Ақшолақов алғашқы қазақ әдебиеті оқулығының авторы
Ә
дебиетші қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты

Ұлтымыздың ағартушылық тарихында Ертіс бойының перзенті, алғашқы қазақ әдебиеті хрестоматиясының авторы, ғалым Төлеутай Ақшолақовтың есімі көп атала бермейді. Әдебиетші білім саласын қалыптастыруда тыңғылықты істер тындырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
Он екі баладан бір өзі тірі қалған
Төлеутай Қазиұлы 1915 жылы қасиетті Баянауылда, Қызылтаудың байрауында дүниеге келген. Әкесі Қази ұжымшарлар құрылған сәтте алғашқы төрағалардың бірі болып сайланған. Өкінішке қарай, әкесі қуғын-сүргінге ұрынып, біраз жыл айдауда болған. Ал бала Төлеутайдың өмірі трагедияға толы. Қазидан он екі кіндік тараса, 1932 жылғы аштықта сол он екіден жалғыз Төлеутай аман шығады.
ото: Бұқар жырау атындағы музей
Әкесі ұсталып кеткен соң еңбекке ерте араласты. Өмірдің қандай да қиындығына қарамастан әуелі Алматыдағы мал дәрігерлік институтына, кейін Абай атындағы педагогикалық институтына түсіп, Сәкен Сейфулиннің, Мұхтар Әуезовтің, Әлімхан Ермековтің дәрістерін тыңдады, тоқыды, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтады.
Өкінішке қарай, сол тұста республикалық «Ленинская смена» жастар газетінде «Акчулаковщина» атты мақала жарияланып, бай-шонжардың ұрпағы, Алашордашыларды қолдаушы, мұраларын зерттеп, сақтаушы деген жала жабылып, біраз жыл қудалануына себепкер болған.
Алғашқы қазақ әдебиеті хрестоматиясын жазды
Т.Ақшолақов өмір бойына ғылыми-ағартушылық қызметпен шұғылданды. Институттың 2 курсында оқып жүргенде жас таланттың әдебиетке деген құштарлығына сүйсінген әдебиет зерттеушісі, профессор Есмағамбет Ысмайыловтың ақыл-кеңесімен 9 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын жазып шығады.
Ол турасында Төлеутай аға: «Бұрыннан газеттерге мақала жазып жүрсем де, мұндай жауапты істі міндетіме алуға жүрексіндім. „Қобалжыма, сенің қолыңнан келеді. Жазып шығамыз“ деп ұстазым мені ақыры көндірді. 1937 жылы көп әдебиет авторлары кетіп қалды ғой. Оқулыққа кіретін ақын-жазушылардың шығармаларын іздегеннен кейін ғана, 9 сыныптың әдебиет хрестоматиясын жазуға кірістім», -деп еске алады өз қолымен жазған өмірбаянында.
Кейіннен бұл оқулық толықтырылып отырды. Қазақтың белді, ұлты үшін жанын пида еткен, халқының болашағы үшін тер төккен ақын-жазушылардың еңбектерін ұлт мақтанышы ретінде таныта білді.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
Авторлығында Е.Ысмайылов пен Т.Ақшолақов көрсетілген, 1939 жылы латын қарпінде жарық көрген тұңғыш әдебиет хрестоматиясы ағартушы Ыбырай Алтынсаринмен басталады. Оқулықта әдебиеттің ірі өкілдері Абай, Махамбет, Шәңгерей, Омар Қарашашев, Нармамбет ақын, Спандияр Көбеев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сәбит Дөнентаев, Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы жан-жақты берілген. Өкінішке қарай, бұл кітап біраз уақыттан соң тұтасымен тәркіленіп, мектеп бағдарламасынан алынған.
Ал араға біраз жыл салып профессор Қажым Жұмалиевпен бірлесіп шығарған 9 сыныпқа арналған әдебиет оқулығы 27 рет қайта басылып шыққан. Бұған қоса Н.Сауранбаев және С. Жиенбаевпен бірлесіп 1939 жылы қазақ-орыс сөздігін дайындайды.
Майдангер журналист
1939-1941 жылдары Павлодардағы педагогикалық училищеде ұстаздық етсе, одан соң Павлодар қаласында қазіргі Абай атындағы қазақ гимназиясының директоры болды. Жер-Ананы от шарпыған соғыс жылдары әскер қатарына сұранып, елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғады. Майданда артиллериялық бригада құрамында ұрыс салып, бос уақытында өз қаруластарының ерлігі туралы әскери басылымдарға мақалалар жолдап тұрған. Оның қаламгерлік қыры елеусіз қалған жоқ, соғыстың ортасына қарай «Қызыл Армия» майдандық газетіне тілші ретінде қабылданды.
Сталинград майданына қатысып, кейінірек Украина, Польша жерлерін азат етуге атсалысқан майдангер жеңісті Германияда қарсы алды. Одан соң 1947 жылдың жазына дейін Берлинде тұрып, майдандық газетті шығаруға атсалысқан. Соғыс жылдары және кеңес әскері елге толық оралғанша майдан даласында қазақ тілінде 20-дан астам қазақ басылымы жарық көрген мәлім. Майдандық басылымдар жауынгерлердің бойындағы жеңіске деген құлшынысын арттырды, өз Отанын шексіз сүюге тәрбиеледі. Соғыста 70-ке жуық қазақ қаламгерлері қызмет еткен. Сол кезеңдегі публицистиканың жарқын көрінісі Ақшолақовтың жазған мақалаларынан анық байқалады. Майдангер журналистің бұл еңбегі еленіп, көптеген әскери наградалармен марапатталды.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
«Әкеңіз намаз оқиды екен, доғарсын»
Соғыс бітіп, елге қайтқан соң Павлодар облыстық партия комитетінде нұсқаушы, ал кейін облыстық білім бөлімін басқарады. Парасатты тұлға туған елінде аянбай еңбек етіп, халықтың батасын алған абыройлы азаматқа айналды. Оның мұнысы кейбіреулерге ұнамай, үстінен домалақ арыздар түсе бастайды. Жоғарыдан «Әкеңіз намаз оқиды екен, айтыңыз, доғарсын» деген пәрмен берілгенде ол: «Әкем Аллаға сыйынады, ал мен әкеме қой деп айтпаймын, міне арызым, мені жұмыстан босатыңыздар» деп Алматыға кетуге мәжбүр болады.
Үлкен шаһарға келген соң «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының ашылуына атсалысып, мерзімді басылымның тұңғыш редакторы болды. «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас редакторы, «Мектеп» баспасының директоры, Қазақ педагогикалық зерттеу институты директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақ елінің оқу-білім саласында ірі-ірі қызметтер істеген ғалым әдеби өмірге де көп араласты. Қазақ әдебиеті пәні бойынша көптеген әдістемелік оқу құралдары мен зерттеулердің, монографиялардың, 200-ге жуық ғылыми мақаланың авторы атынды.
У.Шекспирдің «Гамлетін», грузин жазушысы Л.Киачелидің «Гводи Бичва», мажар жазушысы А.Томаштың «Азаттық аясында», кәріс жазушысы Хон Сероянның «Ымырт», даниялық жазушы Иенс Сигсордтың «Жарық дүниеде жалғыз өзі» романдарын қазақшаға аударды. Қазақ өнерінің әйгілі тұлғалары — Майра Уәлиқызы, Қажымұқан, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сәбит Дөнентаев, Естай Беркімбаев шығармашылықтары жөнінде көптеген зерттеу еңбектер жазды.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
Ақын Тұманбай Молдағалиев — Төлеутай Қазиұлын ұстаз тұтқандардың бірі.
— Көп ұстаздарымның бірі және бірегейі Төлеутай Ақшолақов ағаны өмірімде кездестіру өзімді қуанышқа бөлейді. Төлеутай ағаның «Шығарманың көркем айшықтарын таныту» атты монографиясы әдеби-көркем дүниені насихаттауда біліктілік көрсететін әдеби, педагогикалық терең зерттеу екеніне талас жоқ, — деп жазды ол мақаласында.
Оны мақтан тұтқан шәкірттері арасында Кеңес одағының батыры Құдайберген Сұрағанов, ақын Мұзафар Әлімбаев, филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева бар.
«Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын ашу» монографиясы негізінде докторлық диссертация жазғанымен онысы екі мәрте әлдекімдердің кесірінен ғылыми кеңеске жіберілмеген. Ал жазған еңбегі ЮНЕСКО жанындағы халықаралық ақпараттар орталығына ұсынылады.
Қазақ мектебі қандай болуы керек?
Ғалым 1980-ші жылдардың соңында кеңес өкіметінің саясатына қарамастан қазақ ұлттық мектептерінің тұжырымдамасын жасауға ұмтылған зиялылардың бірі болғанын байқаймыз. 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне басылған «Қазақ мектебі қандай болуы керек?» деген көлемді мақаласында ұлттық мектептердің деңгейін, дәрежесі мен абыройын арттырудың нақты жолдарын ұсынады.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ана тілін білмейінше, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес» деген сөзін дәйек ретінде келтіре отырып, орыс тілін қазақ мектептерінде үшінші сыныптан оқытқан дұрыс деп есептеген.
— Оқушылардың ана тілін жетік білуіне аударма оқулықтардың кесірі аз емес. Оның үстіне орыс тіліндегі оқулықтарда халықтың ұлттық ерекшелігі, аймақтың әлеуметтік-мәдени және экономикалық бүгіні, ертеңгі даму ерекшеліктері ескерілмейді, — деп түйіндейді.
Бұл мәселелер отандық білім саласында әлі күнге өзекті екені жасырын емес.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
Генералға шарапаты тиген
Жақында Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде әдебиетші ғалымның 110 жылдығына арналған рухани кеш өтіп, ағартушы ұстаздың ұлы Мейрам Төлеутайұлы Алматыдан арнайы келіп қатысты. Музейге әкесінің жеке заттары мен отбасында сақталған фотосуреттерін тапсырды.
Тектінің тұяғы әкесімен өткізген жарқын сәттерді, ойға оралған естеліктерді әңгімеледі. Айтуынша, отбасының тұңғыш баласы Майдан 1945 жылы дүниеге келеді. Екінші ұлы Мейрам (өзі) Германияның Берлин қаласында жарық дүние есігін ашады. Одан кейін Сайран деген қызы және Естай есімді кенжесі туған. Бүгінде тұлғаның ұрпақтарынан көзі тірісі Мейрам аға мен Сайран апай.
— Әкемнің өмір жолы айтар болсам, Павлодар қаласындағы жеті жылдық мектепті тәмамдап, 1931 жылы Алматыға аттанады. Онда зооветинститутқа түскенде елде ашаршылық басталып кеткен еді. Ол жақта көмектесетін адам болмай, шарасыздан елге қайтуға мәжбүр болған. Елге келгенде әртүрлі қызметтерге тағайындалған, пошта бастығы, монша бастығы лауазымдарын атқарған. 17 жасында Халық жазушысы Қалижан Бекхожин екеуі Керекудегі «Колхоз» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетіне жұмысқа тұрып, біраз уақыт басылымды шығарысып тұрған. Атамыз Қази 1931 жылы жаламен ұсталып, Қарлагқа айдалып кеткен екен. Он бес жыл айдауда жүріп, елге келеді, — деп күрсіне еске алды Мейрам аға.
Төлеутай Ақшолақов Ертіс-Баян өңірінде қызмет етіп жүргенде көптеген қазақ жастарының өмірден өз жолын табуына көмегі тиген. Оларға жөн сілтеп, лажы келсе Алматыға, Мәскеу, Омбы, Томбы қалаларына білім алуға бағыттап отырған.
Сондай тұлғалардың бірі — әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров. Әскерден жаңа келіп, қылшылдап тұрған жасқа көзі түскен ғалым жаңылмағанын кейін біліпті.
Фото: Бұқар жырау атындағы музей
— Бір жиында генерал Рүстем Қайдаровпен таныстым. Менің Ақшолақовтың ұлы екенімді білгенде аса бір ризалықпен қолымды қысқаны бар. Марқұм өзі айтқандай, Семейде туып, кейін Павлодарда білім алады. Жоқшылық заман, орта мектепті тәмамдап Алматыға оқуға барар тұста әкем қаржылай көмек көрсетіп, жағдай жасаған. «Төлеутай ағаның сол жақсылығының арқасында бүгінде осындай деңгейге жеттім» деп мақтанышпен атап еді сол жолы. Жалпы әкем — текті әулеттің ұрпағы. Арғы атамыз Ақшолақ заманында атақты би болған адам. 19-ғасырда Қаржас руының танымал жеті биі болыпты, соның бірі — Ақшолақ би. Арғы атамыздың сүйегі Баянауылдағы Қызылтау баурайында жатыр. Әкеміздің кіндік қаны да сол Әулиелі Қызылтауда тамған. Бозбала шағында әкесімен Қоянды жәрмеңкесіне жиі еріп барып, өнерлері елден озған талай тұлғалардың болмысына тәнті болыпты. Сол себеп болып кейін атақты әншілер мен ақындар Майра, Біржан, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Естай, Иса, күш алыбы Қажымұқан және т. б. туралы зерттеу материалдарын жазды. Қасым Аманжолов, Мұзафар Әлімбаев, Дихан Әбілев, Рамазан Тоқтаров, Сағынғали Сейітов, Тұманбай Молдағалиевті және өзге де ақын-жазушыларды үйіміздің төрінен жиі көретінбіз. Әкем мен анам өте мейманжай адамдар болды, үйден қонақ үзілмейтін, — деп еске алады Мейрам аға.
Бұқар жырау музейінің басшысы Ербол Қайыров көрнекті әдіскер, әдебиетші ғалым, профессор Төлеутай Ақшолақовтың есімі Ертіс-Баян өңірінде лайықты деңгейде еленбей отырғанын өкінішпен атады.
Тұлғаның 110 жылдық мерейтойы аясында мол мұрасы зерделеніп, ұрпақ жадында қалатын оң істер қолға алынса деген тілегі бар. Оның атына туған елінде көше, мектеп аталса, артықтық етпес еді.