Шабытымды шарықтатқан «Алтын қалам»

«Алтын қалам» байқауының мәртебесі асқақтай берсін!

Алтын қалам байқауы

  Дидарғайып дүниеде күннің алтын кірпігіндей тіршілік атаулыға шуақ шашып, жанынды жадыратар бақытты сәттер болады. Шаттықтың шуағына шомылып, қуаныштың құшағына оранған мезетте өзіңді әлемдегі ең керемет жандай сезініп, бір тылсым сезім алпыс екі тамырына бойлай өрекпіп, көңіл шіркінді билетіп әкететінің қайтерсіз. Иә, мұндай күйді мен осыдан он үш жыл бұрын бастан кештім.

   Әлі есімде, қаламгерлік жолымды бастаған бастаған алғашқы жылдар. Қанатқақты туындыларымды жолдап, бір-екілі байқауда ынталандыру, жүлделі орын алғанымен, жеңімпаз атанып көрмеген едім. 2011 жылы осы “Алтын қалам” байқауына “Аялдама” атты әңгімемді проза аталымы бойынша додаға қосып, бағымды сынап көрмек болдым. Әңгімем тәп-тәуір секілді, бірақ ішімде күдік басым. Мүйізі қарғайдай жазушы ағаларыммен қатар шауып, шаң қауып қалам ба деген уайым да болды. Содан нартәуекел деп шығармамды жолдап жіберейін.

     «Аялдама»  - өмір мен өлімнің тайталасы, жарық пен түнектің айқасы.

Қарлы боранда ауылдан алыстағы автобус аялдамасында қалып қойып, аш бөрілердің құрсауында қалған ана мен баланың өмір үшін жанталасқан сәті. Бауыр еті баласын аялдама үстіне шығарып, өзін қасқырларға талатқан ананың аянышты тағдыры арқылы оқырманға ой салғым келді. Ұрпағының амандығы үшін өзін өлімге қиып, баласына жарық өмір сыйлаған ананың ерлігін ғана емес, адамзат өмірінің ауыспалы, өмірдің өткінші екенін, қолда барды бағалау қажеттін түйсіндіргім келді. Сайысқа жіберген туындымның алдымен патша көңілді оқырманның көңілінен, қазылар алқасының талғамынан шығып, жеңімпаз атанғанымды естіген сәтте жүрегім атқақтап, қуаныштан бал-бұл жанғанын несіне жасырайын. Жалпы, адамның тәлкейлі тағдыры, қоғамның бейбастық беталысы әр қаламгерді толғандырмай қоймайды. Ақын болсын, жазушы болсын, өмірдегі келеңсіздікті ой елегінен өткізіп, жүрегіне жақын қабылдап, ауру адамға ем қолданған дәрігер секілді қоғам дертін жазуға, кемшілігін түзеуге барын салады. Ел мен жердің тағдыры қаламгерді қай уақытта болмасын алаңдатып, жанын жегідей жеген ойларын ақ қағазға түсіреді. Санасыздың көкірегіне сәуле сеуіп, алаңсыз жұртты қателіктерден сақтандырады.

Фото; "Алтын қалам" байқауы

    Кез келген қаламгер жазған еңбегінің уақытында бағаланғанын қалайды, егерәки жазғаны жазғаны жалпақ жұртқа таралып, жүлдегер болып жатса, мерейі үстем болары сөзсіз. Сондықтан еліміздегі әдеби байқаулардың қаламгер үшін орны айрықша дер едім. Әсіресе, бүгінде 15 жылдық белесті бағындырған дәстүрлі «Алтын қалам» байқауының орны ерекше. Олай дейтінім, «Алтын қалам» байқауы барынша  мөлдір, әділ өтеді. Кейбір байқауларда байқалып қалатын тамырластық пен жершілдікке жол бермейді. Әділдік туын әрдайым жоғары ұстап, нағыз мықтылардың оқ бойы озуына мүдделі.  Әдеби ортада кеңінен танылған "Алтын қалам" байқауы еліміздің талай жас дарындар мен жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыруда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Осы орайда «Алтын қалам» байқауын ұйымдастырып, еліміздегі әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосып, шапқылап жүрген азаматтарға алғысым шексіз.

Фото; "Алтын қалам" байқауы

     Биыл осы байқауға жолдаған “Қынқ етпеңіз, бізде бәрі жақсы” атты сатиралық шығармам назарға ілігіп, екінші мәрте жүлдегер атандым.

Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген сый болды. Сатира жанрында ара-тұра қалам тербеп жүрсем де, байқауда бағым жанар деп ойламаған едім. “Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек” дегендей, осынау қуаныштың әсері ерекше болды. Сатиралық шығармамда еліміздегі көзбояушылық пен жағымпаздық, халықтың ауыр тұрмысына немқұрайдылығын қарау секілді жайттарды қаламыма арқау еткен едім.  

   Әлбетте, кез келген марапат адамды шабыттандырады, жазуға деген құлшынысты оятады. Араға бір мүшел салып қайта жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Маған сенген, жазушылық жолыма үмітпен қараған жандарға алғысым шексіз. Алла қаласа, алдағы уақытта патша көңілді оқырманның талғамынан шығар туындылар жазу ойымда бар.

    «Алтын қалам» байқауының ғұмыры ұзақ болып, мәртебесі асқақтай берсін!  

«Алтын қалам» иегері Асхат Өмірбаев