Жылдың үздік балалар шығармасы
36

Бөпе

  Үштен жаңа асқан Жәния алғыр қыз. Өнерге жақындығы бар. Бірде ас үйде тамақ ішіп жатқанда: –Музыға басталды, – деп қасықтарды дастарқанға соға бастады.

 –Жаным сол, атаң сені танымал пианист Жәния Әубәкіровадай болсын деп атыңды тегін қоймаған екен. –Әкесі қызының басын бір сипады.

Ас ішіп болғаннан соң Жәния әпкелері Назым мен Сандуғашпен қосылып ойнағысы келді. Бастауыш сыныпта оқитын әпкелері Жәнияны қатарына қосқысы келмеді.

–Сен әлі кішкентай бөпесің, – деді үлкен әпкесі Назым.

–Мен кішкентай да бөпе де емеспін. –Жәния жыламсырады.

   Кішкентай қыздың жылаған дауысын естіген балажанды әкесі оны көтеріп:    –Жүр түпкі бөлмеге барайық. Жақында сендер үйренсін деп мен шахмат сатып алдым. Бірге ойнайық.

 –Әке сіз шахмат ойнауды білмейсіз ғой. –Сандуғаш әкесіне жалт қарады.

Әкесі ортаншы қызына көзін қысып: –Білемін, білемін. Қазір Жәнияға қалай ойнау керектігін үйретемін, – деді.

   Түпкі бөлмеде әкесі шахмат тастарын тақтаға тіге бастады.

 –Әке шахмат фигураларын басқаша орналастыру керек. –Назым рет-ретімен қойды.

 –Қайдан білесің?

 –Біздің сыныпта Бекежан деген бала күнде қоңырау кезінде Ғалыммен бірге шахмат ойнайды. Тастардың қалайша орналстыруды, әрбір фигуралардың жүрісін тамашалап тұрып үйреніп алдым.

–Ендеше Жәнияға үйретші.

   Назым мынау Уәзір деп енді айта бастап еді зал жақтан Сандуғаш жүгіріп келіп оны ойынға шақырды.

   Әкесі білмейтіндігін байқатпау үшін: –Мына алдыңғы қатарда тұрған бөпелерді қарашы. Тура өзің сияқты кішкентай, – деді.

 –Бөпе емес, ол Пешка ғой. –Жәния сарбаздарды қолына алып ойнай бастады.

   Әкесі не дерін білмей аң-таң болып қалды. Қонақ бөлмесінде ойынға кіріскен Назым: –Біздің әке шахмат ойнауды білмейді. Сонысына қарамай қалайша Жәнияға үйретіп жатыр? –Екі қыз қарқылдап күліп жатты.

   Жәния болса екі қолына қос Сарбазды алып әпкелеріне: –Мен сендерге бөпе емес, екі Пешка әкелдім. Осымен ойнайықшы.

Ең дұрысы шахматшы әкеңмен бір партия ойнап көрсеңші. –Екі қыз келемеждегендей Жәнияны сыпайы қуды. Жәния болса: –Әке сізбен бір партия ойнауға келдім, – деді.

   Әкесі не дерін білмей абдырап қалып: –Жүр сыртқа шығайық. Далада басқа ойын ойнайық, – деп қызының сөзін басқа жаққа аударды.

   Әкесі осыған дейін шахматты меңгермегендігіне өкінгендей болды. Жәния болса шахмат шым-шытырыққа толы ойын екендігін түсінді. Ең бастысы ол сыртқа шыққанға қуанды.