Жылдың үздік прозасы
191

Хан қызы

   Бүгін аурухана қызметкерлері  құдды бір тексеруге комиссия келетіндей шапқылап кетті. Менің қарсымдағы палатадағы екі әйелді майда-шүйде заттарын құшақтатып, басқа жайға орналастырды. Бөлмедегі екі кереуеттің біреуін алып кетіп, ішін залалсыздандырып, пысылдақтарын бүркіп, төсек жаймаларын қағып-сілкіп, әбігерге түсіп жатты.

  Таңғы тамақты ішіп, екпе дәрілерді алып, медбикелердің постысы жанындағы холлда бір ауық сергіп отырған маған бұл ерекше әсер етті. Байқауымша, емдік құны қыруар қаражатты қажет ететін ақылы клиникаға жоғары қызметтегі басшының бірі түсетін сыңайлы.

   Топшылауым дәл шықты. Көп ұзамай, дәліздің арғы бетінен екі-үш дәрігер қаумалап, жік-жаппар қошаметтеп, қол арбаға мінгізіп, өбектеп әкеле жатқан науқас көрінді. Шашының әр жерін күміс күлгін түспен бояған келісті әйел екен. Онысы өзіне жарасымды. Отырысы тік. Қоларбамен келе жатқанын ұнатпаса да сыр бермейді. Кербез. Анау-мынауды менсінбес мінезді секілді. Жан-жағына жаратпай қарайды. Тәкаппар да сұсты.  Киген киімі мен рең-басы төбедегі «төрелердің» тұқымынанмын дегенді айқайлап айтып тұрғандай. Дәліздегі жарқырап тұрған шамдар мен терезелерден сығалап түскен күн сәулесінен гәуһар тасты алтын сырғалары жалт-жұлт ойнайды.

   Жаныммен өте бере, паңдана қарады. Босбелбеу мен бе? Отты жанарымды ала қашпай, елу ешкінің ішіндегі сақалды серкедей сыздиып, иегімді көтере сіресіп қалдым. Оның жанары қайта жарқ етті. Найзағай ғып атқан оғы тас мүсін мені тұқырта алмады. Сол сәт сәл қысыңқы көздің ар жағынан түсініксіз бір мөлдір сәулелердің жылт еткенін байқап үлгердім. Ол палатаға кіріп бара жатты. Мен тас тұғырдан түспей, сазарған қалпымда қала бердім.

  Біздің бөлімшеде тек ковид пен пневмония жұқтырғандар емделеді.

  Аурухананың ішкі тәртібі бойынша, науқастар бір-бірімен араласпайды. Дәлізде орынсыз жүрмейді, бетпердесіз бөлмеден шықпайды.

  Арада екі күн өткен. Үшінші күні әдеттегідей күн сәулесін алу үшін, сәскеге таяу балконға шықтым. Әрі таза ауа - жанға дауа. Бұлар - коронавирустың қас жауы. Ұзын орындықта әлгі әйел. Бетперде кигенімді көріп, ол да бет-аузын тұмшалап алды. Маңайына ылғи ызбарын шашып, сызданып жүретін. Адам жуи алмайды. Құлқыным сүймей, кейін қайырыла беріп едім:

  - Қайда қашып барасыз?  Жеп қоймаймын. - деді. Үні әмірлі.

 - Жеп қоятын Жөйіт емес шығарсыз.

 - Жөйіт?! - Ол жадырай күлді.- Қорықпаңыз, қорықпаңыз, Жөйіт емеспін.

  Кереғар көрініс. "Бұл әйел де күледі екен-ау?! " деп таңырқап қалдым. Сосын екеуміз де екі жаққа қарап, армансыз қиқылдап-шиқылдап жөтеліп алдық. Тағы бір-бірімізге қарап қойып, мәз боламыз. Араны жылылық есті. Тез тіл табысқанымызға қуаныстық.

 - Жақтырмайтындар мені Анаконда дейтін еді, енді мына Жөйіт дегеніңіз одан да бетер өтіп кетті, - деп зілсіз әзілдеп жатыр.

- Анаконда! Ондай да атыңыз бар ма еді? Абайлау керек сияқты.

  - Е-е, аға, ел басқару оңай дейсіз бе? Еріккендердің айтып жүргені ғой. Қорықпай-ақ қойыңыз, сізге зияным жоқ. Шақпаймын да , жұтпаймын да... Келіңіз, отырыңыз. – деп арырақ ысырылып, жікжаппар болып, жанынан орын ұсынып жатыр.

  Зер сала қараймын. Жас шағында хас  сұлудың сұлуы болған секілді.  "Мың бір түн" ертегілерінде  көп айтылатын перизат-періште,  сырын да, сынын да бермепті. Қыр мұрынның бітісі әдемі. Қоңырқайлау қарашықтары тереңнен тұнжырайды. Қастары қарлығаштың қанатындай сүйрік. Бапталған бет-әлпеті өте өңді. Күтініп ұстанғаны көрініп тұр. Елітіп кетсем керек:

 - Сізді жазушы дей ме, не? - деген сұрағы сергітті. Маған ол атақты қомсынып отырғандай, олпы-солпы айта салды.

 – Иә, жұрт солай деп жүр ғой...

-  Келгеніңіз қандай жақсы болды. Сізге қалай жолығудың оябын таппай жүр едім, - деді шын қуанғанын білдіріп.

  Сиқырлы сұлулық темір торынан жіберер емес.

 – Жәй ме?

 - Айтарым бар еді...

   Ойым  әлем-жәлем.

 – Не туралы?

-  Сіз неғып мас адамдай мәңгіріп отырсыз? Өзім туралы, әрине.

  Күліп жібердім:

 - Қызық болса... 

 - Біреудің қиналысынан қызық көресіз бе?

 - Қиналып жүрсіз бе, не? – деп өз сұрағын өзіне қайталадым.

 - Солай десе де болады.

  Сәл мұңайып қалғандай көрінді. Күннің ашықтығына қарамастан, аспанның қиыстау бетіндегі алашұбар  бұлттардың арасынан сылбырай жүзіп бара жатқан солғын айға селсоқ қарап отырды. Мойнына таққан алтын алқадағы  ірі-ірі жеті жақұт тастың сиқырлы сәулелері белгісіз бір сырдың шетін жасырып тұрғандай, қос анардың ортасындағы ойықтан анда-санда жылт-жылт етеді.

  - Не қызмет атқарасыз? - дедім жайдарланып. – Жөн білісе отырайық...

  - Мұғаліммін.. Есімім Ханшайым... 

  - Атыңыз  керемет екен... Мұғаліммін деңіз?

  - Иә, әр аймақта орта кәсіптік білім беретін колледждер жүйесі бар. Соларды басқарамын.

  - Мемлекеттік пе?

  - Жекеменшік...

  - О-о, хан қызынан кем болмадыңыз ғой?!  Ханшайым десе, ханшайымсыз...

  - Не, кекетіп отырсыз ба? - деді кенет шарт сынып. Бұл қолпаштағаным оған жақпады.

Сұлу түрі суып кетіпті. Өзім де түсінбей қалдым. Не бүлдіріп қойдым деп, аң-таңмын, шошып та кеттім.

  - Оның несіне шамданасыз?  "Колледждер жүйесі"- шылқыған байлық қой!  Хан қызынан неңіз кем? - деп ақталып жатырмын.

  Бір жағы осынша баршылық пен билікке жеткен қажырлы еңбегіне ризалығым басым.

    Араны үнсіздік жәйлады. Көп өтпей, жібігендей бойын жиып:

- Түске сенесіз бе? – деді маған барлай қарап.

- Кейде...

- Түс жори аласыз ба?

- Жоқ. Бірақ жақсылыққа жору керек.

- Онда жақсылыққа жорып беріңізші...

  Бір ойлар қинап жүргендей маған үміттене көз салды.

  Үстінде бағалы желбегей. Әрбір қимылға сусып, төгіліп тұр. Қымбат хош иіс танауды қытықтайды.

  Ә дегеннен жақын тартып, менімен сыр сандығын бөлісуге ниеттенсе, күпті көңіліне жалау болар  жанды таппай жүрген құлантүздегі жалғыз жолаушыны елестеттім.

- Түсімде о дүниелік әке-шешемді көрдім, - деді ол шын сырласқысы келген сыңаймен,  маған жақынырақ жылжып отырды. Еш қымсынбастан, көрген түсін баяндап кетті. -  Олар биік таудың басында екен деймін. Көкпеңбек гүлбақшалы жәннатта жүрген сияқты. Қуана дауыстап шақырып жатыр.  Арқа жағымда күйеуім мен екі ұл, қызым тұр. Өздерінде үн жоқ. Бастары салбырап кетіпті. Мен бір құдіреттің күшімен шыңның басына ұшып жетіп, солардың қатарына қосылдым. Олар жан-жақтан қаумалап, улап-шулап, мәз-мәйрам күліп, ортаға алып, ары қарай ертіп әкетті...

   Ойланып қалдым. Жамандыққа қимадым. Қамықтырғым келмей:

- Түс-түлкінің тезегі деген. Жайсыз ұйықтап, бастырылып қалғансыз ғой, - деп жұбаттым.

- Іләйім солай болғай...

- Отбасы - ошаққасыңызды өкпелетіп алған тәріздісіз. Кейде соларды уайымдағаннан, осындай түстер кіреді.

   - Оныңыз рас. Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді. Атақ пен ақша қуып, аспандай түскен сайын Аллаға емес, қара жерге қарай кетіп бара жатқанымды сезбеппін. Көзді шел, көкіректі жел басады деген рас екен. Қазір соған қатты өкінемін. Жан дүнием даңғырлақ шелек сияқты. Шұрық тесіктерінен тек ызыңдаған суық жел мен суырған құмның сыпсыңы естіледі. Осының бәрі санама сіңіп қалған сайтан мінезімнің кесірі. Біреулердің кемшін тұстарын байқап қалсам, лақ еткізіп, айтып саламын. Басыма қанша таяқ болып тисе де тілімді тістей алмай келемін.

  Ол бір күрсініп алды. Онысы маған әлгіндегі шарт етпе мінезін жуып-шәйіп жатқанындай көрінді. Жүрегінің арғы түкпірінде басқа да толып жатқан мұң-зары жетерлік пе, әңгімесін тоқтатпай, шешіліп сөйлей берді. Әрі бұл ішкі сарайын ақтарып, бір бұрышта беріштеніп, қордаланып қалған қоқыстардан құтылғысы келген әйелдің жанталасы тәрізді байқалды маған. 

 - Қызыма обал жасаппын. Оның жүрек қалауына қарсы болдым. Міне, жылдан асты ел астанасында  ақ батамды күтіп отыр. "Күйеу бала толыққанды отбасында өспеген" деп келісім берген жоқ едім... Е, Алла, қатемді кеше гөр!  Ата-ананың парызы ғой, алдағы күндеріме алаңдап, ақыры кеше рұқсатымды бердім.

 - О-о, құтты болсын! Ештен-кеш жақсы. Қызыңызды енді қашан ұзатасыз? - дедім шын қуанып.

 - Құдай қаласа, ковидтен құтылғасын. Той үстінде жасаулы үйі мен көліктің кілтін тапсырмақпын. Таршылық көрмей, бақытты өмір сүрсінші...

- Бақытты байлықта деп есептейсіз бе?

- Бұрын солай...  Қазір жоқ. Дегенмен тұрмыстық кикілжің болмас үшін, тоқшылық жақсы.

- Тілегіңізге жетіңіз!

- Рақмет, айтқаныңыз келсін!

- Ұлдарыңыз ендігі бір-бір шаңырақ көтерген шығар? Немереңіз қанша?

- Ұлдарым ба... 

  Күмілжіп қалды. Күтпеген сұрақ па, әлде ең осал жері осы ма, тіке қарай алмай, жанарын тайдырыңқырап алды.

 - Кіші ұлым бөлек тұрады. Келіншегі мен екі баласын алып қашып кеткен... 

 Бағанағыдай емес, үні пәсең шықты.

 - Қашып кеткені қалай?

- Келін бізге тура келмеді. Нәйеті, шанышқы мен қасықты қалай ұстауды да білмейді. Тым қарабайыр. Шәйді сораптап ішеді. Тамақты шапылдатып жейді. Бұл біздің отбасы үшін үлкен катастрофа, тәрбиесіздік, мәдениетсіздік саналады. Ажыратпақ болдым. Содан қашып кетті...

  - Сүйіп қосылса, балалардың да сезімін бағалау керек емес пе? Қарапайым өскендіктен солай шығар. Бауырыңызға тартып ақыл-кеңесіңізді айтпадыңыз ба?  Білмегенді үйретпесең, білгеніңнен не пайда демей ме қазақ. Жас түскен келін. Жаңа ортаға бейімделу, әрине оңай емес. Қаһарланбай, қамқорлық жасаған ләзім еді. Ол соған мұқтаж болған жан ғой.  Ал сіз ... Енді мұныңызды құптай алмаймын.

   Ренішімді жасырмадым. Жағдайы жақсы бала үйден қаша ма? Салт-дәстүрге жат құбылыс. Бірақ қазір ештеңеге таңғалмайтын болдық. Күн сайын небір сұмдықтарды көріп, естіп жүрміз.

  Азырақ ойланып кетсем керек, тез сергіп:

  -Үлкені ше, үйленген бе? - дедім.

  -Үш рет...

  -Үш рет?! – Дауысым қатты шығып кетті. - Әкесі ше?  Бұған қалай төзіп жүр?

 - Оған бәрібір...

- Сонда не, келініңіздің бәрі жаман болғаны ма?!

  Бұл сұрағым ең жанды жеріне тиді ме, ақтала сөйлеп жатыр:

 - Алғашқы келінім адал еді. Жалған сөйлеп, өтірік айтуды білмейтін. Турасын айтып тұра беретін. Сол жақпады маған. Сиыса алмадық. Қазір соған өкінемін.  Кейінгілері - селтеңкүлдер. Үсті-бастарын үпілеп, ауыздарын бояудан аса алмады. Өз күйеуіне емес, өзге еркектерге ұнауды қалайтын...

- Бәрінің жаман болуы мүмкін емес қой. Өзімнен кінә бар деп ойламайсыз ба? Немерелерге обал емес пе? Үлде мен бүлде солардан артық па?  Жұмағыңыз - отбасының тұтастығы емес пе?  Осыдан кейін қалай өзіңізді бақыттымын деп жүрсіз?

  Мен де шыдай алмадым. Сағызша созбай, салқ еткіздім. Бұл сөзім қатты тиді-ау, сұрланып кетті. Әккілігі ме әлде ептілігі ме, әйтеуір, әңгіме әуенін басқа жаққа бұрып жіберді.

  - Сіз білесіз бе?- деп сұрақ қойып, нені дегенше, оған өзі жауап бере бастады.

  - Еліміз ажырасудан әлемдегі алғашқы ондыққа кірсе, бұрынғы одақ бойынша бірінші орында тұр. Күн сайын 350 - 400 неке тіркелсе, 150-170-і ажырасып кетеді екен. Осының 70- 80 пайызы жоқтықтың ырың-жырыңынан...

  - Кешіріңіз, мұндай нақты санды білмейді екенмін.

  Оның газет пен интернеттегі сандарды судыратқанын жақтырмадым.

  - Сізді көзі ашық деп ойлаушы едім. Сауатсыздарды суқаным сүймейді...

   Әлгі бетке айтқан батылдығымнан әлде ыңғайына көнбей, жетегіне жүрмей, ләпбай тақсыр деп, бас шұлғи бермеген қиянпұрыстығымнан осылай кек алғысы келді ме, дәл солай деді. Оның бұл сөзі түрпідей тиді. Әбжылан көрген кірпідей жиырылдым. Тәтті түстен тастай су құйып оятқандай түршігіп:

  - Қасыңызға жақындаған адамның бәрін өстіп "шағып" отырасыз ба? – дедім түсімді суытып. - Нәйеті жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, жеке басқа тиісе бастадыңыз. Енді мұныңыз артық.

  Ол кінәсін мойындағандай жауап қатпады.

   - Көңіліңізге келмесін. Бұдан әрі әңгімеміз жараспас....

  Кешірім сұрап, қалыңыз, өйтпеңіз, деп өтінер деген дәмемен түрегелгенмін. Беті бүлк етпеді. Бедірейіп отыра берді.

 - Өзіңіз біліңіз...

  Соңымнан осы үн қуып жетті. "Бұл қандай кесепат қатын?" деп кете бердім.

  Жолшыбай әжетханадан шықсам, топ-томпақ бөксесі бұлтыңдап, бөлмесіне беттеп барады екен. Сәл толықсыған мүсіні талай еркектің көз құртын өлтірерліктей тартымды әлі. Сұңғақ денесі тіп-тік. Белге май жиналмаған. Аяқ басқан сайын майысып бұратылады. Жарықтық  дүмбісін екі жаққа лақтырып-лақтырып жүреді екен. Онысы шайқалып, дір-дір етеді.

  Мені көрді. Бірақ тікшиген қалпы бұрылмады. Дегенмен тәкаппар әйелдің жан дүниесінде осынша жұмбақ сыр - бақытсыздықтың жұмылып жатқанына қайран қалдым. Мынадай отбасылық ойранды көтеріп жүру оңай емес шығар. Бір жағы жаным ашыды. "Сырты-шырттай, іші-тырдай" деген мәтел осындай адамдарға айтылған болар деп тұрдым.

  Бірде дәлізде тура бетпе-бет ұшырасып қалдық. Жол бермеді. Менің де қырсықтығым ұстап, мысыммен басып тастағым келді. Ол да бетбақтың бірі ме, әйел болып кішірейіп, бір шетке ығыса қоймады. Келсең, кел дегендей, ысылдап, ызбар шашады. «Жеңілгісі» жоқ. Бұл тұрыс екі-үш секундқа әлде екі-үш минутқа созылды. Мүмкін өз ішкі өлшеміммен бір сағатқа созылған шығар. Маған солай ұзақ көрінді.

   - Ужас! - деді ол ақыры орысшалап.

   - Почему сразу ужас?! - дедім мен де қалыспай.

  Сосын аузы жыбырлап, түсінбейді деп ойлаған болу керек, анық естілетіндей етіп:

   -- Stupid man! /- Мақау!/ - деді ағылшынша зілмен.

-  What do you mean? /- Не деп тұрсыз?/ - дедім қатқыл үнмен таза ағылшын тілінде.

     -What a tragedy! /- Не деген қырсық!/ - деді.

     -Tell me about it  /- Соны айтсаңызшы,/ - дедім мен де.

- Un homme sans culture! /- Мәдениетсіз!/ - деді ол енді бұрыла беріп, француз тілінде.

-  Maintenant c est superflu. /- Енді мұныңыз артық, шектен шықпаңыз!/ - дедім француз тілінде мүдірмей, одан бетер сұстанып.

     - Dieu, guel genre de personne est-se? /- Құдай-ау, бұл қандай адам?/ - деді ол тағы  французшалап.

     - Un vrai homme! /- Нағыз еркек!/ - дедім мен де французша. 

      Оның көзі жарқ етіп, таңырқап қалды.

     - What, can yau speak four languages? /- Сіз не, сонда төрт тілде сөйлей аласыз ба?/ - деді ағылшынша.

  Мені танымай тұр. Таңданысын жасыра алмады. Аңтарылып қарайды. Үні мінәйі. Реңі жайнап, көзі күлімдеп кетті. Шырайланып, сұлулана түсіпті. Бұл әйелге сұстанған, қатуланған жараспайды екен. Табиғат берген барлық сұлулықты сол бір қаталдық жұтып қоятындай. Қазіргі бейнесі арайланып, еріксіз сұқтандырады.

     -Ajouter les langues ouzbek, kirghze, turk, ouighour, tatare, nogai, karachai, azerbaidjanaise. /- Оған өзбек, қырғыз, түрік, ұйғыр, татар, ноғай, қарашай, әзірбайжан тілдерін қосыңыз,/ - дедім французша. 

     Ол сенер емес.

    -Si oui, grand respeсt a vous!  /- Олай болса, сізге үлкен құрмет!/ - деді французша. Сөйтіп, бір шетке ығыса берді.  

   Мен сонда ғана бұл әйелдің өзінен төмен көрінгендерді таптап, менсінбей өтетін тәкаппар екеніне көзім жетті. Жаны ізгіленбей қалған. Ізгі жаннан қаталдық шыққанмен, қатыгездік шықпас еді. Бұл кейінгі қауымнан шыққан, байлық пен билікке мастанған тоғышарлардың бірі. Олармен тек өз тілінде сөйлескен ләзім.

   Бұрын мұндайлар тек еркектердің арасында болатын. Ал теңдік алып, әйел қауымының пысықтары ақша тауып, билікке ұмтылғасын олардың қатары көбейіп, қазақ отбасының ықылым заманнан қалыптасқан заңдылықтарын, әдет-ғұрыптарын аяқасты ете бастағаны мәлім.

    - Мінезіңіз оңып тұрған жоқ, шәлкес екенсіз. Тағыңыздан түсіп қалатындай қақшидыңыз. Әйел баласына сәл иілсеңіз қайтеді?

    Дауыс ырғағы өзгерген. Қамқор әйелдің үні.

    - Excusez-moi.../- Кешіріңіз.../

  Қазақтың ғ әрпіне басымдық берілген әйелдің жұмсақ француз акценті.

     Артынша: 

    - Please...  I`m sorry...  /- Өтінемін... кешіріңізші.../ деген ағылшынның қатқылдау дыбысы жұмсарып, биязы естілді. Сосын сәл күлімсіреп, сипай ескен самалға бас иген көктемгі гүлдей майысып, төмен қарай иіле берді.

  Мен қайырылмадым. Сырттай білдірмегенмен, іштей риза едім. Мектептегі ағылшынша білімімнің, институтта алған французшамның керекті жерінде кәдеге асқанына қуандым.  Ауылда баяғы сталиндік репрессия кезінде жер аударылып келген қарашай, түрік, әзірбайжан отбасыларының балаларымен бірге ойнап өскенім, қазіргі  көршілерімнің өзбек, қырғыз болғанына, тоқсаныншы жылдардан соң пәленбай жыл қытайлық ұйғырлармен бірге кәсіпкерлікпен шұғылданып, тіл үйренгенімнің пайдасы тиді деп масаттандым.

 

   Екеуіміздің есігіміз бетпе-бет, анда-санда қатар ашылғанда байқап қаламын. Қашан көрсең, екі көзі телефонда. Қолдары жыпылдап бірнәрселерді жазып жатады. Маған ине шаншуға келгенде, медбикелер өзара сыбыр-сыбыр күбірлесіп алады. Әңгіме әуені сол әйел жөнінде. Бұларды да өктем үнімен, бұйрықты сөзімен мезі еткен-ау, зәрезап болғанға ұқсайды.

 Содан сол келіншекті қайта көру маған бұйырмапты. Арада екі күн өтпей, ол палатадан басқа әйелдің кіріп-шығып жүргенін көріп, посттағы медбике қыздан сұрағанмын. Ол қыздың айтуынша, түнде дем алысы қиындап, өкпеге оттегі жеткіліктігі күрт төмендеп, астыңғы қабаттағы жансақтау бөліміне ауыстырылыпты. Пневмонияның өкпені жарақаттағаны жиырма-ақ  пайыз, тез жазылып кетермін деп отырған еді өткен жолы.

  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  жалпыға бірдей белгілеген қаулысы бойынша  дексаметазон, цефтриаксон, эноксапарин секілді екпе дәрілерді  үш-төрт күн алғаннан  соң-ақ, аурудың беті бері қарап, науқастардың көпшілігі оңала бастайтын.

   Солардай ол әйел  де тез сауығып кетер деп ойлағанмын. Бірақ, өкінішке орай, олай болмай шықты.

Артынша қайтыс болғанын естідім. Білетіндер үш баласымен кеткен бірінші келіні енесінің кешірім сұрап, қайта-қайта шақыртуымен қаңырап қалған шаңырағына оралып, хан қызындай асып-тасыған бейбақ анасын ақ жуып, арулап қоюға үлгергенін айтты.

 

                                                         *

   Көп өтпей, қол телефоныма бір жас келіншек қоңырау шалып,  жылап тұрып, енесінің маған арнап жазып кеткен, бірақ жолдауға үлгермей қалған хаты бар екенін айтып, қарсы болмасам, жіберсем бола ма деп өтінді. Мен рұқсатымды бердім.

  Онда былай делініпті:

  «Бақуатты отбасында өстім. Әкем аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.  Елдің бәрі алдында құрдай жорғалап, қоғадай жапырылатын. Әкем халыққа емес, халық оған қызмет етті. Содан бері арада талай онжылдықтар өтсе де әлі өзгерген ештеңе жоқ. Осы күнге дейін шындығы солай. Соның арқасы ма, өзімді өзгелерден жоғары санайтынмын. Ойлап қарасам, бұл менің өмірімдегі ең үлкен қателігім екен. Қазір соған қатты өкінемін... 

  Содан әкемнің қызметіне орай, қоныс аудара, көшіп жүріп, талай мектепте оқыдым. Мұғалімдер, обалы не керек, білгендерін аяған жоқ. Оларды шаршатқан емеспін. Сабаққа зейінім мықты болды. Барған жерімде қазақ, орыс мектебі демей, араластырып оқи беретінмін. Әр мектепте шет тілі әрқалай өтеді. Соған қарамастан, сол жағдайға тез бейімделіп, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгеріп алдым. Өзге жұрттың шығармаларын түпнұсқадан оқитын шамаға жеттім. Соның нәтижесінде мектепті Алтын медальға аяқтап, Алматы шеттілдері институтын қызыл дипломмен бітірдім.

  Күректеп ақша таптым. Енді соның бәрі бір денсаулығымды жөндеп алуға жарамай жатыр. Бизнестің шыңына шықтым. Есесіне отбасым құзға құлады. Өкінетінім сол, аға! Бүкіл өмірім текке кеткендей...

  Сізге дейін бірде-бір адамды бойыма тең көрмеппін. Менің өркөкіректігімді басатын, темірдей тәртіп тезіне салатын, қажет болса, керек кезінде сабап та алатын адам табылмады. Несін жасырайын, әйел затымын ғой, кейде көзбен тұрғызып, сөзбен отырғызатын ер мінезді еркекті аңсадым да. Ондайлар маған кезікпеді. Көпшілігі тұралаған тұрмыстың тауқыметінен ез болып кеткен сияқты. Жалтақ. Сен тимесең, мен тимен -бадырақкөз. Тастай ұстанымы жоқ - ерме. Намыстан жұрдай - қорқақ. Құлқындары – қызмет пен ақша - жағымпаз. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, дерлігі өңкей  Алыпкелдер  мен  Шауыпкелдер.

  Мен сізді жек көрдім. Себебі: өзім ғажайыптан жасап, соған табынып келген әдемі әлемімнің быт-шытын шығарып  талқандадыңыз. Сізден кейін менің жан-дүниемде аласапыран басталып, аяғы қопарылыспен тынды. Тәкаппар теңізім жын ұрғандай басылып, асқар тауымды жермен жексен еттіңіз. Өмірімде бірінші рет ешкімге керексіз жандай қорланып жыладым, жабырқандым. Кездейсоқ көкатты мені жеңіп кетпек пе деп долдандым, ашуға булықтым. Сіз мені жеңілді деп қалмаңыз. Мен сізден жеңілген жоқпын. Тек сізді құрметтеп, мойындап, бас идім.                        

  Бір жағынан сізді жақсы көрдім. Иә, иә, таңданбай-ақ қойыңыз. Жас кезімдегідей қатты ұнаттым. Несін жасырайын, тәтті қиялдарға беріліп те алдым. Кешіккен махаббат десе де бола ма? Оны әуелі мойындағым келмеді. Күлкім де келді. Жыным да келді. Сонда да ойымнан бір шықпай қойдыңыз. Тастай мінезбен мұнда да тастай қатып қалыпсыз. Жәй адами қасиеттер тұрғысынан әлдеқайда төмен тұрғанымды түсіндірдіңіз. Өзгелер ойлағандай – еркектеніп кеткен анаконда емес, әдемі әйел екенімді ұғындырдыңыз. Сізге тіке қарай алмай, алғаш рет жанарым тайқып, кірпігім төмен түсті. Жанымның әлдебір түкпірінен ізгілік пен ізеттілік бүр жарғандай жасардым. Мұз жүрек жібіді. Солған гүл көктеді... Сізден сұрайтыным – осының бәрін біліп жүрсеңіз екен және мені ешқашан ұмытпасаңыз екен...

                                       Өзіңіздің Хан қызы - Ханшайымыңыз.»

 

   Осылай жазбаса, хан қызы болар ма?  Жан сарайым алай-дүлей.  Жақсы болсын, жаман болсын "тәжтажал" қазақтың тағы бір айтулы қызын алып кетті. Көл-көсір дүние тапқанымен, өзіндік ұстанымын өзгерте алмаған адуынды әйел көз алдымнан кетпей қойды содан. Дегенмен өмірінің соңғы сәтінде тәубесіне келгеніне шүкіршілік еттім. Бір жағы адамдардың кейде өстіп тірісінде «тақтан» түспей, жарық дүниемен қоштасарда ғана  опық жейтініне таңырқандым. Әйтсе де байлығына тасып, асыл қасиетінен айнып жүрген айналамда әлі қанша әйел бар екен деп, тағы ой түбіне шома бердім...