Жылдың үздік сатирасы
93

Дұшпандарыма «алтын сырға»

  ( Әзіл-шыны аралас)       

        Мен   өтіріктің майын тамызып  айтатын, өсекшіл   әйелдерге  дән   ризамын. Біле-білсеңдер  олар «қоғамдық ортаға» көп пайдасын тигізіп жүрген  «көріпкелдер»  десемде болады..Шын айтамын, мінекей олаһи-білаһи,дәл қазір-ақ, еметайым езіліп, олардың  беттерінен сүюге бармын. Жанымда құмырысқадай қаптап,  шындықты өтірік қылатын, өтірікті шын қылып,  өсекті қардай борататын,   осы әйелдер  болмаса мен  бүгінгі  шыққан заңғар «биігіме»  шыға алар медім?

Кім біледі әлі күнге шейін Алтыбайт тауының  баурайында,   жарық дүниеде үш жүз  жыл  өмір сүрсе де  түк бітірмейтін тасбақадай жыбырлап-қыбырлап,   ақырын асықпай  жылжып жүріп, бүкіл өмірімді құр далбасамен өткізіп алар медім?

 Өтірігім  болса өзіме обал  болсын, алғашқы кішігірім қызметке кіріскен  күнімнен бастап,  мекемедегі кербез-сылқым   әйелдер мені  тыржыңдап  жақтырмай қарсы алды.  Тыныш жүрмей жүрген-тұрғанымды бақылап,  тырнақ астынан кір іздеп жоқ жерден күндеп, жүндеп  қаралай   бастады. Олар өздерінің бет перделерін жасырғанда жоқ, кеңсенің тарлау дәлізінде  қарама-қарсы   кездесе  қалған уақытта   көздерінен ызғар төгіліп,езулеріне ащы мысқыл, әжуа-күлкі ілініп:

        -Мынау, қара шұнақ қыз кім еді өзі? Аяғымызға оратылып,алдымызға түсіп, жолымызды кесіп, бізбен терезесін теңестіргісі келетінін кәйтерсің?  Әй, қыз , ары жүрші,-деп  менсінбей ашық айдың күннің аманында маған «соғыс» жариялағаны. 

«Соғыстың аты соғыс »  деп апам  жиі айтушы еді, одан кейін ол кісі  жарықтықтың құлағыма құйғаны  «өлсеңде  дұшпаныңнан  жеңілме!» дейтін.

Сол қағида мықтап жадымда жазылып қалыпты. Содан  ашу-ызадан намысымның көк шүперегі дыр етіп айырылып-ақ кеткені.  Өз-өзіме  іштей «шыда, шыда» деп  тізгінімді тежеп ,     жан дүниемдегі  сақылдап, күлген сайтанды тас лақтырып,  аулаққа  қуып жібердім.

Ол да тегін кетпейтін пәлекет қой , қашып бара жатып, маған тілін көрсетіп,  «Менсіз күнің қараң болады?» деп келеке мазақ қылып, қолын шошаңдатып сес көрсетті. Бірақ, сайтанның құрған тұзағына  түсетін мен емеспін.

  Сол сәттен  бастап,  айналама өзімнің кім екенімді «дәлелдеу» үшін , бет пердемді  тағып, құпия қызыл  «майданымды» бастадым. Ең бастысы өсекшілермен  көз шұқысып,  бет жыртысып, парқадар шекпейтінімді білдім.  Апам айтушы еді,  дұшпаныңды да   өтірік мақтап,  анда-санда бетінен сүйіп, арқасынан қағып тұр деп.

 Бірақ, бұлар дұшпан  емес өсекшілер ғой, сондықтан да айла-тәсілдің басқа түрін іздеуге кірістім. Оларға  сес көрсетіп тісімді ақситып, көзімді шақшитсам, ауызымнан  оқтай атылған.  бізше  қадалған   қияс   сөздер  шығарсам бірден құрдымға кететінімді сездім.   Мен онда   тарақанның  ажалы күтіп тұрар еді.  Қараңғы бұрышта ұстап алып,  саусақтарымен мыжи  салудан тайынбайтын  қатыгездікті    бет- әлпеттерінен  байқап жүрмін.

 Ақырын жүрсең малды аяқсың, қатты жүрсең шаңды аяқсың, отырсаң опақсың, тұрсаң сопақсың керін келтіретінде солар екенін сездім.  Үндемей іштей тістеніп, жүзіме  күні-түні, қысы –жазы, тәуліктің 24 сағатында  жайраңдап  күліп жүретін  бет пердені іліп алдым.

Одан кейін, табаным жерге   тимей жүгіріп, қызмет әкемді «ұрып өлтіргендей»   шешініп тастап іске  кірістім   дерсің. Кеңсе толы қызметкерлер  түскі үзіліс  болып, шай ішуге кеткенде, мен бүкіл мекеменің қағазын « сүйгенімдей»  құшақтап, «жүрегіңнен бір орын бер» деп әндетіп,  соңдарында  қала беремін.

Кеш бата салысымен  барлық жастар жағы  қыдыруға,  той-тойлауға, ал үлкендері үйлеріне асығып кеткенде мен қатталған   қағаздағы  қап-қап цифрларды  ас орнына  «асап» бір   орнымда тас мүсіндей қатып қаламын.

Құр  қала бермеймін,  есеп-қисапты маржандай тізіп,  қыз жинаған жүктей сән  қылып, қағазды  тастай қалап , жинап қоямын. Көп уақыт өтпей жатып-ақ, көздері соқыр еместердің, көзіне  түсіп,  «іскер» маман атандым. Енді әлгі мені жақтырмаған ауыздар басқаша сайрай бастады.

        -Қара да тұр, мына пәле қыз алысқа барады, баспалдақтан баспалдаққа лақша секіріп, жоғары жаққа мансап қуып  жылжып кетпесін. Байқау десе, сынақ десе өкпесі өшіп  алдымен жүгіреді. Өзін көрсеткісі келіп,жанталасып   жүр ғой,- дегендері құлағыма  жетіп, көңіліме қона кетті.

        «Алақайлап» қуанып кеттім, бұл  көре алмастардың сөздері  маған бір  тың ой тастап жібергені, келсін келмесін  барлық байқауларға қатыстым. Одан қалса ,жанталасып, жиі-жиі өтетін  елді мезі қылып қалғытатын жиналыстардан қалмаймын.  Реті келген кезде өзгелердің назарына  «бірер ақылымды» қыстырып жіберетін шешендік  әдет таптым. Одан пайда таппасам, зиян тартқан жоқпын. Әп сәтте, белсенді, білгір,  іскер  судай  жылтыраған  жас маман болып шыға келдім.

        -Мына пәле қыз бөлім бастығының орнын көздеп жүр, неғылса да  жоғары жақта қолдаушысы бар -ей,-деген өсек сөз құлағыма тигенде,сізге өтірік, маған шын, алдағы күндерімнің болжамы  санамда  өз-өзінен құрыла кеткені.

Ақырын жүріп, анық басып,   сегіз сағат жұмыс   уақытында   екі рет  көйлегін ауыстырып  киіп жүретін  бөлім бастығының немен  айналысатынын  зерттей бастадым.   Тындырғаны шамалы, түкте жасамайды екен. Күн ұзақ  құлағына телефонын  іліп алып,  әлде кімдерге ақыл айтып, одан қалса, бала-шағасының   атынан ашып алған бизнесінің   табысын санап,    қымбат жақпа май жағатын   қолдарының саусақтарын санап, ерігеді де отырады екен.

 Ал, оған қарағанда мен жұмысты аударып-төңкеріп тастаймын ғой  деп  жадыма  түйіп қойдым. Анда-санда жоғарғы жақта маған қол ұшын берер  кім    бар  екен деп мойнымды созып жүріп, бір жұмыс десе елпеңдеп жүретін жігіт ағасымен  ортақ тақырып тауып әңгімелесе қалғаным. Бөлімнің жұмысын шемішкедей шағып тұрмын, жұмыс десе ағып тұрмын  ғой  өзімді  «көрсетудің»  реті  келе кетті.

Шашын тарауға ерініп,ерігіп  жүретін,  бөлім бастығы, ашуланшақ қара  бұжыр әйел  бір күні өз-өзінен домаланып, ауруханаға  түсті.  Оның міндеті дереу маған жүктелді. Көктен сұрағаным, жерден табылып екі алақанымды  ысқылағанда тура от шықты, дереу қызметке кірісіп кеттім. Арада ай өтпей жатып, әлгі әйел  жүрегінің талмасы ұстап, өліп қала жаздаған соң,жаннан тәтті не бар дейсің, қызметіне оралмайтын  болыпты, ашып алған бизнесінің  маңында қалады екен деген хабар келді.

 Жоғарыдағылар да  өздері  құтыла алмай әрең жүр  екен, маған «батпан құйрықтай» қылып,  бөлім бастығы қызметін ойланбастан  «сыйлай» салғаны. Мұны көрген, енді әлгі жеңіл ауыздар басқаша «ән сала » бастады.

        - Түбі мына қыз орынбасарлық орынтақты көздемесін, қарашы біреуден өш ала алмай жүргендей  кілейдей  жабысуын,тіпті үйіне баратын жолды ұмытып қалыпты, күні-түні  қызметтің жілігін шағып, тышқандай қағаз кеміріп, кеңседе  қонып қалатын әдет тауыпты. Қармағындағылардың қызмет үшін, «қанын ішуден» тайынбайды. Білгенімді  кәйтсем арттырамын деп күні-түні ғылми оқулықтарды, миыма кірсін деп ұйқтағанда  басына  жастық қылып жастап жатады екен,-деп бір-біріне сыбырлап, жыбырлап жүргендері құлағыма тиді.

Оған  өкпелеп нем бар, өз-өзіме олар дұрыс айтады, білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады  деген мақалды жадыма ұстадым да,енді не тұрыс, дереу іске кірістім.Орынбасардың орынтағында, жұмыртқасынан балапан шығаратын құстай жылдап  отырып алған  жігіт ағасы  бір майлы шелпекті көсіп жейтін  жерге өсіп кетіп,  қызметі  аяқ астынан маған бұйырғаны.  Енді аналар басқаша «күй» тарта бастады:

        -Ойбай, мына қыздың  түрі жаман, кандидаттық дисертация жазып  қорғап алмасын,-деп  қызғаныштың қызыл отына өздерін өздері күйдіріп жатты. Қандай тамаша ойды менің санама салғандарын өсекшілердің өздері де аңдымай қалды, Әттең, мұмкін болса  алғыс  айтып беттерінен сүйер едім, бірақ  құпияны ашуға болмайды.

 Қазір көп білемін деген адамдарға мол мүмкіншілік бар екен, ғаламтор  жүйесі арқылы өзімнің қызмет салам бойынша барлық оқулықтар мен ғылми еңбектерді жаздырып алып, тереңіне бойлап «жүздімде»  да кеттім. Дереу аспирантураға оқуға  сырттай түстім де, жүгіріп жүріп, тақырып алдым. Одан кейін не бөгеліс еңбек пен ғылымды  байланыстырып, дисертация  жаза бастадым.

 Кішкене демімді алып, босаңсиын десем, ә-ә қолыңнан ештеңе келмейді-ау деген көре алмас  өсекшілердің  мысқылы басым жүздері   көз алдымнан елестеп өтеді де, өз-өзімді  пышақтай қайрап,қайта жазу үстеліне отырамын.

Бұл кезде отызды алқымдап ,  жақсы  іскер деген абыройым  біраз жерге жайылып, белді-белді адамдар менің білімді екенімді  мойындап, тани бастады. Екі жыл дегенде барлық кітапты кеміріп, жей жаздап, көз майымды тауысып, дисертациямды қорғап, кандидат болып, шыға келдім. Бір қызығы жақын маңда менен басқа ғылми атағы бар адам жоқ екен. Енді  жеңіл  ауыз өсекшілер не айтып жүр  екен деп тың тыңдасам.

        -Мына, есалаң  кәрі қыз бізге бастық  болмасын ойбай! -деп қауыптеніп жүргендерін  құлағым шалды. Рас-ау, дедім өз-өзіме неге мен ұжымды басқармаймын, қабілетімде, білімімде жетеді ғой деп, біраз жоғары жаққа көз сүзіп, қарап  жүрдім.

Алға ұмтылған адамды біреу болмаса, біреу байқайды ғой, жоғарғы жақтағылар, қалғып-мүлгіп , күнін өткізіп жүрген  жасы келген  бастығымды дереу бір «демалатын», жұмсақ орынға сырғытты да мені  оның  орны  суымай тұрып, тағайындай  қойды.

 Содан  шұғыл жиналыс өткізіп, өз бетімен кеткен ұжымды « тақтайдай түзу жолға» салып жібердім. Енді мен де ұйқтамаймын, оларда ұйқтамайды, бәріміз күні-түні көп қабатты  қағазды тастай қылып,  сараптама жазып, үйіп-жиып тастаймыз.

Әлгі өсекші әйелдердің өсек, өтірік айтып, әлдекімді күндеуге, жүндеуге  енді  тіпті уақыттары жоқ, мұрындарынан шаншылып, тілдері салақтап шабады да жүреді. Соңғы кезде не істерімді білмей, ішім пыса бастады.

 Шіркін-ай, мыналар енді  ары не  істеу керектігін айтсашы деген дәмеден де құр алақан емеспін.Тың-тыңдаймын. Тас керең болайын, ешкім ләм деп ауыз ашпайды.Содан кейін  олардан хабар үзе бастап, өз бетімше  қиялға беріліп кеткенім.

 Мысалы үшін, мен  жел ауыз өсекшілерден  бұл енді мапсап қуып жүре бермей күйеуге тиіп, бала таппай ма  деген ұсыныс  айтса ғой деген сөздерді тостым. Бірақ, ешқайсысылары жұмған ауыздарын ашпайды. Отырып, отырып  бұлардың  өсек сөздері   таусылғаны ма   деп күдіктене бастадым.

Ары қарай не істейтінімді айтпаса, мен не істеймін деген қобалжу, күдікте   көңілімде жоқ емес.  Бірақ, олар өсек айтпаса ауырып қалмай ма  деп  тұжырым жасап отырғанымда құлағыма тағы бір көңілімді қуантып,  жақсы хабар тигені.

Әлде кім  мені  жақтырмағаннан атуға оғы жоқ екен   «Неғып, бұл  кәрі қыз  Парламентке депутат болып кетпейді? Әбден  мазамызды алып бітті.  Шаба-шаба шабантоз  болдық, түге! »   деп сыртымнан шала  бүлініп жүр  екен.

Оны естіп, мен  қатты  қуанып кеттім:   Сара жолды өздері айтып берген соң, енді не тұрыс, өзімнің көгіме  «алға»  деген ұран жазып алып,іске кірісіп кеттім.

Мені  депутат қылып, құтылмаса, басқа жолмен  құтылмасын білген қайран   желауыз өсекшілерім, сендер болмасаңдар  осындай биікке көтерілер медім? Айтқандарыңды  мүлт етпей орындап, алдыға қарай ұшақтай  ұшып  зымырап барамын. Жуырда сайлау өтеді. Мені ұмытып кетпей  өсекшілерім  сыртымнан ілесіп, әңгіме  айтып  жүріңдер. Сонда мен бір сәт болсын, босаңсымай өзімді-өзім қайрақпен  қайрап , халықтың «сенімінен» шығу үшін, үйіп-төгіп уәде беріп, биікке тың соқпақ  салып, сол  даңғыл жолмен көтеріліп, ұшып  кетпеймін бе? Сонда ғана дұшпандарыма  қалаған  құлағына, қолына «алтын сырға» тағамын!