174
Біз қалайша ақылды боламыз?
Көл жағасында төрт бала құмнан үй салып ойынның көрігін қыздырып жатты.
–Мен өскенде ұн зауытының бастығы боламын. –Айбол қолындағы самсаны жүйсініп жеді.
–Қызық екен. Не себептен ұн зауытының бастығы болғың келеді? – деп сұрады Айдар.
–Өйткені мен самса, табанан, беляш, чебуреки, пицца тамақтарын ұнатамын. Бұлардың барлығы ұннан дайындалатындығын анам айтқан-ды. Ұн зауытын басқарсам сүйікті тамағымды күнде асап жеймін. –Толық денелі айбол тамақ десе ішкен асын жерге қоятындығын байқатты.
–Мен өскенде құрылыс компаниясының бастығы боламын. Қараңдаршы барлықтарыңнан мен әдемі үй салдым. –Асылбек мақтаншақ екендігін көрсетті. –Анау көлдің ар жағында үйлерді көрдіңдер ме? Осы үйлерді менің әкем салған.
–Ал мен өскенде президент боламын. Елді басқарамын. Бәрі де менің тілімді алады. –Ақжол көкірегін көтерді.
–Мен болсам бухгалтер болғым келеді.
Балалардың бәрі ду күлді.
–Ақымақ екенсің Айдар. Бухгалтер жаман жұмыс қой. Біреулердің ақшасын санап отырғаның несі жақсы. –Асылбек айдардың желкесінен бір түйді.
–Менің анам есепші болып жұмыс істейді. Есепшілер басқаларға қарағанда ертерек жалақы алатындығын білемін.
Көл жағасындағы сәкіде отырған Айболдың атасы манадан бері бүлдіршіндердің әңгімесін естіген-ді.
–Балақайлар бері келіңдер. Барлықтарың жақсы мамандық иесі болуды көздеп тұрсыңдар.
–Алайда айдардың таңдаған мамандығы бір түрлі, – деді Айбол атасына.
–Әй шикіл сары немерем-ай, – деп атасы Айболдың бетінен бір сүйді. –Біле білсеңдер есепшілік те қажет мамандықтың бірі. Барлықтарың бастық болуды көксейсіңдер. Дегенмен сендердің жалақыларыңның бір тиынына дейін есептеп түгендеп уақытында жіберетін кім?! Әрине есепші.
–Құрылыс саласының бастығы боламын да көптеген үйлерде тұрамын. –Асылбек зәулім үйлерге қарай мойнын бұрды.
–Көп үйлерде тұрып қайтесің? Егер қарның аш болса үйлердің қажеті шамалы. Мен сияқты тойып жүрмейсің бе? –Айбол атасына еркелей қарады.
–Алайда егер мен заң шығарсам құрылыс компаниясын да, ұн зауытын да жауып тастаймын. –Ақжол оларға мысқылдап сөйледі.
–Ақшаларың түспесе ақ тер көк тер болып еңбектенгеннен не пайда?! Бұл жерде менің қадірімді ескеретін боласыңдар. –Айдар да қалыс қалмады.
–Болды қоя қойыңдар. Бәрің де елдің өркендеуіне зор үлес қосасыңдар. Дегенмен ең бірінші өздеріңді емес, халықтың жәйін көбірек ойлағандарың абзал. Сонда халықтың батасын алып еңбектерің жанады. Ақылды боласыңдар.
–Ақылды болу үшін не істеуіміз керек?
–Ол үшін ұлттық ойын тоғызқұмалақты ойнауларың қажет. Қария сөмкесінен тоғызқұмалақты алып, қалай ойнау керектігін үйрете бастады.
–Бұл тоғызқұмалақты шетелдік балалар біле ме? –Ақжол тастарды қызыға ұстады.
–Әрине біледі. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ бүкіл әлемге таралған. Ақылды да, білімді, әлемді жақсы қырынан өзгерткісі келетін балалардың барлығы тоғызқұмалақ ойнайды.
–Біздің болашақ мамандығымызға да қажет пе? –Асылбек отаудағы тастарды санай бастады.
–Сөз жоқ мамандықтарыңа қатты әсер етеді. Мәселен бәрін екшеп-текшеп алдын ала жоспар құруға, есептеуге, тың дүниелерді енгізуге көмектеседі.
–Онда біз тоғызқұмалақ ойнағымыз келеді. Сіз кәсіпқой жаттықтырушысыз ғой. Бізге дұрыстап үйретіңізші, – десті балалар шулап.
–Е-е-е, мен кәсіпқой ойыншы емеспін. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп Абай атамыз айтқандай, бұл ойынды жақында ғана үйрендім. Егер сендер қазірден бастап тоғызқұмалақты қолға алсаңдар көп ұзамай зор жетістікке жетесіңдер. Анау көлдің ар жағындағы үйлердің бірінде орталық бар. Ол орталықта Азат деген ағаларың тоғызқұмалақты жақсы үйретеді. Сол жаттықтырушыға барайық.
–Ендеше кеттік, ата. Біз тоғызқұмалақ ойнауды үйренгіміз келеді, – деп балалар ақсақалдың қолынан ұстады.
Балалардың зор үмітпен жолға шыққанын білгендей аспанда күн жарық нұрын күлімдеп төгіп жатты.