71
Көлеңкенің кісілігі
(әңгіме)
Бәрі де сол таможняның оқуын бітіріп, Алматы маңындағы кеденде қаздиып қызмет істеуден басталды. Әйтпесе, қылшылдаған жап-жас қалпында өз елінің шекарасында жүк көліктерінің рұқсат қағазын тексеріп тұрып, адал ет, маңдай терсіз табысқа кенелуге болады деген ой мұның үш ұйқтаса түсіне кірмеуші еді. Курстасы Айқынның: « Жұрттың бәрі жеп жатқанда, бізге неге жемеске?»- деп, алақандай көзімен адырая қарағанда, ішінен жиіркенішті бірдеңе созалаңдай көтеріліп, мұның құсқысын келтірген. Адал болу керек. Ата-бабамыз айтып кетті емес пе? Еңбектің наны тәтті. Тек жүрсең, тоқ жүресің. Текке келген текке кетеді. Осылайша кесіп айтқаны қандай жақсы. Әйтпесе жұрттың бәрі ертелі- кеш қара терін ағызып қам жасамай, түгелдей шайтани жолға түсіп кетер ме еді, қайтер еді? – деп ой түйді жап-жас кеденші жігіт Санжар көңілін көк ала бұлтқа шалдырғысы келмей.
« Е-е-ее, көрерміз әлі жемегеніңді! Бала- шағаң сабаққа баратын боп, тиын-тебен жетіспей, сұлу келіншегің сұмдық сөздерді қарша боратқанда, пәтерден пәтер жалдап, қадірің қашқанда... Осы адалдығыңды қоярға жер таппай қаларсың. Бүкіл таможняда жерге өзі төгіліп жатқан ақшадан жалғыз сен алмасаң, жұрттың жыртығы жамала ма? Странный, ты... Осылай деп құлақ етін жейтін серіктесі Сарынның сумақы қолдары ары өткен-бері өткен жүргіншінің бармақ басты, көз қыстысын пайдаланып, көк ала қағаздарды жол үстінде бүркемелеп санап отырғанын талай көрсе де, «Өзі білсін, сам знает Сәрсембай!»- деп алаңсыз ойын аулаққа салатын.
Санжардың өз көлеңкесін өзі бақылайтын елден ерек бір әдеті бар-тын. Қызық, көлеңке деген – күн сәулесінің денеден өтпей қалғанын дәлелдейтін, жарықсыз қалған кеңістік аумағы ғана екен. Солай бола тұра, көлеңкенің адам өмірінде кәдімгідей маңызы бар секілденетін бұған.
Еңкейсең, еңкейеді, шалқайсаң, шалқаяды. Күн төбеге келгенде, жоғалады. Соңынан қалмайды, жолынан танбайды. Ертеректе ауыл кітапханасынан бір кітапты көргені бар. «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деп аталады. Неге екенін, сол кітапты оқуға бұның зауқы соқпады. Өзі көлеңке болса, ол сені қорғап жетістіре ме?
Сол жылы Санжардың әкесі өмірден қайтқан. Үйдегі төрт баланың үлкені болғандықтан, іні-қарындастарына енді өзі пана болмақ. Ертеден кешке дейін ауылды алты айналатын жалғыз дәрігері болғандықтан, бел шешпей еңбек ететін анасына қолғанат болсам деп түйген де түйілген. Сол кезде небәрі 9- сыныпта оқитын Санжар асқар тауын құлатқан тағдыр толқынына өршелене қарсы тұрғандай болды. Әке қазасынан соң бір түрлі есейіп, сабағына мықтап ден қойды. Серейген ұзын бойы болмаса, тумысынан әлжуаз, аурушаң ұлдың спортпен де қатты айналысып, құрыштай шыныққан тасқайнаттығына көрші-көлем, ағайын -туыс сүйсіне таңғалысқан. Ата-анасы дәрігер не мұғалім болғандардың сол кезде қалыптасқан әдетімен, неге екенін кім білсін, бұған жастайынан: «Сабағыңды жақсы оқы, не заңгер, не кеденші боласың!» - дейтін. Неге?-деген сұраққа әке-шешесі ешқашан да тура жауап берген емес. Неге екенін кім білсін, өздерінің не заңгер, не кеденші болмағандарына бармақ тістеп өкінгендей, екеуі бірдей іштен тынып, ауыр күрсінетін...
Басқа тартса, аяққа жетпейтін қоңыртөбел тірлікпен жүргенде, жас кезінен жабысқан дерті меңдеп, әкесі о дүниеге кете барған.
«Көлеңкесінен қорқатын ақымақ!». Бұл - өзімен бірге кеденде қызмет істейтін Сарынның сөзі. Бір сарынды ұли соққан желдің өтінде кезекті жүк көлігін шығарып сап тұрып есіне түсіп кетті. «Көлеңкесінен қорыққан» деген не сөз? О заман да, бұ заман, көлеңкесінен де қорқатын кісі бола ма? Жай ұйқасы келген соң айта салған ғой,- деген еді сонда Санжар сөзді көп созбайтын қалпымен. Ата-анасының жастайынан «Біреудің ала жібін аттама, адал ақша ғана бойға сіңеді,- деп құлағына құйып тастағаны сонша, ол кеденшілер қайшы алысып жатқан жүргізушіден қағып түсіретін «көлеңкелі көк қағаздарға» тіпті көз салмауға тырысатын.
Оның есесіне, бұл серіктестерінің ұрлық әрекеттерін айнытпай қайталайтын, олардың арам ақшаға созған қолдарын, онан отыра қап сол күнгі табыстарын санай жөнелетін, онымен қоймай секіре түсіп билей жөнелетін көлеңке театрындай көріністерді тамашалап біраз тұрып қалатын. Көп ұзамай бүкіл қызметтестері жиылып бұған бірауызан. «Ақымақсың, Санжар!Санжар-ақымақ!» - деп мазақтай күлісетін. Таможняда күзетте тұрып, толып жатқан құжаттарды тексеріп, мінсіз қызмет етіп жатса, жап-жақсы айлық алады. Ал шекарадан заңсыз өткізіп жіберу үшін беріп жатқан пара ақшаны Санжардың алмауы және оған жанындағы жолдастарының: «Ақымақсың, Санжар, Құдайға анық ақымақсың!»- деп қосыла күлуі – Абайдың «Масғұт» поэмасын еске салды. Санжар осы ойына өзі де таң қалып, іштей жымиып күліп қойды. Әйгілі дастанда елдің бәрі жынды су ішіп қағынып, жынды суды ішпеген хан мен уәзірді жындыға балап, онымен қоймай, өлтірмекші боп тап берген ғой. Өзеннің жаңбырдан уланған кеселді суын ішкен жұрт «өздеріне ұқсамағаны үшін» сау адамды «жынды» деп ойлаған. Ендеше қазіргі қоғамда жұрт хақысын жеп, ұрлық ақшамен жыртығыңды жамап, сынық арбаңды жөндемесең - жұрт көзіне «ақымақ» боп көрінесің... Енді... ақымақ атандым екен деп, ардан қалай аттамақ? Оның үстіне барлық әрекетіңді айнытпай қайталайтын көлеңкңнен де ұят қой. Осы ойына Санжардың өзі де мырс етіп күліп жіберді. «Ұрлық түбі – қорлық» деген ғасырлар бойы сыннан өтіп, мүжіліп, мұқалмастан, алмас қылыштай қап түбінде жатпай, атылып шығып бізге жеткен асыл сөздің қадірін біз білмесек, кім білер? Қызметтен кеш қайтып, жалдамалы пәтеріне, жаңа отасқан жарына асыға басып келе жатқан Санжардың басына осы ойлардың келуі өзін де таң қалдырды. Мен ақын, жазушы не философ емеспін. Бар болғаны – кеденшімін, - алайда өз ұстанымы, ойы бар кедешімін...- деп ойлады ол кіре берістің қоңырауын басып жатып.
Осылайша, күн артынан күн, ай артынан ай, жыл соңынан жыл өтті.
Тоқсаныншы жылдардың қиыншылығын көрген жұртқа екі мың оныншы жылдардың дағдарысы шыбын шаққан ғұрлы болмады десе де болғандай. Осы кезде, әсіресе, қазақтар жыланның баласындай жеке басын күйттеп, жан-жаққа қашпай, отбасында неше ағайынды болса, соның бәріне құстың қанатымен су тасып, көмекке жұмылатын. Бәрі жабылып қара жұмыс істеп, оқимын дегенін сүйрелеп жүріп оқытатын. Бас қосам, тұрмысқа шығам деген жастарға ағайын-туыс көптеп көмектеп той жасап беретін. Әкесі мезгілсіз о дүниеге кеткенде де, Санжар Алматыға кеденшілер даярлайтын жоғарғы оқу орнына грантқа оқуға түскенде де, кейін оқу бітіріп кеп, курстасы Айсанаға үйленем дегенде де айналайын осы бірге туған ағайын еді бұларға алғаш көмек қолын созған. Осыны ойласа, Санжардың іші жылып сала береді. Бірге туғаның неғұрлым көп болса, тіпті жақсы деп ойлайды ол елжіреп іштей. Сондықтан да бұйыртса, Айсана екеуіміздің баламыз көп болады. Кейін олар да менің әкемнің туыстары құсап бір-біріне көмектесетін болады.
Санжардың тілегін Құлай берді. Айсана бірінің артынан бірі үш құрсақ көтеріп, маңдайы торсықтай үш ұл әкелді өмірге. Үшінші ұл туғанда Санжар өзін Абай айтқан «Толық адамдай» сезінді. Анасының қуанышында шек жоқ.
-Осы жолы туған-туыс, жора-жолдастарыңды түгел шақырып, қаладағы үлкен бір кафеге үлкен той жасайық,- деп кеңес берді ол. Қуықтай бір бөлмеге енді қонақтарды қойып, өздері де сыймайтынын белгілі еді..
Жасасақ жасайық, анашым, өзгеге болмаса да, кредитке шама келеді ғой,- деді бұл да шешінген судан тайынбастың кебімен.
-Осы қазір екінің бірі кредитке той, шілдеханасын жасай беретін болды. Ештеңе етпейді, бірдеңе етіп құтыламыз... Айтпақшы сендерге берілетін пәтердің кезегі жылжыды ма?- деді жасаураған көзіне мұң мен қуаныш қатар перделенген Дария ана сұраулы жүзбен.
- Жо-о-қ, мама, жылжығанды қойып, жиырма кісіге шегініп кетіпті ,- деді Санжар жаңа ғана шаттық айдында анасы екеуі қатар жүзген сәтті қимай қабағын кіржитіп.
Жарайды, балам, бірдеңесі болар. Мүмкін әкеңнен қалған қара шаңырақты сатып жіберерміз? Сосын ипотекаға Алматыдан пәтер алармыз?
Өскемендегі жер үй қай жыртығымызды жамар дейсің, мама-ау! Жарайд, ипотека жағын көрерміз,- Санжар әке орнына әке, шеше орнына шеше боп кеткен анасының көңіліне қаяу түсіргісі келмей, бар ынты-шынтысымен оған күлімсірей қарады.
Олар үшінші перзентке ерекше, жаңаша есім берді. Жаңа туған сәби Әбілмансұр деген атқа ие болды. Бұл соңғы кезде қазақ арасында етек ала бастаған дәстүр - сәбиге атақты хан, сұлтан, батырлардың есімдері қойылатын. Бұл да болса, Тәуелсіз атанған елдің жарқ еткен найзағайдай санадағы сілкінісі сияқты еді. Бұл есімді балаға Санжардың өзі таңдаған.
Қаладағы шағын кафелердің бірінде болған шілдехана той дүркіреп өтті. Тойға отбасының етжақын туыстары, жора- жолдас, Санжардың кедендегі басшылары, қызметтестері шақырылды. Қонақтардың бәрі де оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар еді. Сөз десе, қазақ ішкен асын жерге қояды. Бір-біріне есе бермейді. Сөзіне қарап кісіні алма, ісіне қарап кісіні ал деп сол қазекемнің өзі айттып кетті емес пе? Егер сөзіне қарап кісіні алсақ, қазақ бір-бір данышпанға айналар еді.
Адамзатта нәресте дүниеге келгеннен асқан қуаныш болмайды. Сонда да қазақтың қуаныша ерекше сияқты. «Ұл туғанға- Күн туады», «Үш қызы бардың жұмақта төрі сайлаулы»,- деп кесіп айтатын да біздің халық қана,- деп бастады сөзін жап-жас кеден басшысы. Қонақтар қоғадай жапырылып. «Керемет айттыңыз!»-деп қол соқты.
-Сәбиді жеті жерден жеті періште қолдап жүрсін! Өміріне еш көлеке түспей, тек жарық сәулелерден тұрсын!- деген осы отырыстың гүлі, Айсананың кеденші құрбысы. Қонақтар осы сөзге толқып кетті.
-Бұлар жұмыс кезінде орысша ғана сөйлейтіні несі екен? Қазақшаға судай ғой?- деп саңқ етті бір егделеу апай.
Жаңа туған жас сәбиге тілек айтушылар сөзге жомарт екен: «Дені сау болсын, Ақшасы көп болсын, Ата-анасының, әжесінің қуанышы болсын»!- деген секілді ізгі тілектерді қарша жаудырды. Санжардың бір таң қалғаны: Бала еңбекқор, білімді немесе ғалым болсын!- деген тілектер айтылмады. Санжардыі ойынша, қазақтар дүниеге жаңа келген нәрестеге: «Адал ет, маңдай термен бақытқа жетсін!»- деген тілек айтулары керек сияқты боп көрінді...
Көз алдына күнде-күнде кеден күзетіп, заңсыздыққа көз жұма қарағандары үшін пара алып және сол ақша алып жатқан қимылдарын көлеңкелері де жалықпай қайталайтын кеденші жолдастары келе қалды. Ол іші ауырып кеткендей бетін тыржитты.
*** *** ***
Алдымен әңгімені Айсара бастады. Ол өзінің бұған деген сенімі ақталмай жатқанын сөз етті. Өзіндей кеденші жігіттердің тұрмыстарын баяғыда жөндеп алғандарын көлденең тартты. Бұларда бар бала оларда да барын, тіпті бала саны бес-алтыға жетсе де, кеден бекетінде сауылдап тегін кеп жатқан ақшаның арқасында олардың әлі талай уақыт шалқып өмір сүре беретінін алға тартты. Олар жылда бала-ша,асымен Дубайға барады екен. Шетелдің ең соңғы маркалы қымбат көлігін мінеді екен.
Мұның бірін құдды бір Санжар білмейтіндей, Суықсайдың сарқырамасындай сарнатты Айсана.
Сенің сонда не ойлаған ойың бар, Санжар? Осылайша, «мәдениетті қайыршы» боп қашанға дейін жүрмексің?- деді Айсан күйеуінің толық дені сауына күдік келтіргендей мұның жүзіне үңіле қарап.
-Енді, өкімет бірдеңе істер? Зарплатты көбейтер, балаларға жәрдемақы берер... Ипотека бар ғой - үй аламыз. Не болды сонша таусылып?!» - даусын қаттырақ шығарып, нығарлап қойды Санжар.
Айсапна күйеуінің ашуланса, мінезі алақұйын боран екенін білетін.
-Жақсы, күтейік, онда өкіметіңді... -деп, балалардың киімдерін ұстаған күйі ваннаға кіріп кетті де, кір мәшінді дар еткізді.
Осы дау, осы ұрыс, осы күңкіл сан алуан реңкте бұлар пәтер іздеп, көшіп-қонып жүрген әр сәттерінде қайталана берді, қайталана берді
Санжар өзін осы уақыттар ішінде осы бір «Кеденші деген жемқор болмауы мүмкін емес!» деген әңгіме қажытқанын байқады.
Сонда бүкіл адамзат баласы ақымақ та, біз ақылдымыз ба? Басшымыздан бастап жей берсек дүние құрала ма, жоғала ма? Жемқорлық жайлаған мемлекет құлайды,- дейді де, өздері жей береді. Елбасы, әкім, мектеп директоры, кеденші, сот... Оылайша кете береді... Бәрінікі - мемлекетті, немесе бірін-бірі жеу. Қызметке алса, пара, балабақша- пара. Құдды бір пара алмаса, қазір аштан қататындай. Жейтін жері жоқтар да жүр ғой тіршілік жасап?
Санжар осы оймен пәтер сатып алуға ипотека орталығына қарай беттеді. Жиған ақшалары алғашқы төлемге жетпеді. Енді анасымен ақылдасып , алыстағы қарашаңырақты не де болса сатпақ боп бекінді
*** *** ***
Сол күннің ертеңінде Санжардың мәңгі есінен кетпестей бір уақиға болды. Түс әлетінде кеден бекетінде жалғыз өзі тұрған. Қасындағы серігі тез барып келе өоям деп қалаға кеткен. Кеденге Қытайдан келе жатқан екі жүк көлігі бірінің соңынан бірі кимелеп кеп, итіне тоқтады. Жүзі Санжарға таныс, кексе жүзді қытай. Құжаттарын беріп жатыр. Бұл әдеттегідей мұқият тексеріп шықты. Бәрі дұрыс, жүктердің аты-заты да Санжарға белгілі. Санжар: «Жүре беріңғдер»,- дегендей белгі берді. Екі мәшін көзден ғайып болды. Бірақ... Санжар өз көзіне өзі сенбеді, жолдың арғы шетінде - бір бума доллар жатыр. Санжар еңкейіп, самал желпіп, шаң қона бастаған ақшаны алып жатып, көлеңкесін іздеді. Сұмдық-ай! Көлеңкесі түп орнымен жоқ! Қолындағы ақшаны санаудың орнына, өзінің көлеңкесін іздеген Санжар күліп жіберді. «Көлеңкелер тал түсте жоғалады». «Тени исчезают в полдень»...- деді ол күбірлеп. Шынында да айнала тал түс екен. «Қытекең сонда бұл ақшаны маған не үшін беріп кетті- ей?»- деп таң қалды ол келесі кезекте. Осылайша далада, жел ұшырып жатқан ақшаны алмағаным енді жарамас еді. Өздері тастап кетті. Ал мен болсам, бірде- бір заңды бұзбадым. Көріп тұрған, кейін бетіне басардай серіктесі де дәл бүгін жоқ. Әсіресе, мұның кеден бекетінен ақша алып жатқанын келемеждей қайталайтын көлеңке де тап бүгінігі уақиғадан қалыс қалды...
Санжар ішінде бірдеңе төмен тартып ауыртса да, ақшаны қалтасына екі бүктеп салып алды. Мың доллар екен. Ана екі қытайдың: «Осылай етеріңді білгеміз»-дегендей келемеждей күлген қысық көздері елестеді Лезде олардың сиықсыз бейнелерін ойымен кері қуды.
Миынан Айсананың ызыңы кетпеп еді, аузы жабылатын болды.
Сол күні Алтайға кеткен анасы келе қап, мұның алақанына әке үйін сатқан ақшаны салды. Ертеңінде Санжар қолда бар ақшамен екі бөлмелі үйді ипотекамен сатып алу рәсімін бастап кетті.
Санжар басы артық мың долларды қайдан, қалай алғанын анасына да, Айсанаға да жасырмай айтып берді.
- Мен ешбір тәртіп, ереже бұзбадым, сол «честныйлығым» үшін, қытайлар мағана ақша беріп, алғыс айтты,- деп сөз аяғын әзілге бұрды жас кеденші.
Кітапты көп оқып, үлкендердің тәрбиесін алған анасы бұл жаңалыққа үрке қараса да, ұлының көңілін қимай, үнсіз қалды. Туғаннан отбасында жоқшылық, жетіспеушілік көріп, соның есесін алармын дегендей, кедешілердің оқуына түскен Айсананың сұлу қара көзінде жылтыр бірот ұшқындады.
Санжар жаңа пәтерге еніп, анасын қолына алды. Алланың берері мол екен. Бұлардың құтханасында Ханшайым атты көптен күткен қыз бала дүниеге келді. Бұлар көп балалы отбасы атанды. Алайда бұл кездетеледидардан Елбасының өзі: « Тапсаңдар, өздерің үшін тауып жатырсыңдар, асырауды да біліңдер!»- депті деген әңгімесі ел ішінде гулеп кеткен еді. Ұрпақ санын көбейтіп, ұлтымызды жарылқасақ деген жастардың іште жаңған бір отына су құйғандай әсер етті бұл жағдай.
« Енді қайтеміз, түк етпеспіз... Бірдеңе етіп асырармыз, оқытармыз балаларды,-деп тоқтатты ол ішінен «мұнайдың үстінде халықты тыржалаңаш отырғызып қойған» өкіметке қарсы ашу-ызаны әзер тоқтатып.-Ұзамай Айсана да қызметке шығар... Әйел де болса, кеденші деген аты бар емес пе? Зарплатқа зарплат қосылса, осы қиыншылықтар бір күнгідей болмайды әлі... Оның есіне ертең ипотеканың кредитін төлейтіні түсті.
Ертеңінде Санжар кеден басына көңілсіздеу келді. Аспандағы аз ғана бұлт бірін-бірі қуалап, айдаланың шаңын суырып, мол ызыңмен жел соға бастады.
Кеден бекетіне кезекті жүк көліктері кеп тоқтады. Санжар жүргізушілердің бет-жүзін көріп, күліп жібере жаздады. Бұлар- осыдан екі айдай бұрын әй-шәй жоқ, айдалаға ақша тастап кеткен «жомарт» қытайлар. Санжар бір ежелгі ескі таныстарындай бұған қарап ыржың -ыржың етеді. Санжар олардың құжаттарын тексере келе, көлік үстіндегі жүкпен сәйкес келмейтінін байқады. Не істерін білмей біраз бөгелді. «Бәсе, бұлардың неге иен далаға бумалап ақша шашқаны енді белгіілі болды»... «Бір рет өткізіп жіберейін»- деп ойлады ол. Сосын қайтып заңсыздыққа жол бермеймін. Осы ойын оқып қойғандай, егде қытай бір конверттің шетін қылтитты. Миы Санжардың еркінсіз бұйрық берді ме, кім білсін, оның қолдары ұрлық ақшаға қарай созылып бара жатты. О, тоба осы кезде кенет көлеңкесіне қарап еді, қолдың көлеңкесі көрінбеді! Оның есесіне басының көлеңкесі: «Керек емес, параңды алмаймын!»-деп тынымсыз бас шайқап тұр екен! Санжар өз-өзінен қысылып, терлеп кетті. Бала кезінде «Көлеңкеңмен қорғай жүр» деген шығарманы оқымай қойғаны санасын найзағайдай шабақтап өтті.
Қытайлар бұған таң қалды. «Соңғы рет ескертем, келесі жолы мұндай жалған құжатпен өтпейсіңдер!»-деп кесіп айтты Санжар. Құтылғанына қуанған жолаушылар машиналарына тезірек от алдырып, жөнеп кетті.
Санжар тап-таза, бос алақандарын Күнге тосты. Мұнысы сырттай қараған кісіге Күннен бата сұрағандай боп көрінді. Ол іштей толқып, өз-өзінен қатты қуанып кетті.