Жылдың үздік сатирасы
139

​«Корпоративке» барасыз ба

Былтырғы жаңа жылда кәллектип боп «корпоративке» жиналып едік-ау! Бұрын бұндайға кiм ба­рып көрген, керемет екен! Қызметтес қыз-келiн­шектер қосақтарын ертпей, өздерi ғана келiптi. Тәртiп солай көрiнедi. Мен де «бойдақ» болып барғанмын. Сонымен не керек, жаңа жылды, қазақша айтқанда, әкесiн танытып тұрып тойладық. Бәрiнен қызығы, мен қасқыр болып, директордың хатшысы сылаңдаған Сұлубике қоян болып киiнiп, екеумiз қуысып ойнап жүрiп, қалың жұрттан бөлiнiп кетiппiз... Артынан бiрақ бұл қылығым үшiн директорымыз маған қатаң сөгiс жариялады...

Жарайды, оның бәрi өз алдына. «Корпоративтен» соң тарамақшы болып далаға шыққаннан кейін, жайшылықта бастары бiр қазанға сыймайтын бiздiң ұжым ендi қайтып көрiспейтiн адамдарша бiр-бiрiмен қайта-қайта сүйiсiп, әрең деп қоштасқаны есiмде. Қазiр­гiдей көз алдымда, жапалақтап қалың қар жауып тұрды. Аяқ астынан ақындығым ұстап кеткен мен баспалдақтың үстiне шығып алып, «жапалақтап ақша қар жауады тынбастан» деп, шатып-бұтып өлең оқыдым ғой деймiн. Содан кейiн әндетiп үйге қарай кетiп бара жатқанымды бiлемiн. Бiрақ Құдай атып, орталықтағы саябақтың тұсынан өте бергенде, ақ­қала болып үйiлген қардың бiр шетiне отыра қалып, азырақ қалғып кетiппiн. Әрi-берiден соң үстi-басымды аппақ қар бас­ып кетсе керек. Көше тазалағыш машина байқамай, мені қармен бiрге жүк көлiгiне артып жiберіпті. Әйтеуiр, шопыр жiгiт бiр Құдайға қараған адам болса керек, қаланың сыртына шығып, үстiндегi қарды төгiп жатқанда, менiң «өлігімді» көрiп, мәйiтханаға әкелiп тапсырып кетеді. Жаңа жылды қарсы аламыз деп дүбiр­лесiп жүрген мәйiтханадағылар менiң өлi-тiрiме қарамастан, бiр бұрышқа тастай салса керек.

Уақыттың қай мезгiл екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, азынаған суықтан қалшылдап ояндым. Айнала тастай қараңғы. Анау тұстағы бiр есiктiң саңылауынан бармақтай жарық бiлiнедi. Солай қарай тәлтiректеп жетiп, ақырындап ашып едiм, ар жағында ақ халатты екi ер адам мен бiр әйел дастарқан басында гуiлде­сiп отыр екен. Тiптi жандарына келiп, сүмiрейiп тұрған менi байқар емес. Бұлай тұра берсем, олардың таң атқанша байқамасын сезген соң, өзiмше «Кеш жарық!» деп дыбыс бердiм. Бергенiм бар болсын, жаңа жылға тiлек айтып тұрған келiншек сол орнында ес-түссiз құлап қалды. Ақ халатты еркектiң бiрi терезенi бұзып шығып, далаға қашты. Үстел басында қалған тағы бiрiнiң қашуға шамасы келмедi, бiлем, тек қорқыныштан иегi дiрiлдеп, қолындағы рөмкесiн маған ұсына бергенi есiмде. Ана жақтан дiрiл қағып тоңып шыққан маған да керегi осы едi, алдым да тартып жi­бердiм. Менiң арақ iшетiн «әруақ» екенiмдi бiлген соң дәрiгер жiгiт тiптi қуанып кеттi, бiлем, тағы бiр мәрте құйып бердi. Осылай екi-үш рөмкенi жүремелете тастап алған соң, әлi де қорқыныштан есiн жия алмай тұр­ған дәрiгер жiгiтке ешқандай аруақ емес, өздерiн­дей тiрi адам екенiмдi жеткiздiм.

Осы кезде есiме Мықтыгүл түсiп кетiп, дәрігерден телефон сұ­рап едiм, әжептәуiр қы­зың­қырап алған ол:

– Жеңгейдің телефон нөмірін айтыңызшы, сүйiншiнi өзiм сұраймын, – деді өзеуреп.

Содан Мықтүлдің телефонын теріп,  «мәйiтханадан звондап тұрмын» деуi мұң екен, ана жақтан бiрдеңе дүрс етiп құлағандай болды.

Дереу такси шақырып, барлығымыз апыл-ғұпыл бiздiң үйге тарттық. Келсек, шынында да Мықтыгүл байғұс бір қолында телефоны, есінен танып жатыр екен.

Оқиға былай болыпты. Мен кешiк­кен соң ашуға мiнген бәй­бiшем қаладағы емхана мен полиция бөлiмшелерiнiң бәрiмен хабарласып шығады ғой. Ешбiр жерде жоқпын. Ендi не iстеймiн деп есi кетiп отырғанда, телефон шырылдап, ар жағындағы адам «мәйiтханадан сөйле­сiп тұрмын» дегенде, Мықтыгүл қанша мықты болса да, есiнен танып кеткен екен...

Сөйтiп, сол түнi бәрiмiз жаңа жылды бiздiң үйде тойлап, менiң «о дүниеден» аман-сау қайтып оралғанымды таң атқанша «жуып» едік.

Міне, биылғы жаңа жыл да таяп қалды.  Бiрақ Мықтыгүл ендi менi кiсен салып ұстаса да «корпоративке» жiбермейтiн шығар...