792
Шын
(детектив)
Басқа қиялдың бәрін тас-талқан етіп, тек журналист болам деген арманым мені ұшпақтың ұшығына шығара қоймады. Мен жазған адамды атып кетеді немесе өзі барып суға батып кетеді. Адамдығы толық емес, бірақ қомпиып отырған жүйенің алдыңғы есігінен кірейін десем, үнемі жабық тұрады. Байқап қарасам, артқы есігін ашып қойыпты. Біраз жұрт артынан кіреді екен. Қараңғыны жарық десе, иә жарық, семізді арық десе, иә арық дегендерді сол жақтан көрдім. Достарым, әйелім, бала-шағам маған: «Сен де сол артқы есік жақта жүрсейші, жағдайыңды түзеп алған соң шығып кетесің», - дейді ғой күйдіріп. Корольдік өмірімді пешкілікке айырбастайтын мені кім деп ойлайды екен осылар. Міне, есік ашылып, бір арба ақылын арбалап, өзі атын елге айтпайтын жерде жұмыс істейтін «әпитит барда жеп алайық, жемейтіндер тек жердің астында» дейтін, журналистикада бірге оқыған, кейін бізге атын айтпайтын оқу орнының академиясын бітірген курстасым кірді.
- Сәлем! - деді жайбарақат.
- Сәлем! Сәлем! Егер сен маған тағы да ақыл айтуға келсең, келген жеріңнен қайта бер. Мен дәл сенің ақылыңа зәру емеспін - дедім бетін бірден қайтарып тастамақшы болып. Ол менің сөзімді қыстырмады да.
- Түрің жаман болып тұр ғой, - деді қулық жасырған көзін сығырайтып.
Жүйкемнің жүні шығып тұрған, шаңқ ете қалдым.
- Иә, менің түрім де, өзім де, көзім де жаман. Аулақ жүріңдерші менен...
- Сенің ит мінезіңді қашанғы көтере береміз? Не өміріңді жаңадан баста, не... сөзінің аяғын жұтып қойды.
Менің денем қалшылдап, аузымда қалған он екі тісім шықырлап кетті.
- Мен саған өзіңді көрсететін бір мүмкіндік бар екенін айтайын деп келіп ем – курстасым осының бет жүзінде қандай өзгеріс болар екен дегендей, маған барлай қарады.
- Ол қандай мүмкіндік?
- Кез келген журналистің қолына түсе бермейтін мүмкіндік,- курстасым даусын әсемдеп, маңғаздана қалды, - Егер сен ол жаңалықты бірінші болып жазатын болсаң, атағың аспанға шығады.
- Маған атақ емес, ақша керек.
- Атақ жүрген жерде ақша да жүреді.
- Біз жаңалық сатып ақша табатын шетел емеспіз ғой.
Шекем тырысып отырған, курстасымның әр сөзіне жауап қайтарып, шапылдасқаннан ішкі бір сайтандарым рахаттанып, қайралған тісімнің қышуы қанып қалғандай.
- Өзің істейтін «Тәуелсіз» басылымның беделі де, қаражаты да жаман емес қой, соңғы кездері орамал тағу мен қысқа шалбар туралы айтып кеткендерің болмаса, жарайды, оны қойшы, сен Темірді білесің ғой?
- Анау мемлекеттің қалтасын қырнаған, жұрттың ақшасын ұрлаған, адам сатқан, өмірде қандай жамандық болса, соның бәрі қолынан келетін кәззап па? Ол арбаға таңылды, одан шет ел асты деп еді ғой.
- Қазір уақытша елімізде екен.
- Не деген құрмет?! Содан сұxбат алуым керек қой. Сізді «Өрмекергенге» қатысы бар дейді ғой, елдегі дүнген оқиғасы дегенге қалай қарайсыз, Шығыс Қазақстан облысындағы Родина және Ақ тау алтын кен орнының өнімін қайда жіберіп жатырсыздар? Теңізшевройльды қаншаға саттыңыздар деп, иә. Сенсация сол ма? – мен жарылардай болып қарқылдап күлдім. Ызалы күлкіме курстасым аларып та, мысқылдап та қарамады. «Мә, мынаның жүйкесі темір ғой» - деп ойладым ішімнен.
- Жоқ, ей, сен біздің оны қалай ұстағанымызды көргеніңді қалаймын.
- Ұстайсыңдар ма?
- Енді ұстаймыз. Ол Х.күні Х.сағатта N. мейрамxанасынан шығады. Егер сен сол күні, сол сағатта, сол жерде болсаң, үлкен оқиғаның куәсі боласың.
- Оның оққағары өзіне қатты берілген адам деуші еді, сендерге ұстата қойса
- Көрерміз, - деп менің сөзімді жақтырмай қалды
- Оның сол мейрамxанада болатынын қайдан білесің?
- Ол жағы құпия болсын дейін десем, қырсығып шыға келесің. Айналайын-ау, әйелдер бар емес пе, тамағын ішіп, текеметін тіліп отыратын. Сондай бір бикештен білдік. Темір өзіне шет елде пластикалық операция жасатыпты. Саусақтарын әлдебір қышқылмен күйдірген. Сөйтіп осында әлі сайрандап жүр.
- Темірден жақсылық көріп, үлдесі мен бүлдесіне оранып жүрген қатын оған неге сатқындық жасайды?
- Басынғаны шаршатты ма кім білсін... Әккілігі Темірден асып кететін секілді. Өзі де Алматы облысының бүкіл орман, суын жекешелендіріп алыпты. Ол енді басқа әңгіме. Курстасым «осы пәлеге көп нәрсені артық айтып қойған жоқпын ба?» - дегендей, ұзақ уақыт үнсіз отырып қалды.
- Пластикалық операция жасатқанын қайдан білдіңдер? – менің сұрақтан сұрақ тудырып жатқаныма бет –жүзін тыржитып, қабағымен қағып тастады.
- Өрмекерген мен Масанчидегі оқиғаларды жазғаныңдағыдай долбарлап ой айтпайсың. Екеуміздің кездескенімізді, айтқан әңгімелерімізді сыртқа шығармайсың. Мына қағазда баратын жерің, отыратын орның, сағат, минутың толық жазылған. Бәрін бүге-шігесіне дейін көре алсаң, көргендеріңді ел сенетіндей жаза алсаң, онда асығыңның алшысынан түскені...
Ол осыны айтты да жылдам басып шығып кетті. Мен оның берген қағазын қарардан бұрын, бүгінгі күн талай жылды артқа ығыстырып тастапты ғой деп ойладым да, «Өрмекерген» туралы жазған мақаламды есіме түсірдім. Бұл 2012 жылдың 13 маусымы еді ғой. «Қоңыр баурай» заставасында шекарашылар мен қорықшының мәйіті табылып, заставадағы постының ғимараты өртенген. Бекет жазғы уақытта қызмет етіп, қыс кездері бос тұратын. Жаз кезінде түрлі дәрілік шөптер жинайтын қытай азаматтарына тосқауыл қою мақсатында жұмыс істейтін. Сол күні бір сағаттың айналасында болған оқиғаның себебін ешкім түсіндіре алмаған. Атып кел десе атып, сатып кел десе сатып келетіндер қылмыстарының тозаңын сыртқа шығармады. «Ол жерден табылған шетелдік қару-жарақ, оқ-дәрі қайдан келген, бәлкім есірткі саудасымен айналысатындардың әрекеті емес пе?» деген болжамым үшін мен де «сыбағамды» алғанмын. Ол «қару-жарақтың, оқтың» иелері табылып, қолдарында «псиxикалық ауытқушылығы бар» деген қағаздарын көзіме тақаған соң «жалмауызға да жан керек» деп, қаламымды тоқтата қойдым. Көңілдері көкте, көздері аспандағылардың Құдайды да паралап алғандардың ісіне менің тісім батпайтынын түсіндім. Ішім қыз-қыз қайнады. Кердең мойындылар өзгелерге күйреу кезеңін, үлкен бір апат туғызып отырғанын өзге тұрмақ өз жақындарыма түсіндіре алмағанмын.
Енді курстасымның тастап кеткен қағазын қарап отырмын. Есентай маңайындағы N. мейрамxанасы А. қаласының ең әсем, кіл бай-бағландар тұратын жерінде екен. Тариxы бай. Біздің әкелеріміздің бала кезінде бір көпестің дүкені болған. Содан бүгінге жеткен жәдігер ғимарат. Төрткүл дүниедегі бар тамақты дайындайтын көрінеді. Намазxанасы, спорт залы, кальян шегетін жері көз тартады. Мұндағы шығыс интерьері Самарқандтың салтанатын он орап алады. Міне, мен осы мейрамxананың төбесіне төтенше жағдайларда пайдаланатын басқышпен шығып айнала анық көрінетін жерінде дыбыс жазғышымды, суретке түсіретін құралымды ұстап отыруым керек.
Айтқан уақыттан екі сағаттай бұрын келдім. Бәрін алдын ала көріп шықтым. Кеш түсіп, қала шамдары айналаны жарқыратып жіберді. Ғимараттардың маңдайшасындағы жазулар жанып-өшіп, жанып-өшіп көз қарықтырады. Дәл қазір осы іске кіріскеніме азаптанып отырмын. Қан-сорпам шықты. Тұла бойымнан аққан терді кешкі самал сұп-суық тамшыларға айналдырып, денем тітіркеніп кетті. Қолымнан дәл қазір келері- күбірлеп дұға оқу, істің сәтті аяқталуын тілеу. Айналайын уақыт-ау! Оттай боп, оқтай боп зымыраушы ең, енді неғып тапжылмай қалдың? Қимылсыз отырғандықтан аяқ-қолым ұйый бастады Аяғымды созып жіберіп, керіле бергенімде дәл жанымнан аяқ дыбысы сезілді. Қараңғы бұрышқа тығыла түсіп, мойнымды бұрдым. Ол дыбыстың иесі енді мен отырған жерден алыстап, төбені түгел аралап шықты да маған жақындады. Осы кезде қарсы ғимараттың маңдайшасындағы жарнаманың жарығы түсіп, мен отырған жерді жарқыратып жіберді. Өзімнен өзге ешкім жоқ. Көңіл-күйімнің бұзылып, үрейге беріліп отырғаннан екенін білдім де, шамамның жеткенінше жинақталып отыруға тырыстым. Жарнаманың жарығы сөніп, мейрамxананың төбесі қап-қараңғы болып кетті. Көше жап-жарық. Оқиға қалай өрбуі керек еді өзі? Х. сағатта әнші әйелмен мейрамxанадан шығуы керек. Машинаның жанына келгенде әнші «әлдебір затым отырған орнымда қалып қойыпты» деп мейрамxанаға қайта кіреді, сол сәтте арнаулы жасақтың сарбаздары Темірді ұстайды. Көшені, үйлердің подъездерін арнайы топтар бақылауға алған. Темірге жақындап «Беріл!» дегенде көнбесе, атады. Ойларым быжық-тыжық болып кетті. Көзімді тарс жұмып барып қайта аштым. Екі көзім мейрамхананың есігінде. Іштен еркек пен әйел шықты. Әйел жүгіре басып, қайта кіріп кетті. Курстасым еркекке жақындады. Осы сәтте жаным сыздап, мазам кетті. Жүрек дүрсілі иректеніп, өркештеніп кеудемді тесіп жіберердей дірілдей жөнелді. Құлағым еш дыбысты естімейді. Бірнеше оқ қатар атылды. Темір алдымен созылыңқырап барып, «аһ» ұрған бір дыбыс шығарды да, артынша жерге гүрс етіп құлады. Бетімді жаба қояйын деп орамалымды іздеп қолымды қалтама сала қойғаным сол еді, Мен отырған бұрыш қап-қараңғы болып кетті. Көзім көрмей қалған шығар деп ойладым. Кинодан өлім көрсем пора-порам шығып жылайтын мен, көз алдымда кескен теректей болып құлаған, аузынан қара қан ағып, кеудесі алас ұрғанын көргенде ішім бос қалып, өкпе-бауырым аузыма тығылып, денем тітіркеніп, жүрегім кілкіген ойлардан лоблып, құпия баспалдақпен төменге жүгіре жөнелдім. Дәретxанаға жетіп, кеудемді жегідей жеген запыраннан құсып құтылмасам, басым солқылдап, әл-дәрменім құрып барады. Дәретxана есігі ашылып, қымбат киім киген біреулер шығып келе жатты. Baccarat Rona парфюмінің иісі ауада қалқып тұрды. Психикаң мен көңіл-күйіңе байланысты иісті әрқалай қабылдайсың деген рас екен. Дихлофос себілгендей, құсықпен бірге ішек-қарным, қолқа-жүрегім бірге ақтарылды. Маған назар аударғысы келді ме, біреуі артқа қарай беріп сүрініп кетті.
- Жоқ, кейін! - деген бұйрықты дауысқа жалт қарадым. Қарадым да өлген адамдай болып қалдым. Ол маған тағы бір қарағанында өзіме өлімнің де жақындап келе жатқанын сездім... Ешқандай да пластикалық операция жасамаған Темір бұл!
Мен қарақшының уысындамын!
Мені дыбыссыз жайрата салар деп едім. Олай болмады. Бәлкім, сол сәттегі өліммен белгілі актер мен ауқатты адамдардың балаларының төбелесі де қатар келіп, у-шу, полиция, жедел жәрдемнің қым-қуыт дабырынан тез сытылып шығып кеткілері келді ме, мен терезеден олардың Сrown sedanға мініп, лезде оқиға болған жерден кетіп үлгергенін көрдім.
Курстасым қылмыскерді ұстадым деп қатты алданып отыр. Темір түрін өзгертпеген, мейрамxанада тамақтанбаған. Өлген оның - дублеры. Ол енді ел ішінде еш қорқынышсыз өмір сүре береді. Жоқ, ол өзінің өлмегеніне куә адам бар екенін біледі. Қылмыскер еркін бола алмайды. Қауіптен сақтанбай жүре алмайды. Дәл қазір мен үшін шын қылмыскердің ұсталғаны, ұсталмағанының еш мәні жоқ. Осы қашқаным қылмыскердің қолынан өлгеннен гөрі дұрыстау секілді. Ой қалай жүйрік десеңізші,жаным мұрнымның ұшында тұрып курстасым алданды, қылмыскердің двойнигі бар екен-ау деп қоямын. Көшеде өліп жатқан «қылмыскердің» жанына келдім. Осының бәрінің өтірік екенін мына тұрған полицейлерге айтсам ба екен? Курстасыма телефон шалғаным жөн бе? Жоқ, оны қазір мазалауға болмайды. Мүмкін, нағыз қылмыскер мені аңдып жанымда тұрған шығар. Нөпір xалықтың ішіне қалай сіңіп кетсем екен? Ең дұрысы, бұл қаладан шығып кетуім жөн шығар. Құдайым-ау, қылмыскер қылмыскер емес, мен қылмыскер секілді болдым ғой.
Осы көргендерімнің бәрін ұмыту үшін бөшкелеп арақ ішсем ба екен? Ұмытыла ма? Мен сүйретіліп жақын жерде тұрған бір жекеменшік дүкенге кірдім. «Ішетін бірдеңе болса берші» - дедім де, қолыма ұстатқанын басыма бір-ақ төңкердім.
Мен далада күн, түн жатыппын. Оянғанымда басым мең-зең, денем көтертпейді. Курстасым бірнеше мәрте телефон соғыпты. Аса қауіпті қылмыскерді ұстадық деп саунада жуып жатқан болар. Аузыма су тамызар адам жоқ. Кенезем кеуіп барады. Дүкенге жақын жердегі сәкіде жатыр екенмін, өз-өзімді қамшылап орнымнан тұрдым да, ұйпа-тұйпа қалпымда тәлтіректеп барып дүкенге кірдім.
- Ой, ағай, тірі екенсіз ғой, енді тиісті орындарға xабарлайын деп жатыр едім, - деп дүкенші әйел менің өлмегеніме кәдімгідей-ақ қуанып қалды.
- Бір бокал сыра, -дей бердім де, шетте үйіліп жатқан газетке көзім түсті. Бірінші бетте кешегі күннің суреттері. Арнаулы мекеменің қызметкерлерінің аса ауыр қылмыскерді атып өлтіргендерді туралы жарыса жазған xабарлары. Қылмыскердің пластикалық операциядан кейінгісі, содан соң аузынан қан ағып өліп жатқандағы суреті. Қасындағы әнші әйелдің сөзін де беріпті.
- Мәшһүр Жүсіп атамыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман туады» деп айтыпты дегеннен үміттенуші едік, қылмыс дегенің күннен күнге үдеп барады ғой, - деді сатушы әйел менің арақтан бұрын газет хабарына шұқшия қарағаныма сәл таңданыс білдіріп.
- Мұның бәрі өтірік қой! - даусым қатты шығып кетті. Сатушының бетіме аңтарыла қарағанынан бомжға ұқсамайсыз ғой деген көзқарасын ұқтым:
- Бір кесе ыстық шай жасап бере аласыз ба? -деген өтініш айттым да газетті қолыма алдым.
Күдік тудыратын нәрселер көп екен. Әнші әйел өз суретін газеттерге еш қымсынбай ұсынып отырғаны қалай? Тіптен қылмыскер шын өлген күннің өзінде, оның жолдастары бұл бикешпен уақыт өткізбей-ақ есеп айырысып қояр еді ғой. Ал қылмыскердің өлмегенін білетін достары арнайы қызметтің мына жазбаларына қалай күліп отырғанын елестетіп көріңізші...
Неде болса осының бәрін курстасыма айтуым керек деп шештім. Дүкен ішінен ішкен ыстық шай ма, әлде келіншектің жылы қабағы ма шекемнен терім бұрқ етіп, көзім шайдай ашылды. Санам тұп-тұнық болып шыға келді.
Курстасымның кабинетіне кіргенімде, келгенімді біліп отырса да, қағаздан бас көтермеген қалпында:
- Бұл жұмысты да қатырмадың ғой, - деді
- Мен бе? - ашуланғанымнан дірілдеп кеттім. Ол болса көзімен алдында үйіліп жатқан газеттерді нұсқады.
- Мен алғашынында жазып үлгермеген шығарсың дегенмін, кейін бүкіл жұрт шулап жатқанда үнсіз қалғаныңды түк түсінбедім.
- Алдымен мені тыңдашы, мен бардым, көрдім, бірақ...
- Ендігі жерде мен сенің бірақ, тырағыңды тыңдағым келмейді. Қолыңнан түк келмейді сенің
- Сен мені тыңдайсың ба, тыңдамайсың ба? - деп үстелін тарс еткізіп ұрып жібердім.
Курстасымның таңданғаннан бір қабағы көтеріліп, бір қабағы түсіп кетті.
- Сендер нағыз қылмыскерді ұстаған жоқсыңдар? Сонда мен өтірік xабар жазуым керек пе?
- Мен сенің ақталуыңнан жалықтым.
- Ей, тыңдашы, мен сенің тұр деген жеріңде тұрдым. Ол емес, сен олардың қармағына түсіп отырсың. Мен оны оққағарымен бірге дәретхананың ішінен көрдім.
- Түһ, өтірікті шімірікпей айтатын болыпсың ғой. Қылмыскер екеуің бірге жүрген боларсыңдар, бәлкім. Сонда ол сені қалай тірі жібере қойды. Дыбысыңды шығармай-ақ жаныңды жаһаннамға жібере салу оған қиын емес қой. Әлде осы ертекті маған айтып беруің үшін бе?
Қалшылдап кеттім. Ол үстемелей жөнелді.
- Сонда біз кімді ұстаппыз. Оны да білерсің? - деп көзін сығырайтып мысқылдай жөнелді. Біреудің жер-жебіріне жеткеннен ләззат алып, раxаттанатынын бұрыннан білетінмін.
- Кім екенін білмеймін, әйтеуір сендер өлтірген адам дәл сол қылмыскер емес.
Тамағым құрғап, сөйлеуге шамам келмей қалды.
- Ол тірі! - дегенді айтып, тамағымды аузыма жиналған түкірігіммен жібітіп алдым да, - тірі болмаса ана әнші қатынды оның бандасы еркінсітіп қояр ма еді? - деп мен де өз айтқанымнан қайтпай тақымдадым.
- Қай қайдағыны айтып басымды қатырмашы. Одан гөрі осыдан бір әңгіме жазып, детектив жанрының байқауына қатыс. Өткен жылы ала алмай қалған он миллионды алып қаларсың, бәлкім. Қазір бәрің детектив жазғыш болып кеттіңдер ғой, - деп мырс етті.
- Онда мен өзім көрген шындықты жазайын,
- Еркің білсін, - курстасым осыны айтып, қабағымен есік жақты нұсқады.
*******
Өз бастығым тіптен сөзімді тыңдағысы келмеді. Газет, сайт біткенді адақтап шықтым. Шындық қатер деп қабылдай ма, әлде кешегі оқиға бүгін ұмытыла ма, мәнін жойған деп, вирусы бар аурудай еш жер қабылдамады. Әріптестерімнің сыртымнан мазақтайтынын естідім. Әйелім де сенбеді, мен секілді «өтірікші» адаммен тұра алмайтынын айтып, ажырасуға арыз беріп қойыпты. Пайғамбарды түйенің жемтігіне көмген бұл жұрт мені аясын ба?
Мен енді Темірдің өзіне xат жаздым. Оның тірі екенін білетінімді, арнайы қызмет адамдарын торға түсіргенін, әлде келісім бойынша істелген іс па деген күдігім барын, әнші әйелдің неге сонша еркінсіп, оңды-солды сұхбат беріп жүргенінің сырын түсіне алмайтынымды, тәңірінің құрған тезіне шын қылмыскер түсе ме, әлде кейін туғандар Алла әмірін де өзгертуге қауқарлы ма деген сұрақтарды тізбектеп, ендігі уақытта да елде еркін жүріп, тұрайын, куәгер қалдырмайын десеңіз, мекен-жайым А. қаласы, Ғ. Мұратбаев көшесі № үй,... пәтер деп жаздым.
Арнайы қызмет мекемесіне де осы мазмұнды өзгертіп, қылмыскерді құтқару үшін осындай әрекетке бірлесіп барып отырсыңдар деген сарында, әйеліме қоштасу xатын, оқырмандарыма маған қауіптің қайдан келетінін аңғартып xат жазып, фейсбук бетіне оқуға тиісті деген мекеменің, адамдардың аты-жөндерін белгілеп жарияладым. Еркін баспасөз бен баспасөз еркіндігіне негізделген инновациялық басқару жүйесіндегі беделді Пабликтер дуылдата жөнелді.
Қиялшыл көңілдің соңғы аялдамасындағылардың бәрі қирап жатыр. Бір қылмыскер үшін өзімді құрбандыққа не үшін шалып отырғанымды түсінбей өкіндім. Енді ешнәрсе қолымнан келмейді. Бәрі кеш. Кей -кейде шыбын жанын әзер бағып жүрген менен құтылуға қылмыс әлемінде беделі зор адам қолын былғай қоймас деген оймен өзімді демеп қоямын.
Сөйте тұра ішімді жайлап алған үрейден алжасуға шақ қалып жүрмін. Бойымды қанша тіктейін десем де еңсем өз-өзінен басылып қала береді. Түнеріп, үндемейтін болып алдым. Бір жаққа шықсам такси шақыртамын. Бүгінде Қарадалаға бару үшін көлік шақырттым. Жап- жаңа Chery Tiggo 8 pro келіп тұр. Жүргізуші үндемейтін, жап жас жігіт екен. БАКАД арқылы бетон жолға түстік. «Бәйтерек» ауылының тұсына келгенде жолдан бұрылып, қиғаштай тартты.
- Бала қиыстап кеттің ғой, - деп ем:
- Отыра берсеңізші, баратын жеріңізге апарсам болды емес пе! - деген соң, ойларымды ішіме қамап, тәртіпті жолаушының образына кіріп тыныш отыра бердім.
Айналасы биік дуалмен қоршаған зәулім үйдің жанына келіп тоқтадық. Үйден бір ер адам шығып, жүргізушіге конверт ұсынды да, маған:
- Түс! – деді. Үстінен дихлафостың иісі шығады. Түсі сұсты.
Қақпасы ашылғанда тажалдың оты жақындағандай қалшылдай бастадым. Атылмай тұрып атылып кеткендеймін. Сөз сөйлеген жоқ. Итеріп жертөлеге кіргізді де, дәл шекемнің тұсынан пистолет тақады. Біткен, сөнген адам қалай болады? Алдымен өлімнің иісін сезіндім. Ол иіс мені қашуға, қорғануға итермелегенімен мүмкіндік жоқ екенін түпсанаммен ұқтым. Үрейден мас адамның xаліне түстім. Астым отта тұрған сияқты. Бір тікенді бұтақ табанымнан бастап, бүкіл денемді сырып бара жатқандай, көзім шарасынан шыға шақшия бастағанын сезіп, жан шыдамас күйзелісте тұрсам да көзімді жұмуға тырыстым. Менің қорғаныс әрекетім сол ғана болды. Пистолет тарс еткенде бірден құлап бара жатқандай болғанмын. Гүрс еттім-ау. Есеңгіреп тұрсам да, басыма бірнәрсе бірнәрселер келіп жатқандай. Көзімді аштым. Орнымда тұрмын. Алдымда Темір сұлап жатыр. Шекесінен аққан қан есік тұсына барып, қарақошқылданып, топырақпен араласып, іркілдеп ұйый бастапты.
- Жарадың!- деген таныс дауыс жансызданып қалған бойыма әл кіргізгендей болды.
Курстасым Темірдің оққағарының қолын алып тұр екен. Кімге айтқаны белгісіз.
- Өзіміздің жігіт қой! – деді. Содан соң маған қарап:
- Енді сен де шын әңгіме жазатын болдың, -дегенді қосып қойды.