124
Жеріктік
Әрбір жүкті әйел жерік болатыны бар. Біреу балыққа жерік болса, біреуі етке, енді біреуі жеміске, тағы біреуі жидекке жерік дегендей және бұл тізімді тоқтамастан жалғастыра беруге болады.
Бір келіншектің жеңгесі араққа жерік болыпты дегенді естігенде жағамызды ұстаған едік. Әлгі әйел бір «чекушканы» сатып әкеліп жеріктігін басу үшін бір ыстықанын тартып жіберетін көрінеді.
Әйел заты түсініксіздеу қауым ғой өздері. Әсіресе, қазіргілері. Бұрынғының қатындары қасқыр, жолбарыс, аю сияқты жыртқыштар мен небір гәрәмат өсімдіктерге жерік болып; Қасқырбай, Аюбай, Балықбай, Ер-Төстік, Қайыңбай, Мақтагүлдерді туса, қазіргілері Шекөнтай (Чекунтай – 0,25 литрлік шыныдағы арақ), Саздығали, Нұрсаз, Еркесек (бұл үшеуі саз кесекке жеріктіктен), Ширак (доширак лапшасы), Макс (макси-чай), Айборжоми (боржоми суы) деген есімдер қойып жүр екен.
Ал енді, Майра деген бір келіншек үшінші туған баласының есімін Байнасы қойыпты. Ата-енесі алғашқы екі баласына есім қойғандықтан бұл баланың атын қоюды өздеріне қалдырыпты.
Перзентханадан келген соң ата-енесі келініне:
-Майражан-ау, күйеуіңнен (өз балдары); Байнасы немереміздің есімінің мазмұны не? - дегенінімізге; бұны келіндеріңнен сұраңдар, деп қашқақтайды да күледі; осыған жауап берші? - дейді ғой жаңа туған келіндеріне телміріп тұрып.
-Өй-й, ата-ай, қойыңыздаршы! Мен оны айтуға ұяламын. - деп, баласын тербете берген екен келіндері.
Арада бірнеше күн өткенімен немере есімінің мәнісін біле алмаған енесі, көрші аудандағы атақты Сәуле құмалақшыға барады ғой, баяғы.
Құмалағын шашып жіберген кәрі қыз ойланып отырып:
-Бұл жерде құмалағым әйел адамның орнына ер адамды көрсете береді. Сондықтан, келініңізде бір сыр бар. Нәрестенің көзі көк, өзі шикіл сары ме еді?
-Иә, солай.
-Әй, бәсе-ау! Сендердің тұқымдарыңа ұқсамайды екен.
-Иә, ұқсаңқырамайды.
-Ім-м! Мына құмалақ соны айтып тұр. Байнасы деген ат қазақта жоқ есім. Бұнда бір гәп бар. Қане, тағы бір салып көрейін. - деп, қырық бір құмалақты шашып жіберген Сәулекең; міне, мына бұрыштағы құмалағым ер адамды, мына бұрыштағы да ер адамды, ортасындағы да ер кейпіндегі адамды көрсете береді. Асты да, үсті де әйел затына емес ер адамға қатысты құмарды аңғарта беріп тұр. Құмар болғанда да күнделікті жасалатын құмар өзі. Түһ, келініңіз неткен жиіркенішті еді. Түһ, менің жүрегім айни бастады ғой. Масқара! Жиіркенішті нәрсемен айналысады екен келініңіз.
-Көтек! Неғылдейд...
-Тәйт! Тиыш отырыңыз! Мына құмалақ маған Байнасы дегенді Вайна деп оқытып тұр. Міне, көрдіңіз бе? - дегенге, бұл қатын түк түсінбесе де құмалаққа телміріп тұрып басын изейді де қайтадан құмалақшы жүзіне үңіледі.
Сәуле сәуегей көзін жұмып отырып:
-Ым-м! Вайна екені анық болды. Мына ортадағы құмалақ ащы, сасық, жаман бір затты білдіріп тұр. Демек, бұл дегенің соғыста пайдаланатын оқ-дәрі, бомбы деген сияқты сөз. Келіндеріңіз осы сөзге (Война) шатысы бар. Не болса да бойы адал, таза адам емес. Байнасы деп бала есімін қойғандағы сыры Вайнаға, Солдатқа, Соғысқа қатысы бар. -деген жорамалды естіген ене, сәуегей үйінен шығып, трасса бойына ентіге жеткен соң өз ауданының жолаушылар автобусына мінеді.
Үй ауласына асыға кіріп малқора жақта мал жайғап жүрген шалына:
-Қақбас неме! Бар кінә келіннен екен. - деп, сыбырлайды жұбайының құлағына.
-Не кінә, қандай кінә?
-Байнасы біздің тұқымнан емес боп шықты.
-Не-е!
-Әй, соны өзімде сезіп жүр ем. Көзі көк, түрі болса сап-сары. Иә біздің, иә сіздің тұқымға тартпаған баланы даладан туып алған екен.
-Ау, құдағидың көзі көк, өзі шикіл сары қатын емес пе еді?! Байнасы нағашы әжесіне тартқан да...
-Құдағидың бұл балаға түк қатысы жоқ. - шалының құлағына сыбырлап; - келініміз балам көзіне шөп салып жүр екен.
-Оны кім айтты?
-Әулие қыз айтты.
-Дәл сөйдеді ме?
-Дәл сөйдемегені не, Байнасының мағынасы соғыс екен.
-Соғысы несі?
-Соғыстың орысшасы не еді?
-Вайна.
-Әне! Айтуға ұялам деп жүргені сол екен. Бала біздің тұқымнан емес. Керек десең иісі қазақ болмауы да мүмкін.
-Сонда қалай?
-Бала есімі соғысқа, яғни солдатқа қатысы бар. Демек, анау, кент сыртындағы гарнизон солдаттарының біреуінікі дағы...
-Өй-й, әкеңнің аузы... сен не деп тұрсың....
Ата-ененің сыбырлы дау-дамайынан соң бұл тақырып уақытша жабылады да, шілдехана біткеннен кейін құдағилар арасындағы кішігірім кикілжің дау-дамайға ұласады.
Қасына енелерін ерткен қос құдағи осы үйдің түпкіргі бөлмесінде өзара жүздесіп, ұрсысып, бойға қан тартқата отырып, мәселені түпкілікті шешіп алу үшін осында Байнасыны дүниеге әкелген анасын шақыртып алады да:
-Балам-ау, бізді жерге қаратайын дегенің бе? Сені мына шешең дүниеге келтіргенде қуанып ем. Сенің мына туып отырған балаң бізді жерге қаратты ғой.
-Әже-әу, о не дегеніңіз?!
-Мына құдағилар құмалақ салдырған екен; бала осы үйдікі емес депті ғой, көріпкел қыз.
-Қандай құмалақшы оны айтып жүрген? Апарыңдаршы, бет-аузынын быт-шытын шығарайын...
-Е, енді, түр-пошымы келіп отырған жеріңнің адамдарына да, біздің тұқымға да ұқсамайды екен...
-Байнасы айнымай қалған әжем екенін барлықтарыңыз да айтпайсыздар ма осы келген сайын.
-Бұл бала орыс деген сыбыс бар сияқты ғой өзі...
-Оры-ыс?...
-Есімі де Вайнадан құралған сыңайлы ма, қалай өзі?...
-Өй-й, сендер-ақ... - деп, әрі қарай бұлармен пікір таластырып айтысуға шыдамы таусылған келін бала еңіреп тұрып жылап жіберіпті.
Екі әже және екі қатын болып қыз-келіндерін зорға дегенде жұбатып болған соң Байнасы есімінің шын мән-мағынасын біліп алғасын жарқырап тұрып күлісіп алыпты да, жайлары жай тауып, кеуілдеріндегі күдік тарқап, бойлары рахат сезімге бөлене бір-бірлерімен ұрысқалы тұрған тілдері қайта-қайта бір-бірлерімен кезек-кезек сүйісе-сүйісе табысқан құдағилар келесі ұрыс-керіске шейін жағдайларын бейбіт ретке келтіріп алған жайлары бар екен.
Сөйтсе, Байнасы бойға біткелі анасы насыбайға жерік болыпты. Баланың есімін Насыбай деп қоюға ыңғайсызданғаннан Бай-Насы деп атаған. Бар сыр – осы.
Байнасы осы күндері балабақшаға барып жүр. Ал, ата-аналарының болса әзірге отбасы санын көбейту туралы жоспарларында жоқ. Бірақ, келіннің еркектер құмарлығы – насыбай атуы доғарылмапты. Тоғыз ай атылған насыбай құмарлығын жеңу Байнасы анасының қолынан әзірше келер емес екен. Бұл жат құмарлық бойға сіңіп, әдетке айналып кеткендей. Күйеуі шылым шегетіндіктен насыбайды атасынан ұрлап ататын жайы бар екен келіннің. Байнасы анасының ендігі арманы осы бір құмарлықтан құтылу, бірақ, насыбайды қалай қоюды білмей жүр екен. Бұрын, насыбай атқанда жерігі басылатын болса, қазір, насыбай атпаса басы ауыратын болыпты.