Жылдың үздік сатирасы
153

​Депутаттың бәтіңкесі

            Сіздер естіген жоқ шығарсыздар, өткенде біздің ауданда сұмдық «ЧП» болды ғой!

Қысқаша айтсам, былай енді... Осы жуық арада ауданға депутатымыз келіп кетіпті. Анау Астанадағы парламент деп аталатын кеңседе отыратын депутатымыз бар ғой, соны айтам.

Түр-түсін танымасақ та, өзіне өткенде ел болып дауыс беріп, сайлап алғанбыз. Сол азаматымыз келіпті. Сайланар алдында: «Ел арасы жақын, апта сайын келіп, жай-күйлеріңізді біліп тұрам»-деп уәде беріп еді, бірақ есінен шығып кеткен-ау деймін, қарасын да көрсетпейді қазір. Кейде «Хабарды» тамашалағанда оның  жиналыста қалғып отырғанын көріп, «әне, біздің депутатты қара, ойпырмай, бар екен ғой!» – деп, туысымызды көргендей бір у-шу боп қаламыз. Мейлі, келмесе-келмей-ақ қойсын, ел азаматы ғой, аман болсын дейміз. Бізден де басқа да шаруасы жетіп артылатын шығар. Әйтпесе жиналыста отырып адам жайдан-жай қалғи ма, жұмысының ауырлығынан да!

Сол депутатымыз келіпті өткенде. Бірақ халықпен жүздесуге емес, ауданның әкімінде тығыз шаруасы болса керек. Дегенмен аядай ауылдың ішінде сөз жата ма: «Бұл кісі «тендер» деп аталатын үлкен бір жарыстан мал бордақылайтын орын салу үшін ауданға жүздеген миллион ақша алып берген екен, соның «откат» деген бірдеңесін алуға кепті» – деп ел шулап жүрді. «Откаттың» не екенін ит біліп пе, әйтеуір депутатымызға қажетті шаруа шығар дедік.

Әдірам қалғыр, тігерге тұяқ қалған жоқ, осылар қай малын бордақыламақшы? - деп теледидар қараған біздің Мықтыгүл күңкілдеп  отырған өткенде.

Әй, мисыз, бұлар мемлекет тағдырына жауапты адамдар, не істесе де өздері біледі. Қолдарынан іс келмесе, үкімет бұларға осындай қызметті сеніп тапсыра ма? Көкімей отыр! - деп саяси сауаты аздау кемпіріме біраз жекіп алғам. (Бірақ оның да сөзінің жаны бар).

Сонымен айтайын дегенім (шындығында орталық жаққа барып, «барлау» жасап келген Мықтыгүлден естіген әңгімем), жаңағы депутатымыз бен біздің әкім мырза шаруалары шешілгесін, ептеп неткен... демалған тәрізді. Енді олар да адам баласы ғой, мойындарында қаншама халықтың мұң-мұқтажы тұр, сергу үшін анда-санда бірер жүз грамм алып қойса, еш айыбы жоқ.

Мықтыгүлдің айтуынша, (өзінің естімейтін бәлесі жоқ) көз байланған шақта, біраз қызыңқырап алған біздің әкім депутатты аттандырып салмаққа тас жолдың бойына шығады. Сол жерде де біраз шөлмек босаса керек. Сөйтіп әрлі-берлі сүйісіп, қоштаса алмай жүргенде, депутат мырзаның сыңар бәтіңкесі жол бойында қалып кетіпті...

Ертеңінде аудан орталығында дүрбелең басталды. Естуімізше, таңертең онысыз да басы ауырып, мең-зең болып отырған әкімге Астанадан депуттатың бәйбішесі звондап, отағасының үйге сыңар бәтіңкемен оралғанын айтады. Және ол бәтіңкенің анау-мынау емес, қолтырауын терісінен тігілген шетелдік дүние екенін, оның құнына әкімнің жарты жылдық жалақысы жетпейтінін, егер бәтіңкенің екінші сыңары табылмаса, «үлкен проблема» болатынын «сыпайылап» жеткізіпті-мыс.

Дереу ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет саласының мамандары бір күнге жұмыстан босатылды. Аудан орталығындағы екі-үш мектептің сабағы да тоқтатылып, оқушылар тегіс жұмылдырылды. Сөйтіп қыбырлауға жарайтын елдің барлығы тайлы-таяғы қалмай жол бойына бәтіңке іздеуге аттанды. Күн дүйсенбі болса да, әкімнің арнайы бұйрығымен «сенбілік» деп жарияланды. Көпшіліктің алдында сөйлеген әкім мырза, бәтіңкені тапқан адамға өз атынан арнайы сыйлық бар екенін де хабарлап қойды.

Аудандық полиция бастығының ұсынысы бойынша, депутаттың бәтіңкесінің сүгіреті салынып, ол бірнеше жүз данаға көбейтіліп, іздеушілерге таратылды. Жол полициясы өткен-кеткен көлікті тоқтатып: «Осындай бәтіңке көрмедіңіздер ме?» - деп сұрау салып жатыр. Бірақ бәтіңке жер жұтқандай жоқ.

Түске қарай аудан әкімінің «давлениесі» көтеріліп, жедел жәрдем шықырылды. Бірақ бәтіңке жоқ. Прокурордың ұсынысымен осы төңіректегі белгілі емші Балдыбике апамызға кісі шаптырып, құмалақ салғызды. Бәтіңке жоқ! Жағдай қиынға айналатын болды. Енді облыстық ішкі істер басқармасынан жедел іздестіру тобын шақырымыз деп отырғанда, «бір бөтен бәтіңке табылды» деген қуанышты хабар да жетті-ау. Бұны естіген әкім байғұс дереу есінен танып қалыпты. Оған дәрі иіскетіп, есін жиғызған белсенді топ, у-шу болып бәтіңке табылған жерге қарай шауып келсе, ол ауылдың қиыр шетінде тұратын бұрынғы интеллигент, қазіргі жұмыссыз Жалбағайдың үйі екен. Бәтіңке Жалбағайдың үйінде бүгінде төрт аяқты хайуан атаулыдан қалған жалғыз белгі - Құтжол деп аталатын итінің үйшігінің қасынан табылыпты. Бәтіңкенің мал терісінен жасалмағанын ит те болса сезсе керек, біраз қажалап, анадай жерге тастай салған екен. Өзінің қандай мемлекеттік маңызы бар іске себеп болғанынан еш хабары жоқ Құтжол жиналған топқа үрке қарап, анда-санда бір шәу етіп, қораның бұрышында тұр.

Елден бұрын еңкілдеп жеткен аудандық санэпидстанция бастығы ең әуелі тәртіп бойыншы бәтіңкеге дәрі сеуіп залалсыздандырып, сосын оны барлығы кезекпен аударып-төңкеріп тамашалап қарап шықты.

Точно сол ботинка болуы керек, потому что бізде бұндай кожа жасалмайды, - деген өз пікірін айтты шетелге көп шығатын әкімнің орынбасары қамыт аяқ қара келіншек.

Қалың топтан былай бөлінген әкім қалта телефоны арқылы біреулермен сөйлесіп жатыр. Негізі депутат мырзаға істің нәтижелі аяқталғаны жөнінде есеп беріп жатса керек.

Жақсы... жақсы... Сәке, өзім жеткізем, ат-шапан айыбымыз бар дегендей... жақсы, абыржымаңыз, хозяйкаға сыйлығымыз бар... түсінем...

Сөйтіп «бәтіңке іздеу» операциясы біздің аудан үшін табысты аяқталды. Келесі күні депутаттың бәтіңкесінің табылған құрметіне аудан орталығындағы жалғыз мейрамханада ұлан-асыр той өтіпті дейді. Ол кісі өзі келе алмапты, бірақ аудан халқына телефон арқылы рахметін айтып, ризашылығын білдіріпті. «Ел экономикасын бірлесіп көтерейік» – депті. «Саяси маңызы бар осындай істерге қашанда дайын болыңыздар!» – депті. «Сіздердің қамдарыңыз үшін күндіз-түні ат үстінде жүрміз!» – депті.

Онысы рас енді, шаршамаса, қажымаса, бір бәтіңкесінің түсіп қалғанын білер еді ғой! Дегенмен ақылы бар азамат екен! Хабарласып, рахметін айтпаса не істер едік?