Жылдың үздік поэзиясы
163

Ақтанау

АҚТАНАУ

(шағын дастан)

(Дүниежүзілік көшпенділер ойынының құрметіне)

 

                                                        Қалып қоған түркілерден, сақтардан,

                                                        Мен өзіңді – бесігім деп мақтанғам.

                                                        Дала деген – Ұлы Кітап осынау,

                                                        Қазағыңның бар тарихы сақталған!

 

                                                       Көне заман.., қандай қашық арамыз!

                                                       Қайтіп сенің құпияңды табамыз?!

                                                       Бар тарихын тұяғымен тұлпардың,

                                                      Даласына жазып кеткен бабамыз!

                                                                                                            Автор

 

 

Әлхисса, кілтін ашсақ әңгіменің,

Бұрылсын оқырманға жан-жүрегім.

Қаба жал жүйрік мінген қара шалдың,

Мен де бір қалып қойған қалдығы едім!

 

Төсінде сахараның самал ескен,

Сол күндер санада өскен - қала ма естен.

Бала едік - құнан мініп, тай үйретіп,

Жылқының жалында ұйықтап, далада өскен!

 

Тоқымдай күміс ерге дөп пішілген,

Қаныммен дала салты кетті сіңген.

ЖЫЛҚЫҒА ғашық болу сол бір шақтан,

ҚАЗАҚҚА ғашық болу деп түсінгем!

 

Жылқы еді – қазанат деп дәріптелген,

Жылқы еді – азаматқа шабыт берген.

Жылқы еді - бабаларды сау-саламат,

Көне бір дәуірлерден алып келген!

 

Киініп шар болаттан асыл берен,

Өсіріп елім деген нәсілді өрен.

Түркілер атқа мінсе, аруақтанып,

Тәңірден басқа ешкімге бас имеген!

 

Қытайың – құрт-құмырысқа, шыбын жеген,

Батысың – озықпын деп гүрілдеген.

Түркілер атқа мінсе, ұрандатып,

Бас ұрып бар, дүние дірілдеген!

 

Жазылған жазирамның әр тасында,

Тарихтың тіні осылай тарқасын да.

Түркілер дүниеге билік құрған,

ТҰЛПАРДЫҢ ТӨРТ ТҰЯҚТЫ АРҚАСЫНДА!

 

Кім сенер осы сөзге сірә, бүгін,

Ақтарсаң баба-тарих, мұраны мың.

Білерім:

ҚАЗАҚ – ЖЫЛҚЫ,

ЖЫЛҚЫ – ҚАЗАҚ,

Қашаннан ажырамас бір-ақ ұғым!

 

      *              *            *

Ғасырдың түзелді ме көші жаңа,

Куәгер барлығына осы дала.

Бүгінде тамсанамыз өткендерге,

Ағайын, бар болғаны осы ғана!

 

Бас болып байрақты жұрт, қауымды елге,

Құлатып қарсы келген жауын жерге.

Даланың тауын қорғап, тасын қорғап,

Бұл жерден кім өтпеген дәуірлерде!

 

Өтіпті ақының да, батырменен,

Би, шешен, ел ұстаған ақылменен.

Күн кешкен көшпенді жұрт бір заманда,

Алысып аузы түкті кәпірменен!

 

Ел көшіп, қазанында сақар қайнап,

Ат мініп, түйе қомдап, атан байлап.

Сол дала – бізге бүгін мұра болған,

Жүретін қалың қазақ қатар жайлап!

 

Кең жайып келісті орда, керегені,

Ел болдық бүгін енді өнегелі.

Есіңе түсер кейде, қалам алсаң,

Қайсыбір ескі әңгіме көнедегі.

...Хикаят Ақтанаудай тұлпар жайлы,

Әйтеуір бір айтылу керек еді!

 

Бұл баян бір айтылу керек еді,

Айтылса, ұрпаққа үлгі берер еді.

Егер де Қазақ қылам деп ойласаң,

Соңыңда - немерені, шөберені!

Деп айттық, ат баптаған әуел бастан,

Қазақтың сауық құмар ерен елі.

Сыншылар топтан жүйрік таңдай білген,

Бұл-дағы - үзілмейтін ел өнері.

Ендеше ал, бастайық, тыңда оқырман,

Осы бір әңгіме еді көнедегі!

       

Ақтанау аттың табылуы

Заманның қайғы тұрып қабағында,

Оранған дала төсі нала-мұңға.

Оқиға болған осы - неміспенен,

Кешегі сұм соғыстың заманында.

 

Құйындай көтерілген желді күннен,

Шақ еді, соғыс келіп, ел бүлінген.

Ауылда қатан-қалаш, бала-шаға,

Күн кешкен батыс жаққа телмірумен.

 

Сүйрелеп қасіреттің қосын алға,

Белгісіз беймәлім күн тосып алда.

Тылдағы жесір қатын, жетім бала,

Тіршілік қарап қалған осыларға!

 

Құйындап қасіреттің қара желі,

Басынан кешпеді бұл дала нені?

Батыстан жеңіс күткен бейбақ қауым,

Осындай қиын-қыстау заман еді.

 

Айқасса азаматтар ерлікпенен,

Тылда жұрт тірлік еткен елдікпенен.

Барлығы хабар күткен батыс жақтан.

«Ақыры ата жауды жеңдік!» – деген!

 

Хабарын білеміз деп кімнен енді,

Осылай хабар тосып жүрген елді.

Қуантып  «Жеңіс!» деген бір ауыз сөз,

Көктемнің шуағымен бірге келді!

 

Шыдаған төрт жыл бойы тынып іштен,

Қайғы мен қасіреттің мұңын ішкен.

Қалтылдап қыстан шыққан қараша жұрт,

Қуанып, сүйіншіліп жүгіріскен!

 

Шуласып елдің іші әбігермен,

Тірліктің жаңаша бір сәні келген.

Қайыңы, қарағайы Ерейменнің,

Тұрғандай бірге билеп қалың елмен!

 

«Жеңіс!» - деп дәл сол күнгі айтар әнді,

Жадырып, жазық дала байтақ арғы.

Кембағал бейқам ғана жатқан елге,

Кешегі бейбіт тірлік қайта оралды!

 

Сау шығып қасіретті шақтан аман,

Жүрегін ауыл-аймақ баққа ораған.

Осылай у-шу болып жатқан кезде,

Жаңалық хабар жетті Ақмоладан.

 

Ән басып күлкіменен айналаны.

Жатқанда шуға бөлеп бай даланы,

Жаңалық хабар жетті Ақмоладан:

«Жеңістің құрметіне той болады!».

 

Партия тұрған кезде қарап алда,

Бұйрыққа қарсы келер шама бар ма?

Хат жетті: «Топқа салар балуан мен,

жүйрігін дайындасын аламанға!».

 

Ереймен түсті солай әбігерге,

Хабар сап ауыл, колхоз әр жерге.

Аупартком жиын жасап әр ауылда,

Шараның түсіндірді мәнін елге.

 

Ол кезде халық сыйлар ел ағасы,

Қадірлі басқалардан қара басы.

Ауданда Жұмабектің Жолдасы еді,

Атқару комитеттің төрағасы.

 

Деген соң Ақмолада той болады,

Жолдекең көп нәрсені ойға алады:

«Жаныма ат танитын біреуде ертіп,

Байқайын жүйрік іздеп айналаны».

 

Ат іздеп колхоздарды аралайтын,

Жүйріктің сынан айтып бағалайтын.

Кім бар деп ойланды да әрі-бері,

Шақырды Жантемірді хабар айтып.

 

Көз салмас жаман шобыр, жоққа назар,

Танитын сәйгүлікті топтан озар.

Жантемір – Ерейменде ат сынағыш,

Желігі бәйге шабар шақта қозар.

 

Сынайтын сәйгүлікті қылығынан,

Құтылмас жүйрік болса «құрығынан»,

Осы еді Ерейменнің «күреңбайы»,

Таныған арғымақты құлынынан!

 

Атағы Ерейменде асқақтаған,

Жантемір бала жастан ат баптаған.

Бір жерде жүйрік бар деп ести қалса,

Дөңбекшіп жүрегіне ас батпаған!

 

«Жаны мен Ерейменннің малы аманда,

Табатын бір қылқұйрық шама бар ма?

ат керек!», - деді Жолдас Жантемірге,

-Салатын жеңіс тойда аламанға»!

 

«Шіркін-ай, келген кезде сыналар күн,

Осы ма таусылғаны шын амалдың?!».

Жантемір өкінішпен бас шайқады:

«Жарамды ат бол қоймас, дүдамалмын!».

 

Жылқының жақсы деген барлығы да,

Айдалып кетті әскердің жабдығына.

Дәл қазір үміт арту қиын, білем,

Қап қойған кілең жабы қалдығына...

 

Сыншының сөзін тыңдап тұрған аңдап,

Салмайық, - деді Жолдас, мұңға қармақ.

Аралап колхоздарды көрейікші,

Табылып қалар мүмкін бір жарамды ат!

 

Жағдай жоқ ырғатылып жүретұғын,

Адам аз жылқы жайын білетұғын,

Колхоздың басқармасы, ауыл совет,

Осылар - аттың тәуірін мінетұғын.

 

Билейтін колхоздарды, ауылменен,

Басқарама, ауыл совет - дәуірлеген.

Солардың астарында болады тек,

Жылқының таңдаулысы тәуір деген.

 

Келгенше сөйтіп енді шамалары,

Ат іздеп бар колхозды аралады.

Екеуі ерінбестен бірнеше күн,

Бәрін де көзбен көріп бағалады.

 

Жылқы жоқ мыңдап ол кез санайтұғын,

Аралап, асықпастан қарайтұған.

Қылқұйрық әр колхозда он-он бестен,

Екеуі ат таппады жарайтұғын.

 

Тұрғанда жаның да аман, малың да аман,

Теңселіп, соққы алғандай қабырғадан.

«Апырмай, ұят болды-ау, - деді Жолдас,

Бір жылқы жарайтұғын табылмаған!».

 

Ереймен өз еліміз, даламыз деп,

Шығып ек қайтсек бір ат табамыз деп.

Осылай дел-сал болды бұл екеуі,

Сандалып енді қайда барамыз деп.

 

Аралап қыстауын да, ауылын да,

Байқадық, жорғасын да, жауырын да.

Дегенде, біреу айтты: «Қасқа айғар бар,

малшыда, Күншалғанның бауырында».

 

Малшыда бір қасқа айғыр бар секілді,

Бір көргем, тұрқы биік, нар секілді.

Бірақта біздің жақтың жылқысы емес,

Бір кезде шеттен келген мал секілді.

 

Ұмыт боп қажығаны, шаршауы да,

Бұрылды енді екеуі малшы ауылға

Әйтеуір жұмысымыз – жүйрік іздеу,

Көрейік деді жылқы болса мұнда.

 

Барады ауып әне күн бесінге,

Жол деген қысқарады жүргесін де.

Деп солай малшы ауылға жетті бұлар,

Отырған Қарасудың жүлгесінде.

 

Отырған Қарасудың жүлгесінде,

Ауылға жетті бұлар күн бесінде.

Ақтанау бір қасқа айғыр тұр шынымен,

Тұсаулы малшы ауылдың іргесінде.

 

Жантемір атты көріп есі кетті,

«Ай, Жөке, іздегенім осы!» – депті.

Қуанып жас балаша салыпты айқай,

«Құдайым бізге жүйрік несіп етті!»,

 

Көк шыққан айналаға мақпалдайын,

Көл сыртын қараағаш пен жапқан қайың.

Қуанып Жантемірдің есі кетті,

Олжасын іздеп жүріп тапқандайын.

 

Ат танып жүрген жан ғой қылып әдет,

Қарады қасқа айғырға сұғына кеп.

Жолдекең Жантемірге қарайды енді,

Осының ойыны ма, шыны ма деп.

 

-Жантемір, ат сынағыш дәріпті ұлсың,

Айтсаңшы, құпияңды халық білсін.

Мынауың иір-иір бірдеңе ғой,

Қай жерден жүйріктігін танып тұрсың?

 

Өзің біл, ай, Жантемір, танып ал да,

Сырыңды сенің сірә, жан ұғар ма.

Көтерем, өзі жауыр мынау айғыр,

Бәйгеге шабатұғын халы бар ма?!

 

-Ай, Жөке, деме сөзім жалған екен,

Жолымыз шыныменен болған екен.

Мен білсем, мына Ақтанау – нағыз тұлпар,

Бұл жаққа қайдан келіп қалған екен?!

Мүшесі біздің жақтың жылқысы емес,

Деп тұрмын шеттен келген мал ма бөтен...

 

Қарашы, төрт тұяғы бүтін екен,

Күлте жал, сымпыс құйрық, үкілі екен.

Салқы төс, бұты талтақ, бауыры жазық,

Апырмай, қай өңірдің тұқымы екен?!

 

Бұл қасқа үмітімізді ақтар ма екен,

Келді екен қайсы бізге жақтан бөтен?

Ешкі бас, бөкен танау, қоян құлақ,

Әй, қайдам, бұған жетер ат бар ма екен?!

 

Тұрысы арқар-құлжа текесіндей,

Шапса егер сағым болыр кететіндей.

Қол салсаң сағағына, жұдырық емес,

Баланың басы сыйып кететіндей!

 

Сауыры – бесік салып тербескендей,

Еш адам бұны сірә, сенбес көрмей.

Қарашы екі бұттың арасына,

Кеңдігі - керуен тартып, ел көшкендей!

 

Қояндай қашса, қуса өрге салар,

Жері жоқ тұлғасында кемге соғар.

Топайы қысқа келген, ит тілерсек,

Серпіні қатты болар жер қопарар!

 

Қарашы, доғал біткен қара санға,

Тұратын салмақ салып таңасарда.

Томардай шоқтығы анау, жалпақ жая,

Кемі жоқ, алды-артынан қарасаң да!

 

«Апырмау, кездестірді құдай не ғып!»,

Жантемір осыны айтып, шырайланып.

Қасқаның қол жүгіртіп қолтығына,

Әйтеуір есі кетіп жүр айналып!

 

Сөйлесіп қасқа айғырмен сырластай бір,

Жантемір танып алмай тынбастай бір.

...Малшыдан сұрап жатыр Жолдас бастық:

«Қолыңа қайдан түсті бұл қасқа айғыр?».

 

Малшы:

-Мен өзім бапкер емес, не білемін,

Қарапты бұл қасқаның тегіне кім.

Мал айдап ана жылы Ақмолаға,

Сол жақтан елге мініп келіп едім.

Әйтеуір мал бағуға заты жуас,

Қоймаймын бұның ешбір жеріне мін.

 

Білмеймін, қасқа жүйрік ат бола ма,

Бәйге алып, топқа түсіп баптала ма?

Тарихын айтар болсам бұл айғырдың,

Мал емес көзге түсер топтан ада.

Әскерге жылқы өткенде вагонменен,

Ере алмай осы қасқа көтерем боп,

Қап қойған стансада Ақмолада.

 

Ат емес мінезі асау, әлегі көп,

Әйтеуір қолға ұстауға келеді дөп.

Алыңдар, - деді малшы, алам десең,

Дәл сондай бұның маған керегі жоқ.

Әйтеуір өзіңізге сенемін ғой,

Орнына бір жуас ат береді деп.

Бұл жақтың жылқысы емес, бұл қасқа айғыр.

Оның да біз білмейтін себебі көп.

Бастығы стансаның айтып еді,

Вагоннан қалып қойған анау жылы,

Карело-Финн жағының малы еді деп.

 

Айтатын басқа тағы қалды несі,

Білмеймін, жүйріктікке бар ма үлесі.

Білгенін малшы солай баяндады,

Осы деп қасқа айғырдың әңгімесі.

 

Жүйрік ат  - беретұғын ерге шабыт,

Баптамай аттың күйі келмесі анық.

«Қасқаны әкетейік!», - деді Жакең,

Көрейін тойға дейін жөнге салып.

 

Ақмола. Той.

Думан ғып Есіл – Нұра аралығын,

Тойменен дүбірлеген дала бүгін.

Қалың ел бүгін ғана сезгендейін,

Соғыс пен бейбіт күннің ара жігін.

Тыраңдап қараша жұрт шуылдасқан,

Кетті деп басымыздан қаралы күн.

 

Даланың дәл осылай сәні келген,

Қалың ел у-шу болған әбігермен.

Қорғалжын, Ерейментау, Ақкөл, Нұра,

Секілді төңіректің бәрі келген.

Басшы жүр облыстың үй аралап,

Қалың топ нөкерлері жанына ерген.

Бапкерлер анадайда ат жетектеп,

Бөлініп олар бөлек қалың елден.

 

Бір думан Ақмоланың қаласында,

Әріде, Ащылы өзек* жағасында.

Бір тұста әнші, күйші өнерпаздар,

Келтіріп тойдың сәнін жарасымға.

Әйтеуір қимылдауға жарайтұғын,

Адамның жиналғандай бәрі осында!

 

Құбылып құбыладан самал есіп,

Дүбірлеп думанменен дала-бесік.

Жәрмеңке Ащылы өзек аржағында,

Келгендей бай ауылы жаңа көшіп.

Жүйрік пен жорға көріп ел мәз-майрам,

«Әнекей, анау атты қара!» - десіп.

 

Ұмытып қиын күнді ел кешегі,

Жалауын шаттығының сермеседі.

Қызықтың дәл бүгінгі қызуымен,

Қасірет – көңілдегі сең көшеді.

...Балақты түріп тастап, белбеу тартып,

Бір тұста балуандар белдеседі.

Біреуге біреу бұнда қолын бұлғап,

Дауыстап: «Кел, күресті көр», - деседі.

 

«Қаламыз бұл қызықтан неге біз» - деп,

Еріккен ел осынау себеп іздеп.

Қараөткел – қалың қазақ бәрі келген,

Қызығын осы тойдың көреміз деп.

 

Жиылып тойлы ауылға сан адам кеп,

Осылай қызық думан қараған көп.

Бір кезде дауыс шықты топты жарып,

«Ағайын, ат айдаймыз, аламан!», - деп.

 

Дүбірлеп тойдан мына айдай ғалам,

Адам жоқ бүгін мұң мен қайғы ойлаған.

Ортаға жаршы шықты ақбоз мініп,

«Аламан, аламан!» - деп айғайлаған.

 

Жаршы:

Ай, жарандар, жарандар,

Үлкен-кіші, балаң бар!

Ат айдаймыз бәйгеге,

Бері таман қараңдар!

Кілең жүйрік жиналған,

Боз бен құла, бараң бар.

Бәрі арғымақ шетінен,

Нашары жоқ жамандар.

Өткіземіз алдыңнан,

Әрқайсына өзіңнің,

Беретұғын бағаң бар!

 

Бәйге деген жарыста,

Бағың сына, қалыспа,

Шын сәйгүлік жиналған,

Шыдайтұғын шабысқа.

Ал, қанекей, ағайын,

Шабандозға дем беріп

Басыңыздар намысқа.

Шабар жерін сұрасаң,

Сарыоба мен Танакөл,

Күншілік жер алыста.

Озып келген шабандоз,

Кенеледі табысқа!

 

Жетпей тіпті шыдамы,

Кілең жүйрік тұр әні.

Жерді тарпып, айналып,

Тұяғымен ұрады.

Бәрінің де бұл тойда,

Озып келу мұрады.

Тұр әнекей, елеңдеп,

Шортандының шұбары.

Қараөткелдің қарасы,

Мойынында тұмары.

Баптап алып келіпті.

Бұландыдан құланы.

Ақбоз кепті Ақкөлден,

Аласұрып тұр әні.

Қорғалжыннан Қазқоңыр,

Аламанның қыраны.

Қосқопадан – қарагер,

Дәл бүгінгі бәйгеде,

Жанар ма екен шырағы?

Қозыкөштен әнекей,

Қозыкүрең жүйрік бар,

Сол аймақтың пырағы.

Талдыкөлдің торысы,

Бұдан да өнер шығады.

Қол соғыңдар, ағайын,

Аспандасын дәл бүгін,

Қазағымның ұраны!

 

Сәйгүліктер көп келді,

Бәйге аламыз деп келді.

«Үлгілідей» колхоздан,

Үкілібалақ ат келді.

«Коммунадан» – Қарагер,

Ол да бүгін тап келді.

Ерейменнен шеттегі,

Бір ақ танау ат келді.

Ал, ағайын, қолың соқ,

Аламанда айқасып,

Сынасатын сәт келді!

 

Кім жеңіліп, жеңеді,

Кім атына сенеді?

Кілең жүйрік жиналған,

Айта алмаймыз, себебі.

Тұлпар озып бұндайда,

Тұғыр тезек тереді.

Алла жазса барлығын,

Халық өзі көреді.

Ал, ағайын, сәт сапар,

Бүгін кеткен жүйріктер,

Ертең түсте келеді!

 

Тозаң ғып кең жазира, дала, белді,

Топтанып кілең тұлпар бара берді.

Жаршы да жағы сембей жүр айғайлап:

«Кім білед(і) Сарыоба мен Танакөлді?

Бір қонып сол араға, ертең таңда,

Жүйріктер бері қарай шабады енді!»

Иә, аруақ, өзің қолда осындайда!

Деп халық тілек айтып қала берді.

 

Бәйге

...Қысқа түн өте шығып, таң білінді,

Сәулесі атқан күннің жарға ілінді.

Айдаушы айғайлап жүр: «Ал, тұрыңдар,

Оятып жүремін бе әрбіріңді!

Аламан – алдыңда тұр үлкен сынақ,

Шешетін бүгінгі күн тағдырыңды.

Алыңдар бір шалдырып аттарыңды,

Қолдасын құдай өзі барлығыңды!».

 

Жүйрігін аламанға шаптырғасын,

Бұл жарыс бүгін сірә, бақты ұлға – сын.

Салалап жалын тара, құйрығын сүз

Сауырына сәйгүліктің қақ тұрмасын.

Күн тұсау көтеріле сапқа тұрып,

«Алла!»» - деп жіберіміз аттың басын!

 

Шаруаның келсінші деп бәрі жөнге,

Айдаушы айтты осылай мәнін елге.

Шабандоз – кілең бала абыр-сабыр,

Тұра сап түсіп жатыр әбігерге.

 

Біреуі ат шалдырып жетелеген,

Біреуі жалын сүзіп мәпелеген.

Біреуі төбесіне жүйрігінің,

Бір тұтам қызыл байлап шекелеген.

Біреуі сәйгүлігін аяңдатып,

Бөлініп қалың топтан жекелеген.

 

Қызыл күн көкжиектен от жағылып,

Сәулесін төкті жерге ақтарылып.

Ал, қане, жөнелеміз, дегеннен соң,

Шуласып шабандоздар атқа мініп.

Сап түзеп тұрып жатыр қатар-қатар,

Беттерін Ақмола жаққа бұрып.

 

«Әрі тұр!», «Бері тұр!» - деп сөз алмасып,

Біреуі-біреуіне қожаңдасып.

Шабандоз кілең бала сапқа тұрды,

Лүпілін жүрегінің азар басып.

«Ал, кеттік!» - деген кезде жөнелді олар,

Шуласып, айғайласып, азандасып.

Сақпандай атылғанда сәйгүліктер,

Әп-сәтте дүниені тозаң басып!

 

Көңілде тарқатқандай құмарды бар,

Торылы, қаракөкті, шұбарлылар.

Жүйрігі әр ауданның үміт артар,

Думанда топқа салып ұран қылар.

Жөнелді дүбірлесіп кілең жүйрік,

Топтанып,  топырласап, ұмар-жұмар!

 

Диюды босатқандай шынжырлаған,

Боп кетті  астан-кестен бұл бір ғалам.

Шаңменен араласып шығады әне,

Дауыстар «әйт, шулеген», «құр-құрлаған».

Алысып ауыздықпен арғымақтар,

Қағысып үзеңгілер сыңғырлаған!

 

Сабаудай сан тұяқпен сабаланып,

Бұндайда дүбірлемес дала не ғып?

Тулақтай шаңын қағып кең алқаптың

Күліктер күнбатысқа барады ағып!

 

Күліктер күнбатысқа барады ағып,

Біреуі топтан озып дараланып,

Біреуі қиыс кетіп сараланып.

Біреулер тізгін тартып абайлайды,

Басқаның жағдайын ғана бағып.

Созылып, бір-бірінен алыс кетіп,

Жиналып қайта сосын қораланып,

Осылай кілең жүйрік барады ағып!

 

Аламан қазақ үшін мақтану ма,

Болмаса атың озып, бақ табу ма?

Тек қана жүйрікке емес, сын еді бұл,

Бәйгеде тізгін ұстап шапқан ұлға.

Сондықтан шабандоздар қапы қалмай,

Біреу-біреуінен сақтануда.

Бәйгенің заңы қатал әлмисақтан,

Болмайды сүрінуге, тоқталуға.

Бәрі де тырысады, шетке шығып,

Жел жақтан шабар орын ап қалуға.

Жай тастап Ақтанау да келе жатыр,

Орта тұс, топ жүйріктің қапталында.

 

Секілді тасқын судай лекілдеген,

Келеді сәйгүліктер нөпірменен.

Басында Ақтанаудың жас шабандоз,

Білетін аттың жайын секілді өрен.

Себебі, бос қамшылып басқалардай,

Мазасын жүйрігінің кетірмеген.

Есінде Жантемірдің айтқан сөзі:

«Сыралғы мал емес қой бұл Ақтанау,

Бұрыннан бәйге ашуып жетілмеген.

Сондықтан өз еркіне жібер-дағы,

Тізгінге сүйеп қана отыр», - деген.

 

Дүние дөңгелініп маңайдағы,

Тер жуып шабандоздың самайлары.

Айғайлап, қамшы бұлғап, қайтсе-дағы,

Әйтеуір оза шабу бар ойлары.

Біразы алға қарай ұзап кетіп,

Ере алмай қалып жатыр талайлары.

 

Кім білер, озасың ба, қаласың ба,

Мәреге елден бұрын барасың ба.

Атыңның бабы білер осындайда,

Жараса басқалармен таласуға.

Топ жүйрік орта тұста келеді, әне,

Біз айтқан Ақтанау да бар осында.

Алқынбай бір қалыпты шабыспенен,

Әзірше қалың топтың арасында.

 

Жан-жаққа мұрша болмай қарануға,

Жүйріктер жан берісіп, жан алуда.

Төрт-бес ат озып кетті қырдан асып,

Ұзартып қашықтығын араның да.

Шабандоз Ақтанаудың тізгінінде,

Шынымен қауіптеніп келеді енді:

«Апырмай, топ артында қаламын ба?».

«Ақтанау жүйрік емес, жабы екен» деп,

Осылай түсті бір сәт бала мұңға.

 

Таусылып шабандоздың шыдамы енді,

Көңіліне кәдімгідей күмән ерді.

Шу-шулеп тақым қысып сонда-дағы,

Еңкейіп ат жалына құлап еді.

Ақтанау бір пысқырып осы кезде,

Суырылып топтан озып шыға берді!

 

«А, құдай, тек әйтеуір жөнін берді!»,

Деп бала жалға жатып, тебінді енді.

Көсіліп Ақтанау ат салған кезде,

Бала да бойын  түзеп көңілденді.

Шыққанда дүбірлетіп бір белеске

Төрт-бес ат ұзап кеткен бағанағы,

Алыстан қаруытып көрінген-ді.

 

Төрт-бес ат қараң-құраң барады әні,

Артықтау шақырымнан аралары.

Шабандоз Ақтанауға сеніп келед(і),

Басқаша қолдан келер жоқ амалы.

Егер де жетіп алсам, деп ойлайды,

Белгілі болар еді шамалары.

 

Екі ара – шақырымдай дала жатыр,

Төрт-бес ата көз ұшында бара жатыр.

Соларға қайткен күнде жетсем деген,

Жалғыз ой шабандоздың санада тұр.

 

Түскендей арқасынан бір жүк келіп,

Қапқан бел еңкейгенде күржіктеліп.

Тұяғы жер қопарып, аспанға атып,

Ұшқан шаң ізін жауып түндіктеліп.

Қолтығы сөгілгендей Ақтанау ат,

Келеді бір жазылып, бір бүктеліп!

 

Құдайдан осы еді ғой тілегі де,

Баланың шаттық кірді реңіне.

Мінекей, жетіп қалды дүбірлетіп,

Алдағы төрт-бес аттың біреуіне.

Бұл жүйрік Қорғалжынның қоңыры екен,

Көз салып қарап еді түр-өңіне.

 

Шаңына шын жүйріктің ілесе алмай,

Азырақ тым болмаса тіресе алмай.

Шұбары Шортандының ол да қалды,

Қасында Ақтанаудың «жіп есе алмай».

 

Қуырып шабысымен дала, белді,

Қиналмай басып озды Қарагерді.

Сартылдап құйысқаны, көбік басып,

Ақкөлдің Ақбозы да қала берді.

Шаттанып шабандоз да ойлады енді,

Қуанта алар ма екем тамам елді?

 

Ел бар ғой айқайласып алдан шығар,

Ол да бір қол жетпейтін арман шығар.

Осындай аламанға бел талдырар,

Арғымақ шын қазанат, абдан шыдар.

Кешегі Тайбуыр, Құлагерлер.

Дәл осы Ақтанаудай болған шығар.

 

Деп бала осыны ойлап сүйінуде,

Бәйгенің тиеді деп сыйы кімге?

Барады Ақтанау ат басып озып,

Даланың елігін де, киігін де.

Бауырын соза жазып, жерге төсеп,

Садақтай енді бір сәт иілуде.

Әйтеуір құстай ұшып бара жатыр,

Қос қанат біткендейін бүйіріне!

 

Қалың ел жүйріктерді тосқан алдан,

Сондықтан жарамайды босқа қалған.

Сезгендей дәл осыны Ақтанау да,

Жүйткиді жас ағызып қос жанардан.

Осындай алай-дүлей шабыспенен,

Қара үзіп кетіп қалды басқалардан.

 

Тұяқты түйдек-түйдек тастағанда,

Жас толып соққан желден қос жанарға.

Ақмола әлі де алыс, бірталай жер,

Алатын асу-белес, асқар - алда.

Осылай шабыспенен келе жатып,

Шабандоз бала бірақ жер танымай,

Адасып түсіп кетті басқа жолға.

Себебі, дұрыс сілтеп көрсететін,

Арнайы жолбасшы жоқ тосқан алда.

 

Осылай аяқ асты қара басып,

Шабандоз кетті қиыс далаға асып.

Дегенмен Ақтанау ат  әлі де тың,

Келеді шайқап тастап, алақашып.

Қарайды бала алаңдап жан-жағына,

Байыптап жүрер жолын шамаласып.

Бес-алты шақырымдай қиыс кетіп,

Әйтеуір жолды тапты көп адасып.

 

Әйтеуір жолды тапты көп адасып,

Әлі де тойлы ауыл мен қала қашық.

Басқалар өтіп кеткен алға қарай,

Аттарын астындағы сабаласып.

Бұл-дағы соңдарынан салып берді,

Қайтсем де жетейін деп жағаласып.

 

Шабысы Ақтанаудың еселенді,

Саспайын деді бала бекер енді.

Баяғы төрт-бес атқа қуып жетіп,

Қасынан қиқу салып өте бірді.

Мәреге қалған кезде шақырымдай,

Ақтанау топ алдында жеке келді!

 

Дүбірлеп кеткендейін бүгінгі аспан,

Қалың ел «Ақтанаулап!» шуылдасқан.

Жолдасы Жұмабектің топ ішінде,

Қуанып, іштен ғана жымыңдасқан.

Жантемір масаттанып ол-дағы жүр,

«Мен ғой деп, Ақтанау ат, сырыңды ашқан!».

 

Желпініп жаздың шуақ жаны желге,

Қалың жұрт түсіп солай әбігерге.

Суытып бәйге аттарды балалар жүр,

Жетелеп алып шығып сары белге.

Осылай Ақтанау ат жеңіс-тойда,

Тұлпар боп танылып ед(і) қалың елге!

 

      *                     *                *

Десеңіз, не өтіпті, кім өтіпті,

Бұл дала талай аңыз түнетіпті.

Арғымақ топтан озған Ақтанауды,

Ереймен елі сөйтіп түлетіпті.

Дүбірлі сол бәйгеден Ақмолада,

Дәл биыл 79 жыл өтіпті.

 

Аламан, ат бәйгесі – ел өнері,

Жоғалтпас ұрпақ оны өнегелі.

Шығады әлі талай ақтанаулар,

Қазақтың аман тұрса ерен елі.

Ұсындым осындай бір әңгімені,

Демеңіз жазылған тек өлең еді.

Баяны Ақтанаудай сәйгүліктің,

Әйтеуір бір айтылу керек еді!

 

*Ащылы өзек – Астанада қазір «Гребной канал» атанып жүрген өзек. Ол кезде «Солёня балка» дейтін

Соңы.