Алматыда Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-шы маусымы ашылды

М

аусымашар қойылым ретінде Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі сахналанды.

«Almaty Theatre» театрында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-маусымының шымылдығы түрілді. Театарда маусымашар қойылым ретінде Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі сахналанды.

Маусымашарға арналған баспасөз мәслихатында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов өз тілегін білдірді.

– Театрды ұлы адамдар бастаған. Сол ұлыларымыздың ізімен, солардың салған жолымен біздің театр айнымай жүріп келе жатыр. Осы дәстүрді жастарымыз жалғастырып кетсе, сол бақытымыз Үлкен театрдың 99 емес, 199 жылдығы да өтсін деп тілеймін, - деді Асанәлі Әшімов.

Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-шы маусымы ашылды

Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек театр ғимаратының екі жылға жөндеу жұмыстарына байланысты жабылғанын айтты.

– Театр ғимараты жөндеу жұмыстарына жабылды, ол 2026 жылы аяқталады. Соған байланысты ертеңнен бастап Талғар, Есік қалаларында, қараша айында Қаскелең, Ұзынағашта және Қонаев қаласында спектакль қоямыз. Сондай-ақ биылғы үлкен үш сапарымыз – Ақтөбе, Қостанай және көршілес қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында болады. Айта кеткен жөн, театрдың жобалары мен жаңа қойылым шығарудың өзі осы 2 жылда тоқтайды. Өйткені киім тігу үшін, декорация жасайтын цехтарымыз өзіміздің ғимаратта қалды. Сондықтан негізгі міндетіміз – репертуарымыздағы 70 спектакльді көрерменге көрсету, - деді театр директоры.

Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99-шы маусымы ашылды

Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Салтанатты іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-режиссер Әлімбек Оразбеков кітабының тұсаукесері өтті.