35
Ініме
Тағдырдағы жолымыз кілең кетік,
Соны ертеден түсініп, түгендедік.
Тете туып, таласып өскенменен,
Жүрек дертін тартыспай бір емдедік.
Бәрінен – мен, ал ұлдың үлкені – сен,
Қиындығы ғұмырдың – күнкөріс ең.
Қолымыздан келгенін жасап жүрміз,
Кетпеу үшін тірлікке үлкен есең.
Туған үйде жоқ пенен барды ұқпадық,
Бір қуанып, бір мезет қалдық налып.
Үлкен өмір дайындар сынағын көп,
Бірақ сәтсіз емес қой барлық бағыт.
Жат қалада жетімсіп қалғандаймыз,
Сонда-дағы түсірмей арманға айғыз,
Тас қалада, біреудің пәтерінде,
Баспанамыз болса деп армандаймыз.
Жақынымыз жоқ рас, тірегіміз,
Арманымыз көп бірақ, тілегіміз.
Әке анаға қолғабыс болсақ дейтін,
Жүрегі кең жастардың береуі – біз.
Жыр ақтардық, көңілден сыр ақтардық,
Қиын сәтте қамығып, жылап та алдық.
Кей кездері шалынып, сүрінсек те,
Намыс туын кеудеден құлатпадық.
Кімге айтып, таусыламыз несіне біз,
Бар шығар Тәңір жазған несібеміз.
Жақсы күннің сәулесін іздеп жүрміз,
Сүрлеулерін өмірдің кешіп егіз.
Бізді ойлап әке-ана жүз жүдей ме,
Туған жерден қарасын үзді дей ме?
Құдай қолдап жетейік сол бір күнге,
Бір үлкен той болатын біздің үйде.