Кітаппен дос бол!

К

ітапхана – мәдени ошақтың төресі.

Кітапхана – мәдени ошақтың төресі, «білімдінің мыңды жықтыруы» үшін жат­тықтыратын рухани майдан. Дегенмен шалғайдағы ауыл кітапханаларына мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбейтінін аңғару қиын емес. Бұл мәселе аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл жұртшылығына баса назар аудару керегін айт­қан болатын.

Президент Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», – деді. Осыған сәйкес, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» ат­ты акция ұйымдастырылды. Аталмыш акцияның басты мақсаты– шалғайдағы ауыл кітапханаларына жаңадан жарық көрген туындыларды табыстап, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, деп жазды qazaqadebieti.kz.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында: «Кітапханашылардың жалақысын 2022–2025 жылдар аралығында 20 пайызға арт­тыру тапсырылды», –деп атап өт­ті. Бұдан бөлек, министрлік кітапханашы мамандығының беделін арт­тырып, кітапхана қызметкерлерін алға ұмтылдыру мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыруды қолға алған.

Кітап оқудың қашан да халық мәдениетінің ахуалын танытатыны белгілі. Мәселен, шетелдердегі метролар мен аялдамалардағы кітаптұрақтар бірден көзге түседі. Шетелдік азамат­тардың білімге құштарлығы сонша, әр минутын құр босқа өткізбес үшін кітаптұрақтардан кітап оқып, ке­йін алған орнына қайта қояды.

«Оқы да біл, ойна да күл» деген халық нақылындағы пенденің уайымсыз ойнап, күлуі үшін де көп оқып, көп іздену керек емес пе?! XXI ғасырда кітап оқылады. Әйтсе де 5-6 сағат бойы компьютер алдында отыратын жастардың кітап бетін көбіне сабаққа қажет болған жағдайда ғана ашуы, ғаламтордың «мен мұндалап» тұруымен байланысты. Бұл – өз алдына жеке мәселе. Ұлы Абай көрсеткен бойдағы адам мінезінің «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген емес, «көрсем, білсем, үйренсем» екен деген түрі басымырақ болса, ғаламат еркіндікке қол жеткізер едік. Өйткені жанды тәнге емес, тәнді жанға бас ұрғызған, оқыған, көкірегіне тоқыған жан ғана өз ісінде суда жүзген балықтай, бауырын кең жаза шапқан арғымақтай болмақ.

Дана САДЫРҚАН