Қабдеш Жұмаділовтің мерейтойы қалай атап өтіледі
Қ
аламгердің артында 10 роман, 20-дан астам повесть, 70-тен астам шығарма қалды

Келер жылы Халық жазушысы, қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойына орай 84 іс-шара ұйымдастырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлады kaz.inform.kz.
— Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына сәйкес, жазушының 90 жылдық мерейтойын атап өту үшін еліміздің барлық өңірінің мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдарында танымдық сағаттар, әдеби және шығармашылық кештер, дөңгелек үстелдер, кітап көрмелері, ғылыми конференциялар, әдеби оқулар, тәрбие сағаттары, оқырман конференциялары, кітап оқу конкурстары, жазушы портреттері, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен естелік басылымдарды жариялау бойынша 84 іс-шара ұйымдастырылатын болады. Осыған қоса Қазақстан Жазушылар одағы республикалық қоғамдық бірлестігі Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай республика деңгейінде ісшаралар ұйымдастыратынын хабарлауда, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның атап өтуінше, елді мекендердегі көшелер мен объектілерге жазушының атын беру қолданыстағы ономастика саласындағы заңнамаға сәйкес қарастырылады.
— Жалпы белгіленген тәртіп бойынша көшелер мен мектептерге ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің есімдерін олар қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру көзделген. Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы жоспарға сәйкес өңірлерде аталып өтіледі. Мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауында болады, — деді Ермек Көшербаев.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген. 2021 жылы 5 сәуірде дүниеден өтті.
Қаламгердің артында 10 роман, 20-дан астам повесть, 70-тен астам шығарма қалды. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Қаздар қайтып барады» сынды мол мұра әдебиеттің алтын қорына енді. Жазушы, өз еңбектерінде қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін шынайы бейнелеп, ұлт бостандығы үшін жанын қиған ерлер, оның ішінде Бөгенбай, Қабанбай, Оспан батырлардың азаттық жолындағы күресін терең зерттеп, оларды тек сарбаздар ретінде ғана емес, тұтас халықтың тағдыры үшін күрескен тұлғалар ретінде сипаттайды.
Ол тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ұлт тағдырына ерекше үлес қосқан қайраткер еді. Ашаршылық кезінде тоталитарлы жүйеден қашып арғы бет асқан қаракөз қандастарымыздың кейінгі тағдырына бей-жай қарамай, олардың көші-қоны, тіл және мәдениет мәселелерін ашық көтеріп, ұлттық мүддені қорғау жолында атсалысты. Алпысынші жылдары Қытайда саяси жағдай күрделене бастағанда, Қабдеш Жұмаділ қазақ бауырларының ауыр болашағына араша түсті. Мәскеуге дейін барып, Кремльге хат жазып, қадастарымыздың көші-қонын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Нәтижесінде 1962 жылы 200 мыңнан астам қандасымыздың тарихи отанына оралуына себепкер болды.