64
Адам & Хауа
(хикаят)
І
Адам
Жапырақтар аспанға жаутаңдап тұрған жаздың жұпарлы маусымында мен бір жанды жолықтырдым – кірпігінен нұр себезгілеп, жүзіне көбелек құсаған шапақ қонақтап, пыр-пырлап ұшқан шұғыла арасынан шыға келгені. Ол да сондай бір жарық екеніне шәк келтірмес ем, сары көйлек киген, гүлтәж таққан сол бір аруды мен бұрыннан танитын сияқтымын. Мүмкін біз бұрындары, тіпті мына жер жүзі жаратылғанға дейін, бұл жалған дүниеге келмес бұрын жүздескен шығармыз. Кейін, сол бір жүздесуден тура сегіз жыл өткен соң, дәл сондай жазғы жапырақтар ымдасып, сыбдырлап өсек қып тұрған таңда, отасқанымызға жеті жыл болған шақта, сол бір күнді еске алғаным қалай! Шынында, мен одан кейін бірнеше ай өткен соң Хауамен жақын танысқан едім, ал бірақ оны оған дейін көргенім енді есіме түсіп отыр: тура сондай сегіз жылдан кейінгі таңда. Дежавю болар. Сонсоң, ол кездің өзінде мен оны алғаш рет көрмегенім, бұған дейін, тіпті тумай тұрып та сан мәрте кездестірген секілді боламын да тұрамын.
Мен Хауаға құлай ғашық болдым. Көзім одан басқа жанды көрген жоқ. Жер бетінде тек екеуіміз сияқтымыз. Бізден басқа ешкім жоқтай. Мына әлемнің ғажайыптары мен қойнына тыққан мүкәммалы, түгел біз үшін жаратылғандай. Бір әттеген-айы, Хауамен өткерген алғашқы жылдардағы сезім оты уақыт өте келе семіп, оның орнын жалығу, ерегес пен реніш басты. Мен бұрын оның бойынан бір де бір рет мін көрмейтін ем, ал қазір тіпті тамақ шайнағаны да ұнамайтын болыпты. «Осындай да болады екен-ау» деп қайран қалам. Кешегі мен бүгінгі көзқарасым екі түрлі. Мұның ар жағында нендей сыр барын ұққаным жоқ. Ол аздай біз жалғыз емес, айналамызда адамдар, әрі бірінен бірі өтетін сұлулар барын тағы аңғардым. Ығы-жығы қала, шуылдақ кештер, күбір-күбір әңгіме, жарқ-жұрқ еткен түнгі жасқаншақ шамдар – мына дүниенің әлдеқайда қызық екенін әспеттеп тұрғандай. Қалай дүниенің сұлулығына назар аудара бастадым, солай Хауа сұлулығы семіп бара жатқандай болады. Оның аппақ дидары гүл сияқты күлімдеп, қашанда нұрланып тұратын. Ал қалай назар салмай, көңіл бөлмей қоямын, солайша көз астында көгерген дақ пайда болып, алма бетінде секпіл қан талшықтары қаптап, жанары тұныққа жұтылып баратқан гауһар құсап көрінеді. Оны қуанту да, жабырқату да сондай тез. Қанша дегенмен мен оның қасынан тым алыстап кеткем жоқ. Сонда да ол маған жиі ренжіп қалатын да, теріс айналатын. Мен таңмын. Оның бұртиғаны, қырын қабағы, сұрағыма суық жауап беретіні берекетімді қашыратын.
–Не боп қалды? – деймін аяқ асты оның көңілі бұзылғанына мен де қапа болған сыңай танытып. Ашып ештеме айтпайды. Тек осы жақында ғана, көп болса бір апта бұрын шығар:
–Сен менің қасымда болсаң да, сонау алыста, тым шалғайда сияқтысың. Мен жалғызсыраймын, – дегені бар. Көңілім ауып, сырт әлемді аралап кеткенімді бір-ақ түсіндім. Әйел баласын еш алдай алмайтыныңды сонда барып қана ұқтым. Әйел де бала сияқты – шынайы, сүйсе де, жек көрсе де бұқпайды.
Міне, дәл қазір ол менің қасымда, дастарханның екінші бір басында қолында қаламсабы бар, алқызыл түстес күнделігіне әлдене шимайлап, арасында «ім-м» деп қалам басын тістелеп, ойға шомып отырғаны. Оны қызықтырып жүргені де әлеуметтік желідегі, «Қалай өзгерем», «Комфорттан қалай шықсам болады», «Түпсана» деген тақырыптағы курстар. Содан келіп маған түрлі психологиялық ақыл айта бастайтын. Менен осылай кек ала ма, әлде шын жаны аши ма, ол жағынан мақұрыммын. Мен оның бұл тақырыпты қаузағанын жек көретінімді білсе де, «Бала күнінде психологиялық соққы алған бала дәл сен сияқты отырады» деп отырысыма, ол аздай үстелге қол қойғаныма, тамақ жегеніме, не керек жүріс-тұрысыма шейін тізіп сын айтып шығатын. Ақыр аяғында мен оның мұнысына шыдай алмай ашуланып кетем. Менікі әлбетте дұрыс емес, десе де есі сау адам өзі туралы мұндай сандырақты ұзақ уақыт тыңдап отыра алады дегенге сенбес ем. Ол алдындағы қалампыр гүлі кестеленген шыны-аяғының ернеуін көз алмастан саусағымен сипалап отырып бір түйіннің шешімін іздеп, таба алмағандай көрінеді.
Есік алдындағы жайқалған гүлдер мен ұшып-қонған көбелектер де, шыбын-шіркей де бізді қуанта алған жоқ. Ол қол қусырып таңнан кешке дейін отырады да, бір-ақ сәтте жұмысқа кірісіп, үй жинап, тоқыма тоқып кететін. Мен еңбек демалысымды алғалы бері жатыпішерге айналдым ба, әлде жұмысты сағындым ба, үйге сыймай аулада ары-бері айналсоқтап жүремін де қоямын. Бір жаққа шығайын десем достарым жоқ. Ал туған-туыс шақыртусыз барсаң жақтыра бермейді. Ал жұбайымды үйден сыртқа алып шығу туралы айтпай-ақ қойсам да болады, үй күшіктің нақ өзі.
Мен әдетте шәй ішкенде кино көргенді жаным сүйеді. Хауаға фильм даусын шығарып көргенім ұнамасын білген соң ба, құлаққаппен тыңдаймын. Сонда оның бірдеңе деп айтып жатқанын ернін жыбырлатып, қолын бұлғағанынан бір-ақ аңғарам. Шәйімді ұрттап, киномды паузға қойып барып қана:
–О, не? – деймін қабағымды шытып, қызық жеріне келгенде бөліп жібергеніне назаланып.
–Маған көңіл аудармайсың, – дейді ғой баяғы еріні бұртиып. Оның күн сайын өзіңмен өзің демалып жатқан жеріңнен осылай бұзып жіберетін әдеті.
Бәрі жақсы-ақ, бәрі тамаша. Бірақ менің кеудемді қаққылайтын бір үрей, тынышымды алатын бір күй бар. Тап басып не екенін айта алмаспын, өйткені беймәлім.
–Ұзақтан бұлт үйіріліп келе жатқандай, дауыл алдындағы тыныштық сияқты бір түрлі қорқам, – деді бірде Хауа.
–Қайдағы жоқты айтады екенсің сен де, – деп өтірік мән бермегенсіп едім, екеуіміз дәл бір халде жүргенімізге қайран болдым. Шынында біз бір-бірімізден күн өткен сайын суып баратқандай едік, оған да себеп көп. Ең біріншісі айналамызды қоршаған адамдар, достар мен тумалар. Бізді көрген сайын тамсанып, қызығып қарайтын-ды. «Екеуің сондай ұқсайсыңдар, тура ағалы-қарындас сияқты» десе, басқалары, «не деген жарасымды жұп» дей келе көз алмай қарап қалатын. Біз де соған мәз боламыз. Үйімізге үзілмей қонақтар келіп-кететін, дос-жарандар тосын сый жасап, біздің қуанышымызға ортақтасып жатты. Мен сондайда шалқыған бай болсам дүйім жұртты түгел шақырып той жасар едім деп армандайтынмын. Қаймананың бізге тілекші болғаны бір маскарад боп шықты ма, әлде маған солай көрінді ме, күрт ел өзгеріп шыға келді. Әлде бақытымызды көп көрді ме, жарыса өсектей бастады, жайған дастарханымызға сын айтып, мінейтінді шығарды. Қонақжайлылығымызды місе тұтқан жоқ. Шаңырағымыз, жағдайымыз ғайбат астында қалған. «Ас-ауқатымызда дәм жоқ, жиһаздарымыз тозған, үйлерің шашылған, ыбырсып жатыр» десетін. Қасымыздан әрдайым табылып жүретін кей жандар бір мезетте-ақ монтаны өзгеріп шыға келді, ойда ештеме жоқ сәлем-саулық сұрасаң, амандаспайды. Үйге келетіндер де сирей бастады. Ал көріп қалса бізді жақтырмай, теріс айналатын болған. Бәріне аяқ-асты не болған деп таңданамын ғой баяғы.
Біз шынында бақытты едік, бірақ мынандай қарым-қатынастан соң денең жиырылып, тамағың кеуіп кетеді екен. «Не жазып қойдық», деп Хауа екеуіміз бір-бірімізге сұрақ көзбен қараймыз. Әлде біздің кемшілік тым бақытты боп кеткенімізде ме екен. Жұбайым да мақтаншақ, қуанышымызды бәріне бұқпасыз жайып салып, әлеуметтік желіге жариялап, өзі масаттанып отыратын. Ол осылайша өзіне назар аударту арқылы өз менін тойдыратындай көрінетін. Мен ондайда кей жандардың көзіндегі қызғаныш пен қастандық ойын байқап қоямын. Қолдарынан келсе, бізді жоқ қылудан тайынбас кісілер де бар екенін сезем. Ал біз үшін тілекші адамдар да жоқ емес, әрине, бірең-сараң. Күн өткен сайын олардың қатары да сирей бастады. Біз өзімізді мына қалаға, мына жұртқа бөтен екенбіз деп ойладық.
–Қарашы, мына, тіккен пердем қалай екен? – деді ақ матаны құлаштай созып тұрып, жүзінде шаттықтың ұшқыны бар.
Маған перденің шашағы ұнаған жоқ. Балаша күлімсіреп тұрған соң ба, көңілін қимай, «тамаша екен» дей салдым. Ол тіптен еркелеп, шаттанып кетті. Біз күніне он рет ұрысып, соншама рет татуласамыз. Мәселенің неде, кімде екенін сол бойы түсіне алмадық. Ол мені, мен оны кінәлаймын. Бір-бірімізді тұқыртып қалу ма, әлде қырсықтық па, бетбақтырмайтынымыз бар. Сондайда зайыбымның жүзі сынық, қабағы салыңқы тартып, демде-ақ үйдегі ауа райы құбылып, әлгі көзіндегі шуақ жылусыз, бұлт астында бүркемеленіп қалатындай.
Жақын-жұрат, қала тұрғындарының шеттетуінен кейін, жүзіме күлімсіреп тұрып артынан қарша өсек боратқан жақындарымның опасыздығынан соң, қабырғам қайысып, бір амал табуға бел байладым. Бірақ, шешім тапқанша, сандалып арлы-берлі жүргенім болмаса соны бір ой келе қойған жоқ. Қаладан да, қатыннан да қашып қыз-қыз қайнаған қала ішінде қызық қуып жүре беріппін.
–Бізге көз тиді, үйге кеш келетінді шығардың, менімен сөйлесуді де қойдың, – деп арыз айтып келген жан жарыма, мән де бермей теріс қарап ұйықтап кетемін. Ұйқы дейтін қай бір ұйқы дейсің, өтірік бүк түсіп, көзімді жұмып жатқан болам, бірақ кеудем сайрап жатады. Сәлден соң Хауаның пысылдап ұйықтағаны еміс-еміс естіледі, ол ұйықтап жатқанда сәби құсап сондай тәп-тәтті көрінеді. Ал сонсоң басталады, дөңбекшіп түнімен ұйықтай алмай шығамын. Не керек бозала таң ата бергенде талықсып ұйықтап кеткенімді шаңқай түсте оянғанда бір-ақ білемін. Кейінгі кезде көңілім құлазып, жарқын күндеріміз артта қалып қойғандай күйде болам. Біздің отбасы ғана емес, еліміз, ол аздай Жер шары, түгел дерттеніп жатқан науқас секілді. Әйтеуір, күн мен түн ауысып, киініп жатыр, уақыт өтіп жатыр, бірақ дәм де, иіс те сезбейтін ауру сияқты ештеме қызық емес. Әлде өмірдің мәні кете бастады ма екен. Қайда қарасам да қазылып жатқан Қорқыттың көрі: Теледидарды, әлеуметтік желіні мүлде ашқым келмейді, аяқ асты жан тапсырып жатқан жас-кәрінің трагедиялық өлімі жанымды жабырқатады. Адамзатты қаумалаған ауру, дендеген дерт. Небір маньяктардың қолында құрбан болып жатқан бейкүнә балалар. Ел аман, жұрт тынышта соғыс өрті қаулап, бір-бірін тонап жатқан, қорлап жатқан әйтеуір өктем елдер. Не жетпейді, түсінбеймін. Бейкүнә жұрт соғыс кесірінен зардап шегіп, аштық пен аурудан жапа шегіп жатыр. Әсіресе, жесір мен балалардың көз жасы көл болып аққанда жер бетін түгел көмкеріп кетер ме деп ойлайсың. Мүмкін мына жанымыздың тынышсыздығы да – сондай жандардың жазықсыз өлімін көріп тұрып қол қусырып, ақиқатты бұғып қалып, беқам жүре бергенімізден шығар. Біз сондай өзімшіл, сен тимесең мен тиме, жәдігөйміз. Жер бетін жайлаған азғындықты ойлап келіп өзім тұратын қаладағы ел-жұртпен қарым-қатынасым жайлы ойлағанда, ренішім мен өкпем түкке тұрғысыз боп көрінді. Бекерге жүйке жұқартып жүр екем деп ойладым. Сонда да шеттетіле берген соң, қоғамдағы түрлі сынақтардан кейін жалғыз өмір сүрген, мүмкін болса дала кезіп, үңгірге түнеп дуана болған әлдеқайда артық деп ойладым. Менің бір жаман жерім – ойым мен сезімімді іште сақтай алмай айтып қоям да, артынан опық жейтінім.
–Үңгірге барсаң, мен де бірге барамын, – деді Хауа.
–Онда адам жалғыз өзі өмір сүру керек, ойыңмен, рухыңмен жеке қалуың керек.
–Бір-бірімізсіз ешқайда да бармаймыз, біз – бір бүтінбіз.
Оның бұлай айтқанына ашуланам деп ойлағаныммен, шынында қуандым.
Ал қоғам жайлы, адамзат хақында айта берсең, жүрегің тіліне түседі. Осының бәрін Хауаға айтсам, ол бірден теріс айналып, «саясатта шаруам жоқ» деп шығады. Мен оған адамзаттың басындағы хәл бізге де қатысты, бәріміз бір тәндегі жасуша, қан-тамырлар сияқты екенімізді түсіндіре алмай дал болам.
–Айтқанда жүйкең жұқарады, жүрегің ауырады, одан бізге келіп кетер пайда бар ма? Қолымыздан не келеді? – деп мені ойландырып қояды. Шынында қолымнан не келмек, осындайда өзімнің соншалықты дәрменсіз, бар-жоғы белгісіз бір жұмыр басты пенде екенімді мойындауға тура келеді. Соған қарамастан әлгі перғауын тектес нәпсім – билік пен мансап, рахат пен ләззат аңсайды. Мына бір тығырықтан шығар жол іздейді. Үңгірге кеттің не, тауға, шөлге көштің не, Жер жүзі толған сынақ пен тұзақ. Жерде өмір сүрдің екен – уайым мен қайғы, соғыс пен ашкөздік, азғындық пен қатігездік, ғайбат пен өктемдік соңыңнан бір адым қалмайды екен. Бірінің ақысына бірі кіріп, шекараларын аттап-пұттап, жолындағысын қағып-соғып кететін өр кеуде адамдар – әпсанадағы басын қанша кессең де өсіп кете беретін жылан секілді, қайта дүние есігін аша бермек. Әлімсақта ондай пенделер болған, бола да бермек. Демек, мына жер бетінде тыныштық жоқ. Ал маған, ашығы, мені мен Хауа екеумізге тыныштық керек, тыныштық. Тыныштық табу үшін, еркіндік пен бақытқа жететін бір амал жоқ па. Енді қайда кетпек керек, нендей жол тапсам?
Тынышым қашып, таңдайым кеберсіп жұлдыздарға, Айға көз тастаймын, құдды бір мен іздеген сауалдың жауабы сонда жазылып тұрғандай. Аспан да кітап құсап ашылып, «әй, оқырман, мені оқы» деп тұрғандай-тын, тек қаріпі мен таңбасы бөлек. Сауатсыз басым аспан түгілі өзімді өзім түсіне алмай жүрген жоқпын ба. Зайыбыма жан дертімді ашып едім, ол тігіп жатқан кестесін доғара салып, ойланып қалды. Оның түріне бажайлап қараған мен іздеген жауабымды таптым-ау деуге сәл-ақ қалғам. Сөйтсем:
–Шетелге көшейік, сонда өмір сүрейік, – дейді ол маған салмақты түрде, шын айтып тұрмын дегендей тік қарап. Шетелге шығу қашаннан бергі арман-мұраты. Осы кезде оны бір шетелде қыдырту керек еді деп ойлап та үлгергем.
–Жоқ, адам бар жердің бәрінде қастандық пен аяқтан шалу бар. Адам жүрген жерде зұлымдық тағы бар. Оданда басқа жолын табайық, – дедім қабағымдағы әжім ұлғайып, оңға-солға жүргіштеген мен, тебіндеген сақалымды сипалап.
–Адам жоқ жер дейсің, басқа планетаға көшейік дейсің бе, енді! – Хауа мырс етіп күлді де тігінін жалғастыра түсті. Мен орнымда нажағай кеп нақ төбемнен соққандай қалшиып, қатып қалдым. Хауа мысқылдағанымен, осы бір ой менің басыма ерте келмегеніне қайранмын. Керемет идея! Көзім жайнап, қуаныштан Хауаны құшақтап, көтеріп алыппын. Ол сықылықтап күліп, жұдырығымен ет ауыртпастай ұрғылап:
–Жібер, жынды, құлатасың, – дегенімен дауысынан ұнап жатқанын, керісінше тағы да көтере түссе екен, айналдыра түссе екен дейтін тілегін аңғармау мүмкін емес. Тек сол шат-шадыман күлкісін шорт кескен менің бір-ақ ауыз сөзім болды.
–Басқа плантеға, адам жоқ жерге көшеміз.
Күлкісі жиырылып, рас па, өтірік пе, дегендей түріме бажайлап көз салды да шын айтып тұрғанымды байқады ма, бозарып кетті. Принтерде жазбаны сканерлеп шығатыны сияқты бір сәтке жүзін үрей жүгіріп өткен. Қолымнан шапшаң түсіп, кереуетке барып қисайды да, мақта жастықты шынтақтап:
–Сен кейде тым қиялшыл болып кетесің, – көзін терезе жақтауына, одан ары, шөккен тұманның сай-саланы, ағаш-теректі жұтып бара жатқан ындыны тоймас құмарпаздығына, мұнар үстінен төнген офис шамы құсаған күннің ақшыл нұрына көз тастады. Мұнымды бәрібір қалжың көрді де, ұршығын алып, жібін иіріп, кестесіне қайта кірісті.
Маған сенсін-сенбесін, бірақ осы ойымды жүзеге асыру үшін берілгенім сонша тыным таппай, аулада ары-бері жүрдім де қойдым. Шәрдің көкке бой түзеген менмен нысандарына көз тастап, мүмкін қателесетін шығармын деп тағы ойлап көріп едім, жоқ, сенімімде қылдай күмән да жоқ екен. Керісінше мына бір өгей қаланың суық болмысы жанымды қарып жүргелі қанша шақ. Таң атысы, күн батысы қоймадан шықпай басқа бір планетаға көшу туралы жоспарымның сызбасын жасауға кірістім. Қалам ұстамағалы қай заман, қолым шығып қапты – алғаш рет қалам ұстаған оқушыдай икемге келмей, ал жазғандарым балық құсап сусып, қаріптерім лағып барады. Не керек, шимайлай-шимайлай бір ретін де таптым-ау.
Түн баласы шатырға шығып алам да телескоппен жұлдыздарды, басқа да планеталарды барлаймын. Содан көрген, түйгенімді күнделігіме келіп жазам. Интернеттен, кітап-гезеттерден өмір сүруге қолайлы қай планета екенін зерттеп-зерделей бастадым. Айналып келгенде ең дұрысы Марс пен Ай боп көрінді. Хауаға айтып едім, ол маған «есі дұрыс па өзі» дегендей көз алмай қарап қалыпты.
–Бұл сандырағыңды әлі қоймадың ба?
Мен одан бұндай сөз күтпесем керек, көңіліме алып қалдым. Ренішім ашуға айналмай тұрғанда кетейін деп қоймаға қайта келіп, жұмысыма кірісе бастадым. Шынында басқа планета түгілі, басқа қалаға көшу оңай емес. Зымыран жасау былай тұрсын схемасын сызып, жол сапар ұзақтығы, кислородтың жетуі мен ауа райының қолайлығы, барлығын есептеудің өзі менің үш жарым жылымды сарқыды. Сақал-мұртым өсіп, тоз тозым шығып, арықтап кеттім. Менің бұл тыраштанғанымды көрген Хауа кейде жанашырлық танытып:
–Адам-ау, ең болмаса бірер күн жатып демалсаңшы. Ас-ауқат дұрыстап ішіп, ұйқыңды қандыр, сонсоң қайта істерсің, – десе келесі бірде бұлқан-талқан болып, ыдыстарды сыңғырлатып жуып, ашынып шыға келеді. Мен үнсіз оған не боп қалды екен деп көз қиығымды салғаным сол екен:
–Не жұрт құсап қол ұстасып киноға бармаймыз, соңғы рет паркте қашан серуен құрдық, айтшы? Әйтеуір, зымыран жасап шығам дедің де оның не бір қаңқасын істемедің, әлі қанша жыл қоймаңда қараң батады екен?
Оның тілі ащы. Ондайда жүрегім тілім-тілім болып кетеді. Сонда да оған кешіріммен қараймын, өйткені менде одан өзге жақын дос та, сырлас та қалмаған. Ал жалғыздан жалғыз ғұмыр кешу азаптың азабы ғой. Оған тек орман тағылары ғана шыдаса керек.
Байқаймын, шалбарымның белі кеңейіп, бұлтиған бүйірім арып, қабырғам саусақпен санарлықтай боп қалыпты. Сақал-мұртымды алуға уақыт қия алмадым. Шашым ол алба-жұлба. Кейде ауладағы дүкенге бас сұғып қалсам, мені көрген көрші-қолаң танымай, ал бөтен адамдар шошына телмірсе, балалар «жабайы» деп қашады. Түрім сонша ұсқынсыз ба деп айнаға кеп қарасам, былай жаман емес сияқты, өзіме осы келбетім ұнап тұр. Ішкі әлеміммен үйлесетін сияқты. Бұрыннан жабайылықты жаным сүйетін, тек соған жұрттың көзқарасы мен жұбайымның талғамы кедергі етін. Енді, міне, жан қалауыма байқамай жетіп қалғаныма өзім де таңмын.
Офисттік жұмыстан тарыққан кездерімді еске алдым: өзгеге кіріптар болған, қарапайым адамдығымды, жуастығымды қорқақтыққа, әлсіздікке балаған түрлі адамдардың мінезіне таңмын. Қолымнан келгенше қадір-қасиетімді жоғалтпай, тек ізгілік пен әділеттікті ұстанған жұмыр басымның ақырғы шешімі – өз үйі, Отаны – Жерден кетіп, тыншу таппақ. Қайтейін, енді, маған ұнамайтын, жаным жараланатын жәйт көп, ол аздай мені де өздерінің ой-түсініктері мен таптаурын жолдарында жүргенімді қалайды, пікірім мен ойымды сыйламайды. Ол аздай бар-жоғыңды да байқамайтын, байқаса бір зиянын тигізіп қалуға тырысатын мына пенделерден қашпасқа болмас. Осы іспетті ауру да, мұңды ойларымды жетектеп жүріп қоймамның бірнеше жылдың ішінде ғарыш кемесінің айлағына қалай айналып кеткенін өзім де байқамай қалыппын. Жоспарым бойынша ғарыш кемесі үлкен болған сайын көп орын алады екен, сол үшін де Хауа екеуімізге шақтап, сыятындай ғып құрастырмақпын. Әншейінде Хауа менің жұмыс орныма кірмейтін, анығы кіргізбейтінмін. Ол сондай қызыққұмар, байқамай бір тетікті басып бүлдіріп ала ма деп алаңдаймын. Соған қарамастан ол менің айлағыма келіп қоймамда жасырын күнделігімді оқыпты. Мен онысын мынадан білдім: ылғи күнделігімнің сыртқы бауын екі түйін ғып байлап кететінмін, ал бұл жолы бір-ақ бау түйін боп тұр. Бір жағынан жөн де шығар, басқа әлемге кетуге психологиялық тұрғыдан қазірден бастап дайындала берсін.
Хауа
Бала күнімнен гүлдерді жақсы көрем, қараған сайын көңілім көтеріліп, жаным тыныштық табады. Бірақ, мен гүлдерден де қатты жақсы көретін біреу болса, ол да – Адам. Көзі, жымиғаны, қамқорлығы әсем гүлдерді ұмыттырып жіберді. Мен оның құшағында сағаттап жата беремін. Оның құшағы – тыныштық мекені. Кеудесін соққылаған жүрегін тыңдап өңіріне бас қойып жатқанымда өзімді кіп-кішкене, ерке-тотай қыз құсап сезінем. Адам да алғашында мені көп еркелетіп, құшақтайтын. Ол қазір ғой, анау зымыраны мен сызбасынан қолы босамайтыны. Біз қол ұстасып жүргенде құс біткен ән айтып әуелей жөнелетін. Біздің арманымыз көп: таңды таңға ұрып қиялдағы дүниелерді айтып сағаттап отыра беруден жалықпайтынбыз. Ол сонда мені құшағына басып тұрып, «біз армандарымызға былай, – қолымды ыстық алақанымен қысып тұрып, – қол ұстасқан күйде жетпекпіз» дейтін.
Десе де, мен тұрмысқа шыққанда, той-томалақта тілек айтқан үлкен кісілерден бұған дейін де жүз мәрте естіген: «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген сөзінің мәнісін енді түсінгендеймін. Екеуіміз жиі шекісеміз. Ол көбіне далаға шығып кеткенімен ашуы тез тарқай қоймайды. Оны ызаландырайын демеймін, бірақ, менің жан дертімді естіп, бір сәтке құлақ түргенін қалар едім. Қит етсе болды мені кінәлап, ұрысып шығады. Ал мен не істесем де, барлығын біз үшін жасап жатқаным жоқ па! Осы айналдырған бес-алты жылдың ішінде басымыздан не өтпеді. Жақын деген жандар өсек астына алып, кем-кетігімізді теріп, аяғымыздан шалды, бір-бірімізді түсіне алмай жатқан кезде жығылған үстіне жұдырық болды. Ол аздай танитын-танымайтын жұрт бізді көрсе жақтырмайтындай жәйтке де тап болдық. Қызба байым бір күні: «Мына жұртқа не болған өзі», – деп шықты. Оның сол қызбалығы, мен қырсықтығынан ғой осындай әуе кемесін жасап жатқаны. Мен мұнысын жасап, аяқтап болады дегенге сенбеймін. Өйткені бұл мүмкін емес нәрсе. Қиял болған соң қиын да, түсінем, шаршап-шалдығып бір күні өзі-ақ қояды. Мен үшін бастысы – қайда жүрсек те дін аман қасымда болса болғаны, одан асқан бақыт жоқ.
Соған қарамастан біздің қарым-қатынас ушыққаны сонша ажырасуға шақ қалдық. Бір-бірімізді жақсы көреміз дегенмен неге екені жүз шайысып қала береміз. Одан кейінгі менің жанымды тырмалайтын тағы бір дерт – ұрпағымыздың жоқтығы. Қанша мәрте дәрігерге бардық, қаралдық, бірақ нәтиже жоқ. Құдайдың жазбасына не шара. Тәңір тағалам қаласа – бәрі болады. Мені жабырқатқаны ол емес, әсілі жұрттың өсегі мен сұрақтың астына ала бергені. Осының бәрі де біздің бақытты ғұмыр кешуімізге кедергі, сол үшін де Адамның «басқа планетаға кетейік», деп сандырақтап жүргені. Мына жер бетіндегі зұлымдықтар да қабырғасын қайыстыратыны рас. Сол үшін де ол адамдардың ешбіріне сенбейді, кісі баласын көрсе болғаны екі көше айналып жүреді. Пенделердің қатыгездігі мен азғындығын, соғыс өртінің тұтап, тынбай, керісінше өрши түскенін ести-ести жүрегі жараланған ол бір күні теледидарды сындырып, үйге келетін газеттерге жазылудан бас тартқаны бар. Wifi қолданса да тек, мына жұмысына қажеті үшін ғана. Сонда да мен оған білдірмей, түрлі бағдарламалар қарап тұрамын. Әсіресе, «Көреміз», «Астарлы ақиқат» деген сияқты. Бір рет тігін тігіп отырып, қайдан білейін екінті шамасында әншейінде үйге бас сұқпайтын ол кіріп келгенде, сасқанымнан орнымнан атып тұрып, «шәй ішесің бе» деппін ғой. Шоу шулап жатқан айпадты қалтыраған қолыммен өшіре алмай кібіртіктеп тұрғанымды көрген ол, қолымнан жұлып алып «мынау не» деді бетіме төніп. Білем, жан ауыртатын телебағдарлама екенін. Дәл сол сәтте көкек ана туралы боп жатқан. Құлағы шалып қалып қаны басына шапты.
–Бұл өзі қандай шеше баласын шетел асырып, сатып жіберген. Ал баласын айтсаңшы жиырма жыл өтсе де кешіріп, іздеп келіп отырғаны. Мен болсам іздемес едім, – деді де қайғырған көзін еденнен көтеріп, көзін алартып маған қарады, – мен саған айтқан жоқпын ба, адамдардың өміріне қатысы бар ешбір кино, бағдарлама бұл үйде көрілмейтін болсын деп.
–Сен түсінші, менің ішім пысады. Сен күндіз-түні жұмысыңмен әлексің, ал маған ермек қажет.
–Ән тыңда, серуен құр!
Сонымен біздің жәй басталған ұрыс, үш-төрт сағатсыз тынбайтын. Ол әдетте бұрылып кетіп қалатын, бұл жолы не кетпей, не қоймай қырсығып тұрып алғаны. Сен маған былай деп айттың, алайып қарадың, деген сыңайда түсіндірулер мен ақталулар арасында бір-бірімізді шаршатамыз. Жұмыс та, басқа да жайына қалады. Кешкі асты тұнжырап отырып ішеміз.
–Бізге жұрттың көзі тиді, – деймін татуласуға себеп іздеп. Ол да сорпаны сораптап отырып, қасығын қоя қояды да, маған мұңая көз тастап:
–Дұрыс айтасың, бізге тіл-көз тисе керек, сол үшін ертерек басқа планетаға кетсек, тату-тәтті өмір сүрерміз.
***
Мен осы айда тапсырысқа екі құрақ көрпе, бір перде, бірнеше жастықтың тысын тігіп боп құйрық басып отырғаным жаңа. Ендіге екі-үш күн өзіме демалыс арнамасам болмас. Жұмыс болмаса қиын екен, төрт қабырғаға қарай-қарай адам демалыстан да жалығады. Бүйткенше, тұрақты жұмысың болғаны қандай жақсы деп ойладым. Ал Адам болса олай ойламайды, оның түсінігінде: «Жұмыс – адамды негізгі ісінен алшақтатады». Бұл тақырыпта да талай мәрте сөз таластырғанбыз, әлбетте, ол әдеттегіше қолын бір сілтеп «сен жеңдің» деп кетіп қалатын-ды. Оған айлық алатын жұмыстан көрі, осылай ғылыми ізденісте, үйдің шаруасында, ол аздай тауда серуендеген қаттырақ ұнайды. Бірде, жүз шайысып қалып мен оған, «қыдырыстап тау, орман-көлге шыға бергенше жұмыс істемейсің бе», – деп айтам деп басым бәлеге қалды. «Кім қыдырып жүрген, біле білсең бұның бәрі мен үшін жұмыс, ізденіс. Мен құры жүрген жоқпын, шабыт іздеп, әлемді, сезімдерімді оқып жүрмін» дегені, шынымды айтсам, қазақша сөйлеп тұрса да кей-кейде мен оның бір де бір сөзін түсінбеймін.
–Сөзің де, ісің де түсініксіз. Осы басқа планетаға кетейік дегеніңе қарағанда, өзің сол жақтан келгеннен саусың ба, енді мені алып сол туған жеріңе апарайын деп жатқан шығарсың? – деймін ғой баяғы сөзбен тұқыртып, шымшитын әдетіммен. Ол да міз бақпай, баяғы әуеніне қайта басады.
–Рас, мен басқа планетадан келгем, сен де басқа планетадан келдің. Бәріміз де бөгде ғаламшарлықпыз.
–Қуа бастадың ба тағы, – деймін уфілеп, теріс айналып.
–Жоқ, өзің ойланып қарашы! Қайдан келдік, тоғыз ай анамыз жатырында бізді көтерді, шар тектес, кішкене планетаға ұқсас – ол да бір бөгде әлем. Оған дейін ше, рухымыз басқа әлемде өз кезегін күткен. Бұдан соң ше, өлеміз де, төмпешік боп, топырақ-ананың жатырында біршама жатып ары қарай басқа планеталарға көше береміз. Ауысып жатқаны тек мына киім-тәніміз ғана. Біз адамзат – онсызда бір жерде тұрақтап қалмайтын, көшпенді халықпыз.
Мен оның сөзіне, беріле айтқан түр-әлпетіне қарап ойланып қалдым. Шынында оның айтып отырғанында қисын бар сияқты. Бірақ, біз өмір сүретін қоғамда мұндай сөздерді есту біртүрлі, ерсі секілді.
Ол қайтадан күндіз-кеш қоймасына кіріп кетеді де, түн уағына дейін жұмыс жасайды. Кенет көзімді ашып терезеден қарасам көкжиек бозарып, тау сілемдері қатпарланып анық көрінеді, таң атып келе жатса керек. Сонда емен есігіміз сықырлап ашылды да, еденді шаршаған, ауыр, әлсіз аяқ аттады. Алба-жұлба болып, көзі қызарып шаршаған Адам кереуетке қисайғаннан қор етіп ұйықтап қалды. Адамды оятқаным жоқ, шаршап жүр, демалсын деп мазаламадым. Таңғы ас іштім де, қоймасына бас сұғып, ғарыш айлағын бір көрсем қалай деп ойладым. Оның үстіне оның жұмыс процесі маған қашан да қызық болатын. Тек өзі қасына жан баласын жуыта бермейді. Шәркей киіп шыққаным бекер екен шық тұнған шөп табанымды, башпайымды су ғып, қытықтап барады. Бірақ үстіме өзім тіккен көкірекше кигенім қандай жақсы болған, оңтүстіктен жел соғып тұр. Қойма ішіне енгенімде көзім атыздай боп шарасынан шығып кете жаздады. Шынында менің байым есінен ауысайын деген екен, ол расынмен де кіріскен екен. Компьютер құрылғылары мен мобильді экрандар. Батарейкалар мен тоқ бағаналарына орнатылған чиптер, аккумлятор қалдықтары – ыбырсып шашылып жатыр. Ал қойма іші-сыртына ғарыш кемесіне қажет арнайы қорытпалар мен композиттер сияқты жеңіл және берік материалдар үйілген. Адамның алдындағы айтуынша ғарыш радиациясына төзімді қорғаныс жабындарын іздеу үстінде болатын. Ал зымыранның діңгек қапталы құрастырылған. Кенет көзім үстел үстіне шашылып жатқан шегелердің қасында қоңырайған жазу кітапшасын аңғардым. Былғары түстес күнделігін ашып едім, енінен, ұзынынан сызылған сызбалар мен геометриялық есептеулерден түк ұққаным жоқ. Осындайда, өзімнің мектепте неге физика, математиканы жақсы оқымадым екен деген өкініш өзегімді өртеді. Келесі беттерді ашқанымда барып қана жазбасын оқи алдым. Ғарыш кемесін құруға арналған процесстерді сұқ саусағымды тістелеп тұрып, түсінуге тырыстым. Алғашқы тарауда жоба-жоспар қамтылған екен: корпустың пішінін, тіршілік етуге қажетті тамақ сақтайтын орын, аптечка, кислород, қозғалтқыштар мен басқа да компоненттер егжей-тегжейлі жазылған. Аэродинамикалық һәм ғарыштық талаптарды да ескерген. Сонсоң қайта күзгі жапырақ құсаған қоңыр дәптерге сиясының қоюы таусылуға шақ қалған қаламның ізімен көз жүгірттім:
«Кезекті процесс – құрылыс:
- Корпусты құрастыру технологиялары мен роботтық жүйелерді қолдана отырып жинаймын.
Энергетикалық және моторлық жүйелер:
- Күн батареялары немесе ядролық реакторлар сияқты тиімді энергия көздерін енгізу керек.
- Ғарышта қауіп туғанда бұлтарысқа керек қуатты қозғалтқыштар орнату басты мәселе.
Тіршілік етуге қажеттілер:
- Ауаны тазарту жүйелері, суды қайта өңдеу және ұзақ ғарыштық ұшуға арналған азық-түлік ресурстарын кіргізу.
Тестілеу:
- Кемені негізгі ұшуға дейін әртүрлі сынақтардан өткізу, соның ішінде вакуумдық сынақтар және ғарыштық ортаны модельдеу.
- Ауытқулар мен ықтимал проблемаларды анықтап, түзету.
Ұшуға дайындық:
- Сәтті тестілеуден кейін ғарыш кемесін ұшыруға дайындаймын.
- Біз де (Хауа екеуміз де) денсаулығымызды анықтап, қан қысымын реттеп дайындықтан өтеміз.
Іске қосу:
- Ғарыш кемесі орбитаға зымыранмен ұшырылады.
- Ол ғарыштық ортаға еніп, Марсқа қонады.
-Ал іске сәт!»
Төменге қолы, айы, күні қойылған. Хауа бұған дейін күйеуінің бұл тыраштанғанын ермек көріп, желігі басылған соң қоятын шығар деген еді, бірақ, мына жазба мен ғарыш кемесіне қажетті жабдықтарды байқап, құдды бір қазір ұшып кететін сияқты бойын үрей билеп кеткені.
Адам
Күнделігімнің бауын екі түйіп байладым. Өзімнің ойлағанымдай жұмыс орным жинақы болмаса іске кірісуім қиынның қиыны. Хауа күнделігімді оқығанын түсінген соң, негізі ашуланушы едім, себеп – әркімнің жеке заты, шекарасы болады, неге екенін бұ жолы еш зығырданым қайнаған жоқ. Керісінше, қуандым, соншама еткен еңбегімді бір адам болсын көріпті. Тіпті көрген кездегі әсері, түр әлпеті қандай болды екен деген таңданыс бойымды билеп алды.
Екеумізді жұлдыздары самсаған аспанға апаратын мына бір әуе кемесін абаттандыру жұмысына қайтадан білек сыбана кірістім. Кешке дейін тынбай еңбек еткенім соншалық басым зеңіп, желкем құрысып қалыпты. Арасында бір-екі жұтым су ішкенім болмаса аузым құрғап кеткеніне де мән бермеппін. Газсыз шие шырынын қылқылдатып ішіп алдым да, күнделігіме не жазатынымды топшыладым. Сонсоң, алдағы жопарларымды рет-ретімен тізе бастадым. Ары қарай жұмыс жасауға желкем жар бермей тұрғаны, одан да кешкі ас ішіп біраз демалайын, алдағы аптада екі есе жұмыс істеуге тура келеді, соған күш жинап алайын деген оймен, айлақтан шығып үйге аяңдадым. Үй мен жұмыс орнымның арасына барам дегенше көзімді аспанға қадап, терең тыныс алатыным, толғанып, ойланатыным бар. Мұндайда терезеден мені байқап қалатын Хауа: «Еш жерің ауырып жүрген жоқ па» деп менің басымды ұстап, қан қысымымды тексеретін. Бірақ, жалт-жұлт етіп, жұмсақтау тамшы құсаған жұлдыз бен ай сәулесі маңдайымда жарқырап, көкірек шерімді қозғайтын. Сол сәттен таудан ескен салқын леп, танауымды қытықтап, рухымда шөгіп қалған шаң-тозаңды сыпырып шығатындай. Міне, жүрегіме шұғыласын түсірген осы бір ашық аспан қай-қайда шақыратын да тұратын. Түс құсаған мына дүниеге қанша жерден жармасуға ұмтылған екі аяқты, жұмыр басты мендей пендеге зауза табиғат бір сәтке де тұрақтап қалмайтынын, сусып кететін, қол жетпес сағым екенін дәлелдеп баққандай. Ал мен бейбақ соны ұғам ба, қырсық мінезім, одан бетер жабыса түсем. Ал мына жалған дүние еркіндікке бола жаратылған ба дерсің, жапырақ тілімен, самал әнімен, өзіне тәуелсіздік сұрайды: «Мені босатшы, ей, Адам, қапсырып құшақтамашы, бәрібір де сен де, мен де мәңгі емеспіз. Жібере гөр», – дегісі келеді. Ал мен оны қалай жіберем, мен оны жақсы көрем ғой...
–Мені де, мына жұмысыңды, өмірді жақсы көргенің сияқты сүйесің бе? – деді Хауа шәй қойып жатып, не айтатынымды білсе де сұрақ көзбен қарағыштап.
–Бұл сұрағың артық, ауасыз өмір сүре аласың ба, дегенмен тең. Сен менің ауамсың ғой, Хауа! Тіпті атың да ұқсас: Хауа-ауа. – дедім тапқырлығыма тәнті болып, оң аяғымды сол тіземе қойып жатып. Оның жүзіне қан жүгіріп, дастарханды да ұшып-қонып жүріп жайып шықты.
–Қысқа қамданайық. Қияр, қызанақты банкіге жауып, киім-кешек алу керек дегендей. Күз болса қашық қалды.
Ойымда ештеме жоқ, тұшпараны шайнаңдап отырып:
–Қамдана бер, базарға барып керек-жарағыңды да алғын! – дедім, арасында кекіріп қойып.
–Ойбай-ау, оған ақша қайда!? Қаладан үй аламыз деп жинаған қаржы-қаражатымыз таусылды. Әрекетін жасап, жұмыс істемейсің бе? Әлде мына зымыраныңды қазанға қуырып жейміз бе? – оның дауысы ашынып келе жатқанына ма, әлде ашуым көтеріліп келе жатқанға ма, «тәйт» деп, қасықты үстелге бір ұрдым. Сосын ұйыған тыныштықты, тоңазытқыштың дырылын, сағаттың шықылын, көшедегі иттің үргенін тыңдап, дұрысы, миымызда жаңғырған өз дауысымызды, бір-бірімізге деген қарсылығымызды тыңдап отырдық. Сосын өзімді қолға алып, әлгі қасығымды жанан қасына түзеп қойдым.
–Түсінесің бе, мен біреудің қол астында жұмыс жасағым келмейді. Мен тек өз сүйген ісіммен айналысқанды жөн санаймын. Енді...
–Оның да жөн ғой, дегенмен, – деп сөзімді бөліп жіберді, – біз қалай күн көреміз соны ойладың ба? Баяғы жұмысың жап-жақсы еді ғой, айлығы да жеткілікті.
–Айтпашы, бірінен бірі өтеді. Мен саған мынаны айтайын, бұрынғы заманда құл иеленушілік болған, ол жойылды деп жатамыз ғой, аты ғана. Мемлекеттік қызметтер мен базбір компаниядағы жұмыстар сол құл иеленушіліктің заманауи түрі. Жылқыны заманауи түрде – темір тұлпар деп жатамыз ғой, сол сияқты. Қызметкерлер таң атысы, күн батысы – құл.
–Қалай? – деді жұбайым шекесін тырыстырып, қабағы шытылып.
– Солай. Халықтың хәлі қалай бүгінде? Жарымынан көбі кредитте, бірнеше қызмет қылады. Денінің үйі жоқ, болса да он, жиырма жылға пайызбен қарызға алған. Бала-шаға, отбасы және бар. Ал жұмысында жарытып ақша төлемейді. Аяқ-қолы маталып, осы бір тығырықтан шыға алмайды. Сонысын білген басшылар, байлар, үкімет оларды қажетіне жаратады. Қалаған уақытында жұмсайды, демалысында жеке шаруаларын атқартқызады. Ойын ашық айта алмайды. Қарсы келмейтіндерін тағы біледі, өйткені оларға шегінерге жол жоқ. Басыбайлы құл. Бастық бірдеңеге ашынса соның ақысын қызметкерден алады. Қызметкер – робот. Ол тіпті бастығы рұқсат еткенде ғана сөйлейді.
–Бұдан құтылудың жолы бар ма, енді?
–Оның жалғыз ғана жолы бар – жұмыстан шығу.
–Қойшы, сен де бір, – деді Хауа қолын бір сілтеп.
–Мен сондай құлдықтан құтылған адаммын.
–Иә, құтылдың, қарамайсың ба жағдайымыз нешік?
–Сен сәл шыда, зымыран дайын боп қалды, сонсоң құл иеленуші перғауындардан, жемқорлар мен жалақор, азғындар мен қанішерлерден, тирандардан біржолата қашамыз. Ойлашы өзің тек екеуіміз ғана, бір планетада, жаңғыз өмір сүрмекпіз, – дедім оның жұмсақ қолынан ұстап, мұңайған жүзіне тіктеп қарап, – әлемде тек екеуіміз ғанамыз, басқа ешкім де жоқ, сұлуым, Хауам.
Мен елжіреген сайын ол басын кекжитіп, қоян құсап үрке түсті.
–Не боп қалды?
–Мен қорқып тұрмын, Адам!
–Қорықпа, қасыңдамын, сәл шыда, – дедім арқасын күректей қолыммен сипалап.
ІІ
Адам
Көзді-ашып жұмғанша жылдарды ертіп айлар, күндерді сүйрелеп апталар сырғып кете бергені. Қауырт жұмыс істеген мен үшін мезгіл ауысымы еш білінген жоқ. Тек анда-санда жақтауының көк бояуы жарылып түсе бастаған терезеден мезгілдерді құдды бір картинаға қараған құсап бақылап отыратыным бар. Сонда ғана уақыттың көшіп, сағаттардың сырғып, қалың шашыма ақ түскенін байқаймын. Ал Хауа барған сайын жүдеп бара ма, қалай! Бұрынғыдай емес, анда-санда ғана жымиятыны болмаса көбінесе терезе алдында шексіз, шетсіз қар басқан далаға қарап отырады. Жүрегіңнің дүрісілі мен жүрісің ғана талып жететін мына түзде өз ойыңмен жеке дара қаласың. Сезімің мен ақылыңда жекпе-жек. Бұндайда өзіңнен артық дос, өзіңнен асқан дұспан әрі жанашыр да табылмайды. Аспанды аңсап, еркіндікке қол созған мен пақыр үшін қар жауғаннан, тұман түскеннен асқан бақыт жоқ. Шарықта, бұлыттардың қойнауында зүмәржат құсап жасырынған қар түйіршіктері менің сол бір қол созған арманымды аңсатып, жұбатқан болады. Шөп-шалаңға жерге тән барша иіс пен нәр сіңгені іспетті, қар ұлпасына көкке тән барлық жұпар сіңген. Міне, мына бір салқын да, аспан аңқыған жұпарлы ауа, қар түйіршіктерімен гүлденген кеңістік сонау бір қашықтағы аспан денелерін еске салдыра береді. Сәлем айтып келеді. Ұлпа қарға аспан, жұлдыздар сыйып кетті ме екен дейсің. Ымырт үйіріліп, иттер үріп, терезелерден түскен электр жарығынан үйлердің жайлылығы мен бейқамдығы көзге ұрады. Ал өзіңнің мазасыз тірлігің мен бітпейтін мына жұмысың әлдененің дұрыс еместігін айғақтай ма: жерде туған соң, осы планетаны үй деп білдің екен, осында өсіп, өлу керексің дегендей бір түйсік тыным бермейтіні тағы бар. Ондайда мен сезімнен бұрын санамдағы сыбырға, күнделігімдегі сызба-жоспарыма көп көңіл қоямын.
–Мен ешқайда да кетпеймін, Жерде тудым, Жерде өлем, – деп қырсықты жұбайым, зымыранның жүзден жетпісі дайын боп қалған кезде. Басында ашып айтпай жеме жемге келгенде айнып шыға келетін адамдарды жек көрем. Қаным қарайып, оған ренжіп қарадым. Ол көзіме тік қараудан жасқанып теріс айналып кетті.
–Бірге кетеміз, болды, нүкте, – зілді үн қаттым.
–Өтінем, қинамашы, – деді көзіне жас үйіріліп. Оның қаруы – көз жасы екенін білем. Алғаш үйленгенде соған алданып талай опа жеп, айтқанына көнгенім бар. Бұл жолы алдана қоймаспын.
–Мен бұның бәрін еріккеннен тұрғызып жатыр дейсің бе, екеуміз үшін, болашағымыз үшін. Жерге өзің аңдап қарашы, не қалды, не бар – соғыс пен надандық. Қаншама шақалақ тасталып, нешеме жетім жылап жатыр. Қарап отыра аласың ба, осыған? Жүрегің ауырмай естіп отыра аласың ба? Бейкүнә жандар озбырдың қолынан жан тәсілім етіп, ақысы кеткен қаймана қаншама. Үндемей, тіліңді тістеп, өтірік күле аласың ба? Жасанды жалаулар мен жаттанды ұрандарды тыңдап, көкірегіңді керіп, сен де солар құсап мақтана аласың ба? Бас бостандығың мен ой еркіңді, ең ұлы жаратылыс боп жаратыла тұра құл мен күң құсап өзгенің боданында, қабілеттеріңді көміп ғұмыр кеше аласың ба? Мұнда, аяқ аттам жердің бәрінде – Қорқыттың көрі. Қорқыт та ажалдан бекер қашқан жоқ.
–Ажалдан ешкім қашып құтыла алмайды, – деді басын ұстап, теріс қарап отырып.
–Білем, – дедім, – өлімнен қашқан кім бар. Мен өлімнен емес, әділетсіздік пен бодандықтан, арсыздықтан қашам. Адамдардың суайттығын санап тауыса алмассың. Егер осының бәріне шыдап, жоқ қала аламын, десең, еркің! Мархабат! Ал мен кетем, – ызбарланып айтсам да келісер деген үмітім басым. Бірақ ол жауаптан да қиын тәсілді құп көрді – үндемеді. Мені қинайтын кезде осылай жақ ашпай жүріп алатын. Үйден шығып айлаққа келдім де, компьютерді қосып зымыранның жай-күйін бағамдадым. Бітуге аз қалған. Бірден кеудемді үңірейген қуыс жайлады. Хауасыз бір жаққа кету дегенің еш мағынасыз боп көрінді. Ит ашуын тырнадан алады деп, қолмен тұрғызғандарымды жоям дедім тісім шықырлап. Ерегескенде тас талқан етіп, күлін көкке шығарам деп компьютер үстелінен бастамақ болып, бар күшімді жиып балғаны көтере бергенім мұң екен, әлдене кеудемді жібермей тұрып алғаны. Қаншама жыл жасаған бүткіл еңбегімді Хауаның бір сөзіне бола жоя салу қаншалықты дұрыс. Бұл космос кемесі мен үшін баламдай қымбат екенін түсіндім. Еңбегім мен жұмыстарымды обалсындым. Өзгелер білмесе білмесін, өз еңбегіңнің қадірін өзіңнен басқа бәрібір ешкім бағаламасы анық.
Сосын ашуымды тиып, әлі атқаратын жұмыстарымды топшылап, сараптадым. Әлі қаншама атқарар ісім барын ойлағанда бір жағынан шаршаған, бір жағынан қызыққан сезімді қатар сезінгенім қызық. Кетер-кетпесім Хауаға байланысты. Онсыз өмір сүру мәнсіз. Мейлі кетейік, қалайық бірақ мына бастаған ісімді қалайда аяқтауым керек деп жұмысыма кірісе бердім.
Хауа болса мені ала көзімен атып, үй шаруаларын үнсіз атқарып жататын. Екеуміз де қырсықпыз. Кейде менің аулада мықшыңдап ары-бері жүргеніме терезеден ұзақ көз тастап отырады. Ол менімен қанша жерден келіспесе де, қанша жерден ренжісе де бәрібір мені сүйетінін, менің қасымнан қашанда табылатынын ойладым да, жаным тыныш тапты. Терезеде маған ба, әлде сыртқа ма қарап тұрған оған картинадағы Макондаға қараған құсап ұзақ зер салып тұрдым да, қол бұлғап, қолыммен оны жақсы көретінімді ымдадым. Ол да әйнекті үрлеп буландырды да жүректің бейнесін сызды. Оның дидары күн құсап нұрланып тұрған. Ал аспанның терезесінен бұлт пердесін ысырып күн тығылып, күлімдеп ол да қарап тұр. Қай күнге көз тоқтатарымды білмей, дұрысы екеуінің жарығына жылынып, жұмысыма қайта кірісіп кеттім. Қайтара басқа планетаға көшу туралы сөз болған жоқ. Тату-тәтті өмірімізді бұзып алатын жанды жеріміз сияқты, тіс жармауға тырыстық. Мен сонда да жұмысымды тоқтатқам жоқ, ол да келісімін берген жоқ. Бірақ, түбі айналып осы сауалға тоқталатынымыз анық. Сол үшін бе, алыстан нажағайын қамшылап соғып, дауыл тұрып келе жатқандай жанымызда бір тынымсыз қорқыныш болатын.
Не керек, біз қорыққан күн де келіп жетті. Әуе кемесі ұшуға дайын, сақадай сай. Жеті жыл бойғы ұйқысыз, күндіз-түнгі еңбегім, ерік-жігерім, мақсат-мұратым бәрі осында. Мақсатыма жетіп, ой-жоспарымның артығымен орындалғанына қуанышым қойныма сыймай, алақайлап, бала құсап айқайлағаным, жерге жата қап айналғаным, не боп қалды деп, шошып шыққан Хауаны көтеріп алып, карусель құсап айналдырғаным, ол да қуанышыма ортақтасып менімен бірге би билеп, ән айтып қол шапалақтағаны, сенің қолыңнан келді ғой, деп мәртебемді өсіргені, Күннің де күндегіден ерекше жылу мен жарыққа тұнып, қуанышыммен бөліскендей айнала түгел бақ пен шаттыққа толып тұрғаны, тіпті бұндай күйді бала күнімнен бері енді ғана сезініп тұрғаным, бәрі бәрі де – ұмытылмас бақыт сыйлады. Мен өмірді де өзімді де, бүткіл жан баласын, қате-кемшілігіне қарамастан жақсы көріп кеттім. Осының құрметіне деп ауданнан жұбайыма гүл, дастарханға жеміс-жидек алып келдім. Ал Хауа болса түтін шығарып, шелпек, тоқаш пісіріп қойыпты. Сол күні біз үшін үлкен мереке болды. Адам баласы деген қызық екен, деп ойладым сонда, бәрі де өзіне байланысты екен ғой, өзі шаттанса – күллі жаһан қуанып тұрғандай, өзі қайғырса – бүткіл әлем қара жамылып жатқандай болатыны қалай. Мен сонда бұрыннан бергі ауыр ойларыма көз жүгіртіп қарадым да, осыншама күйінгенім дұрыс емес-ау, бәрі де мына рухымның шағылысқан айнасы шығар, мүмкін Хауаның айтқаны дұрыс болар, Жер бетінде қала берсек, жұрт құсап ғұмыр кешіп, түбі бақиға аттанармыз деп ойладым. Ал жат планетада кім бар дейсің, не туыс, не жекжат әрі дос жоқ. Ал жерде ше, бар болған күннің өзінде той-томалақта ғана болмаса қу тіршілік деп бір-бірімізді ұмытып кеткен жоқпыз ба. Қайткенмен де бір-екі күн аунап-қунап, көңіліміз сабасына түсіп, байсалды қалыпқа қайта еніп, өз өзіміге келдік. Енді әуелгі түйінге қайта оралдық: не істейміз? Тоқыма тоқып отырған Хауаға қарап тұрып қалай сөз бастарымды білмей, жөткіріне бердім.
–Айта бер, – деді ол бір кезде онсызда көкейіңдегіні өзіңнен бұрын сезіп қоятын сезімталдығымен, – бәрібір бұл мәселеден қашып құтыла алмайтын едік. Бір күн болмасын бір күні айналып келетін ек.
–Тыңдашы, – дедім, – мен үлкен жаңалық аштым, Марсқа қонатын екі адамдық әуе кемесін ойлап таптым, оны құрастырып шықтым. Бұл жер жүзіндегі таңғаларлық жаңалық. Біз бұл жаңалығымызды жұртқа жайсақ әлемдегі ең бай адамдардың санатында болатынымыз анық. Ал мен олай жасағым келмейді, бұл жаңалығымды қайманадан қызғанам. Адамзат бұны да соғысқа пайдаланып, өз мүдделеріне қолдана ма деп үркемін. Сол үшін де ашылған қазан – жабулы күйі қалғаны жөн. Ал менің жерде қалғым келмейді, бұл планетада менің жаным ауырады, түсінесің бе? Тоймас арын мен қатыгез құлқын бізді де жұтып тынбас үшін, ертерек қашайық. Бұл тақырыпта талай мәрте сөз таластырдық, өзің білесің.
Хауа қатты бір күрсінді де, тоқымасынан көз алмады.
–Тіл қатшы, қарғам! Бізде сол мәміле жоқтығынан ғой түсінісе алмайтынымыз. Тілдесейік, ойыңды айт! Мүмкін бір шешім табармыз, – дедім оны қалайда көндірудің жолын ойлап.
–Жақсы, – деді Хауа тоқымасын кереуеттің шетіне қоя салып, маған бұрылып. Көзінде махаббат та, сезім де, тіпті мұң мен қуаныш та жоқ. Тек аппақ қабырғаға қарап тұрғандай бейқамдық байқадым, – мен тұрмыс құрғанда етегіңнен ұстадым ба, демек сен қайда жол бастасаң – мен сондамын. Ізіңе ілескен жанмын. Бірақ, басқа ғаламшар деген, ол енді тым артық. Мен алғашында бұл жәй әуестігің шығар, мүмкін бала күніңде қанбай қалған бір құмарың болар деп ойлағам. Онсыз да сен талай істі бастап көріп, жарты жолға келгенде әуестігің басылып тастап кеткеніңе жүз мәрте куә болдым. Бұл да соның бірі шығар дедім, кедергі жасамадым, сөйтсем сен шындап кіріскен екенсің. Ал мен бұған дайын емес... тіпті қарсы едім.
–Хауа-а-а, – дедім де аһ ұрып, орындыққа кеп отырдым, дұрысы өзімді тастап кеп жібердім. Үстел үстіндегі тәттінің қағазын шықырлатып ұзақ ойланып қалдым. Жаным күйреп кеткендей, – сен сияқты мені ешкім қинамаған шығар, – дедім кәмпитті мыжып жіберіп, қағаздың сыртына шоколады жағылып, езіліп кетті. – Айтарға сөзім жоқ.
–Енді маған не дейсің? Мен өз ойымды айтып отырмын ғой.
–Өзің білесің, ал мен өзім-ақ кете берем, – дедім де есікті ашып, сыртқа беттей бердім. Нәзік дауыстың жаңғырығы талып естілді: «кейде бала құсап кетесің!».
Зымыранды сынақтан өткізіп көруге, бірнеше қосымша аккумляторды қайта орнатып, артық заттарды кабинаға тиеп, керек-жарағын жинауға тағы да екі-үш ай уақытым кетті. Күз де таяп, тереземе жапырақтарын лақтырады кеп, жолың болсын деп жатыр ма, әлде Хауа құсап мына ағаштар да қолын бір сілтегені секілді «кетсең кет» дегені ме, ол жағын біле алмадым. Бір білсем, мына ақырап айы жанымды құлазытып, әлдебір қимастықты ұқтырғандай. Өмірдің тәттілігін ұғындырған өлім сияқты – қара күз, туған жерің құсаған ыстық – жер жүзі, жаның тыныштық тапқан қабырғаң – Хауа, осының бәрін тастап кетем бе, деген жүрегімді езгілеген осы бір аурушаң ойларымнан ба, бас салып топырақты құшақтағым, еңіреп жылағым келгені. Бірақ, оның орнына мықшыңдап консервіленген азық-түлік пен қаншама жылдар бойы әр түрлі жемістер мен ағаш, көкөністерінің дәні мен тозаңын, тұқымын, аздап топырақ қосып апармақшымын. Міне, осыншама зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижесінде алыс сапарға аттанатын сәт те таяды. Қатты қорықтым, ұйықтай алмай, аяқ-қолым тоқ ұрғандай дірілдей беретін. Соны тындыру үшін қол-аяғымды үйкелеп, үрейден арылу үшін турникке тартылып, ақырып, жынды адамша секіремін келіп. Терезенің пердесін әнтек ысырып аңдып тұрған Хауа мені есі ауысқан деп ойлаған шығар, алайда бұл маған сондай көмектесетін. Мен үш ай бойы Хауаның менімен бірге бармайтынына өзімді сендіріп бақтым. Қырсықтық – ауыр дерт. Біз сол соңғы мәрте керіскеннен бері тілдескен емеспіз. Бір-бірімізге әлдене айту керек болса көзімізбен көзіміз түйіссе – жетіп жатыр. Біз көзбен ұрысып, көзбен кешірім сұраймыз. Барлық жазу – жабырқаған жанарымызда. Шынын айтсам Хауасыз ешқайда кеткім жоқ, бірақ, мінез деген қиын екен, ол да, мен де айтқанымыздан айнымаймыз.
Кететін уақыт келді. Бүткіл заттарымды тиеп, арнайы космонавт формасын киіп, жолға шыға бергенмін. Хауаны көзіммен іздеп үйге тағы бір мәрте қарадым, қарасы көрінбеген соң ішімнен қош айтып, әуе кемесінің айлағына ендім. Тағы бір тексерістен өткізіп, қайта бір қарап алдым. Сол кезде кеудемді үңірейген қуыс басып, жападан жалғыз бір планетада қайтіп күн кешем деген ой бойымды билеп алғаны. Одан бөлек мен Хауаны шын құлай сүйемін. Қимаймын... Соңғы рет, ең соңғы рет тағы бір көндіруге шақырмақ болып, есіктен шыға бергенім сол екен, оның маған қарай жүгіріп келе жатқанын аңдадым. Ылғи үйден жұмысқа шыққан уақытта бірдеңе ұмытып кетсем Хауа осылай жүгіріп әкеліп беретін. Ештеме ұмытпадым ба деп қалтамды қағып, қармап қоямын. Ал Хауа жақындай бере бірақ байқадым, бетін жас жуып, мұрыны қызарып, аққұба өңін қайғының қызыл дағы торлап алған екен. Құшағыма құлай кетті. Қапсыра құшақтап, ұзақ жіберген жоқ. Шынымды айтсам, ол қатты қысқаны соншалық ауа жетпей демігіп барамын.
–Болды енді, жылама! – деймін құшағынан шығуға ұмтылып. Ал ол болса мені не жібермейді, не тілге келмейді. Көзін тарс жұмып алып үнсіз жылап жатыр. Жаным ашып кетті, терлеп кетсем де көндігіп амалсыз тұра бердім. Бір кезде шыдамымның шегіне жетсем керек:
–Өтінем, жіберші, қысылып кеттім, – дедім оны сәл итеріңкіреп.
–Жоқ, – деді ол сонша үнсіздіктен соң, – кетпеші, өтінем, кетпеші.
–Кетпегенде, енді... – дедім басымды қасып, ішімнен сонша жалынып тұрғанда қала салсам ба деген ой да келді, көңіліне қарағыштап жуасып қалдым. Бірақ, сонша жыл бойғы жоспар мен арманым әдіре қалайын деп тұр. Сезім әсерінен тез суырылып шықтым.
–Сенен ешқайда да кеткім келмейді, өзің ғой ілеспей жатқан. Енді мен не істейін, асыл мұратым осы болған соң.
–Мен де барамын, – деді кенет шарасыз нәзік үн. Шалыс естіп қалдым ба дегендей құлағымды тосып:
–Рас па, қане, қайталашы, – дедім. Ол тағы қайталағанда төбем көкке бір елі жетпей қуанғаным-ай. Бағанадан бері мазмұн-мағынасыз болып көрінген басқа планета, енді, міне жадырап-жайнап, қызық көрініп шыға келгені. Сосын сапарымыз тағы бір аптаға кешеуілдеді. Өйткені мұндай ауыр жолға шығу үшін бір апта алдын денсаулықты дайындап, ішетін дәрілерін ішіп, қан қысымын бақылауда ұстау керек деп шештім. Өзім бір апта бұрын әзірленгенім сияқты, Хауа екеуміз бұл аптада да бірге қамдандық. Жаттығу жасап, барлық ем-домын қабылдадық. Сөйттік те көзімізді тарс жұмып, әуе кемесімен зымырап көкке ұштық та кеттік...
Ал үйіміз сол қалпы соңымызда қарайып қалды, үйіміз айналасындағы ағаш-теректер қол бұлғап тұрған жолаушыдай желге тербеліп тұр. Қара шаңырақты сатпадық, себебі мұнда әуе кемесінің айлағы бар. Алда-жалда қонақ боп келіп жатсақ, әйтеуір бір сақтанудың тағы бір жолы, яғни Б жоспарым. Қажетке жарап қалар деген бақай есеп. Енді зымыран зымырап көтерілгенде кеудемізді ауыр зат басып тұрғандай, ұйықтап жатқанда бастырылып қалатының сияқты болады екенсің. Тыныс алуымыз қиындап, көзіміз бадырайып, уайыммен бір-бірімізге қараймыз. Сақтық белгісін жақсылап байлап алғанбыз. Тек қолымыз бос. Қасымда отырған Хауаның қолын қысып ұстадым: мұным – қорықпа, тәуекел ет, дегенім еді. Кенет орбитаға шықтық та зымыран артық қалдықтарын лақтырып тастады. Бас көлеміндей терезеден жер жүзіне көз тастадық. Екеуміз де аузымыз ашылып, таңданыспен қарап қалыппыз.
–Жер дегенің мына ғалам-бағындағы ең әсем, ең сұлу гүл яки жеміс пе дерсің!
–Шынында жердей сұлу планета әлемде бар ма екен, – деп Хауа да таңдай қақты.
–Қош, – дедім көзім жасаурап, – ыстық та, жатбауыр Отаным. Саған қайта айналып келер күн қашан келетінін білмеймін. Әзиз топырағыңнан жаратылған мен бейбақ, сенен алыстап, жат жерді мекен ғып барам. Жатырыңда өскен мені қағынған деме, кіндігімнен ажырап, ұзақтап барам. Қайтем, енді, өзіңді қалай жақсы көрсем, солайша – жаным ауырады. Сенің үстіңде кердең басып жүрген жұмыр басты біз-пенделер не істемедік!? Жер-жеріңді жаралап, ядролық бомбалар жардық, жүзіңді мүрдеге толтырып, тамырың құсаған өзен-көлді қанға боядық, орманыңды өртеп, сай-салаңды қоқысқа толтырдық. Жерің жетпестей таласып, өзгенің шекарасына сұғындық. Сенің үстіңде ғайбат сөйлеп, күпір айттық. Соған қарамастан өзімізді сенен жоғары санадық. Ауаңды ластап, түтіндерін түтеткен зауыт-фабрикалар тұрғызып, қойныңдағы қазба-байлықтарды тонап, оларға тағы таластық. Жандылар уланып, теңіз жануарлары қырылып, жазықсыз қаншама жан қасірет шекті. Мен де сол екі аяқты жұмыр басты пендемін. Мен де тайраңдап, үстіңде кісімсіп жүрдім. Ал шынында сенің биік екеніңді мойындаған жоқпыз. Сайрандап жүріп сағатымыз таяп қалғанын байқамай, алдыңа кеп жығыламыз. Былыққа белшесінен батқан тәнімізді жатсынбай, сонда да құшағыңа басатының қалай. Біздің тән сенен туған, саған қайта оралмақ, солай топырағыңа сіңіп, бір бөлшегіңе айналудамыз. Ал менің мына жүрісім не – жатбауыр атанып, су ішкен құдығыма түкіргенім бе? Аталарым Адам мекендеген бұл мекенде неге қала алмаймын, үрім-бұтағы мен тұқым-тұяғы бәрі осында, неге енді мені мен қатыным екеуміз соқа басымыз сорайып жалғыз кетіп барамыз. Сол қадірлі бабалардың бізге аманаттаған жері, мүкәммалы осын жер емес пе еді. Енді мен пақырды қара басып, не боп қалды!?
Пейіліміз тарылып, құлқынымыз артып, арынымыз ашылды. Өзіңе тартқан түп болмысымыздан тайып, азып кеттік. Сенен үйренген ізгілік пен кіршіксіздікті сезінбейтін болдық. Біз қаншалықты тентек болсақ та, мейірімді ана құсап сен бізді кешіресің. Әке болып қамқорлық танытасың. Уа, Жер, біздің тұрақтайтын жанға жайлы баспанамыз, мына шексіз ғаламда біздің кемеміз, көлігіміз. Ырзығымыз да, берекеміз де сенен. Ал біз ше, не істеп жатырмыз: осыншама аста-төк дастарханның ортасында тұрып жатып, кедейлерді бір жаққа ысырдық, мұқтаждардың ырзығын аузынан жырып алдық, дәреже мен мансап, ресми құл-құтанды ойлап тауып, өзімізден төмендерге мұрын шүйіре қарап, оларға не сөйлесең де, не істесең де бола береді деп басыбайлы жекеменшік қылып алдық. Жетім мен жесірлер, қарттар мен науқастар, жазықсыз қаншама жандардың мекені болған алып үйдің бір бұрышын көпсініп, тар аясынвң өзін пұлдадық. Зұлым да, сотқар адамдардың арасында, қаншама жан тілгілейтін уақиғаларды көріп тұрып жаным ашығаннан, жүрегім ауырғаннан, әлде менменшіл, өз басымды күйттегеннен бе – сенен, аяулы да қадірлі топырағым, туған жерім кетіп барамын.
О, Жер, сонда да сен бәрін де бәрін көтеріп, бізге бесік болып тербеліп Күн жүйесін, ғаламшарды айналып жүре бересің. Біздің жылаған жанымызды, күйінген қалпымызды көріп әлдилеп: «әлди-әлди ақ бөпем, жылама енді, жат көкем» деп, жұбатасың. Сен сондай мейірімдісің. Жақсылығыңа жамандықпен тас атып жатқан кей жамандардың бірі менмін. Соның бәріне үнсіз қарап отыру маған ауыр. Ең болмаса бір зұлым адамға, күнәһарға жер беті кеміп, сәл де болсын жеңілдеп қаларсың деп көшіп барам. Сен Жаратқанның ең ғажап жаратылысысың. Мен сені сүйемін Жер! Сенің тәніңді де, жаныңды да жараладық. Опасыз болдық! Кеше көр!
–Не ойланып кеттің? – деді терезеге телміріп отырған маған. Хауаның жүзіне қарасам, жүрегі өрекпіп, не болады енді дегендей уайым қылып отыр екен.
–Жәй... өткен күндерді ойлап кете беретін жаман әдетім.
–Бәсе, мұңайып кетіпсің.
–Сен де уайымдай берме, бәрі жақсы болады. Мендей капитанның соңынан ерген екенсің, жаңа тәуекел мен тың белестерге дайын бол! Қанша жерден дауыл тұрса да, боран соқса да, сені қиындыққа қалдырмаспын. Бастысы қасымнан табылғайсың, – дедім де әуе кемесінің рөлін мықтап ұстап, картаны қосып қойдым. Біз тұрған жер мен Марсқа апаратын жолдың навигаторы шыға келді де:
–Тіп-тік жүре беріңіз де 2000 километрден соң оңға бұрылыңыз, – деді робот, – байқаңыз, 300 километрден соң метеорит құлап келе жатыр.
Дереу кемені оңға қарай бұра бастадым. Айнала ғажап, жұлдыз біткен жақындай ма десем жымыңдап одан бетер алыстап бара жатқандай. Ал соңымызда қалып кеткен Жер де қашықтап, анамның мұңайған қарашығындай мөлдіреп тұр. Одан алыстау, ажырау неткен ауыр еді. Кеудемді кернеген қимас бір сезім бар. Өзімді құдды бір тоғыз ай ана жатырында жатып, енді туған, кіндігім кесіліп, тіпті білмес, танымас әлемге қадам басып жатқан шақалақ құсаймын.
Несін айтасың, сапар адамды қажытып, күш-қуатын сарқиды. Кезекпен көз ілеміз. Ауқат ішіп отырып терезеден аспан денелеріне зер саламыз. Шынында, бақшада серуен құрып жүргендей күйде боласың. Айналамыздағы планеталар бүр ашқан жеміс пен гүл сияқты.
–Анау тұрған Мессье-51 шиыршықты галактика Жерден қашықығы – 28 млн жарық жылы. Жетіқарақшының жанында тұр, – деймін астрономиядан хабардар екенімді білдірген болып.
–Ал анау біреу ше? – дейді ол «мынау не, ол не» дейтін баладай еркелікпен.
–Ол ма, ол – Құс жолы, тұйықталған шиыршықты галактика. Оның жұлдыздық табиғатын алғаш байқаған Галилео Галилей деген ғалым.
–Анау ше, күн батардағы бұлт сияқты қызылшоқтанып жанып тұрған?
–Ол – Үлкен Магеллан бұлты, қызыл-көк жұлдыздардың жолағынан пайда болған галактика.
–Сенің осы білмейтін дүниең бар ма?
–Сенің жан-дүниең, – дедім әзіл-шыным аралас, – әйел жаны ғұмыр бойы зерттесең де жаңалығы бітпес, жұмбаққа толы ғылым ғой.
–Олай болса мен де мынандай жұлдыздың бірі болғаным ғой, – деді риясыз еркелей жымиып.
–Жоқ, сен жұлдыз емес, ғаламның нақ өзісің!
Осылайша жұлдыздар-бақшасын тамашалап отырып қайта-қайта Хауаға назар аударамын, оның әсерін, көңіл-күйін бағатын әдетім ғой. Ол «мәссаған» деп таңырқаған сайын мен марқайып мәз болам. Енді ше, бұның өзі бір романтика. Қаншама арулардың қол жетпес арманы. Ал біз болсақ жұлдыздар бағын қол жетер-жетпес жерде аралап келеміз. Оның көңіл-күйі көтеріліп, шаттанып шыға келді. Ол бақытты болғанда неге екені, мен де бақыттымын, жаным тыныш. Ал ол мазасызданып, ашудан түтіккен сәтте үйдің де, жанымның да берекесі қашады. Түсінбеймін, бір-біріміздің көңіл-күйімізді бір-бірімізге байлап қойған бұл нендей байланыс. Мен жабырқап жүргенде ол да шаттанған емес. Бүгінгі сыңғыр күлкісі, еркелеп қойныма тығылғаны, балаша әр нәрсені бір сұрап, өтірік өкпелеп бұртиғаны – кейін қартайғанда, естен кетпес тәтті естеліктерге айналарына кәміл сенем.
Жалғанда бақ пен сор, бұлт пен күн қатар алмасады емес пе? Хауаның қуанышы көп көрінді ме, қырсыққанда біз қонақ боп, жоспар бойынша келуіміз керек болған, жұрт айтып шулап жүрген мына Марс планетасының орбитасына енбек түгілі жақындай алған жоқпыз. Шарық пен Марс арасында көзге көрінбейтін перде бардай. Еніп енді келе жатсам құйынды жел кеп соққанда кемеміз шайқалып, қирап қала жаздады. Тізгінді қолыма әзер тұттым. Екінші рет тағы көріп едім құм түйіршіктері боранмен қатар соғылғанда аулаққа ұшырып әкетті. Біттік, құрыдық, деп ойладым. Құдай қолдап, дер кезінде рөлді жоғарыға бұрып, қашып үлгердім. Жүзім бозарып, қорқыныш пен ашу келбетіме суретін салып жатты білем. Мұндайда мен кісі баласының бетіне қараған емеспін. Хауаның да хәлі нешік екенін сезем. Аман-есен бұл сынақтан да өтіп, ендігі Марсқа қашықтан қарап тұрдық. Күйініп тұрмын. Соншама жыл дайындалып, қаншама қажыр мен қайратты жұмсағанда жеткен жеріміз осы ғана ма деп. Мен бір нәрсені дұрыс есептемедім, мүмкін бұл планетаға кіретін қақпа болуы керек шығар. Мүмкін, дәл мезгілінде келмеген болармын. Енді қайттік, басқа зерттеген планеталарым жоқ. Ай көршіміз болса онда тұру мүмкін емес. Санам санға, ойым онға шашырап рөлді ұрғылап, аһылап көзімді жұмып жаттым. Бәрінен де жаныма бататыны Хауа осындай сәтсіздігімді бетіме баспаса екен деген үміт етін. Ол мысқылдап, келекелесе немесе ашынса тіптен күйреп кететінімді біліп тұрмын. Көзімді тарс жұмып алсам да жұлдыздар арасында – жауған қар ортасында шаңғымен сырғанап бара жатқан сияқты ұшып бара жатқаным елестейді. Не істеймін, енді, деймін көкірегім қарс айрылып. Жылы да жұмсақ саусақ келіп иығымды сипалады. Содан кейінгі нәзік үн құлағымды қытықтай сыбырлады.
–Мен саған сенемін, өтінем, бұлай таусылмашы!
Хауаның жүзіне қарадым, көзінде үрей мен қатар үміт те ұштасып тұр. Мынандай сөзінен кейін қайдан, қалай екенін қайдам бойыма күш құйылып, ерік-жігерім оянғандай дереу өзімді қолға алдым.
–Үйге қайтамыз ба, – деді дауысы жарықшақтанып рөлді бұрып, газ басқанымда.
–Жоқ, тұруға жарайтын басқа планета іздейміз, – дедім жаңа бір тәуекелге бел буып. Ол үндеген жоқ. Бір нәрсеге келіспегенде немесе ұрысымыз ушығып кетеді деп қорыққанда осылай үндемей қалатын.
Құс жолы Жібек жолы құсап созылып кесе көлденең алдымызда жатыр. Тоғыз жолдың торабы – қайда барсақ та әйтеу алдымыздан кездесетіні алып планеталар. Жерден қатты алыстап кеткеніміз соншалық, ол – иненің жасуындай ғана боп қалды.
–Қарашы, – деді Хауа, – Жер тарының түйір дәні құсап кішірейіп кетіпті. Сенесің бе, біз сол планетада тұрдық.
–Байқап келемін, – дедім қайта көзімді Жерге қадап. Сол сәтте бұрқ-сарқ етіп көкірегім қайнап жатқан.
–Жер сондай кішкентай болса, біздің өзіміз қандай болғанбыз сонда. Ал сенің әлемді өзгертем деген тұжырымың ше? – деді әйтеуір күніне бір рет тиісіп қалатын әдетімен. Мен мына көрініске қарап отырып сол сөзімнің бұрыс екендігін амалсыз мойындасам да, Хауаға бет бақтырғам жоқ.
–Өзгертем, көресің! Мұның барлығына мен бей-жай қарай алмаймын. Көрмейсің бе, қайда кетіп қалғанымызды, ғарышта жүрміз.
–Сен эгоистсің!
–Білем!
–Жердің өзі жұтылып кететін әлемде біздің бар-жоғымыз да білінбейді екен. Құмырысқа илеуі дейін десең мынандай көріністен құмырысқаның өзі үлкен көрінеді ме, қалай. Құданың құдіреті, тарыдай жерге қаншама тағдыр мен тіршілік иелерін сыйғызып қойған.
Үндегем жоқ. Не айтайын, Хауаға айтар қарсы уәжім жоқ. Паңданып, барлық дүние аяқ астымызда тұрған сияқты, танауымызды көтеріп жүретін біз пенде осы бір аспанға қарауды, мына ғаламға көз жүгіртуді, өзіміздің сондай кішкентай, әлжуаз екенімізді ұмытып кеткен сияқтымыз. Хауа жөн айтады – бар-жоғымыз білінбесе де бір қолымызда күн, бір қолымызда ай тұрған сияқты әрекет қыламыз ғой. Астамсып сөйлейміз, қолымызға билік тисе қалағанымызша үкім беріп, тойымсыз арынымзды күйттеп, тіпті өзімізді құдірет көріп кететініміз ше. Әй, сондай тозаңдай, зәрредей біздерге соншама тәкәппарлық қайдан жұққан. Қаншалықты кішкене болсақ та зиянымыз неге сонша аста-төк. Неліктен, өзіміздің шарасыз екенімізді мойындамаймыз. Мына алып планеталар мен аспан шырақтары, жұлдыздар – біздерге ашылған алып кітап, өзімізді тану үшін, өзімізді оқытатын шағылыс іспетті. Бұл тұжырымдарымның дұрыс-бұрысын білмеймін, бірақ сонша ұзақтан қарап тұрып көкейімде қылаң берген ой – осы болды. Әрі менмұндалаған Жер шары қаншалықты кішкентай әрі нәзік болғанымен, соншалықты сұлу да әрлі планета екеніне көзім жетті. Мына құрғақ та шөлейт алып планеталар қанша үлкен болғанымен соншалықты жансыз, жалғыз. Соған қарап мән-мағына көлемге жасырынбайтынын ұқтым: адам да – кішкене болғанымен жер құсап сұлу да әсем бола алады, әрі алыппын деп қанша кеуде соқсын – су жұқпас мына Юпитер құсап шөл қалпында қала алмақ екен, деген пікірлер санамда сызбасын салып жатқан.
–Мына ғалам – бірі ішіне бірі жасырынған көп есіктері бар зәулім сарайға ұқсайды. Есіңде ме Түркияға барғанда сәулет өнерімен абаттандырылған Патшалардың сарайына барып едік қой. Таңдай қағып. Маған сол елестеп тұрғаны.
–Қабат-қабат қапталған кітапқа, киімді бірінің үстіне бірін киген адамға да ұқсайды: Жер түгілі мына ғаламшардың өзі де өзінен мың есе үлкен галактиканың ішінде екен ғой, демек бұ ғаламшар болса әлгі тозаң құсамақ. Ал ол галактикада біздікіндей нешеме ғаламшар тағы бар. Ал ол алып галактика тағы басқа бірінің жатырында, онда да нешеме өзі сияқты ғаламшар бар. Осылай жалғаса бермек. Біздің айтып жүрген жеті қат аспанымыз – осы.
–Адам қайда қалды онда?
–Білмеймін...
–Ертегі ме дерсің...
– Жаратылыста зерттеліп болмаған нешеме сырлар тұнып тұр. Ал біздің ғұмыр шектеулі, уақыт санаулы. Осыншама ғаламшар бір ғана ғаламды түсіндіру үшін жаратылған сияқты мен үшін.
–Ол қайсысы?
–Ол тозаңдай кішкене адамның ішіндегі, ғаламдай кең – жаны. Міне, мына шексіз космостың барлығы сол бір жанның мәнін ашу үшін жаратылған мазмұнды кітап.
–Сен кейде пәлсапалық тұжырымдарға көп тоқталасың. Кім білсін, сөзіңнің жаны бар шығар!
–Кейде ойлаймын адамның жаны да бір ғаламшар болса, демек біздің де жан ішінде нешеме планеталар бар шығар деп. Кім білсін, біздің ішімізде де жер сияқты мекен бар болып, онда да тіршілік иелері ғұмыр жасап жатқан болса ше. Немесе біз дәл қазір өзіміз сияқты бір адамның жанында серуен құрып жүрген шығармыз.
–Мұның артық енді, – деді Хауа қолын бір сілтеп, – бояушы бояушы деген сайын мұртын бояпты деп.
Бұл сөзі мен әрекеті көңіліме тиіп қалса да, білдірмеуге тырыстым. Жолдан көзімді алмастан самғап келеміз.
– Мен енді ойлай беремін ғой, өзің білесің.
–Шыли қияли болмашы, бір күні жынды болып қалсаң ше. Ал сен маған кәртейген кезде де керексің, – деді де қолтығыма кіріп, мысық құсап жатып алды. Қатты қуандым. Оның осындай тосын қылықтары ұнайтын. Әрине тосын дөрекіліктерін айтпағанда. Не дегенмен мына жалған дүниедегі ең үлкен нығымет, жаның сая табатын, ең әсем де көркем жаратылыс, ол – жан жарың болса керек.
–Қайда бара жатырмыз, – деді көзін сығырайтып ашып.
–Жерұйық іздеп барамыз.
–Табылады деп ойлайсың ба, ал егер табылмаса ше?
–Үміттенем, сенем, – дедім сөзімді айғақтағандай жылдамдықты үдете түсіп.
Айлап ұшқан шығармыз. Шаршап-шалдықтық, тез арада қону керек. Бірақ, қайда қонасың, бір де бір тіршіліктің нышаны жоқ. Ал біздің сүйікті жеріміз, отанымыз көзге көрінетін емес. Тым алыстап, қашықтап кеттік. Хауаның жүйкесі сыр бере бастаған. Ол әншейінде қасымда отырып қайда келе жатқанымызды барлап, жұлдыздарға зер салып отыратын еді, бұл жолы маған өкпелеген құсап артқы орынға жайғасып, кітабын оқып, кестесін тоқып жата берді.
–Мына жұлдыздардың, – дедім, – Күннен жүз есе үлкендері де бар, елестете бер. Әттең, оған бармақ түгілі жақындай да алмаймыз. Негізінде, жұлдыздар – періштелердің үйі деседі. Әйтпесе, періштелерге қонақ боп қайтар ма едік.
Тым-тырыс. Тек кітап парақтарының ашылып-жабылған сытыры ғана естіледі. Қайта оны мазалағам жоқ. Осыдан бір ай алдын алыстан аппақ сәуледен туып жатқан сан түрлі планеталарды көрдім, ғаламның жатыры деп ойлаған ем, ал қазір дәл алдымда планеталардың қабіріне айналған қара құрдым қалғанын жұтып жатыр. Өлім мен өмірдің нышанындай. Бұл маңнан дереу кетуге асықтым. Кенет жолақты көкшіл сәулелер шашыраған ызғырық па, боран ба әлдене бізді сүйрелеп әкетті. Даңғыр-дұңғыр еткен ғарыш кемем әне-міне қирап қалатын шығар деп ем, жоқ, шыдап бақты. Хауа да жанұшырып қасыма жайғасып отырды да:
–Не болды, не болды? Бәрі дұрыс па? – дейді көзі шарасынан шыға жаздап, - қайда тап болдық, Құдай-ау?
–Тыныш отыршы, – дедім ақырып, өзім кемені басқара алмай тұрғанда оның кедергі келтіргені жүйкеме тиіп кетті. Құдды бір таудан етекке сырғанап бара жатқандай, кеме өзімен өзі құлдилай жөнелді. Қанша тізгіндеп бақсам да көнетін емес. Құрыдық, біттік деп ойладым. Сосын барып, құсып жіберген құсап бізді сыртқа теуіп кеп жіберді де қайтадан шексіз де ұзақ кеңістікке тап болдық. Сонда ғана барып түсіндім, біз екінші қат аспан, біздікінен мың есе алып ғаламшардың ішіне енген екенбіз. Бір жағы қуаныш, бір жағы зәре-құтым қашып алдыға беттеп барамыз. Балаша қызығушылығым және қалмаған. Айналама таңданыспен қараймын.
–Мына ғалам мүлдем басқаша ғой, қоңырайған түсі мол ма, қалай?
Сонда ғана барып есіме сақ ете қалғаны, қайдан оқығаным нақты есімде жоқ, бірақ бұл жақтың уақыт өлшемі біздікінен мүлдем басқа. Тіпті, бұл жақтағы жүз жыл жердегі бір сәт қана болуы мүмкін, немесе керісінше. Тағы бір қорқыныштысы – бұнда уақыт көшуі де ықтимал. Болашаққа яки өткен шаққа алып кетуі де ғажап емес, деп ойладым көзім шатынап, үрейден қалш-қалш етіп.
–Біз сонда кейін жерге қайтатын болсақ мүлдем басқа кезеңге тап боламыз ба, – деді Хауаның дауысы бұзылып. Сонда барып қана ойымды дауыстап айтқаным есіме түсті. Амалсыз басымды изедім. Хауа бұртиып, теріс айналды. Бір қарасам пыс-пыс етіп жылап жатқан үні естілді.
–Жыламашы, енді, бір мәнісі болады, – деймін жұбатқан болып, – мен енді көріп тұрсың, қолымнан келгенін жасап жатырмын.
Күз кешінде тынымсыз жауын-шашын жауатыны секілді Хауа да ұзақ жылады.
Хауа
Адам ғарыш кемесіне мініп кетуіне шақ қалғанда, кеудемді қоса жұлып өзімен бірге әкетіп бара жатқандай болған. Онсыз өмір қараң қалатын сияқты. Онсыз жер бетінде, миллиардтаған адам ішінде өзімді жападан жалғыз сезінетінім кәдік. Мен оған өмірімді аманаттап, етегінен ұстадым екен енді неге кеп жалтарамын. Оның арман-мұратына не себепті кедергі келтірмекпін деп өз-өзімді жазғырдым. Перденің шетін ақырын түріп, тынымсыз жүрісін аңдып тұрдым. Бір кезде бойымды ашу қысты: қалай ғана мені тастап кетіп бара жатыр, қалай дәті барады. Кетпесе одан әрі деп қырсығып, ұршығымды алып тігінімді тіккен болып отыра бердім. Ол болса заттарын жинап әлек. Шынымен кетіп бара ма!? Маған көңіл де бөлмейді, көз салмайды. Жүрегім езіліп кетті. Ол мені сүймейді екен деп ойладым. Мүмкін біреуі бар шығар, қой, мүмкін емес, өйтсе ол басқа планетаға кетпейтін де еді, маған жүрші деп жалынбайтын да еді. Төрт қабырға тарылып, өкпемді қыса бастағаны. Әлде, Адамсыз ғұмырды елестеткенімде жер-көкке сыймай кеткенім бе, не екенін білмеймін, әйтеуір үй жиһаздары көз алдымда үлкейіп, қорқынышты бейнеге еніп, тарс-гүрс шайқалып, билеп жатқан сияқты. Үстелдер мен орындықтар мазақ қып, сен енді жалғызліктің сыңарысың дейтіндей. Мұндай көрініске қарап тұра алмадым, атып далаға шықтым. Оны құшақтамасам болмайтынын, өзімнің табиғи болмысым солай нұсқады ма, не керек, құшағына еніп кеттім. Ол күстенген, тырнағының арасына қара май сіңген, жарылған саусақтарымен шашымды сипалап, көзіме – құдды бір аспанға қараған құсап үңілді. Ал мен оған аспаннан жерге қараған сияқты сағынышпен, қимастықпен көз саламын. Сонда бір-бірімізсіз өмірдің мәнсіздігін, жұп-жұбымызбен ғана жарасым табатынымызды түсіндім. Одан кейін әлбетте оған мойынсұнған соң жерден кету, басқа әлемге аттану деген түсінік ауыр болды, сонда да тәуекелге бел будым.
Міне, оған сонша сенгенімде не тұрақтайтын мекен таба алмай, не жерге қайтпай, ғаламды қырсыға аралап, қалықтап жүріп алғанына жыным ұстағанын-ай. Үйдің жағдайына үйренген менің бүткіл шаруам аяқ асты болды: душ қабылдауым керек еді, дәмді бәліштер пісіретінім ше, артық заттың бір де бірін алдырмады, кір жуып, киім үтіктейтінім, сериал көретінім, құрбыммен хабарласып әңгіме-дүкен айтатыным, сауда орталығына барып шоппинг жасайтыным, бәрі де, ендігі – естелік. Шексіз кеңістікте қамалып қалғандаймын. Кейде тұрақтайтын нақты бір жер болмаған соң ғалам қаншалықты кең болғанымен – өзімді қамақта сезінетін сияқтымын. Мүмкін, дүние дегенің де сол шығар – шексіз, шетсіз бір бөлме. Ал содан кейінгі өмірден кейінгі өмір ше – міне, біз іздеген мәңгілік пен еркіндік. Бәлкім, өлім де жоқ шығар. Өзімізше тар түсінікпен қапас құрап алып, содан шықпай жатқан болармыз. Шынында тек қана өмір һәм мәңгілік қана бар болды ма екен...
Ал қазір сол ғалам атты алып мұхитта толқынмен бетпе бет қалған қайықтағы адасқан жолаушылардаймыз. Адам баласына табаны жерге тиетін топырақ керек екен-ау. Бізді жермен көзге көрінбейтін кіндік байланыстыратын болса керек, одан алыстаған сайын, анамды сағынған сияқты күйде боламын. Жер қанша жерден кеңістікте қалқып тұрғанымен, өзіңді сенімді де жайлы сезінетін үйің.
–Мына ғаламда бәріміз де қалықтап тұр екенбіз, – деп ойладым ішімнен, – біз мінген жер де, басқа ғалам шарлары да кеңістікте жүзіп барады. Құды бір жатырдағы сәби құсап. Шынында әлемнің құрсағында шығармыз.
Адам уақыттың шекарасынан шығып кеткенімізді айтқанда мен үшін өте ауыр соққы болды. Бәрібір, түбінде жерге, елге қайтамыз ғой деген үмітім бар-ды, сол кезде уақыт ағымы бірнеше жылдар былай тұрсын, ғасырлар арасындағы қашықтыққа кетіп қалса қайтпекпіз деген ой келгенде тіптен күйіндім. Ата-аналарымыз, туыс-тумаларымыз, тіпті таныс-білістеріміздің өзі онда бола ма, жоқ па ол да беймәлім. Адам өзінше жұбатпақ болады. Менің оған жыным келетіні, мені құдды бір кішкентай баланы алдаған құсап мүләйімсиді ғой, тегі!
–Хауа, сен соншалық қам жей берме! Біле білсең, біз уақыт кеңістігінен шыққан соң, бұл жақтағы жүз жыл жердегі – бір минутқа, тіпті бур секундқа дәлме дәл келуі мүмкін. Күнім, қане, күлімсіреші.
–Кетші әрмен! – дедім ызадан жарылардай боп. Ол намыстанып кетті ме, қабағын түйіп алып, теріс айналды. Ендігі сөйлеген жоқпын, сөйлеп қалсам болғаны, дүрсе қойып, ашуы ытқып шығатынын білем.
«Не істедік, ақымақ басым! Үйде қалу керек еді, қап, бекерге ілестім, жерде қала беруім керек еді», – деп іштей өкіндім. Бәрібір, кете алмас еді, менсіз қайда бармақ, кетсе де көп өтпей қайта айналып қазығын табар еді. Ендігі, қарашы шексіз толқындармен жалғасқан теңізде адасқан қайық құсап, жол таппай келеміз. Ақымақ басым, сезіміме ерік беріп қойдым деп, жүрегім ауырып, ағыл да тегіл жыладым. Кенет, Адамның жан дауысы шықты.
–Эврика!
Орнымнан ұшып тұрдым.
– Жер көрінді, же-е-р! – деп айқайлады Адам.
Өзіміздің Жерге келдік пе деп жүрегім атқақтап аузыма кеп тығылғаны. Үйге оралдық па деген қуаныш. Қарасам, шынында, кәдімгі біздің Жерге ұқсас планета. Тек көлемі жүз есе кіші, шағын ғана демесең, түр-пішіні тура жерден аумайды. Қуаныш пен күрсініс арасында тайталасқан сезімдерім қайтерін білмей дағдарып біраз тұрдым. Тірексіз, қалықтап, ұшы-қиыры жоқ мекенде адасып жүре берегннен бұл да жақсы ғой деген оймен, шүкір айттым. Ал Адамның қуанышын көрсең балаша қуанып, алақайлап, «біліп едім, қолымыздан келді» деп мені бауырына басып алды. Мен оған бәрібір ренжіп тұрмын, сол себепті оны құшақтағам жоқ.
–Айтсам, сенесің бе? – деді ол мықынындағы шалбарын қайта-қайта көтеріп. Жаубымды күтпестен, өзі ырғай сөйлеп кетті. – Біз мына бейтаныс планетаның орбитасына ендік. Демек, біз қона аламыз деген сөз.
Мен әнтек қана жымидым. Оның қиналғанын, менің көңілімді аулап, жүрегімді жібіткенін қалайтындықтан сөйтем. Мені ренжітіп көңілімді аулау оңай еместігін көрсін. Көңілімді тапсын. Әйтпесе, ішімнен мен де оны құшақтап, мойнына асылғым келіп тұр. Бірақ, Адамның менде шаруасы болған жоқ. Ол мен еш түсінбейтін химилық құрылғыларын алып, түтікшелерін дайындап, сұйықтықтарды бірінің үстіне бірін құйып әледнелермен әлек болып кетті. Ал менің көзім ғарыш кемесінің жиегіндегі сынап бағанасына көз тоқтатумен болдым. 20 градус жоғары температура. Бұл дегенің тамаша ғой. Бұл мекен не суық, не ыстық емес көктемнің нақ өзі сияқты.
–Не істеп жатырсың? – дедім жерге жақындап қалғанда.
–Тәнімізге кезінде дайындаған кремді, зерттеуден өткізіп, осы жақтың ауасына үйлесе ме екен, тексеріп жатырмын.
–Сонымен?
–Ауасының дәрежесі басқа болғандықтан тәніміз тез солып, кәртею ықтималдығы жоғары. Сол себепті мына химилық кремді жағып сыртта бір байқап көрмекпін, егер мен ойлағандай сәтті болса ғарыш кемесінен шығамыз. Ал егер олай болмай шықса жайлы қоспа таппайынша зерттеуді жалғастыра беруге тура келеді. Бірақ, сен қам жеме, – деді менің жүзімдегі кірбіңді тез байқап, – бұл көп уақыт алмайды деп үміттенемін.
Бөгде планетаны алыстан барлап, жүрегіміз өрекпіп келеді. Бір жағынан жаңа үй сатып алғандағыдай жаңа қуаныш, тәтті күй бой кернейді. Соншама кезден бергі сапар екеумізді де титықтатып тастаған. Шаршағанымыз сонша, бейқам хәлде ұйықтағымыз келеді. Планета біздің Жерден 20 есе кіші болған соң ба, тез арада жан-жағын шарлап, қай жерде не барын білуге көштік. Қонатын жер іздей бастадық. Толқып, тасыған, шалқыған толқындардан өзге түк те жоқ. Ал алғашында алыстан құрлық құсап көрінгеннің бәрі балдыр мен мұхит шөбі болып шықты. Бір сыпыра шарлап болдық-ау дегенде Адамның шарасыз жан дауысы шықты.
–Ауа температурасының жайлы болғанын қайтейін, айналасы түгел – су ғой, судан басқа өңге ештеме жоқ. Енді қайттік! Бір де бір тіршілік нысаны көрінбейді, – деді үміті үзілгендей жыламсырап. Сосын ызаланып, рөлді ұрғылап, жүзі өрт сөндіргендей болып кетті. Мен оны сабырға шақырып, арқасын уқалап, құшақтаған болдым. Ол күйінсе қалаған межемізге жете алмай қаламыз ба деген қорқынышым бар. Бірақ, ол ашуын шығара алмай ызбарланып ары-бері жүретін де, ақыры ақылға жеңдіретін. Екінші мәрте басқа радиуста шарлап шықтық. Тағы сол – судан басқа ештеме жоқ, мұхит толқыны бізді қуалап келе жатқандай, асып-тасып, бір-бірін жетектеп жүгіреді. Мөлдірлігі сонша төбедегі жұлдыз-күнге шағылысып, түбінде еркелей жүзген балықтары да айқын. Үмітіміз түгесіліп, екі иініміз салбырап кеткенде бір-ақ аядай бір аралды көрдік те, қуануға ерте дегендей, анықтап қарап алайық деп, жақындай үңілдік. Жоқ, шынында, орман-тоғайы, гүлзар-бағы жайқалған, тау мен тасы шалқайған кәдімгі құрлық. Көзімізден жас парлап шықты. Бір-бірімізді бас салып құшақтадық. Құдайға шүкірімізді айтып, айлар бойы көрген алғашқы тіршілік пен құрлыққа қарап, су ішеріміз бар екен деп ойладым. Адам рөлді жел тұрғанда дірдек қағатын шыбық құсаған тарамыс саусақтарымен ұстап, қонуға ыңғайлана берді. Көрер көзге, естір құлаққа иланғысыз, осындай алып шарда арал табыла қалғанын айтшы, бағымыз бар екен! Жерден көлемі кіші, айналасы мұхит демесең аса бір айырмашылық жоқ сияқты. Әуе кемеміз миллион шақырымдық жерден-ақ күн, жұлдыз жарықтарынан қуаттана беретін. Дегенмен, Адамның айтуынша, «бұл да бір техника, жүре-жүре тозады, ертерек күрделі жөндеуден өткізбесе көліксіз қаламыз», – дейтін, ол үшін де керек-жарақ заттарын түгел қамдап алған-ды. Тек осы бір баспана болар мекен жетпей тұрғаны болмаса. Қазбауыр бұлттар көшіп барады. Арасын тіліп өттік те, жазық мекенге қарай ғарыш кемесін ыңғайлай қондық. Ағаштар ырғала шайқалып, жапырақ біткен сыбдырлап, жердегі шөп-шалаң сыпырылып азан-қазан болды да қалды. Сонсоң Адам көзімен күлімсіреп маған көз тастады. Менің де көзім күліп тұрған-ды. Адам бір уақ есікті әнтек ашып, мұрынын шығарып көрді.
–Ауа бар, – деді жанары жалт етіп. Сонсоң есікті айқара ашып, бой жазып, ғарыш кемесінің алдына келіп, маған қол бұлғап, балаша жерге аунап-қунап, қуаныштан айқайлап жатыр. Сосын кенет кілт тоқтап қалды да, денесіне үңіліп жеңін түріп білек-қарын ашып көрді. Жүзі қызара бөрітіп қайтадан ғарыш кемесіне келіп мінді де, қуаныш пен мұң арасында шайқалақтап:
–Бір әттең-айы мана ойлағанымдай-ақ екен – ауа райы біздің тәнге қолайсыз. Арнайы крем жағып жүруіміз керек. Қарамайсың ба, аллергия құсап қызыл дақтар қаптап кеткенін, – деді білегін көрсетіп. Жүзіне бақсам, беті мен маңдайы секпілденіп кеткен.
–Қышымай ма?
–Қышыған былай тұрсын күйдіріп, ашытып барады. Шыққаныма үш минутта болған жоқ. Кремсіз жүре алмасымыз анық. Оның күші де теріге сіңіп кеткен соң тарқайды. Сол үшін бұл крем өте маңызды. Бұл мына жұлдыз-күннің сәулесі мен ауа райына байланысты. Десе де, – деді езуі құлағына жетіп, – ауа бар, тұмса табиғаты қандай, жаңа жерге жатып, шалғында аунадым. Тура ауылда жүргендей болдым. Енді сөз жоқ, ғажап, – деді де ойланып кетті. Кремге керек химиялық қоспаларды есептеп жатқаны жыбырлаған ерінінен-ақ аңғарылады. Сосын кері шалқайып орындыққа жатты да:
–Ал жан жарым, не тұрыс, атап өтпейміз бе! Түскі ас ішейік. Әлі жұмыс көп, күш-қуат қажет.
Екеуміз ас ішіп отырып, өз ойымызбен өзіміз болып кеттік. Мынандай шытырман сапарда бойыңды билеп жатқан сезімді тап басып айту да қиын екен. Әлемнің біз білмейтін сырлары көп болғаны сияқты – біздің де сезімдердің беймәлім қырлары сансыз. Міне, мынандай хәлдемін, мынаны сезініп тұрмын деп дөп басып айту үшін де сол күй мен хәліңді, одан бұрын өзіңді тануың керек екен. Адамды қайдам, мен өзімді өзім танимын деп те айта алмаймын. Өзімнің шын мәнінде кім екенімді әлі де түсініп болғам жоқ. Иә нәзік жанды, Адамға серік, Құдайға құлмын, бірақ, жаным мен жүйкемде телегей күйлер – шын мәнінде менің ұлы жаратылыс екеніме белгі беріп тұрған сияқты. Адам да біледі деп ойламаймын, өйткені оның ылғи айтатын бір сөзі бар: «Мен ғылыммен айналысып жүргенім бос әуре екен деп қалма, қандай да бір ізденіс, әрбір әрекет маған өзімді танытады», – дейтін.
–Сен өзіңді жақсы білесің бе? – дедім оның ойын бөліп жібергеніме өзім ыңғайсызданып суыған шәйімді үрлеп. Бетіме бажайлап қарады да, тұнық ойының шыңырауынан әзер шыққандай, күбіжіктеп барып:
–Не дейсің? ... А, иә, білгенде енді, – деді де сөздің мәйегін енді түсінгендей, – мен сол өзімді білу үшін, тану үшін әлемді шарлап жүргем жоқ па. Әрбір жол мен сапар бізді өзімізге апарады. Өзімізді шығарып салып, өзімізді күтіп аламыз. Бізді өзімізге «сен мынандайсың, білесің бе» деп көрсететін оқиғалар мен ахуалдар, мекендер қаншама. Тек, қорықпай алға адым аттау керек, – деді көзінде от ойнап.
–Мына бейтаныс жерге келдік, сонымен қандай екенсің?
Ол ойланып қалды, тамағын қырнады да үн қатқан жоқ. Шәйін сіміріп ішті де, «қой, жұмысқа кірісейік» деп атып тұрып, білек сыбана химилық құрылғыларын қабақ шытып отырып, реттей бастады. Мен бұл жұмысты тез-ақ тәмамдайтын шығар деп ойлағам, жылы шұлық тоқып отырып, есінеп күттім. Ол сыртқа шығып, топырақ-шөпті, су тамшысын әкеліп араластырып, езеді дерсің, оған тағы әлдене қоспаларды қосады. Қашан бітері белгісіз зертханалық жұмыс. Сөйтсем бірнеше күнге, Жердің уақытымен екі тәулікке созылғанда барып, «шүкір, болды-ау әйтеуір. Бірақ, нақты емес, сонда да үміттенем», – деді ұйқылы-ояу, жүзі қабартып. Ал мен болсам джетлак хәлде болсам да ұйықтап үлгергем. Бір қызығы мұнда екі күн болды әлі күн батқан жоқ, төбемізде, бірде оңтүстік, бірде шығыста, әйтеуір айналып тұрып алғаны. Ол кремді өне бойына жағып шықты да, «сен осында қал, мен өзіме зерттеу жүргізіп көрейін» деді де сыртқа шығып, біраз серуен құрды. Керіліп-созылды. Бір қарасам жыныс ішіне еніп кетті де ұзақ уақыт көрінбей кетті. Шыдамым таусылып бірдеңе болып қалған жоқ па деп терезеден үңілемін келіп, сөйтсем ағаш басына өрмелеп, түрлі көкөністер алып келе жатыр. Екі езуі екі құлағында.
–Не болды?
–Тәжірибеміз сәтті аяқталды. Кремді жағып бір тәулік бойына беймарал жүре аламыз.
Қуанып тұрсам да көкейдегі уақытқа қатысты сұрағымды ертерек қоймай тынши алмадым.
–Е, оны мен де байқадым. Сөйтіп күннің айналымын бағамдап, телескоппен зерттеуімше мынандай қорытындыға келдім: бұ жақта бір ғана мезгіл бар – көктем. Біздің уақытпен есептегенде үш күн – жарық күн, сосын бір күн – кеш батады, үш күн – түн, сонсоң қайта бір күн бойы – таң атады, қайтадан үш күн қайтып келеді.
–Мәссаған ондайда бола ма, – дедім аузым ашылып.
–Менікі жорамал: Күннің, мына жердің айналымына қарап солай бағамдадым.
–Бұ жердің аты не?
–Білмеймін.
Ол алып келген жемістерге қарасам бірі ғана таныс көрінді, сыртынан апельсинге ұқсайды демесең, дәмі ашқылтымдау, лимон одан тәтті ме дерсің. Не керек, қажетімізге жарап қалар деп ойладық.
Үстіме крем жағып берді де мені далаға алып шықты. Жанға жайлы ауа-райы, таудан ескен салқын леп, көкорай шалғын. Жан сарайым ашылып, ұзақ уақыттан бері құрысқан арқам жазылып, сергіп сала бердім. Балаша жүгіріп, секіргім, еркелегім келеді. Адамды түртпектеп, тұра қаштым да «мені қуып, жетіп көр» деп жүгіре бергенім бекер екен, ол орнынан тапжылмады. Қаншама күнгі қажыған еңбектен кейін бе, әлде алдыда не істеп, не қоятынын ойлағаны ма, әлденені ойлап алысқа қарап, толғап келеді.
–Ім? Не дейсің? – деді қызарған көзін уқалап.
–Жәй, әншейін, – дедім оның құшағына кіріп, – еркегім, мына креміңе, барлығына рақмет. Аман-есен қонғанымызға шүкір. Сенің шаршағаныңды түсінем. Біраз тынығып алсаң қайтеді. Бірақ, ол өз ойына өзі жауап бергендей:
–Тура мына алаңқайға үй тұрғызамыз. Әрі тауға, әрі орман, көлге жақын. Жазира бел, кеңістік те анық көрінеді. Күн де сол жақпен батады. Енді бұл маңның көрінісі сөзбен айтып жеткізгісіз.
–Көріп тұрмын, қандай рақат!
–Мына орманнан ағаштарды әкеп, үй саламыз. Дизайнын өзің ойластырып, сызбасын сыза бер. Үй алсақ дизайны өзіңнің қалауыңдай болғанын қалаушы едің ғой.
Мен қуанып кеттім, бірақ көңілімді су сепкендей басқан әлдебір ой болды: Жер бетінде жөндеуге, құрылысқа қажетті заттарды сатып ала аласың. Ал бұл жақта не бар дайын, бәрін өзіміз дайындауымыз керек. Бір қуанатыным, терезеге пердені өзім тігіп, көрпе тысын қамдаймын.
–Енді бізге ешбір өсек, ғайбат жетпейтін болады. Ендіге ашкөздік, азғындық, ыза-кек, зұлымдық секілді жаман хабарлар жарты жолдан қалып кетеді. Өз әлемімізді, өзімізге тән патшалық құрамыз. Қандай да бір соғыс, адамға тән небір қайла-тәсілдің ешбірін есітпейміз. Біз енді барлығынан, бәрінен алыстамыз. Қалаған межемізге келдік, енді жанымыз жайланбақ.
–Құдай қаласа, отағасы! Сенің сонша жылдан бергі қажыр-қайратыңды енді түсінген сияқтымын. Бұған дейін жазғырып келдім, тәуекелге бел буа алмадым.
–Соның барлығын біз үшін жасадым ғой. Сенің нәзік жүрегің жараланбасын, саған адамдардың қандай да бір зияны тиіп кетпесін дедім. Сенің гүл қауызындай жаның мен жүйке талшықтарыңды қолымнан келгенше қорғап баққан түрім. Барлығы да сен үшін, Хауа.
Мұндай сөздерді естігенімде төбем көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Бақыттан бас айналу деп осыны айтса керек. Мен шын мәнінде бізді мына жаңа планетада жаңа өмір, жаңа шаттық күтіп тұрағынына күмәнсіз иланам. Кенет төбемізден пыр-пырлап құстар ұшып өткені.
–Қарашы, – дедім саусағымды көкке нұсқап, – қарлығаштар ұшып жүр. Бұл жақта да құстар бар екен.
–Олар ұя салар қара шаңырақ іздеп жүрген болар, – деді ол да құстардан көзін аудармай таңданып.
–Бұл планетада жанға жайлының бәрі бар – күні жылымық, ауасы жұпарлы, таза. Жетпей тұрғаны тек – біз ғана сияқтымыз. Мезгілі көктем, дәл сен сияқты. Бұл планета сенің қарашығыңдай мөп-мөлдір. Сендей сұлу! Алғашқы тұрғындары ретінде атын қоюға құқығымыз бар шығар. Бұл планетаның атын сенің құрметіңе «Хауа» деп қоямын, – деді сағымданған мұнар көшкен тау етегінен көз аудармай.
Қуанышым артқан үстіне арта түсті. Иә, тарихтан талай естіп, оқығаным бар. Небір патшалар әйеліне кесене тұрғызып, тіпті Шах-Джахан жұбайы Мумтаз-Махалдың құрметіне Тәж-Махалды бой көтерткені, пошташы Шевальдың қызына деп тұрғызған қамал-сарайы, Әмір-Темірдің Арыстан Баб пен Яссауиге деп салған кесенелері – қайсыбірінде болмасын ұлы махаббат пен құрметтің белгілері бар. Адамның да білдей бір планетаға менің атымды қойғаны сондай ғажайып құрметтердің биігінде деп білдім. Әншейінде Жерде жүргенде Адам маған тосынсый жасаса соны мақтанып әлеуметтік желіге салып, құрбыларыма көрсетіп, қаншама жылы пікір естіп, марқайып қалатын едім. Бұл жолы интернеттен аулақта, құрбы-достан жырақта жүргеніміз қандай өкінішті. Әйтпесе, бұл құлақ естімеген, көз көрмеген уақиға етін.
ІІІ
Адам
«Хауа» планетасына тұрақтағанымызға да, міне бір айдың жүзі болып қалды. Бұл планетаның атын жұбайыммен аттас қып қоймағаным бекер емес екен, оның мінез құлқына қатты ұқсайды. Жылағаны іспетті кейде жауын-шашын, мұңайғанындай – бұлытты, жайдарлы шағында – күн шуақ. Арасында нажағай соғып, күн күркірейді, ондайда менің Хауам бұлқан-талқан ашу шақырып жататын. Оның көңілімен үндес мына өлкеге, не керек, бір емес, екі Хауаның табиғи құбылысына кезек қарайтын болыппын.
Ғарыш кемесінде ұйықтап-қонамыз демесек, күні бойы қара жұмыстан қолымыз босамайды. Ағаш орып, томар көтеріп, бұлшық-еттерім ісініп, кәдімгі жабайы адам болып шыға келгенім. Хауа да менің бой қуатымның артқанына тәнті болып, «сен егер спортпен айналыссаң қара күш иесі болады екенсің ғой. Офис түрлі қабілеттеріңді жасырып жүрген екен-ау» деп қойды. Оның бұл сөзіне мен балаша қанаттандым ба, одан бетер жұмысқа кірісе кетем. Арасында шаршап-шалдыққанда аралды аралап, серуен құрып қайтатынымыз бар. Ондайда екеуіміз қол ұстасып, жұбымыз жазылмай құдды бір турист секілді әр түрлі өсімдіктерге таңдана назар аударамыз. Бір ретте ақшыл түсті шам болып жанатын өсімдікті көріп қайран қалдық. Мұндай өсімдігің болса аспашамның қажеті жоқ екен. Дереу батпақтан құмыра жасап, ішін топыраққа толтырып әлгі өсімдікті есік алдына егіп қойдық. Одан кейін тағы бір нәрсені көріп денеміз түршікті ме, қорықтық па, әйтеуір, жартасты жағалай біткен шалғын самал тербеткенде сыңсыған қыз құсап ән салады. Сөзсіз құры мелодия. Бұл әуез Құрманғазының симфонияларына келетін сыңайлы. Күңіреніп тұр. Кейде бір күн бойы кеш бататын шақта, батқан күнге қарап отырып осы бір әуезге елітіп, шаршаған жанымызды, торыққан жүрегімізді жұбатып отырамыз. Тұмса табиғат, алыс-жақын тәспі тастарындай тізілген планеталар, сарқырап аққан құлама өзен, жанға жайлының бәрі бар. Сонда да байқаймын жанымыз тыныш емес, осы адам баласының жаны қашан жәй тауып, тыным табар екен деп ойлаймын кейде. Бірінен соң бірі кеудеңді ұрғылап тұратын жүрек – көкірек есігін қаққан жолаушы ма дерсің, аш деп соққылай беретін. Сондайда мен аша алмаған есік, мен жетпеген планета, осы – бір кесек жұмыр ет жүрегім емес пе екен деп те ойлап қалам. Бірақ, маған өзіңді өзің түсінуден гөрі басқа планеталарды зерттеген, жаңа бір құрылғы ойлап тапқан әлдеқайда оңайырақ. Ал Хауаны айтпай-ақ қойсам да болады, ол мүлдем жұмбақ жан. Бірде кеудемді кере шаттыққа толтырып мақтап, риза болып, еркелей айналсоқтап жүріп алса, енді бірде, жүзі сынып, қабағы түксиіп, тиісерге қара таппай жүреді. Өзінен не болып қалғанын сұрасаң, ашып айтпайды. Соған қарағанда біздің арамызда әлі шешілмеген талай-талай түйіндер барын ұқтым.
Жұмыс жасап үстіміз кірлеп, терлеп кетсек тұнық та көкпеңбек мұхит жағалауына барып шомылып, жүземіз. Әрі бірер күнге рызқымызды да аулап қайтамыз. Әсіресе, ең оңайы қанатты балықтар, шоршып, ұшып шыға келгенде бірінің артынан бірі тізіле келеді, ауды тосып, бір орында тұра берем. Ол аралықта Хауа дастархан жайып, жағаға от жағып қоятын. Балықтарды қақтап, табиғат аясында ішкен тамақ сондай дәмді әрі сіңімді болады. Бұл өлке бізге мәңгілік демалыстай болып көрінді. Үйімізден екі-үш шақырым төменіректе шығанақ бар. Соны жағалай жүзген жүздеген аққуларды Хауа қатты жақсы көреді. Қайда жүрсе де қолынан тастамайтын телефонына шырт еткізіп суретке тартып алады. Маған «келсеңші, суретке түсейік те, естелік қой» дейді өтініп.
–Не интернет жоқ, не басқа адам жоқ бұл жерде телефонның түкке де қажеті жоқ, – деймін ғой баяғы. Сонда да әйел емес пе, ерінін бұртитып, басын қисайтып сызылып фонға тұра қалатыны. Жерде де қыдырып жүрген кезімізде талай мәрте осы телефонға бола ұрысқан едік, менің айтатыным сол: жүрген, көрмеген жерді сезініп, рахатына шому керек десем, ол әлеуметтік желіге бола қыдыратын сияқты бәрін таспаға басып жүреді. Мен сосын оны «Телефон көз» деп мазақтайтынмын. Ызаланады. Бұртияды. «Жан-жағымнан телефон камерасымен қарап та әсер ала аламын» дейді. Мына жақта да сол әдеті қайталанып бара жатыр еді, көретін ешкім, лайк басатын бір адам болмаған соң қызығы басылды ма, анда-санда ғана болмаса, телефонын көп қарай бермейтін болған. Ол да жабайы өмірге еті үйреніп, табиғатпен тілдесіп, ымдаса бастағаны.
Бізге бұл жақ жаға бастады. Жерден әкелген дән-дақылдарды егіп, егістік құрдық. Көкөністер мен жеміс ағаштары бірер жылда көктеп шыға келер деп үміт қылдым. Ағаш аралап, діңгектерді тұрғызып жатқанда ол перде, көрпе тігудің қамымен болатын. Арқан-жіпті де ағаштардың қабығынан, шыбығынан дайындадық. Оның сызған сызбасы бойынша үйді тұрғыздық. Қаншама тер мен еңбек, уақытымыз нешеме, ақыры бекерге кетпепті, үйіміз көп өтпей дап-дайын боп шыға келді. Бір ғажабы, далада емес, көлікте емес, өз үйіңде ұйықтаған ғажаптың ғажабы, жаныңның тыныштығы болады екен. Жан-жануардан бастап адам баласына шейін жылы ұяның берер қуаты мол екеніне қайран қалдым. Отбасы ұғымы, мейірім, жылу мен қамқорлық, барлығы осы бір шаңырақтан табылмақ. Хауа екеуіміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Бұлай қуанбағалы да көп болған. Бала құсап, алақайлап, секіреміз келіп. Бала құсап күлеміз. Ой, Құданың құдіреті, әр пәндәнің ішінде жасырын жатқан бала бола береді екен-ау, ерсі көрінеді деп пе екен, сол баланы сыртқа көрсетуге қымсынатынымыз бар. Қаншалықты қатал, мейірімсіз, дөрекі көрінсек соншалықты ересек көіренеміз деп ойлайтынмын. Кішкене балақай мінезімізді көрсетуден ұялып, тығып келіп ек, атойлап, ытқып шыққаны. Екеумізде ыңғайсызданып қалдық.
–Мен осының құрметіне тәтті бәліш пісірейін, – деді Хауа көзінде жұлдыздар жылт етіп.
–Ал мен ішетін сусын алып келейін, – деп орманға бет алдым. Бірнеше кокос көтеріп әкелдім. Кішігірім, өзімізше атап өттік. Содан бастап біздің үйіміз, жылы ұямыз бар. Күнделікті тірлік қамымен, ас-ауқат табам деп аттанып кетсем, Хауа үй шаруасымен қолы босамайды.
Некен-саяқ Жердің хәлі нешік, адамзат қалай болды екен деп, уайым қылып, сағынатыным бар. Бірақ, онымды Хауаға білдірмеймін. Бірақ, байқаймын, ол да сағынып жүр, ашып айтпайды. Уақыт өте келе ішіміз пыса бастады. Сондайда, ең болмаса елдегі хал-ахуалды біліп тұратын газет пе, хат-хабар ма келер ме еді, деп армандаймын. Адамзаттан қашып, жерге тән барлық проблемаларды тастап келгенімде, мына кеудемді басқан ауыр мұң, қатқақ шер несі екен, деп таңырқаймын. Хауа планетасында жан жарым, қабырғаммен бірге жайлы өмір сүріп жатырмыз, еш уайым-қайғы жоқ, ал менің кеудемнің жай таппағаны несі екен?
Тау-тас жағалап күні бойы аң аулап жорыққа аттанамын. Хауа ондайда терезе алдында мысық құсап жолымды тосып, күтіп отырады. Мен келгенде бір-ақ төсекке қисаяды да, ләм-мим деместен теріс айналып жатып алады. Ренжігені. Уайымдайды білем. Ал мен байқұс үйге сыймаймын. Хауаны қауіпті жолға алып шыққым келмейді, шыға қалсақ ол тез шаршап, үйге қайтқысы келеді де тұрады. Бірде тау үстіне шыққанымда бойымды шабыт кернеді ме, әлде жерге тән қаным тартты ма, өзімнің бар екенімді, өмір сүріп жатқанымды білдіргім келетіндей бірдеме жазғым келді. Жартастың үңгіріне еніп, таспен бір жол бәйіт жаздым:
«Хауа шарында күн ұзақ қонып, таң ұзақ атады,
Құланиектенген жұлдыз – өмірім құсап батады...»
Содан бері неге екені, өсімдіктерді сығып бояу жасап, жапырақтарға жыр жазып кететін әдет шығардым. Ағаш кесінділерін алып кейбір ойларымды түртіп қоямын. Айналысатын жұмысы болмаса адам торығып, тиісерге қара таппай жатады екен. Кейде Хауаның көңіліне қарап ешқайда шықпай қасынан табылам. Ондайда көп сөйлеп, келіспей, бір-бірімізді түртпектейміз. Ұрысымыз белгілі, майда-шүйде дүниелер: аяқ-киіміңді кіреберіске шешіп кет, қоқыс төк, қорылдама, аяғыңды ары тарт, жайылмай жат т.б. сыңайдағы сөзден басталған дүниелер үлкен ұрысқа айналып кететін де, жер бетінде бұрын-соңғы ұрысқандарымыз тағы бір мәрте еске алынып, бір-бірімізді тұқыртып шығатынбыз. Кейде Хауа жылап үнсіздік орнаса, бірде мен үйден кетіп қап тыныштық орнайтын. Сондайда көршілеріміздің болмағаны қандай жақсы, әйтпесе ұяттан кірерге жер таппай, көріп қалсақ бетіне қарай алмас едік деп ойлаймын. Бізге ұрысып-айқайласу үшін бір планета жеткілікті еді. Кей кейде бір-бірімізді қуалап жүріп тәжікелесеміз. Мына аралда біз ұрыспаған жер қалмаған шығар. Әп-әдемі отырамыз да жүз шайысып қала саламыз, істегелі отырған жұмыстарымыз жайына қалады. Бір-бірімізге қырсығып, керісінше істейміз. Кез келген керісу өз таңбасын салмай қоймайтын, тоң-теріс отырып тамақ ішеміз, бірер күн сөйлеспейміз. Әрқайсысымыздікі өзінше дұрыс деп ойлаймыз. Ал татуласқанымыздың өзі қызық, ашуымыз тарқап, қырсыққанымыз басылғанда түк болмағандай жайдарлы сөйлесіп кетеміз де, бір-бірімізден кешірім сұрап, қателігімізді мойындаймыз. Қайтіп тату-тәтті жүріп келеміз де, қара басып тағы бір болмайтын дүниеге керісіп қаламыз. Қайта басталады... Осы шеңберде айналып жүргенімізге нешеме жыл. Бұндай жаман әдет бізде жер бетінде де бар болатын. Мұның басты себебі: айналамыздағы адамдардың ықпалы, біздің махаббатымызды, бақытымызды көре алмайтындардың кесірі, деп ойлайтынмын. Жақын туыс-тумалардың өсек-ғайбаттары бізге зардабын тигізіп жатыр, жұмыстағы, қоғамдағы проблемалар біздің отбасылық иммунитетке салқынын түсіруде, деп есептейтінмін. Басқа планетаға кетсек сол мәселелер артта қалып, бақытты ғұмыр кешерміз деп жобаладым. Бұл тұжырымым дұрыс та болар, білмеймін, мүмкін мойындағым келмейтін шығар, бірақ бар проблема Хауада болып тұр деп түйдім. Ол бірбеткей, қырсық, долы болмағанда, маған бағынғанда, түймедейден түйедейді шығармаса, барлық мәселе шешімін тауып, тату-тәтті күн кешер едік. Біздің бұлай мәмілесіз, тынышсыз күн кешуіміздің бірден бір себебі – сенде, деп оның бойындағы бар мінін тізіп бердім.
–Егер осы әдеттеріңді қоймасаң, біздің бір бүтін отбасы болуымыз қиын болады-ау деп ойлаймын, – дедім. Шамданып кетті. Ол да менің бойымдағы бар мінімді тізіп шықты да:
–Сен де осы мінездеріңнен арылсаң ғана біз тату-тәтті боламыз. Мен де арылам, сен де сол жаман әдет-қылықтарыңнан бас тартасың. Келістік пе? – деді қолын созып.
Басымды ала қаштым.
–Жоқ, келіспеймін. Менікі сен ойлағандай жаман емес, – деймін өзімді адвокат құсап ақтап алып.
–Міне, көрдің бе? – деді ол ашу шақырып. Сөйтіп шамыма тиеді, намыстанған мен оған қатты сөйлеймін. Не керек, мақсатымыз бір-біріміздің жүрегімізді тереңірек жаралау. Ұрыс қайтадан осылай басталады. Соңында қайта мәмілеге келеміз де, құдды бір соғысып шаршаған жауынгер құсап, есік алдындағы сәкіге жайғаса қаламыз. Ал үйдегі шашылған, лақтырылған заттар соғыс алаңындай ыбырсып жататын. Хауа қателігімізді жуып-шайғысы келгендей, бәрін реттеп, түзеп орын-орнына қоятын. Ал сынған кеселер мен мүсіндерді болса, қоқысқа тастайтын. Сонсоң мен жақсы көретіндей қою қара шәй әкеліп береді. Үріп ішіп отырып, алысқа көз тастаймыз. Ұзақ батқан жұлдыз-күнге көз тоқтатып, шаршаған жанымызды дамылдатамыз. Ауырған, тілгіленген жүрегімізді басқымыз кеп, қармаққа ілігер балық күткендей, аузымызға сөз түсер ме екен деп көңілімізді аңдимыз.
–Білесің бе, – деймін мен сонда батқан күнге құдды бір өткен күнге қарап тұрғандай қиыла қарап, – екеуіміз алғаш танысқан кез, сенің суықтан ғана емес, адамдардың қаталдығынан үріккендей бөкебайыңа тығылып, жылтыр жанарың ызғарға жәутеңдеп қарағаны. Қыстың қаһарлы ызғары былай тұрсын, үп еткен лептің өзі сені жаурата ма деп қорқушы едім. Нәзік жүрегіңді, таза жаныңды қорғағым келетін. Біз тұратын қаланың қысы қашанда суық, адамдары қатты болғанымен сенің жүзіңде шуақты күлкі ойнап, дидарың жайнап тұратын. Кім білген сондай нәзік, үркек жанның шын мәнісінде менімен ерегесіп, төбелесе жаздайтын жаужүрек боп шығарын, – дедім әзіл-шыным аралас тиісе қалатын әдетіммен. Ол алая қарады да:
–Кетші, – деді зілсіз иығымнан бір ұрып. Ренжіп қалып тағы ұрыс шығып жүрмесін дедім де дереу жуып-шайған болдым.
–Әлбетте қыс қанша жерден суық, адамдар тас жүрек болып баратса да сенің жылы жүзің сол бір тоңды жібітіп, сол тасты үгітетін мейірімге толы болатын.
Ол қайтадан күлімсіреді. Құдайға шүкір, әңгімеміз жараса бастады деп, ары қарай не айтсам екен деп ойландым. Бізге ортақ тақырып – ішімізде толған естеліктер: туған жерге, өскен өлкеге деген ұлы сағыныш. Оның жылағысы келіп отыр, білем. Кірпігі көбелек қанатындай дірілдеп мұхиттың ар жағындағы батқан күнге мұңая көз тастайды. Жоқ, күн оның көзінде, тұп-тұнық та терең жанарының ар жағында батып бара жатқан секілді. Қолтығыма тартып, құшағыма бастым. Басын сүйеді. Анау бір-бірін жетекке алған толқындар – танауымыздан ытқып шықққан ыстық деміміз, ал толқып-тасығаны – жүрегіміздің толқыған хәлін көрсетіп тұрғандай.
–Мен мынандай сұлулыққа өмір бақи қарап тұра беретін едім... – деді ол бір кезде, – алыс бір жақтан кеме келіп, бізді алып кететін сияқты, үздігіп қарай беремін.
–Несіне... бізде бәрі жақсы емес пе?
–Жақсысы жақсы ғой. Өскен өлкемді, елімді сағынғандікі шығар, – деді ауыр тыныс алып.
–Енді білесің ғой өзіңде, – дей беріп едім, сөзімді шорт кесіп тастады.
–Білем, білем, сен бізді, рухымызды барша жамандықтан қорғағың келеді.
–Әне, қарашы, – дедім қалықтап ұшқан шағалаларға сұқ саусағымды нұсқап, – Қандай әдемі!
Шағалалар мұхит жайында хабарламалар тасып жүрген хат-хабарға ұқсайды.
–Шағала демекші, есіңде ме, Ыстамбұлда, Кыналы аралында велосипед айдағанымыз, сен сонда бір айналып келем деп, адасып кетіп едің ғой.
–Ал сен болсаң бір орында мені күтіп тұрам деп, велосипед теуіп кетіп қалғансың. Сонда сені таппай екі есе жанұшырғаным.
–Хаха, өзің ғой жоқ болып кеткен.
–Енді өзің ойлансаңшы шетелде жүрміз, телефоным өшіп қалған. Бір-бірімізді таппай қалсақ қайтеміз, біреулер ұрлап кетсе ше, деген сияқты қорқыныш адамда болуы керек қой!
–Енді құры тұра берем бе, өзің ойлансай!
–Қауіпсіздік бірінші орында, – дедім даусым қатқылданып.
–Ұрысып қалмай тұрғанда тақырыпты ауыстырайықшы.
–Сені үйіңе шығарып салатыным; саған әсем гүлдер теріп, жинағаным; ән арнап жазғаным; ол аздай көтеріп алып жапырақ біткенге сыбырлап «сүйем» деп сыбырлағаным; жанарыңа теңізге қараған құсап ұзақ қарайтыным; қытықтап ойнайтыным; мен не жесем де бірінші сенің тістейтінің; ауырып, емханаға жатып қалғанымда, қасыма менімен бірге жатып алғаның; теріс қарап ұйықтасам, бері қара деп бұртиятының; қорыққан кезде мені құшақтап «жібермеші» деп тершіп кеткенімізше тұра беретінің – бәрі есімде. Тәп-тәтті естеліктер.
–Ал сенің қорылдағанда, мотор жұтып қойғандай болатының; мені қайта-қайта айналдыра көтеретінің; тойда билей алмасаң да, мені биге шақыратының; ұйықтап жатып сандырақтап сөйлейтінің; жылап қалсам, көзімнен сүйіп, ерніңмен көз жасымды татып, «қышқылын-ай» деп жұбататының; серуен құрып шаршап қалсам арқама көтеріп алатының, – терең күрсіне демалды да, – бәрі-бәрі есімде... Енді айта қойшы, неге ұрыса береміз?..
–...
–Біздің ұрысқа кінәлі – басқа адамдар, зұлымдық пен жер жаһанды жайлаған әділетсіздік дедік, сөйттік те жерден кеттік, бірақ өзгерген түк те жоқ. Екеуміз жердегі үйімізде де осылай едік, күніне бір рет ұрысып алмасақ басымыз ауыратын. Ал қазір басқа планетада, жердегі жаңалықтан хабарымыз жоқ демесең, баяғы жартас – сол жартас.
–Тағы бастадың ба? – дедім жыным ұстап.
–Жоқ, мен жәй... – деді ол да ұрсысудан қорқып қалған сыңайда, тарамыс саусақтары дір-дір етіп. Құшағымнан тұрып, суып қалған шәйін ұрттады. – Қой, тұрайын одан да. Күн әлі ұзақ батады. Апақ-сапақта ұйықтауға болмайды, оданда жемпір тоқиын.
Орнынан тұрып, үйге беттеді. Жауабын таппаған мың сұрақтардың арасында маталып қалдым. Біз іздеген жерұйық осы еді ғой, енді неге жанымыз тыныш емес, неге бақыт кем, көңіл кетік. Менің жоспарым мен жорамалым бойынша бұлай болмауы керек еді ғой. Мен оны сүйем бе, сүйем. Жер бетіндегі сансыз арудың ішінен таңдап алған жалғызым. Енді не? Әлде асығыс таңдау жасадым ба, бәлкім тағы іздеуім керек пе еді? Көнбіс, момын қыз жолығып, бүгінде бақытты ғұмыр кешер ме едік. Хауа ше, ол менің махаббатым, бірақ мінезіміз жараспайтыны рас. Екеуміз ит пен мысық сияқтымыз. Ол әйел ғой, бірінші қоя салса болады. Оған жердегі басқа да адамдардың мінез дерті жұққан, оның үстіне көрмейсің бе, елім, жерім деп қалай сағынатынын. Мәселе – Хауа да. Қой дегенде қоя салса ғой, шіркін. Не қоймайды, әйтеуір өзінікі дұрыс болып шығуы керек. Мен ол сияқты ұзақ уақыт мыжып сөйлесе алмаймын. Айттың, мәселені шештің, болды тарқау керек. Айналып, ананы айтып, мынаны айтып мыжамыз кеп. Ол аздай мен оның жеке меншігі секілді не істеп, не қойып жатырмын бәрін білгісі келеді. Сұрағы көп, жүйкеме тиеді. Еркектің еркіндігіне қол сұғуға ешкімнің хақысы жоқ. Мен байқұс жерден қашам деп, жерге тән сезімдері бар адамды ғарыш кемеме ертіп келгенім қалай. Бәсе, кетерде қимай, жүз ойланғаны. Мен оған еш жамандық тілемеймін. Асықпауым керек еді. Бірақ, оңбай қателескен екенмін-ау. Не істесем екен, ақымақ басым!
Күмәндар мен өкпе-реніш қайта бойымды құрсауға алды. Тағы бір айқай-шудың басы қылтиып келе жатқанын екеуміз де сезіп, сақтанып тұрмыз.
Хауа
Тоқыма тоқып отырып, көз жасына ерік бердім. Терезеден түскен батқан күннің шұғыласы кірпігімді қытықтап, көзімді қарықтырып барады. Сәл арырақ отырдым, көлеңке тұсқа. Есік алдында Адам әлі отыр. Екеуіміздің түсініксіз қарым-қатынасымыз қайда апарып соғары беймағұлым. Енді, міне, айдала, жерден жырақта жағымыз талғанша салғыласып отырғанымыз. Еркек емес пе, үндемей қоя салсашы. Мен әйелмін ғой, сөйлеймін-сөйлеймін де қоямын. Қатынмен қатын болып ол да бір.
Тоқып жатқан жемпіріме қарасам бір жеңі ұзын, екінші жеңі қысқа. Ренжіп отырып істеген ісің құрысын – береке болмайды. Ашынып отырып не істесем де бүлініп шыға келеді. Тамақтан соң асқазан ауырып, көңіл-күй болмайды. Суғарған гүлдерім солып, еккен көкеністерім шықпай қалады.
Соған қарамастан мен оны ешбір жамандыққа қимаймын. Оның қасымнан табылғанын қалаймын. Өйткені ол менікі, басқа ешкімді емес. Талай мәрте қолын бір сілтеп кетуге оқталғаны да болды, жібере алмадым. Себебі сүйем. Маған – бай, оған – қатын табылар. Ал арамыздағы нәзік махаббат ше, оны қайда қоярсың. Жоқ, бізге қалайда бір мәмілеге келу керек.
Ол өзіне ермек тапты. Мен үйдің шаруасымен әлек болып жатқанда, ол ылғи жеміс бағына апаратын сорапқа тастақ жол салып, жүруімізге ыңғайлап қойды. Әйтпесе күн жауғанда лайланып, жердің миы шығып жататын. Ол аздай баспа ашып, кітаптар шығара бастады.
–Не жазып жатырсың, шұқшиып?
–Не қыласың, бәрібір қара танымайсың? – деп қалжыңдап, тиісіп қалды.
–Ойбай-ау, мен сенен көп оқығанмын, магистрлік білімім бар, құдайға шүкір.
–Хаттар жинағы. Мына планета туралы жазып жатырмын. Алда-жалда жерге жолымыз түсіп жатса немесе адамдар осында кеп қалса – бұл мекен туралы ақпарат беруіміз керек. Бұл да ғылым. Ал мынау болса, – деді қолына мөр басылған, қол қойылған қағазды көрсетіп, бұл жерге алғаш қоныстанушы ретінде, бұл планетаның құзіреттілігі менің қолымда. Егер адамдар қандай да бір келісім-шарт жасасып бұл планетамен жұмыс істегісі келсе, менің шарттарым мен талаптарымды орындауы қажет.
– Мәселен, не жұмыс?
–Білмеймін ғой, бұл өлкеде біз білмейтін жылтыр тастар бар: небір мүкәммалға тола, ал мұхит астында бәлки мұнай бар шығар. Соларды сатамыз, сөйтіп байлықтың астында қаламыз. Ішпегеніміз алдымызда, ішкеніміз артымызда. Былай қарасаң, мен осы планетаның патшасы, ал сен ханшасысың. Біз байлықтың үстінде тұрмыз, Хауа. Өзіңді әлемдегі ең бай адам ретінде көруіңе рұқсат.
–Жердегі адамдар сенімен жұмыс жасады, ең бай адам болдың делік. Сосын ше?
–Сосын, шарттарымды орындатам.
–Мысалға?
–Соғысты жоямын. Аштық болмайды. Жаңа заң күшіне енеді.
–Ал сол ойың іске асты, одан кейін ше?
–Жер жүзіндегі барлық проблемаларды қолға алып, билікті тізгіндеймін. Одан кейін өз заңнамамды жүргізетін боламын, – деді көзі оттай жанып, алысқа зер салып. Әлем – ашсам алақанымда, жұмсам -– жұдырығымда болады.
Мен оның барған сайын өзгеріп бара жатқанын байқадым. Бәлкім, танымай, көр-соқыр болып кеп, енді көзім ашылды ма екен.
–Айтар уәжім бар, – дедім жыламсырап тұрып, шынымды айтсам не үшін бозарып тұрғанымды өзім де білмеймін. Сүйген адамыңның шын ниетін енді білгеннен бе екен. Мен оны қазіргідей жек көрген емеспін.
–Айта бер, – деді балтасын томарға қадап, мойнындағы сүлгімен бет-маңдайындағы терді сүртіп.
–Сен жердегі соғысты тоқтатам дейсің, жер түгілі екеуміздің соғысымызды тоқтата алған жоқсың. Ал аштықты жоям, жаңа тәртіп, жаңа жүйе орнатам дейсің, сондағы мақсатың – билік. Жерден кетіп қалғанымыз да сол билікке жете алмағаныңнан, өзіңнің шарасыз хәліңді, ойлаған жоспарыңды іске асыра алмағаныңнан екен ғой. Ал енді мына планетаны тізгінге алып, адамзатты құрсауыңа алып, білгеніңді істемекшісің. Мен бұл ізгі ниеттеріңнің ар жағында таза жүрегің мен аппақ пейілің тұрған шығар десем, атаққұмарлық пен мансапқорлық жатыр екен. Айтқаның дұрыс – соғыс, аштық жойылып, адамдар тату болса, бюрократия орнаса дейсің, бірақ ар жағындағы ниетің – қисық. Ал оның орнына ішіңде піскен, біз білмейтін жаңа заңдар орын баспақ. Ал солар түзу ниеттен бе? Жоқ, кім мықты, кім әділ, кім жақсы, ойбай, Адам керемет екен, Адамға жетер патша жоқ екен, деген бақай есеп, қитұрқы қулық. Бар ниетің – тақ екен, – дедім де жылап жібердім. Оның еріні жиырылып, тістері шықырлап, шеке тамыры білеуленіп, көзі шатынап кетті. Одан қорыққаннан ба, әлде көз жасымды көрсеткім келмеді ме, бетімді басып отырып қалдым. Адамның түпкі ниетін тапқандаймын, ол өзі де не қалап жүргенін өзі түсінбейтін. Ал қазір тамырын дөп басқан сияқтымын. Жүзін бақсам, шынында солай ма еді, дегендей ой үстінде қақшиып тұр. Сосын бұрылып тоғайға қарай бет алды. Ол ылғида ренжіп қалса, ашуланса, жаңа идея туса солай қарай кететін. Ал мен көз жасымды білегіммен сыпырып алдым да үйге қарай аяңдадым. Аспанға қараймын, шашылған моншақ құсаған ғаламшар мөлдіреп тұр. Арасында, көзге ілінбес бейнеде тығылып тұрған мен өскен, туған жер бар. Сағынғаннан ба, танауыма жусан иісі келді, апамның нанкөмбесі, иә, қызғалдақтар бөккен дала. Көзімді жұмдым. Жұмыстан оралған әкеме қарай жүгіріп бара жатқаным, әкемнің мені көтеріп алып аспанға лақтырып кеп, жұлдыз болсын дей ме, әлде солардың біріне кетерімді білді ме екен, қайта қағып, қайта лақтырады. Мен болсам шықылықтап мәз боламын. Әкемнің дархан даладай құшағы, тонынан туған жер топырағы, тері сіңген иісі аңқиды, арқасына көтеріп алып «ат» болатыны, «игөгө» деп кісінеген болады да, жорғалап шапқан болады. Менің балдай тәтті балалық шағым... Ал анам ше, мейіріммен шашымды тарайтыны, еркелігімді көтеріп, құшағына басатыны, қандай керемет! Бәрі де түс сияқты артта қалғаны ма. Көңілім босаған үстіне босай берді. Бір жағынан жеңілдеп қалдым.
Ал адамның шын ниетін білген соң тіптен шошыдым. Жерге кеткім келді, мына менімен аттас планета тынысымды тарылтып, зынданның нақ өзіне айналып бара жатқандай еді...
Адам
Кеудем қылын дәл шерткендей көкірегім күмбір қаққаны. Арқамды қарағайға сүйеп, сарқырап аққан өзенге тас лақтырып отырып Хауаның ащы сөздерін тағы бір мәрте еске алдым. Нәпсім қанша жерден қарсылық білдіргенімен айтқан сөзінде жан бар. Бірақ, мен сонда да өз-өзімді ақтап алуға бейім екем. Өйткені, өзімді идеал санаймын. Хауа қанша жерден дұрыс айтсын, мейлі, өз пайдамды ойладым-ақ делік, сонда да, сол жасамақ істерім адамзатқа да пайдасы тиеді емес пе. Жақсы емес пе, соғыс жоқ, бейбіт заман орнап жатса. Демек, мен ойлағандай саяси жүйені қай патша орната алады екен. Сол үшін де мен патша болуға лайықпын.
Құжырама қайта оралып, теріс қарап жатып алдым. Бір ұйықтап тұрған соң, түк болмаған құсап Хауа екеуіміз шүйіркелесіп кеттік. Бірақ, екеумізге де белгілі бір хәл бар – дауыл алдындағы тыныштық, алыстан қараң-құраңдап келе жатқан бұлыт көшкіні секілді қандай да бір үрей кеудемізді тепкілеп, тыншитын емес. Арамыз бұрынғыша емес, барған сайын алыстап, суып бара жатқандаймыз.
Құм жағалауын жалаң аяқ кешіп жүріп, толқын шағылысына көз тоқтатамыз. Жағада бейтаныс балықтар шоршып шығып, қайта суға еніп кетеді. Сонда мен алғаш рет қалың кісі қарасын, жұртты, адамзатты қатты сағынғанымды-ай! Шыңырауға түсіп кеткендей жалғыздық сезінгенім бірінші рет. Бұлайша адамдарды сағынам деп ойламаппын. Сонда да ішімде бас көтерген күйді білдірмеуге тырысып бақтым.
–Сен менен алыстап барасың, күн өткен сайын. Жылуың жетпейді...
–Хауа, – дедім тарылған өкпеме кере ауа жұтып, – біріншіден, саған дауа жоқ екен. Ұрыс шығарудың әйтеуір жолын табасың ғой. Жерде ғой, ол – анау, қыздардан қызғанып, жаман ойладың. Достарыммен кеттің дедің. Жұмысың көп дедің. Ал енді ше, не көңіл, нендей қашықтық түсінбей тұрғаным. Мұнда екеуміз ғанамыз, таң атысы, күн батысы қасыңдамын. Өзімнен гөрі, көп уақытым сенімен өтеді. Қайдағы жоқ бір нәрсені тауып алады екенсің, – дедім сұлу көрініске алданып, ашуымды басып үйренейін деген оймен басқа, жақсы нәрселер ойлауға тырысып. Бірақ онымнан түк шығатын емес.
–Алыстау деген тек денемен ғана бола ма екен, тәнің қасымда болғанымен, жаның шалғайда. Мына алып әлемде жалғызсырап жүрмін, сенен басқа жақыным қалмады. Ал сондайда сүйеу болады ма десем, маған ұрысып шығасың. Айтшы, қайда барып опа табайын, қайда кетіп тыншиын. Етегіңнен ұстап келгенімде осы ма жанымнан табылып, қолдағаның. Саған менен басқасының бәрі қызық, мен ғана жаманмын, әйтеуір, – деді қолын қолына айқастырып, теріс айналып. Оның жүзіне батыстан соққан салқын леп көзін, жүзін қытықтайды келіп. Еркелетіп, жұбатқаны шығар. Мұнартып қораланған көп планеталар оның жүзіне күнмен қосылып қоңырқай сәуле түсіріп, «тарықпай, қуан» дегендей шаттық бояуын сеуіп тұрғандай. Кірпігіне ұялаған мұң өзіне сондай жарасымды. Сұлу жар қай кезде де – сұлу ғой, жабырқағаны қандай әдемі. Бір-бірімізді қинағанымыз сонша, айтпасақ та көп нәрсе түсінікті. Алыста сулығын бұлғаған ағаш жапырақтары, «құрбым, біз сенімен біргеміз» деп оны қолпаштап жатыр ма дерсің. Бірақ, менің Хауам оларға да, маған да көңіл аудармай, тек өз ренішіне батып, дүние қызығынан мақұрым қалды.
–Қойшы, енді, ең болмаса бүгін ұрыспайықшы. Ылғи өйстіп шығады екенсің.
–Енді мен кінәлі боп шығамын ғой...
–Саған дауа жоқ екен, – дедім манадан бері ол туралы әсем ойларға елітіп келе жатқаным су сепкендей тына қап.
Әрмен қарай серуен құрудың мәні жоғалды. Аяқ асты денем ауыр тартып, жатқым келді. Ашуланғанда аяқ-қолым құрысып қалатыны бар.
–Мен үйге кеттім, – дедім тоқтай қап, – қаласаң жүр!
–Сен ылғи осылай жасайсың!
–Айналайын-ау, енді маған не дейсің! Түсінбей-ақ қойдық қой өзіңді, – дедім алақанымды ашып ап, қолымды ербеңдетіп.
–Кете бер, бар! – деді де ары қарай жүре жөнелді.
Мен үйге бұрылдым. Жол бойы долданып, ішімнен бұрқылдап келем. «Сені жеңе алмаспын, сенікі ғана дұрыс, менікі бұрыс. Не керегін итім біліп пе! Қара да тұр өзі кеп ұрынады. Үндемеймін, тиіспеймін. Шаруамды істеп жүре берем. Білгеніңді істе!» дедім де есік алдындағы тербелмелі сәкіге кеп жайғаса қалдым. Неге екені темекі шеккім келіп кетті, аузыма татып көрмеген дүние еді, жүйке басқанға, түк істемей отырғанда алданыш қылғанға жақсы деп естіп ем. Сонсоң, жерден қылтиып шыққан шөптің бір талын жұлып, ерніме қыстырып алып, істейтін жұмыстарым туралы ойлап, толғандым. Жанымды біреу-міреуге ақтарып, ашпасам жынданып кететін шығармын. Ал Хауаға жаның түгілі ойыңды ашып айта алмайсың, ұрысып қалармын. Қой, оданда ақ қағазға жаза бермейін бе. Бәлкім кейін, жүз, мың жылдардан кейін келер ұрпақтардың кәдесіне жарап қалар. Тіпті болмаса жат планетада алғаш өмір сүрген адамның хаты, деп музей, архивтерде сақтайтын болар. Мына әлемге келгеніме өкіне бастағандаймын. Жерге де барғым жоқ. Өзім қалаған межеге жеткенше, Жердің ғалымдары бізді тапқанша сабыр ете тұру керек. Үлкен арман – үлкен сабырға мұқтаж.
Иә, осы аймақтың уақытымен бір ай өтер-өтпес жаңа баспам дайын болды, алғашқы кітабымды да басып шығардым. Ондайда Хауа ұрынарға қара таппай жүрген:
–Ешкім оқымайтын кітапты несіне басып жүрсің, – деді мырс етіп.
–Міне, көрдің бе, – дедім, – осылай біздің ұрыс басталады. Өзің бірінші кеп маған тиісесің. Сосын мен «тәйт» десем, жекідің деп тағы шығасың.
–Мен саған тиісіп тұрғам жоқ, сауал қойдым жәй ғана.
–Ешкім оқымайды емес, өзім жазып, өзім оқимын, сосын өзім сынаймын. Өзіме өзім – ұстаз, әрі шәкіртпін.
–Еріккен екенсің, – деді сәбіз\ турап отырған Хауа.
Ашуым басыма шықпай тұрғанда тезірек сыртқа шығайын деп, кітаптарымды құшақтап аулаға ұмтылдым.
–Не болды, тынысыңды тарылтып жібердім бе, хахаха! – деп күліп үлгерді.
–Сені жерде-ақ тастап кетуім керек еді, өзім рахаттанып, жалғыздан жалғыз мына әлемде өмір сүретін ем, – дедім ол естімейтінін білсем де, әйтеуір айтпасам тілімнің қышуы қанбайтынын ұғып. Бірақ, ол есікке сүйеніп, маған алайып қарап тұр екен.
–Ойыңды дауыстап айтып қойдың? – деді де тістеніп, теріс айналды. Сонсоң асүйден сылдырлаған ыдыстар, тарсылдаған жиһаз есіктері естіліп жатты. Бәрін тәптіштеп айтып жату жөн емес шығар, бұл күнгі ұрысымыз тым ұзаққа созылды. Тіпті, ажырасу туралы сөз қозғадық. Бірақ, осы сөз екеуміздің де жүрегімізді ауыртып жібергені сонша түн баласын ұйқысыз өз жан айқайымызға құлақ түріп өткіздік. Одан кейін, аузымыздан ажырасу туралы сөз түскен жоқ. Қит етсе болды «талақты» сөз арқауы қыламыз. Кең әлемді, екеумізден басқа ешкім жоқ алып планетаны тарылтып жібергендейміз. Қаншама нығметтер мен рызық төгіліп, әлем құшағын жайып тұрса да біз кердең қағып, кемшілігімізден басқа түк көрмей, дауласудан танған жоқпыз. Тып-тыныш жатқан планетаны шулатып, берекесін қашырдық. Реніш пен кек көзімізді соқыр, құлағымызды керең, ынсапсыз қып жібергендей. Бір-бірімізді жолықтырғанымыз үлкен қателік болды, деп өткен өмірімізді күресінге тастап кеп жібердік. Бұның арты жақсылыққа апармасын сездім. Ол да, мен де қайтпаймыз. Қалайда бір шешім табуым керек болды.
Енді татуласуымыз қиын болар деп топшылаған едім, пенде болған соң, қанша жерден қатал, суық көрінем дегенмен, махаббат алдында әлжуаз екенмін. Қайта жібіп, жұмсардым. Оның ыстық алақаны бетімнен сипап, жүрегімде қатқан сеңді жібітіп жібергені. Енді жіберместей құшағыма қаттырақ бастым. Қатты қысқаным сонша, сәл құшағым босап қалса жоғалтып алардай қорқам. Кеудем құдды бір темір тор да, Хауа сондағы құс сияқты. Оны осы бір торға қамап ұстасам ғана жаным жай табатын сияқты. Міне, осы сәтте ол тұншығып кеткенін шытқан қабағымен білдіріп, кеудемнен зорға сытылды. Сөйлессек қайта ұрысып шығамыз ба деген үрей де жоқ емес. Хауа ыстық шәй қойды. Суыған көңілді жібітпекке ұмтылған хәл. Шәй ішіп отырып терезеден аулаққа, телегей мұхиттың ақжал толқындарына, ақшулан көпіршігінің тас үстіне атқылап жатқанына зер салып отыр. Бірақ, сыртқы көріністен көрі, ішкі сезімдеріне көптеп дендегені шәй ішкендегі аһып-уһілегенінен, суланған жанарындағы жасты кері ысырған кірпігінің дір еткенінен аңғаруға болады.
Иә, қою шәй қоңыр мұңыма жағып жатыр ма, тершіген маңдайымды жеңіммен сүртіп, көңілімде алай-түлей боп жатқан сезімдеріме назар аудардым. Хауаға деген өкпемнің, оның маған деген ренішінің ар жағында не жатқанын қайдам, бірақ, бір-бірімізді өзіміздің ыңғайымызға қарай жыққымыз келетін менмендік қай-қайсысымызда да бар еді. Көңілімнің ар жағында түсініксіз сезімдер орамы мың сан. Кеудем торында жалғыз Хауа ғана емес, одан бөлек қаншама адамдарды қамап алғаным айқын. Нешеме уақиғалар мен жағдайларды көкірегімде тұншықтырып жатырмын. Кеудем – тұтқындар қапасы. Мұнда ешкімді жібермей ауасы тар, төбесі түнек, қабырғасы қалың зынданнан аттап бастырмаймын. Қаншама жазықтылар мен жазықсыздарды, сынағандар мен ренжіткендерді, өкпелесіп, кектескендерді, жанымды жабырқатқандардың, сұрағыма жауап қатпағандардың, жарты жолда қалдырып кеткендердің, нешеме адамдардың ақысына кіргендерді, соғыс ашқандар мен жылатқандарды кеудем торына қамап алғаным бар. Ешқайсысын еркіндікке жібергім келмейді. Өйткені олар жазықты. Көкіргіме бір Жер шарының өзін бір бүтін қамап алғанмын. Жерден кетсем де жерді жүрегімнен жібергім жоқ. Енді ойлай бер, соның бәрін әлсіз денеңмен көтеріп жүру неткен қасірет. Кеудем торындағы тұтқындар еркіндік сұрап шыр-пыр болады, мазамды алып, түн ұйқым қашады. Мен олармен күнде тілдесіп, пікір таласып, ұрсысып жүрем. Содан ба жаным қиналады, жүрегім ауырады. Хауаға қарасам – жер, жерді ойласам – Хауа есіме түседі. Сонсоң барлық кеткен есемді Хауадан алып жатырмын ба деп қорқам.
–Мен саған бірдеме айтайын деп ем, – деп бастады сөзін.
–О, не? – дедім бөлішкенің бір тілімін шайнаңдап отырып, ойым шашырап.
–Дұрыс түсін, мен ұрысқым келмейді. Айтпасқа тағы болмайды. Мен... сен жоқта жалғыз қалудан қорқамын… Естіп тұрсың ба, Адам, – деді міз бақпай бір нүктеден көз алмай отырған маған қолымен көз алдымды бұлғақтап. Ауыр ойдан сытылып әзер шықтым да, жұқалтаң мұң тоңған жүзіне үңілдім.
–Не дейсің?
Ол сұрағын қайталады.
–Е, ондай күй өтпелі. Бақырып ән шырқасаң кетеді, шын айтам, осылай жасап көрші, – дедім де орнымнан ақырындап тұрдым. Тымырсық ауадан өкпем қысылды. Ол менің жүзіме «мен саған шын айтып тұрсам, мазақ қып тұрғаның не» деген сыңайдағы ренішпен көз салып тұр.
–Сосын... – дедім де сыртқа шықтым. Артымда Хауаның қарайған сұлбасы қалды. Ол сөзінің жарты жолдан бөлініп, толық тыңдалмағанына нала болып тұрғанын сездім. Ыдыстың сыңғырлағаны естілді. Далаға шықсам еркін құстар аспанды кестелеп, бұла көбелектер гүлдерге еркелей ұшқандары бағанадан бері кеудемдегі тар қапасқа қамалғандармен қоса қамалып отырған менің жан сарайымды ашып жібергені. Мына құстар кеңістікті қалай сүйсе, кеудем торында қамалған өкпе-ыза, солайша бостандығын сарыла күтіп жүр. «Жоқ» дедім тісім шықырлап, сендер менің жанымды тілгілегендеріңдей мен дәл солай есемді алмайынша қайтпаймын. Кеудемнен жаным шыққанша, мені бұл ойымнан қайтара алмайсыңдар. Айтқаным айтқан, дедім қырсықпа мінезім ұстап. Бүгін де жарытып жұмыс істегенім жоқ. Тек ұйықтаумен, баспаға терген кітаптарымды қайта шолумен уақытым өткені болмаса дым бітірмеппін. Хауа да аз-маз пердесін тігіп-пішіп отырып, аяқ асты «басым» деп сақинасы ұстап жатып қалды да, сәлден соң жұмысына қайта кірісті.
Ал құла таңда құшағымда оянған Хауаның мысық құсап балбырап ұйықтап жатқанына сүйсініп қарап қаппын. Ол ұйықтағанда сәби сияқты, сондай тәп-тәтті. Оң қолым ұйып қалса да оның осы бір тәтті ұйқысын, жанымның жібіген сеңдерін жоғалтып алмайын, кірпігіне қонған үркек ұйқысын үркітіп алмайын дегендей тым тырыс жата беріппін. Жүзіне ұзақ қарадым. Пердеден сырғи, шынтақтап енген ерке шұғыла көбелек құсап Хауаның жүзіне «оянсаңшы», дегендей қытықтай келіп қонды. Қабағын шытып, бетін сипалап көбелек шуақты қанша ұшырам дегенімен, гүлге қонғандай немесе сылдыраған бұлаққа түскен шапақ құсап, шағылысып, жылтылдап тұрып алды.
–Сенесің бе, сен осылай қасымда болғанда, бауырыңа басқаныңда бір-ақ жаным жай табады, өзімді сүйеуі бар, тірегі бар, бақытты жан сезінем, – деді бағанадан бері ұйықтамай таңғы елеске елітіп, көзін өтірік жұмып жатқандай.
Сәлем-сауқатсыз басталған сөзіне не деп тіл қатарымды білмей аздап абдырап қалдым. Мен ылғида ол сөйлесе, бірдеңе деп жауап қатуым керек, мәселесін шешіп беруім қажет, деп ойлайтынмын. Ал ол жәй ғана әңгіме айтқысы, жанын ақтарғысы келеді екен. Мұны мен кейін, кеш білдім.
–Енді өзің білесің бұл жақта да күн көру үшін еңбек қылу керек. Сенің қасыңда ылғи жүре алмаймын ғой.
–Мен жалғызсыраймын. Мына үйден қорқамын. Айтсам нанбассың. Бірақ, үйде, үй түгілі мына планетада бізден басқа үшінші біреу бар сияқты. Сен жоқта ыдыс-аяқ жуып жатсам да, гүлдерді суғарсам да, артымда әлдекім тұрған сияқты қорқып жүрем. Жүрегім тынымсыз соғып, үркек құс сияқты дірілдеуін қойған емес. Ал сен үйге келгенде ғана жаным жай табады. Түсінесің бе?
–Елегізігендікі ғой. Көп басыңды қатыра берме!
–Ал мұнда көзге көрінбейтін рухтар болса ше?
–Қайдағы жоқты бөсесің ау сенде, – деп теріс қарап жаттым жақтырмағанымды аңғартып. Айтуын айтсам да, жүрегім қысылып, мен де біртүрлі қорқа бастадым.
–Не дегенмен үйді таза ұстасаңшы, баяғыда апаларымыз: «ыдыстың аузын жап, қоқысты кешке төкпе, жатарда дұға оқып жүр, орамал тағып сыртқа шық, шашыңды жайма», деп бекер айтпаса керек-ті.
–Мен барынша дұға оқып жүрем.
–Енді соған сай ерлік қыл, қарекет жаса! –дедім орнымнан атып тұрып, бүгінгі атқаратын жұмыстарымды дереу істемесем – үстімді нас басып, жалқаулығым жеңіп кететін құсап.
Шатқал бойын қазып бірер жылдан бері мұнай, газ т.б. түрлі бағалы байлық тапқам. Енді міне соның барлығы ғарыш кемемнің әжетіне жарап, тағы да түрлі зерттеулер ашуға, басқа да аспан денеліріне қонақ боп баруға мүмкіндік туып тұр. Қуанышымда шек болған жоқ. Басқа да планеталардан бөгде жаратылыстар кездесіп қалар деген үміт те бар. Осындай жаңалықтарым жайында Хауамен бөліссем ол немқұрайлы тыңдап, өз ойымен әлек болып отырады. Соңғы кездері тіптен өзгеріп, көңілшек, жылаңқы болып кетті.
Әлгі қорқынышы туралы әңгімеден кейін, үйге оралған сайын ол менің қасымнан бір елі қалмай, соңымнан еріп жүріп алатын болды. Бүгін де қорқыпты.
–Өз-өзінен терезе ашылып кетті?
–Жел ашып кеткен шығар.
–Бекіткем?
–Дұрыстап жаппаған боларсың, – дедім мән бермей.
Ол өрекпіп, ентігіп артымнан адымдап ілесе берді.
–Шын айтам, мені жалғыз қалдырмашы. Болмаса сенімен бірге ілесіп тоғайға, шатқалға бірге барайыншы.
–Ол жақ қауіпті, жар мен құз.
–Бола берсін.
–Басымды қатырмашы, а! – дедім сабырым сарқылып.
–Сен мені мүлдем ойламайсың. Кетпесең, жоғал әрмен! – деп шатынап шыға келгені.
–Не айтып тұрсың сен, енді сені қасымда әлдилеп жүрейін, ересек адамсың ғой, кішкене өзіңді қолға алсаңшы. Әйтпесе, сен аш қалмасын, торықпасын деп жұмысқа шығып жүрмін. Ерігіп жүрген ешкім жоқ.
Одан кейінгісі мәлім. Айқай шу. Сынған жиһаздар мен шытынаған ыдыстар. Бүгінгі ұрыс тым шектен шықты. Бір-бірімізге өмірі айтпаған ауыр сөздерді айтып, өткен-кеткен шақтағы бүткіл қателіктерімізді тізіп шықтық. Ақырғы сөзіміз «ажырасқан жөн болармен» аяқталды. Ашынғаным сонша, өзімді қолға ала алмай, орнымнан атып тұрдым да сыртқа беттедім.
–Сендей қатынмен тұрғанша басқа әлемге кеткенім артық, мына дүниені де, осы планетаны да саған қалдырдым. Қалағаныңша иелік қыл. Керектінің бәрі бар. Ал мен өз жолымды табам.
–Кетпесең, бар. Саған күнім қарап қап па! – деді ол да бет бақтырмай.
Ғарыш кемемді оталдырып алдым да, ашудан түтіккен қалпы, бір сәтке де қайрылмастан көкке ұшып кеттім. Терезедегі айнадан көзімнің шалып қалғаны, ол де есігін тарс жауып, үйге еніп кеткені. Кеудемді соққылаған әлдеқандай дауыс «бекер» деп аһ ұрып жатқандай. Басым ауған жаққа, жұлдыздарды бетке алып кете бардым.
Хауа
Қанша жерден кішірейіп бағам дегенмен мінез құрғыр дес берсін бе! Менде де намыс бар, көңіл бар. Әйелмін, көңіл бөлгенін қалаймын, романтика аңсаймын. Ал оның айтатын жалғыз уәжі: «Онсызда қасыңда жүрмін ғой». Мына планетада аяқ аттам жердің бәрі гүлзар, бақ. Бір рет болсын гүл теріп берді ме, білте шам жағып, айлы түн астында биге шақырды ма. Шаршадым дейді де ұйықтап қалады. Ал мен ақымақ оның жұмыстан оралғанын екі көзім төрт болып күтіп отырам. «Ойбай, Жерден кетсек бақытты боламыз, ешбір адамның зұлымдығы жетпейтін, ешбір өсек-өтіріктің күлі де тимейтін, қол жетпес, құлақ естімес медиенге кетеміз», – деді. Осы ма жан тыныштығы, осы ма әперген пұшпағы? У-шудан, ұрыс-керістен құлақ ашпадық. Мәселенің бәрі Жерде емес, адамдарда емес, бізде екен. Ананы-мынаны кінәлап келдік, ал енді, тапқан опамыз, қане?! Кетіп тындың, су жүрек. Аманатыңды мойныңа алған екенсің, қиянат қылма. Ашу үстінде бәрін айта алмай қалдым, кетіп қалғанын қарашы.
Ашуым басылып, кенеттен оның шын мәнінде кетіп қалғаны, соқа басым сорайып алып планетада жалғыз қалғанымды ойлағанда – бойымды үрей билеп, көзімнің алды қарауытып кетті. Даусым қарлығып, үнім шықпай барады. Есік-терезелерді бекітіп, жарық жақтым. Кереуеттің арқалығына арқамды сүйеп, дыбыс аңдып отырдым. Ашуым басылды ма, білмеймін, Адамға айтқан барлық ауыр сөздерім үшін өкіне бастадым. Құдай тағала мені Адамның қабырғасынан жаратқан жоқ па, серік болсын, сыңар болсын деп. Біз тәніміз бөлек болғанмен бір бүтін емеспіз бе!? Неге сонша бір ашуымды бере салмадым, бір мінезін неге көтере алмадым екен. Қарайып қасымда жүргенінің өзі бақыт екен ғой. Жөткірініп есіктен кіріп келе жатқаны, жұмысқа аттанғанда маңдайымнан иіскеп, «қорықпа» дейтіні қандай тамаша! Бауырына басып тұрып, түрлі теңеулер тауып, еркелететіні ше. Ал ол аздай мына бір планетаның өзін менің құрметіме «Хауа» деп атап қоймады ма. Соның барлығын көріп тұрып көрмегенім, біліп тұрып білмегенім қалай? Тамағым түйін боп, кеңсірігім өртеніп жатыр. Жастықты бетіме басып алып ұзақ жыладым. Ол кетіп қалды дегенге сенбеймін, әне-міне есік қағып келіп тұратын сияқты, тырс еткен дыбысқа елеңдеймін. Терезенің пердесін түріп, жолға қарадым, ұзақ тостым. Бірақ, ол келген жоқ. Жоқ, мені жалғыз тастап кетуі мүмкін емес, қайтып келеді деймін тістеніп. Бірақ, шарбы бұлттар жөңкілген көк аспанда бір нышан жоқ. Тым-тырыс. Тек көкірегімді ұрғылаған жүрегім мен үрейлі жан дауысым естіліп тұр. Өңге ештеме жоқ.
Кеш бата бойымды ашу-ыза қайта кернеді. Ашудан түтігіп, өз-өзіммен ұрысып жатырмын. Кететіні бар мені Жерге апарып тастамай ма, сонсоң қоқанға кетсе де өзі біледі. Айдалаға әкеліп тастап енді отырысым мынау, не тірі, не өлі екенінен хабарым жоқ. Басына бір бәле келмесе етті. Уайым шектім. Әйтеуір аман-сау болса екен. Тамақта ішпеді, қарыны да ашып қалған шығар. Не істеп жатыр болдың екен, Адамым, жаным!
Күн бұлттанып, жауын жауды. Қорқынышым еселеніп, сағынышым артып, жаңбырмен жарысып ұзақ жыладым. Шатырды ұрғылаған жаңбыр тамшылары да кеудемді тепкен жүрегімдей һәм есікті қаққан Адамдай алаңдата береді.
Адам
«Адам деген сөз түсінсе ғой, жоқ, өзінікінен танбай бет бақтырмайды ғой, шіркін! Сенікі дұрыс десе, сөйлеп-сөйлеп қоя саламыз ғой. Қойшы, ұрыс шықпасын деп бір үндемейсің, екі үндемейсің, құлақ етіңді жей берсе, шыдамың да сарқылады. Біресе анау жақпайды, біресе көңіл бөлмейсің дейді, көңіліне қарап өлетін болдық. Қашанғы қас-қабағына қарап, көңілін аңдып жүрем. Одан басқа жұмысым жоқ па, әлде». Зымырап келе жатқан бетімде ашуланам деп алдымды көрмесем керек, ұшып келе жатқан бірнеше метеоритке соқтығыса жаздап әзер дегенде қашып үлгердім. Сол сәтте есіме түскені бірінші Хауа болды. Ашуым сап тыйылды. Өлімнен қорыққаным жоқ, Хауаны ендігіәрі көре алмаймын ба деген үрей. Ашуланып кетіп қалсам да жеме-жемге келгенде оны тастап ешқайда да бет бұрмасым белгілі. Өзімді өзім алдай алмасым анық. Сонда да қырсықпа мінезім, қайдан жұққаны, алдыға жөней бердім. Артқа бұрылғам жоқ.
Хауамен өткен өмірім, қуаныш-мұңым, барлығы көз алдымнан мына ғарыш кемесі құсап зуылдап бара жатыр. Азды-көпті, шуақты-бұлтты күндеріміз бар. Соның барлығын күресінге тастай салу, сөзбен қанша айтсаң да, көңілмен бекіту мүмкін емес. Қанша жерден бет шайысып қалсақ та бұның ар жағында бір-бірімізге деген асыл махаббат, ізгі құрмет жатқаны анық. Түпкі тамырымызда асыл мейірім мен қамқорлық бар, оны неге жасырамыз. Ал мына ұрыс біздің көлеңкелі, өсе келе жұқтырған дертіміз, эгомыз.
Жаным жай таппай, барлық қасірет пен рухани кеселдерімнің кесірі –адамдарда деп білдім. Біздің махаббатымызға, тату-тәтті өмірімізге басқа адамдар кедергі деп түйдім. Сөйттік те, Жер бетін жайлаған азғындық пен соғыстан қашып, жерұйық іздеп осында келдік. Мына жат мекенге жеткен соң да жай таппағанымыздың белгісі неде? Жанымның тыншымағаны үшін басқа адамдарды кінәладым. Сонсоң, барлық проблеманың себебі Хауада екен дедім. Ал міне, қазір екі иінім салбырап, еңсем түсіп қайда, кімге бара жатқаным беймәлім, ешкімге керегі жоқ, бейшара хәлдемін. Білем, айтуға қанша ауыр болса да мойындаймын – бәрі өзімнен ғой. Жай таппаған жүрек, қай ғаламға тап келсе де жай таппайды екен. Қу адам өзінен басқаның бәрін бұрыс, тек өзінікін дұрыс көреді екен. Неткен өр, перғауын пиғыл боп кеткем. Осы сәтте кеудем торына қамалған адамдар, уақиға-жәйттер бәрі де бостандық сұрап, митингке шыққан қара халық құсап, көкірегім сыздап қоя бергені.
Хауаны ойладым – жаныма серік болған, өміріме мән болған махаббат падишасын. Оның өне-бойы толған нәзіктік пен сұлулық. Көзің де, көңілің де тояттайтын ғажайып бір әлем. Иә, ол қасымда жүрген сәттің бәрінде жаным тыныш болған екен-ау, ол барда көңілім дархан, дауысым ашық, мақсатым биік. Ал қалай сен қасымнан алыстадың, солайша қанаты қайрылған құс құсап қонар жерін, басар белін білмей жүрген жайым бар. Хауа... Хауа... Хауа... Еркелей үн қатқаның, айнала билегенің, жұлдыздарға тесілгенің, арманмен тыныстап, гүлдерді құшқаның, қасымнан қашанда табылғаның, адалдық пен сүйіспеншіліктің не екенін ұқтырғаның – қалайша қаперімнен өшпек. Өкініш өзегімді өртеп барады.
Дереу ғарыш кемесінің тежегішін бастым да, «Хауа» планетасына ат басын бұрдым. Хауама, құдай қосқан қосағыма қарай құлдилап келемін.
***
Бұрынғы аялдамаға қайта кеп қондым. Жаңбыр сіркіреп өтсе керек, ауа тазарып, жапырақтар мен шатыр үстінен жауын қалдықтары сырғып, тамшылап жатыр. Құдды бір жылап болған соңғы суланған кірпік құсайды. Қонып жатып көзім де, ойым да үй жақта, Хауаны іздеп әлекпін. Қорқып қалмады ма, не істеп жатыр екен деген уайым. Аңдасам, мені күтіп тұрғандай-ақ есік алдына атып шықты да, жүгіре ұмтылып келіп, есіне әлдене түсті ме, бірнеше адым аттадады да тоқтап қалды. Сәкіге теріс қарап отырып алды. Мен қона сала алып ұшып жүгіріп келем. Ол болса бұртиып, әлі теріс қарап отыр. Тастай қып құшақтап алдым. Өмірімде бұлай сағынып көрмеген шығармын. Оның қадірін, бағасын білмеген екем. Енді ешқашан, ешуақытта одан алыстап кетпесім анық. Бізді ажыратса ажал ғана айырар. Оның өзі де қайда қауышу үшін арналған қақпа емес пе. Демек біздің махаббат мәңгі ғой, өйткені бізді қосқан Тәңірі.
–Кете бермедің бе, – деді дауысы дірілдеп әлі де маған қарамай, өкпесі тарқамастан.
–Кешірші мені, қарғам, жаңсақ бастым!
Ол да әзер шыдап тұрса керек, бері айналып кеудеме басын қойды да, жүзіме жабырқап қарады.
–Ендіге кетпейсің ғой, солай ма?
Мен күлімсіредім, мұным күлкіден гөрі күрсініске ұқсап кетті. Қалай ғана бұндай жағдайға тап болдық деп ашындым. Бәлкім, бұл да жөн шығар. Хауа менің айнам екен, өзімнің нендей адам екенімді соған қарап ұғындым. Жан дүнием оның сезімдерінде шағылысты.
–Мен кетпегем, кетпеймін де!
Біздің қуанышымызға қуанысып, қосылған құстар легі айнала самғап, той тойлап жүргендей. Дүнияда өзгенің қуанышана қуана білу деген үрдіс қалғалы қашан. Одан көрі қызғаныш пен көре алмаушылық белең алған шақта, мына құстардың шықылдап, сайрағанына риза боласың. Көкірегімде жылдар бойғы бітеліп қалған тас қамалдан ондағы «жазықтыларды», бәрін босаттым. Мына құстармен бірге көкке ұшырып жібердім. Солайша, мен адамзатты, барлығын кешірдім. Мен пақыр бүткіл надандыққа өкпелеп жүрек ауыртқаннан не пайда, жерден аулақ кеткенімнен не үлес, оның барлғы құдайдың еншісінде емес пе, дәргейіндегі жауап емес пе. Түбі әділдік таңы атып, ақиқат салтанат құрады емес пе. Одан да жаратқан берген бармақтай бақты бағалап, нәсіп болған қабілеттеріммен өмірдің, мына жалған дүниенің аз да болса жақсара түсуіне ықпалым тигені жөн емес пе! Жерден қаштым, елден қаштым, әсілі – өзімнен қашқан екем. Қыңыр мінезімнен, бірбеткей, ренжігіш, кекшіл, долы өз өзімнен құтылғым келген. Өткенімнен, жақсылық жасаудан қашып, қара басымның хәлін күйттеген екем. Өзімнен қанша қашсам да өзімді жат планетада қуып жетіп алғаным, өзімді шығарып салып, өзімді қарсы алғаным қызық! Бір адым да алыстай алмас өзімнен неге қаштым? Өзімнен қашам деп – Хауаны таптым, Хауаны табам деп – Құдайды таптым.
Хауа
Кейде қызық, біз ересектер баладан да ары болып кетеміз. Бір нәрсені түсініп, қадіріне жету үшін, талай сынақты бастан өткеріп, басымызды тауға да, тасқа да соғып жүріп қана, тәубаға келеміз. Мен сонда да балаша қырсығуды қойдым ба, жоқ па, білмеймін, оны бір білсе – Адам білер. Ал балаша қуануым қалған жоқ. Оған да себеп – Адамым, қараптан қарап, ойламаған тұста мұнар жамылған жазира белге бір, тау шатқалының қыртыс-қыртысын көмкерген тұманға зер салды да:
–Жерге, өскен өлкеге ораламыз. Біздің жерқұйық сонда – кіндік қан тамған топырақта, – деді. Оны қапсыра құшақтап, алақайлап, биледім. Сосын ән айтқым келді. «Хауа» планетасына ән шырқап бердім. Әлбетте, даусымнан ба, басқадан ба құс біткен талдан ұшып аулақ кеткенімен, Адам өтірік-шынын қайдам: «Даусың қандай тамаша», – деп мәртебемді өсіріп қойды. Ал мен ән шырқағанды сондай жақсы көрем. Жалғыз тыңдарманым да осы – Адам.
IV
Адам
Кейде әдемі көріністен рахат алу үшін көзіңді алмай, кірпік қақпауың керек; көбелектің гүлге қонғанын суретке тарту үшін де қыбыр етпей, ақырын адым ату қажет; жақын адамыңның тәтті ұйқысын бұзбау үшін, аяқ ұшымен жүресің; өміріңде маңызды сәтті бүлдіріп алмайын деп абайлап тыныс аласың; қонған құстар сайрап тұрса үркіп кетпесін деп, оқыс қимылдамайсың; жақын адамыңа ақырын сөйлейсің: кез келген сұлу көрініс, әдемілік, бақыт – тыныштықты, үнсіздік пен үйлесімділікті қажет етпек. Міне, осы сияқты, ән айтып жатқан Хауаның бақытты сәтін бұзып алмайыншы деп, оны қостап, қолдап бақтым. Оның бұлай шаттанған жүзін көру үшін таң атысы, күн батысы әнін тыңдауға әзірмін.
Міне, «Хауа» планетасындағы азды-көпті ай-жылдарымыз аяқталып, сағыныш пен махаббат тола жүрегімізбен Отанымызға оралмақпыз. Кейде қолда бар алтынның қадірін білу үшін осылай сарылып сапар шегетінің, нешеме қайғы-мұң тартатының өкінішті. Әйтпесе, бәрі де қолмен ұстағандай-ақ анық емес пе!
Ғарыш кемемді сынақтан өткізіп, кезекті сапарымызға әзірлене бастадық.
–Бір өкініштісі, біз уақыт шекарасынан шығып кеткеніміз соншалық, Жер планетасына тап болғанымызда – болашаққа яки өткен шаққа тап келетініміз беймағұлым, – дедім алғаш келген кездегі сөзімді қайталап. Хауа бозарып кетті.
Хауа
Әрине, өзің туған ғасырдан бөлек, үйреніскен заманнан тыс, басқа бір кезеңге тап келу, соған үйренісу – қиынның қиыны болмақ. Маған Адамның бұл жайында айтқаны есімнен шығып кетсе керек, әлде мән бермедім бе, ұмытып кетіппін. Алғаш рет естіп тұрған сияқты таңдандым. Бұ сөзі «тағы, жаңа бір планетаға көшеміз» дегенді естігенмен бірдей болатын. Ұшатын уақыт жақындаған сайын жүрегім өрекпіп, толқып жүрдім. Бір жағынан «Хауа» планетасына бауыр басып қалғам. Бұл планетаға қимай-қимай көз тастаймын. Адам менің құрметіме бұл мекенге атын қойған соң ба, екеуіміз құдды бір апалы-сіңілі сияқтымыз. Ауа-райы мен табиғаты қашанда менің көңіл-күйіммен үйлесім тауып, қосыла жадырап, бірге жабырқап тұрады. Сырласым-мұңдасымдай. Әр тасы, бау-бағы бағалы. Әттең, бұ планетадан қоштасатын күн келгені сияқты, бұ дүниеге де бір күні қайыр қош дейміз. Бастан-аяқ пәни жалған қош-айтысудан тұрады емес пе! Базар тарқап, ду-думан тынып, оның артын топырақты сыпырған жел мен қарауытып көшкен бұлт басады.
Әне, Адам шабадандарды тасып, ғарыш кемесіне салып жатыр. Кететін сәт те туды. Қош, «Хауа», аттас, әпкетайым!
Адам
Мына жалғанда бауыр басқаннан артық азап жоқ шығар. Сол үшін де мен ешкімге де, ештемеге бауыр баспауға тырысам. Бір-біріңе үйірсектеп, үйреніп алдың ба, сырың мәлім болды ма, жақының жатқа, досың дұшпанға айналғанда сендерді бауыр қылған сыр мен мұң – өзіңе қарсы қолданылған қару болмақ, ал алда-жалда ортаңнан қара мысық жүгірмей-ақ қоштасар сәт туғанда ше, кеудеңнен әлдене қопарылып бара жатқандай болатыны бар. Қай жағынан алып қарасаң да оңай емес. Сол үшін де мына бір өмір атты сапарға қалайша ешкімді өзіммен бірге алып келмегенім сияқты, ешкімді де алып кете алмаймын. Кеудем қапасынан жанымды жаралағандарды босатқаным сияқты, жаныма жарық бергендерді де босатармын. Бәрін де жіберем, байламаймын. Сол кезде кету де, оралу да оңай болмақ. Бұл тұжырымымның қаншалықты дұрыс-бұрысын қайдам, ой да бұлт сияқты еріксізден еріксіз көшіп кете барады.
–Хауа отырсаңшы, күтіп қалдық қой, – дедім оның осы өлкені қимай, әлдебір қиялға шомып тұрған ойын бұзып. Әйел емес пе, көз жасын сүртіп ғарыш кемесіне жайғасты. Алдымызда ұзын-сонар сапар тұр.
–Ал, ақ жол, аман-есен оралайық!
–Аман-сау жетейік!
«Хауадан» алыстап, ол бір қарайған нүктеге айнала бастады. Ұзаған сайын жұлдыздарға шағылысып ол да жарқырайды. Жол сілтеген маяк құсап жымың етеді. Тағы біраз жүрген соң теңізге батып бара жатқан сақинадай кеңістікке жұтылып барады. Өзеннің арғы бетіндегі қоңырқай шам жанған жалғыз там сияқты. Енді сен естелік болып, жан-үйімізде шамшырақ боп қалмақсың, «Хауа»!
Хауа
Ұзын-сонар сапарым айлап жалғасты, тіпті уақыттан шатаса бастадық. Арып-ашып, әйтеуір жүріп келеміз. Шөлейтте, сусыз, далда іздеген, қаталап келе жатқан жолаушылар сияқтымыз. Қашан бітер екен деймін мына шексіз де шетсіз сапар. Қашан аман-сау үйге жетіп, саусағың тисе сыңғырлап, ән шырқап қоя беретін ыдыстарымды нәзік сипалап, шәй ішер екем деймін. Қашан теледидар қарап, ән тыңдап, көрші-қолаң, құрбы-жолдаспен арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырар екенмін? Жерді, көпшілік ортаны, адамдарды сағындым. Әлеуметтік желіге кіріп ұнайтын бояу-далаптарыңды іздеп отыру, оларға тапсырыс беру қандай ғажап еді. Ал шоппинг жасап, сауда орталықтарын, базар аралау ше, басқа-басқа маған өте-мөте қажет екен. Осының барлығы ой-әуселемді жаулап алғаны соншалық, жерге бара сап жасайтын жұмыстарымның тізімін құрып қойдым. Өзімді цивилизациядан, жаһандық даму процесстерінен қалып кеткен қараңғы адам сияқты жаман сезініп тұрғаным. Не де болса бақыттымын, жанымда Адамым бар, және біз іздеген жерұйық, өз үйіміз – Жерге оралып барамыз. Алыста жарқ-жұрқ еткен жарық құсап, менмұндалап, әне, Жердің өзі де көрінді. Мұхитта шайқалып, адасып арал кездестіргенде алып-ұшқан жан құсап, шаттанып кеттік.
Адам
Жер, иә, мынау кәдімгі біз туған, өсіп-өнген, өзімізді, ғаламды таныған алғашқы кітабымыз, әліппеміз, біздің қара шаңырақ – Жер ғой. Қаталап-шөлдеген біз бір жолаушы, ерініміз кеберіп саған шөлдеп келеміз, сен бір тұмса тұмасың. Таңдайымызда өзіңнен татқан уыздың дәмі әлі бар, Жер-анам. Өмірдің сынақ пен сабаққа толы екенін, өзіңнен үйрендік.
Жердің сұлу көрінгені сонша – Хауаның қарашығындай мөп-мөлдір. Жылдар бойы ұмтылған арманыңа қырық адым қалғанда жүрегің қалай өрекпісе, мұнда да дәл сондай күй кешесің. Иә, бұл маңда біздің ата-бабаларымыз ғұмыр кешті, ендіге біздің ұрпақ та өмір сүрмек. Бұнда біз ашқан, ашпақ болған сыр қанша. Жер – біздің айнамыз. Оған қарап өзімізді, өзімізге қарап Жерді көреміз. Жұмбақ толы жанымыздың ашылмаған аралы қанша! Тән-киімімізді шешкен күні – топыраққа айналып, сенің бір бөлшегіңе айналамыз, сонсоң бір түп жусан өседі де, жалаң аяқ жүгіріп жүрген баланың танауын қышқылтым иіс қаулап туған жерге деген сезімнің нәрі дарымақ. Аспанның тұмары – Жер. Ғалам жатырындағы бір шақалақ. Күнді айналып тербеліп барасың ба, сені әлдилеп жатыр ма, мына әлем?! Жаныңды даңғой да, бұзақы адамдар жаралады ма, жылама, енді, әлди-әлди!
Жерге қонуымыз біршама қиын болғанымен, әйтүп-бүйтіп сәті түсті-ау. Айтсам нанғысыз, біздің үй, үй түгілі ауданымыз үшті-күйлі жоқ. Тап-тақыр. Жасыл желекке бөккен тоғай алыстан қол бұлғаған көп жолаушыдай желге тербеліп тұр демесең тіршілік белгісі көрінбейді.
–Үйіміз қайда? – деді Хауаның көзі шарасынан шыға жаздап. – Қайда кеткен? – ары-бері ентелеп жүгіріп жүр. Жыламсырап, ашынып түрлі сезімдері астасып, не істеп, не қойып жатқанын өзі де білмейді.
–Білмеймін, – деймін шарасыз хәлде, – мүмкін үкімет көшіріп жіберді ме екен?
–Қайдағыны айтасың сен де, қарамайсың ба, айналада бір де бір үй жоқ қой?!
–Сабыр сақта, бір амалын табармыз, – дедім не істейтінімді өзім де білмесем де, әйтеуір тынышталудың жолын ойлап. Санам тұманданып, тілім күрмеліп тұр. Бойымды билеген үрей басым. Біз мүмкін Жер деп шатасып басқа планетаға тап болдық па екен, жоқ, мүмкін емес, қаритадан көз алмай отырдым, дөп келдік, өскен өңірді, аудан, қалашық бәрін дұрыс бастым. Оның үстіне ғарыш кемесінің жаңылуы мүмкін емес. Десе де айналаны шарлап, тіршілік белгісін іздеп көру керек деп шештім.
–Хауа, кеттік, ғарыш кемесіне отыр!
Хауа
Біз барлық жерді: мұхит үстін, аралдар мен алты құрлықты түгел аралап шықтық. Жан-жануарлар мен құстар, түрлі өсімдіктердің тіршілігінен басқа түк жоқ. Жойылып бара жатқан динозавр, претозаврлардың азды-көпті тұяқтары әр түрлі өңірлерді кезіп жүргені. Таңданысымыз бен үрейіміз қосылып, тілсіз айналаны шарлай бердік. Бір шаһар, бір адам көрінсе ғой, ізім-ғайым. Адамның ізі жоқ медиен-мекен. Көргендеріміз шын ба, өтірік пе деп қайтып алғаш келген жерімізге оралдық. Алыста қабарып тұрған тау, шарбы бұлттардың сырғи көшкені, шығыстан соққан желдің уілі, қаңбақтың ауып бара жатқаны, құстардың аулақтан шиқылық атып, аңдардың ақырған үні – бізді, Адам екеумізді жалпақ дүниеде жалғыз қалғанымызды дәйектегендей, бір жағынан мазақ қылғандай естілді. Мен Адамға, Адам маған сұрақ көзбен қарастық.
Адам
–Қаймана халықтың бәрі қайда кеткен, Адам? – деді Хауа дауысы қарлыға дірілдеп.
–Бізді уақыт артқа ысырып жіберсе керек. Өткен шаққа, – дедім өзім де не дерімді білмей еңсем түсіп. Хауаның алдында кінәлі сезіндім.
Бірақ уақыт өте келе «Хауа» планетасындағы тәжірибеміз бар емес пе, осы жағдайға да үйренісіп кеттік. Не дегенмен өз үйіміз – Жердеміз. Күнді түн, түнді күн киініп, уақыт сырғып зымырай берді. Тірі адам тіршілігін жасамай ма, бұрынғы үйіміз болған жерден үй тұрғызып, шаңырақ көтердік, бәрін басынан бастадық. Егіншілік, мал шаруашылығымен айналысып жаңа өмірге бейімделіп кеттік. Анда-санда адамдарды сағынып, бұрынғы 21-ғасырымызды, сондағы өмірімізді аңсайтынымыз болмаса, бәрі жақсы-ақ! Ал соншама уақыттан бері сарыла күткен сәбиіміз өмірге келгенде тіпті, төбеміз көкке бір елі жетпей, үйіміз толып қалғандай болды. Жарым көңілімізге қара бұлтты тілген жебе-шуақтай, Ысмайылдың өкшесі теуіп қалғанда атқылаған зәмзәмдай – ыстық та ынтық бір мейірім кеудемізде сыңғырлап жатты. Баламды көкке көтеріп, «ғаламым» деп еркелетемін кеп. Құлағына үш рет: «Сенің атың – Әбіл», – деп қайталадым.
Уақытты тізгіндей алған жан бар ма, әне-міне дегенше Әбіліміз қаз-қаз жүріп, түрлі қылық шығара бастаған. Сол уақытта тағы бір ұлым өмір есігін ашты. Хауа шарананы бауырына басып тұрып:
–Атын кім деп қоясың? – деді кеберсіген еріні әнтек қозғалып.
–Қабыл, – дедім ойымда ештеме жоқ.