Жылдың үздік прозасы
94

Күтуші қыздың күнделігі

            Бұл менің жұмыс іздеп екі аяғымнан сабылып жүрген кезім еді... Осы жайдан  хабардар Айжамал апай телефон соққан кезде, бір тәуір ұсыныс айтар деп емексіген көңілім алып-ұшып барып, сап тиылды. Ол кісі Сиделка дей ме, қайдағы бірдеңені айтады. Ұққаны: орнынан тұра алмай жатқан бір ауру кемпірді бағу керек екен. Танымайтын-білмейтін адамды бағып-қағу кімге оңай тисін. Және ол қандай адам десейші? Мінезі шәлкем-шалыс біреу ме? «Мұндай жұмысқа бармаймын» десе де болатын еді. Бірақ бос жүргеніне бірталай уақыт болып қалды, бір жағы несие де қысып барады. Амал жоқ келісті. Телефонның ар жағынан Айжамал апай «қарт кісілер ғой, баладай көңілдері, дұрыстап қара, ренжітпе» деп жатыр. Мен тұнжырап, басымды изей бердім.

 Биік етіп қызыл кірпішпен қоршалған зәулім үйдің қоңырауын жүрексіне бастым. Ықшам денелі, басына оюлы ақ тақия киген, көзі көкшіл, ақ қырау басқан дөңгелек  сақалын  сәндеп түзеп қойған  қария сыртқы есікті ашып, ескі танысын көргендей күлімсіреп қоя берді:

 – Динарамысың, төрлет айналайын!      

 – Сәлеметсіз бе!

            Содан соң аяғын тырп-тырп басып еңселі үйге қарай бастай жөнелді. Осы екпінмен аялдамастан кемпірі жатқан бөлмеге ертіп апарды. «Ештеңе түсіндірмегені несі? Бірден ауырып жатқан кісінің қасына жетіп барғанымыз қалай?» Іштей ұялып келемін. Жартылай ашық тұрған есіктен ішке басын сұққан ол:

  – Қызың келді, Әлия, – деді.

            Бес-алты қадам аттап, төсек үстінде аппақ дөңгелек жүзі нұрланып, екі көзі ерекше мейірім шашып маған қарай   ұмсына түскен бейтаныс жанды құшақтай кетіп, толық кеудесіне басымды қойып сәл тұрдым. Бәлкім марқұм әжеме ұқсаттым, бәлкім аядым, ол жағы бәймәлім, солай біраз тұрып, үлкен төсектің шетіне жайғастым. Өйткені ол кісі  көзімен  сол тұсты меңзеді.

 – Кел, мында отыра ғой.   

 – Рақмет, – дедім, мамықтай көрпеге жайғасып жатып, даусымның дірілі басылмастан.  – Менің әжеме ұқсайды екенсіз.

 – Солай ма?

 – Иә, ол кісі де аққұба өңді, ажарлы кісі болатын.

            Әлия апа сықылықтап күлді. Әр қылығы жарасымды.

 – Неғып тұрсың? Қонаққа шай дайындап алып келсін деп айт, Гүлмираға, – деді, есіктің көзінде состиып тұрған шалына бұйыра сөйлеп.

– Қайдан білейін, Динарамен сөйлесіп, жұмыс жайымен таныстырайын дегенмін.

 – Сен жұмыстарыңмен жүре бер, біз өзіміз сөйлесеміз.

Қарияның артынан іле-шала қол шаюға шыққан едім, ол кісі иегімен келесі бөлменің есігін нұсқады.

  – Апаңның екі аяғы жансызданып қалған. Бар кінәраты сол. Қасында болып, жаймасын уақытында ауыстырып, жуындырып отырсаң болды. Сол кісінің көңілінен шықсаң, ақшаңды келісілгеннен де артық  төлеймін, – деді сыбырлай сөйлеп.

 – Мақұл, – деп, басымды изедім.

Сәлден соң үшеуміз құдды бір үйдің адамындай шүйіркелесіп шай ішіп отырдық.

Әжем төсек тартып жатқанда өзім қараған соң ба, атаның айтқан тапсырмасы аса қиын емес көрінді.

                                              ***

Ертеңіне жаңа жұмыс орныма желпініп жете бергенімде, есік ашқан Гүлмираның сұрланған жүзі көңілімді пәсейтіп жіберді. Ұзын бойлы, келте шашты, қысық көз келіншек:

 – Бұдан ертерек келгенің жөн. Апа күтіп қалды, – деді.

 – Жарайды, – дедім мен кінәлі адамдай аяғымды еппен басып,  бөлмеге беттеп бара жатып.

– Келдің бе, ботам! – Ақ жаулығы жастығына жайылып, төбеге қарап ойланып жатқан кейуана басын көтермекші болып еді, қолыммен белгі беріп, қайта жатқыздым. Сосын жуынатын бөлмеден жылы су алып келіп, төсегін ауыстырдым. Маған ауыр болмасын деді ме,  ыңғайыма қарай  біресе  төсектің ана шетіне, біресе мына шетіне  аунап жата берді.

Тірлігімді аяқтап болған соң, қоңыр тартпадан тарағын алып, шашын тарадым.

 – Қасымды теріп бересің бе? – деді ол қиылып.

Опа-далаптары салынған қобдишасы лықа тола екен. «Осы жасқа келгенше өзін күтеді. Әйел баласы осындай болу керек-ау» дедім іштей. Ол кісі айнасын сұрап алып ерніне қызыл бояу, қасына қара бояу жақты.

– Сіз әртіс болмап па едіңіз? – деп сұрадым әңгімеге тартып.

– Жоқ,  медбике болғанмын. Бірақ ән айтқанды жақсы жаным сүйеді. Өзің сондай сезімтал қыз екенсің, – деді арқамнан қағып. – Саған ән салған ұнай ма?

 – Ұнағанда қандай! Мен бала күнімде актриса болуды армандаушы едім... 

– Менде мына шифонердің төбесінде Шәмшінің ән жинағы бар. Алдағы күндерде бірге ән шырқармыз.

 – Айтқаныңыз болсын. Апа, мына шифонердің ішін жинап шықсам қайтеді?

 – Қажет емес, қарғам. Гүлмира ретке келтіреді.

 – Оның басқа жұмысы да көп емес пе? Ас әзірлейді, үй тазалайды.

 – Ештеңе етпейді. Оның неше жылдан бері үйренген кәсібі. Басқа адамның ісіне араласқанын ұнатпайды. 

 – Ааа. Тұйықтау адам көрінді маған.

 – Иә, көп сөйлемейді, табиғаты солай. Бірақ тірлігіне тиянақты. Өздерің таныстыңдар ма? – Гүмош, – деді сосын дауыстап. Бір кезде есіне әлдене түскендей, жастығының астынан  кішкентай қоңырауды алып, ноқаттай түймесін басты.

– Бірдеңе қажет болды ма? – Гүлмира есікке таяу отырған менің алдымнан лып етіп өтіп апаның жанына барды.

 – Сендерді таныстырайын, енді осы үйде үнемі бірге жүресіңдер. Динара – Қызылорданың қызы. Күйеуі жоқ. Алматыға келгендеріне көп жыл болыпты, – деді апа кешегі менің айтқандарымды қайталап.

 – Гүлмира, – деді ол солғын дауыспен. – Алматының тумасымын.

 – Танысқаныма қуаныштымын, – дедім мен де қолымды ұсынып.

 – Динараға үйді аралатып, көрсетіп шық. Қай заттың  қайда тұратынын біліп алсын, – деді Әлия апа.

Үлкен үйді аралап шығудың өзіне бірталай уақыт кетті. «Мынандай зәулім үйде шал мен кемпір неге өздері ғана тұрады? Балалары қайда?» деген ой мазалайды.

Біз түскі асты қариялардың бөлмесінде іштік. Кеше мән бермеген екенмін, мұнда тамақ ішуге ыңғайлы шағын үстел мен екі орындық бар екен. Кереуеттің жоғары жағында шашына ағаш таяқша қыстырған жапон әйелінің картинасы тұр. Оң жақта ата мен апаның бірге түскен суреті ілінген. Екеуінің де сұлу, жас кездері. Мен суреттен көз алмай бірталай уақыт қарап қалдым. Сол жақта баққа қараған терезе бар. Есік тұрған қабырғамен жанаса қоңыр шифонер орналасқан.

Түс қайта мен апамның айтқанына көнбей шифонердің ішін ретке келтірдім. Ол кісінің жаймасын екінші рет ауыстырып бола бергенімде ата да келді. Қайтар уақытым да таяп қалыпты.

 – Сен енді қайта бер, өзім келдім ғой, – деді ата қолыма он мың теңгелікті ұстатып.

Жұмыс күнім жеңіл өткендей көрінді. Апаның бетінен сүйіп қоштастым.

                                           ***

Бүгін ерте тұрып, таксилетіп жеттім. Әріптесім кешегі тырысқан маңдайы жазылып, жылы қабақпен қарсы алды. Ата мен әже бөлмесінде әлденені ақылдасып отыр екен, бөгет болмайын деп Гүлмираның жанына келдім.

 – Көмек керек пе?

  – Әуре болма, менен артылатын тірлік жоқ. Таңғы ас әзір болып қалды. Үлкен кісілер кеш оянды. Барып дастарқанға шақырып келші, – деді ол ірімшікті ыдысқа әсемдеп турап жатып.

 – Жарайды.

Ата дәлізде маған қарсы келе жатыр екен.

 – Бүгін ерте келіпсің ғой, қызым. Жақсы болды. Мен де дүкенге шыққалы тұр едім.

 – Аманбысыз, ата, алаңдамай бара беріңіз, – деп, ол кісінің қасынан өтіп, жатын бөлмеге келіп, апамның бетінен сүйіп амандастым. Кездескенімізге бар болғаны үш-ақ  күн болса да, құдды туысымдай жақын тартып барамын.

 – Жүріңіз, таңғы ас дайын болды.

 – Төр бөлмеге алып барасың ба? Үшеуміз бірге отырып шай ішейік.

 – Жақсы, – деп, мен атамнан көргенімді істеп, бұрышта тұрған мүгедектер арбасын жаза бастадым.

 – Сен мені көтере алмайсың, – деп, апам қоңыраудың тетігін басты.

Ата екеуміз екі жақтап арбаға әрең отырғыздық. Алдың күні атам осы арбамен алып келген. Төсегінде неге біресе ана шетке, біресе мына шетке аунайтынын енді түсіндім, маған салмақ түсіргісі келмейді екен ғой. Денем шымырлап кетті. Менікі көтеріп отырғыздық деген аты ғана, негізі  мықшыңдап жүріп отырғызған атам. «Осында отырып та тамақтануға болар еді. Бірақ жата-жата жалыққан болар. Үлкен бөлмеде кең тыныстап, сейілгісі келеді ғой бір мезгіл». Сериалдарда күтуші жалдайтын байлар, олармен бірге отырып тамақтанбайды ғой. Мен ол кісілермен шай ішіп отырып, алғашқы күнгідей емес, қатты қысылдым. Сол күні әкем, анам жайлы сұрастырған атам, бігінгі ауа райы жайлы бірер сөз айтып, орнынан тұрды. Үйден шығарда сатып алатын заттарын Гүлмирадан тәптіштеп сұрады.

Апамды орнына жайғастыру оңай болмас деп, ас бөлмеден Гүлмираны ерте шықтым. Бүгін күндегі әдетімше апамды бояндырып, шашын тарап ретке келтірмес бұрын жуындырып алғым келген.  Бірақ атам келмей, Гүлмира босамай, өзімнің шамам жетпесін біліп, райымнан қайттым.

 – Тартпадан телефонымды алып берші, – деген апамның сөзі ойымды бөліп жіберді.

– Қосулы ма еді? – дедім, таңданысымды білдіргендей, сарғыш ою түскен  суырмаға жақындап.

 – Әрине, өшірмеуге тырысамын. Тимурым кез-келген уақытта телефон соғып қалуы мүмкін ғой. Қызметте болған соң қолы тие бермейді.

 – Ыммм, – көкейде жүрген көп сұрақтың жауабын естігендей, ойланып қалдым. «Сол екен ғой, ұлдары басқа қалада болған соң екі қарт өздері тұрады. Анасы науқастанып жатқанда, ең болмаса күніге бір рет неге телефон соқпайды?» Мен келгелі үш-төрт күн өтсе де бұл телефонның даусын естімеппін. Тіпті тартпада жатқанын көріп қайран қалдым. Қалта телефонды жанымыздан бір елі ажыратпаймыз ғой. Мысалы, менің ұялы телефоным дәл қазар ақ фартугымның қалтасында жатыр. Одан ұзатып, тіпті сөмкеме де салмаймын. Себебі, анам кез келген уақытта хабарласып қалуы мүмкін. Ол кісі кейінгі уақытта жүйкесі сыр беріп, мазасы болмай, «жұлыным құрысады, аяғым бастырмайды» деген сияқты шағымдарды көп айтатын болып жүр. Жырақта жүргесін бе, ол кісіні көп уайымдаймын. «Ал, Әлия апаның ұлы болса... әлде ұлдар қатыгездеу бола ма екен? Әлде мен жоқта, түнге қарай  хабарласатын шығар? Кім білсін? Босқа жазғырмай-ақ қояйын».

 – О баста қыз тусам деп армандадым, – деп бастады Әлия апа әңгімесін, менің ойымды оқып қойғандай-ақ. – Неге екенін білмеймін, қыз баланы тұлымын желбіретіп, сәндеп киіндіріп, құлдыраңдатып қолынан жетектеп жүруді армандайтынмын. Құдай ол тілегімді бермеді. – Даусы біртүрлі жарықшақтанып шықты. Көзі де жасаурап тұрғандай көрінді. – Жақсы келін де жазбады маңдайыма. Тимошымның бірінші әйелі көк бет болды. Бетің бар, жүзің бар демейді,  аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Атаң екеуміз олардың  төбелестерінің үстінен бірнеше рет түсіп қалдық. Әйелі тура боксерларға ұқсап, екі білегін сыбанып, жұдырығын түйіп, ұрғысы келіп осы жанталасып жатқаны. Шалым шошып: «Мыналар адам болмайды» дейтін. Көңіліміз құлазып қайтатынбыз. Ол кезде Тимур Алматыда. Немеремізді сағынып жиі барып тұрамыз. Бір жағы Жәмила қорқып қалмасын, жабырқамасын дейміз. Ақыры ажырасып тынды. Көп ұзамай келін басқа біреуге тұрмысқа шықты. Ұл Астанаға кетті. – Үлкен кісі кәдімгідей кемсеңдеп жылады. – Бәрінен де Жәмиланы уайымдап, ойым онға, санам санға бөлінеді. Екі ортада жүр. Болашағы қалай болады? Өгей әке қызды құртты. Не жазығы бар еді?

 – Апа, жыламаңызшы, – орнымнан тұрып, көз жасын төгіп отырған оны қапсыра қысып құшақтадым. – Бәрі жақсы болады. Көп уайымдай бермеңіз.

 – Анау кеседегі суды алып берші, қарғам, – деді сосын көзінің жасын сүртіп.

  – Апа, аяғыңызды уқалап берейін бе?

 – Неткен мейірімді баласың өзің, іші-бауырыма кіріп, ерітіп барасың. Аяғымды көріп шошып қаларсың, тым құрғап кеткен, қураған ағаш сияқты... осы қант дертіне шалдыққалы солай.

 – Ештеңе етпейді, жақпамай жағайық онда, – дедім күлім қағып, апаның көңілін көтергім келіп. 

– Тәуба. Осы күніме шүкір. Қазіргі келінім жаман емес. Тәрбиесі орысша. Тұйық. Бірақ ешкімге зияны жоқ. Тойған қозыдай өзімен өзі томпиып жүреді.

 – Қалай апа, массаж жасау қолымнан келе ме екен? – деймін әңгімені басқа арнаға бұрғым келіп.

 – Келгенде қандай, қолың жып-жылы, массаж деген не тәйірі, уқалай берсең болды емес пе?

Екеуміз жарыса күлдік. Апамның жүзіне күлкі үйірілді.

 – Өзім сауықтыру орнында жұмыс істеп, қаншама адамға шипам тисе де, күндердің күнінде бөтен адамның алдында дәрменсіз күй кешем деп кім ойлаған? 

Дәл осы сәтте есік қағып, рұқсат сұрап, бөлмеге Асқар ата кірді.

 – Сендерге кедергі келтірмедім бе?

  – Жоқ, ата, келгеніңіз жақсы болды, апамды жуындырып алсақ деп едім.

  – Оның да жөн, – деді атам.

Апамды жуындырып, үстіне таза киім кигізіп, үлкен іс тындырғандай жеңілдеп қалдым. Басы жастыққа тиісімен ол кісі ұйықтап кетті. «Шаршаған шығар, ой да адамның жанын жеп сандыратып тастайды ғой». Апамды оятпастан, атамнан күндік ақымды алып, үйге қайттым.

                                 ***

Апамның кешегі мен жуындырып болғаннан кейінгі алғысы бойыма қанат бітіргендей. Үлкендерден бата алған қандай жақсы. Марқұм әжем төсек тартып жатқанда өзім бақтым ғой. Жатса, тұрса батасын жаудырушы еді. Ерні жыбырлап күбірлеп, әлден соң даусы оқыс шығып, еміреніп еркелете жөнелетін. Мен тымпыңдап, одан бетер қызмет қылып, көңілін тапсам дейтінмін. Кішкентай күнімде ол кісі мені алдына отырғызып, ешкімді маңайыма жолатпаған. Арқалап жүріп қонаққа барып, шаруасын да солай бітірген. Мені мәпелеп  өсірген қайран әжем, қартайған шақта сәбиге ұқсап қалып еді...

Терең ойға шомып кеткен екенмін. Жүргізушінің даусынан селк еттім:

 – Осы жерден түсесіз бе?

 – Сәл ары, анау  қызыл дарбазалы үйдің қасына тоқтаңызшы.

 – Айтқаныңыз болсын.

Асқар ата ыңылдап ән салып, ауланы сыпырып жүр екен. Мені көріп, үстім  шаң болмасын дегендей, жұмысын доғара қойды.

 – Аманбысың, қызым!

 – Есенбісіз, ата!

Мен осы кісіге қатты риза боламын. Ақ джипына отырып алып, бір тынбайды. Апамнан естуімше, ұлы мен өзіне тиесілі дүкендерін, көлік жуу орындарының жұмыстарын қадағалайды. Зейнет жасындағы  адамға мұндай тірліктердің оңай соқпасы белгілі. Сонда да шаршадым демейді.

Бүгін ас үйде Гүлмира көрінбейді. Бөлмеге келсем, апам телефонын құлағына тақап  әлдекіммен әңгімелесіп отыр екен. Мен кірген бойда  шорт үзіп, екі бетімнен кезек сүйіп, елжірей амандасты.

 – Сөйлесе бермедіңіз бе, апа. Қап, әңгімеңізді бөліп жібердім-ау.

 – Ештеңе етпейді. Немерем ғой, Жәмила. Жарты сағат сөйлестік, өзім де қоштасқалы отыр едім.

  – Жағдайы қалай  екен?

 – Тәуба. Болады. Оқуына ақша сұрайды. Атаң қайда?

 – Шақырып келейін бе? Сыртта жүр.

 – Өзі де кеп қалар. Бүгін Гүмош кештеу келеді. Сұранып кетті. Шифонердің төбесінде Шәмшінің әндер жинағы бар еді, алып бере қойшы, ботам.

Апам мен келгенде, үйдегі жаңалықтарды рет-ретімен тізіп баяндап шығады. Онысы да дұрыс қой. Іші пысады. Төсекке таңылып жатқан адам, сол ғой. 

– Ән айтамыз ба, апа?

 – Айтсақ, айтайық. Бүгін Гүмош жоқта, атаң далада жүргенде біраз ән шырқайық. Ән айтқан жақсы. Іштегі шерді шығарады. Жүректің кірін кетіреді. Дәрігер болмағанда, мен әнші болар едім. – Ол сыңғырлай күлді.

 – Тамағыңыз ашылып, дайын отырған сияқтысыз. Ендеше... – мен даусымды созыңқырап, тура концерт жүргізушілеріндей хабарладым: – Алдарыңызда Әлия мен Динара ән шырқайды!

Апам қол соқты. Содан соң кішкене кітапшаны ақтарып отырып, аздап тамағын кенеп ретке келтірді де, әуелете бастап кетті:

                                                           Аңсаған бақытым сияқтанып,

                                                           Ай туып келеді қияқтанып.

            Аузым ашылып қалды. Алдымда құдды әртіс отырған сияқты. Мен ондай нәзік, құлаққа жағымды қоңыр дауысты еш жерден естімеген екенмін. Қосылар, қосылмасымды білмей тосылып  қалдым. Апам басын изеп, белгі берген соң ғана, қайырмасына ілестім. Апам екеуміз ән ләззатын сезінген сайын, ұзақ отырып талай әнді шырқап тастадық. Көптен бері дәл осылай серпіліп, жан-дүнием рақаттанбаған шығар. Күнделікті күйбең тірліктің әуресімен көп нәрсені шектейміз ғой өзімізден. Көңілім көкке жеткендей  болды. Содан соң ас бөлмеден жеміс турап алып келдім. Өзім де іштей сыр тартқым келіп отырған.

 – Өзіңнің жігітің бар ма? – деп сұрады әлден уақытта Әлия апа. 

– Жоқ.

 – Не дейді? – Ол мөп-мөлдір қоңыр көздерін маған қадап, таңданысын жасырмады. – Өтірік айтасың.

– Рас айтамын. – Аяқ астынан абдырап, аяғымның ұшымен кілемге өрнек салып, ыңылдай жөнелдім.

 – Жігіттердің көзі соқыр ма, сендей сұлу, ибалы қызды көрмей жүрген?

Бетім қып-қызыл боп дуылдап, басымды көтермей, әлі де аяғыммен өрнек салып отырмын.

 – Біреуге ғашықсың-ау, көзіңнен бір сезім ұшқынын аңғарғандай  боламын, – деді байсалды дауыспен. 

– Бір баламен достасып жүр едім. Жақында ренжісіп қалдық.

 – Ештеңе етпес, әлі достасасыңдар.

Осы кезде сыртқы есік әндете ашылып, атам мен Гүлмираның қосарлана шыққан дауыстары естілді.

 – Тура бір келісіп алғандай, ән айтып болған кезде келді ғой екеуі, –деді апам мәз болып. 

Мен холлға шығып, оларды қарсы алдым. Гүлмира бүгін ерекше көңілді. Атам жуынатын бөлмеге кіріп кетті де, мен ас үйге барып Гүлмираға көмектескім келіп, тоңазытқыштан тамақтарды шығара бастадым.

 – Сен апама бара бер. Өзім де үлгеремін, – деді ол шәйнекті отқа қойып жатып.

 – Жарайды, ол кісі атаммен бір мәселе жөнінде ақылдасам деген соң, бөгет болмайын деген едім ғой.

Мен сыртқа шығып, есік алдындағы баққа бардым. Раушан гүлдері құлпыра түсіп, ерекше иіс шашып тұр. Таза ауада серуендеп ішке кірсем, Гүлмира дастарқанды жайнатып қойыпты.

Түс ауа апам біраз тынықты. Мен Асқар атама бөлмесін жинауға көмектестім. Асқар атам да Гүлмира секілді ашылып сөйлеспейді екен. Әйтсе де қасына серік болып, қолғабыс еткеніме балаша  мәз болып, қуанып қалды.

Әлия апа күндіз ұзақ ұйықтайды. Көбіне  кеш батар уақытта ғана оянып жатады.

 – Күндіз ұйқысын қандырып алып, түнімен көз ілмейді, – деді атам уайымдап, мені шығарып салып тұрып.

Бүгін ата еңбек ақымды әдеттегіден көп төледі, ұялып кері қайтарсам, сөмкемнің үстіне қойып, ренжитінін айтты. Осылай тағы бір жұмыс күнім аяқталды.

                                                ***

Мен үшін күтушілік жұмыс қызық көрініп жүр. Осы уақытқа дейін кеңседе ғана жұмыс атқарып, бір сыдырғы іспен айналысқан маған бұл күндердің берері көп болды. Мәселе ақшаны көп төлегенінде ғана емес, ең бастысы адам жанын түсініп, науқас жанға қамқор болу бақытына ие болған соң шаршау былай тұрсын, бойыма ерекше күш-қуат бітті. «Сауапқа кенелесің, батасын ала бер» дейді анам, телефонмен сөйлескенімде. Есесіне әкеме ұнамапты. Намыстанған болар. Ол қайдан білсін, үлкен қалада өмір сүрудің қаншалықты  қиын екенін.

Бүгін есікті бейтаныс қыз ашты. «Апам аузынан тастамайтын немересі болар» деп топшыладым.

 – Сәлеметсің бе!

Ол маған «Сіз кімсіз?» дегендей сұрайлы жүзбен қарады.

 – Динара болар. Кірсін. – Ар жақтан атамның даусы естілді.

Мен шешініп болғанымша, басымнан аяғыма дейін тінтіп қарап шықты.

 – Басқа сиделка алғансыздар ма? – деді сосын аса жақтырмаған кейіпте, атасына дауыстап. Атасы естімеді ме, жауап қатпады.

Басымнан бақайшағыма дейін қызарып кеткен шығармын деп ойладым, апамның бөлмесіне өтіп бара жатып.

– Құдайым бере салған, келе ғой. – Апам маңдайымнан, екі бетімнен шөпілдетіп сүйіп жатыр.

 – Жәмила келген бе?

– Иә, кеше атасы екеуміз сағынған соң шақырып алдық.

– Дұрыс қой.

 – Содан мауқымды басып, көңілім марқайып, керемет көңіл күйде отырмын.

 – Үнемі осылай отырыңызшы, сізге жарасады.

Апам ыстық алақанымен қолымнан қысты. Құр қыспағанын артынан аңғардым. Қолыма бірдемені қыстырыпты. Қарасам, бүтін жиырма мың теңгелік.

– Мұныңыз не, апа?

 – Ала ғой, ботам. Зейнетақым түскен. Өзіңе қажет нәрсеңді аларсың.

 – Қойыңыз деймін, апа.

– Қолымды қайтарсаң өкпелеймін, – деді ол балаща бұртиып.

Амал жоқ ақшаны қалтама салдым.

 – Сен сондай ізетті, кішіпейіл баласың. Аз уақытта бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Туған анаңа қарағандай қарап жүрсің. Кіршіксіз көңіліңнен айналайын.

Пердені ысырып, орындық үстінде тұрған киімдерді жинастырдым.

Апам сөзін қайта жалғастырды:

 – Керек десең мына Жәмилам да дәл сендей қарамайды. Бетінен сүйсем, тыжырынады, неткен қатыгез ұрпақ тәрбиеледік деп кейде көңілім құлазиды. Әлде мейірімге зәру... Әлде?.. ол жағын қанша ойлап...

 – Көп ойлана бермеңіз. Жас қой, еркеліктен болар.

 – Қайдам, – деді апам көзін бір нүктеге қадаған бойда.

Ас бөлмеге графинге су құюға келсем, Жәмила осында отыр екен. Бағана аса мән бермеппін. Сұңғақ бойлы, шашы ұзын, екі көзі мойылдай қап-қара, нағыз қас сұлу дерлік. «Анасына тартқан болу керек. Атаның көзі көкшіл, апаның көзі қоңырлау. Анасы да көрікті жан болды ғой. Сондай сұлу әйелдердің мінезі кейде көркіне сай болмай жатады» деп ойлап үлгердім.

 – Танысып қояйық. Менің есімім Динара болады, – дедім оған қолымды ұсынып жатып.

– Жәмила, – деді ол қолымды алып.

 – Енді жиі көрісеміз.

 –Ымм, – деді ол жауабын қысқа қайырып. – Мен мұнда көп келмеймін. 

– Жақсы, – дедім оған күлімсірей тіл қатып. Онымен тіл табысып кететініме сенімдімін.

Бүгін Гүлмира ерекше тағам әзірледі. Дәмі тіл үйіреді Өзі көп сөйлемегенмен,  бармағынан бал тамған  аспазшы екен.

Екі қария немерелерін ортаға алып, бар тәттіні алдына тосып,  айналып-толғанып отырды. Жәмиламен көп уақыт өткізгісі келді ме, Әлия апа бүгін ұйықтамады. Мен де үйге ерте келіп, әдеттегідей күнделігімді толтырып отырмын. Алда бұдан да қызықты күндер тосып тұрғанына сенімдімін.