Қош бол, қазақ әдебиетінің қара нары
А
лматыда қазақ жұртшылығы белгілі драматург, классик жазушы Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды

Алматы қаласында 23 ақпанда қазақ жұртшылығы белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, классик жазушы Дулат Исабековты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" ақпараттық порталы.
Жазушылар Одағы ғимаратында ұйымдастырылған қаламгермен қоштасу рәсіміне жиналған жұрт көп жиналды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қаралы жиынды ашып, алғашқы сөз ретін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге ұсынды. Астанадан арнайы Алматыға келген Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын көпшілікке оқып берді.
Қаралы жиында жазушының көзі тірісінде жолдас болған үзеңгілестері, замандастары, танымал тұлғалар сөз сөйлеп, «қазақтың көркем әдебиетінің ерен қабырғасынан айырылып қалдық» деді. "Сапалы Қазақстан" порталының ұжымы да қазақ халқына, жазушының бауырларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Фото: almaty.tv.
Мереке Құлкенов казақ әдебиетін Дулат Исабековсіз елестету мүмкін емес. Ол қолынан қаламы түскенше тек қазақ әдебиетіне еңбек сіңірді десе, марқұмның жақын досы, жазушы Төлен Әбдіков бүгінгі күні бүкіл қазақ даласы қара жамылып отырғанын айтты.
Дулат Исабеков (1942-2025) 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды. "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, "Жалын" баспасында редакция меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары "Жазушы" баспасының директоры болған. Алғашқы әңгімесі "Жолда" "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін "Бекет" (1966 жылы), "Ащы бал" (1969 жылы), "Мазасыз күндер", (1970 жылы), "Қара шаңырақ" (1973 жылы), "Тіршілік" (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері "Екі жиырма" (1983 жылы) деген атпен жарық көрді, деп жазды stan.kz.
Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, "Полынь" (1978 жылы), "Отчий дом" (1979 жылы), "Смятение" (1986 жылы), "Новоселье в старом доме" (1986 жылы) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. "Ректордың қабылдау күндері" (1975 жылы), "Әпке" (1977 жылы), "Ертеңді күту" (1979 жылы), "Мұрагерлер" (1982 жылы), "Алыстан келген ананас" (1984 жылы), "Кішкентай ауыл" (1986 жылы), "Анасын аңсаған қыз", "Ескерткіш операциясы", "Ескі үйдегі екі кездесу", "Бонапарттың үйленуі", "Мұңлық-Зарлық", "Амал мен айла" секілді пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.
2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған "Бөрте" қойылымы сахналанып келеді. Жекелеген туындылары бойынша "Гауһартас" (1975 жылы), "Дермене" (1986 жылы), "Тауқымет" көркем фильмдері түсірілді.