Жылдың үздік балалар шығармасы
43

Сыйлық

Кәусар тұйық мінезді бүлдіршін. Балабақшада ешкіммен араласпайды. Оңаша өзімен-өзі бір бұрышта отырып сурет салғанды ұнатады. Сыртта жуас болып жүргенімен үйде арасында мінез танытады. Пысықтығымен көзге түсіп анасының мазасын алады.

    –Ана маған мына тұрған қуыршақ әперші, – деді дүкенде жүргенде.

Жалақыны уақытында алмай жүрген шешесі удай қымбат барбиді алуға шамасы жетпеді.

    –Қызым бұл ойыншық кәкәй. Бұл тек жаман қыздарға арналған қуыршақ.

    Кәусар өкіріп жылады. Анасы оны әрең дегенде жұбатты.

    Бірде нағашы әжесі үйіне келді. Әжесін жақсы көретін немересі оны көрген бойда «мені көтерші» деп екі қолын созды. Аяғы, белі, қолы, бір сөзбен айтқанда денсаулығы сыр беріп жүргеніне қарамастан тәтті немересінің көзі мөлдіреп тұрғанын көргенде қалай көтермеске?! Әжесі немересінің бетінен сүйді.

    –Саған не әкелгенімді білесің бе? –Әжесі сөмкесінен барби қуыршағын шығарды.

   Кәусар мәз болып қуыршақпен ойнады. Бір кезде әжесі: –Өскенде кім боласың? – деп сұрады.

    –Дәрігер боламын. –Анасының дәрігер болып қызмет ететіндігін, адамдарды емдейтінін Кәусар аз да болса білетін-ді.

   Кәусар ойыншықтан жасалған дәрігерлік құрылғыларды алып әжесіне жақындады.

–Әже, терең демалыңыз. Қазір сізді емдеймін.

    –Мен ауырмаймын, саумын ғой.

    –Анам маған барлық адам ауырады деп айтты. Маған сыйлық әкелдіңіз енді мен сізді міндетті түрде емдеуім керек.

    Бірде әжесі қызының үйіне жолы түсті. Кәусар әдеттегісінше алдында отырды.

    –Әже мен сізді қатты жақсы көремін. Енді мен де сізге сыйлық дайындадым. Қазір көрсетемін.

     Тәтті немерем маған қандай сыйлық дайындады екен деп әжесі қатты ойға шомылды.

   –Әже бері келіңізші.

   Ас үйде қызымен бірге шәй ішіп отырған әжесі жеп отырған тамағын тастай сала төр бөлмеге қарай қадам басты.

 –Мынау менің сыйлығым.

   Әжесі немересінің ақ қағазға әжесін, анасын, әкесін, өзін титтей қылып бейнелегенін, артқы жақта әжесінің тұратын жеріне ұқсас жасыл үйлердің салынғандығын көрді. Әжесі бүлдіршіннің қалайша барлық детальды есте сақтап сурет салғанына аң-таң. Кәусарды құшақтап: –Бәлкім сен өскенде дәрігер емес, суретші боларсың. Анаң сияқты сурет салуға бейім екенсің.

    –Әже енді сіз маған не сыйлайсыз?

   Бұндай сұрақ қоятындығын күтпеген әжесі сөмкесінде банан бар екендігін есіне түсірді. Сөмкесіне қарай кете жөнелді. Кәусар әртүрлі қуыршақтарға жан бітіріп, бір-бірімен сөйлескіздірді.

   Бірде әжесі қызымен Уотсаптағы чат арқылы сөйлесті. –Кәусар қалай? Ауырып жүрген жоқ па? – деп сұрады.

 –Сізге сыйлық дайындаймын дейді.

 –Қазір не істеп жатыр екен тәтті қыз.

 –Сурет салу үшін түрлі-түсті қарандаш, өшіргіш, альбом көтеріп келе жатыр.

   Әжесі бірден түсінді. Ал Кәусар болса ендігі кезекте қандай сурет салсам екен деп сәл ойланды.