62
Қынқ етпеңіз, бізде бәрі жақсы
Шетелден шырт киінген шенеунік емес, сауалнамамен санаңды сүлікше соратын сарапшылар тобы келетіні өте ауыр тиді. Қызғалдақтай құлпырған Қазақстанның кем-кетігін тізіп, әлемдік рейтингте құздан тас лақтырғандай құлдилатып жіберсе, шаруамыз бітті дей беріңіз. Отыз жылда зорға есейген сұлу бикешке қисық айна сыйлағандай қылып, онсызда әбиірі әупірімдеп жүрген мемлекетіміздің бетпердесі сыпырылып сала бермек.
Қолындағы шетелдік ұялы телефон безілдей жөнелді. Ақордадан дәу бастықтың өзі қоңырау шалғанын көріп, қолы қалтырап кетті.
- Ассалаумағалейкум, басеке! Саулығыңызды сөткесіне 24 сағат бойы тілейміз.
- Әй, Нұркөп, естідің бе, шетелден бір топ тәуелсіз журналист, сарапшылар келе жатыр. Гүлденген Қазақстанды көріп, риза болып кететін болсын! Бір шикілік шықса, бастарыңды жұлып алам!
- Ойбай, басеке, қам жемеңіз. Бәрін қатырамыз. Бал жалатып жібереміз.
Ұйқы айшылық жерге қашып, журналисттер қойып қалады-ау деген сауалдарға жағымды жауап жазам деп әбден титықтап бітті. Қонақтарға арналған бес жұлдызды қонақ үйге сан барып, стақандарына дейін сүртіп, сандалып қайтты. Қазақстанның көрсететін көрікті жерлерінің бағытын жасап, кішкентай жетістікті көпіртіп, көңірсітетін көсемдерді сайдың тасындай сайлап қойды. Ой, ұйымдастырушының жұмысын ешкімнің басына бермесін. Мұның орнында басқа біреу болса, қол қолын төбесіне қойып дүние атаулыдан баз кешіп кетер еді. Япыр-ау, мансап шіркін не істетпейді? Мемлекет берген тегін үй, қызметтік көлік, құрақ ұшып тұратын қызметкерлердің құрметі – бәрі-бәрі кресло шіркіннің немереден тәтті екеніне шенеунік шіркіндер шәк келтірмейді. Ал, білдей дәу бастықтың көмекшісі деген атаққа қол жеткізгісі келетіндер жау әскерінен аз болмаса керек.
Қош, сонымен, шақыртусыз меймандарды таңғы сағат бесте тік тұрып, ұшақтан қарсы алды. Әшейінде қарапайым жұрттың сирек сауалының өзін сараң жауаппен қатыратын байсалды Нұркөпті тану қиын. Әр нәрсені әзілге айналдырып, көздері күлім қағып, жатжерліктерді өте көңілді қабылдады.
- Қазақтар сондай қонақжай деп естіп едім, рас екен ғой, - деп сыңғырлай күлді АҚШ-тан келген сұлу бикеш. – Астана салқын болса да, жүздеріңіз мына күндей жайдары екен.
- О, не дегеніңіз! - деді Нұркөп жымиып. – Қазақ құтты қонақ келсе, қара бұлттарды ұшақпен де қуып жібереді. Сіздердің ізге ниеттеріңізді жүрегіммен сезініп отырмын.
Бүрмелі көйлек киген екі қазақ қызы табаққа салып ұсынған, буы бұрқыраған бауырсақтан дәм татып, таңғы самалда әуежайдың аспанын өнерпаз жігіттердің әуелеткен әнімен меймандар ұйқысын ашып алды. Орыс тілінде акцентпен сөйлейді екен, қазақшадан «Сәлеметсіз бе!» деуден әрі аса алған жоқ.
- Браво, Браво! - деп қол шапалақтаған шетелдіктерді Нұркөп тақтайдай тегіс жолдармен жүргізіп, қонақ үйге әкеп дік еткізді.
- Мынауыңыз бес жұлдызды қонақ үй ғой. Бізге қарапайым жатын орын да жарайтын еді. Сіздерді сонша әуреге салып қойыппыз, - деп меймандар қысылғандай кейіп танытты.
- Еш уайымдамаңыздар, айшылық алыс жолдан келгенде жақсы тынығатын орын болсын деген ниет қой. Әрине, сіздердің сәулетті қонақ үйлеріңіздей қайдан болсын! – деп барып тоқтады. Шетелден келген сарапшы, журналистерді люкс бөлмелерге орналастырып, таңғы асты әзірлетіп қойды. Киімдерін ауыстырып, жуынып-шайынып шыққан меймандар біздің кішіпейілділігімізді басы артық санады ма, әлде салмақ салғысы келмеді ме:
- Рұқсат болса, қала аралап, асты өзіміз ішсек пе деп едік. Оның үстіне мынандай қонақ үйде тамақтанудың өзі арзан тұрмасы анық.
- Айта көрмеңіз, - деді Нұркөп көзін бақырайтып, жолын бөгеді. – Сіздер үшін арнайы ас әзірлеп қойдық. Бізде дәм деген болады. Астан үлкен емес шығарсыздар, міне ресторан, қанекей төрлетіңіздер!
- Тіпті, білмей тұрғанымыз, - деді қонақтар қысыла-қымтырыла. – Бізге іссапар үшін Америка құрама штаттары қаражат бөледі, сіздерге салмақ салғанымыз жарамас. Қанша айтқанмен, мемлекеттеріңіздің қаржысы ғой.
- Ондайды тіпті естеріңізге де алмаңыздар, - деді Нұркөп еркінсіп. – Біз үшін қонаққа ас бермей, құрметтемеу деген ұят нәрсе. Бұл тірлігімді бір қазақ естісе, өлгенім артық дер еді.
- Пейіліңізге рақмет! – деді меймандар жымия күліп ресторанға қарай қадам басты. – Бірақ келісіп алайық, осы жолы ғана...
Ас ішіп отырғанда Нұркөп әккі меймандардың мақсатын білмек болып, тамырын басып:
- Қазақстанға шетелдік журналистерді Медиа-форумға жиі шақырамыз, сіздердің бізге тосын сый жасап келгендеріңізге сондай қуанып қалдық. Шамасы, еліміздің көрікті жерлерін аралап, бейнебаян түсіретін боларсыздар?
- Біздің келген мақсатымыз басқа, - деді жасы елуге тақаған Джон есімді американдық бірден іске көшіп. - Рұқсат етсеңіз, сізге бірнеше сауал қойсақ па деп едік.
- Әрине, қоя беріңіз, - деді Нұркөп неше күн-түн жауап әзірлегені есіне түсіп. – Астан алып отырыңыздар!
– Біз Қазақстанның жақсы, жарқын істерінен хабардамыз. Бірақ әр мемлекеттің ішінде шешілмей жатқан түйіткілді мәселелер болады. Сол жайлы білсек деп едік. Егер көмек керек болып жатса, шешу жолдарын ұсыну ойымызда бар. Америка қашанда көмек қолын созуға әзір. Менің бір таң қалатыным, тәуелсіздік алғандарыңызға 30 жыл болса да, әлі күнге дейін неге қазақ тілі өркендемей жатыр?
Нұркөп шайнап жатқан нанына шашылып қала жаздады. Күні кеше ғана бел шеше кірісіп, орталық алаңға шығып «Қазақ тілі жасасын!» деп ұрандатқан белсенділердің бетін қайтарғаны есіне түсті. «Қоғамдық тәртіпті бұзды» деп бас белсендіні бес сөткеге қаматып, қостаушыларына қомақты айыппұл арқалатын жіберген. Түк болмағандай күлімсіреп:
- Ол оп-оңай мистер! Мемлекет басшысы бір күні «Қане, бүгіннен бастан бірің қалмай қазақша сөйлейтін болыңдар!» десе болды, қазақтар тұрмақ еліміздегі жүзден астам этнос өкілі қазақша сайрап кететін болады. Сондықтан Джон мырза, бұл біз үшін қайғыратын жағдай емес. Мәселенің түйіні бір тәулікте-ақ тарқатыла салады.
- Солай ма? – деді Джон басын шайқап төсқалтасынан блокноты мен қаламын алып шықты. – Бүкіл елдің тағдыры бір адамның қалауына байланысты болып отырғаны қызық екен. Білуімше, ресми тіл ретінде орыс тілін қолданады екенсіздер, неге түрік тілін қолданбайсыздар? Қанша дегенмен, сіздер көне түріктердің ұрпағы емессіздер ме?
- Уәжіңіз орынды мырза. Түрік мемлекетінің мұрагері екенімізді күллі әлем жұрты біледі. Бірақ қазір бауырдан көрші жақын болған заман ғой. Ал, біз көршіні құдайдай сыйлайтын елміз.
- Демек, жақын болашақта Қытай тілі де ресми тіл болуы мүмкін ғой?
- Неге болмасын? Әбден мүмкін! - деді Нұркөп шабыттана сөйлеп кетті. – Қазірдің өзінде қытайларды визасыз елге кіріп жатыр. Қатарымыз көбейген кезде қытай тілі өзінен өзі ресми тілге айналып шыға келеді. Қынқ етпеңіз мистер, бізде бәрі жақсы.
Сөзге Джесика есімді бойжеткен араласты. Диктофонын қосып, президент өкіліне қарай сырғытып қойды:
- Кешіріңіз, мистер Нұркөп, сонда сіздерге ұлттық идеология деген жоқ па?
- Болғанда қандай! Ұлттық идеология деген жылдан жылға гүлдеп жатыр. Мәселен, бізде Қазақстан халқы Ассамблеясы бар. Президентімізге мың да бір шүкір, сол кісінің арқасында елімізде халықтар достығы артып, қой үстінде бозторғай заман орнап отыр. Этностар қазақтардан ауқатты тұрады, тіпті ырымдап тоғызын Парламентке депутат қылып сайлап жібердік. Бізде бәрі жақсы, мисс Джесика!
- Түк түсінсем бұйырмасын. Америкада да сан түрлі ұлттың өкілдері түрады, бірақ заңдарының басы қосыла бермейтін елу штаты бар Американың өзінде ұлттық идеология бар. Сыртқы экспанциядан қорықпайсыздар ма? – деді сыртқы саясат жайлы сараптамалық мақалаларымен танымал журналист Нұркөптің бетіне таңдана қарады.
- Түсінбейтін несі бар? Қазақ қорқу дегенді білмейді. Біз батыр халықтың ұрпағымыз. Уайымдайтын дәнеңе жоқ.
- Тәуелсіздіктен айырылып қаламын деп ойламайсыздар ма? Тарихтан қазақтардың 300 жыл Ресейге бағынышты болғаны білеміз. Аштық, репрессияның салдарынан әлем бойынша 9 орын алатын территорияда аз ұлтқа айналып отырсыздар. Меніңше, сіздердің ұлттық қорғаныш иммунитеттерініз жойылып кеткен.
- Сол да сөз болып па? Жәрдемақыны әдейі көбейтпей отырмыз, егер жәрдемақы көбейсе, қазақтың келіндері ертең-ақ топырлатып туып тастайды. Ал, еркектер дайын ақшаға құнығып, жұмыс істемей қояды. Қазақтардың саны көбейген соң мәселе көбейеді дей беріңіз. Оларға үй керек, жұмыс керек, жаңа мектеп, жаңа аурухана керек. Ақыр аяғы той жасайтын жүздеген жаңа ресторан керек. Артық мәселенің қажеті не, мырзалар?
Бас атаулының барлығы алдағы асын ысырып қойып, Нұркөпке бұрылды. Сарапшылар да сұрақ қойғысы келіп әрең шыдап отыр екен. Адамс есімді қаржыгер тамағын қырнап:
- Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан шет мемлекеттерге экономикалық тәуелді екен. Сіздерде мұнай бар, зауыт жоқ. Арзан мұнайды сатып, қымбатқа жанармай сатып аласыздар. Алтын, мыс, уран кен орындарын көрінген көк аттыға болымсыз тиынға сатып жіберіпсіздер. Бұл ақылға сиымсыз дүние ғой. Зауыт, фабрика болса жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артар еді. Осы жұмбақтың жауабын жер басып жүргенде таба алмай басым батты. Ұшақта отырғанда да осыны ойладым.
- Адамс мырза, айналаңызға қараңызшы! Жайқалған жасыл желек, тұмса табиғат. Енді осы жерге қара түтіні будақтаған зауыт салып қойсақ, халықтың денсаулығы не болмақ?
- Солай екен-ау! Ал, көлемі екі есеге, суы бес есе азайып кеткен Арал тағдыры жайлы не айтар едіңіз? Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, әлемдік климаттын өзгеруіне алып келіп отыр. Тіпті, Арал теңізінің тозаңын Антарктидадан таба аласыз.
- Айтатын несі бар? Оңтүстік Арал бұрыннан тұзды болған. Ал Солтүстік Аралдың суы аз емес. Осы суымызға шүкір деп отырмыз. Қазақ «көп түкірсе, көл» деген. Халқымыз бірнеше рет тасаттық берсе, теңіздің кенері қайта толарына бек сенеміз.
Президент өкілі қатырдым, тауып айттым дегендей өзі жауабына өз масайрап қалды. Бұл жауапқа Луиза есімді сарапшы күліп, кекеткендей қостай жөнелді:
- Рас айтасыз-ау, мистер Нұркөп. - Әрине, зауыттардың жанында Байқоңырдан жерге құлаған протондар түк те емес. Семей ядролық полигонындағы 456 ядролық жарылыстың радиациясы бойларыңызға әбден сіңіп кеткен бе, әлемді тозаңымен улап жатқан Арал тағдырын, дәлірек айтсам күллі адам тағдырын шыбын шаққан құрлы көрмейтіндеріңіз таң қалдырады. Тіпті, ядролық жарылыстарыңыз Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты болса да, міз бақпай жүргендеріңізді әлем халқына аңыз қылып айтуға болады екен.
Мұндай мұқатуды естимін деп ойламаған Нұркөп өзін медицина ғылымдарының тәжірибе жасайтын қояндарындай сезініп, үрпейісіп қалды. «Қу қатын екен, әбден дайындалып келгені көрініп тұр. Фактімен сөйлегенін көрмейсін бе, сөйлеген сөзінен у тамып тұр ғой. Жымысқы жымиғанының өзі Мона Лизадан бір аусайшы» деп ойлады.
- Айыпқа бұйырмаңыз, біздің жұмысымыз осындай, - деп сұлу бикеш өтірік күліп, жуып-шайғандай болды.
- Сынды жақсы қабылдаймыз, - деді ол тез есін жиып. – Тарих деген өтпелі кезең ғой, оның қажеті қанша? Болашақты да ойлап бас қатыра бермейміз. Біз үшін дәл қазіргі сәт маңызды. Сіздерге арнайы баспасөз мәслихатын өткізу аудитория әзірлеп қойдық. Қалаған уақыттарыңызда халықпен жүздесе аласыздар.
- Қажет емес , мистер! Біз басқа форматта жұмыс жасаймыз. Халықты әурелеп залға жиып қою жақсы идея деп ойламаймыз, - деген шетелдік меймандар ас ішіп болып, сый-құрметке алғыс айтып, көше араламақшы болды.
- Сіздерге қаланың көрікті жерлерін көрсететін көлік дайын. Қай уақытта барамыз десеңіздер де, мініп жүре берулеріңізге болады, - деді Нұркөп. – Өзім гид болып жүрем.
- Еш әуре болмаңыз, өзіміз еркін, қаланы жаяу аралап, ел-жұртпен сұхбаттасқымыз келеді. Иә, сосын сіздің де шаруаңыз көп шығар, жұмысыңыздан қалмаңыз.
Ақыры шетелдік журналистер жанына әкімдік өкілдерін ертпей, қаланы жаяу араламақ болды. Нұркөп жоспардың өзгеріп бара жатқанына алаңдап, көмекшілерін шақырып алды.
- Жігіттер, қыздар, жағдай былай: бізге тырнақ астынан кір іздейтін бәлелер келді. Еліміздің абыройы үшін атқа қонатын күн туды. Өсербай, сен қарапайым көше сыпырушының киімін киіп, қонақтардың алдынан шығып сұхбат бер. Көпберген, сен қазірден бастап қатардағы мұғалімсің. Сайлаугүл, жедел жәрдем көлігіне мін, мейірбике боласың, – деп бұйрық берді.
Астананың биші қыздай бұралған биік шыны үйлеріне таңырқай алмаған шетелдіктер көшедегі жүргіншілерді камераға түсіріп, сауалнама жүргізді. Бір қызығы, сұхбат беруге құлшынып, тұрғындардың өзі кезекке тұра бастады. Көше сыпырушы меймандарды көшеден құдасын көргендей емен-жарқын қарсы алып, Астана жайлы әңгімелеп кетті. Шетелдіктер ағылшын тілінде сайрап тұрған көше сыпырушыға таң қалып, риза болды.
- Астанамыз – бас қаламыз жыл сайын көркейіп келеді. Әнеу көріп түрғандарыңыз алып әлемде теңдесі жоқ ғимарат «Астана-Бәйтерек» монументі, мынау жұрт пирамида атап кеткен Бейбітшілік және Келісім сарайы. О, сіздер зәулім Ханшатырды көрсеңіздер ғой, керемет қой керемет. Сәулеті әйгілі Эйфель мұнарасынан асып түссе де, менен көрмеңіздер. Мұнда құрылыс дегеніңіз дыбыс жылдамдығынан қарқынды жүргізіліп жатыр, - деді көше сыпырушы кеудесінде мақтаныш сезімі кернеп.
- Әдетте, көшені егде жастағы адамдар сыпырып жүруші еді. Түріңізге қарасақ,жап жассыз. Құрылыста жұмыс істесеңіз, жақсы ақша төлейтін шығар?
- Біздің жалақымыз да жаман емес.
- Сонда қанша жалақы аласыз?
Өсербай көше сыпырушылардың 90 мың теңге алатынын білетін. «Тоқсан мың деп айтсам аз бола ма? Екі жүз мың десем, сенбей жүрер» деп ойлап:
- Жүз елу мың, - деп қойып қалды. Шетелдіктер қолма-қол бұл ақшаны долларға айналдырып, жағасын ұстады.
- Төрт жүз доллар! Құдайым-ау, бұл ақшаға бір ай бойы бұған қалай күн көруге болады?
- Бізге жетеді. Азық-түлік арзан. Осы ақшамен несие төлейміз. Тіпті артылып қалады, - деген көше сыпырушы көздері атыздай болып кеткен шетелдіктерден ұялып, сырт айналып, жылыстап кетті.
Кәстүм-шалбар киіп, былғары сөмке асынған, қолында глобусы бар Көпберген шетелдіктерге қарама қарсы жүріп, ілтипатпен басын изеп амандасты.
- Неллоу мистер, сіз шамасы мұғалім боларсыз? –деді Луиза. – Уақытыңыз болса, Қазақстан азаматы ретінде біздің білім саласына қатысты бір-екі сауалымызға жауап берсеңіз.
- Әрине, қоя беріңіздер, - деді Көпберген. – Сіздердей туристерді кездестіргеніме қуаныштымын!
- Білуімізше, сіздің елде мектепке енді барған балаға қазақ, орыс, ағылшын тілін бірге үйретеді. Тілі әлі шықпаған балаға үш тілді бірдей үйрету зиян емес пе? Меңінше, қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт болған соң ең алдымен қазақ тілін жақсылап меңгерту керек қой.
- Қазір жаһандану заманы. Болашағымыз жарқын болу үшін әлемдік көштен қалмауымыз керек. Бізге, үлкендерге, үш тілді үйрену қиын көрінер, бірақ балаға үш тілді меңгеру түкке тұрмайды. Қазіргі балаларға смартфон берсеңіз, аттың құлағындай ойнағандай игеріп кетеді.
- Солайы солай ғой, бірақ іргетасы жоқ үй болмайтын секілді, ана тілінде сауатын ашып, ұлттық дүниетанымы қалыптаспаған жаста Отан деген ұғым, патриоттық сезім қайдан болсын?
- Е-е, үйренеді ғой, үйретеміз, - дегеннен артық мардымды жауап айта алмаған Көпберген желкесін қасыды. Кенет көзі қарауытып, басы айналды.
- Ұстаз, сізге не болды? –деп абыржып қалды қонақтар.
- Ештеңе емес, қазір жедел жәрдем шақырайын, - деп таныс нөмірді терді. Сізге өтірік, маған шын, араға бір минут болмай медициналық жүйрік жеңіл көлік келіп, кілт тоқтады.
- Жедел жәрдемді сіздер шақырдыңыздар ма? – деді шетелдіктерге.
- Жоқ, мына кісі сырқаттанып тұрған соң қоңырау шалған.
Мейірбике мүсәтір иіскетіп еді, науқас тез есін жиды.
- Пай-пай, - деп басын шайқады шетелдіктер. – Жедел жәрдем көлігі мұнша жылдам келеді деп ойламаған едік, шамасы осы маңда жүрген боларсыздар?
- Науқастан белгі түскен бойы ауруханадан аттандық. Қазақстанда медицина саласы дамып келеді, - деді жедел жәрдем қызметкері Сайлаугүл.
Журналист Джон көзілдірігін түзеп жатып:
- Әлемді шарпыған ковид пандемиясы кезінде Қазақстан дәрханаларында қарапайым асперин емге табылмай, ауруханаларда орын болмай халықтың ұлардай шулағанын теледидардан көріп едік. ПТР-тест тапсыруға мүмкіндік болмай, қауіпті кезеңде еңбек еткен медицина қызметкерлеріне әділ үстемақы төленбегені жайлы қаңқу сөз мұхит асып бізге жетті.
- Бастапқыда қиындықтар болғаны рас. Қазір медицинамыз өркендеп келеді. 2031 жылы адам ағзаларын қарауға арналған 3D принтерлер кез келген деңгейдегі ауруханаларда, ал келер жылы нанороботтар медициналық мақсатта қолданыла бастайды.
- Жаман емес, - деді Джон. - Бірақ оған дейін табаны күректей 7-8 жыл бар ғой, қалай жұмыс жасайсыздар?
- Ештеңе етпейді, шыдай тұрамыз. Біз, қазақтар, шыдамды, көнбіс халықпыз. Жеті-сегіз жыл деген не тәйірі, көзді ашып-жұмғанша өте шығады, - деген Сайлаугүл «ұстазды» көлікке мінгізіп, жүріп кетті.
Бір-бірінің бетіне қарап қалған шетелдіктер такси жалдап, қала шетін көрмек болған.
- Қалада адамнан такси көп сияқты ғой, - деді шетелдіктер.
- Қайбір жетіскеннен жүрміз дейсіз? Байқұс қазақтар алған кредитін, пәтерақысын төлей алмаған соң амалсыз жұмыстан бос кезде такси болып жұмыс істейді. Оны айтасыз, балаң кәмпит сұрап жылағанда ұйқың қашып, дала безіп кетесін. Сосын күні-түні көліктен түспей жүргенің, - деді таксист.
- Сонда сіздер демалмайсыздар ма?
- Неге демалмаймыз?.. Демаламыз. Ұйықтағанда демаламыз.
- Демалыс күндері қала сыртына шығып, балық аулап, пикникке шығатын шығарсыздар. Әлде, еңбек демалыс кезінде шетелге барып, теңіздің суына түсіп, қыдырасыздар ма?
- Жарқыным-ау, не айтып тұрсың? – деп жатып кеп ашуланды таксист. – Бала-шағаны баға алмай жүргенде қайдағы шетел, қайдағы теңіз?
Журналистер қарсы алдындағы айнадан таксистің көңіл-күйін жауар бұлттай қабағы түйіліп кеткен қабағынан аңғара қойды. Сұрақ қойғанына ыңғайсызданып қалған сияқты.
Көлік ызғытып көп ұзамай қала шетіне де келіп жетті.
- Біз көп бөгелмей, қайта қайтамыз. Сіз бізді бір сағаттай күте түрсаңыз, жолақыны артығымен төлейміз, - деді шетелдіктер.
- Артығымен төлесеңіздер, айлап болса да тұра берем, - деді таксист әзіл-шыны аралас. Жақсы клиенттер кезіккеніне дән риза. Алақанын ысқылап қояды.
Журналистер Астана қаласының саяжайында тұрып жатқан халықтың тұрмысын көріп, көздеріне жас үйірілді. Мұнда мемлекетке зәулім сарай, сәулетті ғимарат салып берген құрылысшылар, зейнеткерлер, көпбалалы аналардың жазғы күркені баспана қылып отырғанына таңдай қақты. Құрқылтайдың ұясындай бөлмеде он шақты адам қоныстанған екен. Жүздері жабырқаулы, көңілдері жадау, тұрмысы нашар тұрғындар шетелдіктерден ұялды ма, әлде ауыр тұрмысын айтуға әлдекімдерден именді ме, тіс жармады. Бірі қосалқы бөлме, бірі жазғы сарайды баспана қылған. Тіпті моншада тұрып жатқандар бар екен. Күркелері жылу ұстамайды: қабырғалары бір-ақ қабат, төбесі жұқа, қазірдің өзінде от жағып отыр.
Белсебед теуіп күлімсіреп, өміріне риза болып келе жатқан қазақты тоқтатқан шетелдіктер микрофон ұсына берді:
- Қалыңыз қалай?
- Жақсы, - деп күлді қазақ.
- Жұмысыңыз бар ма?
- Жұмыс жоқ. Жағдайымыз жақсы.
- Үйіңіз бар ма?
- Үйім жоқ. Бәрі жақсы.
Осыны айтып, қазақ қайта күліп жіберді. Оларға қосылып шетелдіктер де ішегі түйіліп, көздерінен жас аққанша күлді.
- Балаларыңыз бар ма?
- Бір әйелім, бес балам бар.
- Қалай асырайсыз?
- Асыраймыз ғой. Деніміз сау, бас аман болсын!
Жоқшылыққа мойымай, бақыттан басы айналып жүрген отбасына азын-аулақ азық-түлік алып беріп, шетелдіктер таксиге отырып, қала орталығына тарты.
Тәуелсіз журналистер көкейіндегі сан сауалды қала әкіміне қоймақ болған. Бірақ кешігіп қалған сыңайлы. Әкімдік алдын наразылық акциясын ұйымдастырғандар қоршап алған екен. Қыс бойы сырт киіммен ұйықтап жаурап шыққан саяжай тұрғындары тұрақты тіркеу мәселесін шешіп беруді сұрап, митингке шыққан көрінеді. Киізді қабаттап төсесе де, еденнен табанына ызғар өтіп кетіп ашынған халықтың ашуы қатты. Полицейлер қорғаныш қалқандармен жолды бөгеп, ішке ешкімді жібермей тұр екен. Шетелдік тәуелсіз журналистерге керегі де сол, камералары мен микрофондарын тікелей эфирге қосып, шеруге қатысушыларға сұрақты қарша бората жөнелді.
- Біз – шетелден келген журналистпіз, сіздердің талап-тілектеріңізді білсек деп едік.
- Әділет министрлігіне тұрақты тіркеу мәселесін шешіп беруін өтінген едік. Мәселе шешілмеді. Енді әкімге келіп тұрмыз.
- Мемлекеттен уақытша баспана алып па едіңіздер?
- Баспана сұрап жатқанымыз жоқ, өзіміз жалдап тұрып жатқан саяжайға тіркелуге көмектессе екен дейміз.
- Қай саяжайды айтасыз?
- Жергілікті әкімдік «Экспо-2017 көрмесі» кезінде шетелдіктерден ұят болмасын деп қоршап тастаған саяжай.
Көп ұзамай, халықтың саны жүзден асып, айғай-шу әкімдік алдын жаңғыртып жатты. «Әкім қайда? Әкім шықсын бізге!» деп ұрандаған саяжай тұрғындарына шетелдіктердің АҚШ-тағы демократия елестеп кетті.
- Құрметті қонақтар! Бері келіңіздер, әйтпесе халық нөпірі сіздерді басып кетуі мүмкін, - деп дауыстады ту сыртынан таныс дауыс. Джон, Джесика, Адамс, Луиза оны алыстан таныды. «Мистер Нұркөп. Бұл кісі мұнда қайдан жүр?» деп ойлаған шетелдіктер президент өкіліне жақындай берді.
- Қалай ойласыз, мистер Нұркөп, бұл деген нағыз демократияның белгісі емес пе? – деді Адамс.
- Иә, әрине. Бізде демократия деген баяғыдан бар. Егер еліміздің тарихын қопарсаңыз, демократияның тұңғыш тұқымы қазақ топырағына бұдан жүздеген жыл бұрын түскенін білер едіңіз. Қазақтың даласында – түрме, есігінде құлып болмаған. Ол кезде Америкада демократияның иісі де жоқ болатын. Құрлықта үндіс тайпалары мамыражай күн кешіп жүрген.
- Десек те, патшалық Ресей, кешегі Кеңес өкіметі бостандықтарыңызды шектеп, тұсаулы аттай қылған жоқ па?
- Иә, тәуелсіздік алғанымызға небәрі отыз жыл.
- Демократиямыз әлі жас, бұғанасы қатпаған демексіз ғой.
- Әлбетте, елімізде демократия ағашы гүлдеп, көктеп келеді...
- Ерте бас көтерген жас демократтарыңыз қыршын кеткен екен... Отыз жыл бұрын еккен дәндеріңіз сол қылтиған қалпында қалып қойған жоқ деп қорықпайсыздар ма?
- Біреу демократиясын тегін бере ме? Теңге де сатып ала алмайсың. Қажет болса өзіміз демократия көшетін өсіріп аламыз, - деп Нұркөп жақтырмай қалды.
- Әй, ана полицейлер қарияны қайда әкетіп барады? – деді Джон дауыстап. Бәрі Автозак жаққа жалт қарады. Төрт тәртіп сақшысы жетпістен асқан қартты көлікке мал тиегендей тиеп жатыр екен. Мұндайда сасатын Нұркөп пе:
- Қарияны қадірлейтін халықпыз ғой, қол-аяғын жерге тигізбей, құрмет көрсетіп жатқандары ғой, - деп күрсінгендей болды. Шетелдіктер бұл көрініске таң-тамаша болды:
- Апыр-ай, не деген бақытты қария еді!
- Соны айтсаңшы, біреудің қолы қата тиіп кетпесін деп қауіпсіз жерге апара жатқандары ғой.
- Байқамын, сіздерде демократия деген жоқ-ау! Америкалық демократияны әкеп орнату қажет сияқты.
- Бізде бәрі бар мырзалар! Шетелден алмаған не қалды дейсіз? Демократия жоқ болса, қалада қытайдың, түріктердың, қырғыздардың, өзбектердің дүкендері мен асханалары толып тұр. Көшеде алқам-салқам киім киіп жүріңіздерші, сіздерге біреу қой дей ме екен? – деді Нұркөп еліне шаң жуытпай.
- Ау, бостандық бар ма, бостандық!
- Бостандық жоқ болса, күні кеше көлігімен адам қағып кетіп, пара беріп тайраңдап жүретіндер бар. Қысқасы, қынқ етпеңіз, бізде бәрі бар.
Екі-үш күндік іссапар мерзімі бітіп, тәуелсіз журналистер АҚШ-қа ұшып кетті. Иығынан ауыр жүк түскен Нұркөп былғары креслосына сылқ етіп отыра кетті.
Америкаға оралған тәуелсіз сарапшылар мен журналистер мемлекетке берген өз есебінде «Қазақстан түсініксіз, екі ұдай саясат жүргізіп отыр» деп жазыпты.