Жылдың үздік прозасы
862

Қош...

Ол жанын қоярға жер таба алар емес. Қолын бір сілтеп тұрып кетер шамасы тағы жоқ. Үшеуінің бейнесі кезек алмасып, көз алдына келген сайын демі жетпей қыстыға түседі...

         Қара суығы сүйегіңнен өтетін, кейде жапырағы толық түсіп болмаған тал-теректі соңғы жылуына шомылдырып, айналаны маужыратып қоятын қараша айында Қадір досы дүниеге келген. Студент үшін бұл таптырмас себеп емес пе? Абай мен Шапаев көшелерінің қиылысындағы төртінші жатақханадан Жәудірді алып, Мұхит көк базарға қарай тартты. Бұған дейін де талай бас қосқан кафелерінде үш қыз, үш жігіт тойды бастап кеткен екен, жаңа қонақтар үшін Қадір бәрін қайта таныстырып шықты. Үш қыз биология факультетінің студенттері, екі жігіт осы базардағы тексерушілер екен. «Түсінікті. Досы сияқты ақша бопсалаушылар»,  — деді ішінен Мұхит.

         — Ал, мынау менің бала күннен бірге өскен досым — Мұхит! Осы қалада тағы бір досым бар еді, құттықтауға жарамады, ит...

         —  Жарайды, қайтесің?.. — деді Мұхит.

         —  Жанындағы...

         —  Жәудір!

         — Аа, иә, Жәудір! Сонымен, бастайық. Бір-бірімізден қысылмаймыз, емін-еркін ішіп-жейміз! Бүгін не істейміз десеңдер де рұқсат!

         Дуылдай орнынан тұрған жастар стақан соғыстырып, бір-біріне басыртқы ұсынып, абыр-сабыр болып жатқанда орнына енді жайғасқан Мұхиттың құлағына: «Сен ішпеуші едің ғой?» — деп сыбырлады Жәудір. «Бүгін болады. Алаңдама», — деді ол. Танысқандарына көп болмаған, алғашқы күні-ақ ернінен сүйіп алған, «Оқуымды аяқтағанша махаббат, ғашықтық дегенді ойламаймын» деген шешімін тас-талқан еткен жігіттің жанында отыра бере ме, троллейбус тоқтап қалмай тұрғанда бөлмесіне жетіп алғаны жөн бе? Қалайын десе, сүзетін бұқадай көздері қанталаған қазанбас үш жігіттің өңі сұсты. Кетейін десе, еріп келген жігіті тым сабырлы, тым жайбарақат. Өзінен бір курс төмен оқитын болып шыққан үш қыз бәрімен ертеден таныс па, шараптан ұрттап, әңгімеге ынты-шынтыларымен араласып отыр. Осындай ырду-дырдумен арада екі-үш сағат өткенде Қадір:

         — Бүгін ешкім ешқайда кетпейді. Бәріміз пәтерге барамыз, сендер үшін жайылған дастарқан күтіп тұр, — деді.

         Мүмкін  оңтайлы тұс осы шығар деп: «Біз жүре берейікші», — деді Жәудір. «Қадірден ұят болады. Сәл шыдайық», — деді Мұхит. «Жатақхана жабылып қалады ғой». «Далаға қонсақ та жанымда бол! Онсыз да Беріктің келмегеніне ренжіп отыр, біз кетіп қалсақ, жанындағылардың табасына қалар». Осымен сөз тәмам болып, екі-екіден жұптасқан топтың артынан бұлар да баяу аяңдады. Жылы жерден шыққан Жәудір бойын тоңазытқан суыққа шыдамай Мұхитқа тығыла түскен. Пәтер көп алыс емес екен, Абылайхан даңғылының бойындағы үйлердің төртінші қабатындағы үш бөлме — хан сарайындай. Рас, темекінің, аздап қолаңса мен тердің иісі білінеді. Мүмкін бұл ішімдік ішпеген Жәудірге ғана білінген болар, қалғаны сырт киімдерін диванға лақтыра-лақтыра салып, қолдарын жумастан үстелге жайғасты. Түрлі тілектің, әр бағыттағы әңгіменің соңы кафеден кәдімгідей қызып шыққан жастардың әр кездегі ерліктеріне ұласты. «Мен өткенде ет сататын жақта кісі болып жүретін Ермек братанды бауыздап тастай жаздадым. Қашып әрең құтылды, содан бері базарға жолаған емес», — деді құлағы мыж-тыж қара. «Ол ештеңе емес, өткенде «Саяхаттың» жігіттерін пистолетпен қуғанымызды айтсаңшы»,  — деді екінші қара. «Иә, иә. Бет-бетімен кетті ғой». Әр сөзге бәрі дуылдай күледі. «Күлдіргі әңгіме айтып отырғандай бұлары несі?» деп ойлады Жәудір. «Менің ағам да спортсмен, денешынықтыру институтын бітірген», — деді осы кезде бір қыз. «Қашан бітірді?» «Былтыр». «Кім деген? Қай жақтан? Ол жерде оқитын дұрыс жігіттердің бәрін білеміз ғой біз». Қыз айтқан оқу орнының атын, факультетті мазаққа айналдырған жігіттер даурығып үйді бастарына көтеріп жіберді.

         — Мақтаншақтар, — деді қыз. — Қазір ағаларымды ертіп келсем, бұттарыңа жіберіп қоясыңдар ғой.

         — Кіміңді ертіп келсең де бәрібір. Шақыршы ал, — деді бірінші қара.

         — Өзіңмен қосып қойып сорлатамыз, — деп қарқылдай күлді екіншісі.

         — Жігіттер, қыздар, қане, басқа тақырыпқа ауысайық. Мен үшін тынышталыңдаршы, — деді Қадір, масаң тартқан жүзін қалпына келтіргісі келді ме, екі бетін кезек шапақтап.

         — Алдымен достарыңа ие бол!

         — Ие болатындай біз саған малмыз ба?

         — Малдан ары болып кеттіңдер ғой, ауыздарыңа келгенді айтып!

         Осы кезде терезе жақта отырған дәу қара дастарқанда тұрған арақты алып жылу құбырына бір ұрып шақты да қолында қалған жартысын қыздың бетіне тақады.

         — Сен бізді мал дедің бе?

         Үш қыз шырқырап бұрышқа тығылғанда Қадір мен Мұхит екі жақтап дәу қарадан бөтелкенің сынығын алды. «Мына жерді сыпырып алыңдаршы, біреудің табанына кірер, — деп, өздері балконға шығып кеткен жігіттер көп ұзамай қайта оралды да, дәу қара қыздарға қолын созды: «Кешіріңіздер, менікі дұрыс болмапты». Үркектей басып жақындаған жаңағы қыз да: «Мен де қызбаланып кетіппін, айып етпеңіздер», — деді.

         — Міне, енді бәрі жөнге келді. Ренжіспей тату-тәтті отырайық, ертең естіген елден ұят емес пе? Қане, стақандарыңды ұстаңдар, — деп, Қадір қайтадан орнына жайғасқанда...

         — Мен жалығып кеттім, — деді Жәудір.

         — Онда оңашаға шығайық, — деген  Мұхит: — Жігіттер, қыздар, рұқсат болса, біз сәл тынығып алайық, — деп орнынан тұрды.

         — Әй, жастар-ай, шыдамай бара жатырсыңдар, ә? — деген Қадірдің сөзін іліп әкетіп бәрі тағы дарылдай күліп жатты.

         Оңаша жатын бөлмеге кірген бойда өз үйінде жүргендей Мұхит жейдесі мен шалбарын шешіп тастады. «Мұның не?» «Ыстықтап кеттім, оның үстіне, қыры сынбасын дегенім ғой». «Біреу кіріп қалса ше?» «Кім кіреді? Алаңдасаң, кілттей салайын». Ол барып есікті ішінен бекітті де қызды бауырына тартты. Ұзақ құшақтап тұрды, маңдайынан, бетінен, тағы да ернінен, бұл жолы ұзақ сүйді. Құрбыларынан естігені болмаса, мұндайдан мүлде хабары жоқ Жәудір талықсып бара жатты. Жігіттің кереуетке әкелгеніне, өзімен бірге қисайғанына, өрекпіген кеудесін бар салмағымен жаныштай құлағанына назар аударар шамасы қалмағандай. Тұлабойын балқытқан өзгеше сезім қаншаға созылғанын бағамдап үлгермеді, келесі бөлмеден тағы шу шықты. Қыздар бақырды, әсіресе біреуінің дауысы ерекше ащы екен. Ыдыс сынды ма, үстел құлады ма, жігіттер өзара, әлде қыздармен боқтасты ма, у-шу. Бұл лезде бойын жиып алғанымен Мұхит ештеңеге көңіл аударар емес. Осы кезде шыңғырып келген бір қыз бұлардың есігін дамылсыз соға бастады. «Ашыңдар есікті, қалай шыдап жатсыңдар?»

         — Қанды ішті-ау мыналар, — деді Мұхит. — Сен алаңдамай жата бер, мен қазір.

         — Киіміңді кисеңші, — деген Жәудірдің сөзін елең қылмастан есікті жұлқа ашқан Мұхит:

         — Ит екенсіңдер ғой, — деп айғай салды. Алдында тұрған қызды итеріп жіберіп, — Айналдырған алтауың дұрыстап отыра алмайсыңдар ма? Қадір, кімдермен араласып жүрсің, кімдерді шақырғансың? Қадірің қалмаған ба расымен?

         — Өй, сен кімсің, ей, бізге өйтіп сөйлейтін? — деп, дәу қара ұмтылып еді, Қадір қолынан ұстап артқа қарай сілкіп қалды.

         — Не болған мыналардың түрлеріне? Жәймен сөйлесуге болмай ма? Әлде ертең сотталып кеткелі жүрсіңдер ме?

         — Сотталады. Көресіңдер осыдан! — деді мана дастарқанда шатақтасқан қыз. Бірдеңе тиген бе, жығылған ба, шекесінен аққан қан сулықтың сыртына шығып кетіпті.

         — Өз аяқтарыңмен келіп алып сендер неменеге әртіс болып жүрсіңдер? Киініңдер де жоғалыңдар!

         — Анау алдымен киімдерімізді берсін, есікті ішінен жауып алып бізді шығармай жатыр, — деді екінші қыз. Оның жейдесі жыртылыпты. Үшеуі қасқырдан үріккен қойдай сыртқы есікке арқаларын беріп,бір-біріне тығылысып алған.

         — Бір қыздың тілін таба алмай жұдырықпен қорқытпақсыңдар ма? Бер киімдерін!

         — Сен кімсің, ей, бізге бұйрық беретін? — деді дәу қара тағы да алға ұмтылып.

         — Тыныш! — деді Қадір.

         Мұхит состиып тұрған үш жігітті киіп өтіп диванда жатқан киімдерді алды да қыздарға қарай лақтырып жіберді.

         — Кілт қайда?

         Екінші қара қалтасынан кілтті алды.

         — Ақыры адам сияқты отыра алмайды екенсіңдер, біріңді бірің өлтіріп қоймай тұрғанда қайқайыңдар, — деп, асығыс киініп жатқан үш қызды итеріп шығарып жіберді. — Қадір-ау, бала болып кеттіңдер ме?

         — Ой, әкесінің, қойшы болды. Жүр, жүз грамм тартып жіберейік.

         Төртеуі дастарқан басына қайта келіп жайғасты.

         — Анау менің бір жылдан бері ертіп жүрген қызым ғой, ақшасы таусылса, жүгіріп келетін. Екіншісін мынау айналдырып жүрген.

         — Бағана шу шығарғаны ше?

         — Онымен бүгін ғана таныстық. Тып-тыныш жатып қалайық десек, кетем-кетем деп екі қызды айнытып.

         — Мен бұлай тып-тыныш жата алмаймын, ей, — деді дәу қара.

         — Енді не істемексің?

         —Көшеден болса да қыз әкелейік! Сағат жаңадан он екіден кетті, мұнда босқа не істейміз?

         — Мен бармаймын, ұйықтаймын, — деді екінші қара.

         — Мұха, онда өздерің отыра беріңдер, біз қазір келеміз. Айтпақшы, қызың ренжіп жатқан жоқ па? — деді Қадір Мұхитты құшақтап.

         — Жоға, бәрі дұрыс!

         Екі жігіт шығып кеткен соң Мұхит бөлмеге келді. Жәудір төсектің шетінде отыр екен, сырт киімін киіп алыпты. «Қайда жиналдың?» «Кетейікші!» «Бәрі ретке келді. Қыздар жатақханасына қайтты. Жігіттер өздерімен-өздері. Енді қорқатын ештеңе жоқ әрі жарым түнде қайда барамыз?» Жігіт қызды қайта шешіндіріп, төсекке жантайды. «Бұларды бұрыннан танисың ба?» «Бағана Қадір айтты ғой, біз кішкентайымыздан үш бала бірге өстік. Ауылдағы тентек балалар не істейді, әй, соның бәрін артығымен істедік-ау, шамасы. «Мына жүрістеріңмен ажалдарың кісі қолынан болады-ау», — дейтін Беріктің шешесі. Қадірдің әкесі: «Ауылды өртеп жібермей тұрғанда қалаға кеткендерің абырой  болды», — деуші еді. Мен ғой оқуға түсіп, бұлардан аз да болса қол үздім. Қадір  мен Берік әлі басылар емес. Қалған екі жігітпен базарға барғанда амандасқанымыз болмаса, бүгін ғана дастарқандас болып отырмын». «Түрлері неткен суық». «Сол түрлері ғой оларға ақша тауып беріп жүрген». «Саған боқтық сөз мүлде жараспайды екен». «Мұндай ортада өйтіп сөйлемесең, сөз ұқпайды. Мәдени сөйлейтіндері, сөз түсінетіндері бұлардан жоғары отырғандары ғой».

         Сыртқы есіктің ашылғаны, екі жігіттің дарылдай күлгені, сөйлегені жұқа қабырғадан анық естіліп тұр. «Қыздың даусы шыққандай болды. Жаңағылар емес пе?» — деді Жәудір. «Олар енді келе қоймас, бірінің басы жарылыпты, екіншісінің киімі жыртылған». «Зорламақ болған ба сонда?» «Білмеймін ғой, өзі есіктің қырына соғып алды дейді». «Масқара, қайда тап болдық?» «Уайымдама, бәрі дұрыс!» «Мен шөлдедім». «Қазір әкеліп берем. Кім келгенін де көре қайтайын». Мұхит орнынан тұрып, дастарқан жасалған бөлмеге өтті. Екі қара ішіп отыр екен. «Қадір кіріп кетті ме?» «Иә». «Біреу-ақ әкелдіңдер ме?» «Табылғаны сол болды». «Кезектің соңы кім?» «Мә, бауырым, сенің орныңда болсам, жанымда анандай қыз жүрсе, мынандай жерден мың шақырым аулақ жүрер едім», — деді екінші қара. «Мен досымды құттықтауға келдім». «Жалпы,  кезектің соңы кім дегеніңе айтқаным ғой». «Аа, ол қалжың ғой. Су алып кетейін, қандай қыз келді екен көрейін деп шықтым», — деп күлген Мұхит екінші жатын бөлменің есігін ашты. «Жап, ей, әкеңнің». «Оу, мен ғой, не болды сонша айғайлап?» «Кет, әкеңнің. Саған өстіп кіріп барса, жақсы ма?» «Болды, болды, шықтым. Талғамыңды көрейін дегенім ғой». Алақандарын сарт соққан достардың бірі жарықты сөндіріп іште қалып, екіншісі суын көтеріп бөлмесіне кетті. «Қанша қыз келіпті?» «Біреу-ақ». «Не жеп шөлдедім?» «Мені айтсаңшы, саған неге сонша шөлдедім?» «Өтірік!» «Не өтірік?» «Менімен танысар күні сен отырысқа басқа қызбен келдің емес пе?» «Дос қыздар ғой». «Қойшы, соңыңнан қалмай қайта-қайта жабысып жүр едіңдер ғой». «Есесіне, мен сені таңдадым. Тура сол күні таңда автобусқа мінерде ерніңнен сүйгенім есіңде шығар?» «Мен байқамай қалдым». «Байқамасаң да қарсы болмадың». «Сасқалақтап қалдым, аялдамадағы адамдардан қысылып».

         Осы кезде көрші бөлмеден үшінші адамды өте ыңғайсыз жағдайға қалдыратын дауыс шыға бастады. «Мә, мені сыйласаң, кетейікші бұл жерден! Мынау енді шектен шығу ғой», — деді Жәудір, танысқалы бірінші рет Мұхиттың  кеудесінен итеріп. «Жарайды, киінейік». Екеуі жарықты жағып, киім-кешектерін түгендеп алған соң ешкіммен қоштаспастан сыртқа беттеді. Шаруасын аяқтады ма, әлде кетіп бара жатқандарын естіп қалды ма, Қадір қуа шығыпты. Жалаң кеудесімен баспалдақтың сүйеуішіне артылып, төмен түсіп бара жатқан бұлардың артынан:

         — Мұхит, қайда бара жатырсыңдар? — деді дауыстап.

         — Біз қайтайық. Кеш болып кетті.

         — Жарым түнде қаңғымай жата салсаңдаршы. Сендерге ешкім тиісіп жатқан жоқ қой.

         — Рақмет көңіліңе. Ертең сабақ. Бөлмеге барып демалайық.

         — Ақшаң бар ма?

         — Бар.

         — Мынаны да алып алшы, артық болмайды.

         — Керегі жоқ деймін.

         — Ренжіп бара жатсың иә?

         —Жоға, жынды ма? Ал, сау бол!

         Дәлізді басына көтере жауаптасқан екеу осылай қоштасты. Бұлар далаға шыққанда көшеде ешкім жоқ еді. Үлкен көшенің өзінен көлік сирек өтіп жатыр. «Енді не істейміз?» — деді Жәудір. «Сен біздің үшіншімен де танысып үлгеретін сияқтысың бүгін», — деп күлді Мұхит. «Бағана айтқан Берік деген достарыңмен  бе?» «Тап өзі! Арамызда үйі бары сол ғана. Не де болса, сонда барып жығылайық». «Ұят емес пе жарым түнде?» «Еш ұяты жоқ. Әпкесі екеуі ғана тұрады. Басқа барар жеріміз бар ма?» Мұхит қалтасындағы бар ақшаға Бірінші вокзал жақтағы досының үйіне такси ұстады. Далада жаурап біраз тұрып қалған жастар көліктің артында біріне бірі тығыла түсіп, ойларына ерік берген. «Жаңа үйде өзге ешкім болмаса, қарсы болмас па еді?» дейді жігіттің ойы. «Екінші рет кездесе салып, мына жүрісіме жол болсын. Не ойлады екен мен туралы?» дейді қыз ойы. «Сүйісе алмайды. Денесіне қол тимеген. Дірілдеп, өзінен-өзі шошынып тұр. «Ернімнен алғаш сүйген сен», — дегені рас-ау». «Өткенде бір қызбен келді. Достары тым біртүрлі. Бұл өзі не қылған адам?» Оймен айтысқан екеу діттеген жерлерінен түсіп, аласа шарбақпен қоршалған жер үйдің алдына келді. «Сен осында тұра тұр, мен терезесін қағайын», — деген Мұхит қақпадан  секіріп түсіп көрінбей кетті. Сәлден соң дәліздің жарығы жанды. Кеудесіне ақ желең жамылған толықша жігіт сыртқа шығып, екеуі құшақтаса амандасты. Түрлері анық көрінбегенімен дауыстары тымық түнде жақсы естіліп тұр. «Мә, ауылдан әке-шешем, туыстар келген. Өзіміз сыймай жатырмыз», — дейді ол.  «Далада қалдық. Дәлізге болса да бірдеңе төсеп бер», — дейді Мұхит. «Жалғыз  болсаң, бір жөн. Әке-шешеме жанындағы кім деп айтам? Сенің үйленбегеніңді бәрі біледі, ертең өсекке қаласың ғой, досым». «Онда қайтар жолға ақша тауып бер. Жатақхана ашылғанша далада жүрсек те өлмеспіз». «Қазір». Мұхиттың досы ішке кіріп кетті де көп айналмай қайта шықты. «Мә, Мұха, сенен қатты ұят болды». «Ақша жоқ демеші енді». «Бар ғой. Бірақ бүтін екі мыңдық қана екен. Оны қалай берем деп әпкем ренжіп жатыр». «Ой, саған сеніп келсем», — деп, Мұхит қақпаға қарай тартты. «Олай сөйлемесеңші, ей, мені де  түсінсеңші, ей», — деп соңынан ерген досына мойын бұрмастан қақпаны тарс еткізген Мұхит: «Кеттік», —  деген жалғыз ауыз сөз айтып жүріп кетті. «Екі  мыңдықтың енді шығып жатқаны, әлі көпшіліктің қолына тие қоймағаны рас. Бірақ бөтен емес қой. «Түн ортасында қысылып қалыпсың, таксиден қалғанын ертең әкеліп бер» десе, мен бір жаққа қашып кете ме?»

         — Ендігі жоспарымыз қандай? — деді қатарласа берген Жәудір.

         — Құдай екі аяққа күш-қуат берсін, — деді Мұхит.

         — Ақша алмай студенттік билетпен шығып кетіп ем...

         — И, күнім, неге өйттің?

         — Білмедім ғой.

         — Мен де білмедім. Талайдан сырғақтап, Қадір екеумізден бойын алып қашып жүр еді, бүгін шын бейнесін көрсетті. Әке-шешеңе сәлем берем деп үйіне кіріп барсам да болатын еді, қойшы дедім.

         — Расымен-ақ, екі мыңнан басқа ақшалары болмай қалған шығар.

         — Мүмкін...

         — Бағана Қадір берем деп тұрғанда неге алмадың?

         — Бұлай боларын кім ойлаған, осында қонамыз деп сенімді келдім ғой. Тоңған жоқсың ба?

         — Жоқ.

         Олар көше бойлап орталыққа қарай жүріп келеді. Кей көшеде жарық мүлде жоқ. Жандарынан өткен бір-екі көлікке қол көтеріп көрген, аялдамады. Шағын көшелерді жалғап жатқан үлкен даңғылға жақындап қалғанда, «Оу, бауырым!» — деген дауыс шықты. Оқыстан шыққан дауысқа селк ете қалған екеуі жалт қарап еді, теректер арасынан екі жігіт шығып келеді екен. «Сен алдыға жүре бер», — деді Мұхит. «Сен ше?» «Мен қуып жетем. Ана үлкен  көшеге қарай тарт». «Сенсіз кетпеймін». «Туу, қуып жетем деймін», — деген Мұхит қалтасындағы бәкісін бір сипап қойып Жәудірден екі-үш адым кері шегінді.

         — Қайдан келесіңдер? — деді амандықтан кейін қасқабас аласа бойлысы.

         — Досымның үйінен.

         — Қайда бет алдыңдар?

         — Жатақханаға...

         — Мүмкін қонақ үйге шығар?

         — Рас айтам, жатақханаға бара жатырмыз.

         — Қай жердегі?

         — Абай мен Шапаевтың қиылысындағы.

         — Сол жерде оқисыңдар ма?

         — Қызым сонда оқиды. Өзім ҚазҰУдемін.

         — Аа, қызың ба? Жөн, жөн! Темекің бар ма?

         — Жоқ, шекпеймін.

         — Сонда мына жақтан орталыққа жаяу бармақсыңдар ма?

         — Амал қанша? Ақшамыз таусылып қалды.

         — Ақшаң жоқ екенін әдемі жеткіздің, бауырым. Дұрыс! Онда түнгі үште не түлен түртті досыңның үйіне қона салмай?

         — Қонағы бар екен...

         — Қонағы бар емес, саған деген пейілі жоқ-ау!

         — Ол да мүмкін...

         — Мүмкін емес, тап солай! Пейілі болса, қызыңмен далада қаңғытпай өз орнына болса да жатқызар еді. Сен біздің заманның қандай болғанын білесің бе?

         — Жоқ...

         — Біздің заманда қызбен келе жатқан жігітке ешқашан тиіспейтін. Жалғызға шиебөріше жабылмайтын. Досын өмірі жолға тастамайтын. Қазір сендерде ешқандай жігіттік жоқ. Міне, мына жүрісің соның бір дәлелі! Ал енді бар, қызың жаурап қалды.

         — Рақмет, сау болыңыздар!

         Жүрегі дүрсілдеп жүгіріп келе жатқан Мұхит артына қарамауға, тезірек алыстап кетуге тырысты. Жәудірді асығыс қолтықтап сүйрегендей дедектете жөнелді. «Олар жаңағы орнында әлі тұр ғой», — деді қыз. «Қуа қоймас», — деді жігіт. «Не дейді?» «Қонақ үй іздеп жүрсіңдер ме?» — дейді». «Оны бізге кім  береді демедің бе?» Екеуі сықылықтай күлді де «Біткен жеріміз осы болды-ау» деп ойлаған маңнан аман-сау ұзай берді. Титықтап, аяқтары талып, қажалып, ауыздары құрғап жатақханаға жеткенде сағат таңғы жетіден асқан еді.

         — Ішке кірейік, астына өзім айтам. Күндіз кіргізеді ғой, — деді қыз.

         — Жоқ, не де болса бөлмеге барып бір-ақ құлайын, — деді жігіт.

         — Ең болмаса, су ішіп алсаңшы. Қаталап қалдық қой.

         — Кірсем, шыққым келмей қалар. Кетейін.

         — Шыққың келмесе, демалып аласың. Сәлден кейін қыздар сабағына кетеді емес пе?

         — Сен ше?

         — Оқудан шығарып жіберем десе де бүгін барар шамам жоқ, — деп күлді қыз.

         — Онда алаңсыз демала ғой. Саған қатты ризамын, — деп, жігіт қыздың бетінен сүйді де жүріп кетті. Бұрылысқа жеткенде артына қарап еді, Жәудір әлі сол орнында тұр екен. Мұхиттың бұрылғанын көріп, жылдам басып ішке беттеді.

         Арада үш-төрт күн өткенде Мұхит Қадірді іздеп барды. Туған күннің соңы не болғанын білмек, сыралатып біраз отырмақ. «Үш жігіт ауруханада жатыр», — деді, Қадірлермен бірге жүретін, алғашқы ұшырасқан жігіт.  «Ауруханада жатқаны несі?» «Кім біледі? Біреулермен байланысқан ба, оңдырмапты». «Қай аурухана?» «Қаскелеңдегі». Мекен-жайын толық жазып алған Мұхит салып-ұрып Қадір жатқан екі кісілік палатадан бір-ақ шықты. «А-а, келдің бе?» — деп, күле қарсы алды ол. Жанында жасы үлкен бір кісі бар екен. Аласа үстелде ашылған коньяк, шоколад, тауық еті мен нан жатыр. Сөзге келмей бір-бір стақаннан тартып алған соң: «Кімдермен ілінісіп жүрсіңдер, сол түні болған жағдай ма?» — деді Мұхит. «Иә, сол түні. Сен боқтап шығарып жіберген үш қыз есіңде ме?» «Не болды?» «Сендер кеткен соң бір сағат болды ма, болмады ма, есік қағылды. «Е, Мұхиттар қайтып келген екен ғой» деп, алаңсыз барып ашып қалсам, көзім жарқ ете қалды. Он шақты жігіт-ау деймін, үшеуміздің басымызға секірді ғой». «Оһ, әкеңнің. Сонда аналардың ағалары болды ғой». «Кім біледі? Ағалары ма, байлары ма? Ана қыздың тым шәңкілдеп отырғаны ұнамап еді»... «Мұнда қайдан тап болдыңдар?» «Есімізді жиып пәтерді беретін қатынның үйіне звондадық. Ол жігіттерді шақырып келді. Жігіттер осы жерді тауыпты. Содан сүйектің сырқырағаны білінбесін деп, коньяктан ұрттап қойып жатырмыз». «Кімдер екені анықталды ма?» «Анықталады ғой, қайда барады? Әбден жазылып шыққанша қоя тұрыңдар дедім. Сосын дұрыстап сөйлесеміз ғой». «Ана екеуі қайда?» «Біреуі жансақтау бөлімінде деп еді, кеше палатаға шығарыпты. Екіншісі келесіде жатыр». Мұхит коньяк құйды: «Мынауыңа ешкім ештеңе демей ме?» «Ой, ақшасын берсең, системамен құяйын деп тұр ғой». Екеуі бір күліп алды да стақан соғыстырды. «Бүгін сәрсенбі ме, айтуларына қарағанда, келесі апта мені шығарады. Көлік тауып, Берік екеуің әкетсеңдер. Өзіме-өзім келіп алғанша жігіттер қайда орналасқанымды білмей-ақ қойсын. Ұят шығар». «Болды, ол жағын реттейміз ғой». Біраз отырған соң Мұхит қалаға келіп, Берікке жолықты. «Өткендегіге ренжіме. Расымен үйде ине шаншар жер болмады». «Екі мың жайында мүлде ештеңе айтпай-ақ қойшы», — деді Мұхит. «Қалай жеттіңдер?» «Көріп тұрсың  ғой, аманмын». «Болды, қойшы енді. Көлікті өзім табайын. Қай жерде, қаншада жолығамыз? Соны айт». Олар уақытын белгілеген соң бұл Жәудірге тартты. «Өзім де бүгін келетін шығар деп ойлап ем»... «Түс көрдің бе?» «Жоға. Білмеймін, сондай бір сезім болды». «Сезіміңнен сол. Не істедің бүгін?» «Таңмен тұрып сабаққа бардым. Үш пардан соң қыздармен шай ішіп алып, Ұлттық кітапханада отырдым. Одан шықтым да Абайдың бойымен жатақханаға дейін жаяу келдім. Сол кезде ғой, өткенде жер-дүниені жаяу кезгеніміз есіме түсіп, «Бүгін келер ме екен?» деп ойлағаным». «Міне, келдім». «Көріп тұрмын», — деп сықылықтады қыз. «Өзің не істедің?» Мұхит бүгінгі жағдайды айтып  бергенде, «Сол кезде біз кетіп қалмасақ, не болар еді?» — деді шошына. «Сен періштесің ғой. Бізді періште қақты». «Рас айтам, қалжыңға бұрмашы». «Ойлаудың өзі қиын. Мені қойшы, достарыммен бірге қан-жоса болып жатармын есімнен танып. Одан арғысын ойлаудың өзі қорқынышты». «Енді бармаспын ондай жерлеріңе», — деді Жәудір даусы дірілдеп. «Енді өзім де  апармаспын ондай жерлерге». «Сен де бармашы, көрдің ғой не болғанын». «Мұның бәрі Қадірдің жанындағы екі топастың кесірі. Солар түзу отырса, ондай ештеңе болмайтын еді. Біз де табанымыздан тозып далада жүрмес едік. Жолда кездескен екі жігіттің өзі құдайға қараған жандар екен. Болмаса, сол жерде-ақ арандар ма едік». «Иә, құдай сақтады». «Бүгін Әуезовте «Қош, махаббат» бар екен. Көреміз бе?» «Неге «Қош, махаббатты» таңдадың?» «Мен таңдамадым, жаңа жанынан өтіп бара жатқанда байқап қалдым». «Жарайды, онда киініп шығайын. Айтпақшы, бір өтінішім бар!» «Айта ғой». «Орындайсың ғой. Ол сондай қиын да емес». «Орындасам, ол өтініш емес, бұйрық болып кетеді ғой. Алдымен айтсаңшы». «Қадірді шығарып алуға мен де барайыншы». «Онда не істейсің?» «Білмеймін, барғым келіп тұр. Қанша дәу болса да, қанша қорқынышты болса да саған бір ауыз сөйлемеді ғой. Соған қатты ішім жылып қалды». Жігіт қарқылдай күлді. «Сонда маған не істеуі керек еді?» «Жанындағы екеуін қабағымен-ақ бағып отыр». «Олар — жандайшаптар. Біз — бауырлармыз. Ұқтың ба? Ал, енді бар». «Өтінішім ше?» «Ішің жылыса, барғаның жөн. Ол да риза болып қалсын».

         Межелі күні Берік көлікті өзі айдап келді.

         — Бірге жүрген жігіт қой. «Адам санын көбейтіп қайтем?» деп, кілтті қолыма ұстатты. Оның үстіне, үйінде шаруасы бар екен.

         — Танысып қой, өткенде үйіңе кіргізбей қойған қыз — осы.

         — Мұха, бетіме баса бермеші. Қарындас, айып етпе, солай болып қалды.

         — Жоқ, еш айыбы жоқ.

         — Айыбы бар! Қазір жолдан Қадір екеумізге сыра, Жәудірге балмұздақ, әлде торт дұрыс па?

         — Жоқ, маған ештеңе керегі жоқ.

         — Сырамен, тортпен құтылсам, жазам жеңіл екен! Мен Қаскелеңнің ішін онша білмеймін, жолды айтып отырарсың.

         Үшеуі Қадірдің палатасына келіп, заттарын жинады да, медбике дайындаған қоларбаға достарын абайлап отырғызып, көлікке алып келді. Алдыңғы орындықты аяғына кедергі келмейтіндей артқа жақсылап сырғытып, дұрыстап жайғастырды. Медбикенің қалтасына әлдене салып үлгерген Берік ауруханадан сәл ұзаған соң дүкен алдына тоқтап:

         — Өмірге қайта келуіңмен, бауырым! Сыра дұрыс па, әлде жүз грамм көресіңдер ме? — деді.

         — Мына суықта жүз грамың-ақ жөн шығар.

         — Жәудір...

         — Маған ештеңе керек емес...

         — Балмұздақ жесең, мұздайсың. Торттың түрін айтшы.

         — Айт, қысылмай. Бөтен ешкім жоқ мұнда. Ертең-ақ осыларға шай құйып беріп отырасың.

         — «Снежок» деген торт ұнайды.

         — Болды, бір минут!

         Жәудірге ашылмаған тортты қасығымен, тәтті сусынымен, жігіттерге ішімдікті басыртқысымен алып келген Берік екі стақанға мелдектете құйды да: «Ал, тартып жіберіңдер. Мен үйге барған соң бір-ақ қосылайын», — деді. Бір  ащыланып алып, жолға түскен олар әр нені әңгіме қылып қалаға қарай тартып келеді. «Жалғыз көзді дию сияқты құбыжық болсаң да Жәудірге ұнап қалыпсың. «Мен де барайыншы» деп, бүгін өзіңе арнайы келді». «А-а, мына сөзің қандай жағымды. Тағы айтшы», — деп, үшеуі біраз күліп алды. «Рас, сіз  қанша мас болсаңыз да достарыңыз сияқты дарақыланбайды екенсіз». «Көп рақмет! Сендер бірдеңеге арандап қалмады ма? Бөлмелеріне жете алды ма? деп ойлап ем, кетіп қалғандарың абырой болыпты».

         — Ей, мынау қайтеді, — дегенше болған жоқ, қарсы бағыттағы жолдан бір көлік бұларға қарай ұшып келе жатты...

         ...Мұхиттың жансақтау бөлімінен палатаға шыққандағы алғашқы сауалы: «Жәудір қайда?» болды.

         — Сізге қазір ештеңе ойламау керек. Жүйкеңізге салмақ түседі.

         — Не болғанын айтыңызшы, қалған үшеуі қайда?

         — Бәрі осында. Басқа палаталарда жатыр.

         — Өтірік. Рас болса, қоларбамен болса да мені соларға апарыңызшы.

         — Сізге мүлде қозғалуға болмайды. Ештеңе ойламай демалыңыз.

         — Маған бас дәрігерді шақырыңыз.

         — Бас дәрігер бүгін жоқ.

         — Сіз кімсіз?

         — Мен кезекші дәрігермін.

         — Маған не болғанын айтып беріңізші. Еркексіз ғой.

         — Болды, демалыңыз. ертең бас дәрігер келген соң сөйлесерсіз.

         — Тоқтаңыз. Қазір бәрін айтпасаңыз, мен өзіме-өзім қол жұмсаймын. Міне, үш науқас пен медбике куә. Ертең сіз жауап беретін боласыз.

         — Бауырым, ондай қоқанлоқының талайын көргенбіз, сабырға келіп, демалыңыз.

         — Қолы істемейді деп басынып тұрған шығарсың, тіс пен тіл сау. Қара бері!

         Мұхит тілін бір қыршыды да азу тісіне сала бергенде, дәрігер жүгіріп келіп екі ұртына жармасты. «Болды, болды. Айтам бәрін». Мойыны тас болып оралған Мұхиттың аузындағы қанды медбике сүртіп алды.

         — Сендер Қаскелеңнен үлкен жолға түскенде қарсы келе жатқан машина жолдан шығып кетіпті. Қатты жылдамдықпен жүреміз деп рөлге ие бола алмай қалған-ау. Жиырмаға толмаған балалар екен, бәрі қыршын кетті.

         — Ортада жолды бөліп жатқан белдеу, ағаштар бар емес пе? Содан өтіп кеткен бе?

         — Айтып отырмын ғой, рөлге ие бола алмай қалған деп.

         — Біздікілер тірі ме?

         Дәрігер үнсіз басын шайқады.

         ...Ол жанын қоярға жер таба алар емес. Қолын бір сілтеп тұрып кетер шамасы тағы жоқ. Үшеуінің бейнесі кезек алмасып, көз алдына келген сайын демі жетпей қыстыға түседі...