12057
Көгілдір көлеңкелер
-Сен кімсің?
- Мен... мен...
- Неге күмілжідің? Мен сені танып тұрғандаймын.
- Иә, сіз мені білесіз. Бірақ...
- Неге, бірақ?
- Мен енді Сәлімжан емеспін.. Софиямын...
- Не дейт?!...
Аспантаудың етегін ендей орналасқан Алматы Жұматай үшін ерекше қала. Ернінен ана сүті кетпей тұрған шағында осы қала бұған қақпасын айқара ашты. Алыс ауылдан келген қара бала институтқа да томп ете түсіп кетті. Жұрттың баласы құлап, жылап жатқанда бұл студент атанып айдынданып шыға келді. Ол кезде астанаға келіп оқуға түсу деген зор мақтанып, мәртебе болатын. Айтпақшы мұнымен бірге бауыры Жұмабай да студент атанған.
Енді міне қырық жылдан кейін жасы егде тартқан шақта Алматыға қайта келді. Тура дәл сондағыдай бұны ешкім қарсы алған жоқ. Профессор бауыры, осында тұрғанына қырық жылдан асқан Жұмабайдың қолы тимей қалыпты. Мекен-жайын берді. «Өзің келе бер!» деді қысқа қайырып. Пойыздан түскен мұны жүк-мүгімен аяғын жерге тигізбей таксиші әлгі мекенжайға әкеліп тастады. Енді міне сөмкісі қасында күн сәулесімен шағылысқан шыны үйлердің қамауында тұр. Бұрынғыдай емес қала көңілінен шықпады. Бұл үшін жат, суық көрінді. Қала қазақшаланған шығар деп ойлаған. Қайдағы. Бірер кісіден қазақша жөн сұраған. Түсінбей «орысша айтыңызшы» деді. Жалпы қаладағы адамдар қытымырлау келеді екен. Әйтпесес Жұмабай екеуінің жақындығынан кемдік жоқ. Ағайынды екеудің балалары. Балалық шағы ауылда бірге өтті. Бір сыныпта оқыды. Жұмабай әу бастан пысық болатын. Белсенді еді. Күнделігінде кілең бес деген баға қаздай тізіліп тұратын. Ал бұл болса үш пен төрттен көз ашпайды. Кейде екілікте оны төңіректеп қояды. Ондайда мұның әкесі кейіп: «Әй, анау бауырыңнан неге үлгі алмайсың-ә? Бір қаннан жаратылғансыңдар. Сен ана қырбыздай басыңды иығыңда несіне көтеріп жүрсің? Есіл-дертің ойын. Рас, сен қара жұмысқа мықтысың. Бірақ онымен алысқа бармайсың ғой. Ертең ана бауырың бастық болып жүргенде сен трактор айдап, май-май күпәйкіңмен сасып жүресің ғой, байғұс балам-ау. Неге ғана алға ұмтылмайсың, неге оқымайсың? Сені қамшымен сабаудан-ақ сабап жүрмін. А-а... енді не істеймін саған-ә? О-ой, жүгермек!» деп амалы таусыла мұның қарбыз басын күректей қолдарымен нұқып-нұқып жібереді.
Сабырбай мұның, ал Мәндібай Жұмабайдың әкесі. Сабырбайды бүкіл ауыл би тұтып құрметтейді. Еңсегей бойлы, әдемі кісі. Шешен сөйлейді. Мәндібай нағыз мәнжубас. Бойы кіп- кішкентай тапал. Беті бір уыс. Сұрақ берсең ғана сөйлейді. Өзі ап-арық, тақтайдай қатып қалған. Сабырбай ағасы не айтса бұған заң. Есесіне Жұмабайдың анасы Мөлдіргүл пысық. Төртпақ денесін еркін меңгеріп, ширақ жүреді. Әрбір сөзін буындап сөйлегенде ешкімге дес бермейді. «Біздің Жұмажан үлкен бастық болады» дейді үнемі мақтана сөйлеп. Өмір бәлкім осынысымен қызық та шығар. «Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысын жаманнан жақсы туар адам айтса нанғысыз» дегендей бір атадан ала да құла туатыны осы мысалдардан айқын көрініп тұрған жоқ па? Сұңғыла әкесінен естіген осы мақалдар оның көкірек сарайында әлі де жаңғырып тұр. Әлбетте Жұматай өзін жаманмын деп әсте ойламайды. Рас, оқуға онша жүйрік болмады. Оныншыны әйтеуір бітіріп шықты. Ағайынды әрі түйедей құрдас Жұматай мен Жұмабай қол ұстасып Алматыға оқуға бірге аттанды. Жұмабай бір дорба кітапты арқалап шықса, бұл қалың дәптер мен бірнеше оқулықты анасының күштеуімен әзер алды. Кейін қараса олардың біреуі тарих, екіншісі алгебра екен. Айтпақшы қайдан тапқаны белгісіз емтихан сұрақтарының топтамасы да жүр дорбасында. Қалай болғанда да бірінші рет алыс жолға шыққан соң ба, бұлар әу баста толғанғаны рас. Пойыз астанаға бір тәуліктей жүреді. Екеуі бір купеде. Аналары неше түрлі тамақ салып берген. Бірақ екеуіне артылған зор жауапкершілік жолай мазаларын кетірді. Ол мың-мың сомнан белбеуге оралып салынған қос ақша бумасы. Оны бір прапессірге апарып береді. Ол бұларды оқуға түсіреді. Үлкендер әрі-бері ақылдасып оны белбеу етіп белге байлап қоюға шешім шығарды. Себебі жолда ұры-қарылар көп. Ауылдың аңқау балаларын сан соқтырып, жымқырып кетсе не болмақ. Сондықтан қос баланың белдерінде бірде ысытып, бірде суытқан ақша орналасқанын тек екеуі ғана біледі. «Алматы деген еліміздегі ең үлкен қала. Онда аспанмен таласқан үйлер, аспанмен таласқан таулар бар» деп шығарда естіген небір аңызға бергісіз әңгімелер екі жігітті қалаға жеткенше асықтырған. Келген кезде қала көрінісіне онша көңілі толмады. Ал тау дегенің шынында да биік екен. Оларды таң қалдырғаны ып-ыстық жазда таудың басында алақат қардың жатуы. Ал биік үйлер ара-арасында болмаса бәрі де кәдуілгі тамдар. Бұларды қарсы алған әкелерінің жамағайын ағасы сөзуар болып шықты. Бұлардың сұрақтарына да тереңдеп, әсерлеп жауап береді. «Мұнда, екі Алматы бар. Біреуі жоғары, екіншісі төменгі Алматы. Біз оны бірінші Алматы және екінші Алматы деп атаймыз. Нағыз арудайын сыланған, тотыдайын таранған тамаша, сұлу қаланы екінші Алматыдан табасың» деді. Кейін аралағанда Алматы шынында да ұшы-қиырсыз алып қала екен. Үлкен-үлкен, биік-биік үйлерін көргенде таң қалысты.
Жұматай сол биік үйлер мен қазіргі шыны үйлерді бір жағынан салыстырып екінші жағынан өткенге көз жүгіртіп әрі-бері көп жүрді. Біреуді іздеп жүр. Кім ол? Жан дүниесі құлазып оны айта алмайды. Сиқырлы сұлулығымен қаншама арбаса да ол өз ауылына ештеңені де айырбастамайды. Ауылдың қара шалы осы сәтте ауылын сағынып, тезірек мына шыны, тас қаладан кеткісі келгенін сезді. Бірақ дәл қазір шылбыр үзіп кете алмайды. Оның себебі бар. Ол себепті айтпас бұрын Жұмакеңнің қарадай ренжіп қала кезіп, аяғынан неге тозып жүргенін айта кетейік. Кімді іздеп жүргенін айталық. Әңгімеміздің басында Жұматай мен Жұмабайдың өткеніне, балалық шағына ой жүгірттік. Ал содан бері бақандай қырық жыл өтіпті. Уақыты жалынан қол ұстатпайтын Совет Одағы құрдымға кетті. Тәуелсіз ел болдық. Жұматайдың ауылы гүлденудің, көркеюдің орнына іргесі сөгіліп, кім көрінгеннің жеміне айналды. Ауылдың бар байлығы әп-сәтте көзден бал-бұл ұшып, қатігездік пен зұлымдықтың құрбаны болды, талан-таражға ұшырады. Міне осы кезде халық қалаға шұбырды, босқынға айналды. Көшіп кеткендер көп болды. Жұматай көшпеді. Қолындағы азын-аулақ малды талғажау етті. Есесіне төрт ұлдың үшеуі қалаға кетті де, үлкенін әзер тоқтатты. Екі қызы да отбастарымен бірі аудан, екіншісі облыс орталығына көшті. Солай ауыл көпе-көрнеу құлазып сала берді. Жұматай аса байып кетпеді. Шүкір, той -томалығына, күн көрісіне жетіп жатыр. Кәсіпкер деген дардай аты бар. Астында жеңіл машина, немерелері мотоциклді ерттеп мініп алған. Жүк машинасы мен ескі Белорусы керегіне жарап тұр. Екі баласы Алматыдан Астанаға кетті. Кенжесі осы Алматыда жүрген. Бойдақ. Бір бөлмелі үйі бар екенін естіген. Үйленеді-ау енді деп жүргенде бір жаманат хабар жетті бұларға. Алдымен ол өсек-аяң болып, ауылдағы азын-аулақ елдің құлақтарын елеңдетті. Ызың-ызың ете сумаңдаған суық сөзді елегісі келмеген. Шыны сол, сенбеді. Әлі де сенбейді. Өлсе жүрегің қан жыласа да барып кім екенін анықтайсың ғой. Ал мына баласының тірі өлікке айналғаны рас па, әлде... Іші қимайды. Ойпырмай-ау, мұндайға барады деп ойлады ма әуелі бұл. Жо-жоқ! Ойбай-ай, еркектен әйелге айтылу деген не сұмдық! Естімеген елде жоқ таңданыс сөзінің мұның баласына арналғаны несі? Айтпақшы, бейпілауызды ауылда бір әйел бар. Осындай оқиғаларды айтқанда құлпыртып немесе қыжыртып сені жердің түбіне түсіріп жібереді. Сол бейпілауыз қатыннан естіді бұл сұмдықты.
-Анау сенің балаң ұрғашыға айналыпты. Естідің бе, әй шал!-деді ол мұның миын солқ еткізіп. Жұматай сасып қалды.
- Ұрғашың не-ай, бейпілауыз неме! Кім айтты саған мұны?-деді бұл іштей абдырап қалғанын сездіргісі келмей.
- Е-е, байғұс-ай, естімеген екенсің. Ау, бүкіл ауыл шулап айтып жүр ғой. Қалай естімегенсің-а?-Бейпілауыз қатын қайдан еститінің кім білсін ол соны жаңалықтарға елден бұрын құлағдар болады. Әрине, ол да біреуден естиді. Кейде бүкіл ауылды шулатқан ол айтқан жаңалық кейін жалған болып шығады. Бірақ ондай-ондай оның қитығына да келмейді. Көп ұзамай ол екінші бір жаңалықтың шетін қылтитады. Мұндай білгіштікті сірә ол өзінің міндетіне санайтын сияқты. Кенже баласы туралы осы сорақы хабар Жұматайды қатты есеңгіретіп тастады. Ұяттан үйден шыға алмай қалды. Жұрт көзіне көрінуді қойып, айдалаға лағып кететінді шығарды. Ақыры шыдамады. Үйдегі бар қаражатты қалтаға басып Алматыға қарай шығып кетті. Мұның кеткенін тек әйелі ғана білді.
Студенттік жастық шағы дуылдап өткен, қырық жылда ат ізін салмаған Алматыға Жұматай осы себеппен келіп қалды. Әрине, ол бірден Жұмабай бауырының үйіне келді. Бауыры жұмысбасты болды ма қарсы алған жоқ. Өзі адасып-адасып жүріп оның ертегідегі сияқты үйін әзер тапты. Жұмабайдың академик, профессор екенін, ол ғарышты зерттейтін үлкен ғалым екенін біледі. Жұмабай туған ауылына тек шешесі қайтыс болғанда ғана бір келген. Әкесі қайтқанда келмеді. Қайран анасы «Біздің Жұмабай ол прәписсәр, ол үлкен нәук» деген сөзін күпіне мақтана мың мәртебе қайталайтын. Келіні ауылға әу баста бір-екі рет келген. Содан соң қарасын көрсеткен жоқ. Одан бері қырық жыл...
Шынылы үйге кірудің өзі азап екен. Сыртында қоршау. Сырттағы дүңгіршекте полиция бір тергеп алды. Одан соң кіретін есікті іздеп шарқ ұрды. Ол да бірден кіргізе қоймады. Оның нөмірін білуің керек. Әйтеуір кірді-ау. Өзіне қажетті пәтерді әрең тапты. Аржақтан орысша шүлдірлеген қыздың дауысы шықты. Бөтен дауысты естіген соң әрі кетті. Біраз тұрды. Ақыры есік ашылды. Сары алтын шашы қобыраған келінін көргенде қуанып кетті. Ерте қуаныпты. Оның түрінен мұны жақтырмағаны анық көрініп тұрды. «Кіріңіз» деп те айтқан жоқ. Мұның даудыраған, аңқылдаған сөздерін, сәлем-сауқат сұрағандарын ол тыжырына тыңдады.
-Немене, айқайлап сөйлейсіз? Мұнда ұйықтап, демалып жатқан қызым бар. Қалада қатты сөйлемейді. Мәдениетті болыңыз. Бәрін айтып болсаңыз, анау залға барыңыз,-деді келіні қатқыл сөйлеп. Мұның амандық-есендік сұрағанына пысқырған да жоқ. Жұматай бұлай болады деп күтпеген еді. Мұндайда аузыңа сөз түспей кібіртіктей береді екенсің. Сүлесоқ тыңдалған сөздері бей берекет, шашылып, қабырғаларға соғылып быт-шыты шығып қирап жатқандай сезінді. Бір қойдың еті бар ала қоржынды айтып еді, келіні:
- Ана кухняға апарыңыз.-деді салқын түрде. Мәссаған сона-ау ауылдан несіне әуре болып осыншама етті арқалап келді десеңші! Үйдің іші әппақ болып көз шағылыстырады. Жол бойы терлеп-тепшіп келген Жұматай өзін ыңғайсыз сезінді. Бөлмелері кең-кең. Әдемі кілемдер төсеп тасталған. Төбе шамдары да әсем де өте үлкен. Көздің жауын алған әсем перделер. Алтынмен апталған орындықтар. Диванға отырып еді, жұп-жұмсақ ұлпа дүниенің құшағына кірді де кетті. Бір қыз, бір ұлы бар деп естіген. Жаңа орысша сөйлеп есікті ашпаған қыз көзіне көрінбеді. Келіні де жартымсыз жауап бергені болмаса асханадан шықпай қойды. Жұмабай жұмыстан енді шығыпты. Жолда келе жатқан сиқты. Бауыры келіп сөйлеспесе әзірге Жұматай үлкен залда жападан - жалғыз отыр. Іші пысып, екі қолы алдына сыймайды. Телефонының қуаты таусылыпты.
Әнеки, бауыры келді. Орнынан ұшып тұрды. Жұмабай бірден өзіне келіп сәлемдесер деп ойлады. Әйеліне қарай кеткенін байқады. Өрекпіген көңілі су сепкендей басылды. Қайтадан диванға отырып тың тыңдады. Әйелі екеуінің әңгімесі мұнда еміс-еміс естіледі. Гүлнәрдің қаттырақ дауысы да шығып жатты. Не айтып жатыр екен? Ол орнынан сыбдырсыз тұрып дәлізге шықты. Олардың дауыстары енді анық естіліп тұрды. Екеуі орысша сөйлесіп жатыр.
-Ана қойдың етін көтеріп әкеліпті. Оған сен бе айтқан?
- Жо-жоқ! Өзі бізді сыйлап әкелген ғой.
- Алып кетсін! Ауылдың сасық еті кімге керек? Біздің балалар оны жемейді. Оның үстіне ол ауру қой болуы да әбден мүмкін. Бұлар білесің ғой сараптамадан өткізбейді де.
- Қалай алып кет деп айтамын. Соншама жерден арқалап әкелді. Елдің сәлемі дегендей...
- Жора! Жап аузыңды! Қалай айтсаң олай айт! Содан соң бүгін қонсын. Ертеңнен бастап кетсін. Қайда апарасың өзің біл. Баласын іздеп келіпті дейсің. Еркектің қыз болғанында тұрған не бар екен? Қазір бұл Еуропада, АҚШ-та, барлық өркендеген елдерде модаға айналған. Біздің Элмира да өз құрбысымен жүреді. Жүрсін! Сен ақмақ осыған бола қатты ашуландың. Шетелдерде бұндайларға рұқсат бергенін, заң бар екенін естігенде ғана барып басылдың. Сендер әлі де мәмбет қалпында қалғансыңдар. Соқырсыңдар! Жаңалықтан, өмірдер қалып қойғансыңдар! Өңшең ақымақтар!-Гүлнәрдің ұзан-сонар әңгімесінен Жұматай осыны ұқты. «Алып кетсін!», «Ертеңнен бастап кетсін!» деген ащы сөздер мұның маңдайына шоқпардай тиіп, есеңгіреп қалды. Жәйлеп шегіншектей берді. Аяғы шалынысып кетіп омақаса құлады. Жалма-жан тұрып жатыр еді, бүйір есіктен шашы қып-қызыл бір қыз шығып бұған таңдана қарап тұр екен. Қолында әппақ күшік. Бұған сес көрсете шәу-шәу етіп үріп жіберді.
- Кешір, кешір, айналайын! Байқамай құлап қалдым,-деді бұл ыңғайсызданып.
- Мама! Опять этот старик разбудил меня!-Қыз шәңкілдеп, жезтырнақты сұқ саусағын өзіне безелгенде Жұмабай қарадай қысылып, маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Аржақтан бірдеңеден құр қалғандай әкесі мен шешесі жетті.
- Что случилось?-деді Гүлнәр қызыныақарап.
Бірдеңе бүлдіріп қойғандай қыбыжықтаған Жұматай:
-Ештеңе болған жоқ. Сендерге келе жатып сүрініп кеттім,-деді.
- Сізге бұл жер ауыл емес қой. Біздің астымызда да, үстімізде де адамдар өмір сүріп жатыр. Анау-мынау емес бай, мәдениетті адамдар. Қызымыздың бір демалысында да маза бермей отырсыз. Абайлаңыз!-деді Гүлнәр салқын да сызды үнмен.
- Жұмеке! Келуіңізбен,-деп бауыры бұған сүлесоқ сәлемдесіп, бір қолын бере салды. Жұматай бауырын құшақтағысы келіп ұмсынған. Бірақ бауыры тез шегініп кетті.
- Шүкір! Келіп қалдық. Ағайын- жұрт саған сәлем айтып жатыр. Немене, ауырып қалған жоқсың ба? Арықтап кетіпсің,-деді бұл жік-жаппар болып.
- Жұмыс көп. Содан шығар.-Бауыры сөзін қысқа әрі салқын қайырды. Сағынбақ түгілі жақтырмай тұр-ау. Қызыл шашты қыз әлденеге долданып бөлмесіне кірді де, есігін тарс жапты. Жұматай селк ете қалды. «Бұған кінәлі сен» дегендей Жұмабай бұған алара қарағандай болды.
- Жүр, Жұмабай, біраз оңаша әңгімелесейік,-деді Жұматай өтініп.
- Бос әңгіме айтпаңдар. Жора, жаңа айтқандарымды ұмытпа!-Гүлнәр бағанағы сөздерін шегеле дегендей күйеуіне қадала қарады да, тез бұрылып асханасына кетті. Ол айтқандарды білсе де, Жұматай білмегенсіді.
Жұматай диванға қайта келіп жайғасты. Бауыры сәл әрірек тұрған самсаған орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетті.
-Әй, Жума,-деді ол іле-шала.-Мұнда неге келген себебіңді естідім. Демалыста болғанмен өзімнің жүргізіп отырған кәсібім бар. Бүгін түстен кейін жиналыс. Басқа не айтасың? Содан соң Гуля ана әкелген етіңді жақтырмай отыр. Оны ана қаланың шетінде тұрып жатқан ауылдастарыңа апар. Көріп отырсың мына үйіміз тар. Қазір ұлым келеді. Оның өзінің жеке бөлмесі бар. Мына зал қонақ бөлме. Бүгінше осында жатасың. Ертең.. ертең...-Бауыры сөзінің аяғында күрмелді және бұған тіксіне қарады. Сірә не айтарын білмей тұр.
- Иә..иә, ертең, ертең не болады?...
...Алматыға алғаш сапар шеккен сол пойызда Ақтөбенің қызы Гүлнәрмен бұлар танысқан. Сүйкімді қыз. Бауыры бірден оған ғашық болып қалды. Кейін сол қыз Жұмабайдың жары болатынын әрине білген жоқ. Жұмабай сол кездері ақкөңіл, ақжарқын еді. Мәрт болатын. Екеуі тай - құлындай тебініп бірге өскен балалық шақтарында Жұмабай бір кәмпит немесе құрт қалтасына түссе жарым-жартысын бауырына әкелетін. Бұлардың класында небір тентек балалар болды. Екі бауырдың ортасына бәзбіреулер қаншама мәрте от жаққысы келсе де он жыл уақытта бұлар бірде бір рет шәй дескен емес. Тату өмір сүрді...
«Ойпырмай-ә! Сенген қойым сен болсаң күйсегеніңнен ұрайын» дегендей жан бауырының бұл сөздері Жұматайдың жүрегіне тікендей қадалып жатты. Әлі есінде Жұмабай ауылға бір қыдырып келгенде астындағы жап-жаңа Жигули машинасын сыйлаған. Ол кездері мұндай көлікті мыңдардың бірі мінетін. Қатты қуанды. Әсіресе Гүлнәр. Екеуі ол шақта екі бөлмелі үйде тұратын. Жәй ғана оқытушылар еді. Енді міне қарашы қырық жылда бір келгенде мынадай ит мінез көрсетіп отыр. Бәрі де Гүлнәрдің айтағы. Оны өз құлағымен естіді. Соның дәргейінен шыға алмай өз бауырынан біржолы ат құйрығын кесісетіндей бұл оларға не істеп қойып еді? Жауабын Жұматай кібіртіктеп болса да жеткізді.
-Ертең сен пәтерге шығасың. Жағдай жаңа айтқанымдай. Білем, сен ренжіп отырсың. Әлі де ауылбайский мінез бар. Қалалықтарға түсіністікпен қарау керек. Ренжіме! Тіптен балаңа да ренжіме! Жастар үшін ол мода. Әне-еу аузымен құс тістеген АҚШ-та да, Еуропада да мұндайлар көп. Оларды неше түрлі атайды. Гомосексуалдар, көгілдірлер, гейлер, трансгейттер дейсің бе бізде бәрі бар. Жақында оларды қорғайтын заң да шығады дейді. Феминистер деп аталатын қоғамның қазір мыңдаған мүшелері бар. Өздері митингіге жиі шығады. Мына келініңіз сол қоғамның белді мүшесі. Айтпақшы олардың қоғамдық ұйымдары да көп. Мен оның саған бірнешеуінің мекен-жайын беремін. Содан соң урология институтында адам жынысын ауыстыратын хирургтар бар. Солардан да сұра!-деп Жұмабай тоқтамай сөйлеп бәрін жайып салды. Сөзінің ыңғайына қарағанда «Бізді енді мазалама! Сен өзінше өмір сүр! Біз өзімізше сүреміз» деп қатал қағидат қалыптасып үлгерген сияқты. Мұны тасбауырлық дейсің бе, біржола жатқа айналу ма әйтеуір Жұматайдың миына кірмейтін суық сөздер. Денесі қалтырап, тоңғандай күйге түсті. Жұматай айдалада адасып қалғандай қатты жалғызсырады. Өзінің жан бауырын танымай дал. Шіркін, бұрын қандай бауырмал еді ол. Енді мүлдем бөтен адам отыр алдында. Робот сияқты. Көңіліне кеп қалды-ау, жүрегі ауырып жараланды-ау деген аяушылық сезімнен мүлдем ада. Жаны құлазыды. Өлсе өлді дейсің ғой. Ау, мынау тірі өлік қой, тірі өлік!
- Әй, Жұмабай,-деді бұл дауысын көтере қатулана сөйлеп.-Сен әкең өлгенде келмедің. Анаң сені келеді деп күнде күтетін. Біз, әке-шешең, бауырларың, бүкіл ауыл, бүкіл аудан сені «ғылым докторы, профессор, кафедра бастығы» деп мақтаныш тұтып келдік. Мейлі, сен ауылға ат ізін салмасаң да біз сені осылай өзімсіндік, сенімен мақтандық. Сен мүлдем қатты өзгеріпсің. Басқа-басқа өзіңнің тіліңді де ұмытыпсың. Әзер сөйлеп отырсың. Балаларыңмен де, әйеліңмен де тек орысша сөйлесесің. Мен баламның мына жаман жағдайын естіп жердің үстімен емес жердің астымен келдім. Ал сен болсаң оларды қорғап, АҚШ, Еуропада бұл кәдуілгі жағдай деп мені жұбатасың. Тоқтат мұныңды! Мұны ей, ақымақ бауырым, азғындау, тозғындау дейді. Олар адам емес! Олар жын-шайтандар! Адам деген аттан олар садаға кетсін! Олар тірі өліктер! Жүректері тасқа айналған. Жын-шайтанның ермегіне айналған міскіндер. Ұлым егер шынында да қызға айналса өз қолыммен оны өлтіремін! Сен де, анау келін де тасбауырға айналғансыңдар. Ау, әйтпесе біз құлын-тайдай бірге өстік емес пе? Біз нағыз бауырмыз ғой. Ұялмай, сұялмай қырық жылда бір рет келіп отырған бауырыңды анаң қатыныңнан қорқып кет деп отырсың. Кетемін, бірақ елге айтып барамын. «Менің бауырым жоқ. Өліп қалыпты» деп жар саламын. Қош бол, сендей профессорды ұрдым. Ойбай-ау, ғарышты зерттеп жатырмын дейді ғой. Ғарыш сенің бе теңің? 8 ғарыш түгілі анау табалдырықтың аржағында не барын білмейсің. Біле білсең ғарышты сенен мен артық білемін. Ата-бабаларым анау жұлдыздармен сөйлесіп адаспай өмір сүрген. Қош бол!-Жұматай орнынан ұшып тұрып, есікке беттеді.
- Әй, Гүлнәр, әкел ана етті. Киімдерімді әкел!
- Ау-ау, бауырым, қайда асықтың соншама? Мен саған ертең кетесің деп айттым ғой.
- Кетсе кетсін! Бізді ол тасбауыр деп атады. Бізді тірі өлік деп қорлады. Барсын, оларға мың рет айт, түсінбейді.-деп Гүлнәр шаңқылдай сөйлеп жүріп, ет салынған қоржынды долданып Жұматайдың алдына дүрс еткізіп тастай салды. Қып-қызыл шашы дудырып қызы шықты бөлмесінен...
Міне, Жұмабай сыртта тұр. Артынан бауыры жүгіріп шығып кешірім сұрап жік-жаппар болар, қайт, үйге орал деп айтар деп үміттенді. Оңбаған, міскін десе міскін! Сүмірейіп қатынының сөзінен аса алмай қалды да қойды. Тірі өлік демей не десін? Жалғыз бауырын даңғарадай үйіне сыйғыза алмаса. Қатынына мұның кеткені жақсы болды. Соншама жерден әкелген қоржынын көтеріп көрді. Ап-ауыр. Ішінде бір қойдың еті, құрт, ірімшік, қауынқақ, қауын-құрт және кәмпит-сәмпит, көйлек, орамал дейсің бе бәрі бар. Байғұс әйелі Бейсенкүл мұндай болатынын қайдан білсін? Айтпақшы, бауырының үш-төрт машинасы, тауда үш қабат саяжайы барын Жұматай біреулерден естіген. Баласы сол жақта деп қалды бағана бауыры. Ең болмаса бұл саяжайда-ақ жата берер еді ғой. Енді болары болды. Енді не істемек керек? Баласын қайдан іздейді?
Дөңгелегі зыр қаққан сөмкесін дырылдата сүйреп Жұматай балалар ойнайтын алаңқайға келді. Скамейкаға отырды. Ойланып, толғанып отыр. Алматының жазы қоңыржай келеді екен. Баяғы ғашық болған таулары да қырық жыл өтсе де аласармаған асқақ та биік. Жан -жақ көкпеңбек, жап-жасыл әлем. Ағаштың неше түрі бар. Топырағын айтсайшы. Қап-қара, шыбық шаншысаң көктей береді. Самал желін айт, көкірек сарайыңды ашатын. Қазір де самал жел есіп тұр. Таудан лақылдай соққан кешкі самал... Ау, кеш демекші бүгін бұл қайда барады, қайда қонады? Осыны ойлағанда маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Ауылын, үйін ойлап қамықты. Ракета ұшатын атағын жер жарған Байқоңырдың тура іргесінде тұрады. Небір экологиялық қара бұлт төніп тұрса да енді сол жазда үнемі ыстығы қырық-елуден түспейтін аңызақты жерін, кең қолтақ елін сағынып отыр дәл қазір. Қала, қала, әй қала, не деген қатігез едің! Осы сәтте телефоны шыр ете түсті. Қуанып кетті. Жұматай шығар. Әйелінің ашуы басылған болар. «Келсін, қонсын бір түн» дер деген үміт-ой ұшқын шашып телефонын жалма-жан іздеп тауып, тезірек жауап беруге тырысты. Құрғыр телефонын қалтасынан суырғанша асығып еді, соның салдары болар оны түсіріп алды. Жерде аунап жатса да телефоны сонда да шыр-шыр етіп қолды-аяққа тұрар емес. Қалбалақтап жүріп тауып алды. Бауыры емес, басқа бір бөтен жанның дауысы.
- Ассалаумағалейкум көке, мен ғой. Тұңғышбайдың немересімін. Біз өзіңіз білесіз, жақын ағайынбыз. Менің досым, яғни сіздің немереңіз Әсетпен сөйлесіп тұрамын. Алматыға келіпсіз. Жақсы жеттіңіз бе? Айтпақшы, менің есімім Сәкен. Осы Алматыда тұрамын. Келініңіз бар,-деді әлгі бөтен жан мұның іші-бауырына кіре сөйлеп. Сәл кідіріп бұл жауап бере бастады.
- Иә, иә, жеттім. Әкең менің інім ғой. Сәлем айтып жатыр. Бірақ Жұматай бауырым Алматыда жоқ екен. Аяқ астынан шетелге кетіпті отбасымен. Қазір мен далада қалдым,-деп Жұматай жөпелдемете сөйледі. Және қаршадай балаға соншама өтірікті соғып жібергеніне қатты ұялды. Енді не десін? «Үйінен қуып шықты» деп бауырын қалай жамандайды? Бағана ашумен «елге жамандап барамын» деп дөңайбат көрсеткені рас. Енді міне жаны қысылғанда қоңырау шалған балаға өтірік айтса да, далада қалған шындығын жасырмай мұңын шақты.
- Көке не дейсіз? Бұл масқара ғой. Келетініңізді бізге неге айтпаған? Мен сізге қазір барамын. Сіз қай жердесіз? Қазір, қазір, өзім алып кетемін. Тұрған мекен-жайыңызды айтыңыз,-деді Сәкен бала елпелектеп. Жұматай шынында да қатты қуанып кетті. Үлкен кісі ғой, алпысты алқымдаған. Көзінен мөлдір тамшылар ағылсын келіп! Ойбай-ау, Алматыда жақсы адамдар бар екен ғой.
- Көке, көке, жылап тұрсыз ба? Оныңыз не, біз бармыз ғой, біз бармыз! Еш уайымдамаңыз. Қазір жетемін. Тұрған жеріңізді айтыңыз.-Сәкеннің жылылыққа толы мына сөздері Жұматайды одан сайын елжіретіп жіберді. Бауырының үйінің нөмірін әзер айтты.
- Күтіңіз көке! Еш жаққа кетпеңіз. Қазір тугисті қосамын.
Жаңа әзірдегі көңілін құлазытқан жалғыздық біржола жоғалып, жаны жадырап сала берді. Айналасына көз салды. Жан -жағы аспанға ұмтылған алып-алып үйлер. Батып бара жатқан күн арайына шағылысып шынылары жалт-жалт етіп, көздерін қарықтырды. Ойпырмай-я, тек шыныдан үйді қалай салған-ә? Дәу тасты лақтырып жіберсең быт-шыт болып қирап қалатындай бейне. Көзі жасаурады. Қалтасынан беторамалын алып көз жасын сүртті. Өңшең «ақымақ!»-деді ол күбірлеп.-Жемесеңдер тасты жеңдер. Енді осының бәрінің қызығын Сәкеннің отбасы көретін болды. Әй, бауырым-ай! Ағайын-туғаннан безіп, өз жағдайыңды күйттеп жүрісің мынау бейшара болып. Күндердің күнінде сен де өлесің, сонда кім сені жоқтап, жылап көмер екен? Әй, бұлар басқа дәнге кетіп қалған-ау, сірә. Бәрібір, бәрібір туған-туыс, бауырдан ажырамау керек еді. Не көрінген бұларға?
...Жұматай студенттік шақтың дәмін көп татпады. Обалы не керек. ЗАВЕТ-ке түсті. Ал Жұмабай да Политтің студенті атанды. Гүлнәр Автожол дей ме, әйтеуір ол да жақсы-ақ тапсырды. Соны жуамыз деп тауға саяжайға барды. Екі жігіт Гүлнәр мен оның досын да қалдырмай саяжайда бас қосты. Тағы да бірнеше студент достарымен әдемі кеш өткізді. Бір жәшік вино сатып алды сыңғырлатып. Соның өзі-ақ жетіп жатыр. Билеп, ән айтып көңілді отырысты. Кеш соңында бәрі күліп-ойнап таудан қалаға жаяу түсті. Таң атып келе жатқан шақ. Оншақты орыс жігіті тар жолда бұларды талтайып-талтайып күтіп тұр екен. Әп-сәтте апыр-топыр төбелес басталды да кетті. Қыздар да төбелестен тыс қалмады. Қолдарын сермеп, аяқтарымен теуіп жігіттерге демеу беріп жатты. Сол шайқас кезінде аяқ астынан милиция машинасы келе қалмасы бар ма? Бұлар тым -тырақай қашты. Жұмабайлар қайда кеткенін білмейді, бұл милицияның қолына түсті. Ешкім іздеп келмеді. Он бес күндей бұзақылығы үшін деп бұған жаза кескен. Ақша төлеп, шығуға болады екен. Оған ақшасы жоқ болды. Сабақтан да қалды, институтқа милициядан айыптау қағазы да келді. Мұны оқудан бірден шығарып жіберді. Біраз қалада қаңғалақтап жүрді, жүрді де, болмаған соң Жұмабай бауырымен қоштасып елге қайтты...
-Көке, ассалаумағалейкум! Түу, зорға таптым ғой. Әбден шаршаған шығарсыз,-деген ту сыртынан дауысқа ол еңсеріле бұрылып қарады. Ұзын бойлы, мұртты жігіт екі қолын ұмсынып тура қасында тұр. Қалай байқамай қалды екен?
- Уаликсалам, балам!-деп қалбалақтап тұрып, Жұматай сәлемін алды.-Қашан келіп қалдың. Ойдың жетегінде отырып, байқамай қалыппын.
- Оқасы жоқ, көке! Сізді қорқытайын деп ту сыртыңыздан әдейі келдім,-деп Сәкен жігіт қуақылана күліп жауап берді...
Сәкеннің өзінің ескілеу машинасы бар. Үйі қаланың шетіндегі ауылда екен. Шағын төрт бөлмелі үй салып алған. Жері кең. Бақша егіп тастаған. Қорасында үш-төрт қойы, бұзауы, сиыры бар. Кәдімгі ауыл.
- Ата! Ата келді!-деп екі қара бала жүгіріп келіп, Жұматайды құшақтап жатыр. Орамал салған Раушан келін иіліп сәлем берді. Самаурыны бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Өзінің ауылына, үйіне келгендей ақсақал бір жасап қалды. Қарапайым ғана жас отбасы. Сырттағы тапшанға көрпешелер төсеп тастаған. Жуынып-шайынған соң жантайып жатып, жан шақырды. Әп- сәтте дастархан жайылып, тамақ та, шай да келді. Маңдайынан шып-шып тер шығып сүт қатқан шайды ол ұзақ сораптады. Содан соң Сәкен екеуі оңаша қалып ұзақ әңгімелесті. Жұматай баласының жағдайын, бәрін-бәрін түгел жайып салды. Сәкен құрылыста жұмыс істейді екен. Өзінің жеке бригадасы бар. Екі-үш күнге сұранып, Балабекті бірге іздесетін болды. Сәкен компьютерінің ұңғыл-шұңғылын ақтарып отырып жыныс ауыстыру жөнінде біраз мағлұмат тапты. Бұған елімізде рұқсат етілген заң да бар болып шықты. Осы күнге дейін біраз адам жынысын ауыстырған.
- Ойпырмай-я, бұл не деген сұмдық!-деп Жұматай осы жерге келгенде ызалана айқайлап жіберді.-Мемлекет мұндай заңды қалай шығарып жіберген. Біз сонда балаларымызға тәйт дей алмаймыз ба? Имамдар қайда қарап отыр? Бұл дұрыс емес деп айтуға дәті шыдамай тұр ғой сонда-ә?
- Жо-жоқ! Сірә, билік діни басқармасының айтқанына құлақ аспаған сияқты. Мінеки, олар пәтуа да шығарып қайған. «Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы –харам»
- Иә, иә, дұрыс айтады. Сонда билік халқымыздың дәстүріне де қарсы әрекет жасап отыр ғой. Неге олай істейді? Яғни олар халықтың азғындауына жол ашып отыр деген сөз. Олар бәрін жасап алған соң еркекпен еркек, әйелмен әйел үйлене береді емес пе?
- Иә, көке. Өкінішке қарай солай болып тұр. Есіңізде ме Лұт пайғамдардың дәуірінде осындай азғындық жасалып, оның елін Аллам жер бетінен жойып жіберген жоқ па? Қазір бізде де осындай сұмдық жағдайлар болып жатыр. Мәселен Еуропаның біраз елінде бұған рұқсат етілетін заң шығарып қойған. Бізге сұмдық болып көрінетін жайттар оларда үйреншікті жағдайға айналған. Ешкім оған таңданбайды. Күндердің күнінде біздің билік сондай заң шығарса таңданбай-ақ қойыңыз,-деп Сәкен компьютеріне қайта үңілді.
- Ойбай-ау, бізге Еуропадан үйренейік деп талап қойып жатыр. Онысы несі-ай! Сонда біз осындай сұмдықтарды үйреніп, азғындауымыз керек пе? Ол жақта бәрі жаман деуден аулақпын. Жақсы жақтарын үйренейік. Мына көзге бадырайып көрініп тұрған сұмдықтарды кіргізіп алсақ азғындықтың көкесі сонда басталады. Сендер жастар оқыған-тоқығансыңдар, ау айтпайсыңдар ма, мұны тоқтату керек деп. Бейшаралықты қойып, мұндай зұлымдарды аямауымыз тиіс,-Жұматай шамырқана сөйлеп, кінәлі Сәкендей оған түйіле қарады. Ол ыңғайсызданып компьютерінің тасасына тығылды.
- Көке!-деді ол дауысы дірілдеп. - Рас, біздер жастармыз. Бұған кінәлі мемлекет. Олар заң шығарып отыр. Көгілдірлерге, транссексуалдарға рұқсат берді. Осы арқылы азғындықты күшейтті. Қазір не көп, көшелерде, мейрамханаларда жезөкшелер өріп жүр. Мұның бәрі жемқорлықтың кесірі деп білемін. Президентімізден бастап жемқорлық ұйығына баттық. Біздің қорқатынымыз жемқорлар жайлаған елдің болашағы жоқ. Сонда жастардың болашағы не болмақ? Кедейлікте, жоқшылықта, әділетсіздікте өмір сүріп жатқан жастар шетелдерге ағылып кетіп жатыр. Келініңіз екеуміз біз де кеткіміз келеді. Біз де жұрт сияқты бай болып шалқып жүрсек дейміз,-ол күліп жіберді де, әңгімесін үзді.
- Менің балама сонда не көрінді? Еркектің әйел болуы деген не сұмдық?! Бұл қорлық қой. Сүйегімізге таңба. Білесің бе, балам, ауылдан қашып шықтым. Ұялдым. Бүйтіп тірі жүргенше өлген жақсы шығар. Ата - бабаларымызда жоқ пәлені бастаған баламды тапсам аямаспын. Өлтірем, өлтірем оны!-Жұматай ызадан шыдамай кетіп долыра айқайлап сөйледі. Содан соң сәл басылған соң:
- Сәкенжан! Кешір, айналайын! Қайтейін шыдамай кетемін. Айтып отырғаныңның бәрі дұрыс. Тонағыштар, жемқорлар ауылдан басталды. Қызыл директорлардың көбісі әбден байып алған. Енапат малды, техниканы сатты да, қалтаға басты. Ал бізге таяқ пен бір-екі тұяқтан басқа ештеңе бұйырмады. Әй, қойшы соны? Айтасың, айтасың оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Онанда балам, атың өшкір менің баламды табуға көмектес. Оны қалайда табуым керек. Рас па, өтірік пе көзім жеткен дұрыс. Осыған көмектес. Сені кездестіргеніне Аллама сан мәртебе шүкір!-деді Жұматай Сәкенге үміттене қарап. Компьютердің аржағынан басын көтерген Сәкен көп күттірмей жауабын берді.
- Көке, еш алаңдамаңыз. Оны іздейміз. Олардың біздің қалада ұйымдары көп. Соларға барамыз. Урология институтына барамыз. Ота жасағандардың тізімі болуы тиіс. Атың өшкір деп дұрыс айттыңыз. Балаңыз басқа жынысқа айналуына байланысты атын өзгертеді. Міне осы бізге қиындық тудырады. Сірә біз институтқа бірінші болып барып оның аты-жөнін анықтайық. Содан соң ар жағын көре жатармыз.
- Әй, ол менің балам емес. Мен үшін ол өлген. Ол тірі өлік, басқа ешкім емес! Атаңа нәлеттер, мұндайға заң шығарғандар екі дүниеде де оңбасын!
Ақсақал бала сияқты кемсеңдеп жылап жіберді. Сәкен орнынан ұшып тұрып көкесінің жанына әп-сәтте жетіп келді.
-Жыламаңыз, көке! Қызға айналған бәлкім ол емес шығар. Алдын ала қайғырмаңыз. Іздеп көрейік, табармыз...
Қанша дегенмен өмірде әбден шынығып, жаманды да, жақсыны да бастан кешкен Жұматай тез басылды. Беторамалын алып көз жасын сүртті.
-Рахмет, рахмет, балам! Өркенің өссін! Иә, не де болса да тездетейікші балам!..
Сәкен көкесін ертіп урология институтына бет алды. Жолай Сәкен кардиохирургияның қарқынды түрде, транспатологияның да біртін-бірге даму үстінде екенін әңгімесіне арқау етті. Қазіргі жастардың білмейтін нәрсесі жоқ. Мына ғаламтордың миында бәрі бар. Бұрын шетел асып жасайтын ота түрлерін бүгін елімізде жасауға болады екен. Қазір мұндай оталар көптеген адамдардың қыл үстінде тұрған тағдырларын оңға бұрып, небір қауіпті аурулардан құтқарып жатқан көрінеді. Жақсылық жүрген жерде жамандық та жүретіні белгілі жайт қой. Оташы дәрігерлер жыныс ауыстыруды да қат- қабат жүргізіп, ақшаның астында қалып жүргені Жұматайдың көкейіне қонбады. Ақша үшін құдайға қарсы әрекет жасаған дәрігерлер басқа-басқа мұндай күнәға толы істерді жасамауы тиіс еді. Енді мінеки солармен кездесуге барады. Ұлын қызға айналдырған зұлым жандарға деген ызасы қанасына сыймай келеді. Қалай ғана бұндай іске дәті барды екен?
Мінеки Сәкен алдында, бұл оның артында емпеңдеп келеді. Сұрастырып еді, әп дегенде олар: «Мұндаймен айналыспаймыз» деді кесіп-пішіп. Енді не істейміз? Екеуі сұраулы жүзбен бір-біріне қарады.
-Әй, Сәкенжан! Біз бұлардың үлкен бастығына кірейік. Әйтпесе бұл жерден құралақан қайтқанымыз жараспас. Сен мені соған ертіп бар,-деді сыбырлай сөйлеп. Үлкен бастықтың қайда екенін сұрастырып біліп, енді міне соның есігінің алдында тұр. Дәл осы кезде есік ашылып екі кісі сыртқа шықты. Алдыңғысы Жұматайға жалт қарап:
- Әй, сен осы Жума емессің бе?-деді қырылдай сөйлеп. Жұмасы сасып қалды.
- Иә, иә, менмін. Сен.. сен Толағайсың ғой.-Екеу бір біріне қадала қарап бір сәт тас болып қатып қалғандай болды. Содан соң даудырай таңдана бірінің аттарын бірі дыбыстап айтып құшақтаса кетті.
- Ойпырмай-ая, қаншама жыл өтті десеңші! Қырық жыл! Міне, кездесу деп осыны айт. Жұмам менің, Жұмам! Қайран досым, тірі екенсің ғой, батырым. Бұл нағыз ержүрек батыр еді. Аққұлақтармен шайқасқанда дес бермейтін. Танысып қой, Тәке! Басқа-басқа мен Жұманы ешқашанда ұмытқан емеспін. Бір құртты бөліп жеген жан досым! Біздің Алматыда не істеп жүрсің-ә?-Толағай үздіксіз сөйлеп, талай жылғы қат-қат жиналған сағынышын төгіп салды. Жұматай да мәз. Көңілдегі түйткүлін бір сәтке ұмытып кеткен еді, курстасының соңғы сауалы оны бәз-баяғы қалпына әкелді. Дәл осы жерде мазалаған мәселесін айтпаса кеш қалатынын түсінді.
- Бұл Алматыға келгенім мына Тәкеңе байланысты. Бұл кісіге кіре алмай отыр едік...
- Ау, не дейт? Тәке, мына досымның жұмысын тындырып бер. Жүр, жүр, қайта кірейік.-Толағай қалбалақтап Жұмасының иығынан қағып бөлмеге қарай итермеледі. Үлкен, кең бөлме екен. Осы жердің бастығы Тәкең креслосына барып жайғасты.
- Ал, кәне, сөйле, батырым. Тасболаттан саған не керек? Бұл менің досым. Яғни сенің де досың. Сен менің осы баяғы біз оқыған институттың ректоры екенімді білесің бе?-деді аяқ астынан сұрау тастап Темірбек.
-Жо-жоқ, білмейді екенмін. Құтты болсын! Білгенімде тура саған барар едім ғой.-Жұматай досына қолын ұсынды. Тағы да «Құтты болсынды» қайталады. Осы кезде әңгімеге Тасболат-Тәкең араласты.
- Темірбек Сабырович тек ол институттың емес, Агроуниверситеттің ректоры доктор, профессор, академик. Біздің мақтанышымыз.
-Тәке! Мені тым мақтап жібердің. Бәрі Президенттің арқасы ғой. Сол кісінің көзіне түсудің сәті түсті де декан болып жүрген жерімнен ректорлыққа топ еткізді. Жұрттың бәрі таң қалды. Әрине, бұған жету үшін мен не істемедім десеңші! Жә, Жұмеке, досым айт, не бұйымтайың бар?-деп Темірбек әңгіме арнасын досына бұра қойды. Жұматай бұйымтайын бүге-шүгесіне дейін жасырмай айтып берді.
-Тәке, бұл деген біз үшін де, Жұмекең үшін де сүйегімізге таңба. Сонда осындай оталарды жасай бересіңдер ме, Тәке?
- Жасай береміз. Заңға сүйенеміз. Әйтпесе өз бетімізбен жасай беретін екі жанымыз жоқ қой.
- Пах, пах, заң бар дейсің бе? Мәссаған!
- Иә, бар. Біраз адамдар жынысын ауыстырып үлгерді.
- Ау, сонда бұл азғындауға неге жол бересіңдер?-деп Жұматай екеуара әңгімеге килікті.-Құдайға қарсы келу ғой бұл! Ертең келер ахирет күнін неге ойламайсыңдар?
- Жұмеке, бәрі де заң жүзінде өтеді. Олар дайындалып келеді. Ота жасауға шешіммен келген адамға ота жасамасаң сотқа береді. Әлбетте хирургтің еңбегіне төлейтін ақшасы біршама. Оның ақшасы институт арқылы мемлекетіміздің қорына салық болып түседі. Бар болғаны осы. Ал сіздің балаңыздың құжаты міне. Телефоны да бар.-Тасболат бір дуда қағазды Жұматайдың алдына тастады. Жұмекеңнің қабағы манағы ма, одан сайын түнерді.
- Мен жалған шығар деп дәмеленіп келіп едім. Әттең... әттең... Одан да оның өлгені жақсы еді.-Ол қатты күйзеле күрсініп жіберді. Көзінен жас тамшылары еріксіз парлап бетін жуды.
- Ойпырмай-я, ойпырмай-я, енді елдің көзіне қалай қараймын?-Даусы дірілдеп әлгі құжаттарға Жұматай түйіле қарады.
- Жұмеке,-деді Темірбек досы.-Болары болды, бояуы сіңді. Оған ештеңе жасай алмаймыз. Оған ота жасап қайта еркек қылуға бола ма, Тәке?
-Жо-жоқ, өміріне өте қауіпті. Ол жігіт енді ойынан қайтады деп ойламаймын. Қайтқан күнде де көп ұзамай өледі. Негізі ота жасағандар көп өмір сүрмейді. Оны біле тұра мұндай отаға барғандарды түсінбеймін. Себебі біз ота жасар алдында клиентке бәрін түсіндіріп айтамыз. Кейбіреуі райынан қайтады, енді біреулері қасарысып отырып алады. Амал жоқ жасаймыз. Заңға бағынамыз.-Тасболат иығын қусырып, қолын жайды.
-Кәнеки, телефон нөмірін әкел!-деді Темірбек шешімді дауыспен.-Хабарласайық. Оны табайық. Содан соң бір шешім қабылдармыз.
Сәндібек-Софияның телефоны жауап қайтармады.
-Жәрәйді, арасында Сәкен бала қоңырау шалып тұр. Әйтеуір бір табармыз. Жұмеке, Тәке бәріңді Алматыдағы ең қымбат мейрамханаға шақырамын. Бұл қандыкөйлек досым Жұматайды тапқанымның құрметі үшін. Ешқандай қарсыласу әрекеттерін қабылдамаймын,-деді Темірбек алақанымен үстелді тарс еткізді...
Мейрамхана алып әрі биік шыны үйдің ең жоғарысына орналасқан екен. Неше түрлі гүлдермен көмкерілген. Жалт-жұлт ете шағылысып, көзді қарықтырған сан сәулелі мейрамхананың іші шынында да сұлулыққа тұнып тұр. Бейнебір Еуропаның сән әлеміне еніп кеткендей сезінесің өзіңді. Қызметшілерін де сол жақтан әкелген бе, әйтеуір тек орысша сөйлейді.
-Бұлардың бәрі бірнеше тілді білетін сұңғыла адамдар. Бұл мейрамханадан бәрін де табуға болады. Әнеу шетінде үлкен хауыз да бар. Қырық қабат үйдің нақ төбесінде мөп-мөлдір суы бар хауыз бар дегенге сенесіз бе?-Бұл сөзуар Темірбек.
-Тәке, дұрыс айтасыз. Шеберлер мұндай ғажайыпты қалай жасаған десеңізші! Миыма сыймайды. Алматымыз соңғы жылдары қатты өзгеріп кетті ғой. Аспанмен таласқан ғимараттар салынып адам танымастай өзгерді. Соған қарап адам пейілі де мүлдем басқаша сипат алды. Мысалы осы алып үйлерді кімдер салды? Ақшаны қайдан алды, осы сауалдар кейде мені қатты мазалайды. Мәселен осыны салған құрылысшылар мемлекеттен миллиардтаған долларды алып ертегідей алып үйлерді салады да, кейін оны өзінің жекеменшілігіне аударады. Одан кейін оны мейрамханаға офиске, қонақүйге айналдырып, қыруар қаржы қалтасына құйылып жатады. Және олардың өте қымбат, жоғары бағада ұстайды. Мәселен осында қонақүйге жатқандардың бағасы сұмдық. Мына жердегі мейрамхананың тамағының бағасы да аспандап тұр.-Тасболат ащы жымиып, біраз шындықтың шетін осылай шығарды.
- Бір адамға қанша сонда?-деді Сәкен таңданғанын жасыра алмай.
- Мен айтпай-ақ қояйын. Бірақ ондай баға байлар үшін ештеңеге де тұрмайды. Елдің қазынасын, байлығын тонаған ақшаның олар үшін мәнісі жоқ, бауырым,-Тасболат нағыз шындықты айтқысы келмеді ме әйтеуір бұл жолы әңгімесін қысқа қайырды.
- Әй, жігіттер!-деді Темірбек дыбыстай сөйлеп.-Мен бұл жерге байлығымның тасқанынан келіп отырған жоқпын. Бағана айттым ғой. Өзім қатты құрметтейтін досым мына ғажайыптарды көрсін деп арнайы әкелдім. Рас, байлығым жоқ деп мәләйімсімеймін. Шүкір, Аллаға баршылық. Сол байлықты осындайда жұмсамағанда қайда жұмсаймын? Ал кәнеки, жігіттер, мәзірді қараңдар да тапсырыс беріңдер!
Жұматай той-томалақ деп бірер аймақтарға барғаны болмаса ауылдан ұзаған емес. Үйдегі тірлік бір таусылмайды-ау, бір таусылмайды. Таң алакеугімнен басталған шаруа ақшамға дейін бір толастамайды. Арасында бір мызғып алатын құс ұйқысы болмаса... Мана Тасболат адам пейілі өзгеріп кетті деп дұрыс айтты. Басқа-басқа бауыры Жұмабайдың кешегі безбүйректігінен неге тұрады? Кеше мұны әйтеуір үйіне кіргізді ғой. Ал оның туған жездесі Қонар осында қыдырып келгенде тіптен есік те ашпағанын естігенде бұл сенбеген. Енді өзін тал түсте далаға қуып шыққанда әйелінің етегінің астында тығылған бауырының бейшара халіне қатты ренжіді. Ол бейне бір өтпес пышақтай еді.
-Жұмеке досым, ас мәзірін қарамадың ғой. Қалың ойдың құшағында отырсың. Балаңды енді уайымдағанмен ештеңе шықпайды. Босқа өзіңнің денсаулығыңды құртасың. Кәне, ас мәзірін қолға ал!-деп досын желпіндіргісі келген Темірбек.
- Рахмет, рахмет, Тәке досым! Мына құрметіңе алғысым шексіз. Мынадан таңғажайып ғимаратты түсімде де көрген жоқпын. Аллаға шүкір! Сені кездестірді, жұмысымды жеңілдетті. Енді баламды тауып алсам жақсы болар еді. Ал мына ас мәзіріңе түсінбеймін. Өздерің ыңғайлай беріңдер.
Жұматай сөзін аяқтап үлгергенше әлдебір шетелдің музыкасы құтырына ойнады. Төрт қазақ қызы ортаға шығып музыканың әуенімен жұлқына, бұлқына билей жөнелді. Кенет әлгі әп-әсем қыздар сыртқы киімдерін серпе шешіп, жартылай жалаңаштанды. Жартылай жалаңаш болғанда да, емшектері салбырап, бұттары бұлтыңдап, жалаңаш сандары жалтылдап, шаштары жалпылдап тура бұлар отырған үстелге жақындады. Жұматай шошып кетіп бетін жапты. Қашып кетуге кеш. Бейне өзіне қарай беттері әлеміштенген бояу-бояу, тырнақтары сояудай шайтандар келе жатқандай сезінді. Өмірі мұндайды көрмеген оның жаны қысылып, маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Қасындағыларға қарап еді, олар қысылудың орнына мәз-мейрам. Әлгі шайтандарға еміне қарап отыр. Әнеки бір қыз келіп тура Темірбектің жанына келіп сүйкене билеп, бөксесін бұлтыңдатты. Темірбекке жәудірей қиыла қарап, бірдеңе дәметкендей. Темірбек қалтасынан 100 доллар суырып, оны қыздың ышқырына қыстырды. Ойнақтай басқан қыздың біреуі Тасболатқа келіп еді ол да сыйлығын берді. Жұматай өзіне келген қызға:
-Кет, шайтан!-деп айқайлап жібергенін байқамай қалды. Бұл не деген ұятсыздық! Кейін білгені қаланың шалдары мұндайда өздерінше өзеуреп, ауыздарынан су ағып мәз болады екен. Бұрын мұндай анайылықты көрмеген Жұматайдың жаны түршікті. Жап-жас уыздай қазақтың қыздарының бұлай бар абыройын төккені оның көкейіне қонбады. Бұлар да бір отбасының балалары ғой. Әкесі, шешесі бар шығар. Ал мұншалықты ұятсыздыққа баруға не итермеледі екен? Кедейшілік пе, жоқшылық па, ұятсыздық па? Я, Аллам, өзің кешіре көр!
- Жұмеке құрдас, ұят болды ғой. Қыздар келе жатқанда бетіңді басқаның не? Мен ойлағанмын, осында жезөкшелер бар. Олардың біреуін саған телісем деп жоспарлағанмын. Ал сен болсаң оларға қарадай айқайлап, жаман мінез көрсеттің. Масқара болып, мәдениетсіздік таныттың. Жәрәйді, ол қыздардың ашуын өзім басармын. Бұған қалай қарайсың?-деп Темірбек досы бұған ақсия күле қарады.
- Ойбай, атама! Бұлардың бәрі өзіміздің қазағымыздың қыздары емес пе? Біле білсең мына мейрамхананың қожайындары шетелдік екені сөзсіз. Немесе ұлтына жаны ашымайтын мәнжубастар. Олар біздің қыздарымызды тырдай шешіндіру арқылы бүкіл қазақты қорлап отыр. Ал біз еркектер оларды қорғаудың орнына ыржалаңдап мәз боламыз. Мұнымыз дұрыс емес, достар! Кім көрінгенге мазақ болып жүрміз. Мұндай бассыздықтарға тыйым салу керек. Менің балам соның бір құрбандығы. Азғындау - мемлекетімізді құртатын, жоятын жегіқұрт. Бұл қыздар біздің болашақ аналарымыз болуы тиіс еді. Ұрпақ әкеліп, ұл, қыз өсіретін қыздарымыз кім көрінгеннің ермегіне айналыпты. Қандай өкінішті! Біздің мемлекет қорғансыздарды қорлайтын, өз ұлтын табанға басатын мемлекет пе сонда?
Жұматай осылай гүр-гүр ете сөйлеп, бомба болып жарылды. Риясыз сөйлеп, ішіндегісін ақтарып салды. Жаңа ғана ыржалақтап, мәз-мейрам болып отырған оның достары төмен қарап, мына өткір де батыл, салиқалы сөздер еңселерін басып қызарақтап қалды. Сәкен ғана шыдай алмай өзіндік байламын айта бастады.
-Ағалар-ай, мына сөздер сай сүйегімді сырқыратты ғой. Біз қалалықтар жаңағыдай имансыз көріністерге, жағдайларға етіміз өліп кеткен сыңайлымыз. Жүрегіміз бүлк етпейді, тасқа айналғандай. Бұрын көшеде темекі тартып, сыра ішіп отырған немесе әлдекіммен сүйісіп отырған қыздарды көрсек кәдімгідей намыстанатынбыз, ескерту айтып оларды сөгетінбіз. Қазір ондайлар үйреншікті көрініске айналды. Тал түсте қыздар темекісін бұрқыратып отырады, жап-жас бозбалалар, бойжеткендер сүйісіп өліп-өшіп жатады, сыра ішіп, есірткісін шеккендер не сан! Жақында Қарағандыда екі әйел ресми түрде отбасын құрды, феминистер Абай көшесін қақ жарып, көгілдірлер жайлы заңды бекітуді талап етіп жар салып жатыр. Ал жынысты ауыстыру имансыздықтың ең шыңы деп білемін. Міне, осы пәле заңдастырыпты. Бұл сұмдық! Ағалар біз бұған мәз болмауымыз керек, отырып алып жылауымыз қажет. Қазақ қызы әркімнің қолтығында кетіп барады. Осы жақсы ма, ағалар, айтыңдаршы ақиқатты! Жоқ, бұл трагедия! Ұлтымыздың трагедиясы! Мұның бәрі жоғарыда, билікте отырғандардың қателігі, күнәсі. Олардың есіл-дерті ақша. Қалталарын қомпитқанына мәз. Арнаулы әлемдік қарау күштер біздің ұлтымызды осылай азғындатып, тозғындатып құртып, жер бетінен жойып жібермекші. Осыны бір неге ұқпаймыз? Бұл үдерісті тоқтатпасақ, онда құрыдық. Шыңырауға түсіп жоқ болу деген осы!
Зіңгіттей жігіт Сәкен бала сияқты еңкілдеп жылап жіберді.
-Айналайын, ақ көңіліңнен! Жылама! Біздің зарымызды да, мұңымызды жеткізетін мына ағаларың отыр. Жеткізесіңдер ғой, достар!-деді Жұматай. Екеу қыбыжықтап төмен қарады.
- Жо-жоқ, Жұматай аға, бұл кісілер жаңа айтқан мұңымызды шеше алмайды. Себебі біздің елді жемқорлық жайлаған. Ол қалың мұзды бұзу үшін нағыз адал, отаншыл, ұлтшыл мұзжарғыштар қажет. Содан соң бұзылады, елдің маңдайы ашылады. Ол күндер келем дегенше ұлтымыз кім көрінгеннің жемі бола ма деп қорқамын...-Күні бойы ләм-мим демеген Сәкеннің көңіл сарайы осылай ашылды, тілінің тұсауы шешілді. Шын жүрегімен айтылған сөздері ағаларының жан дүниесін қопарды...
Сәлден соң тамақ келді. Тамақпен бірге ішімдік ілесіп жетті. Жұматайды әрі-бері қолқалағанмен ішпеді. Сәкен аузына алмады. Екі дәу аздап ішіп, ырымын жасады. Тарқасар кезде Сәлімжан-Софияны қайткенде де табуға уағдаласты. Достар әуелгі кездегідей тым қауқылдамады. Темірбек пен Жұматай қалай болғанда да ескі достар ғой, қимай қоштасты.
Ертеңіне Тасболат қоңырау шалды. Сәлімжан-София табылыпты. Жұматай мен Сәкен таксилетіп институтқа келді. «Табылды» деген сөз естілгенде алғашқыда Жұматай іштей қуанды. Үміт күткен баласы еді, енді шіріген жұмыртқаға айналды. Нағыз күйік. Қуанышы сап басылып, әп-сәтте жүрегі мұңға малынды. Онсыз да тоқсан кило денесі ауыр тартып бүгілді де қалды. Көкірек сарайында орналасып алған ауыр тас па әйтеуір басып-жаншып адымын алға бастырмады. Жүрегі бір албастыға келе жатқандай дүңк-дүңк соғып, аузына тығылды. Ол албастыны көргісі де, біржола көрмей күл болмаса бұл болсын деп тастап кеткісі де келген. Ананың махаббатына ештеңе теңесе алмас. Ауылда хабар күтіп екі көзі төрт болып отырған жұбайын қайтпек? Бәрін тастап қоржыны бос ауылға қайта барғанда тоғыз ай тоғыз күн көтерген анасы «Балам қайда?» десе не деп жауап бермек? Мұнда іздеп келуіне намыстан басқа қатты түрткі болған сол анасы. Неде болса да сона-ау алыстан ат арытып келгенде баласымен жолығу керек. Не көрінді оған мұндайға баратындай. Себеп-салдары неде? Бірақ оның жан дүниесіне сүңгіп оның сырын аша ала ма? Қайдам? Алайда тек жыныс мүшесі ауысқанмен, қалған он екі мүшесі бәз -баяғы емес пе? Иә, иә, сол он екі мүшесі қозғалар, сыр айтар. Миы, жүрегі әрі бар жан дүниесі осы әкесі мен шешесіне етене емес пе?
Жұматай институттың коридорынан жүріп келе жатқанда осы ойлар жүйтки өтіп санасын әп-сәтте сансыратып тастады. Мінеки келді. Жол бастап келе жатқан Сәкен Тасболаттың кабинетінің алдына келіп кідірістеп, көкесіне жалтақтады. Бұл «Сіз кіріңіз» дегені. Мезіреті беймаза жүрек кеудесіне симай тағы да атқақтап сала берді. Кіргісі жоқ. Бірақ кіруі тиіс. Басқа жол жоқ. Мінеки жайлап басып кірді. Хатшы қыз жымия қарап:
-Кіріңіз!Тасболат Сапарәліұлы сізді күтіп отыр,- деді сыпайы түрде. Өзі барып есік ашты. Алдымен Тасболат көрінді мыңдайы жарқырап. Бер жағында сұрау белгісі сияқты иіліп бір қыз тұр. Бұл кіргенде бұған жалт қарады. Қасы- көзі қиылған қыз. Әбден боянған қасы, кірпігі сояудай. Бірақ беті-жүзі таныс. Қанша өзгергенімен баяғы бейне, баяғы дене. Жауырыны қақпақтай, сұңғақ бойлы жігіт еді. Енді қарашы...
- Көке!-деген дауыс шықты. Сағынышқа толы таныс үш. Осы сөз Жұматайға қатты ұнайтын. Ол әкесін «көке» дейтін. Көкесі атасын солай атаған болар. Ғасырлар бойына мұра болып жеткен өте тамаша, өте ыстық сөз. Бұл жолы Жұматайға түрпідей тиді. Ішкі жан дүниесінде жиналып қалған. Алапат ашу-жанартауы көкірек сарайына сыймай лықсып, лақ етіп далаға атып шықты.
- Өшір үніңді!-деген сөз жалын болып шарпыды. Содан соң қызға сұқ саусағын кезеді.-Өшір! Өшір! Мен сенің көкең емеспін! Сен мен үшін өлгенсің. Менің Сәлімжан деген ұлым өлді. Өлді! Өлді! Сен мен үшін сатқынсың! Сен оңбаған өзіңді, тәніңді саттың. Алланың алдында сен күнаһарсың!
Долырып алған Жұматай ұлын дәу жұдырығымен құлақтың түбінен сарт еткізіп ұрып жіберді. Сүмірейіп тұрған қыз жалпасынан түсті. Буындырып өлтіргісі келді ме тарбиған қол еденде жатқан қызға тез жақындады. Сол кезде естерін жиған Тасболат пен Сәкен Жұматайдың алдын кес-кестеді.
-Жібер! Жібер! Мен шіріген жұмыртқаны қолыммен мыжып өлтіремін,-деді Жұматай күркіреп.
- Ау, Жұмеке, сотталып кетесіз. Бір ашуыңызды беріңіз..
- Сотталсам сотталайын! Қалай ғана намысым тапталып, жер басып тірі жүремін.
- Көке! Не қыласыз қолыңызды былғап. Оны өлтірудің өзі күнә. Ол онсыз да өлген жан,-деп Сәкен шырылдады. Осы шырылдау ашулы Жұматайға бірден қатты әсер етті.
- Күнә дейсің бе? Бұл Сәлімжан емес пе сонда?
- Бұл шайтан София! Тиіспеңіз, қолыңызды былғамаңыз. Алланың алдында өзіңізге зор күнә артасыз өлтірсеңіз. Және бұл Сәлімжан емес. Ертең ауылға ұятсыз ұлымды өлтірдім деп барсаңыз халық не дейді? Ешкімнің ештеңесі кетпейді!
- Әй, сорлы-ай! Сорлы-ай! Сәлімжанымнан айрылыппын ғой.-Орындыққа сылқ етіп отырған Жұматай жұдырықтарымен басын түйгіштеп осы жан дүниеңді шымырлатар сөзді қайта-қайта күйіне айтты. Жылап отыр. Көз жасын тоқтата алар емес. Жыла, жыла, Жұматай! Жан дүниең жеңілдеп қалар. Ұлын жоқтап отыр. Сәлімжанынан тірідей айырылды. Орнынан әзер тұрған София қалт-құлт етіп бөлмеден шығып кетті. Қарт ұзақ жылады. Шығып кеткен Софияға назар аударған да жоқ. Бүгін бір қазақтан айрылдың. Кеше қаншасы кетті? Ертең қаншасынан тірідей айрыламыз? Тірі өліктер легі қалыңдап келеді. Қандай қорқынышты! Ал ол тірі өліктерде намыс, рух деген болмайды. Оларға бәрібір. Оларға ештеңе керек емес. Олар нәпсінің ғана құлы...