскен әсем алқап. Далаға төселген кілемдей құлпырады.
Алқапты бойлай жеңін қайырған ақ көйлек киген, қап-қара қайратты шашы жылтыраған Сейітхан пен Дос келе жатыр.
Алқапты жағалай өскен шеңгел, жыңғыл - бұталы өскіндердің бойын өрлей өскен шырмауықтың ақ, қызғылт гүлдері жауып, өрнек түзген. Түрлі-түсті көбелектер гүлдерді маңайлап, қалықтай ұшады.
НАТ. АЛҚАП – СӘЛДЕН СОҢ
Алдарынан СЫҢҒЫРЛАҒАН күлкілер естіліп Шырмауық гүлдерінің арасынан гүлдей жайнап ҮШ БОЙЖЕТКЕН шықты.
Алдында алтын шашты, иығының деңгейіне көтере жоғары қарата ұстаған алақанына домалақ сары қауын қондырған, көзі аспан түстес қыз, одан кейін қолдарына сап-сары бақ-бақ гүлдерін ұстаған - мойнына орамал байлаған ақсұр жүзді қара көз қыз және қараторы қазақ бойжеткен.
Үш Ару алқызыл, көк жасыл миялы алқапты бойлай тұстарынан қатарласып өте берді. Тұстарына келгенде Сейітханға көз тастап күлімсіреді.
Құрбыларына көз салған Сейітхан да жауап ретінде күлімсірей қарады...
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА – КҮНДІЗ
Сейітқан мен Дос тікенді шеңгелмен қоршалған қауын қораның ағаш шарбақ есігін ашып ішке кірді.
Бір жақ тұста шемішкелері пісіп, қалпақтары ауыр тартып, төмен иілген КҮНБАҒЫСТАР көрінеді.
Келесі бір шетте жерге қадалған сырыққа ескі шапан, жиегі жалпақ қамыс шләпі кигізіп, қолдарын екі жаққа созып мал үркіту үшін қойылған «ҚАРАУЫЛ» ТҰРЫПТЫ.
Шеңгел қораның ішкі қабырғасын жоғары өрмелей, асылған алқызыл шырмауық гүлдері мен үлкен-үлкен асқабақтың ақ сары гүлдері жапқан. Ақсары көбелек гүлдерді маңайлап, қалықтай ұшады.
Әрегіректе, бақшаның ортасына таман төбесі қурап кеткен сары қамыспен жабылған, қалқайып тұрған ШАРТАҚ көрінеді.
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА - ШАРТАҚ - КҮНДІЗ
Сейітқан мен Дос шартаққа келді.
Шартақтың қамыс жаппасының астында, екі басы жіпке байланып асылған жіңішке сырықтарға ілінген ҚАУЫНҚАҚТАР самсап тұр. Кейбіреуі сарғайып кебе бастаған. Жаңадан ілінген қауынқақтардың шырынына ұшып-қонған аралар көрінеді.
Шартақтың астында қамыс үстіне төселген алаша үстінде Уәли ақсақал малдасын құра отырып қауынқақ тілуде.
Алдындағы тегенеде қабығы алынып, дөңгелене кесілген қауын тіліктері. Бір жағында қауын қабығы салынған жалпақ леген. Маңайында, шартақтың астында үзілген сарыала қауындар жатыр.
Сейітқан Уәли ақсақалдың қасына тізе бүкті.
СЕЙІТҚАН
Қауынқақ тіліп жатсыз ба?
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Ия, басыбалды қауындар
пісіп кетіп жатыр.
Бұларға бір қарап алып шаруасын жалғастырды.
Дос Уәли ақсақалдың екінші жағына жайғасып, қауынқақ тілу әрекетін тамашалады.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
ортасынан бөліп екіге жарылған қауынның бір жартысын қолына алып, мүйіз сапты пышағымен айналдыра дөңгелетіп, асқан ептілікпен тіледі. Дөңгелете тіліп алған тіліктің қабығын аршиды. Әбден машықтанған қолымен бұл ісін беріле істейді.
СЕЙІТҚАН
Дос, қарбыз әкелші.
Дос орнынан тұрды.
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА – КҮНДІЗ
Айналада қатар-қатар түскен арық бойын жағалай пәлектердің арасында теңкиген қауын-қарбыздар жатыр. Сарала қауын, сопақша сары қауын, қарала қауын.
Дос пәлектерді аралай жүріп, дөңкиіп жатқан үлкен қарбыздың бірін сабағынан үзді. Қос қолымен көтеріп алды.
НАТ. ШАРТАҚ – СӘЛДЕН СОҢ
Дос алдына салып ұстап келген қарбызын Сейітқанға жақындатып қойды.
Өзі қатар отырды.
Қарбызды дөңгелетіп алдына жылжытып алған Сейітхан ортасына пышақ салғанда ДАР етіп өзінен-өзі айрылып кетті. Екі бөлініп түскен қарбыз қып-қызыл екен.
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА – ШАРТАҚ – АРЫ ҚАРАЙ
Достың бойымен шамалас биіктікте шартақтың қадасына байланған жіңішке жіп бақшаның түбіне қарай созылып жатыр. Жіптің бойына тарыға қонған торғайларды даңғыра дыбыс шығарып үркіту үшін бос КОНСЕРВІ ҚАЛБЫРЛАРЫ ілінген.
Уәли Ақсақал отырған күйі, қасында жатқан жіптің ұшын тартып қалып, бақшаға қарай басын көтеріп айқайлап қойды.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Шәйт!
Тартылып тұрған жіп тербеле қозғалып, салбыраған қалбырлар бір-біріне соғылып САЛДЫРАП ала жөнелді.
Қораның аяғындағы тары атызының үстінен ДҮРР! - етіп бір топ торғай үрке көтерілді.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Торғайлар тарыны
жеп қоймай жатыр.
Үшеуі қолдарына бір-бір тіліктен ұстап отырып қарбыз жеді.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Піскен қауындарды шетке
тасып, пәлекпен жауып
тастаңдар.
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА – КҮНДІЗ – СӘЛДЕН СОҢ
СЕЙІТХАН
Қауын толтырылған дәу қапты қаңбақ құрлы көрмей оп-оңай көтеріп арқасына салып, еркін адымдап алға кете береді.
ДОС
Қауынды екі қолымен алдына ұстап бір-бірлеп тасуда.
СЕЙІТХАН
Шетте үйілген қауынның қасына келіп қаптың түбінен көтеріп, қауындарын аударып төкті.
НАТ. ҚАУЫН ҚОРА - СӘЛДЕН СОҢ
Сейітхан мен Дос үйілген қауынды екеулеп пәлектермен, шөптермен жауып жатты.
НАТ.ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ - КҮНДІЗ
Сәкі үстіне төселген көрпешеде екпетінен жатқан Достың кітаптың қызығына түскені байқалады. Бетіне қонып мазасын алған шыбындарды кітаптан көзін алмастан қолымен қағып, үркітеді.
Талдардың басында ШЫҚЫЛАҚТАҒАН торғайлардың даусы естіледі.
Талдың көлеңкесінде ұршық иірген Әже отыр.
Бір сәт кітаптан басын көтеріп отырған Дос екі қолын екі жаққа жіберіп керіліп, тал жапырақтардың арасынан, аспанға көз жіберіп қарады.
ДОС
Мен суға түсіп келемін, әже!
ӘЖЕ
Абайлап түс, жарығым!
ДОС
Ия.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – КҮНДІЗ
Бізге таныс жіңішке көпір өтетін каналдың басы. Көпірді маңайлап, шуылдап, суға шомылған БАЛАЛАР тобы.
Судан шыққан Дос күнге қыздырынып отыр. Самайында, жүзінде, иығында шашынан тамған су тамшылары жылтырайды. Әріректе киімдері жатыр.
Қарсы жағада да әр жерде шашылып жатқан балалардың киімдері көрінеді.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – АРЫ ҚАРАЙ
Қарсы бет жағадан 10-11 жастар шамасындағы түрсишең бір БАЛА жүгіріп түсті.
БАЛА
(айқайлап)
Келе жатыр!
Көпірге жақын бастары қылтиып, малтып жүрген екі ҰЛ елең етіп қарады.
Жүгірген бала екпінімен суға баспен қойып кетіп, сүңгіп шығып көпірге қарай құлаштап жүзе бастады
Судағы екі ұл жоғары ұмтылып, кіндікке дейін судан көтеріліп барып, бөкселерін көрсете үйрек секілді суға сүңгіп шығып, көпірге қарай жарыса жүзді.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – СӘЛДЕН СОҢ
Арғы жағадан көпірге жақындап келе жатқан, бұлардан ересек (13-14 жас) үш-төрт ҚЫЗ көрінді.
Ағыспен алысып көпірдің тіреуіш бағандарына жабысқан ҮШ ЖҰҚСЫЗ арасы ашық төселген көпір тақтайларының саңылауларына бір қарап, бір-біріне бір қарап жылтыңдап, жымың-жымың етеді.
НАТ. КӨПІР – КАНАЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Ойында ештеңе жоқ алдыңғы келе жатқан БІРІНШІ ҚЫЗ көпірге түсе бергенде ортасындаға адуын түсті ҚАРА ҚЫЗ басқаларын тоқтатты.
ҚАРА ҚЫЗ
Тоқтай тұрыңдар!
Өзі алға қарай өтті.
Қара қыз көпірдің астында жылтыңдап тұрған Үш жұқсызға еңкейе қарады.
ҚАРА ҚЫЗ
(түсін суытып)
Қане, ары қарай
кетіңдер!
Бағаналарға жабысқан Үш Жұқсыз бір айтқанға орындарынан қозғала қоймады. Адуын Қара қыз түсін суытты.
ҚАРА ҚЫЗ
(қатқыл дауыспен)
Кімге айтып тұрмын мен!
Ары кетіңдер дедім ғой
сендерге!
Қара қыздың адуынды суық түрінен ыққан Үш Жұқсыз бір-біріне қарап алып, бағандардан босап, ағыспен ары қарай малтыды.
Олар алыстап кеткенше күткен қыздар көпірден өтті.
Бұл көріністі сырттай бақылаған Дос орнынан көтеріліп, аяғын ақырын суға салып, алға қарай кешіп жүріп тереңге сүңгіді...
Көпірден аулағырақта шулап суға шомылып жатқан балалардың дауыстары естіліп, қаралары көрінеді..
НАТ. БЕЛЬГЕРДІҢ ҮЙІ - ЕСІК АЛДЫ – КЕШ
Қорасының айналып тұратын, айналып ашылғанда екі жағынан екі кісі қатар өтуге болатын да биік шарбақ есігі бар үй. Үйдің алдында «Урал» мотоциклі тұр.
ДОС есікті айналдырып аулаға енді.
Сәкі үстінде жайылған дастархан басында «Аккордеонын» құлаштай тартып, шашын қып-қысқа қылып алған, көк көз кісі - Бельгер (50 жас) отыр.
Сәкі үстінде дастарханды жағалай отырған ұл-қызы аралас үш-төрт үрпек бас балалар көрінеді.
. БЕЛЬГЕР
Бойында Арыстың,
Бір қызбен таныстым..
.
деп шырқайды...
Есік алдында түрлері бір-біріне ұқсаған ересек үш-төрт ұл жүр.
Ошақ басында теріс қарап отырған орамалды апа табаның үстіне шымшуырмен шоқ салып жатыр. Апаның жанында тізіліп пешке сүйелген, жаңа ғана табадан шыққан таба нандар тұр.
Досты көрген Бельгер гормон тартқанын тоқтатып, жылыұшырай қарап, дауыстай сөйледі:
БЕЛЬГЕР
Әй, Дос хал қалай!
Дос келіп қолын берді.
ДОС
Жақсы...
БЕЛЬГЕР
Ә, жарайсың!
Дос Бельгерден бастап үлкен-кішілі ұл-қыздардың бәрімен қол беріп амандасып шықты. Ең соңында ошақ басындағы Апаға қол берді... Апа да жылы жүзбен амандасты:
АПА
Аман ба?
(пауза)
Дос сәкіге келіп, Бельгерге қарай:
ДОС
Ағам колонкаға жіберіп
еді...
Бельгер аулада жүрген балалардың біріне қарай дауыстады:
БЕЛЬГЕР
Әй, Нұртөре, әлгі
колонканы берші Досқа..
Сырты ақталған аппақ үйдің есігінің төбесіне төрт бұрышты, сопақша, дауыс күшейіткіш КОЛОНКА ілініпті.
Бетінде секпілі бар ересек ұл сымдары жиналған колонканы әкеп Досқа берді.
БЕЛЬГЕР
Ал енді музыкаңды қатты
қой, бізге естіліп тұрсын...
ДОС
Ия, рахмет!
Колонканы қолтығына қысып риза кейіппен кетіп бара жатқан Досқа Бельгердің гормонына қосыла айтқан әні естіледі...
БЕЛЬГЕР
Сені іздеп арманым,
Сыр бойын шарладым...
НАТ. ҚҰДЫҚ БАСЫ - КҮНДІЗ
Құдық басындағы семент науадан қой-ешкілер шүпірлесе су ішуде. Қарағай мүйіз ҚАРА СЕРКЕНІҢ мойнындағы қоңырау аракідік СЫҢҒЫР-СЫҢҒЫР етеді.
Қара серке науадан басын көтеріп, пысқырып басын шайқап-шайқап қойғанда, науаға батып шыққан сақалынан су шашырайды.
НАТ. ҚҰДЫҚ БАСЫ – КҮНДІЗ – АРЫ ҚАРАЙ
Сейітқан ағашпен шегенделген құдықтың жиегінен төмен қарап ішіне үңілді. Қасында Дос тұр. Басын көтерген Сейітқан, бос қалған жіңішке ремень жіпті қолына айналдыра жинады.
СЕЙІТҚАН
(Досқа қарай)
Багорды алып келші.
Қауғаның жібі үзіліп
кетті ғой.
Дос әріректе жатқан басына темір ілгек ілінген ұзын сырықты сүйреп алып келіп Сейітқанға берді.
ДОС
Міне, аға.
Сырықты құдыққа салған Сейітхан еңкейе тұрып қауғаны құдықтан іліп алып шықты.
Дос сырықты арырақ апарып тастады.
Сейітқан бірінші қауғаның тұтқасында қалған, су сіңіп тамшылап тұрған түйінделген жіптің қалдығын шешіп, шетке лақтырды.
Сосын ремень жіпті қауғаға байлады.
НАТ. ҚҰДЫҚ БАСЫ – СӘЛДЕН СОҢ
Қауғаны құдыққа салып, құлаштай тартып шығарған Сейітқан шүпілдеп суға толған шелекті Досқа берді. Өзі қолына орай жинаған қауға шелектің жібін ақырын сырғытып, жерге сүйретпей жіберіп тұр.
Шелектің салмағымен бір жағына қисайған бала қой-ешкілерді тішу-тішу деп үркіте жүріп, науаға жақындауда.
Науадағы су түгесіліп, қой-ешкілер шелекке ұмтылып, тұмсықтарымен нұқып балаға жол бермеуде...
Шелекте шайқалған су ернеуінен асып төгіледі. Дос науаның шетінен суды құйды.
НАТ. ДАРИЯНЫҢ ЖАҒАЛАУЫ - АЙЛАҚ – КҮНДІЗ
Дарияның жайпақ, құмдауыт жағалауы. Қайық тұрақтайтын ШАҒЫН АЙЛАҚ.
Айлақта арғы бетке өтуге жиналған ЖОЛАУШЫЛАР мен ШЫҒАРЫП САЛУШЫЛАР көрінеді. Қолдарында буыншақ-түйіншек заттары, сөмке-қалталары бар.
Жаздың желсіз күніндегі дария ағысы білінбей, тып-тынық, шалқып жатыр.
Жиналған халықты тамашалаған, түрсишең қара сирақ балалар айлақты айналып сенделеді.
Жерді шыбықпен сызғылаған біреуі басын көтеріп жан-жағына көз жүгіртті де қайтадан төмен үңілді.
НАТ. ЖАҒАЛАУ - АЙЛАҚ – КҮНДІЗ
Жағалаудың биік тұсында төмендегі жолаушыларға қарап, көз тастаған Дос тұр. Қатарында төңкерілген ескі қайық жатыр.
Төменде қайыққа мінуге жиналған жолаушылар мен шығарып салушылардың жүздері айқын көрініп, үндері құлақққа анық жетеді.
НАТ. АЙЛАҚ – АРЫ ҚАРАЙ
Жағаға жанымен көлденең тоқтаған үлкен қайық тұр. Қайықтың тұмсығы темір шынжыр арқылы үлкен қара құлыппен қазыққа бекітілген.
Әрегіректе тағы, жағаға байланған сырты қара шайырмен сырланған, екі-үш шағын қайық су бетінде жеңіл қалқиды.
Қайықтың жанында басына көнетоз, сарғыш түсті, жиегі жалпақ қамыс қалпақ киген, көйлегінің жоғары түймелері ағытылған тұстан ақ шалған жүндес кеудесі көрінген ҚАЙЫҚШЫ тұр.
Қайықшы - өңі үнемі күлімдеп тұратын, жылы жүзді кісі. Еңсегей бойлы. Апайтөс. Жалаң аяғына қонышы қысқа резеңке галош киген. Шалбарының қысқа балағынан қызыл асықтары көрінеді.
НАТ. АЙЛАҚ – АРЫ ҚАРАЙ
Шеткері аялдаған ЕКІ БОЙЖЕТКЕН қатарласып суға көз тастап жайбарақат, үнсіз тұр.
Шапанының белін орамалмен буған ӨЗГЕ ҰЛТ өкілінің қолындағы мойнына кішкентай қоңырау таққан қара қасқа ЛАҚ жан-жағына қарап қырт-қырт күйсейді.
Қара дипломат ұстаған СТУДЕНТ ЖІГІТ ақырын шайқалып тұрған қайыққа иек артқан тақтай сатыға бірінші болып мініп, артқа орындыққа өтті.
Қайыққа мінуге кезек күткен қатардағы тағы бір ЖАСӨСПІРІМГЕ қарай:
ҚАЙЫҚШЫ
Қане, сен де артына
қарай өтіп кет!
Жасөспірім де тақтай саты арқылы қайыққа мінді.
Бүктетіле еңкейген, бет-аузы бір уыс, шүйкедей, сары БҮКІР КЕМПІР мойнын бұрып, жасаураған көздерімен қайықшыға қарады.
БҮКІР КЕМПІР
Әй, Қайықшы міне
берейік пе?
ҚАЙЫҚШЫ
Апа, сіз күте тұрыңыз,
қазір бергі жағына
отырасыз.
Бастарына орамал тартқан, шамасы қаладан қонаққа келген, сәнді сөмке асынған АПАЙЛАР қайыққа таяу келіп тұр...
НАТ. АЙЛАҚ – СӘЛДЕН СОҢ
Үсті Жолаушыларға толған қайықтың құлпын ағытқан Қайықшы шынжырды жинап қайықтың ішіне тастады. Сосын жағада тұрғандарға қарап:
ҚАЙЫҚШЫ
Симай қалғандарға
тағы бір қатынаймыз!
Қайықшы аяғындағы галоштарын жағаға қалдырып, балақтарын тізеге дейін түріп тастап, еңкейіп, қайырлап тұрған қайықты қос қолымен итеріп жылжытты.
НАТ. ДАРИЯ - АЙЛАҚ – АРЫ ҚАРАЙ
Салалы жуан саусақтарымен ескекті сығымдай ұстаған Қайықшы үлкен мөлшерлі жалаң аяқтарын тіреуіш ағашқа тіреп, ерекше қажырмен құлаштай еседі.
Кісі толы қайық белуарынан суға батып, жағаны бойлап ағысқа қарсы жылжиды.
Жағада, сенделген қара сирақ балалар, қайыққа симаған кісілер, бірлі-жарым қол бұлғаған шығарып салушылар қалды.
НАТ. ЖАҒАЛАУ - КҮНДІЗ
Жағалауда тұрған Дос ойға шомып, алысқа көз жібереді. Әлдекімді үміттеніп күткендей...
ДОСТЫҢ КӨЗІМЕН
Көз ұшында, кең шалқар дарияның арғы бетінен көк белдеулі ақ автобус көрінеді. Айналасында қараң-құраң адамдар.
Дарияның орта тұсында қайық кетіп бара жатыр.
Арғы жағалауға тоқтаған қайықтан түскендер үздік-создық автобусқа қарай жылжып, автобустан бері қарай жүріп келген жолаушылар босаған қайыққа мініп жатыр.
Жолаушыларға толған қайық арғы жағалаумен ағысқа қарсы жоғары өрлеуде.
НАТ. ЖАҒАЛАУ – СӘЛДЕН СОҢ
Жаңа, бейтаныс адамдар мінген – жағаға жақындап келе жатқан қайықтың ескегін бірқалыпты сырғыта ескен Қайықшының күлімсіреген түрі көрінеді.
Дария жақтан ескен самал желмен шашы желбіреген Дос кері қарай бұрылды.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ – КЕШ
Үстелдің үстінде қақпағы ашылған радиола қойылған.
Радиолоның қасында орындықта пластинкаларды аударыстырып қарап Сейітхан отыр. Радиолоның тетіктерін қарағыштап Дос тұр. Үйдің қабырғасына сым арқылы радиолоға жалғанған КОЛОНКА ілінген.
Сәкінің қасында кешкі дастархан қамымен Әже жүр. Сәкі үстінде жастық шынтақтап Уәли ақсақал жатыр.
Бір пластинканы таңдаған Сейітхан Досқа берді. Дос пластинканы радиоға орналастырып, айналған пластинкаға инесін түсірді.
Колонкадан пытыр-пытыр еткен дауыс шығып, сосын сол кезеңнің танымал ӘНІ ОЙНАЙ ЖӨНЕЛДІ...
Үйдің ауласын, жайқалған биік талдарды аралап кешкі ӘУЕН АЙНАЛАҒА ТАРАП ЖАТТЫ...
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ - КЕШ - СӘЛДЕН СОҢ
ЕР АДАМНЫҢ ДАУСЫ (КАДР СЫРТЫНДА)
Балық, балық!
Уәли ақсақал басын көтеріп қораның сыртына қарап қойды.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Роман ба?
ӘЖЕ
Роман ғой
Қолына шелегін алған Әже қораның сыртына шықты.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – КЕШ
Қораның сыртында, есегінің үстінде бір аяғы тізеден төмен ағаш – орыс шалы Роман отыр. Есегінің артына сыртына суы шығып тұрған, теңдеп артқан брезент қоржыны бар.
ӘЖЕ
Аман ба, Роман.
РОМАН
Аман, аман. Өздеріңіз
қалайсыздар?
Аяғын үзеңгіге тірей есегінің үстінен ұмсынып көтеріліп қойды.
ӘЖЕ
Сазан бар ма?
РОМАН
Сазан да бар, лақа да бар.
Бәрі свежий.
ӘЖЕ
Сазаныңнан бере қой..
Роман құнжыңдап қоржынан біреулеп балық суырып әженің тосқан шелегіне салды.
РОМАН
Уәкең қайда, үйде ме?
ӘЖЕ
Үйде...
РОМАН
Жақсы, аман болыныздар...
НАТ. ҮЙ - ЕСІК АЛДЫ – СӘСКЕ
Күн арқан бойы көтерілген. Дос ошақ басында тапал орындықта балтамен самаурынға томаша бұтап отыр.
Әже самаурын тұтатып жатыр.
Ат тұяғының дүрсілі, ЖӨТКІРІНГЕН дауыс естіліп, Дос қораның шыбықтарының арасынан сыртқа қарады.
Басына ақ қалпақ киген Уәли ақсақал жабулаған аттан түсіп жатыр.
Дос томаша бұтауын жалғастырды.
НАТ. ҮЙ - ЕСІК АЛДЫ – АРЫ ҚАРАЙ
Аулаға кірген Уәли ақсақал Дос жаққа қарап кідірді.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
(дауыстап)
Дос!
Дос орнынан көтерілді.
ДОС
Ау, ата!
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Анау Жалғызталдың
тұсында, мәшине жолда
бір пірес жоңышқа жатыр.
Шөп таситын көліктерден
түсіп қалған болу керек.
Шашылып рәсуа болады.
Обал. Көкпеңбек жоңышқа.
Соны алып келе ғой.
Оқпаны жалындаған самаурынның кернейін кигізгелі жатқан Әже бір сәтке жұмысын тоқтата тұрып, бұлардың әңгімесіне көңіл аударып, бұрылып қарады.
ДОС
Жақсы ата.
Ақсақал үйге қарай кетті.
НАТ. ҚОРАЖАЙ – СӘСКЕ – СӘЛДЕН СОҢ
Басына күнқағары бар ақ кепкі, аяғына керзі етік киген Дос бастырма қораның үстінде тау болып үйіліп тұрған піреске шалқайып, көз тоқтатып қарады. Сосын қолын көлегейлеп күн жақты бағдарлады.
НАТ. ЖОЛ – СӘСКЕ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос үйден енді ұзай бергенде алдынан қолында арқаны бар Сейітқан жолықты.
СЕЙІТҚАН
Қайда кетіп барасың?
ДОС
Жалғызталдың тұсында
мәшинедан бір пірес
жоңышқа түсіп қалыпты,
Атам соны алып келуге
Жұмсады. Соған кетіп бара
жатырмын.
Сейітқан кері бұрылып алысқа көз жіберіп алып, қайта Досқа қарады.
СЕЙІТҚАН
А-а.., қай жолмен барасың?
ДОС
Барарда айналма, мәшине
жолмен барам асықпай.
Қайтарда жақын, төте
жолмен, малдардың
соқпағымен қайтамын.
СЕЙІТҚАН
Жақсы, бара ғой.
Жолың болсын.
НАТ. МӘШИНЕ ЖОЛ – СӘСКЕ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос шаңы борпылдаған қос аяқты мәшине жолға түсіп жүріп кетті. Бозғылт түсті айдау жол алға қарай созылып жатыр.
Сосын жолды жағалай шеңгел, жыңғыл, тораңғыл өскен тұстардан өтті.
Келесі сәттерде сұр жапырақтары мүлгіген шоқ жиделердің жанынан өтіп бара жатты.
Әлдеқайдан өз атын өзі шақырған КӨКЕКТІҢ ДАУСЫ жетеді құлаққа.
НАТ. КАНАЛ – ҮЛКЕН КӨПІР – СӘСКЕ
Су толы каналдың үстінен көлік (машина) өтетін бастырма көпірдің басында, алға жүрмей шегіншектеген есегінің бас жібінен тартқылаған сақалы кеудесіне түскен - ЖАҚЫП ҚАРИЯ көрінді.
Қарияның түрі басқа ұлт өкіліне келеді. Басына жапсыра киген дөңгелек қазақы тақиясы бар. Күннің ыстығында үстіне ұзын сұр шапан киіп алыпты.
Есектің арқасында ер тоқымның үстінен арқанмен шандып, екі жағына теңдестіріп артқан ЕКІ ҚАП бар.
Есегін тартқылаған ЖАҚЫП ҚАРИЯ өзімен-өзі сөйлейді.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Жүр деймін әй!
жүр деймін.
Дос бұларға жақын келді.
Ақсақал, есегіне қарата сөйлеуде.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Әй, есек! Саған не
болған өзі а?!
НАТ. КАНАЛ – ҮЛКЕН КӨПІР – АРЫ ҚАРАЙ
Дос есектің жанына шығып жамбасынан итерді. Есек қисаңдап, қасарысып, көпірге аяғын баспай, кері шегінеді.
Жақып қария есекті бас жібінен алға тартқылайды.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Жүр, әй! Жүр енді...
Дос енді жылжымаған есекті жерден шыбық алып жамбасынан ақырын сипай шыбықтады.
ДОС
Ыхы, ыхы!
Есек әлі де қырсығып тұр...
ДОС
Ыхы, ыхы!
Дос қаттырақ шыбықтағаннан кейін ғана есек алға жылжып, иесінің соңынан еріп, көпірден өтті.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – СӘЛДЕН СОҢ
Есегін жетектеп бастырма көпірдің арғы басына шыққан Жақып Қария аялдады.
Дос Жақып Қарияға қарай жақын келіп қолын беріп амандасты.
ДОС
Саламатсыз ба!
Жақып қария, баланың қолын алды.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Үлкен жігіт бол!
(пауза)
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Кішкене отырып демалайық...
Ойпырмау!
Есектің бас жібін ұстаған күйі көпірдің шетіне отырды. Сосын есегіне қарады.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Есек қартаяйын деген бе,
кейінгі кезде неше түрлі
мінездер көрсететін болып
жүр.
Дос Жақып қарттың қатарына тізе бүкті.
Көпірдің астындағы тіреуіш темір бағандардың түбінен иірім жасап, ақырын сырғып су ағып жатыр.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
(жөткірініп)
Аал, енді, сен кімнің
баласысың?!
ДОС
Уәлидің.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
О-о, Уәли, ол ұлы адам ғой!
Бірақ, оның осындай баласы
бар ма еді?
Көзін сығырайтып, Досқа қулана қарады.
Дос қарияның сөзіне онша мән бермеген түр танытты.
ДОС
Бар болғаны ғой.
Қолындағы шыбықты шетке лақтырып тастады.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Әй, мүмкін сен
Уәлидің немересі
боларсың?
Дос тағы да ақсақалдың сөзіне мән бермеген сыңай байқатты.
ДОС
(немқұрайлы)
Болсақ болармыз.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Жарайды, жарайды.
Дұрыс-ақ.
Өзінің қазбалап кеткеніне ыңғайсызданғандай болды.
ДОС
Өзіңіз жаяу жүрсіз бе,
шаршамайсыз ба?
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Жоқ, шаршамаймын.
Неге шаршаймын?
Есек шаршамаса
мен шаршамаймын.
Осылай деген ақсақал сақалын сипап, жылы жүзбен жымия күліп қойды.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – СӘЛДЕН СОҢ
Екеуі әңгіме айтып отырғанда Жақып қарияның қолында ұстап отырған есектің бас жібі сусып шығып кетті.
Басын қақшитқан есек шоқырақтап каналдың жағасымен теріс бағытқа тартты. Бос қалған жіп артынан шұбатылып, сүйретіліп барады. Ішіне не салынғаны белгісіз екі қап екі жақта кезекпен теңселіп қозғалады.
Жақып ақсақал орнынан көтерілді .
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
(дауыстап)
Әй, есек, қайда кеттің!
Дос орнынан жылдам көтеріліп ұзаңқырап кеткен есектің артынан жүгіре басып қуып кетті.
Қуып жетіп, озып алдынан шығып тоқтатып, бас жібінен ұстады.
НАТ. КАНАЛ – КӨПІР – АРЫ ҚАРАЙ
Есекті жетектеп келген Дос жіпті қарияның қолына ұстатты.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Осы ғой енді! Жетектеген
жағыңа жүрмей кері тартып
тұрады,
(пауза)
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Өзің қайда тартып бара
жатырсың?
ДОС
Жалғызтал жаққа.
Қолымен нұсқады.
ДОС
Мен енді жүрейін.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Жақсы, жортқанда жолың
болсын!
ДОС
Рақмет, сау болыңыз.
Жақып Қария кетіп бара жатқан Достың артынан дауыстады.
ЖАҚЫП ҚАРИЯ
Атаңа, Жақып тамырың
сәлем айтты де...
Дос мойнын бұрды.
ДОС
Ия, жақсы.
Қария есегін жетектеп жолға түсті. Иесінің еркіне көнген есек бұл жолы түзу жүріп бара жатыр.
НАТ. КӨПІР – ЖОЛ – ТҮСКЕ ТАЯУ
Көпірден кері қарай өтіп көлденең жолға түскен Дос жүрісін ары қарай жалғады. Жолдың борпылдаған ақ шаңын кешіп келе жатқан етігі қонышына дейін сол түске боялған.
Бұрқылдап көтерілген шаңнан қашып бір тұста мәшине жолдың жиегіндегі тақырға шығып жүрді.
НАТ.ЖОЛ – ТОҒАЙ – ТҮСКЕ ТАЯУ
Ашық аспанда күн шақшиып тұр.
Дос айналасы ашық жолмен келе жатқанда қапталдан қарауытып тоғайдың сұлбасы көрінді.
Кідіріп, бұрылып тоғайды бетке алып жүрді.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – ТҮСКЕ ТАЯУ
ДОС
Жиде, тал аралас өскен тоғайдың көлеңкесіне кіріп, бір сәт дамылдап тұрды. Жан-жағына көз салды.
Жапырақтары төмен қарай төнген жиденің түбіне жақын келіп кідіріп жоғары қарады.
Қолы жетеді-ау деген тұстағы төмен қарай салбырап тұрған жиденің жемісіне өкшесін көтере қолын созып, ұмтылып көрді. Қолы жетпегесін секіріп, қолына іліккен бұтақтың жемістерін алақанымен уыстап, жапырақтарымен бірге сыпырып алды.
Алақанын ашып, уысындағы түйір жиделердің жапырақтарын біреулеп алып тазартты. Уысында қалған, жартылай қарайған, қап-қара болып піскен жиденің бір-екеуін аузына салып, дәмін алып жеп, сүйектерін түкіріп тастады.
Сосын алақанында қалған жемісті түгел аузына құйды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Тағы да биіктеу тұсқа ұмтылып, бір-екі рет секіріп, бұтақтың ұшын бір қолымен төмен тартып түсірді. Ұстай тұрып, екінші қолымен тағы жапырақтарымен бір уыс жиде сыпырды.
Мұны да асықпай жапырақтардан ада етті. Бір-біреуден аузына салып, сүйектерін тастап тұрып, тағы да төңіректі көзімен шолды.
ТӨҢІРЕК - ДОСТЫҢ КӨЗІМЕН
Тоғайдың шетін ала, қабықтарынан аршылып тазаланған, аралап бөлінген, жуан талдардың кеспелтек ДӨҢБЕКТЕРІ қатарласып жатыр.
Маңайында үйілген талдың құрғақ қабықтары, қиылған бұтақтар көрінеді.
Қатарда текшелеп жиналған ҮЙМЕ КЕСЕК тұр.
Айналасында қалыптан шығарып, кептіру үшін жайып тастаған, шашырай жатқан кесектер. Балшық әзірлеу үшін топырағын босатып дайындаған дөңгелек ойық ұра көрінеді.
Ойықтың қасында кесек құятын ағаш қалып, шашылған сабан, ескі шелек т.б. жатыр.
Арырақта, суы жылтырап жатқан үлкен жайпақ арық байқалды.
Әлдеқайдан әлсіз дыбыс естілді.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (ДЫБЫС КАДР СЫРТЫНДА)
Бажайлап жан-жағына қараған Досқа дыбыс тіпті жақын жерден шыққандай болды.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Басын жоғары көтере қараған Дос діңі жуан, қабығы қожыр-қожыр биік талдың қалың бұтақтарының арасынан төмен қарай салбырап тұрған ҚҰРҚЫЛТАЙДЫҢ көрді.
Ұяны маңайлап төменді-жоғары бұтақтан-бұтаққа секірген ҚОС ҚҰРҚЫЛТАЙДЫ байқады.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Дос әлі құлағына ауық-ауық естіліп тұрған ӘЛСІЗ ДЫБЫСҚА ЕЛЕҢДЕП, қолындағы жиденің қалғанын аузына салып алға жүрді.
Көзінде қызығушылық пен таңдану қатар көрініс тауып тұрды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Дыбысты қуалай жүріп, аяғының астындағы қалың, тығыз өскен көк майса шөптің арасынан қозғалып қыбырлаған кіп-кішкентай БАЛАПАНды көрді.
Өзі қоңырқай, көздерінің айналасы қара түсті.
БАЛАПАН
жақындаған бұдан қашқысы келіп қанатын қағып, жерден кісі бойы көтерілді.
Алысқа ұшып кете алмай жұмсақ қалың шөптің арасына қанатын жайған күйі құлады.
ДОС
тағы да ақырын басып Балапанға жақындап келді.
БАЛАПАН
Достан үркіп, қанатын қағып қайта көтеріліп, әрекетін қайталады.
ДОС
сақтықпен соңынан ақырын еріп, айналып, алды-артына шыға жүріп шөптің арасындағы балапанды ұстап алды.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Төбеде, талдың басында бұтақтан бұтаққа жоғары-төмен ұшып-қонған қос Құрқылтай ШИЫҚ-ШИЫҚ етіп тызылдайтындай.
Дос қос қолымен қорғалай, аялай ұстаған балапанды аузына жақындатты.
ДОС
Не, ұяңнан құлап қалдың ба,
ұшамын деп секіріп кеттің бе?
Қанатың қатпай ұшуға асықтың
ба?
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Езуі жайылып күліп келе жатқан Асан Әпенді көрінді.
Досқа жақын келген Асан Әпенді еңкейіп Достың қолындағы Балапанға үңіле қарады.
Сосын аяған, әбіржіген түрмен басын шайқап, даусын соза таңқалған дыбыс шығарды.
АСАН ӘПЕНДІ
Уууу!
Сұқ саусағының ұшымен ғана балапанның басынан сипаған болды.
Дос балапанды аялай ұстап басындағы кепкісін шешіп, ішіне салды. Ақырын бүктеп, төңкеріп жердегі шөптің арасына қойды.
Еңсесін тіктеп Асан Әпендіге қолын беріп амандасты..
ДОС
Қалайсың, Асан Әпенді?
Қол алысып тұрып Асан Әпенді кеңкілдеп күлді.
АСАН ӘПЕНДІ
Жақсы, жақсы, әрқашан
жақсы...
ДОС
Құрқылтайдың балапаны
ұясынан құлап кетіпті.
Әлі дұрыс ұша алмайды екен...
Асан Әпенді аузын ашып жоғары қарады.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос зәулім талға жақын келіп, биіктен төмен қарай салбырап тұрған Құрқылтайдың ұясына басын шалқайтып, төменнен жоғары қарады. Сосын ойлана тұрып төңіректі бағдарлады.
Қатарласап жатқан дөңбектерге келіп, айналып жүріп, шет жағынан көлемділеу біреуін таңдады.
Таңдағанын бұрып, ыңғайлап алды. Ауыр дөңбекті итеріп домалата отырып Талдың астына, құрқылтайдың ұясының тұсына әкелді.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Жоғары бір қарап алып еңкейіп, дөңбектің астына қолдарын жіберіп, бір-екі рет ұмсынып: «Ауп!» -деп күшеніп, бір басынан көтеріп тікесінен қойды.
Тікесінен тұрғызып қойған дөңбек өзінің кеуде тұсымен деңгейлес биіктікте болды. Дөңбекті айналып, жоғарыға тағы бір көз тастап ары қарай кетті.
АСАН ӘПЕНДІ
көк майсаға малдас құрып жайғасып, мәз болып күліп, Достың әрекетін қызықтауға ден қойды.
ДОС
дөңбектер жатқан орынға келіп айналып,тағы да көзбен таңдады. Көлемі алғашқы апарғанының жартысындай болатын тағы біреуін ыңғайлап, дөңгелете жылжытып, шығарып алды.
Сосын домалатып тік тұрған дөңбектің қасына алып келді. Тізесін бүге еңкейіп, көтеріп тұрғызып, қатарластырып қойып белін тіктеді.
Дөңбектерді бір айналып шықты. Тағы да тізесін бүгіп отырып, кіші дөңбекті қолдарымен орай құшақтап, күшеніп көтеріп алып, орнынан тұрды.
Енді оны биік дөңбектің үстіне қоюға әрекеттенді.
Белі қайқайып, үлкен дөңбектің үстіне іліндіре алмай әбігерленді.
Ұзақ ұстап тұра алмай, тік тұрған бойы дөңбекті жерге тастай салды. Ойланып, айналаны тағы да көзбен шолды.
АСАН ӘПЕНДІ
Достың әрекеттеріне қарап, біресе күліп, біресе әбіржіп таң қалған түр танытты...
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос енді Үйме кесекке барды. Текшелей жиналған үйменің үстінен бір кесек алып жерге қойды.
Тағы бір кесекті алып жердегі кесектің үстіне қойып, екеуін қосып көтеріп алды.
ТАЛДЫҢ АСТЫ
Дос кесектерді тұрғызған дөңбектің түбіне әкеліп жайғастырды.
Осылай бірнеше рет екі кесектен тасып жинады.
Жиналған кесектерді қалап, екі қатар көтерілген, үстіне екі аяқпен еркін тұрар баспалдақ жасады.
ДОС
құлап жатқан кіші дөңбекті тікейтіп қойды. Бір тізерлей отырып, дөңбекті қапсыра құшақтай көтеріп, орнынан тұрды. Жылжи келіп, аяқтарымен түртіп, кесек баспалдақты тауып үстіне шықты.
Қырынан тұрған күйінен бұрылып, құшағындағы кіші дөңбекті шалқалай көтеріп, биік дөңбектің үстіне қоюға тағы да әрекеттенді.
АСАН ӘПЕНДІ
Достың әрекетін бақылай отырып орнынан тұрды.
ДОС
күшеніп, тыпырлап дөңбекті іліндіре алмай жатыр.
АСАН ӘПЕНДІ
көмекке келіп Достың қарсы жағынан дөңбекті көтерісіп жіберді. Екеулеп, қолдағы дөңбекті биік дөңбектің үстіне шығарып, жылжыта итеріп, құламайтындай қылып орналастырды.
ДОС - АРЫ ҚАРАЙ
Биіктігі өзінің бойынан асқан дөңбектерді айналып жүріп жаңа қойылған үстіңгі дөңбекті ырғай қозғап итерді.
ДОС
Асан Әпенді, ұста,
өзіңе қарай тарт!
Асан Әпенді екінші жақтан қозғап, екеуі дөңбектердің жымдасқан тұсынан аяқтың басы ілінетіндей ТЕПКІШЕК жасады.
Асан Әпенді өзінің көмегіне риза пішінде мәз болып күлді.
Дос артқа шегініп, ендігі биік болған дөңбектердің үстінде салбыраған құрқылтайдың ұясы жаққа басын көтере шалқайып, бағамдағандай біраз қарап тұрды.
Қайтадан орнына барып отырған Асан Әпенді де кеңірдегін созып Құрқылтайдың ұясы жаққа қарады.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос кепкісі қойылған жерге келіп, тізесін бүгіп отырып, кепкінің шетін ақырын көтеріп үңілді.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Қос құрқылтай ендігіде төмендеп, Досты маңайлап, жақындай ұшып өтеді.
ДОС
кепкіні ыңғайлап, қайта жауып қойды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Дөңбек жиналған жерден тағы бір шағындауын таңдады. Домалатып әкеліп, шағындау дөңбекті тікейтіп, бұрынғы дөңбектерге жақындатып, жапсарластыра қойды.
Бусанған маңдайының тері жеңімен сүртіп, әкелген дөңбегінің үстіне мініп отырып демалды. Төңірекке көз салды, жоғары қарады.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – СӘЛДЕН СОҢ
Дос демін алып болып орнынан көтерілді. Кесектердің үстінде тұрып, оң аяғын көтеріп, тізесін дөңбектің үстіне қойып, қолдарымен демеп жіберіп үстіне шықты.
АСАН ӘПЕНДІ
Салмақты түр танытып, Дос жақтан көз алмай қарады.
ДОС
дөңбектің үстінде тікесінен тұрып, екі қолын жоғарғы дөңбектің үстіне қойды.
Қатарлас тұрған келесі дөңбектің кертішіне бірінші, оң аяғын, одан кейін сол аяғын салып көтерілді.
Кідіріп демін алып, денесін екі қолымен тірей демеп, екі тізесін кезекпен көтеріп дөңбектің үстіне шығып, сол тізерлеген қалпы отырды.
Самайынан тер ақты.
АСАН ӘПЕНДІ
Достан көзін алмастан, көзі бақырайып, үрейленіп орнынан тұрды.
ДӨҢБЕКТЕРДІҢ ҮСТІ - БИІКТЕ
Келер сәтте Дос екі қолымен дөңбектің шетін тіреп, кезекпен екі тізесін көтеріп, ақырын бойын тіктеді.
ДОСТЫҢ КӨЗІМЕН
Бойын үйретіп жоғары қарағанда Құрқылтайдың ұясы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақын көрінді.
Құрқылтайлардың дыбысы енді төменнен, алыстан естілетін секілді.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Көзін төменге тастап еді, жерден әлдеқайда жоғары көтеріліп кеткенін көрді. Дөңбектің үстінде тұрып қолын ұяға қарай жоғары созып еді әлі бір кездей жетпейді екен.
АСАН ӘПЕНДІ
Дос жоғарыға қолын созғанда ішегін тартып, қолымен аузын жапты.
ДОС
келесіде ақырындап тізесін бүгіп, екі қолымен дөңбектің екі шетін ұстап тізерлеп отырды.
Екі қолымен денесін демеген күйі бір аяғын төмен жіберіп кертішке іліндірді, сосын кертішке екінші аяғын түсіріп тіреді.
Екі қолымен дөңбекті сығымдай ұстап, аяғымен сырғи жердегі жапсарлас дөңбекке түсті.
Аяғы кесектерге тиіп дөңбекке отырды.
Демалып отырып тал жапырақтарының арасынан түскен күн сәулесіне сығырая қарады.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – СӘЛДЕН СОҢ
Дос үйіліп жатқан, қырқылған тал бұтақтарының арасынан түртінектеп жүріп түзу келген ұзындау біреуін суырды.
Оның майда бұтақ, шыбықтарын біреулеп сындырып, сыдырып тазалады.
Жалаңаштанып, тазаланып, сидаң болған бұтаның басында қалған жуандау бір шыбығын түбінен қарыстай қалдырып, артығын аяғымен басып тұрып сындырды.
Бұтақтың қалған артық бөлігін де аяқпен басып тұрып, қолымен бұтақты көтеріп сындырды.
Шыбықтарынан тазаланып ада болған бұтақ, басында теріс аша ілмегі бар ҚҰРАЛ болды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Бұтақты ашасын жоғары қарата дөңбектерге сүйеді.
Кесектердің үстінде тұрып манағы тәртіппен тізесін дөңбектің үстіне қойып көтерілді.
ДӨҢБЕКТЕРДІҢ ҮСТІ - БИІКТЕ
Дөңбектің үстінде шығып тізерлей отырып бұтақты қолына алды.
Бұтақтың ашасынан ұстаған күйі, екінші қолымен дөңбекке қолын тірей өзін демеп, ақырындап орнынан көтерілді.
Бойын тіктеп, Құрқылтайдың ұясы жаққа шалқая қарап алып, бұтақты екі қолымен саумалдай жоғары көтерді.
ДОС - АРЫ ҚАРАЙ
Түзу, ұзындығы өзінің бойына жете қабыл бұтақты жоғары созып, құрқылтайдың ұясы ілінген бұтақтың жоғарғы тұсынан теріс аша ілмекпен іліп, төмен тартты.
Бұтақты иіп әкелу оңай болған жоқ.
Бір кездерде тіпті, төмен тартқан бұтақ күш бермей Достың өзін жоғары көтеріп кететіндей әсер қалдырды.
Бұл кезде оның өкшесі көтеріліп, ЕТІГІНІҢ БАСЫМЕН әрең ілініп тұрды.
АСАН ӘПЕНДІ
Мұны көргенде тағы да орнынан тұрып, екі алақанымен көзін көлегейлеп, арасынан сығалап қарап, сөйлеп жіберді:
АСАН ӘПЕНДІ
Құлады, құлады...
Құлады, құлады...
Бір орында байыз тауып тұра алмай ерсілі-қарсылы жүріп кетті.
ДОС - БИІКТЕ
Екі қолымен саумалдай тартып отырып бұтақты төмен иді.Төмен тарта келе ұяны созған қол жетер жерге әкелді.
Бір қолымен иілген бұтақты аша бұтақпен ұстай тұрып, екінші қолын жоғары созып, жүннен тоқылған қолғап секілді ұяның дөңгеленген аузын сипай ұстады.
Иілген бұтақты ұстаған ашаны екі қолымен саумалдай ақырын босатып, біртіндеп орнына жіберді.
Орнына барған бұтақтан, сәл жоғары көтеріп жіберіп ашаны босатып алды. Босаған ашаны жерге тастады.
ТӨМЕНДЕ – ТАЛДЫҢ АСТЫНДА
Дос жерге түсті.
Жерде жатқан аша ілмекті алып, тігінен дөңбектерге қайта сүйеді.
Көк шөптің арасында ағараңдап жатқан кепкісін көтерді, еңкейіп. Қолына ала тұрып, шетін ашып үңілді.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Кепкісін ұстаған күйі дөңбектерге келді.
Бір қолымен кепкіні ұстай тұрып, екінші қолымен көйлегінің түймелерін ағытты.
Кепкіні аса сақтықпен орай бүктеп, қолын бойлата көйлектің ішіне, бір бүйіріне қарай тықты.
Түймелерін салды.
АСАН ӘПЕНДІ
Достың әрекетіне аузын аша таңқалып қарап тұрды.
ДОС - АРЫ ҚАРАЙ
Тағы да аса сақтықпен төменгі дөңбекке шықты.
Төменгі дөңбектен келесі дөңбекке аяғын сала жоғары көтеріліп шығып , тізерлей отырды.
Отырған күйінде қолын орай, көйлегінің сыртынан томпиып тұрған тұсты сипады.
Төбе тұста, ұя жақта Қос Құрқылтай бұтақтан-бұтаққа секіріп тызылдайды.
ДОС - БИІКТЕ
Тізесін көтеріп тігінен отырды.
Қолын төмен жіберіп, ілмек ағашты алды.
Ашаны ұстаған бойы орнынан көтеріліп бойын тіктеді.
Аша бұтақты ыңғайлап алып, жоғары көтерді.
Ұя салынған бұтақты іліп алып, екі қолымен саумалдай, төмен тартып әкелді.
Қол жетер жерге келген ұяны өкшелері көтеріле, бұтақты бір қолымен ұстай тұрып, екінші қолымен түймесін ағытты.
АСАН ӘПЕНДІ
Төбеден көзін алмай бір орында тас болып қатып тұрды.
ДОС
қолымен «тінткілеп» тұрып уысына ұстаған балапанды алып шықты. Жұмылған қолдың қуысынан азын ашып-жапқан сары ауыз балапанның басы көрінеді.
ШИЫҚ-ШИЫҚ (КС)
Балапан ұстаған қолын аса сақтықпен, ұяға соза жеткізіп, аузына әкелді.
Уысын босатқанда балапан, ұяға сүңгіді.
ДОС
(өзімен-өзі)
Міне болды!
АСАН ӘПЕНДІ
Кеудесін кере терең демалып, даусын шығарып мәз болып күліп,балаша секіріп, жан-жағына қарап шапалақ ұрды.
ДОС – БИІКТЕ
Иген бұтақты саумалдап орнына жіберді.
Ашаны босатып жерге тастады.
Мықшыңдап жүріп жерге түсті.
ТӨМЕНДЕ – ТАЛДЫҢ АСТЫ
Жақын келген Асан Әпенді Досқа қарап, риза кейіпте кеңкілдеп күліп, екі қолымен Достың қолын қысып алып, қатты-қатты сілкіледі.
Қолын ауырсынған Дос екінші қолымен Асан Әпендінің қолын ұстап әрең тоқтатты.
ДОС
Өй, Асан Әпенді, болды
енді болды, жібер!
Дос босатып алған қолын сипап, сілкілеп қойды.
Артына қарай -қарай жөніне кетіп бара жатқан Асан Әпенді өзімен-өзі үйреншікті сөзін қайталауда.
АСАН ӘПЕНДІ
Жақсы-жақсы, әрқашан
жақсы...
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос қойнына қолын салып, кепкісін суырып, басына киді.
Кідірместен жоғарғы дөңбекті итеріп жерге дүрс еткізіп құлатты. Ыңылдап, асқан шабытпен домалатып алған орнына жеткізді.
Сосын кесектерді екеу-екеуден орнына тасыды. Жерге қоя тұрып, текшелене жиналған үйменің үстіне бір-бірден көтеріп жинады.
Одан соң үлкен дөңбекті сұлатты.
Оны да домалатты.
Талдың астында соңғы дөңбек қалды.
Үлкен дөңбекті орнына жеткізіп белін тіктегенде, арт жағынан ер адамның даусы естілді.
Ау, бұл қайсысың? (КС)
Дос артына бұрылды.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Иығына асқан кетпені, бір қолында ұстаған дорбасы бар, басына ақ орамалды шарт байлаған, мұртты, күнге күйген өңі қызыл шырайланған, түсі игі, жасы қырықты еңсерген КІСІ екен.
Соңында тізілген, бір-бірінен аумайтын, жастары тетелес, күнге піскен қараторы, шаштарын қос өрім қылып тартып, тастай қылып жапсыра өрген ЕКІ ҚЫЗ БАЛА және ЕКІ ҰЛ көрінді.
Дос жақын келіп Кісіге қолын беріп амандасты.
ДОС
Саламатсыз ба!
Кетпенін жерге қойған Кісі Достың қолын алды.
КІСІ
Аман бол.
Кісі дорбасын жерге қойып дөңбекке отырды.
Балалар Досқа қарап қойып, кідірместен тізіліп, тұстарынан өте берді.
Әрқайсысының қолында бойларына лайық шелектері бар. Соңындағы кішісінің қолында кішкентай ойыншық шелек.
Араларындағы үлкені - 7-8 жас шамалас қыз баланың қолында шағын темір шелек. Одан кейінгі екеуінің қолында әр түсті қауырсын шелек.
КІСІ
Ия, не істеп жүрсің,
мыналарың не?
Дөңбектерді нұсқады.
(пауза)
ДОС
Дұрыс ұша алмайтын құрқылтайдың
балапаны ұясынан құлап кетіпті,
соны ұясына салдым.
Дос көк шөпке жамбасын төсей отырды.
Кісі аузы ашыла, балаға таңырқай қарады.
Одан кейін басын шалқайта биіктегі Құрқылтайдың ұясына көз жіберді.
КІСІ
Оны қалай салдың?
ДОС
Дөңбектерге шығып.
(пауза)
КІСІ
Апырай ә! Үлкен
сауапты іс жасаған
екенсің.
Балаға әрі таңырқай, әрі ризашылықпен көз тастады.
КІСІ
Құрқылтай қасиетті құс қой..
Ұясын осындай қиын жерге
салады. Жылан жете алмайды.
Тіпті жоғарыдан жорғалап
келген күннің өзінде иілгіш,
жіңішке бұтақтан сырғып
жерге құлайды.
Таңданысын жасыра алмай қайтадан жоғарыдағы ұяға, дөңбектерге, балаға қарады.
КІСІ
Бәрекелді! Дегенде өзің
батыр екенсің!.
ДОС
Асан әпенді көмектесті.
КІСІ
Ә, жаңа кетіп бара жатқан сол екен ғой.
(пауза)
ДОС
Мына дөңбектер кімдікі?
КІСІ
Жақып Қарияныкі ғой.
отынға дайындаған.
Өткен дауылда құлаған,
қураған талдар ғой.
(пауза)
КІСІ
Мен мына жерде кесек
құйып жатыр едім...
Орнынан көтерілді.
Дос та ілесе орнынан тұрды.
ДОС
Кесектеріңізді алып едім.
Аяқтың астына қою үшін.
Орнына апарып қойдым.
Кісі бұл әңгімеге онша мән бере қоймады.
КІСІ
Ә жарар...
ДОС
Ішетін сусыныңыз бар ма?
КІСІ
Бар, қазір...
Еңкейіп дорбасынан матамен қапталған шағын төртбұрышты канистраны алып балаға ұсынды.
КІСІ
Салқын айран, ішіп ал.
Тізілген төрт бала шелектерімен іргедегі арықтан су тасып, балшық илейтін ойыққа құюда.
Канистраның бұрандалы аузын бұрап ашқан Дос сусынды сылқылдатып жұтты. Аузын қайта бұрап жауып кісіге берді. Алақанымен сипай аузын сүртті.
ДОС
Рақмет! Мен жүрейін.
Жүре беріп қайта бұрылды.
ДОС
А, мынаны орнына
апарып тастайын...
Соңғы дөңбекті домалатып әкетті.
НАТ. ТОҒАЙ ІШІ – АРЫ ҚАРАЙ
Орамалды кісі кетпенімен лайды араластыруға кірісті.
ДОС
(Кісіге)
Сау болыңыз!
КІСІ
Жолың болсын!
НАТ. ЖОЛ – ТҮС
Шаңы борпылдаған айдау жолға түскен Дос енді кідірместен жүріп отырды.
Ашық аспанда күн шақшиып, айналаны қуырып тұр.
Жол жиегінің кейбір тұстары ашық болса кей тұстарын жыңғыл, шеңгел жапқан.
НАТ. ЖОЛ – ЖАЛҒЫЗТАЛ – ТҮС
Әудем жерден, айналасындағы өскіндерден бойы биік, еңселі ТАЛДЫҢ қарасы көрінді. Сонадайдан көз тартады.
Дос бір сәтке кідіріп көз жіберді.
ДОС
(өзімен өзі)
Жалғызтал!
НАТ. ЖАЛҒЫЗТАЛ –ТҮС
«Жалғызталдың» тұсына жақын келген Дос мәшине жолдың жиегінде жатқан төртбұрышты ұзын ПІРЕСТІ көрді. Көкпеңбек көк, жас жоңышқа. Екі қапталы жылтыр ақ жіппен орай, тарта байланған.
Айдау жолдың сілемі ары қарай созылып барып, қалыңға кіріп жоғалады
ДОС
еңкейіп Пірестің салмағын, өзінің шамасын білу мақсатында екі қолының саусақтарын нығыздала тартылған жылтыр жіптердің астына тығып, бір шетін көтере ұстап, салмақтап көріп қайта жерге жатқызды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Сосын екі қолын Пірестің астына жіберіп, көтеріп тікесінен қойды.
Арқасын Піреске бере отырып, екі қолын мойнынан асыра жіберіп жіптерден ұстап тарта орнынан көтерілуге әрекет жасады. Алға қарай бүгіліп, тірсегі майысып орнынан көтеріліп кете алмады.
Пірес жерден көтерілмеді...
Бойын тіктеп, қолдарын уқалап, жан-жағына қарап, айналасын барлады.
Әрегіректе, мәшине жолдың екі шетінде, жолды көлденең кесіп өтіп қалың жынысқа еніп кететін мал жүретін жалғыз аяқ соқпақ жол, байқалады.
ДОС
піресті артпен шегіншектеп сүйреп отырып, мәшине жолдан шығатын соқпаққа алып келді.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – ТҮС
Ірілі-ұсақты малдар жүріп өтетін, соқпақ жолдың басталар тұсындағы өскіндердің жапырақтары селдіреген, сирек. Маңайы ашық. Бұталары жалаңаш.
Ары қарай, бойлары Достан биік көк сыпыртқылы жыңғылдар мен ұсақ жапырақты, тікенді шеңгелдерді жарып өтетін, үңірейген соқпақ жол. Табанын шаң басқан, топырақ.
ДОС
Жалпағынан қойылған піресті жалғыз аяқ соқпаққа қойып алып, бетін алға беріп сүйрей жөнелді.
Артындағы зілдей пірес екі қапталын жыңғыл мен шеңгел жапқан тар соқпақтың табанына қысыла әрең сиып, бұталардың сирақтарына ілініп ауыр қозғалды.
Шаңға көмілген етігінің өкшелері піреске кезек соғылып, адымын аштырмай, аяқтары шалынып, жүрісі өнбеуде...
Күш алу үшін алға қарай белін бүге, еңкеңдеп тартып келеді.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ - АРЫ ҚАРАЙ
Соқпақтың екі жағын қоршаған жыныс қалыңдап, төбелері АЙҚАСА ТҰТАСЫП, жыңғылдың шырпылары Достың бетін осқылап, шеңгелдің тікендері көйлегін іліп тартқылайды.
Бір тұста кепкісі шеңгелге ілініп шешіліп қалды.
Тоқтап кепкісін шалбарының қалтасына салды.
Піресті күшене тартып алға қарай әрең-әрең жылжып келе жатыр.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ - АЛАҢҚАЙ – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Дос піресті тарта отырып, жынысы аласа, сирек, ашық алаңқайға шықты. Тоқтап, белін жазды. Аққан тер мен шаң жұққан, жыңғыл – шеңгел тырнаған жүзі айғыз-айғыз болып тұрды. Көйлегін шаң басып, кірлеген.
Қалтасынан кепкісін суырып, ішкі жағымен бетінің терін, мойнын сүртті.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос енді бетін піреске беріп, еңкейіп жіптен ұстап, шегіншектеп артпен сүйреді. .
Пірес бұл жолы етігінің қонышына тіреліп, кезек сүйкелеп, адымын аштырмай, тағы да жүріс бермеуде.
Аяқтары шалынып, тізесі жартылай бүгіліп, еңкейіп тартып келеді.
Екі қапталдағы жыныс тағы да ҚАЛЫҢДАП, БИІКТЕДІ.
Тартып келе жатқан піресі бір тұста жыңғылдың сирақтарына ілініп, қысылып кептеліп тұрып қалды.
Кептелген піресті тарта алмай тоқтады.
Күштеп, ырғап-ырғап тартып қалғанда, кептеліп, тіреліп тұрған жерінен босаған Пірес мұның аяғын басып, шалынысып шалқасынан құлады.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ - ТҮС АУҒАН ШАҚ
Дос қолдарын жерге тіреп жауырынын жерден көтерді.
Пірестің астында қалған аяқтарын суырып шығарып, орнынан тұрды.
Шаң жұғып бозаңданып, түсі өзгере бастаған пірестің үстіне бетін алға беріп отырды. Жеңімен маңдайының терін сыпырды.
Бойлары аласарып, төбесі ашылып, сирей бастаған жыңғыл-шеңгелдердің арасынан мойнын созып аспанға қарады.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Орнынан көтеріліп, тарылып тұрған соқпақ жолдың табанындағы жыңғыл, шеңгелдердің сирақтарын етігімен екі жаққа жаншып басып, жүрер жолын кеңейтіп, ашуға кірісті
Сүйегі кәрі жыңғылдардың кейбір қурағандары пытырлап сынса, кейбір жыңғыл, шеңгелдер аяқпен басқанға күш бермей солқылдап, серпіліп қайтадан көтеріліп кетуде.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ - ДАЛА – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Дос етігімен жыныстарды жапырып жантайта жүріп, селдіреген АШЫҚ БЕТКЕЙГЕ шықты.
Әр жерде бірлі-жарым аласа өскіндер көрінген – тегіс дала.
Ашық төңірекке шыға берістегі аласа шеңгелді соңғы рет екі аяғымен нығарлай, жаншып басты.
Кері бұрылып піреске қайтып келді.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос сәл ойланып алып, еңкейіп, жатқан пірестің бір шетін аударып, қырынан қойды. Қырынынан түскен пірес соқпақтың табанына еркін сиып тұрды.
СЫРТЫЛДАҒАН ТҰЯҚ ДЫБЫСЫ, ПЫСЫЛДАҒАН, МӨҢІРЕГЕН ДЫБЫСТАР (КАДР СЫРТЫНДА)
Дыбыстарға басын көтерген Дос артында қалған соқпақтың қалың жыныстарының арасынан басы шығып танауы ПЫСЫЛДАП тұрған СИЫРДЫ көрді.
Бір сәтке абдыраған Дос сиырға қарап аңтарылып қалды...
НАТ. ҮЙ - ЕСІК АЛДЫ – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Талдың көлеңкесінде көк шөпке төселген шағын киіздің үстінде малдас құрып отырған Уәли ақсақал тас қайраққа бәкісінің жүзін жануда.
Күбі пісіп тұрған Әже шаруасын тоқтата тұрып, әлденеге алаңдап, уақытты бағдарлағандай аспанға көз жіберді...
Одан кейін Ақсақал жаққа қарап алып, күбісін пісуді жалғастырды.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Бір сәтке абдыраған Дос сиырға қарап аңтарылып тұр.
СИЫР
жас жоңышқаның исін сезгендей, тұмсығын көтеріп, басын шайқап, тілімен танауын жалап, ыңырана дыбыс шығарып, піреске қарай ентелеп, жақындады.
СОҚПАҚ ЖОЛ – СИЫР – ПІРЕС
Дос пен қоңыр сиырдың арасын пірес қана бөліп тұр.
СИЫР
піреске тұмсығын созды.
ДОС
өңмеңдеп піреске мойнын созған сиырға тепсініп, жанталасып айқай салды.
ДОС
Өк-әй!, өк!
Шаң басқан етігімен жерді теуіп-теуіп жіберді.
СИЫР
баланың айқайынан ыға қоймады. Басын шайқап, айбат шегіп піреске төніп келді.
ДОС
Өк! –деймін ей! Өк!
СИЫР
піреске ауыз салуға шақ қалды.
ДОС
қапелімде сасып қалып, сиырдан тайсақтап, шегіншектеп, бұрылып артқа жүгірді.
Өзі жаныштап жолын ашқан жерде жығылып жатқан қураған жыңғылдың жуан бұтағын етігімен теуіп, екі қолымен бұралап жұлып алды. Қолына ілінген бір құлаш таяғымен артқа қарай ұмтылды.
СИЫР
бұл аралықта қараусыз қалған піреске тақап келіп, жоңышқаға ауыз салды. Нығыздалған піресті сілкілеп, аузына ілінген уысын жұлып алды. Пірес қисайып ұзынынан құлады.
ДОС
жанталасып, соқпақты жара келіп, таяғын сілтеп, сиырға қарай айқайлап ұмтылды.
ДОС
Өк!- деймін, Әй, Өк!
Мынау қайтеді-ей, а!
Өй, Өк!
СИЫР
жұлып алған жоңышқасын малжаңдап, шайнап ыңыранып, басын изеп қойып тұра берді.Тайсақтап артқа шегінген жоқ. Бірақ алға да ұмтылмады.
ДОС
осы сәтті пайдаланып, таяғын тастай беріп, жалма-жан піресіне жармасып, арқасымен алға қарай сүйреп берді.
Қырынан қойылғасын пірес ұстауға ыңғайсыздығы болмаса, соқпақ жолдың табанына еркін сиып бұл жолы жеңіл жүрді.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ - ДАЛА – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Дос емпеңдеп тартқан күйі көп ұзамай жынысы селдір, аласа Ашық Беткейге шықты.
Піресін соқпақтан шетке тартып шығарып, бойын тіктеп кідірді.
Жүрер жолы босаған сиыр бастаған мұның тұсынан өте берді...
ДОС
екі алақанын ашып қарады. Саусақтарының ішкі жағынан, жіп қиып кеткен орындардан қан шығып тұр екен.
Алақанын ашып-жұмғанда жүзінен ауырсынудың белгісі білініп, көзін жұмды. Жерден топырақ алып сеуіп, алақандарын бір-біріне ақырын соғып уқалады.
Қырынан тұрған Піресті қайтадан жалпағынан жатқызып, соқпаққа әкеліп, тартып жүре бергенде бір жақ жібі АҒЫТЫЛЫП КЕТІП, Пірестің өзі қисайып қалды.
ДОС
қолына босап қалған, ұштары байланып түйілген орама жылтыр жіпті ұстап бір сәт шарасыздық танытқандай күй кешіп, өзімен-өзі сөйледі.
ДОС
Қап! Келіп қалып едік.
Қарашы енді. Әй, әттеген-ай!
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ – ТҮС АУҒАН ШАҚ
Үйдің ауласында күбісін пісіп тұрған Әже бір сәтке кідірді.
Сосын енді балта қайрауға кіріскен Уәли ақсақалға жақын келді.
ӘЖЕ
(Уәли ақсақалға)
Дос кешікті ғой...
Басын көтерген Уәли Ақсақал алдына бір қарап алып жауап беруге асықпады...
(пауза)
Әже даусын көтермей, бірақ реніш, алаңдауын да жасыра алмай Ақсақалға тіл қатты.
ӘЖЕ
Сол айдалада жатқан жалғыз
пірес жоңышқада нең бар еді?
Санаулы малға бір емес
екі қысқа жететін жоңышқа
келді ғой. Әкеден тірідей,
шешеден өлідей айрылған
байғұс балаға жаздың
демалысында да бір тыным жоқ.
(пауза)
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
(сабырлы)
Келіп қалар ендігі.
Бұрылып кетіп бара жатқан Әже күбірледі.
ӘЖЕ
Жаратқан, өзің жар бола
көр!
Уәли Ақсақал басын көтеріп, қолын көлегейлеп, жапырақтардың арасынан күн сәулесіне қарады.
Сосын төмен қарап, талдың түбінде өзінен бірнеше есе үлкен әлдебір затты тырмысып сүйреген кішкентай ҚҰМЫРЫСҚАНЫ көрді.
Құмырсқа әлгі затын кейде әлі келмей қалып, тоқтап-тоқтап, әуреленіп әзер тартып бара жатыр.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ –ТҮС АУҒАН ШАҚ
ДОС
Еңкейіп, жантайып қалған піресті қолымен ыңғайлап, шамасын байқаған болды.
Жіпті айналдыра созып, түйінін тауып ұстады.
Түйінді саусақтарының ұштарымен ағытпақ болды.
Ол әрекетінен ештеңе шықпағасын аузына салып, тісімен әуреледі.
Тісімен тартқылап отырып босатқандай болған жіпті қолына алып, түйінді ағытып ажыратты.
Түйінін шешкен жіпті құлаштап созып тартқылап көрді.
Маңдайын білегімен сырғыта сүртіп, аспанға қарады.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – ТҮС АУҒАН ШАҚ
ДОС
жіптің бір ұшып алып жақсылап түйді. Жылтыр жіптің келесі (түйінделмеген ұшын) ұшынан тіндерін екіге бөліп ажыратты.
Екіге ажырап ұзарған жіптің түйілген жерін қолымен күштеп, тартқылап мықтылығын тексерді.
ДОС - ПІРЕС
Жерде жалпағынан жатқан пірестің шетін көтеріп, астынан жіпті өткізді. Піресті орап, ораған жіпті қыса тартып, тізесімен басып отырып байлады. Түйіп байлаған тұста жіптің екі басы салбырап бос қалды. Жіптің астынан қолын тығып көтеріп, бостау екенін көрді.
Қарыстай таяқша тауып, піресті байлаған жіптің астына салып, тартып бұрады. Беріктігіне көз жеткізген соң таяқ ағытылып, босап қалмас үшін, бос қалған жіптің артылып қалған ұштарымен жіпке жапсыра шандып бекітті.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Нығыздалған пірестің бір басын көтеріп, жіптен тартып сүйремекші еді, ауырған қолдарынан қабағын шытып тоқтады.
Алақандарын ашып қарағанда тағы да саусақтарынан шыш-шып қан білініп тұрды.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Тік тұрған күй көйлегінің екі жеңін кезек-кезек, бірінен соң бірін күшпен төмен қарай тартып, дар-дар айырып бөліп алды. Бөлінген жеңдерді жылтыр жіптердің астынан өткізіп, ұштарын байлап, түйіп ұстауға ыңғайлады.
НАТ. СОҚПАҚ ЖОЛ – КҮН ЕҢКЕЙГЕН МЕЗГІЛ
Ендігі жол ашық еді. Дос бетін Піреске берген күйі тоқтамастан тартып отырып Құдықтың басынан бірақ шықты.
НАТ. ҚҰДЫҚТЫҢ БАСЫ – КҮН ЕҢКЕЙГЕН МЕЗГІЛ
ДОС
ортан белінен келетін су құйылған семент науаның жанына келіп, тоқтады.
Пірестен қолдарын босатып, бойын тіктеп тұрды.
Шаршап әлсізденген аяқтары өзіне бағынбай, бір сәт дірілдеп кетті.
Ақырын жылжып, аяғын санап басып науаның шетіне отыра кетті.
Құдықтың басындағы кәрі жиденің түбінде күйіс қайырып, ырсылдай демалып дәу ӨГІЗ жатыр.
НАТ. ҚҰДЫҚТЫҢ БАСЫ – АРЫ ҚАРАЙ
ДОС
басын төмен салып, науадағы тұп-тұнық суға үңіле ұзақ қарады. Су бетіне түскен бет-бейнесі бұлдырап, дірілдеп дұрыс көрінбеді. Басын көтеріп көк аспанға қарады.
НАУА
Науадағы тынық суға қолын салып еді, саусақтарының арасынан шым-шымдап қызғылт бояу көтерілді.
ДОС
бір сәт көзі жұмылып қалғып кетті...
НАТ. ҚҰДЫҚТЫҢ БАСЫ – КҮН ЕҢКЕЙГЕН МЕЗГІЛ – ДОСТЫҢ ТҮСІ
Өгіз орнынан көтеріліпті.
Тілімен қос танауын кезек жалап, шаң басып жатқан Піреске жақындап келеді.
Дос жанұшырып Піресті өзіне қарай тартып тікесінен тұрғызып алды.
Өгіз ентелеп, өңмеңдеп Піреске тұмсығын созады.
Бұл жерді тепсініп, АЙҚАЙЛАЙДЫ. Бірақ ДАУСЫ ШЫҚПАЙДЫ.
Өгіз Піреске ауыз салды. Піресті сілкіп-сілкіп бір уысын жұлып алды.
Бұл айқайлап, айнала жүгіреді. Тағы да Даусы шықпайды.
Пірес шашылып қалыпты... Өгіз жоңышқаны күйсеп тұр.
ДОС СЕЛК ЕТІП КӨЗІН АШЫП АЛДЫ.
Жиденің түбінде көлеңкелеп жатқан Өгізге қарады.
Күйіс қайырған Өгіз жайбарақат жатыр.
Піресіне қарады. Орнында жатыр.
Қайтадан Өгізге қарағанда, оның түрі Досқа күдікті көрінді. Жас жоңышқа пірестің исіне елтіп, қызыға қарайтын сияқты ма?!
Тез орнынан тұрып, Өгізден көзін айырмай, піресті науаға қарай тартып жақындатып, тікесінен тұрғызып қойды. Шаңмен ақ түске енген Пірес тіп-тік болып қақайып тұрды.
ДОС - АРЫ ҚАРАЙ
Өгізге қарап алып, аулақта жатқан ілгек сырықты ДЫРЫЛДАТА сүйреп әкеліп, жанына тастады.
ӨГІЗ
күйісін бірқалыпты жалғастырады.
НАТ. ҚҰДЫҚТЫҢ БАСЫ – АРЫ ҚАРАЙ
Дос науаның үстінде дамылдап отырып, алақанын жазып жіп қиған орындарды тағы қарады.
СЕЙІТХАННЫҢ ДАУСЫ (КС)
ДОС!
Дос дауысқа басын көтеріп қарады. Жақындап келген Сейітқанды көрді. Бұл орнынан тұрды.
Биік бойлы, кең иықты ағасы, басына ақ кепкіні жарастырып киіпті. Кепкінің астынан қап-қара қайратты шаштары жылтырап көрінеді. Жеңін түріп қойған білектері келсаптай.
СЕЙІТХАН
(жайбарақат)
Келдің бе, көп жүрдің ғой.
СЕЙІТХАННЫҢ КӨЗІМЕН
Жайбарақат сөйлеген болып тұрып өзі аппақ болып тікейген піреске, пірестің жіптеріне байланған көйлектің жеңдеріне, Достың үстіндегі жеңсіз көйлекке, тырналған, сызылған бет-жүзіне, шаң басып кірлеген үстіне, білектеріне қарап тұрды.
ДОС
жауап қатпастан қолдарын созып, алақанын ашып жіп қиып, тілім -тілім болып қанталап тұрған жарақаттарын көрсетті.
Сосын көмек күткендей мойнын бұрып піресіне қарады.
СЕЙІТХАН
Достың ашқан алақандарға қараса да мән бермеген сыңай танытты.
СЕЙІТХАН
Жарайсың! Келіп қалыпсың
ғой.
Осы сөздерді айтты да, Сейітхан ағасы бұрылып кете барды.
ДОС
ағасының артынан Состиып қарап тұрып қалды.
Алшаң басып үйге қарай кетіп бара жатқан Сейітханның өңінде асқан РИЗАШЫЛЫҚ пен АҚСИҒАН күлкі тұрды.
ДОС
иек астында талдары мен төбесі көрініп тұрған үй жаққа қарады. Жанары жайнап, ернін жымқырды.
Көзінен ашудың, ерекше тәуекелдің, жеңіске, жеңуге ынтығудың нышаны байқалды.
Тік тұрған Піресті ыңғайлап, мығымдап, салмақтап ұстады.
ДОС – АРЫ ҚАРАЙ
Піреске жабысып алып, арқасын алға беріп еңкеңдеген күйі жөнеп берді. Бұл жолы ерекше жігермен, соңғы күшін сарқа тартты.
Шаң басқан тақыр жолмен зауылдатып тартып бара жатқанда артынан шаң көтерілді.
Үйдің маңайына келгенде күшігі шықты арсалаңдап. Мұның алды -артына шығып жарыса жүрді.
НАТ. ҮЙ – ҚОРАЖАЙ – КҮН ЕҢКЕЙГЕН МЕЗГІЛ
Төбесіне таудай пірес маясы үйілген қораның есігіне жақындаған тұста жүрісін баяулатып, еңсесін тіктеп, піресті өзіне жақындата көтере тартып, шалқалай жүрді.
Пірестің басы биіктей көтеріліп, соңғы қадамдарды еңкеймей артпен еркін адымдады.
Уәли Ақсақал қораның алдында күтіп екен.
Дос қораның шарбақ есігінің алдына келіп тоқтады. Піресті тіктеп тұрғызып қойды да, кідірместен үйге қарай тартты.
Атасының ризашылықпен дауыстай айтқан сөзі соңынан қуалай құлағына анық жетіп жатты.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Әп, бәрекелді, азаматым!
Уәли ақсақал тік тұрған Аппақ Піресті жібінен (жеңдерден) ұстап тік көтеріп алды.
УӘЛИ АҚСАҚАЛ
Ия, Пірім!
Піресті көтерген күйі есігі ашық қораның ішіне әкеп ДІК еткізіп қойды.
Қарияның жүзі де БОЙЫН БУҒАН РИЗАШЫЛЫҚТАН күлімдеп тұрды.
Бастырма қораның төбесінде тау болып үйілген жоңышқа пірес Маясы биіктеп көрінеді.
НАТ. ҮЙ – ЕСІК АЛДЫ – СӘЛДЕН СОҢ
Талдың көлеңкесіндегі бәкене орындыққа отырған Дос, аяғындағы аппақ шаң басқан етіктерін кезекпен суырып ЛАҚТЫРДЫ.
Лақтырған етіктер бірінен соң бірі қатардағы талдың түбіне қалықтап барып ТАРС-ТҰРС құлады.
Жалаң аяқтарын алға созып жіберіп, шалқайып, арқасын талдың діңіне сүйеп, көзін жұмды.
Кесеге толтырып айран құйып әкелген әжесі талға сүйеніп көзін жұмған немересіне жанашырлықпен, мейірін төге қарап тұрды.
СОҢЫ