147
Асыл айна
Қыркүйектің ортасын қалалық үкімет «көктем» деп жариялады. Күздің айының көктем болмасына басқа еш шара қалмады. Алдын-ала жарияланған зерттеу мәліметі бойынша наурыз айының ортасында төңіректі түгел су алады... Тас жолдар кедір-бұдыр, ойдым-ойдым қырық жамау... Ауылда тасқынға қарсы бөгет жоқ. Ойлы-төбелі жер емес, шалқар жазық... Су шаяды да кетеді жүдеу ауылды. Сондықтан, наурызды алдын-ала тойлау керек. Не үшін көктем ретінде күз айы, дәлірек айтсақ қыркүйек таңдалды?
3 күннен кейін 22 қыркүйек. Бұл уақыт наурыздың 22-ісімен тұспа-тұс келеді екен. Үш күннен кейін жұрт жаппай наурыз тойлауға кіріспек. Қазірдің өзінде Құлдыр, Мамайдың анасы мерекелік бауырсақ пісіруге кірісіп кетті. Құлдыр, Мамай екеуі бірнеше ыстық бауырсақты ауызы күйіп әрең жеді де, достарымен ойнауы керегі есіне түсіп, ауызына салған соңғы бауырсағының ыстығы басылмай жатып, үйден атып шықты.
Сол бір, біз аңсаған мереке болатын күн көзді ашып-жұмғанша жетіп келді. Сол күні біз өзге үйлердің дастарханынан шөженің аяқтарындай былқылдаған бауырсақтардан, теңделген тай шөптердей төп-төртбұрыш шақ-шақтардан, қызыл мұз тәттіден жасаған уызқаттан, сыртында майлы сауыты бар, іші жұп-жұмсақ шырынақтан дәм татып, оны жасаушылар мен алыстан сатып әкелушілердің ұқыптылығына, бізді риза етуге деген ұмтылыстарына риза болдық. Мұның көбі біз секілді сүйікті балалар үшін еді. Ауыл әкімі көктемді күзден бастап, біздің мәңгілік есімізде қалатын мерекені ұйымдастыруға осылай шешім қабылдаған болатын.
Кенет желге уылдеген заттың, айхайлап жүгірген балалардың дауысы құлағыма жетті. Не нәрсе екен деп аңтарылып бұрылсам, оһо, қандай керемет, балалар зырылдауықтарын дөңгелетіп ұшырып барады. Аттан салдым да, секіріп, бір қолым аяғыма тисе, бір қолым қамшы болып көтеріледі. Сонымен, мен де зырылдауық қуып кеттім. Жер беті әлі сарғая қоймаған еді. Таңертең-кеш тұратын ызғар ауылымыздың әрбір көшесін күзгі Алматының қоңыр салқын, жұпарлы ағашқа толы саябақтарына айналдырып жіберген болатын. Зырылдауық желге айналып кете береді, жүгірген беті көк дөңнен асып кеткен біреуін мен тайып кетпейін деп, өткен күнгі жаңбырдан кейін әлі толық құрғамаған төбенің беткейінен абайлап түсіп, саздағы шөптердің арасына қисая батып тұрған жерінен тауып алып, оның иесі Ермектің қолына ұстаттым да, тағы да сазға түскім келмей құлындай болып құлдыраңдап жүгірген бойы, әне-міне дегенше аттан салып мереке өтіп жатқан киіз үйлер тігілген, наурыз көженің қазаны асылып, тағамдар қойылған жаймаларға толып кеткен алаңқайға жетіп келдім. Мәз болып тұрған мен ентігімді басып, бірдеңе ішкім келгенін сездім. Көшенің шетінде тұратын Айғаным апайдың дайындаған айранынан ішіп, ақ сора болып езуімнен ағып, оны жеңіммен сүртіп, өз киімімді өзім былғап тұр едім. Айғаным апайдың анам үшін жаны ашып кетті.
Құдай-оу, шешең жуып әлек болады ғой. Ол ол ма, «мына бөпенайдың шешесі неткен салақ, баласына қарамапты» деген сөз енді артынан қуалап жүретін болды дегенде, біреу басыма мұздай су құйып жібергендей болып, жақын жерде ағып жататын, Тұрсынбектің үйінің арғы жағындағы төбеден асып түссең көрінетін қара бұлаққа барып бетімді жудым, жеңімді де.
Сол кезде арт жағымда қалған балалардың тіпті де ұлар-шу болып жатқаны мені мазасыздандырып, жеңімдегі кірдің толық кетуін күтпей, салдыр-салақ күйімде артыма тұра шаптым.
Көз алдымнан ою-өрнекпен көмкерілген жабу кигізілген түйені жетелеген, әдемі апай өтіп барады. Түйенің арт жағынан 3~4 түйе қатарынан тізбектеліп өтіп жатты. Түйелердің шомы бос емес. Түйелерге салдырлаған, іші бос күміс сандықтар мен кебежелер, екі басы уық қапқа салып тұйықталған қып-қызыл уықтармен өтіп жатты. Кенет артылған жүктердің ішінен бір нәрсе сағым тудырып, сағымы көзіме түсіп жарқ етті. Ол не зат екенін байқай алмай қалдым. Сондықтан, салтанат үшін көрсетілген көштің соңынан жүгіріп, көш жетелеген апайдың етегіне барып жармастым.
Үй, әрі тұр, балам. Көйлегімді тартып түсіретін болдың, ұят болады.
Күйеуі кеңкілдеп күліп, мені мысық құрлы көрген жоқ. Жерден тік көтеріп алды да, мені құшағына қысып:
Айтшы, балам, не берейін? Қалай қуантайын? Өзің бір айдың аузынан түскедей сұлу бала екенсің, -демесі барма?!
Мәз болып кеткен мен ойымды жасырмай:
Жаңа жүктен айна ма, басқа ма,-дедім мен, - жарқылдаған бір әдемі затты көрдім. Соны ұстап көрейінші.
Содан кейін мені жерге түсірді де, әйеліне қарап:
- Күлпаш,-деді, - сиқыр айнаны шешші.
- Қайсы, үйбай?
- Ау, ана «Мықтың үйінен» табылған сиқыр айнаны.
- Балалардың есі кетіп қалмай ма оған, -деді күмілжіп.
- Ештеңе етпейді. Қайта осы айна осындай елгезек балаларға шабыт беріп болашақ ғалымдығын оятатын шығар, -деп сыпайы айтып келді де, -Алып шығып көрсет, -деп күркіреген дауысымен әмір етті. Ол кісі осы жағымдылығы үшін тіпті менің әкемнің туған інісіндей көрініп кетті. Енді менің әкемнің інісіндей осы адам әйелі алып шыққан дөңгелек киіз қапқа әрең сиып тұрған айнаны көтеріп бетіне қарап тұрды да, содан кейін еңкейіп маған ұстата салып, түйесінің жүгінің босап кеткен жерлерін жөндеп жатты. Әйелі жаулығының шетінен шығып тұрған маңдай шашын жаулығының ішіне кіргізді де, алаңдаған әлпетпен маған қарай берген. Мен ештеңе түсінбей ол кісіге бір, айнаға бір қарап қоям. Назарым айна бетіндегі өзімнің қара шашымның қоңырқайланып, тіпті бұйраланып, арасына май жаққандай болып, шашымның арасында сұрғылт бояудағы әдемі сызықтардың кездескенін, бауырсақ мұрнымның төмен жағындағы езуімнің екі шеті үлпершектеніп, аузымды қозғасам әдемі болып бүлкілдей жөнеледі. Күлген кезімде тісімнің арасынан ақ сәуле, көзімнен инабатты нұр төгіліп, әке-шешемнің сөзсіз иманды, тақуа жандардан болғанын аңғартатындай. Қызығып күліп жібердім. Жіп-жіңішке зер жіптей болып қызыл-сары шапыран сабақты сызық езуімнен басталып, мұрнымның екі жағымен өрлей екі көзімнің қиығына дейін сызылып барып тоқтады. Нағыз сүйкімді баланың өзі екем. «Тістерімнің сарғайған жері жоқ па?» деп қанша қарасам да, аузымды ашсам тісім үнемі акуланың аппақ тістеріндей шыға келеді. Мен осы қалпыммен наурыз көже ішіп, мереке тойлап жатқандардың арасындағы қыз сабақтастарыма барсам, әсіресе сыныптың ең тәтті жымиысқа ие тұңғиығы Үнзилаға, оған жақын жүретін, менің сөздерімді үнемі қолдап жүруге тырысатын, ернінің екі жағында балыққа тән тік түскен тілік сызығы бар, балық өңді балауса қыз Балқия, бізден бір сынып төмен оқитын басы жалпақ көрінгенімен, терісі ақсары, көз шарасы өте кең әрі қоңыр жанары мейірімге толы Айнұры(Айнұр емес, Айнұры еді құжатында), ол да бар. Мен оларды қалайда бір тебірентіп өткім келді. Осыдан кейін айнаны тастай салып, ұшыртқан күйі жүз метрдей жерде тұрған адамдардың тобына арғымақтай қақ жарып кіріп кеттім. Ағызып барып өзімді әрең тоқтаттым да, Үнзиланы, Айнұры мен Балқияны іздеп қарап ем, төңіректі шолып өткенімде оларды тез тауып алдым. Олар да бүгін мерекеде өте көңілді жүр. Мені көріп алып өздіктерінен жымиды. Бірде жұптары ажырап, бірде бірге жүріп әр тұстағы тағамдар мен сусындардан дәм татып, кейде өздеріне қызық көрінген дүниелерге күлімсіреп қояды. Ара-тұра ауыздарын жартылай басып сықылықтап күліп, төңірегіне, маған бір қарап қойғанда бойымды мақтаныш сезімі кернеп, өзімді арқаларынан тосып тұрған алып қорғаныштай сезініп, қомдана қоразданып қоям. Бұл кездегі ер мінезді жылы күлкіме олар өз жүректерін суарып, бойларына достықтың пейілі тарап жатқандай болады. Балқия маған көбірек бұрылып қарайды, әсіресе қызықты жағдайларға күлгенде. Ал, менің назарым Үнзилаға көбірек ауады. Өзімді айнадан қандай күйде көргенімді дереу ойыма алдым да, өзімнің соншама бояуы қою, қоңырқай, бұйра шашты, әр езуіме дейін сәуле жорғалап жүгірген шексіз сүйкімді, аяулы ұл екеніме деген сенімім қайта оралды. Оларға жақындай түсіп, иығымды иықтарына тигізер-тигізбес жерде жүріп, көңілді, мәнерлі дауыспен ершікештене тіл қаттым.
- Пай, пай, пай-ау, -дедім әкемнің сөз бастау тәсілімен, олар бұрылып қарай бергенде, -Мына аппақ жұмыртқа тастай құрттарды қарасаңдаршы. Аузыңа салсаң соны күтіп тұрғандай ерій жөнеледі, осыған қарап Биология сабағында айтқан Гүлжазира мұғалімнің айтқаны дәл келеді, тісіңнің тасты да үгітер керемет өткір екеніне таң қаласың.
Олар түсінер-түсінбес болып аңтарылып қарап тұрғанда, мен лезде сөзімді жалғай қоямын:
Сендер түсінген, түсінбеген, әр естіген сөзіме ауыздарыңды ашсаңдар ғой. Сонда сендердің тістеріңнің тура сәбилерінің тістеріндей аппақ, жарық екенін көрген адамдар сендерді қимай қалады, -дедім.
Жылы сөзге көпшігі көтерілген қыздар «мә-ә-ә, қандай шешен болып кеткенсің бүгін!» деп бір-бірінің иығына құлай, қисая қарап жымиғанда олардың тісі түгел көрінді. Бірақ, мен айтқандай өте аппақ тістерді емес, жай ғана қылаң берген ақшыл тістерді көрдім. Соған сәл ғажаптанып тұрдым да, «менің тісім ғана осынша аппақ па?» деп ойлап, ойыма тағы да Қытайдан көшіп келген Бабаш ағайдың айнасы келіп, жаңа неге жерге қоя салып жүгіріп кеттім екенмін, неге өзіммен бірге ала жүруге сұрай тұрмадым екем деп ойладым. Бабаш ағаға барып бірден бере қоймасын біліп, жалынып-жалбарынып әрең сұрап алдым да, айнамды қойыныма тығып қыз сабақтастарыма алып келдім.
Қане, көрейікші?
Үйіріліп тұрып қарады олар. Өздерінің елден ерек өң-сипаттарын көріп таңғалыспен көкке бір, өз өне-бойларына бір қарап қояды. Мен басында өз жайымда ыржиып тұрып байқамаппын, олардың айнаға таласа қарай бастағанына қарап «бұл айнада бір ғажайып барма?» деп күдіктене бастадым. Үңіле бастағанымда қыры анық көрінбейтін Үнзиланың тәпміштеу мұрнының қырының соншама анық көріне бастағанына қарап «мүмкін айна көзімнен тұнық шығар» деген ой келді. Қайыра үңіліп, енді айнаға бетін төсей қалған Балқияның айнадағы өңінен ешкімге ұқсамайтын аққұбалықты, бет сүйектері мен мұрын, көз қабақтарының Үнзиладан да артық қырлылыққа ие екенін, әрбір қырының жарық пен түстердің өте жақсы сәйкестігіне ие екенін көріп, «Балқия өз ортамызда Үнзиладан артық бағаланбай жүр екен ғой. Әйтпесе, оқу бітіргеннен кейін елдің көз айымына айналатын қас сұлудың өзі болатын сияқты. Осыншама бет-пішіні мүсінші жасағандай қырлы әрі жарық пен түстері өзара қатты сәйкескен, терісі аппақ, жұмсақ. Аяғын сәл сүйретіп басқаны болмаса, бойшаң. Жұдырығы қатты. Ұл балалар қорқады. Өжет болсада, нәзік денесіне наркес, өткір көздері өте жарасып, болашақтың текті перизаттарындай көрінетін сияқты» деп іштен алқап кеттім. Үнзиланың оған қарағанда бойы аласа ғой, терісі де қоңырқай тартқан, тым ақшыл емес. Бірақ, өте әдепті, қылықты көрінеді және өзінің «өз ортасының гүлі» екенін сезінуі өте жоғары. Әр қимылынан соны көресің. Демек, оның өзін ұстауындағы бекзаттығы алда тұр.
Өз сұлулығынан толық хабары жоқ, бұл ортаның сұлулықты бағалау өлшеміне сай келе бермеген болашақтың кірпиязы болар Балқия неге табиғи сұлу денесін әлпештемейді, неге жасанып көркін мың құбылтпады, неге көркі ашылмай қалды? Соның кесірінен толық бағаланбай кейде мұң-құсалы күй кеше ме екен, әлде өзіндегі қасиеттерді мұншалық сезінбей ме екен? Қалай болғанда да, мен мұның бәрін айнадан сезіндім. Енді оның өзінің сезіну кезегі. Айна оны күрт өзгертетін щығар. Үнзиланың осы айнаға олармен қатарласа қарауынан кейін, ортамызда Үнзиланың «екінші гүл» дәрежесіне түсіп қаларын сезбеді ме екен?... Эх!...
***
Көктемде су тасқыны болғанда, бізге Қазақстанның жер-жерінен көмектесуге еріктілер келеді. Қардың асты түпсіз қара ойықтарға толып тұр екен. Қар еріи бастасымен қолын көкке созып көмек сұраудан басқа амалы қалмаған ауылдастар өздерін қоршап алған судан қайықпен құтқарылып жатты. Бұл апаттың басты себебі қыс ішінде жаңбыр жауғандықтан, жер астына қалың тоң қатып қалып, жазғытұры қар ерігенде астындағы мұз ерімей, су осы мұздың бетімен көлкіп төңірекке жайылған. Оның үстіне Құдай осы апатты Қазақстанның бүкіл жеріне арнайы орналастырғандай болып, қар асты тәуір еріи бастаса қайтадан қар жауып жерді қайта қатырып, суық жіберіп, одан кейін ағыл-тегіл жаңбырмен жердің бетін жуып, бәрі бір тылсым күштің жоспарымен орындалып жатты.
Сол уақытта бізге келген еріктілердің ішінде өрт өшірушілердің ақ белдеулі, сары тонын киіп алған Алматылық бір ағамыз болды. Оның сары тонының шынтақтарына көк шүперек тігілген. Бұтына ілгені тізесіне қатпар салынған қалың көк шалбар. Басына құрлысшылардың ақ дулығасын киіп алып, оның шекесінде кеншілердің шырағы оратылған. Айналасы бір киіміне бірнеше саланың адамдарының киімінің ерекшелігі кіргізілген осы кісі үлкен адамдарша киініп алғанымен, жақындап қарасаңыз оның отызға енді іліккенін байқайсыз. Терісі қалың әрі жылтырап көрінеді, үнемі ағарған тісінің сәулесі көзге шалынып, қашан да жымиып жүреді.
Эй, балақай, красавчик, -деп дауысын көтере сөйлеп, мейірленген күйі менің басымнан сипап кетіп те жүреді.
Кішкене балаларды жақсы көретіндігінен, біріміз оның маңдайымыздан сипауына, біріміз оның жан тебірентерлік алқау, қорғау сөздеріне риза болып, кейде кампит, шоколад таратып беттерімізден сүйіп, оқу жайымыз, қызығушылықтарымыз жайлы сұрай бергендіктен, біз оған үйірсектеніп, бара-бара оның жанынан шықпайтын болдық. Тарифы бір бітпейтін iPhone 15-ін қызықтап:
- Ұстап көрсек болама?, -дейміз өзімізше мәдениетті бала болып мәймиіп.
- Ұстаған нес?, -деп қолын сілкіп қалады бізді тосын сасқалақтатып. Сосын сықылықтап күліп жіберіп жауырынымыздан қағып:
- Қорықпаңдар, жігіттер. Менің телефоным – сендердің телефондардың. Мені «аға» деп санамайсыңдар ма, -дегенде не дерімізді білмей тұрып қалдық.
- Аға деп санасаңдар, -деді қолын алдыға сермеп, - Сұрасай. Еркелеп қалаған YouTube каналдарыңды айтып емін-еркін көріңдер. Сосын «балалар!» деді қоршап тұрған бірнешеуімізден мойынын созып көтеріп, ана жақта жүрген бірнеше балаға қарап:
- Азаматтар, -дейді. Азамат деген сөзге олар аңтарылып қалып, өздерін бала санаған бейнемен «азамат» іздеп төңіректерін шола қарайды. Жымиып қараған жігіттің басқаға емес, өздеріне телміріп қарап тұрғанын көріп, ол қол бұлғағанда айналысып жатқан нәрселерін тастай салып, беттері мен қолдары сағал-сағал, құм-кір болып бері қарай жақындайды. Ол оларды да қосып алып бірге кино көреді. Екі күннен кейін оның экранына телмірген балалар көбейіп кеткендіктен, ол iPad-ын алып шығып кино тамашалататынды шығарды. Бір кезде сиқырлы айна көлге қарап жақынынан хабар алып қамығып тұрған Бұғы-Бэмбидің досы Арыстан-Симбаға деген сағынышын көріп, ойыма күздегі сиқыр айна келе қалды.
- Сиқыр айнаның дәл өзі ғой, -деп айхайлап жібердім. Әбісей аға басын көтеріп ежірейе қарады. Қалған балалар шынтағымен бүйірімнен түртіп:
- Шошыттың ғой.
- Тыныш отырсаңшы, -деді, -Айхайламай!
- Қалай айхайламаймын, -дедім мен де қайтпай, - Мен тұп-тура 6 ай бұрын «күзгі наурызда» Бабаш ағалардың жүгінен осы сиқыр айнаны көрдім ғой.
Балалар мені тыңдамай қайтадан кино қарай бастап еді, басын қайтадан көтерген жігіт жүзімнен бір сырды байқады да, iPad-ын балаларға ұстатып орнынан көтерілген.
- Көре беріңдер, -деді қолын сілтеп жалтақтаған балаларға, - біз Мусин екеміз бөгетті бақылап келейік.
- Жарайды, -деп балалар шулап қала берді.
Білгенім, Әбісей аға Алматыда арнайы шақырылыммен технологиялық компанияның IT бойынша сараптау мамаеы болып істеп жүрген, өзі АҚШ-қа кеткеніне 8 жыл болған жігіт екен. Ол менің «Арыстан патша» мултфилміндегідей сиқыр айнаны Бабаш деген кісінің қолынан көргенімді естіп, аң-таң қалды да:
Олар әлі осы ауылда тұрама?, -деді, сосын жітірмелете сұрап, - Басқа бір жаққа көшіп кетпеді ме?
«Жо-оқ» деп басымды шайқадым. Ол бір иығымнан ұстап тұрды да:
Жүр, барамыз қане. Олар осы ауылдан кетіп қалмаған болса табамыз.
Жүріп бара жатып өзінен-өзі күбірлеп «бұл бір қызық болып бара жатыр» дегенін естіп қалдым. Басына шақпақты қоңыр кепка киіп алған, үстінде шақпақты қоңыр пиджак, ішінде көгілдір рубашка. Бұтына шалшық шашыраған қаракөк джинсы шалбар, аяғында суетік. Басқы жағын сықитқанына қарағанда осы ауылдағы қаракөз әпкелердің біріне көзі түсіп жүр ма деп қутыңдадым да, лезде әдепсіздігім үшін ұялып аузымнан бұл жайлы шығармастан көгілдір рубашкасына, мойынынан шеті көрінген барыс пішінді күміс алқасына бір қарап қойдым да, алдына түсіп алып Бабаштар жаққа қарай жүре бердім.
Бабаш ағаның үйін су айнала ырып кеткен екен. Бір тәуірі ақылдырақ кісі сияқты. Үй саларда 1.5 метрлік биік тас таған салып, үйін соның үстіне салған екен. Үйіне баспалдақпен көтерілесің. Су бөгетті бұзып осы араны қоршаған күннің өзінде үйге зақым жетпейтіні анық. Бабаш аға су етігін киіп алып, баспалдағында реңсіз газет қиындысына шылым орап отыр екен. Бізді көрді де ақжарма мінезбен:
Үй, сен әлгі Алматылық көмекші бала емессің бе? Ресторанға баратындай қатып киініп алыпсың ғой, інім. Біздің Қаратұманың қаз мойынды қыздарының біріне көзің түсіп жүр-ау! Біреуін алып жатсаң ұмытпай айт, құдалығыңа жүріп берем.
Жадырай күліп келіп, кіршең ақ жейдесімен, лай шашыраған сызықты сұры шалбарымен тұра қалып, құшағын ашып амандаспақ болды да:
Әй, жігітім қолыңды тарт. Қол ұшын созып амандаса бер. Үстім лай-батпақ. Шалбарыңды қойшы, әдемі пиджагың мен рубашкаңды кірлетіп аларсың.
Дастархан басына келгенде маман жігіт ауыл адамдарының әдетінше амандық сұрасып отырып алғаны жоқ. Қоңырқай маққамен тіл қатты:
- Аға, сіздің жүгіңізден балалар көріп қызықтаған қандай сиқыр айна өзі?
- Э, жігітім, оны біреуге жасатқаным жоқ. Тарбағатайда керме жасаймын деп шұңқыр қазып жүріп тауып алғам. Қазақстанға көшкенде алып өткем.
- Оның нендей сиқыры бар?
- Қараған адамның ғашығы немесе ата-анасы ғана сезіне алатын жасырынған ең әдемі өңін айнаның бетіне алып шығады да, адамның өмірге деген ыстық ықыласы артады.
- Солай ма?
Жас жігіт таңдана қарап, шайынан сораптап қойды.
Жастайымнан, -деді Бабаш аға екпіндей сөйлеп, - Жетімдік көрдім. 15 жасымда ата-анамнан айырылдым. «Қарғам» деп маңдайымнан сипаған жандар мен үшін ең ұлы.
Жас жігіт қыбырсыз тыңдап отыр. Оның жүзінен мұңайған, тілектес болған әлпет байқалады.
- Сол кезде бар ғой, -деді мешпетінің түймелерін ағытып, тершіген бейнемен, -Осы сиқыр айнаға қарап өзімнің ең керемет ажарымды көріп, төңірегіме бай-бағланның баласынша қарайтын едім. Осы ажарымды сезініп төңірегімдегілер мені тіпті жан тарта бастады.
- Ондай күші болса бұл ежелгі адамдардың озық технологиясы ғой?
- Иә, зерттейтін адам болса...
- Аға, сонда мұны зерттеп сырын табатын адам болса әрі кәдеге жаратып қазіргі адамдардың өзін сүйікті етуге пайдаланатын болсақ, мұны бізге белгілі уақытқа беріп тұрасыз ба?
- Бізге дегенің қалай? Зертхана мүшесі ме едің? Мен көз алдымда Әбісей деген жалғыз жас жігітті ғана көріп тұрмын, -деп емірене сөйледі Бабаш аға.
Жас жігіт күліп жіберді де, орнығып отырып қалталарына салып келген өзінің құжаттарын көрсетіп, технология саласындағы жетістіктерін көрсететін слайд-шоу және бейне материялдарын
iPad-ында бөлек қалтаға салып оңашалап қойған екен. Соның бәрін ретімен көрсетіп, IT саласындағы жаңа технологиялық жаңалықтарды сүйсініп айтқанда, жігіт ағасы тісін қышыр-қышыр еткізіп бас шайқамай тұра алмады. Содан соң өктем денесімен созылып келіп, жас жігіттің иығынан қақты да:
Бердім, азамат. Мықты маман екеніңе көз жетті. Дәлелдедің, бәрін түбіне жеткізіп айттың. Соның өзін елемей кейкиіп отырып алсам, маған «надан» деген аттан басқа ештеңе жабыспайды.
Осыдан кейін осы үйде екі сағаттық отырыс болды. Бабаш аға жақыннан танысқан технолог інісі үшін әйеліне ет асқызып, асықпай түстеніп екі сағатты өзінің ауыл өмірінің қоңыр тіршілігінен сыр шертетін қоңыр әңгімелерімен толтырып, технологтың құлақ құрышын ол ойламаған жақтардан қандырған екен.
Ет желініп болып, ағалы-бауыр екеуі қоштасып, інісінің қойынына сиқыр айнаны салып берді маңдайы жарқыраған жомарт жан.
Жігіт сел апатының негізінен сейілгенін көріп, мұнда көп тұра біреуінің қажеті жоғын сезініп және бұл сиқыр айнаның технологиялық сырын тезірек ашуға талаптанып, біраз күн кешіксе бұл асылды жоғалтып алардай, бір жерге түсіріп сындырып алардай атқалақтаған күй кешіп, келгелі таныс болып қалған жандардың бәрімен қоштасып қалаға қайтты.
8 айдан кейін Америкадан Бабаш ағаның үй телефонына дыңылы-дыңылы еткен жағымды қоңырау келіп түсті. Бабаш аға телефон трубкасын көтерді.
А-ай, сенбісің інім, -масаттана қарсы алып сөйледі, - 8 ай деген аққан судай тез-ақ өтетін уақыт болғанымен, жүйрік санаңның мұндай қысқа уақыт ішінде сиқыр айнаның мәнін тауып қойғанына сене аламын. Жарайсың, қандай технология қолданылған? Айтқаныңмен түсіне аламын ба?...
Арғы жағындағы жас маман біршама сөйледі. Сонан соң Бабаш аға:
- Әділетпен сөйлесші. Балама бәрін айтып бер. Менен көрі ұғымтал ғой. Оның әдеби қабілеті де тамаша. Ол нені түсіндіріп айтса соны тез ұғып аламыз.
- Жарайды, -деп жігіт Бабаш ағаның сүйкімді ұлы Әділетті жақсы білетін еді, соны сөйлесуге шақырды. Сыртта футбол ойнап жүрген ұлы бірден телефон трубкасының құлағына жармасып, бәрін тап-тұйнақтай етіп ұғып алу үшін тікесінен тік тұрып тықырши естіп, асығыс сұрақтар қойып еміне берді.
15~20 минуттық сөйлесудің соңын тықыршып әрең күтіп тұрған әке ғана емес, ұн илеп жүріп бері келіп алған анасы да жымиған күйі өздерінің құлағына бір ерекше хабардың тиетініне сенімді болды.
- Әке, -деді бері қарап мәз-мәйрам болған Әділет қайтадан телефон трубкасына құлақ апарып, - Бәрін айтам, өте керемет болыпты, аға, -деп бір қолымен телефон трубкасын қаққылап секіріп кеткені. Бұған баланың ата-анасы шын қуанып, бір-біріне ең сыйлы ықыласпен назар аударды.
- Әбісей ағатайым суетігін шешіп, қыры қиып түсер қылыштай болып үтіктелген костюм-шалбарды қатырып киіп әдемі мырза болып кетіпті. Фотоларын маған жіберіп те үлгерді, міне.
Бабаш аға баласының мұрны мен қыбыр еткен қозғалысына сәл қарап тұрды да, телефонның бетін сипалаған бауырсақтай саусақтарына қараған жерден жымиып:
Киімін қоя тұршы. Қалада осы кір киіммен жүрсең ел сені менсіне ме? Қайыршы деп қуалап шықпай ма?,- деп өзінің кірлеген жейдесін кеудесінің тұсынан созғылап тартып тұрып.
Содан кейін кеудесін кере, найқала басып келіп баласы ұстап тұрған ұялы телефонына жіберілген зиялы бауыры Әбісейдің заманауи, жанды суреттеріне қарап езу тартты. Бұл езу тартуда разылық байқалатын.
Сонымен, Әбісей ағаң қандай жаңалық айтты?
Сол кезде Әділет басын көтеріп алып, көзінің аппағын аудара қарап, қарашығынан бері қарай от ұшқындап, езуін барған сайын тартты да, бет әлпетін әкесіне ұқсата түсіп:
Әке, о-о-ой, түсіне алар ма екенсіз?
Есі шыға, қас-қабақтары жыбырлап кеткен баласына бұл да қас-қабағын жыбырлатып барып, сонан соң оның басын сипады:
Айта ғой, балам. Шау тартып қалған әкеңнің қара басы қара көмірге айналып кетпеген болса бірдеңе түсінер. Әне, шешең де келді, мен ұқпасам шешең ұғады,-деп әйеліне көзін қысып қалды.
Айғаным апай ұн жайып жатып, «не сыбдыр?» деп құлақ түріп шалғышын шешпеген күйі, марсиған әлпетпен кіріп келген екен.
- Әке, -деп тақ-тақ етті-ау Әділет, сонан соң енді келіп басын сипай берген шешесіне шалқая бір қарап алды да, арқасын анасының кеудесіне төсей берген.
- Анашым, -деп жұмсақ тіл қатты да үнсіз қалды. Анасы баласының басынан ғана емес, енді мойынынан да сипай түскен. Ананың еміренуі артып кетті. Бала анасының сипауынан өзін ажыратып сәл босап алды да, «үлкен жаңалық» деді де қойды. Одан кейін ұйқыға шомып бара жатқандай көзін жұмып, бір тәтті ләззаттың буымен тынышталып, енді ештеңе айтпай қалғып кете беретінге ұқсады. Сол кезде ғана анасы түртіп:
- Балам, айта ғой. Тауып алған сиқыр айнамыздан бір игілік жаратып па әлгі баламыз?
- Э-э, ол кісі, -дейді сергіген әлпетпен басын жұлып алып. Шаңыраққа бір қарап қойды.
- Әбісей ағамыз таланты тарпаң ғалым екен ғой. 6 ай арпалысып, тағы 2 ай зерттеген. Ашқан жаңалығын патенттеуге жүгірі, біздің айнадан да ерекше айна жасап шығыпты.
- Ол қандай айна екен?
Ұзын тұра әкесі сұқтана сұрақ қойып, бері үңіле түскен. Ұлы болса қаннен-қаперсіз, момақан күйде.
Әке, -деді шалқая қарап. Кекілдері жоғары сілкіленіп, ата-анасының біреуінің маңдайынан сипауын күтіп тұрғандай еді. Мойынын анасына сипатып барып, осыған дән риза болған кейіп танытып.
Енді ол ақырын еңкейіп, белінен жоғарырақ тұрған әкесі сатып әперген ескі фортепьяноның клавиатурасын қымтаған қоңырқай ағашына үңілді. Үңілді де, айта бастады.
-Әке, ол кісі өз қаласындағы бүкіл супермаркеттерге айна орнатып шығыпты. Басшыларымен келісіп. Тұрған қаласы Шарлотт деген кішкентай қала. Мен оны сіздерге картадан тауып бере алам. Әзірше, қаладағы 22 супермаркетте ол кісінің біздегі сиқыр айнаға ұқсатып жасаған құпияға толы сырлы айналары тұр. Супермаркеттерде зат алып жүрген адамдар кірген-шыққанда ол айнаны қалайда көреді. Көреді де өз өңдерінің ажарлы, балбыраған, тіпті күн астында тұрғандай алауыртқан бейнесін көреді де, өз-өздеріне тамсанып бұл өмірге қызығушылығы артады екен. «Оқушылар өз өңдеріне өте риза болып тоқмейілсіп оқуды жақсы оқымай, сәндену мен махаббаттасуға беріліп кетеді, тәкаппарлық сынды ұсақ қылықтарды жұқтырып алады» деп адамды әдемі, мінсіз көрсететін бұл айналарды әзірше мектептерге қоймапты. Кейбір мектеп директорлары бұл айнаның қойылуын қалағанымен, парасатты ағамыз осы жағын ойлап, әзірше қойылуына қарсы болған көрінеді.
- Э-э, жөн екен, -деді әкесі, - Сонда бұл айнаның санын көбейтіп жасап, осындай тірлік істеп жұртқа жағып жатқан болды ма?
- Қоя тұршы, әкесі-ау, -деді шешесі күйеуіне мейірлене қарап, - Бала айтарын айтып алсын да. Ел де әдемі болып жүрсе, біз де әдемі болып жүрсек осы айнаға қарап, қандай тамаша!
- Жә, қоя тұр, -деді күйеуі. Содан кейін не дерін білмей, қабағын тағы бір шытты да, баласына үңіле түскен.
Әділет тыныш, мамыражай қалқып тұр өз қиялының бұлты үстінде.
Қысқа үнсіздіктен кейін, Әділет қиял бұлтынан келесі қиял бұлтына ауысқандай көзін ашып қайтадан жұмы, мүлгіген адамның бейнесіне енді.
Бабаш әкейдің өтінішімен Америкадағы Әбсей осындай айнадан үшеуін жіберіп берді почтамен. Оны қуана алып шығып почтаның есігінің алдында аңырып тұрған Бабаш бірден мектеп директорының үйіне тартты. Қарапайым, жұпыны киінген Бабаштың өн-бойына тесіле қараған директор одан мұндайды күтпеседе, езу тартып біраз қызықтағандай болып құр тыңдап отырды да, біраздан кейін:
Алдыма біреуін қойып көріңізші. Шынымен, солай ма екен? Қарап көрелік.
Директор әйел мойынынан түсе беріп өсуін кілт тоқтатқан майда қара шашын жылтырата бір қайырып өтті де, көзілдірігін алып, кереметтің көзіне телміруге дайындалды. Бабаш қатты қағаздармен мұқият оралған айналардың біреуін алып шығып, оны босағаға тұрғызып қойды. Тұғырын бұрап, қайталай беріктеді.
Директор көзілдірігін үстел үстіне қойды да, сәнді қара костюм, қыры қиып түсер қылыштай ұқыпты үтіктелген сымдай тартылған қара шалбарымен жайнаң қағып орнынан көтерілді де, босағаға қарай келіп айнаның алдына отыра қалды. Бабаш болса директорға жымиып қарауда. Директор әйел айнадағы өз өңіне сұқтана қарап, бір аяғы тайып, шатқаяқтап барып шалқасынан түсе берді. Бабаш та жылдам екен, оны арқасынан сүйеп үлгеріп, оны рұқсатсыз ұстағанына қысылып қалып, «кешіріңіз!» дей берген.
Жоға, сіз мені қайта құтқарып қалдыңыз. Ұстап үлгермегеніңізде басым жарылатын еді.
Ол бір күлімсіреп қарап қойды да, қайтадан айнаға телмірді. Бір уақытта бірдеңе айтуды ұмытып кеткенін еске түсіріп, Бабаштың бетіне бажырая қарап «Бабаш ағай, рахмет!» деген. Бабаш сол жымиған әрі қысылған күйі басын изей берді.
- Не ғажайып көрдіңіз?
- Мен ба?
Директор айнаға қайта телміре қарады. Содан кейін орнынан тұрып:
Айнаны сәл шалқайтып қойыңызшы!, -деді. Бабаш айнаның артындағы бұрандасын теңшеп, айнаны шалқайта қойды.
Директор сыланып орнынан көтерілді де, бой түзеп алып, тарс-тарс еткен біз өкшелі кебісімен әрлі-берлі жүріп, айнадағы өзінің жаңарған бейнесіне асқан қызығушылықпен құштарлана көз жіберген. Бойы балқып ерій түскен.
- Шіркін-ай!, -деді. Бабаш бұған мәз болды. Кенет директордың ойына басқа бірдеңе түскендей кілт бұрылып тұра қалып, Бабашқа төне қарап:
- Мұны үйіме қояйын. Маған сатыңызшы!, -деді.
Бабаш абдырап қалды.
- Бұл біреу емес, үшеу, -деді, -Үйіңізге де, мектепке де жетеді. Тек мектепке қоюға рұқсат етсеңіз.
- А, біреу емес, үшеу болса қалай рұқсат етпейін. Әрине.
Ендеше, маған қаншаға сатпақсыз мұны, -деді Бабаштың сатуға келісімін беруін күтпестен.
Бабаш ойланып қалды. Бір уақытта барып:
А, мұны ма?, -деген өзінің аңғал әдетіне басып, -Әділет баламмен ақылдасайыншы. Біразға кідіре тұрсаңыз.
Директор оның сөзіне шыдай алмай күліп жіберді.
Шешімді біздің мектептегі әлгі жүгірмек қабылдай ма? Оданша сізге айтпай Әділеттің өзімен жеке талқыласам болады екен ғой мұны, -деп сыңғырлай күлгенде Бабаш әке айтарға болмаса тіпті қысылып қалды. Екі бетінің ұшы қызарып, құлағының түбіне дейін жетті бұл қызару.
Дүйсенбі күні мектеп ішінде үш жерге сиқыр айна қойылды. Мектеп директорының өзіне алғысы келген үшінші айнасы да осының арасында. Оқушылар ары-бері өткенде айнаға қараған сайын өңдері түрленіп, осы жарқын бейнелерін ұмытпау үшін айнадағы кескіндерін фотоға түсіре бастады. Қылқалам шебері атанған суретшілік курсының жастүлектері бір-бірінің айнадағы асыл бейнесін кезектесіп сызатын болды. Олардың әредікте осылай сурет салып жатқандарын көзі шалып қалған мектеп директоры олардың ішінде ең шебер суретші саналатын Дидар мен Қыранға өз бейнесін салдырды отыра қалып. Осы салынған бейнені күйеуі көріп «ойпыр-ай!» десіп таңғалып, әйелі іссапарға кеткен бір күні әйелінің алғаш беташары жасалған күнді, алғашқы неке түнді еске салатын осы албыраған портретті төсегінде құшақтап ұйықтады. Мектеп директоры көп өтпей қайырымдылық жасауды ойластырды да Бабаш әкеймен ақылдасып, айналардың қаладағы мүгедектер мектебінің ішіне екеуін қойып, біреуін ғана мектепте қалдырды. Қала мен ауданның арасы 47 км. Мүгедектер мектебіндегі өң-сиқы әртүрлі болып кеткен, өңділері сирек ұшырайтын оқушылар арасында бұл айна олардың бет терісінің астына жасырынған қас сұлу бейнелерін ашып, бәрі тебіренді. Мұны естіген жетімдер үйінің директор апайы мүгедектер мектебінен бір айнаны сұратып алып жетімдер үйіне қойған еді, олардың мұң саулаған жанары терең парасатқа шомған философтар мен ақындардың көздеріне ұқсап, олар өздерінің осы тұңғиық көздерінен ләззат алатын болды. Бара-бара жастайынан мақал-мәтел жаттап, оны түрлендіріп айтатын ділмар балалар мен түпсіз шүңетке жанарын батырып, түн құшағында арқасын тауға беріп отырып өлең жазатын дегдар ақындардың жас буыны пайда бола бастады. Осы айна осы жетімдер үйінде үш жыл тұрды. Жетімдер үйінен түлеп шыққан соңғы үш жылғы ересектер ішінде пайдалы пәлсапа соғатын жас дарындар мен әдебиет арнасына қосылған жыр сүлейлері көп болып, олар республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жетімдер үйін аралап дәрістер өткізіп, көптеген жетімдерді теріс жолға түсіп кетуден сақтап, қоғамды ойшыл ортамен толықтырды. Ата-анасыз өскен олардың ата-ана қадірін білу, адамдарға мейірлену, қоғам үшін ортақ пайдалы істер атқарудағы ерекше көзқарастары Қазақстан қоғамына сілкініс әкелді.