Жылдың үздік прозасы
1087

Соқыр жаңбыр

     Аспанда түйір бұлт жоқ. Биікте шақырайған күн көзі күлім қағады. Аяңдап, мектептен қайтып келе жатқан бетіміз. Ап-ашық күнде жаңбыр жауады деп күте ме адам?! Көктің көзін бұлт торламай-ақ, аяқ астынан жаңбыр себелей бергені. Әуелімде сасып қалдық. Айналадан қалқа іздеп қалбалақтап, Әсел екеуміз әудем жердегі ағашқа қарай жарыса желіп кеттік те, қатар жетіп, мәуелі ағаштың түбіне тығылдық.

– Ооо, соқыр жаңбыр!

Бұл - соқыр жаңбыр! -  деп айқайлаған Айсұлу себелеп жауған жаңбырға бетін тосып, сол орнында қозғалмай тұр.

– Соқыр жаңбыры несі?- деп таңырқаған Әсел, Айсұлудың сөзін түсіне алмай, сұраулы жүзін маған бұрды.

– Иығымды қиқаң еткізе салғаным болмаса, “соқыр жаңбыр” жайынан мен де бейхабар едім. Көзіміз Айсұлуда.

˗ Соқыр жаңбыр, сен шынымен соқыр екенсің-ау! Қарашы, күн жарқырап тұр. Ал, сен себелей жауасың! Қандай сұлу едің! - деп, кеудесін кере, құшағын жайып, жүзін көкке қарата  жауынды сүйсіне тамашалайды.

Ойда жоқта тамған нәзік, жеңіл тамшылардан тапырақтай қашып, теректің бауырына тығылып қалғанымызға ұялып қалдық па, өкініп қалдық па білмейміз. Құрбымыздың шаттана шалқып тұрғанын көрген соң, қалқамыздан суырылып, кері қайттық. Шынымен керемет көрініс еді! Күннің шуағына шағылысып, жалт-жұлт еткен тамшылар өзіне тосқан алақанамызға салмақсыз қонады. Алақанымызды суға емес, нұрға толтыратындай.

– Ақ жауын, сен өңге жауындай аспанға бұлт үйірмейсің! Көкті қабартып, дүниені түнекке батырып, тұмса тіршілікті түңілтпейсің! Даланың алқымын сүйіп, гүлдердің қауызын аялайсың! Топырақтың жұпарын аңқытып, шаңын басасың! Сен, сондай сұлусың! Айсұлудың осыншама шешен тілді екенін бұрын соңды байқамаған біздер қадала, таңырқай қараймыз. Айсұлу бізді елер емес. Құдды, осынау жаһанда, мынау кең далада жалғыз өзі ғана бардай. Біздің барымыздан хабарсыз жандай, жауынға тіл қатады.

Әсел: ˗ Рас айтасың ба? Орындай ма? - деп таңырқап тұрды. Үмітке толы қарақат көздері от шашып, ойнап кетті.

Айсұлу: – Әрине, тартылыс күші дәл осы заңдылық емес пе? Біз қазір арманымызды космосқа жібереміз! - деп өз сөзін ғылыми түрде дәлелдегендей жайбарақат тұрған екеумізге қарап жымыңдады да:

– Неге үндемейсіңдер?! Кейін маған: - Айтпадың ғой!- деп ренжімеңдер! - деді.

Әсел: – Соқыр жаңбыр! Естисің бе? Менің Алматыдағы анам тезірек үй алсыншы! Біз бірге тұратын боламыз! Бұл ауылдан кетемін! Жеңгемнің балаларын бағудан да құтыламын! - деп аспанды тіліп өтердей даусымен айқайлады. Дәл қазір жауап келе қалатындай екі көзін аспаннан алмай тұрды.  Ес білгелі Әсел апасының қолында тұрып оқиды. Анасы ұсақ – түйек керегін әкеп бергені болмаса, қызын мейірімге бөлемеген. Әкесі о бастан жоқ. Бар ауыртпалықты апасы көтеріп келеді. Әселді апасы қанша аялағанымен ол басқа балалар сияқты анасымен бірге тұруды армандайтын. Жыл сайын «әне кетемін, міне кетемін» деп жүріп,  7 - сынып болғанын өзі де байқамай қалды. «Сен айт!» деп ишара білдірген Айсұлуды елемегендей алақаныма тамып жатқан жаңбыр тамшыларын санап тұра бердім. Құрбы болсақ та сабаққа келгенде екеуміз бәсекелеске айналушы едік. Ол ауызша сабақтың шебері болса, мен есепке жүйрік болдым. Арасында оның айтқанымен жүргім  келмей,  қырсығып қалатын кездерім болып тұратын. Оның үстіне соқыр жаңбырға сенбей тұрғаным тағы бар. Айсұлу іркілмеді. Бар дауысымен:

– Ей, соқыр жаңбыр, тыңдашы! Әкем ендігәрі анамды ұр-ма-сын-шы! – деп айқайлады. Айтарын айтып алып,  жылап жіберді. Соқыр жаңбыр да кілт тоқтады. Көтеріңкі көңіл - күйімізді жаңа жауып басылған жауын ала кеткендей томсырайып үшеуміз үйге қарай аяңдадық.

Бұндай үрдістің қай күннен басталып кеткені есімде жоқ. Қолымыз қалт етсе болды ойыннан бұрын әңгіме - дүкен құратынды шығардық. Айтып қана қоймай,  арасында ақыл - кеңесімізді қосып,  кәдімгі ересектердей бір - бірімізді қолдайтындай дәрежеге жеттік. Көбіне Айсұлу мен Әсел cөйлейді. Мен –  тыңдаушымын. Мұқият тыңдау да – өнер. Бұл жолы Әсел екеуміз Айсұлуды шақырмай өзіміз кездестік. Оның да себебі жоқ емес - ті. Әселдің шашы тым қалың болатын. Тершеңдігі тағы бар. Содан ба,  әлде үйлерін таза ұстамағаннан ба Әселдің басы үнемі биттеп кететін. Басқалар білмесе де, бұл жайт бізге аян еді. Әселдің апасы – қарт адам. Бит түгілі аяқ астында биялай жатса да көрмейді. Оның үстіне соңғы кезде тізесі аурып тұра алмай қалды. Сөйте тұра тыныш отырмай, үйіндегі келіннің балаларын аяғына жастық қойып тербетіп отырады. Мен құрбымның үйіне келіп, түпкі бөлмеге тығылып алып, оның қоламсадай қалың қара шашын терезеден түскен күншуаққа қаратып тұрып биттерден тазартуға кірісіп кеттім. Дайын қанды сорушы арамтамақтардың үлкендері іздемей-ақ күннің шаншылған шуағына шыдай алмай, шашаштың сыртына жыбырлап шығып жатыр. Оларды екі саусағыммен қысып алып, жайылып тұрған ақ орамалға лақтырамын. Өйткені оны өлтіріп отырғанда басқалары қашып кетеді. Бит болса да жаны бар жәндік емес пе, жыбырлап жан-жаққа жүре бастағанда, мойны жерге тие жаздап отырған Әсел оларды бір көзімен бақыласа керек, орындарына әкеліп қояды. Шаш арасында өріп жүрген биттерді кейде ұстап үлгермей көз жазып қаламын. Олардай қу болып па, өлетінін біліп, жанталасып, шаш арасына тығылып, мені жаңылыстырудың амалын іздеп жүр. Қолға іліккендерін тырнаққа салып тырсылдатып, жандарын жаҺаннамға жіберіп отырдым. Осы іс өзіме ұнағанын жасырмаймын. Биттей болған пәлекеттерді сыққан сайын жаным жай табады. Кейде бір тал шаштың  бойына сірескен сіркелерді суырып алып сыртылдатқанда кәдімгідей рахаттанамын. Тіпті құрбымның «мойным аурып кетті» деген сөзін естімей қалғандай қаперге де ілмедім. Есік шиқ етіп ашылғанда  әрең тоқтадым. Айсұлу екен. Бір түрлі именіп кірді. «Мені неге шақырмадыңдар?» деп сөкпеді. Керсінше: – Осылай әр битті санап отырайын деп пе едің? Міне, мына бит тарақпен тарап - тарап топырлата салмайсың ба? - деп қолыма ұстата салды. Айсудың қағілездігі мен ойының жүйрік екені бұрыннан мәлім. Оған өкпелі екенімізді сезіп тұр. Сондықтан көзімізге тіке қарай алмай тұрғаны да заңды.  Әсел шыдамай:

– Айсұлу,  кеше неге өзінше болып қалдың? – деді дауысында діріл бар.

– Байқамай қалдым. Кешірші!- деп төмен қараған Айсұлудың ду етіп беті мен қоса құлағының да қызарып кеткенін байқадым.

 – Жоқ өз арамызда болса бір жөн. Саяттың көзінше әбден масқарамды шығардың ғой! - деп менің қолымды итеріп жіберіп төсегіне барып жастыққа құлай кетті. Жылап жатқаны анық. Кеше сабақтан соң бір топ бала доп ойнағанбыз.  «Картоп»  деп ортаға бірі түсіп, бірі шығып жатқанда Әсел мен Айсұлу бір уақытта картоп болып ортада отырды . Бір кезде Айсу: – Туу, алыс отыршы! Биттерің менің басыма секіріп кетеді, - деп шашын тас қылып төбесіне жинай бастады. Иә, дәл солай айтты. Әсел орнынан тұра сала,  кім естіп үлгерді екен деп жан - жағына алақтап қарады. Басқалары ойынның әлегімен шулап жүргенмен, шетте тұрған Саят таңғалған түрмен екі қызға қарап қалған еді. Содан кейін кездесіп тұрғанымыз осы.

Әсел басын көтеріп: – Мен де сендер сияқты анаммен тұрсам осылай биттемес едім ғой. Осы шашты кесіп - ақ тастайтын едім, апам рұқсат бермей жүр! – деп қыстыға сөйледі. Айсұлу болса гүлді кілемнен көзін алмай: – Мен биттеп кетуден қорықпаймын. Бірақ соны сылтауратып әкем анама тисе ме деп қорқамын, – деді.

Құрбымызыдың айтқан сөзінің жаны бар еді. Әкесі қараптан - қарап анасын шырылдатып таяқтап тастайтын көрінеді. Анасына арпаша түсу үшін Айсұлу өтірік талып әкесінің зәре құтын қашырыпты. Бірақ соңғы кездері бұл айласы іске аспай қалған екен.

– Шара! Ей, Шара!- деп жұлқылап,  – Сен менің түсімде басқа еркекпен жүрсің! Неге?! - деп  көзін ақшитып алып, анамды екі білегінен ұстап алып сілкіледі. – Білмеймін, білмеймін ол жай түсің ғой! Енді түс көрсең де мен кінәлімін бе? - деп анамның жан даусы шықты.  Ауру болмаса арақ та ішпеген сап - сау адам осылай жасай ма?

– Әрине жасамайды. Сенің әкең сияқты адамды соттау керек? Қазір оларға заң қатал - деп мен ойымды айттым. Ашуланып кеткендіктен бе,  даусым да қатты шығып кетті.

–  Немесе емдету керек! - деп Әсел де қосыла кетті.

– Жо, жоқ. Қандай болса да ол менің – әкем. Апам да дәл осылай айтады. Түрмеге қамата алмаймын. Біз үйреніп кеткенбіз. Анам да әбден таяққа пісіп алды. Қазір тіпті ұрған сайын қасарысып тұрып алады. - Тағы ұр! Тағы ұр!- деп ызадан қанталап кеткен көздерімен әкемнің өзіне қарай шапшиды, - деп Айсұлу ағынан жарылғанмен оның әкесінен өлердей қорқатыны және шаршағанын өтірік айта алмайтын мөп - мөлдір көздері білдіріп тұрды. Ол ерекше көрікті болды. Ауылдағылар «тура анасының жас кезі»,  «сүйкімдісін – ай» деп таңданыстарын жасырмайтын. Соған қарағанда, Айсұлудың анасы жас күнінде хас сұлудың өзі болған сияқты. Бірақ ол оның бағынан бұрын сорына айналғандай.

Әсел: – Неге сендер жиналып кетіп қалмайсыңдар?

Айсу: – Қайда барамыз? Әлі есімде, бала күнімде таң енді атып келе жатқанда апыл – ғұпыл жиналып нағашы апамдарға бардық. Анамды көкала қойдай қылып сабап тастаған болатын. Анам бәрін айтты. «Ажырасып кетемін. Өз күнімді өзім көремін. Ары қарай шыдай алмаймын. Баталарыңды беріңдер!» - деді.

Нағашы апам:Ажырасып қайда барасың? Бізге келе алмайсың! Көріп тұрсың,  үйде келін бар. Сен сыйғанмен, мыналарың сыймайды – деп бізді меңзеді. – Бізді неге ойламайсың? Қартайғанда сөзге қалдырғың келмесе, шыда! Елдің әйелдері де өлген жоқ, шыдап жүр ғой! Сен де бәрін жеңесің! Өзіңнің тапқан байың! - деп қолдаудың орнына, қорлағандай ұрсып - ұрсып аяғында анамды құшақтап жылап қалған. Кейбір сөздерін ұмытқан болармын. Бірақ дәл осылай айтқаны санамда жаңғырып тұр. Нағашы атам үндемеген күйі терезеге телміріп отыра берді. Мен сол кезде мектепке даярлық тобында оқитынмын. Анам екеуміз келместей болып кеткен үйге қайта оралдық. Мен бар ғой, анам мен сіңілдерімді алып,  әкем таба алмайтындай алысқа аттануды армандаймын. Біз сонда ғана түнде тыныш ұйықтайтын болармыз.

Айсудың осы сөзінен кейін қанша уақыт өткенін білмеймін. Ескі пластинкадай бұл әңгімелер қайталанып та жүрді. Оның әкесі күн сайын түрлі себеп тауып  анасын төмпештеуін қоймады. Бірақ біздің құлағымыз әбден үйреніп кеткендіктен таңғалмайтын болдық. Балалық шынайы көңілмен шай үстінде ата - анама Айсудың әкесі жайлы айтып бердім. Әкем соңына дейін тыңдамай «Біреудің отбасында не шаруаң бар? Сабағыңда оқы, сен қыз!» - деп діңк етті де үстелден тұрып кетті. Менің ойым, ауыл болып Айсұлуларға көмектесу еді. Оным іске аспады.

Жылдар жылжып, мектептің жоғары сыныбының соңғы күндерін өткізіп жаттық. Жылаған ана, уайымшыл қыз, шаршаған апа, үй бұйырмаған ана, баласын тыңдамайтын үлкендер барлығы сол қалпында. Өзгерген – біз ғана. Құлын мүшеміз дамып, санамыз жетіліп бәз баяғы арман құшағында сабақтарымызды оқып жүре бердік. Ғашық болдық… Бірақ Айсу ештеңеге мән бермеді. Оның есіл дерті тек сабақ болды. Оның ішінде ағылшын тілін бар ынтасымен оқыды. Көбіне терең ойға шомып кететін. Бір нүктеге қадалып қарап қалатын да сол Айсұлу еді. Айсұлу «Қыздар мен ешқашан тұрмыс құрмаймын. Ол да әкемдей болмайтынына кім кепіл?» -  деп жиі айтатын. Емтихандарға дайындалып жүргенде, Айсудың апасы бақилық болды. Апалап аңыраған құрбымызды көрмедік. Ботадай көздерінен тоқтаусыз тамып жатқан жасты ғана көрдік. Жиылған жұрт екіге жарылып жерлеуге  аттанғанда «Қош бол, апатай! Енді тыныш ұйықтайсың!» деген Айсудың нәзік даусы естілді. Сол күннен кейін біздің құрбымыз бір түрлі өзгерді. Өз – өзімен томаға – тұйық жүрді. Мінезі де қатайып кеткендей. Өзі ашылып ешнәрсе айтпаған соң,  Әсел екеуміз қыстамадық. Сол жылдары мектеп бітірушілер алғаш тест тапсыра бастады. Бір қызығы, бұл сынақтан Айсу өз еркімен бас тартты. Ол Америкаға кету үшін сол жақтың жоғары оқу орындарымен байланысып,  арнайы тестен өтетінін кейін білдік. Мен де,   Әсел де мемлекеттік грант ұтып оқуға түстік. Баяғы жартас – сол жартас. Сол қоңыр тіршілік жалғасып жатты. Әселдің анасы үйлі бола алмады. Олар енді анасы мен қызы болып қаладан пәтер жалдайтын болды. Негізі бір нәрсені өмір бойы қалап, сол қалауың орындалғанда аспаннан түскендей аңтарылып қалады екенсің. Мен қиялсыз, мақсатсыз тіпті қанатсыз қалғандай екіұдай күйде жүрдім. Толық бақытты болуым үшін, Айсудың да ойлағаны орындалу керек сияқты болатын да тұратын. Біз алғашқы сессияны жауып ауылға барғанда, Айсу Америкадан хат алып бүкіл ауылды қуантып, тастады. Шалғайдағы ауылдың қара қызы Америкада оқуға жолдама алды.

Қысқы демалысымыз ауылда өтіп жатты. Бір айдан кейін құрбымыз мұхит асып кетеді дегенді ойлаған сайын қимастық сезіммен жүрген Әсел екеуміз Айсудан бетер толқыдық. Әдеттегідей сырласып шай ішу үшін дүкеннен жейтін тәттілерімізді алып Айсу үйіне қарай беттедік. Біз ғана жайбарақат жүргендейміз. Ауыл іші у шуға ұласқан. Еркегі де әйелі де көше басына қарай жүгіріп барады. Жүгірмегендері шарбақтарынан ақырын шығып ауылдың су жаңа өсегін естідің бе дегендей ауыз ауыздарна жұқпай тұра қалып сыбырласуда.

Бізден бір сынып жоғары оқыған Асыл ескі көлігін шиқылдатып жанымызға тоқтады.

Қыздар, қайда барасыңдар?

Айсуға - деп бірдей жауап қаттық.

Кіргізбейді сендерді. Естімедіңдер ме?

Нені -?деп Әселдің шыдамы таусылып алдыға қарай жүріп кетті.

Айсудың әкесі әйелін оқыста өлтіріп алыпты. Өзі солай деп полицияға хабарласыпты. Арғы жағын білмедім.

Бұл оқиға біздің ауылдың адамдарына талайға дейін талғажау болды. Түрлі - түрлі қылып құбылтып айтып жүрді.

- Өлтірейін деп ойламапты. Ашулықпен пышақты ала салып қорқытпақшы болыпты. Байқамай тамырды опырып алыпты.

- Бәріне кінәлі көршісі екен. «Сенің әйелің көзіңе шөп салып жүр» деп айтқан сол көрінеді. Тоқтарды тергеген тергеуші айтыпты...

- Сол Шараның өзінен де бар көрінеді. Біреумен жасырын сөйлесіп жүрген дей ме? Пышақ ала жүгірген байына «Ал, өлтір!» деп өзі сұранған дейді...

- Шара да қызық қой сол жынды байымен алысып жүріп өмірден өтті де кетті. Нені күтті? Сол Тоқтардың адам болмайтынына көзі жеткенде балаларын алып қашу керек еді. Әнекей, балалар жетім қалды.

Ел осылай лепіріп жүргенде балалардың тағдыры таразыға түсіп жатты. Шешесі көрге, әкесі түрмеге тоғытылған балаларды нағашы ата - апасы әкетуге келді. Мектеп жасындағы екі ұл аттанғанмен, Айсу бармады. Апасының інісі болып келетін жоғары жақтағы үйде қалды. Талай рет іздеп барсақ та Айсумен кездесудің реті келмеді. Шешесінің қырқын берген күні соқыр жаңбырға сенетін арманшыл Айсу құрбымыз Америкаға ұшып кетті. Жылап қоштастық. Оның шынымен азапты балалық шағынан құтылып үлкен өмірге аттанып бара жатқанына қуандық. Ол мұхит асып кетті. Содан бері он жыл өтсе де ол оралмады. Егер Америкада соқыр жаңбар жауатын болса оның бізді ойлап сағынбауы мүмкін емес.