Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
441

ҰБТ

ІҮ актілі драма, аллегория

 

Сынақ

 

Қатысушылар

 

Ержігіт – 17 жаста, жігерлі, қызуқанды, мінезі ашық.

Қария – 82 жаста, мінезі салмақты, дарға асылып өлген Серікболдың атасы.

Серікбол (Елес) – 2 жыл бұрын дарға асылып өлген жасөспірім.

Ана – 47 жаста, Серікболдың анасы.

Тұрат – 49 жаста, Серікболдың әкесі.

Кеңес мүшелері – Серікбол әулетінің ең үлкен Ақсақалы, жасы сексеннен асқан, қазалы кеңесті басқарушы ру басы. Сағындық, Көптай, Алмас осы әулеттің туыстары, кеңеске қатысушылар, орта жастағы адамдар. Имам, алпыстар шамасындағы кісі.

Мәлике – 18 жаста, Серікболдың ғашығы.

Сұлушаш – 18 жаста, Мәликенің сырлас досы.

Көр қазушылар – Балтабай, Алпысбай, Жалғасбай отыздар шамасындағы жігіттер.

Достар – Серікболдың құрдастары Ерсұлтан, Қуандық, Бейбіт, Амангелді, жастары 19 да.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бірінші акті

 

Қараңғылық. Сахна төбесінен дар арқаны салбырап тұрады. Жаз мезгілінің түс әлеті. Тұрғын үй ауласы. Аулада киіз үй тігулі. Бақша. Ержігіт пен Қария.

 

Бірінші көрініс

 

Қараңғылықта төбеден салбырап тұрған дар арқанына жарық түсіріліп тұрады. Қораз азан шақырғанда қараңғылық сейіле түседі де, арқан көзден таса боп кетеді. Бақшадағы жиде талының аясына Ержігіт келеді. Ұялы телефонын өшіріп тастап мұңға батып отыр. Қабағы қатулы, қайғылы, өзімен өзі сөйлеуде.

 

Ержігіт. – Елу төрт-ақ балл. Масқара! Енді қайттім?! (орнынан атып тұрып). Он бір жылда төрт, бес деген баға алып көрмеген жылпос Жарастың өзінде елу тоғыз. Менен нашар оқығандардың барлығы да жетпістен төмендемеген. Тек қана милау Кертай мен өсекші Күнісек қана отыздың о жақ, бұ жағында (ерсілі-қарсылы жүре). Олар сынаққа дайындалған да емес. Жолымыз болса түсерміз, болмаса екі қолға бір жұмыс табылар деп оқу жайында бастарын қатырған да жоқ (тапал орындыққа қайта отыра қалып).

Кластың үздік оқушыларының бірі атанып мектеп атынан талай интеллектуалды сайыстарға қатысып, мектеп, аудан, облыс намысын қорғаған еңбегімді ешкім елемегені ме?!

Барлығы студент атанып, тойлап, қуаныштан жүректері жарылайын деп жүр. Армандары жоқ. Ал мен болсам ағаларым сияқты күндіз кесек құйып, түнде вагон түсіріп, кір-қожалақ, алба-жұлба болып жүремін бе енді?!

Әкем де оқып жарытпаған. Мектеп бітіргелі қара жұмыстан көзі ашылған емес; «шаршасам, шаршағанымды арақ-шарапппен басамын» дейді.

Менің өмірім де осылай өтпек пе?!

Әдрем қалсын бүйтіп көрген күнім. (аспанға қарап). Одан да өлгенім артық! (қайтадан орнынан атып тұрып).

Шешемді аяймын. Бар үміті мен едім. «Осы балам оқып келіп, барлығымызды асырайды. Үлке-е-ен бастық болады.» деп, маған зор үміт артушы еді. Ал мен болсам бар болғаны елу төрт балл ғана жинай алдым. (ерсілі-қарсылы жүреді). Тым болмаса жетпіске жеткізсем етті. О, сорлап қалған басым! (жиде түбіне байланған қыл арқанға көзі түсіп).

Жұртқа мазақ болғанымша мына арқанға дарға асылып өлгенім артық. (тал түбіндегі арқанды шешіп алады да биіктеу бұтаққа байламақ болады).

Бүйтіп, қатарымнан қалып, жұрттың есігінің алдында жалданып кісі қабағын бағып күнелткенше...

 

Дарбаза есігінен ескіше киінген қария кіріп Ержігітке зер сала сәл қарап тұрады да, соған қарай тура жүреді. Асылып өлмек болған әрекетіне кенеттен кедергі келтіре қалған бейтаныс кісіні көрген Ержігіт, қарияны жақтырмаған күйде орындыққа отыра қалады

 

Қария. – Ассалау мағалейкум!

Ержігіт. (селқос жауап қата). – Уағ...мсс...

Қария. – Ау, балам-ау! Сәлемді бірінші жасы кіші адам бермейтін бе еді?!

Ержігіт. – Мхм. (басын төмен салбыратып).

Қария. (Ержігіттің қасына отырып). Әлде, әдеп сақтауды оқытпайды ма мектепте. Үлкенді сыйлау, құрметтеу дегендей?!

Ержігіт. – (қолындағы арқанын орнына лақтырып жібереді). Оқытады.

Қария. – (арқанға көзі түсіп). Ә, солай десеңші. Сен өзі неше оқисын?

Ержігіт. – (басын көтерместен). Бітірдім.

Қария. – Қашан? Осы жылы ма?

Ержігіт. – (қошы болмай). Мхм.

Қария. – Анау, әлге-е, немене дейтін еді? Сол бәледен құлап қалғаннан саумысың өзі?

Ержігіт. – (салбыраған басын изеп). Мхм.

Қария. – Е-ее, бәсе, үнжырғаң түсіп отырғаны содан екен ғой.

Ержігіт. – Мхм.

Қария. – (арқанға қарап отырып). Олай жасама!

Ержігіт. – (қарияға жалт қарап). Нені жасама дейсіз ата?

Қария. (арқанды көзімен нұсқап). – Анаумен бар мәселіңді шешем деп ойладың ба?

Ержігіт. – (қарияға қарап). Не мәсел, ата?

Қария.– Әй, балам-ай, балам. Өлсем – бітті! бәрінен құтылам деп ойлайсың ба?

Ержігіт. – Жоқ!

Қария. – Өлім деген – біттің! жоқ болдың деген сөз емес.

Ержігіт. – Енді қалай сонда, ата?

Қария. – А-а, оны түсіну үшін адамның көкірек көзі ояу болуы керек, қалқам.

Ержігіт. – Сонда, о дүниеде адам өмір сүре береді демексіз бе?

Қария. – Иә, солай! Бұрыңғылардың айтуынша адамның тәні өлгенімен жаны өлмек емес.

Ержігіт. – Ата, сонда адамның жаны о дүниеде қандай күйде болады екен?

Қария. – Е-е, балам, ол, бұл дүниеде сүрген өміріңе тікелей байланысты болмақ.

Ержігіт. – Ол жақта да адамның жаны қиналады ма сонда?

Қария. – Әрине!

Ержігіт. – Қуана да алады ма?

Қария. – Иә! (Ержігітке тік қарап). Айтшы балам, оқуға түсе алмадым деп өз өзіңе қол салғың келіп пе еді?

Ержігіт. – (жай дауыспен). Иә.

Қария. – (күрсініп). Менің немерем сияқты жасағың келген екен ғой.

Ержігіт. – Сіздің немереңіз де дарға ас... (сөзін жұтып қояды).

Қария. – Мына көшенің бас жағында болған бір тойдан келе жатыр едім. Шұбатты алыңқырап қойдым ба, әжетім қысып шыдатпай барады. Әйтеуір бір мұсылманның үйі ғой, кіріп, дәрет сындырып алайын дегенім...(орнынан көтеріледі)

Ержігіт. – Олай болса мен сізге құман әкеп берейін.

Қария. – Сөйте ғой қалқам.

 

Қарияға құман әкеліп береді

 

Қария. – Тыңдар құлақ болса немерем жайында дәрет алып болған соң жалғастырармын, иншалла!

Ержігіт. – Ата, мен самаурынға шоқ сала берейін.

Қария. – Жоқ! Маған бола әуре болмай-ақ қой, шырағым.

Ержігіт. – Үйге кіріп нан ауыз тимейсіз бе!?

Қария. – Жарайды! Ата салтынан аттағанымыз жарамас. Айтқаның болсын.

Ержігіт. – Ата? Есік алдындағы атыңызды аулаға кіргізіп қояйын. Біреу-міреуді теуіп алып жүрер.

Қария. – Сөйтсең сөйте ғой балам.

 

Ержігіт дарбаза жаққа беттейді. Қария қолына құман алып әжетханаға қарай кетеді

 

Екінші көрініс

 

Сол аула. Сегіз қанатты киіз үйдің ішкі көрінісі. Ержігіт киіз үйге самаурын әкеліп, дастархан дайындау қамымен жүр. Қария жеңін түріп, әріректе отырып құманмен дәрет алуда. Дастархан басына қария мен Ержігіт жайғасады.

 

Қария. – (кесемен шай ішіп отырып). Шайды бүйтіп демдеуді кімнен үйренгенсің?

Ержігіт. – (жымия). Әжемнен.

Қария. – Бәсе-ау. Шайды мынандай күрең қылып кәзіргі келіндердің кез-келгені демдей алмайды. Тек, үйінде кемпірі барлары болмаса.

Ержігіт. – Иә, дұрыс айтасыз.

Қария. – Үйдегілер қыдырып кеттіп пе еді?

Ержігіт. – Әжем тойға кеткен, ал ата-анам жұмыста.

Қария. – Неше ағайындысыңдар?

Ержігіт. – Екі ағам түнімен вагон түсіріп пұл табады. Олар жұмыстарынан азанда келген, қазір демалып жатыр. Қарындасым оқу жылы аяқталысымен ауылдағы нағашыларымызға қыдырып кеткен.

Қария. – Ата-анаң қайда жұмыс істейді?

Ержігіт. – Әкем сылақшы, жалданбалы жұмыста. Ал шешем болса ауруханада медбике.

Қария. – Е-ее.

Ержігіт. – Ата? Мен мектепті жаксы оқыдым, бірақ қажетті балл жинай алмаған соң грантқа оқуға түсе алмай қалдым. Ақылы оқу оқуды жағдайымыз көтермейді. Сонда, енді мен де ағаларым мен әкем сияқты өмір бақи қара жұмыс істеуім керек пе?

Қария. – Бұл өмірде әркімнің өз несібесі бар. Біреу – әкең сияқты сылақшы болса, біреу – анаң сияқты медбике, біреу – бастық болып дегендей.

Ержігіт. – Сонда не істе дейсіз?

Қария. – Басшысың ба, қосшысың ба, әйтеуір адал еңбегіңмен тапқан наның жұғымды болмақ, балам.

Ержігіт. – Біздерде қол жұмыс істейтіндерге қарағанда басшы қызметтегілер пәленбай есе көп ақша алады. Қарап отырсаң екеуінің жұмыс уақыты бірдей. Қайта, ең қиыны қол жұмыс емес пе. Неге бұлай?

Қария. – Балам бұл айтып отырғаның өмір заңдылығы.

Ержігіт. – Сонда, әділеттілік қайда?!

Қария. – Иә, дұрыс айтасың. Түгелдей әділеттілік орнап кетсе бұ дүниені жалған деп атамас еді ғой. Амал жоқ көнуге тура келеді.

Ержігіт. – Сонда әділетсіздікке көну керек дейсіз бе?

Қария. – Егер адамдардан әділетсіздік болса онда оған қарсы тұра, күресе білу керек. Ал егер Алланың қалауы болса онда оған көну керек, қалқам.

Ержігіт. – Адамдар жөнінде айтқаныңызға қосылам, ал Алла әрқашан әділ емес пе!?

Қария. – Иә, Құдай тағала әрқашан тура. Ол біздің тағдырымызды о баста жазып, шешіп қойған.

Ержігіт. – Менің түсінбей жүргенім, Ол; білімді қайдан болса да үйреніңдер деген. Ал мен, сол білім алуға ұмтылғаныммен жолым болмай қалды ғой.

Қария. – Қалай ойлайсың, оқуға түсе алмауыңның себебі адамдардан ба, әлде өзіңнен бе?

Ержігіт. – Әдепкіде адамдардан көргенмін. Кейін, сынақта жинаған балдарымды тексерткенімде жауаптарым дұрыс емес екенін білдім.

Қария. – Демек, дайындығың толық емес екеніне көзің жетті ғой?

Ержігіт. – Білмеймін. Әдейіде жадқа білетін қарапайым сұрақтардың өзіне де қателік жіберген екенмін.

Қария. – А-а, өз қателігіңді білсең жақсы екенсің.

Ержігіт. – Сонда, бар кінә өзімнен болғаны ма?

Қария. – Бұны кадар дейді, яғни тағдыр.

Ержігіт. – Менің тағдырыма оқу бұйырмағаны ма сонда?

Қария. – Неге олай дейсің?! Сен әлі жассың, бұл жылы болмаса келер жылы түсерсің оқуға.

Ержігіт. – Ағаларым да келер жылы түсеміз деп жыл сайын түсе алмай жүр.

Қария. – Демек, солай болғанын Алла қалап тұр.

Ержігіт. – Барлығына көн демексіз ғой.

Қария. – Бізге не керек екенін бізден гөрі Құдай тағала анық біледі.

Ержігіт. – Оныңыз дұрыс, бірақ мен жақсылықты, жақсы адам болуды мақсат қылдым емес пе!?

Қария. – Дұрыс.

Ержігіт. – Олай болса неге қажетті балл жинай алмадым екен?

Қария. – Ай, балам-ай. Адамның Алладан тілегені орындала берсе онда мына өмірдің мән-мағынасы кетпейді ме.

Ержігіт. – Мағынасы кеткені несі?

Қария. – Егер кез келген адамның Құдайға жалбарынып тілеп-сұрағаны орындала берсе кім еңбек етеді, кім сабақ оқиды, а?

Ержігіт. – Құдайға сенетіндердің, жақсы ғамал жасайтын құлдарының дұғасын Алла қабыл алмайды емес пе?!

Қария. – Иә, солай! Егер, Оның парыз қылған үкімдерін орындасаң, Оған деген көзқарасың тура болса онда сенің осы жылы оқуға түсе алмауыңды саған жасаған сыйы деп қабылда.

Ержігіт. – Қалай сонда?

Қария. – Солай!

Ержігіт. – Ата, мысалмен келтіріп айтыңызшы? Мен сізді онша түсініңкіремей отырмын.

Қария. – Мысалы, сен Одан көп ақша тіледің делік.

Ержігіт. – Иә.

Қария. – Ол бермеді.

Ержігіт. – Мхм.

Қария. – Неге бермеді демексің ғой?

Ержігіт. – Мхм.

Қария. – Осы көп ақша сенің сеніміңді, иманыңды әлсіретуі немесе басқа теріс жолға әкетуі мүмкін.

Ержігіт. – Бірақ, ақша мен білім екі бөлек нәрсе ғой?!

Қария. – Алла тек қана бізді тура жолда болғанымызды қалайды. Ол ешқашан адастырмайды. Адасатын біз – адамдар.

Ержігіт. – Аз балл жинауымның себебі де Оған байланысты екен ғой?

Қария. – Мүмкін келер жылы одан сайын білімің артсын деді ма, кім біледі.

Ержігіт. – Мм, енді түсінгендеймін.

Қария. – Түсінсен жақсы.

Ержігіт. – Ата, немереңіз жайында айтып берем деп едіңіз ғой?

Қария. (сәл ойланып отырып) – Сол күні таң ата...

 

Екінші акті

 

Осыдан екі жыл бұрын. Жаз мезгілі. Серікболдың өлімі. Таң. Қарияның ауласы. Өлім. Көр қазып жатқан адамдар.

 

Үшінші көрініс

 

Серікболдың өлімі. Қария. Дарға асылып салбырап тұрған немересінің денесі. Отбасының қайғыруы. Жоқтау. Пистолет (жарық), қараңғы сахнада жан-жағына қарайлап аяқ ұшымен жүріп келе жатқан Серікболға түсіріледі. Қолында орындық пен арқан. Тал тұсына келіп тоқтайды. Орындықты жерге қойып үстіне шығады. Арқан ұшын талға байлайды да, бергі басын асықпай мойнына іледі. Бір сәт тыныштық орнайды. Тыныштықта Серікболдың тыныс алған демі естіліп тұрады.

 

Серікбол. – Қош болыңдар!

 

Жарық өшіріледі. Сахнада тас қараңғылық орнайды. Орындықтың құлаған тарсылы естіледі. Тып-тыныш қараңғылықта Серікболдың «ыңқ-ыңқ» еткен дыбысы шығады да өшіп қалады. Қараңғы үнсіздікте Серікболдың «дүк-дүк» деп соққан жүрек соғысы естіліп тұрады. Жүрек дүрсілі бірті-бірте сирей әрі бәсеңдей түседі де, мүлдем тоқтап қалады. Сахнада бір сәт үнсіз қараңғылық орнайды да, артынша қораз азан шақырады. Таң қылаң бере бастап сахна бірте-бірте жарықтандырыла түседі. Қозы-лақ, қой-ешкілердің маңырауы. Сахнаның сол жақ бұрышының бергі тұсында сәкі орналасқан. Сәкінің ар жағында үйдің сыртқы көрінісі. Сахнаның оң жағындағы талда Серікболдың денесі салбырап тұр. Қолына леген ұстаған қария үй жақтан шығып талдың бергі жағында тұрған бөшкенің (немесе жәшік секілді басқа ыдыс) жанында тұрған қаптың қасына келеді. Қолындағы легенді жерге қойып қаптың аузын ашады да қос уыстап жем салады. Легенді көтеріп қайтадан үй жаққа қарай кетеді. Қозы-лақтардың маңырауы.

 

Қария. – Сәл шыдаңдар енді?! Келе жатырмын... Қазір-қазір беремін жем-шөптеріңді...

 

Легенін ұстаған қария үй жақтан асып көрінбей кеткеннен-ақ қозы-лақ, қой-ешкілердің маңыраған дауыстары шықпай қалады

 

Қария. – Ендігі кезек сенікі Күреңқасқа... Қазір апарамын... Шыдай тұр, жануарым?...

 

Бір-екі рет жылқының кісінегені естіледі. Қаптың қасына жақындай бере дарға асылып тұрған немересін көргеннен шошын кетіп қолындағы легенін түсіріп алады

 

Қария. – Астағфируллах! (дереу немересінің жамбас тұсынан құшақтай ала жоғары көтеріп тұрып діріл басқан дауысымен). Тұра-ат! Ей, Тұрат! Тұрат! (немересіне) Әй, балам-ай, балам, бұл неғылғаның... (дауысын бәсеңдетіп).

Ей, Тұрат! (дауысын көтеріп). Ойпырмай, сонша құрығаны нес...

 

Тұрат жүгіріп келіп

 

Тұрат. – Астағфируллах! Көке-е...? Балам!

Қария. – (көзімен нұсқап). Астыңа анау бөшкені қойып мойнынан арқанды шеш, тездет!

Тұрат. – (асыға, күйініп жүріп баласының мойнын арқаннан босата бастайды). Балам-ау, бұл неғылғаның?!...

Қария. – Денесі суып қалыпты.

Тұрат. – (күйіне). Құрып кеткір! Бәстің кесірі бәрі де.

Қария. – Енді ақырындап түсіре бер. (екеулеп түсіреді).

Тұрат. – Көке, маған беріңіз?!

Қария. – (немересінің күре тамырын ұстап көріп) Ұшып кетіпті. (қысқа дұға қайырып, бетін сипайды).

 

Мәйітті қос қолымен көтерген әкесі тізерлеп тұрып баласының бетінен сүйеді

 

Тұрат. – (дауыстап). Балам-ау, құлыным-ауу... (баласының кеудесіне бетін тақап, дыбыс шығармай солқылдап тұрып егіледі).

 

Тосын дауыстардан үй ішіндегілер біртіндеп тысқа шығады. Көршілер келе бастайды. Мәйітті көтерген Тұрат пен қария үйге қарай беттейді

 

Анасы. – (шошынып). Ата-ау?! Отағасы?! Не болды? Балама не болған? Ата-ау, не болғанын айтсаңшы? Отағасы-ау, айтшы не болған менің балама? А!? Құлап қалған ба? Айтсаңдаршы?! Неге жылап келесіңдер?!

 

Баласының мұздап қалған дене мүшелерінің әр жерінен ұстап көрген анасы

 

Анасы. – Жан-балам? Құлыным, неге үндемейсің? (дауыстап, жан-жағындағыларға). – Не қарап тұрсыңдар! Жедел жәрдем шақырсаңдаршы!?...Өліп қалған ба? Боташым... Балам... Мүмкін емес өлуі...

 

Тұрат өлікті көтерген күйі орнында қақиып тұрады. Анасы болса тізерлеп жүріп баласының қол, аяқ, дене мүшелерінен қайта-қайта сүйе береді

 

Анасы. – (жан айқайы шыға дауыстап). Балам-ауу... Балапаным-ауу... Әппақ қана құлыншағым-ау. Құлыным-ау, бізді тастап қайда кеттің? Ойбай ай, ойбай-а-ай... Тұратжаным-ау, шыныменде айырылып қалғанымыз ба құлыншағымыздан? Аташым-ау, бұл қалай болғаны? Апажан-ау?...

 

Қайын атасы келінін орнынан тұрғызып жұбата бастайды. Ана, ата-енесін қосақтап құшақтайды. Енесінің кеудесіне басын қойып еңірейді. Қасына келген ойын жастағы екі баласын етегімен жауып бауырына басады. Енесі келінінің қолтығынан демейді.

 

Анасы. – Балапандарым-ау, қапелімде ағаларыңнан айырылып қалдық қой. Оебу-у-уй, қайтейін-ай... қайтейін. Үһ! Үһ-һ! Жаным-ау... (тұтығып). Өе-бүйй... Үһһ, жан-жағым-ай. Қайтсем екен, өее...

 

Еңіреп жылап, төрт саусағын ауызана тыға, тістеніп аласұрады. Басындағы орамалын қолымен артқа қарай ығыстырып жіберіп шаштарын жұлғылай бастайды. Енесі келінін жұбатумен әлек.

 

Қария. – Тұратжан, балдар шошынып қалар үйге кіргізейік тездетіп.

 

Мәйітті үйге кіргізеді. Ананың дауысына көрші-көлем қатындары қосыла дауыстап, құшақтаса көрісе бастайды. Көрші әйелдер ананы қос бүйірінен демеп сәкінің үстіне шығарады. Қатын-қалаш сәкінің үстіне алқа-қотан отырып алып жоқтау айта бастайды. Қаралы үй ауласында тұрған осы үйдің ер азаматтарымен ағайын-туыс, қоңсы-колаң армасын айтып көріседі. Қария мен Тұратпен құшақтаса армасын айта келген келушілер сәкідегі әйелдерге де тізе бүгіп, кезек-кезегімен көрісіп жатады.

 

Төртінші көрініс

 

Қазалы үйдің қонақ бөлмесі. Кеңес. Сырттағы әйелдердің жоқтауы еміс-еміс естіліп тұрады.

 

Ақсақал. – Сонымен, қонағаға неше үй даяр?

Сағындық. – Жеті үй дайындап қойдық.

Ақсақал. – Күн ыстық. Мәйітті бүгіннен қалдырмай жерлеген жөн шығар. Қонағасын ертең атқара берерміз. Қалай ойлайсыздар?

Көптай. – Нағашы жұрты баланы көріп қалайық деп өтініш айтуда.

Ақсақал. – Олар Алатау жақтан бе еді?

Көптай. – Талдықорғаннан. Ертең азанда жетеміз деді.

Ақсақал. – Жолға шығыпты ма?

Көптай. – Шығыпты.

Ақсақал. – Олай болса иістендіріп алмаудың қамын ойласайық.

Сағындық. – Бөлмеге салқындатқыш қосып қойдық. Мәйіт аяғына аккумулятор жалғап, қойын-қолтықтарына мұз бастырып тастадық.

Ақсақал. – Өте дұрыс. Иісі үйге сіңіп қалмас үшін түнде терезе әйнектерін алып орнына мата емес, торлы қаңылтыр қағыңдар. Бөлмесіне мысық кіріп кетіп жүрмесін.

Сағындық. – Сөйтеміз, аға.

Ақсақал. – Өте орынды. Енді сүйекшілерді іріктеп алайық.

Сағындық. – Өз жағымыздан кезек Қалданға келіп тұр. Басына сол кіреді.

Көптай. – Кеуде тұсына аға баласынан Самырат әулетінен бір адам кіреді.

Ақсақал. – Самырат аталығы демей анығын айт! Қайсысы кіреді?

Көптай. – Ол жағына қам жемеңіз, кезек – Тұрғанбайдікі. Тұрғанбайдың өзі немесе інісі кіреді.

Алмас. – Аяғына кенже аталығынан қасапшы Орынбектің баласы кіреді.

Ақсақал. – Жөн болған екен. Сүйекшілердің тәбәрік киімдері дайын ба?

Алмас. – Дайын.

Ақсақал. – Көптай, бейтшілерің түгелденді ме?

Көптай. – Жігіттер дайын. Қоятын жерін айтсаңыздар болды қазір-ақ шығамыз. Құрал-сайман, кесек-қыш, қамыс баулары мен бөренелердің шегелерін суырып көлікке тиеп қойдық.

Ақсақал. – Қорымның шығыс жақ кіре берісінде орын бар екен. Қоятын жерін қарап келген адам бар ма өзі?

 

Осы кезде бөлмеге ауданның бас имамы кіріп келеді

 

Имам. – Ассалам уағалейкум!

Көпшілік. – Уағалейкум ассалам! Төрлетіңіз молдеке.

Имам. – Құрметті бауырлар! Өліктің жолы ауыр. Айтатыны жоқ, қиын жағдай. Жас өлік. Бірақ, амал бар ма?! Барлығы да Алла тағаланың қолында. Солай емес пе?

Көпшілік. – Дұрыс айтасыз молдеке... Иә, бәрі Құдайдың қолында...

Имам. – Қайғыларыңызға ортақпын ағайындар.

Көпшілік. – Төрлетіңіз молдеке.

Имам. – (Төрге отырған соң кеңес мүшелеріне назарын салып). Кеңесті әрі қарай жалғастыра беріңіздер?

Ақсақал. – Сойылатын мал, алыс-жақыннан келетін құда-жегжат қонағасы, шақырылатын ағайын-туыс тізімі жасалып шақырушылар бекітілді. Енді, өлікті жөнелтуде сізбен ақылдасу ғана қалып отыр.

Имам. – Қай жерге қоймақсыздар?

Ақсақал. – Шығыс жақ кіре берістегі өз әулетіміздің қорымынан орын даярласақ па деп едік.

Имам. – Бұл өліктің жөні ерекше болып тұр. Оның себебі барлықтарыңызға да аян. Мен бұл мәйіттің көпшілік қорымға қойылуына қарсымын.

Ақсақал. – Не себептен?

Имам. – Шариғат үкімі бойынша бұндай өлік жеке жерленуі тиіс.

Ақсақал. – Оны білеміз, бірақ, қазір осы ұқсаған өлікті барлық жерде ортақ бейітке қойып жүрген жоқ пе еді?!

Имам. – Ақсақал! Біз жетпіс жылдың ішінде көптеген ата салтымыздан айырылғанбыз. Бұндай өлікті ортақ қорымға жерлеу кешегі кеңестік кезеңде қалыптасып қалғанын сіз жақсы білесіз.

Ақсақал. – (дауысын сәл көтеріңкіреп) Білем! Одан бері отыз жыл уақыт өтті ғой. Олай болса неге осы кезге дейін бөлек көмдірмей келесіздер?

Имам. – Бауырлар! Бұл, мен осы ауданға бас имам боп келгелі өз-өзіне қол жұмсап дүниеден өткен алғашқы марқұм. Бұдан былай әрбір мұсылман бауырымызды заман ахирға дейінгі мекеніне ислам қағидаларына сай аттандыратын боламыз. Себебі, бұл – бізге бұйырылған парыз.

Ақсақал. – Біздің балаға келгенде неге біз оны жападан жалғыз, опасыз-сатқын секілді айдалада көмуіміз керек?

Имам. – Ағайындар! Бұл менің емес – Алланың тікелей үкімі. Сабырға келіңіздер!?

 

Біраз үнсіздік

 

Имам. – Ислам дінінде өз-өзіне қол жұмсау айрықша ауыр күнә саналатыны белгілі. Алла Тағала берген жанды Өзі ғана алады. Өз-өзіне қол жұмсау Алланың берген өміріне наразы болу, Жаратқанға қарсы шығу болып саналады.

Көпшілік. – Астағфируллах! Нағыл дейд... Астағфируллах!

Имам. – Өз-өзін пышақтап өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оқымағандығы айтылады...

Ақсақал. – (сөзін бөле). Астағфируллах! Сонда жаназасын да шығармаймыз демексіз бе?

Имам. – (үзілген әңгімесін жалғастыра) ...алайда сахабалар әлгі адамның жаназасын оқыған. Қасиетті Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 29-30-шы аяттарында, «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» десе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінің бірінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, жаһаннамда сол затпен азапталады», – делінген.

Көпшілік. – Апырмай, өте сұмдық екен ғой? Ойпырмай-й, жаман екен...

Имам. – Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен діннен шықпағандықтан жаназасы шығарылады. Алайда, күнәнің ауырлығын білдіру, әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, бас имамдар емес жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығарғаны жөн.

Көпшілік. – Астағфируллах! Апырмай-а, өте ауыр күнә екен...

Имам. – Сол себептен жаназасын шығаруға мешіт қызметкерінің бірін жібермекпін, иншалла.

Ақсақал. – (ойланып, төмен қарап отырып). Иә, Алла жолы ақиқат! Көнбеске лаж жоқ. Молдеке, ендеше айтқаныңыз болсын. Тура жолдан таймаған ата-баба салтынан аттамағанымыз жөн болар.

Имам. – Иә, Алла бізді адастырмайды.

Көпшілік. – Жөн-жөн... олай болса қай жерге қойғанымыз дұрыс?

Имам. – Не де болса қорымнан жырақта, жапанда болғаны жөн.

Көпшілік. – Мхм (үнсіздік)

 

Бесінші көрініс

 

Бейітшілер жапан дүзде көр қазуда

 

Балтабай. – Бір мұсылман киносынан көрген ем осылай жерлегенді. Сол рас екен-ау?! Әлі есімнен кетер емес.

Алпысбай. – Айтсаңшы сол киноңды?

Балтабай. – Түсінгенім, өз-өзіне қол салғандарды ол жақта күнәқар санайды екен және осылай айдалаға апарып көміп, артынан құран да оқымайды.

Жалғасбай. – Бізде де ертеректе сөйткен деседі.

Алпысбай. – Оны кім айтты саған?

Жалғасбай. – Бүгінгі кеңесте бас имам айтыпты. Осыны атама айтып ем, ол да растады.

Алпысбай. – Шын ба?

Жалғасбай. – Иә! Атам, бала кезінде көрген екен осылай жерлегенді.

Алпысбай.– (басын шайқап). А, Құдай! Бұндай өлімнен сақтай гөр біздерді...

Жалғасбай. – Байғұс інішек, көпшілік қорымындағы молалардағыдай қасында көршілерің де болмайтын болды-ау.

Балтабай. – Дұрыс айтасың. Негізі біз кеңес заманында көп дәстүрімізден айырылып қалғанбыз. Бұрынырақта, моласы бір-біріне жақын жатқандарды көрші деп атаған, ал қазір «көрші» деп жүргеніміз мүлдем басқа мағынада қолданыста.

Жалғасбай. – Бәсе-е, көрші деген сөз негізінен көр, яғни өлген адамның жататын жері дегеннен шыққан екен ғой.

Балтабай. – Солайы солай. (таңдайын қаға). Бишара, ана кинода өз-өзіне қол салған адамның қабірде азап шеккені сұмдық енді...

Жалғасбай. – (Балтабайдың сөзін бөле) Бұл негізі ауру екен.

Алпысбай. – Қандай ауру? Аты не деген ауру?

Жалғасбай. – Мана, түстік ішіп отырғанда атамнан сұрағанмын.

Алпысбай. – (қазуын тоқтатып). Содан? Не деді атаң?

Жалғасбай. – (дауысын бәсеңдете) Бұл ауруды «аспа» деп атайды екен.

Балтабай. – (бұл да бәсең дауыспен) Аспа? (дауысын сәл көтере) Оған адам қалай шалдығады сонда?

Жалғасбай. – (қазуын тоқтатып). «Ыдыстардың бетін жауып жүріңдер», «су ашық қалмасын» деген нақылды бала кезімізден тыңдап өстік емеспіз бе?

Балтабай. – Иә-иә...

Жалғасбай. – «Ашық қалса не болады екен?» деп сұрағанымызда, қариялар; жын-шайтан аралап кетеді. Жаман ауруға шалдығасыңдар, деп қысқа қайыратын. «Жаман ауру» деп отырғаны сол аспа кеселі екен.

Алпысбай. – Қой-ей? А-а, бәсе-е. Әке-шешелеріміз; ыдыс-аяқ, ас-судың бетін жатарда жауып қойыңдар! дейтіні содан екен ғой. Е-ее, енді білдім – енді білдім...

Жалғасбай. – Басқаларын қайдам, атам қазақтың әр сөзінде мән-мағына бар.

Балтабай. – Иә, дәл солай. (қазуларын жалғастыра береді).

 

Үшінші акті

 

Серікболдың елесі. Мәлике мен Сұлушаш. Тойхана іші. Серікболдың құрдастары. Бейіт басындағы Ана.

 

Алтыншы көрініс

 

Ақ кебін киініп мойнындағы арқан ұшын қос қолдап ұстаған Серікбол-Елес шыққан сайын сахна қарауытып, әркез өте мұңлы да қайғылы, қорқынышты, ессіз (какафония) әуен беріледі. Елес кетісімен дүние жарқырап, жайнап шыға келеді. Жаз мезгілі. Мәлике. Мәликенің сырлас қызы Сұлушаш. Институт ауласы. Құстардың шырылы. Көңілді де жайбарақат сыбызғы үні.

 

Елес. – (шыңғыра, есалаңдаған күйде әрлі-берлі жүгіруде). Қиналдым-ау ойбай-й... А-аа!...(жүгіріп кетіп қалады)

Мәлике. – (орындықта отырып көз жазын сүртуде. Елесті мүлдем сезбейді. Сыбызғы үні). Неге тастап кеттің мені?! Мені сүйгенің рас болса тым болмаса соңғы сөзіңді айтып кетпедің бе?!

Елес. – (сахнаның бір шетінде тұрып орнында теңселіп, қинала, мойнындағы арқан ұшын қолына ұстап). Сүйгенім-ай, сені де сергелдеңге салып қойған екенмін ғой. Кешірші мені!? (қайтадан қиналып, ышқына келесі бетке жүгіріп өтеді). А-а-аа! Жан-тәнім азапты оттан күйіп жанып барады...

Мәлике. – Бәлкім, сол күні менімен сөйлескеніңде бұлай жасамас па едің. Екеуміз бақытты ғұмыр кешер ме едік. Ештеңеге қошым жоқ. Сені сағындым (төбеге қарап). Түнімен жылап шығам...

Елес. – (қайта келеді, орнында теңселіп). Әттен! Қайта өмірге келер болсам, бәрін басқаша жасар едім. Бәріне төзер едім. А-а-ай-й, жаным-а-ай... (қайтадан ышқына жүгіріп өтеді).

Мәлике. – Күнде ұялы телефоныма қараймын. Есіміңді оқығанымда, екеуміздің суретімізді көргенімде жүрегім қан жылайды (телефонына қарап). Уатсапқа (заманауи байланыс желісі айтылған жөн) кірсем сенен хабар келетіндей болады да тұрады әрқашан.

Елес. – (тағы да ышқына келеді, теңселіп тұрады). Өшіріп тасташы суретімнің бәрін. Жаным жай таппауда. Керек емес ештеңеңнің. Мені өміріңнен өшір енді. Өшір! Ұмыт мені! (айқайлап жүгіріп кетеді).

Мәлике. – «Мен сені сүйемін!», «Оқуға Алматыға бірге барамыз» деп жазып кеткен сөздеріңді әлі сақтап жүрмін. (көзіне жас алып, тұншыға). Жаным, жатқан жерің жайлы болсын!

Сұлушаш. – (Мәликені іздеп жүр) Мәлике-е! (іздеп тауып) Мына жақта отыр екенсің ғой. Бүткіл ғимаратты аралап сені таба алмай жүрсем. Жүр! Емтиханның уақыты болып қалды.

Мәлике. – Иә. (теріс қарап көзін сүртеді). Сұлушаш, қазір.

Сұлушаш. – Тағы да жылағансың ба? Екі жыл өтсе де әлі соны ойлаумен жүрсің. Болар іс болды! Серікболды қанша ойласаң да енді ол саған қайтып келмейді ғой.

Мәлике. – (орындығынан тұрып). Иә, білемін.

Сұлушаш. – Оны сүйгеніңді білем, бірақ өткенді енді қайтара алмайсың. Болашағың алда. Әлі қайда-а, жассың. Көп ойлай берме! Онсызда соңғы кездері уайымнан азып кеттің. Жүр! Аудиторияға барайық. Әйтпесе кешігіп қалармыз.

Мәлике. – Иә, барайықшы?!

Сұлушаш. – (білегінен ұстап). Айтпақшы, сені үшінші курста оқитын бір жігітке таныстырам деп уәде беріп едім. Қалай қарайсың?!

Мәлике. – Керек емес!

Сұлушаш. – (жетектеп әкете бастайды). Өй-й, қырсықпашы, а! Саған оны сыртынан көрсетем. Ұнамаса таныспай-ақ қоярсың.

Мәлике. – (жетегіне ере). Жарайды, мейліңші!?

Сұлушаш. – (кетіп бара жатып). Мәссаға-а-ан, нағыз жігіттің төресі. Бой десе – бойы бар, көркі десең – көркі бар, ақыл десе ақылды. Осы қаланікі екен.

Мәлике. – Олай болса әлі күнге дейін неге жүретін қызы жоқ?!

Сұлушаш. – Таңдап жүрген дағы. Ондай жігіттер анау-мынау қыздарға қарайды дейсің бе?!

 

Екеуі де көңілдері көтеріле, сыңғырлай күле кетіп қалады

 

Елес. – (шыңғырып жүгіріп өтеді).

 

Жетінші көрініс

 

Жаз. Түс мезгілі. Серікболдың құрдастары. Тойхана іші. Дастархан басы. «Ұлытау» этно-рок тобының (немесе заманауи жастар әуені) әуені естілуде. Тойхана іші сәл қараңғылау болғанымен келушілер столдарына жарық молынан түсіп тұр.

 

Ерсұлтан. – (қолындағы сусынын столға қойып ұялы телефонмен сөйлесіп отыр). Алло! Салем... аманбыз... өзің ше? Иә-иә! Әдеттегідей, Қуандық екеуміз, сосын ауылдан Бейбіт келіп отыр... Иә! Ұшақтан?... Қой-ей? жарайд... жақсы! «Керуен» тойханасында отырмыз... олай болса осында күтеміз... аха... жарайд... иә... тездет!

Қуандық. – Не дейді?

Бейбіт. – Ұшақпен келіпті ма не?

Ерсұлтан. – Иә, аэропорттан таксиге мініпті. Бірер минутта келіп қалады-ау.

Қуандық. – Базарлық алып келе жатыр ме екен?

Ерсұлтан. – Базарлығыңды осы жерден-ақ алып береді ол саған.

Бейбіт. – (күле). Ту-у Алатаудан арқаланып жүреді деймісің?

Қуандық. – Күтіп алуымыз керек еді ғой. Ыңғайсыз болмайды ма?

Ерсұлтан. – «Әуре болмай-ақ қойыңдар, таксимен жетемін. Тек, отырған жерлеріңді айтсаңдар болды» деді.

Қуандық. – Ал, қалғандары ше, ауылда жиналамыз деді ма?

Ерсұлтан. – Иә, бейсенбі күні түгел бас қосамыз.

Бейбіт. – Біздің үйде жиналатын болдық.

Ерсұлтан. – Иә, сенің үйінде бас қосып алайық әрі қарай тағы да ақылдаса жатармыз.

Бейбіт. – Әне! Күткен Амангелдіміз де келді.

 

Бұларға қарай күтіп отырған достары жақындайды. Барлығы орындықтарынан тұрып, біртіндеп, құшақтаса қауышады.

 

Қуандық. – Ал, аман есен елге келуіңмен...

Бейбіт. – (жағаласа). Алматы қалай, біздікіндей ыстық емес шығар, иә? Алматының...

Қуандық. – (сөзін бөле). «қыздары калай?» дегің келді ғой, иә?

 

Барлығы күліседі. Орындықтарына жайғасады

 

Ерсұлтан. – Бір біріңе жағаласпай, біртіндеп сұрастырсандаршы?

Амангелді. – Алматы сол Алматы да, бір жаққа көшіп кетті деп пе едіңдер?! Кезінде сенің әкең талтаңдап, сайрандап жүрген көше, саябақтар жаңартылғаны болмаса сол баяғы орындарында тұр. Айтпақшы, кезінде әкеңмен бірге оқып, қыдырып, қаңғып, ауылға қайта алмай, қаңғыбастанып кеткен достары сәлем айтып жатыр көкеңе. (Барлығы күліседі).

Бейбіт. – Қатырасың-ау сен де.

Қуандық. – Өзіңнің жағдайың қалай?

Амангелді. – Бәрі ойдағыдай. Оқуым – 5. Келер жылы сабағымды Гарвардта жалғастыратын болдым.

Ерсұлтан. – Рас айтасың ба, әлде тағы да қалжының ба?

Амангелді. – Қалжың емес. Елімізге бөлінген грантқа іліндім.

Қуандық. – Ау, мынауың керемет жағымды жаңалық қой. Құтты болсын!

Ерсұлтан. – Құтты болсын!

Бейбіт. – Құтты болсын! Әй, байқа! Сен де сол жақтан қайта алмай қаңғыбастанып кетіп жүрме!?

 

Барлығы көңілді, у-шу дауыстар

 

Амангелді. – Ал, өздерің қалайсыңдар? Ауылда не жаңалық бар? Телефонмен амандық білген бір бөлек, көрісе-қауышып әңгімелескен мүлдем бөлек емес пе достар!? Айта отырыңдар соңғы күндергі өзгерістеріңді.

Ерсұлтан. – Өзің білесің Қуандық екеуміз сол баяғы жатақханада тұрып жатырмыз. Қарлығаш пен Серіккүл де осындағы медколледж жатақханасында. Айнаш болса оңтүстік жаққа күйеуге тиіп кетті. Әлиханның Астана жастар командасына іліккенінен хабардар шығарсың?

Амангелді.– Иә-иә. Бірақ, соның футбол ойнап ақша тауып адам болатынына сенбейтін едім. Сабақты да жарытпайтын еді ғой өзі. Мінезі де шатақтау.

Бейбіт. – Есесіне – дарынды. Сол дарындылығының арқасында емес пе Астана жастар клубына іліккені. Әзірше, ең аз мөлшердегі айлық алады екен. Бәлкім, болашақта Мұхаммед Салах сияқты әйгілі футболшы атанып миллиондаған келісім-шартқа отырып мықты командаларда өнер көрсететін де шығар.

Ерсұлтан. – Бәрі де мүмкін. Құдай, бақ берем десе бере салады. Тек, сол бақты көтере алсаң кәнекей...

Амангелді. – (Бейбітке). Бейбіт шаруа қожалықтарыңдағы жұмысың қалай?

Бейбіт. – Қожалықтан шығып кеткенімді естімеген шығарсың? Қазір өз бетімше диқаншылықпен айналысып жүрмін.

Амангелді. – Бұл жаңалықты естігем жоқ. Серіктестіктен шығып кеттің бе не?

Бейбіт. – Иә! Ортақ өгізден, жеке бұзау артық демекші, өз-өзіңмен болғанға не жетсін. Жерімізге өз күшімізбен тұқым септік. Жырту, тұқым, у себу, тағы да басқа техниканы қажет ететін жұмыстарды ақы беріп істеттік. Енді, Құдай қаласа бар сеніміміз өнімнің шығымына байланысты болып тұр. Бәрі ойдағыдай болса бірер техника сатып алып, егіс алқабымызды кеңейтсек деген ойымыз бар.

Амангелді. – Әкең екеуің ғана ма соншама жерге егін салған.

Бейбіт. – Иә. Алғашқысында қиындау болды әрине, қазір үйренісіп қалдық. Сендер сияқты жоғары білім алуым екіталай. Сол дипломсыз-ақ өз нанымды жеп жүрмін. Пәленбай жыл оқып, зорға дегенде қолына диплом алып, алған мамандығымен жұмыс жасамай, сол дипломының рахатын да, пайдасын да көре алмаған талайларды білеміз. Дипломдарыңның жемісін көрулеріңе тілектеспін, әрине. Мен болсам өмірімнің мақсатын айқындап алғандаймын. Несібемді Жер-Анадан тілеймін. Диқаншылық кәсібі өмірімнің мақсаты, маңызы, әрі азығы болмақ.

Амангелді. – Жарайсың бауырым! Ең негізгісі әркім өзінің сүйікті ісімен айналысқанға не жетсін. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей демейді ме халқымыз.

Бейбіт. – Әрине, еңбек етпесең оңай жерде нан қайда.

Амангелді. – Дұры-ыс, құрдас-жан. Өмір сүру үшін міндетті түрде оқып, диплом алу емес. Бәрің тойшыл болсаң қойды кім бағады деп Абай ғұлама айтпап пе еді. Ал, Ермек не істеп жүр?

Ерсұлтан. – Ермегің қазір ауданымыздың ең жас майталман механизаторы атанды.

Амангелді. – Облыс әкімі қолынан сыйлық алғанын естідім, бірақ майталман механизатор болғанын сенен естіп тұрмын.

Ерсұлтан. – Бексұлтанды өзің білесің, жастайынан жеңіл көліктерді жөндегенді жақсы көретін еді, жақында мемлекеттік «Бастау – бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алып, жеңілдетілген несие алды да аудан орталығынан көлік жөндейтін шеберхана (СТО) ашты. Қазір, кәсібін әжептәуір айналдырып отыр.

Амангелді. – Охо-о! Ауылға барып әкемнің көлігін мінгенде машинаны бұзып алуға қорықпай-ақ қой десеңші. Көлігімізді тегін жөндейтіп адам табылды де?

Ерсұлтан. – Тегін болмағанымен біздерге әрине жеңілдік жасалатыны рас.

Көпшілік.– Иә-иә...

Амангелді. – Класымыздағы қыздардан ауылда қалғандары Сәуле мен Құралай ма?

Бейбіт. – Құралай кент орталығынан шаштараз ашып алды. Сәуле болса тігіншілікпен айналысып жүр. Құрақ көрпе мен қыз жасауын халықтың көбісі Сәулеге тіктіртеді. Заттарын күйеуі қаладан тасымалдайды, ал қалған жұмыстарының барлығын Сәуленің өзі атқарады. Сәуле де, Құралай да жұртшылықтың ырзашылығына бөленіп жүр.

Қуандық. – Болат пен Асылбек әскерден келер айда келетін болыпты. Ал, Нұрлан болса сол жақта қалмақшы.

Бейбіт. – Контрактісін созып әскери қызметте қалғысы бар.

Амангелді. – Жарайсыңдар құрдастар.

Ерсұлтан. – Ауылда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Өзің білетіндей осы бейсенбіде барлығымыз бас қосып Серікболдың үйде құран оқып, бейтінің басына барып қайтсақ мойнымыздан бір ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалар ек...

Амангелді. – Иә-ә! Парызымыз ғой енді. Бүгін сейсенбі ғой деймін, иә?

Қуандық. – Сейсенбі.

Амангелді. – Екі жыл лезде зу ете қалғаны ма шынымен?

Қуандық. – Иә-ә. Кеше ғана мекепті бітіріп жатырған сияқты ек.

Амангелді. – Серікболды айдалаға жалғыз жерлеген дейді ғой, сол рас па?

Ерсұлтан. – Сөйтті.

Амангелді. – Бұрыңғы дәстүрді жаңғыртқан десейші...

Ерсұлтан. – Иә! Өйтпеске болмайды. Еліміз суицидтен әлемнің ең үздік үштігінде екен, ал жастар суициді бойынша ең бірінші орындамыз. Өкінішті-ақ.

Бейбіт. – Мұсылман елдері арасында алдымызға жан салмай келеді екеміз.

Амангелді. – Иә-ә. Айтып отырғандарыңның бәрі де рас. Осы суицидке баратын негізгі себептер қандай және ненің салдарынан туындайды екен?

Ерсұлтан. – Бастылары – махаббаттағы бақытсыздық, лудомания, жақын адамының өлімі, болашаққа сенімсіздік, жалғыздық, оқу мен жұмыстағы проблемалар, жазылмайтын ауруға душар болу мен материалдық-тұрмыстық қиындыққа ұшырау салдарынан туындайды екен.

Бейбіт. – Телеарналардан беріліп жатқан ұрыс-төбелес, қантөгіске толы фильмдер, сондай-ақ, ата-аналардың жұмысбастылығы да себеп. Олар күнкөрістің қамымен балалардың оқу-тәрбиесіне көңіл бөле бермейді. Дүниенің ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, карта, букмекер конторлары секілді ақша тігетін азартты ойындар мен неше түрлі компьютерлік ойындар көбінесе жастардың арасында суицидтің тарап, көбеюіне ықпал етіп отыр.

Амангелді. – (аз үндемей). Бұрынырақта, өз-өзіне қол салу деген бізде мүлдем болмаған деседі. Бұл жөнінде ҚазҰМУ-нің атақты оқытушыларынан сұрастырғанмын.

Қуандық. – Олар не деді?

Амангелді. – Қазақ тарихында өте сирек болған құбылыс екен. Міне, сондықтан да оларды бөлек жерлеген және о дүниеге аттандыру рәсімдерін де өзгеше жасап отырған.

Қуандық. – Былайынша айтқанда қоғамнан оқшаулаған де.

Амангелді. – Иә. Ертеректегі Жарғы тағанының ережелері бойынша өзіне-өзі қол көтергендер ортақ қорымға қойылмай жеке жерленген және жаназалары шығарылмаған екен.

Бейбіт. – Бұл жөнінде Тәукенің Жеті Жарғысында айтылған ба?

Амангелді. – Одан да ертеректен келе жатқан болу керек. Шыңғыс хан да Көктүрік бабаларымыздың бұрынғы Жарғы-Жасағын өз заманына лайықтап жаздырған. Одан берідегі Қасым хан да, Есім хан да ғасырлар бойы қалыптасқан Заң ережелерімізді заманына сай жаңартып отырған. Шындығында, Жарғымыздың түп негізі мыңдаған жылдар тереңге кетеді.

Бейбіт.– Дұрысына дұрыс-ау, бірақ, бұндай өлімге жаназа шығартқызбайтын ислам діні біздерге ҮІІІ-ІХ-шы ғасырларда ғана келді емес пе?

Қуандық. – Оның үстіне кейбір ру-тайпаларымыз тіптен ХІҮ-ші ғасырларда ғана қазіргі дінімізді қабылданғаны туралы деректер бар ғой.

Амангелді. – Солайына солай, бірақ жерімізге ислам келмес бұрын да бабаларымыз монотеизм, яғни бір Тәңірге сыйынған және сол кездегі салт-ғұрып негізінде де өз-өзіне қол салғандарға осындай жерлеу рәсімдерін қолданған. Бұл жөнінде дәлелді деректер жарыққа шығып қалатын шығар әлі.

Қуандық. – Мүмкін-мүмкі-і-ін...

Ерсұлтан. – Қандай жағдайда да өмірден түңіліп, өлімге бет бұрған адамды райынан қайтарудың жолдары, амалдары бар.

Қуандық. – Қалайша?

Ерсұлтан. – Ең алдымен ол адамның жанын не жаралайтынын білген абзал. Оған қандай қиын жағдайда да тығырықтан шығатын жол болатындығын жиі айтқан жөн. Өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге, отбасында кикілжің орнағандарға, тағысын тағы да бақытсыздыққа ұшыраған жандарға дер кезінде айтылған мұндай әңгіме оны ойландырып, өзін қадірлейтін, сыйлайтын, жанын түсінетін адамдардың барын ұғындырып райынан қайтуға септігі тиері сөзсіз. Және бұған жақын туыстары, достары, сүйіктісі, онымен жақын қарым-қатынастағы азаматтардың барлығы дерлік белсене араласуға тиіс.

Қуандық. – Иә, жақын адамның көңіл-күйінің өзгергенін, тек онымен жақын араласып жүрген адамдар ғана біліп, түсінетіні рас.

Ерсұлтан. – Ең бастысы, өмірден түңілген жан өзінің өзгелерге керек екенін ұғынғаны дұрыс. Сонда ғана қайғыдан, бақытсыздықтан айналып өтуге болады.

Қуандық. – Дұрыс айтасың...

Ерсұлтан. – Негізінде, Серікболдың өлімінде біздің де кінәміз бар.

Бейбіт. – Сен сөйтіп ойлайсың ба?

Ерсұлтан. – Әрине! Бір класта оқып, ойнап, араласып жүріп оның осындай қадамға баруына әрқайсымыз да себепкерміз. Өйткені, оның қасында жүріп жандүниесін түсіне алмадық. Егер ішкі сырын білгенімізде ажалға араша болар ма едік, кім білген.

Амангелді. – Оның рас. Серікболдың ҰБТ-тен өте алмай, күйзелісте жүргенін бәріміз білетінбіз. Келер жылы оқуға түсермін, қол жұмыс істеп жүрді. Құмар ойынға үйір болып, тапқан табысын соған салып жүрген кезінде, айтқан ақылымызға, бұным соңғы рет, сосын қоямын, дегеніне сеніп жүре біріппіз. Құмарлығын тежей алмай жан күйзелісте жүрген кезінде оған бір ауыз жылы сөз айтуға жарамағаныма осы күнге дейін өкінемін.

Қуандық. – Бұлай жасайтынын кім біліпті. Барлығымыз ортаға салған кездері; «иә, енді ойнамаймын!» дейтін еді ғой ылғи.

Бейбіт. – Шыныменде, өз-өзіне қол салады деп кім ойлаған.

Ерсұлтан. – Жігіттер! Болар іс болды. Өткенге өкінбе деген. Ендігәрі достарымыз бен жақындарымызға қырағат болармыз.

Бейбіт. – Дұрыс айтасың Ерсұлтан. Бұл да біздерге өмірлік сабақ шығар.

Ерсұлтан. – Соңғы рет жұма намазына барғанымда; «Адамның өзіне қол жұмсауы үлкен күнә және ешбір себеп-салдар бұл адамды ақтай алмайды. Иманды кісі ешқашан өз өмірін қимайды. Себебі, Аллаға сенетін жан жамандық артынан жақсылық келетініне нық сенеді.» деген уағыз санамда жадталып қалыпты.

Қуандық. – Әл-Фарабидің; «Тәрбиесіз берген білім қоғамға апат әкеледі» дегеніндей, мектепте білім алып жүрген оқушыларға имани тәрбиені жандандыру керек сияқты. Сол кезде барып жастарымыз бұндай қадамға аяқ басуы сирейді деп ойлаймын.

Ерсұлтан. – Иә, сол оқымысты данышпан бабамыз, өз-өзіне қол салудың алдын алу жолының ең негізі имани тәрбиеде екенін сол заманда-ақ айтып кеткен болатын.

Амангелді. – Ереке, дұрыс айтасың. Білімі қаншама жерден мықты болғанымен тәрбиесі болмаса бәрі бекер. Мысалы, қазіргілер бұрынғыларға қарағанда білімдірек, бірақ тәрбие жағынан ақсаңдап тұрады.

Ерсұлтан. – Иә, бұрынғының азаматтары қоғамшыл еді. Қазіргінің адамы тек өзін ғана ойлап тұрады. Қоғамымыз өзімшіл болып кетті, яғни эгоистік мінез-құлық басым. Алаш қайраткерлері өз заманының қиыншылығына қарамастан өте қоғамшыл, ұлтшыл, мемлекетшіл еді.

Амангелді. – Ол заман тұлғаларының бүкіл ой-санасын қоғам, ұлт, мемлекет, адамзат жайындағы мәселелер толғандырып тұратын және сол үшін бар ақыл-ойлары мен қайрат-жігерлерін сарп ететін. Керек десеңіздер сол қоғам үшін, ұлтының болашағы үшін өмірлерін де қия білді.

Ерсұлтан. – Қазір ше? Тым ұсақталып кеткендейміз. Отбасы, ошақ-қасы маңайынан аса алмай қалдық.

Қуандық. – Бұндай рухани тығырықтан шығар жол бар ма өзі?

Ерсұлтан. – Әлбетте! Мемлекеттік «Рухани жаңғыру» мәселесін бекерден бекер көтеріп отыр дейсің бе? Ұлтымыздың рухы қай кезде де мықты болған. Сананы тұрмыс билейді дейді. Мына өтпелі кезеңде әркім өзінің материалдық-тұрмыстық жағдайын ойлаумен әлек боп барады. Біздер, заманымызды жамандаймыз. Заманына қарай адамы дейді қазекем. Заман машина болса, руль адам қолында емес пе?! Мынадай зымиян да қатыгез заманда адамдардың бір-бірін алдап-арбап тақырға отырғызып кететінін біле тұра, біз, бойымыздағы адамгершілік қасиеттеріміз бен асқақ рухымызды ту етіп ұстай білуіміз қажет. Заманның жақсы, жаман болмағы адамынан. Барлығы, сол заманда өмір сүріп жатқан адамға байланысты. Өз қара басымызды ойлай бермей, қоғамшыл болуымыз да өзімізге байланысты. Кем дегенде ағайын, туған-туыс, жора-жолдас, көрші-көлем қамын ойлап керек кезінде қолыңнан келген көмегіңді аямайсаң – соның өзі үлкен жетістік.

Қуандық. – Ерсұлтан, ойың дүрыс. Сенің айтып отырғаның Құдайға шүкір ауылдық жердерде әлі де сақталып келеді, ал қалалық жерлерде бұндай ағайыншыл-бауырмалдылық, береке-бірлік сиреп барады.

Амангелді. – Жігіттер! Айтып отырғандарың кіші дағдарыс көрінісі. Сөздерің нұсқалы-ақ. Ең бастысы; «Заманымыз осындай болғасын бізде иттікке амалсыздан бардық. Себебі, бәрі сөйтіп жүр ғой.» демей, әркез адами қасиеттерімізден арылмауымыз керек. Сөздерің аузыңда! Сұрайын дегенім; Серікболдың анасының жағдайы қалай өзі?

Ерсұлтан. – Сыртын бермегенімен іші удай ашып жүрген шығар ол кісінің. Жұма сайын бейіт басына барып қайтатын көрінеді.

Амангелді. – Алыста ма бейіті?

Ерсұлтан. – Қырға қарай шығатын жақтағы Иіркөлдің арғы бетінде. Шамамен кентімізден он шықырымдай болып қалады-ау.

Амангелді. – Иіркөлден тоғызыншы клас оқып жүргенде балық аулап едік қой, есіңде ме Қуандық?

Қуандық. – Есімде.

Амангелді. – Көлге дейін көлікпен баруға болар, ал арғы жағы жолсыздық.

Ерсұлтан. – Мхм! Жарты жолды жалғызаяқ жолмен жаяулатып баратынбыз.

Амангелді. – Анасына қиын болған екен.

Ерсұлтан. – Айтпа! Күннің ыстық-суығына қарамастан апта сайын барады.

Амангелді. – Енді қайтсін. Ананың аты Ана емес пе. Эх, Серікбол-Серікбол-ол! Не істеп кеттің сен бәрін дүрліктіріп?!

 

Үнсіздік

 

Ерсұлтан. – Ал жігіттер мұңға бата бермейік! Басты көтеріңдер! Қане!

Қуандық. – Ең болмаса базарлығыңа Алматының қымыз-шұбатынан ала келмедің бе?!

Амангелді. – Маған сол жақтың еті де, қымыз-шұбаты да ұнамайды-ау. Дәмсіз ба қайдам, әйтеуір біртүрлі.

Бейбіт. – Дәмсіз емес, әркім өз туған жерінің ас-суына үйренгеннен ғой ол.

Қуандық. – Саған суы да ұнамайтын шығар?

Амангелді. – Суы ұнамаса «Тассай» мен «Сарыағаш» бар емес пе?! «Боржомиді» анда-сандай ішкеніміз болмаса күнде ішуге қалтамыз көтере қоймайды әзірге.

Бейбіт. – Қыздары ше?

Амангелді. – (дауысын бәсеңдетіңкіреп). Ей, жігіттер?! Анау столда, біз жаққа қарап отырған қыз манадан бері маған көз қырып салып отыр. Байқадыңдар ма?

Бейбіт. – Жігіт болсаң таныссаңшы барып.

Амангелді. – (орнынан тұра бастайды). Таныссам танысам, несі бар.

Бейбіт. – (ұялы телефонының камерасын қосып) Бар, барғыш болсаң баршы ал?! Түсіріп алып Аяланың Уатсабына лақтырайын.

 

Барлығы арқа-жарқа болып қалады

 

Амангелді. – (қайтадан орнына отыра қалып). Сенен бәрін күтуге болады. Одан да жөніммен отырайын.

Ерсұлтан. – Сонымен жігіттер, бүгінгі жоспарды айтыңдар?!

Амангелді. – Былтырдан бері дарияға түспеп ем. Шомылуға қалай қарайсыңдар?!

Бейбіт. – Табылған ақыл.

Қуандық. – Ойпырмай, күннің жанып тұрғанын-ай, ә!

Елес. – (шыңғырып, айқайлап жүгіріп өтеді). Тозақ оты бұдан да ысты-ық!

Ерсұлтан. – Олай болса жүрелік !

Амангелді. – Жолай үш-төрт баклаш қымыз немесе шұбат ала кетерміз.

 

Тойхана ортасындағы би алаңшасында бір бозбала заманауи рэп әуеніне брэйк биін билеуде

 

Бейбіт. – Мына биді тамашалап кетейікші?

Ерсұлтан. – Жоқ! Тұрайық. Ал-л, шалдың баласы ас қайыр?!

 

Ас қайтарып, беттерін сипайды да орындарынан тұра бастайды

 

Амангелді. – Бейбіт? Жүр! Дария жағасында осы биді үйретейін саған.

Бейбіт. – Қумашы-ей! Сен қай кезде қарық қып би билеп едің?!

Амангелді. – (Бейбітті құшағына алып). Брэйк пе, әлде басқа би билейміз бе?

Ерсұлтан. – (құшақтасқан екеуін бір-бірінен ажырата) Қойыңдар-ей! Жұрт басқаша ойлап қалар.

 

Достар арқа-жарқа боп, бір-бірімен құшақтасып көтеріңкі көңіл-күймен шығып кетеді

 

Сегізінші көрініс

 

Жапан дүздегі жалғыз мола. Бала қабірінің басында Ананың қайғыруы. Ана. Елес.

 

Ана. – (жерден бір уыс топырақ алып бейіт кесектерінің үстіне сеуіп болған соң дорбасынан ақ күріш алып оны да бейіт іші мен кесектердің үстіне шаша бастайды). Аппақ болған құлыным-ау, жатырмысың? Өткен аптада сеуіп кеткен бидай дәндерін құс-құмырсқалар дымын қалдырмай жеп кетіпті ғой. Жақсы болған екен. Есесіне, сауабы саған жазылады. (көз жасына ие бола алмай). Сағындым ғой жан балам-ау?! (жылайды). Қойдым балам. Жыламаймын! Жыласам, сенің жаның қиналатынын білем... (көз жасын бет орамалымен сүртеді). Иә, иә! Жыламаймын енді. Қазір көзімді сүртіп алайын, сонан соң жыламаймын. (көктасты алақанымен сүрте). Шаң басып қалыпты ғой... Қазір жақсылап сүртейін. (көктасты сүртеді де, жазуларын сүйеді). Құлыным-ау, қайтейін, қатты сағындым ғой өзіңді. Сен кеткелі ұйқым да жо-о-оқ, мазам да жо-о-оқ, тәбетім де жо-о-оқ (өксіп жылайды). Балам-ау, амалым қанша... (дауысын діріл баса). Ойбой-оу, қайтейін. Жан ботам-ау. Жан-жағым-ай. Әһһ-һ! Үһһ-һ! (дауысы бәсеңдей). Жыламайм... боташым... қойдым... Сені сағынғаннан ғой көз жасыма ие бола алмай тұрғаным... Тоқтадым көкешім... енді жыламаймын құлыншағым... Шын айтамы... Ылғи көз алдыма елестейсің де тұрасың, елестейсің де тұрасың (басын жоғары көтере). Боташым! Мені естимісің?! Мен сенің анаңмын ғой... Қане! Белгі берші маған?! (жан-жағына қарайлай).

Елес. – (әдеттегідей емес жаны тиышталған, бірақ мұңлы, мойнында арқан). Анашым! Жан күйзеліске салдым-ау өзіңізді. Бұндай боларын білгенімде өз өзіме қол салмас едім ғой.

Ана. – (тізерлей жүре, бейіт қабарғаларын алақанымен сипалап). Құлыншағым, жайлы жатырмысың?

Елес. – (анасының қасына жақындап) Анашым! Мен қасыңыздамын! Көріп тұрмысыз? Естимісіз мені? Мен қас алдыңызда тұрмын ғой?!

Ана. – (тоқтай қала жан-жағына қарайлап, бірдеңені сезе). Мына қос жанарыммен көрмегеніммен Ана атының жүрек көзімен көріп тұрмын. Балам! Сен бәрін естіп, көріп тұрсың ғой, иә?

Елес. – Анашым-ай, қайтейін. Иә! Мен бәрін естіп, көрудемін, бірақ басқа әлемдемін. Мен сіздерді көргеніммен, сіздер мені көре алмайсыздар.

Ана. – (тың тыңдап). Егер жүрегім мені алдамаса сен осы жердесің. Иә! Дәл осы маңда тұрсың. Балапаным, жаның қиналып жүрген жоқ па?

Елес. – Иә! Білместіктен Алланың әміріне қарсы шыққан екенмін. Сондықтан, қатты қиналудамын. Бірақ, сіз келген сайын жаным жай тауып бір сәт азап-қиналысым доғарылады.

Ана. – (бейітке қарап дауысын қатайта). Қабір періштелері! Менің баламды қинамаңдаршы?! Мен – Анамын! Сондықтан да бұлай айтуға хақым бар. Онсыз да жан ботам қысқа ғана ғұмырында не қызық көрді дейсің. Тым болмаса қабірінде тыныш жатсыншы. (қолын көкке көтере) О, Жаратқан Ием! Періштелеріңе баламды қинатпашы! Өтінем Сенен?! (іштей дұға оқиды).

Елес. – Анашым-ай! Бұнда әркім, тек өз амалымен жатады екен. Алланың сүйікті құлдарының жандары жай тауып қабірлерінде жайлы жатыр. Ал мен болсам азап шегудемін.

Ана. – (дұғадан соң бетін сипап). Алланың қос періштесі! Естимісіңдер!? Иә! Білем! Балам қата басты. Біз, сіздердей періште емес адамзат баласы болғандықтан қателесуге, кемшілік істеуге, күнә жасауға, адасуға бейім тұрамыз. Пайғамбарымыз; «пейіш аналардың табанының астында» деп айтқан. Олай болса, осы қабірде жатқан бала анасына құлағыңды сал! Жан боташыма тілеулес болмасам несіне Ана деген атқа ие болып жүрмін! (басын бейіт кесектеріне тақап, дауысын бәсеңдете). Қинамаңдаршы ботақанымды?! Қинамаңдарш... (дауысы шығар-шықпас қана жылайды).

Елес. – Анашым! Мені енді ешкім құтқара алмайды. Құтқарушы тек, жалғыз Жаратушы Йем ғана. Өзімді өлтіріп дүниедегі қиындықтан құтыламын ба десем, қайта одан да ауырына тап болыппын. Енді міне, қабірде жазамды тартудамын. Ақыретте де азап шегушілерден болмақпын. Бұл – Алланың үкімі. Көнбеске лаж жоқ.

Ана. – (көктасқа қарап отырып). Балам, бейсенбі сайын күлше пісіріп, жұма сайын мешітке барып саған дұға етем. Алламнан саған жеңілдік тілеудеміз. Біздің қолдан басқа не келер дейсің? (аз үндемей) Мен кетейін...(орнынан тұрып, кете бастайды). Жайлы жатшы балапаным... (артындағы бейітке қайта-қайта қарайлай жаймендеп кете барады.

 

Анасы ұзаған сайын Елестің жағдайы қиындай түседі. Анасына қарай қолын созады

 

Төртінші акті

 

Қария мен Ержігіт. Елес. Ана.

 

Тоғызыншы көрініс

 

Ержігіттің ауласы. Сегіз қанатты киіз үй іші. Дастархан басында қария мен Ержігіт.

 

Қария. – ... осылайша әр жұма сайын келінім немереме барып тұруды әдетке айналдырды.

Ержігіт. – Жаяу барады ма?

Қария. – Жаяу барады. Ол жақ жолсыздық болған соң көліктін баруы қиын.

Ержігіт. – Сіз ше?

Қария. – А-а, маған оңай. Атқа ер-тоқымды саламын да; - шу, жануар! деп, тартып отырамын.

Ержігіт. – Жиі барып тұрасыз ба?

Қария. – Аптасына екі-үш рет барамын. Бұрын атшөпті қырман жақтан таситын ем, қазір Иіркөл жағасынан әкелетін болдым. Қарап отырсам екеуінің арақашықтығы шамалас екен. Құр атшөпке барғаннан гөрі тым болмаса немереме білген аят-сүремді оқып, дұға қылғаным абзалырақ болар деп шештім.

Ержігіт. – Мхм. Дұғаңыз қабыл болсын!

Қария. – Әумин! Біздер, күнделікті тамақты қалай қажет етсек, қабірдегілер де біздің дұға қылғанымызды солай қажет етеді. Молдалардың уағызы бойынша; біз дұға оқыған сайын о дүниедегілер жеңілденіп қалатын көрінеді.

Ержігіт. – Шай алып отырыңыз ата.

Қария. – Рахмет балам, біраз алдым. Осы әңгімемнен насихат алдың ба шырағым?

Ержігіт. – Көп нәрсені түсіндім ата. Райымнан қайттым.

Қария. – Жөн балам, жөн. Осының бәрін айтқызып, мені де осында Құдай айдап келтірген шығар.

Ержігіт. – Солай шығар, иә.

Қария. – Тағдырымыздың қалай боларын білмейміз, бірақ қандай қиындық кездессе де шыдап бағу керек. Бұл – бізге бұйырылған сынақ. Сендер ҰБТ деген мектеп, білім сынағына шыдамасаңдар алдарыңдағы үлкен өмір сынағына қалай шыдамақсыңдар?!

Ержігіт. – Дұрыс айтасыз.

Қария. – Бұл өмірдің өзі сынақ емес пе?! Осы сынақтан қалай өтсең – мәңгі өмірің сондай болмақ. Жаратушының қыл дегенін орындап, қылма дегенінен тыйылсаң екі дүниеде де жақсылардың қатарында болып бақытты ғұмыр кешуіңнің кепілі болмақ.

Ержігіт. – Түсіндім ата. Айтқаныңыздың барлығын ақыл-таразыға салып отырсам, адам, басына түскен қиындыққа шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық танытып дұрыс жол таңдай білуі керек екен. Оқуға түсе алмадым деп енді уайымға салынбаймын. Теріс әрекетіммен ата-анам мен бауырларымды қайғыға батырғанымша қолымнан келгенінше оларға тек жақсылық істеп, қуаныш сыйлауға тырысатын боламын. Сізге көп рахмет ата!

Қария. – Түсінсең болар, қалқам. Ау! Бесіннің уақыты кіріпті ғой. Қой, балам, мен үйге қайтайын.

 

Дастархан батасын беріп беттерін сипайды. Орындарынан тұрады. Ержігіт қарияны шығарып салады

 

Қария. – Сау бол балам?!

Ержігіт. – Сау болыңыз ата!

 

Оныншы көрініс

 

Қараңғылық. Төбеден дар арқаны салбырап тұрады. Тас-қараңғы сахна ортасында алаулаған от. Қорқынышты әуен бірте-бірте бәсеңдейді. От арасынан мойнында арқаны салбыраған Елес бейнесі айқындала түседі.

 

Елес. – Менің өз-өзіме қол жұмсауым адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да үлкен қателік екен. Өйткені, жан – Алланның адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірімді қиюым арқылы, сол аманатқа қиянат жасаппын. Сонымен қатар, мен, осындай үлкен күнә жасағандығым үшін тозақта азап тартады екенмін. Ал қазір, барзақ әлемінде азапталудамын. Ей, адамдар! Өз өмірлеріңе қол салмас бұрын жақсылап тұрып ойланыңдар! Хәлдерің нашарлап қатты қиналушылардын боласыңдар. Жантүршігерлік азап тартасыңдар. Және жақындарыңды да қайғы-мұңғы батырып, қинайсыңдар. Менің қателігімді қайталамаңдар! (мойнындағы арқанды ұстап, аяғын сүйрете, қиналып, шыңғыра, азап шегіп шығып кетеді.)

 

Он бірінші көрініс

 

Қараңғылық. Төбеден дар арқаны салбырап тұрады. Қап-қараңғы сахнада қобыздың қайғылы әуені беріледі. Әуен бірте-бірте бәсеңдетіле түседі. Шығыс жақтан сахнаның ортасына қарай қадамын өлшеп басқан Ана шығады. Ананың басқан әр қадамымен қараңғы аспанда жымыңдаған жұлдыздар көбейе түседі. Ортаға келіп тоқтап, көрерменге бет бұрғанда сахна төрінде жаңа ай туады. Ананың жанында бесік тұрады. (бесік көрерменге көрінбеуі тиіс). Әуен естілер-естілмес қана шығып тұрады.

 

Ана. – (барынша сабырлы, нық дауысымен) Балам! Басыңа түскен қиыншылықтан өлім арқылы құтыламын дегенің – бекершілік. Осы өлімің арқылы қаншама адамның жанын жаралап кеткеніңді білемісің?! Сені тоғыз ай, тоғыз күн құрсағымда көтеріп, қинала-толғана мына жарық дүниеге әкелдім. Ақ сүтімді емізіп, тербетіп, тәрбиелеп, енді қызығыңды көремін дегенде маған оңай тиді дейсің бе?

Әлде, әкеңе оңай болды деймісің?

Немере – баладан да жақын деген. Сенің өлімің ата-әжеңе де ауыр тиді.

Ет бауыр бауырларыңның елжіреп жылағанын көрсең мұндай амалға бармас та едің.

Достарың мен туыстарыңа да сенің қазаң қатты батты.

Сүйгенің Мәликені болашақ келін ретінде көруші ем. Оның да жаны жаралы... (басын төмен салбыратып сәл үнсіз тұрады да, еңсесін тіктеп) Жазмыштан озмыш бар ма!? Пешенеңе жазылғанға көнесің. Көнбеске амалың жоқ. Ішіңнен шыққан балаң болса да бір өлмек жоқ екен.

Әй, Адам баласы! Жаратушым, «Ешкім басына келген қайғы-қасіретке бола өлуді тілемесін. Егер де өлімді тілеуден басқа амал қалмаса: «Уа Аллам! Мен үшін өмір сүру қайырлы болса, өмірімді жалғастыр. Егер өлім қайырлы болса, жанымды ал» -деп айтсын.» деген болатын.

 

Төбедегі дар арқан дәл Ананың алдына, бел тұсына дейін төмен түсіріледі. Ана арқанды ағыта бастайды. Арқанды ағытады да сол қолына алады

 

Ана. – Сондықтан, Тәңірі берген өмірге қолыңды сұқпа! Адам басына түскен қайғы-қасірет, бақытсыздық қанша ауыр болғанымен оның артынан жеңілдік келетініне сеніңдер! (Арқанды жоғары көтереді.).

Құдайдың бұл сөзін сендерге айтушы – Менмін!

 

Ана оң қолын да көтереді. Оң қолына төбеден тағы бір бос арқан (еш байланып-түйінделмеген) түсіріледі. Қолдарындағы қос арқанмен аяғының жанында тұрған бесіктің қос бөген-арқалығынан байлайды. Арқанға байланған бесік бел тұсқа дейін көтеріледі

 

Ана. – Өйткені, Тәңірі әмірімен сендерді бұл өмірге әкелуші Ана – Мен боламын!

 

Жаңа туған нәресте дауысы естіледі. Ана төбеден салбыраған қос арқанға байланған бесікті жәймендеп тербете бастайды. Қобыз үні кілт күшейтіліп шарықтау шегіне жете сала заматында бәсеңдей түседі де мүлдем өшіп қалады. Үнсіздік. Ана, шығыс көкжиекке қарайды да бесікті қоя береді. Шығыс жақтан күн шығып көтеріле бастаған сайын бесік те жоғарыға көтеріле түсе көрерменге көрінбей кетеді. Таң шапағымен бірге табиғат оянады. Сахнадағы әсем табиғат көрінісі. Торғай, шымшық және басқа да құстардың жағымды шырыл-үні. Нәресте күлкісі. Ана, сахна ортасынан батыс жаққа қарай қадамын өлшеп шыға бастайды. Ананың басқан әр қадамы қараңғылықты сейілте түсе, жан-жағына нұр шаша жарқырай түседі.

 

Шымылдық