298
Мандарин жеген жиырма күн
әңгіме
- Әкешім, алақай, бүгіннен бастап қасыңдамын. Кімді шақырайық? Достарың бар ма, әлде туысқаныңның біреуін бе? - деп әдетінше ерте тұрып, ойланып отырған әкемді құшақтай алдым, - күнде қалаған адамыңды шақырып отыршы, мен сіздерге қызмет етейін.
- Ау, қызым, жұмыс қайда сонда?
- Папа, мен кітап аударамын әрі әдеби өңдеймін деп бір ай демалыс алдым.
Әкемнің қоңыр көкшіл көзі жарқ ете қалып, асқан мейірмен күліп жіберді...
- Мына жақын жердегі Серік досым үйінде ме екен, телефон соғайын, - деп лезде лып етіп, дәлізде орнатылған телефонға қарай жүрді.
- әлде...ұйқысын ашып, жөнге келсін бе...- деп тағы аңтарылды...
Мен зыр жүгіріп, тамақ әзірлеуге кірістім: ең алдымен көзіме түскені : ақ сазан, сонау Аралдан келген. Балықты қуырған мен бұқтырған күйдің ортасын таңдап, қатты жұмсартып, соусқа шылқытпай, жеңіл ғана үлбіретіп, құрғақтау пісуін қаладым, күрішті гарнирге жүзім майына пісірдім. Әкем задында бекзат кісі еді: киімді талғап киеді, тамақты таңдап ішеді. Үлкендеу әдемі тәрелкеге күріш толған кесені төңкеріп, киіз үйдей дөңгелек етіп өзімше үздік мейрамханадай сәндеп, жеңсік тамағын алдарына қойдым. Магнитофоннан әкем ұнатып айтатын халық әндерінің топтамасы әуелеп төгіліп тұр, оны да ескеріп, алдын ала әкеліп қойғанмын.
- Шымкентке көшкен Төлеулер ше, оларды да Алматы жақын ғой, келіңдер деп шақырып алсақ қайтеді? -дейді әкем аяқ астынан келген қуаныш жібін әрмен ширата түсіп.
.... Серік ағамен дойбы, одан карта үлестіру ...көздері жайнап ойнап отыр...
...Жетпіске тақаған әкемнің көңілін аулап, сырласып, сөйлесіп, бірге қыдыру көптен ойымда жүрген. Жаз кезінде Құдай қосқан қосағым Болатбек екеуміз әкемізді Катонқарағайдың Ақсу-Үшбұлақ ауылы жаққа апарып, туған жеріне аунатып-қунатып, біраз туыс-достарына жолықтырып қайтқанымыз бар. Алтайдың бір жотасында машинамызды кілт тоқтатып, жол жиегіндегі алуан түрлі гүл кілеміне жүрелеп отырып, айналаға ұза---а-ақ қараған... "Қара топырағым, қайран әкем, қайран шешем..." деп күбірлеген сосын.
...Алматыға келсек, тағы да тіршілік көлігіне мініп, зулап жүреміз, кейде, расында, әкемнің сөзін жүре тыңдаип, асығыс екенімізді де білдіріп алғанбыз...
Тек бір фильм жан дүниемді астан-кестен етті. Студент кезден қалыптасқан әдет: кино көргенді ұнатамын, Алматыдағы Кино үйінде жапон фильмдерінің фестивалі болып, соған бардық Ләззат құрбым екеуміз. Фильмде ауылда тұратын шал мен кемпір қаладағы балаларын сағынып жолға шығады, ұлдан да, қыздан да көрген немере-жиендерін құшағына басып, бір марқайып қайтуды, ыңғайы келсе қалып қоюды көздейді. Үлкен шаһар әдемілігімен көз сүйсінтеді, тек қала тұрғындары-балаларының әдебі көңіл қалдырғандай ма, қалай...Қызына барса, қызы қызметін айтып, қос қариямен сараң сөйлеседі. Ұлдарында да сол қарбалас тірліктің қамы, емен-жарқын әңгіме айту мұң болады. Ақыры, шал мен кемпір бүкіл немерелерін алып, қала сыртында қырға шығып гүл тереді... қамыққан көңілдерін екеуі де білдіргісі келмейді, дегенмен бір анық нәрсені сезді: екеуі тыныш қана ауылына қайтып, жастарға көп емексімей өмір сүре беру керек. Көзіміз бұлаудай ісіп шықтық кинодан, екінші қабаттан музыкант Меліс ағам түсіп келеді екен, кездейсоқ ұшырасқаныма таң-тамаша болып: "кім ренжіткен сендерді, не болған, айтшы, мен оның жазасын берейін " деп қояды. "жоға, киноның әсері ғой" дейміз Ләззат екеуміз қысылыңқырап.
...Дереу үйге, жан әкемді көруге асықтым, "ғұмыр қысқа, қас қағым, өкініп қалармын, мейлінше қасында болып, әңгімесін тыңдайын, не қаласа. соны жасайын" деп тас-түйін бекініп алдым...
Апельсин, ананас, киви, мандарин, қауынқақ, алмұрт, жүзім...- біресе ұлым мен қызымды жіберіп, біресе өзім жүгіріп, күнара молынан қарпып жеміс-жидек әкелеміз.
"осы қалаға келгелі мандариннің мына сүйексіз түрін ұнатып жүрмін, - дейді әкем қуанып, жақсы тәбетпен жеп жүрді. "неге бұрын сұрамағанмын?" деп қынжылдым іштей.
- Гүлиман апайымды жақсы көрдім, ол туғанда Иса әкем де "азаншым туды" деп қатты қуаныпты. -неге азаншым деген деп қызықтап сұраймын мен. -өйткені, әке өлсе, дауыс шығарып жоқтайтын қыз бала ғой, - дейді папам. Зарқым мен Жаматы...сайдың тасындай қос ағам бар еді, екеуі де соғыстан оралмады. Сенің шешең Бағди мұнтаздай кіршіксіз болатұғын жанымен де, тірлігімен де, үйден қонақ арылмайтын, сен оның түрін де білмейтін төрт жаста едің, ерте қайтты ғой, отыз бес жасында-ақ өтті өмірден...
Енді бір әңгімесін айтып болып"Ұрпақсыз өткендерге көп дұға жасайық, марқұм Хорлан әріптесім сияқты жаны ізгі адамдар еді бәрі", -деді. Сосын бір айтқаны тұнған ғибрат болды: " Семейде бір досымыз болды, әкесі шау тарта есі ауып, алжыңқырап отыратын, әлгі әкей кейде өз үйін "мынау ресторан ба?» дейтін, сөйтсе ұлы "әкешімнің көңілі бір бөлек салтанатты нәрсені қалады-ау" деп шын сеніп, қаланың әдемі мейрамханасына апаратын... әкені, шешені шынайы, ешқандай жалғаншылық қоспай жақсы көру, ауырса, жазылатынына сену - қандай жақсы сезімдер.
...Солайша жан әкеммен күнде сырласып әдемі күндер өтіп жатты: бір күні Сағат немересімен бассейні бар моншаға барса, келесі күні әкем екеуміз театрға, музейге барып қайтамыз. Жолда Рамсторға кірдік, "осы дүкен жақсы, көйлек алуыма" дейді, "қойшы, папа, бұл негізі тамақ алатын жер ғой" деймін. "жоқ, бұл жерде Керім деген балам бар, бісміллә деп сойылған ет сатады, ондай жердің көйлегі де сапалы" деп әкешім елп етіп, өз үйіне кіргендей, аралап кетеді. "Оу, Айтқазы ата, ассалаумағалайкум " деп сатушы Керім де әкемді құшақ жая қарсы алды. "ее, біз жұмыста жүргенде әкешім ең жақын дүкеннен достар тапқан ғой" деймін, тағы да сол, көп уақыт бөлмегеніме қынжылып.
...Мүсіреповтың "Бошайдың үш қарасы" әңгімесін оқыды, ертеңінде тағы достарын шақырды, атбегі, әдемі ер- тұрман жинайтын қасиетін білем ғой. Бұланқара, Құланқара, Желмая дегендей жылқы затына дес бермейтін талай асауларды қара мал импорты мекемесінде қызмет бабымен барып жүретін сонау Баян Өлгийде үйреткен кездерін ұзақ әңгімелеп айтты.
...Бір күні таңғы төрт шамасы болу керек, әкем күбірлеп құран аяттарын білгенінше оқып отыр екен, "жұма ғой, Гүлқамилаға бағыштадым" деп, мені одан әрмен сенімді дос көріп, күбір етті. Жиырма шақты күн сырлас болып бірге жүргеннің әсері, енді өз шешесіндей айтып көрейін дегені, бәлкім. Мен жымиып, әкемнің қолын қыстым. "иә, ол маған өгей шеше еді, бірақ , папа, сенің сезіміңді бағалаймын, ол анамыз да жақсы еді, жарықтық" деген сөздер көкірегіме кептеліп, айтылмай қалды. Жас кезімдей өксік буған жоқ, әкемді шиеттей бес баламен қалған кезін елестетіп, менің түсіністік танытып жүргеніме қаша-а-а-н. "Сені нағашы апаң сұрады бізге қолғанат болсын деп, ол кісілер найман ішіндегі дәулеттің алагөзі, өте текті тұқым, олардың да тәрбиесін алдың..." . Тағы да қолын қыстым, екеуміз де үнсіз күлімсіредік. Таң шапағы бөлмені күншуақ мекенге айналдырып, әке мен баланың мейірімі мен жылуы неше күннен бері ұйысқан, қабысқан тұсы осы жер ғой деп, сырт айналып кетпеуге бекінгендей түрлі сәуле-шуағымен төрімізге шығып үлгерді.