Жылдың үздік прозасы
416

Қылмыс

Өздеріңізге белгілі, қазақтың торқалы тойы мен топырақты өлімінде қонақтардың сыбаға-несібесіне жөн-ретіне қарай табақ-табақ ет тартылады. Әсіресе, қонағасында қонақтарды көрші үйлерге жайғастырып, дастархан жайыла, әрқайсысына тиесілі сый-сияпат көрсетіледі.

Өзіне тиесілі мүше-несібе бұйырмай қалған қонақтын той иесіне өкпе-ренжісін білдіріп кететін жайттар да кездесіп тұратыны бар. Сол себептен, әркімнің өз мүше-несібесінен дәм татуына тойды басқарып жүрген азаматтар үлкен жауапкершілікпен қарап, бүткіл ұру, әулет намысына кір келтірмеуге тырысады. Табақтас кісілерді жөні, жолы, үлкендігіне қарай отырғызып, оларға тиесілі табақты шатастырып алмауға аса мән беріледі.

Дөп жаңажыл қарсаңына тап болған бір торқалы тойдың қонақасында құда-жегжаттардың сыбағасына тиесілі тоғыз табақ ет тартылады. Қабанбай деген жігіт те табақ ұстап, қатарға тұра құда-жегжаттар жайғасқан үйге қарай беттейді.

Ең алдында сол үйге жауапты жігіт ағасы Мұрат деген азамат бастап келеді. Оның артында, ең сыйлы – бас салынған табақ ұстаған жігіт, үшінші қатарда 1-ші табақ ұстаған жігіт, бесінші болып Қабекең 3-ші табақты алып келеді. Әрі қарай табақ ұстаған жігіттер қатар-қатар, рет-ретімен келе жатады.

Жасыратыны жоқ, Қабекең сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің бірі. Басқа өнерін айтпай-ақ қояйлық, қолынан ет жасау өнері де келеді. Қазіргі заманда ет жасамақ түгілі он екі мүшені айырып бере алатын жігіттердің өзі сиреп кеткені шындық. Өз ұру, әулетінде ет жасау осы жігіттің мойнында. Қайын жұрт, нағашы жұрт, құрдас-құрбы, көрші-қоңсы, қызметтестердің де той-томалағында егер рұқсат берсе сүйікті кәсібіне құлшына кірісіп-ақ кетеді. Абыройы сол, келген қонақтарға етті тап-түйнақтай қылып жеткізе біледі. Қолы ашық. Ет жасау кезегі келмей қалса ет жасайтын жігіттердің қасында отырып алады. Себебі, өзі де етті жақсы көреді. Ет десе ыстыханын да ысырып қояды; жұт! десе, шайнап тұрып жұтады; іш! десе, қысылмай-ақ, қотарып салады да; тағы да құйсаңшы! деп, бұйыра бастайды. Қаттырақ сілтеп қойған күндері шатақ шығаратыны болмаса жалпылай алғанда өз жөнін біледі.

Сонымен, 3-ші табақты ұстап келе жатқан Қабекеңнің кәсіби шеберлігі ояна, табаққа көзі түседі ғой, баяғы; мхм! дұры-ес! Барлық мүше түгел салынған екен. Қазы, қарта... Ойпырым-ай! Мына қазының майын-ай, ә! Дәмі қандай екен? Пах, шіркін! Дәмін татсам ғой, иә... деген ой-қиялмен табақтан көзін ала алмай, сілекейі үйіріліп, еттің иісі мұрнын жара, қазының тіл үйірер дәмі мен тәттілігі мазасын ала бастайды.

Ақырсында, табақтағы қазыны жеп қоюға бел буады. Алдыңғы лектегі жігіттер бұны көрмейтіні анық. «Егер, ақырындап, сол қолымен қазыны алып аузыма салып жіберсем артта келе жатқан жігіттер де байқамай қалатын шығар» деген тоқтамға келген Қабекең тәуекелге бел буа, табақты оң қолымен ұстап келе жатып сол қолымен қазыны алады да асап жібереді. Маза бермей келе жатқан жүп-жұмсақ, былқ-былқ еткен қазыны аузына салғаны сол-ақ екен бастап келе жатқан Мұрат жиекке шеттеп, жолын артындағы бас ұстаған жігітке; «өте бер!» деген ишара білдіре тоқтап тұрып, артта келе жатқандарға:

-Жігіттер, жылдамдатайық! - деп бұйырады.

Қабекеңнің аузы томпиып, ұрты майланған. Шайнайын десе қылмысы әшкере боп қалады. Бұғып өтейін десе күдік туғызады. Мұратқа дейін енді төрт-бес қадам басса бар қылмысы ашылып масқара болмақ. Амалсыздан сүйемдей болған жұдырықтай қазыны шайнамастан жұтып жібергенде көзінен жас бұрқ етеді...

Табақ тартылады: іс бітті, қу кетті, демекші, бұл жолы Қабекең құтылып кетіп еді.

Бірақ, сол құда-жегжаттар түскен үйдегі құдалар жақтан шу шығады. Не шу екенін өздеріңіз білген шығарсыздар.

Осы кішігірім қылмысын Қабекең арада он сегіз жыл өткен соң ғана айтты. Қылмысты мойындаудың өзі ерлік.

Бұл қазы ұрлығын жаңа жылдың бірінші күні; үйде жылытпа болса ішіп, құрдастың қолынан шай ішейін әрі мейраммен құттықтап кетейін, деп келген Қабекең дастархан басында отырғанда айтып берген болатын бір құрдасына.

Қабанбай әңгімесінің қысқаша нұсқасы былай:

-Әкеңнің аузы, құрдасжан! Сол бір жұтқан қазысы құрғыры үшін талай ұйқымнан шошып ояндым. Әсіресе, жаңа жыл сайын бір түсті қайта-қайта көремін. Қолында қамшысы бар ақсақал; әй, оңбаған! Менім сыбағамды неге жейсің! деп зекіп, енді қамшысымен арқамнан оса бергенінде оянып кетемін: бекер-ақ жеген екем сол қазысы құрғырды, деп, бір күлдіріп тастапты да, өзі де қарқылдап тұрып күліп алып, артынша: сол шал тағы да түсіме кіріп шошып оянбасам балар еді, әкеңнің аузы... кешегі жаңажылда тағы да қайталанды. Келер жылы да қайталанады ме екен? Әкеңнің аузы! Бәле болды-ау сол шал...- деп, тағы да мұнайып қояды екен де, артынша қарқылдап күлетін көрінеді.

Бір жапырақ қана қазының өзі неше жылдан бері маза беремей келеді екен Қабекеңді.

Біреудің сыбағасын жеген жама-ан...