Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы
582

Жазасы жоқ қылмыс

     Отставкаға шыққаныма аз күн өтсе де дамылсыз тыныштығы жоқ қаладан, үнемі қайталана беретін үйреншікті күйбең тірліктен, күнде көріп жүрген адамдардан жыраққа кеткім келді.  Отыз үш жыл қызмет жасаған кезімде мен не көрмедім. Адамзат айуандығының ең сорақысын да, шытырлаған көк қағаз үшін өзге түгілі өз бауырын өлімге қия салатындар мен рахат өмір үшін адам баласын шімірікпестен өлтіре салатындар әлі күнге дейін менің көз алдымда. Сол кезде осыншама сорақылықты көре тұра  қалайша жынданып кетпегенімді қайдам, бірақ жылдар бойғы көргендерім психикамды әлсіреткенін енді ғана байқағандаймын. Бұрынғы тергеуші,отставкаға енді ғана шыққан оперативник. Мен сияқтылар көп, бірақ кез келгенінен жұмыс жөнінде сұрай қалсаңыздар өткенге қайтіп оралғылары келмейді. Өлімнің қасында жүріп, қантөгісті көрген адамның жан дүниесі, күнде операция жасап қан көріп жүрген дәрігерлерден мүлдем басқаша. Науқас адамды ауру алатын болса, қылмыскер  адамдар өз нәпсілері үшін адам өмірін  құрбандыққа шалады. Осыны көре тұра адамдарды қалай жек көріп кетпегеніме, өмірден түңіліп кетпегеніме өзім таң қаламын.

Менің зейнетке шыққанымды естіген досым менің ойымды оқығандай біраз уақыт ауылға кеп тұруға ұсыныс тастады. Өзі бірнеше ай ауылда болмайтындықтан үйіне қарайлауға, оның үстіне «Ауылға келсең демаласың, таза ауасымен тыныстап, жүйкеңді де емдейсің»- деген соң мен көп ойланбастан келісе кеттім. Мені ешкім танымайтын, мен ешкімді танымайтын жаңа жер мен үшін ең қымбат демалыс орнынан артық. Көп ұзамай заттарымды жинап жолға шықтым. Ұзақ жолға ұшақпен емес, пойызбен шыққан мен, рельстің даусына бар ойымды тоқтатып, терезеге телміре ұзақ қарадым. Өткен күндер ұмытылмаса да, санамда қайта жаңғыртқым келмеді. Қазағымның кең байтақ даласына көзім тоймай, әйтеуір бір терең ойға түстім.

Вокзалдан мені күтіп алған досым қуанышын жасыра алмады. Менің құрметіме қой сойылып, кішігірім той жасалынды.

Ал Әбеке, -деді досым мұртын сипай. Сенің келгеніңе қатты қуандым. Шынымды айтсам сені келеді деп ойламадым да. Бүгіннен бастап бұл үй сенікі. Міне кілт. Сарайда бір өзіңе бірнеше айға жететін азық та бар. Егер қажет болса міне інішектерің, кез келген уақытта тілегіңді орындайды,- деп ол екі жас жігітті көрсетті.

Отырыс таңға дейін созылды. Досымжан есімді досымды ұйықтамастан таң алдында шығарып салдық. Бүгіннен бастап менің ауылдағы жаңа өмірім енді басталмақ.

Тыныштық. Мөңіреген сиыр мен үрген иттің дауысына ілесіп,  шегірткенің де ащы шырылы анық естіледі. Құлаққа сондай жағымды. Қаладағы гүрілдеген көлік моторының үні естілмейді. Мен келгеніме өкінбедім.

Бозарып таң да атты. Міне әтеш те, ояныңдар деп айғайлайды. Мен талықсып, алаңсыз терең ұйқыға кете бердім.

                                                       *** 

     Үш күн үйден шықпай  жалғыздығымнан ләззат алдым. Алайда  қоғамсыз адмаға өмір сүру қиын екен, жалғыздықтан жалыққан соң ауыл тіршілігіне араласып, танысайын деген оймен көшеге шыққым келді. Шағын ауылда артық адам да көрінбейдіТаныстықты ең алдымен көршімнен бастадым. Тоқтамыс есімді азамат жаңадан келген мейманға жылы қабақ танытып, қуана кетті. Менен біраз кішілігі болса да, маған  үлкен адамдай көрінді. Онысына қарамай «ағалап» бірден қалбалақтай жөнелді. Мен бұл жерде ұзақ уақыт боламын деген соң айналаны біртіндеп таныстыра бастады.

Анау, қызыл шатырлы ауыл мектебі. Одан әргірек медпункт бар. Ал анау тұрған үй Қошқарбай деген жігіттің үйі, бұйырса кешкілік қонаққа келгеніңізде таныстырамын. Ал анау...

  Ойымызды онша алыс емес жерден естілген әйелдің ащы дауысы бұзды. Бұл не дегендей мен біраз құлақ түріп қалдым. Мұным жұмыстан қалған әдетқой, бірақ жанымдағы інішектен ыңғайсызданып қалдым.

Бұл немене тағы? – дедім жақтырмай

Эхх,- деді ол қолын бір сермеп. Әлгі Асқардың үйреншікті әдеті ғой. Ішіп келсе қатын бала шағасын сабайды. Балаларына обал.

Ол әрі қарай сөзін жалғастырмады. Мен де одан әрі сұрамадым. Еркек пен әйелдің жанжалы баланың жылауымен аяқталды. Зейініміз бөлініп, әрі қарай әңгіме де жалғасын таппаған соң

Бұрыннан осылайма?

Ия, бұл жігіт бізге басқа жерден көшіп келді. Ал әйелі Сәлима осы жердің қызы. Күйеуі өлген соң кішкене жеңіл жүріске салынып.. Кейін мына тәйтүкті таптығой..

  Басқаның өмірі аса қызықтырмады. Оның үстіне мен жұмыстан кеткен адаммын. Көшені бойлай жүріп келемін. Кешкілік Тоқтарбай өзінікіне қонаққа шақырды. Шіркін, ауыл адамдарының кеңдігі осындай ғой, танымаса да туыс етіп, қонаққа шақыратындығы. Алдымнан жүгіріп өткен кішкене балалар «Ассалаумағалейкум аға» деп қол беріп амандасып өтті. Мұнысына іштей риза боп, ауылға келгеніме тағы бір қуандым. Қарсы алдымнан жүрісі бөлек, ер балаларша киінген, әйтсе де болмысы қыз балаға келетін 14-15 жас шамаларындағы жасөспірім шыға келді. Неге екенін қайдам, оның ерекше солғындау тартқан жүзі көзіме оттай басылды. Бетіме сәл ұялыңқырап  қарады. Неге екенін білмеймін жүрегім дір еткендей болды. Бұрын соңды қызмет кезінде кей адамдарды осылайша сезетінмін. Ауылдағы бұл баладан мен нені сезуім керек, өзім де түсіне алмадым. Ол өтіп кеткен соң, артыма бұрыла қарап едім, ол да маған қараған екен. Жанарымыз қайта тоғысты. Бұл қыз бала. Ия, еркек кейпіндегі қыз бала деп ойладым ішімнен. 

  Тоқтарбай обалы не керек мені құрметтеп төрге отырғызып қойдың басын ұсынды. Бейне бір құдалыққа келген адам секілдімін. Барлығы досымның абыройы ғой. Әйтпесе кеше келген менің кім екенімді де білмейді. Жиналған көрші көлем, ауыл адамдары мені ортаға алып жөн сұрасып, қайда қызмет еткенімді де сұрап жатыр. Алайда мен шындығымды айтқым келмеді. Өз тарапыма артық назарды қайтемін, кішігірім кәсіпкермін дей салдым. Жаңа танысқан ауыл адамдары арасындағы көңілді отырыс  өзгеше әлем секілді. Алайда күндіз көрген еркекшора қыз ойымнан кетер емес.

Мен бүгін көшеден бір жасөспірім көрдім, - дедім Тоқтарбаймен оңаша қалған сәтте. Өзі ер бала секілді киінген. Алайда қызға да ұқсайды.

Ааа Сүйрікті айтамысың, иа ол сондай. Көбісі оны ер бала деп ойлайды, алайда ол қыз. Таңертеңгі айқайды естідіңғой, сол үйдің қызы.

Жүрегім әлденеге селт етті. Неге олай болғанын өзім де түсіне алмадым.

Неліктен олай?

Өзімізде білмейміз. Кішкентайымыздан көз алдымызда өскен қыз.Өте ерекше, әдемі болатын.  Кейін есейе келе шашын қиып,  ер балаша киіне бастады. Бұл қылығын басында түсінбеген едік. Ол оқшауланып, өз әлемінде жүрді. Қазіргі жасөспірімдерді түсінбейсің..

Үйге келген соң  мен Сүйрік туралы көп ойладым. Оның маған қараған көздері «Менің жан дүниемді ұқшы» деп айтқысы келгендей. Қалалық жерлерде өзін еркек секілді ұстайтын, еркектерше киінетін қыздар өте көп. Алайда бұл қыз ерекше. Жарайды, босқа басымды қатырмайын деген оймен ұйқыға кеттім.

Сүйрік әлдекімнен қашып келеді. Маған жете алмай келеді. Маған қолын созады. Менде оған қолымды созамын. Бірақ жете алмайды. «Ағаа-аааааа» деп айғайлайды. Мен шошып ояндым. Даладан қыздың дауысы естіледі.

«Аға ұрмаңызшы, өтінемін» деген қыз баланың жалынышты үні денемді шымырлатып жіберді. Көзімді уқалай далаға шықтым. Әлгі  кешегі көрген маскүнем  Сүйрікті қолындағы таяқпен ұрғылап жатыр. Мен дереу әлгі еркектің қолындағы таяқты  жұлып алып, қызға араша болдым.

Не көрінді қыз балаға қол көтеріп..

Шаруаң болмасын, сен кімсің  тағы? Аузынан арақтың иісі мүңкиді. Көздері қанталап кеткен, ол менен ондай әрекет күтпеді білемін. Қисалаңдай кейін шегінді.

Әкеінің аузын.. шырт түкіріп, бір екі рет қызға қарай тағы ентелегісі келді. Алайда маған күші келмегендіктен дәрменсіздігін көрсеткісі келмеді ме, боқтық сөздерін айтып үйіне кірді.

Қорғансыз балапандай қыз бүрісіп тұр екен. Мен оның қыз  екеніне анық көзім жетті. Нәзік қолдарымен жасын сүртіп әлек. Менен ұялғандағысығой.

Тұрағой, қорықпа. Мен оған қолымды ұсындым. Ол ұзақ ойланып жан жағына қарамастан жүгіріп кетті.  

Кеш қарая бұл жағдай тағы да қайталанды. Тек өз ауласынан естілген айқай шу мен баланың жылаған дауысы түн тыныштығын бұзады. Сыртқа шығып қарадым. Біреудің отбасында боп жатқан кикілжіңге араласқым келмеді. Тек еркекше киінген қыз баланы аядым. Бойжетіп өсіп қалған қызға күнде мұндай сұмдықты көру оңай емес. Басқа балалар секілді алаңсыз балалықтың бал дәмін көрмеген де шығар. Айқай шу көршінің «милиция шақырамын қоймасаңдар» деген ұрысынан кейін барып тынды.

 Түні бойы ұйықтамаған мен қатты дыбыстан ояндым. Есікті жұлып кетердей түртіп жатыр. Таң атпастан бұл кім болды екен деген оймен  ашқаным сол  есік алдында екі жігіт.

Майор Абиев. Қасымдағы кіші лейтенант Қамбаров. Егер қарсы болмасаңыз сізге қояр бірнеше сұрағымыз бар еді.

Не жөнінде?  

Көршіңіз Қуатбаев Асқар Меңдіғұлұлы жөнінде. Сағат таңғы 6 шамасында үйінің жанында оның өлі денесі табылды. Кеше сіздің онымен кикілжіңге келгеніңізді куәгерлер көрген.  

Куәлігімді көрсетуге тура келді. Олар менен дереу кешірім сұрап, болған жағдайды анықтауға көмектесуімді өтінді.

Оқиға дәл сол Қуатбаевтың өз үйінің алдында болған. Сырт көзге ешқандай қылмысқа  ұқсамайды. Үйінің алдында тұрған баспалдақтан құлап, басы жарылған. Бірінші боп әйелі көрген. Ауыл милициясы келген соң болған дау дамайды, және күндіз онымен сөзге келгенімді, Сүйрікті аралашалағанымды көргендігін айтқан. Оқиға орнын  өзім бір тексердім.

Бұл жерде экпертиза нәтижесін күту ұзақ секілді.

Мәйіт қайда? – дедім мен бірден іске араласып

Көлікте,- деді жас майор кібіртіктеп.

Мен ақырын өліктің бетін ашып қарадым. Зейнетке шықсам да әдетім қалмаған. Әлгінің басы жарылған. Егер ол баспалдақтан құлап өлген болса жұлынына зақым келген болар еді, ал бұл жерде маңдай тұсы қатты затпен  ұрғанға ұқсайды.

Бұл кездейсоқтық емес, қылмыс. Іс қозғай беріңдер,-дедім мен.

Әлгі екеуі аң таң болған күйі түсінбей маған қарады. Қарсыласуға да шамалары жоқ.

Кенет терезеден қарап тұрған Сүйрікке көзім түсті. Ол менің көргенімді байқап, дереу пердені жаба салды. Кішкене ауылда қылмыс болды деп шулатып нем бар еді деп ішімнен өкіндім. Арақ ішіп, күнде отбасының берекесін кетірген адамға өлім тілемесең де, жасөспірім қызының болашағын ойлаған едім. Есік алдында аңыраған әйелі, жиналған көршілер көңіл айтуда. Бұл маскүнемнің өлімі кімге керек болды екен деген ой маза бермеді. Жігіттер дереу мәйітті алып қалаға аттанды. Ал мен араласқым келмесе де өз тергеуімді жасырын жүргізе бастадым.

                                                           

                                                        ***

Марқұм  Қуатбаевты  ауылда ешкім ұнатпаса керек, кімнен сұрасаң да ол туралы жақсы сөз айтпады.  Оның үстіне өзі ішімдікке жақын, көп адамға жұғымы жоқ, тек өзі секілді маскүнемдермен бірге уақыт өткізеді. Бір шаруа қожалық иесінің қойларын бағып, шөбін шауып, қалған бос уақытын доссымақтарымен өткізетін жігітті кім өлтіруі мүмкін? Ия, мен солай шештім, отыз үш жыл жұмыс тәжірибемде қылмыс пен табиғи өлімді ажырататындай тәжірибем бар еді. Мейлі, ол баспалдақтан құлады делік, бел омыртқасы сынған делік, бірақ одан адам бірден өліп кетуі мүмкін емес.    Басынан қатты затпен ұрған. Сыртынан қараған адамға жарақат көрінгенімен, менің тұжырымымды экспертиза дәлелдейтініне нық сенімдімін. Менің тергеуім жасырын бола алмады. Әлгі таңертең өзімді іздеп келген полиция қызметкері егер істе расымен  шикілік болса көмектесуімді өтінді. Мен жұмыстан қашқаныммен, жұмыс мені өзі тапты. «Жарайды» дедім. Тек мен күдіктенген адамдармен кездескен кезде жанымда болсаңдар болды деп шарт қойдым.

Экспертиза нәтижесі менің сөзімді нақтылады. Басынан қатты затпен ұру салдарынан жарақат алған. Біз оның үйіне қайта бардық.  Сол күні ол үйіне мүлдем келмеген. Ал әйелі болса «Енді бала шағамды қалай бағамын» - деп жылап қоя берді. Аяққа оратылған үш төрт жастағы кішкене ер балалар. Анасының жылағанына жалтақтай қарайды. Тек Сүйрік қана көрінбейді..

Оның дұшпандары болуы мүмкін бе?

Әйел өкісігін басып сәл ойлана:

Осыдан бір екі күн бұрын жұмысында Рома есімді жігітпен қатты сөзге келген еді. Содан ашуын баса алмай, үйге келген кезінде  өшін балалардан алған..

Балалар деп отырғаны Сүйрік болар деп ойладым ішімнен. Қасымдағы жігітті ертіп, Рома деген жігітті іздеп таптық. Менің іске аса зауқым болмаса да, қасымдағы жас жігітке бұл істі зерттеу  ұнап жүргендей. Бұрын соңды бұндай іспен айналыспаған екен.

Бізді көре салысымен, әлгі Рома қаша жөнелді. Ұзақ қаша алмады, себебі бір аяғын сылтып басады. Ал ақсақ аяқпен жүгіру оңай емес.

Иааа Рома, сайра, - дедім мен ақырын темекіні аузыма қыстырып. Бұл жерде іс болғанымен менің ісім емес. Ешқайда асықпаймын, ешкімге есеп бермеймін. Уақыт менің еншімде.

Біз жәй, жәй ғана келіспей қалғанбыз. Мен оны ұррайын деп ұұұрмадым. Өзі бастаған соооң, - деді жігіт тұтыға. 

Осы уақытқа дейін қанша қылмыскер алдымнан өтті, біраз адамды тергедім, бірақ мына Рома есімді тұтықпа жігітті қинағым келмеді. Оның айтып отырғандары рас секілді.  Әйтсе де  мен шылымымды асықпай сорып, Ромаға қараған күйім үнсіз түтінді будақтата отыра бердім. Қасымдағы жігіт тағатсыздандыма, әлде өзі іске араласқысы келдіме Ромаға бірден бас салды

Қатысың болмаса бізді көргенде неге қаштың?

Мммен ммммен  қққққққоррррррықққққ

Неден қорықтың?

Мммммееннннннн

Мен шылымды тастай салдым.

Рома, қане айтшы не үшін келіспей қалдыңдар?

Қобалжудан әбден қызарған жігіт даусы дірілдей жауап берді. Оның үстіне қорыққанынан тұтықпасы да күшейіп кеткен.

Ссссол күні, біз аайлық алғанбыз, ол сенікі неге кккккөп, мменікі неге аз деді. Мен дддұрыыыс жұмыс жасаааамайсың, сондықтан аз дедім. Ол жағамнан ала төөөөбелесе кеттті, менде қарап тұрмааай жауап бердім.

Сен оны басынан ұрдыңба?

Жжжжоқ, ішінен тептім.

Ал басшы неге оған айлықты аз төледі?

Бббббілмеймін, бірақ екеуі сссол үшін төбелесугее барды. Ол бастыққа ауыр сөззздер айтты.

Ал бастығыңше?

Өөөөлтірем деді..

 Біз қожалық иесімен кездесе алмадық. Шұғыл шаруалары шығып қалаға кеткен екен. Ал орнында жүрген көмекшілері, көңіл толтырар мардымды ештеңе айтпады. Барлығы бір ауыздан зардап шегушінің ішімдікке әуес екендігін, адамдармен қарым қатынасы жақсы емес екенін айтты.

Өлтірген сол, бастығы  деді, - жас жігіт өз өзіне үлкен жаңалық ашқандай қуанып. Бәрі айқын көрініп тұрғой.

Асықпа балам, кейде ақиқат мүлдем сен ойлағандай болмайды...

Алыстан көзім Сүйрікті шалды. Мен жас майормен қоштасып, қыз жүрген бағытқа қарай бет алдым. Менің жақын келгенімді байқаса да, байқамаған адамдай жүре берді.

Сәлеметсіңбе Сүйрік, әкеңнің қазасы қайырлы болсын..

Ол жауап бермеді. Өзімнің артық сөйлегенімді түсіндім.

Сабақтан келесіңбе?

Ол «ия» дегендей базын изеді. Жүзі жабырқаулы. Бірақ алғаш көргендегідей көздерінен шарасыздық байқалмайды.

 Мың адамға сұрақ қойып жауап алсам да, мына қаршадай қызға  не айтарымды білмей тілім байланды. Бұл құбылысқа өзім таң қалдым. Мен оның қасында үнсіз еріп келемін.

Ол менің әкем емес, -деді кенет қыз. Өзі сондай сүп сүйкімді. Неліктен қыз болмысын жасырып, ер балаша киінді екен деген сан сауал.

Көкейіне келген сөздерді маған ақтарғысы келгендей, бірақ айта алмады. Менен жырақтап, өз жөнімен кете барды.

Жұмыс берушімен де тергеу сәтті аяқталмады. Ол қол астындағы зардап шегушімен сөзге келіп, төбелеске дейін барғанын баяндады. Алайда, сол түні ол өзінің ауылда болмағанын дәлелдеді.  Ойым жан жаққа жүгірді. Жұмбақ өлім одан сайын шиеленіске түскендей. Бұл адамның өлімі кімге керек болды? Мен оның үйіне қайта бардым. Бұл жолы жалғыз. Қасыма ерген жас майор қылмыскер қожалық иесі болмай шыққан соң, әрі қарай бас қатырғысы келмеді. Оқиға болған жерді тағы бір  қарап шықтым. Баспалдақтан қалай құлады, не үшін ол шатырға шықты. Шатырда бөлме бар. Мен рұқсат сұрап үйге кірдім. Шатырдағы бөлме Сүйріктің бөлмесі. Ол жерден сыртқа  шығатын бөлек есік те бар. Оқиға көз алдыма елестей бастады. Мен дереу Сүйрікпен сөйлесуім қажет...

                                                            ***

Оны ұзақ іздедім. Әдетінше осы уақытта мектептен қайтушы еді, қайда болуы мүмкін? Кішкене ғана ауылда жасөспірім қайда барады. Ойыма бірден көл жағасы келді. Мен Сүйрікті сол жерден таптым. Ол суға қараған күйі, тізесін құшақтап отыр екен. Мені көрсе де, көрмегендей отыра берді. Мен оның жанына кеп отырдым.

Қалың қалай?

Ол үндемеді. Суға тас лақтырғанды қзықтаған сыңай танытады.

Сенің бөлмең шатырда екен? Ол жерге ешкім кірмейтін болар..

Оның  жүзінен сұрағымның  ұнамағанын сездім.

Сүйрік, шыныңды айтшы, ол сені қорқыттыма?

Ол дереу қолындағы тасты жерге тастады да, тағы да үнсіз қалды. Айтқысы келіп оқталды, айта алар емес. Көзіме де тура қарай алмайды.

Мен саған көмектесемін, маған шыныңды айтуыңа болады.

Кенет жағымсыз  ащы дауыспен айқайлап жылап жіберді. Ішінде толған өксік пен ызаны, кішкентай жүрегіне жиналған азапты  шығарып жатқандай. Құшақтап жұбатуға батылым бармады, тек оның басылғанын күттім. Біраз уақыттан соң ол өз-өзіне келгендей болды. Бетін  сүртуге орамалымды ұсындым.

Мен оны өлтірген жоқпын ағай, - деді ол қолындағы орамалды умаждай.

Енді не болды Сүйрікжан, маған айта қойшы..

Ол терең дем алып, әңгімесін бастады.

«Мен ол кезде 10 жаста едім. Сабақтан келсем үйде ешкім жоқ. Мамамдар базарға кетсе керек. Әлгі адам, үйге әдеттегідей ішімдікке тойып  келді. Мені балағаттап, ұрғысы келді. Ол арақ ішпесе бізді ұрып соғатын. Әсіресе мені.. Ол қолын көтеріп ұрғысы келді де, ұрмады. Шашымнан сипады. Бұрын соңды жасамаған әрекет жасады. Өзіне жақын алып құшақтап, сүйе бастады. Сосын, сосын ол менің көйлегімді шешті..»  әрі қарай сөзін жалғастыра алмай тамағына өксік тығылды. Мен ол кезде 10 жаста едім аға. Ол лас әрекетін жасаған кезде. Сол күні орнымнан тұра алмай ұзақ жаттым. Қан болған көйлегімді өзімен бірге алып кетті. «Шешеңе айтушы болма, бәріңді өлтіре саламын» - деді.

Тынысым тарылып ауа жетпеді. Көзіме келген жасты көрсетпейін деп қолымдағы шөлмек бөтелкені қатты қыстым. Дем жетпегендігі сонша қолыма кірген ұсақ шөлмекті де, аққан қанды да сезбедім.

Сен сол себепті ер балаша киіндіңбе?

Бұл жағдай ол арақ ішкен сайын қайталана берді.менің шатырға шығуымның да себебі сол. Кей кездері үйден қашамын, кейде мүлдем ұйықтамаймын.

Ал анаң ше? Ол білмеді ме?

«Білді. Әбден қиналған бала анасынан көмек сұрамағанда кімнен көмек сұрайды. Егер оны мен үшін түрмеге жабатын болса біз далада қаламыз, мына екі ініңді ойла. Көзіне көп көрінбеуге тырыс деді. Алғаш рет шашымды ер балаларша қиып, мені солай киіндірген де өзі. Менің еркекшора түрім оған ұнамаған секілді. Содан кейін ол маған көп тиіспеді. Ол өлетін күні үйге таңға жақын келді. Мен ұйықтамаған едім. Сырттан оның кіре сала шатырға көтеріліп келе жатқанын көрдім. Мен бөлмедегі далаға апарар есіктен шығып төбеге көтерілдім. Бірақ ол мені тауып алды. Өзінен арақ иісі мүңкіп тұр. Әрекетін жасамақшы болып оқталды. Мен қарсыластым. Кенет ол қисалаңдаған күйі тепе теңдік ұстай алмай жерге құлады. Мен оны итермедім. Төмен қараған кезде ол тірі еді. Боқтық сөздер айтып тыпырлап жатқан...»

Арада үнсіздік орнады. Ол жасын тыйып, өз-өзіне келгендей.

Әрі қарай не болды?

Мен апамды оятпақшы едім. Ішке кірдім. Даладан әлдеқандай дыбыс шыққанын естідім. Оның басынан үлкен таспен әлдекім ұрып жатты...

Сен оны көрдіңбе?

Айтайынба әлде айтпайынба дегендей Сүйрік үнсіз қалды. Кенет көздеріме тура қарады да:

Егер ол өлмесе ол мені өлтірер еді. Ол өзінің лас ісін жалғасытыра берер еді. Мені ешкім құтқармас еді..

Сүйрік...

Қыз к-з жасына ерік берді.

Көрші аға...

Кім, Тоқтарбайма?

Ол  «ия» дегендей басын изеді.

                                                        ***

   Тоқтарбай барлығын мойындады. Әлгі сұмырайдың Сүйрікке жасап жүрген лас істерін  білген. Білгенде не істей аламын дейді. «Милиция түгілі туған анасы қызын қорғамады. Қызымның абыройын ойла, бүкіл ауылға күлкі болады, барлығы одан жиіркене қарайды деген соң өзімді әрең ұстадым. Әлгі сұмырайға енді қызға тиісетін болса аяқ қолын сындыратынымды айттым. Менің де Сүйрікпен жасты қызым бар. Бұл сұмдықты елестете де алмаймын. Бірақ қолымнан ештеңе келмеді». Ол көзіне жас алды. 

«Сол күні таңмен ерте тұрып өріске шықтым. Алыстан шатырда тұрған екеуін көзім шалды. Мен жетемін дегенше, қас қағым сәтте ол жерге құлады Шалбарының ілгегі ағытулы. Тұла бойымды ашу кернеп, ызадан өзімді ұстауға шамам да жетпеді. Жоғарыда  жаутаңдай қарап Сүйрік тұр. Егер ол қайта тұратын болса қызды ендігі оңдырмайтынын  сездім. Жанымда тұрған таспен ұрып Сүйрік үшін жасаған қиянатың  деп сазайынын бердім..»

Бұл істің әділдігін анықтайтын мен емес. Иә, адам өлді, қылмыс болды. Бірақ менің жалғыз арманым – зейнетке шығып, тыныш ауылда демалу еді. Бар ауыртпалықты, өткеннің тыртықтарын қалдырып, жанымды тыныштықта демалдыруды ғана қаладым. Алайда қанша жерден тырыссаң да, өзіңнен қашып құтылу мүмкін емес. Адамның қатыгездігі, жан түршігерлік сұмдықтары — қала ма, ауыл ма, бәрібір қай жерде де қылаң береді.

Бұл жағдайды ешкімге хабарлаған жоқпын, хабарламаймын да. Сүйріктің балалық шағын күл-парша қылған айуан өз жазасын алды. Әділдік пе, әлде қарғыс па — оны шешетін мен емес. Бұл — өмірдің қатал заңы. Енді сол түнгі тыныштықпен бірге өз жанымның тыныштығын табу ғана қалды... Бірақ білмеймін, тапсам да, таба алмасам да — бәрібір жүрекке салмақ сызат орны енді емделмесі анық.

Тіршілігі қайнаған қалаға қайта ораламын. Бұл жерге енді қайтып келмейтін шығармын. Ауылмен қоштасудың да қажеті жоқтай көрінді. Ешкіммен жүздесіп, қоштасқым келмеді. Қажеті жоқ әңгіме, бос сезімдерге орын қалдыруға зауқым да жоқ. Тек Сүйрікті ойлап жүрегім сыздайды. Оның бейнесі көз алдымнан кетер емес.

Кіп-кішкентай ауылдың ішінде қандай ауыр тағдырлар жасырынып жатыр... Быт-шыт болған қыз ғұмыр — болашағы үмітке толы болуы тиіс бір жанның тағдыры топыраққа былғанып, тапталып қалды. Қолымнан келгені — үнсіздікпен қоштасу ғана. Қайғының салмағы әркімге әрқалай түседі, ал менікі — осы жерден кету, артқа бұрылмау.

Алда тек қала бар. Тіршіліктің ырғағына қайта енемін, бірақ бір нәрсені анық білемін: бұл ауыл менің жүрегімде өшпес із қалдырып, мәңгіге қалған жара сияқты сыздап тұра бермек.