Жылдың үздік балалар шығармасы
129

Құтжол жұмысқа кетті

            Есіктен басымды қылтитып қарадым. Көрінбейді. Алыста жүр-ау. Содан кейін сөмкемді асынып, атқып шықтым. Қақпаны да көз ілеспес жылдамдықпен жауып үлгердім. Іле-шала Құтжол да «гүрс» етіп соғылды. Құтылдым-ау. Әйтпесе ол «қоштасу рәсімін» жасамай тынбайтын еді. Кір-кір аяғымен үстіңе асылады ғой. Өзінше ыстық ықылас танытқан түрі. Тап-таза киіміңді әбілеттей ететінімен шаруасы жоқ.

            Сабақта жүріп, Құтжол жайлы ұмытып та кетіппін. Аулаға жақындай бергенімде іштен шу естілді. «Тағы да не бүлдірдің, Құтжол-ау?» Кірсем, шешем сыпырғышпен итті сабалап жатыр екен. Ол болса, кішкентай бала құсап басын бұғып алыпты. Соққылар толассыз тиіп жатыр. Кешірім күтіп біраз шыдап, болмағасын  тұра қашты.

            Сәлден соң қайта оралып, ашық тұрған есіктен көрінетіндей жерге жатып алып, «ал енді маған не істейсің?» дегендей басын қылтыңдатты. Ойнағысы келіп тұр. Апам енді оқтауын ала жүгірді.

            Бүгін таңертең байлап үлгермегенмін. Соңғы кезде қу болып алды. Қашып, байлатпайды. Қашаңғы оның соңынан салпақтап жүремін, сабақтан кешігемін ғой. Түнде байлап қояйын десем,  қыңсылап көршілерге ұйқы бермейді. Сөйтіп тығырыққа тіреліп жүрген жайым бар.

            Оны күшік кезінде әке-шешем ініме туған күніне сыйлап еді. Қазір інімнің оған әлі келмейді. Құтжолдың іші толып тұрады. Құтжол – құйын ғой, құйын. Жай жүру атымен жоқ. Алыстан құйындатып келеді де екпінімен қағып өтеді. Одан кейін соңыңнан қалмай жүріп, тілерсектен тістеп ойнағанды жақсы көреді. Ондай ойынды қай бала жақсы көрсін? Біздің үйге ылғи шешесімен бірге қыдырып келетін төрт жасар Мәди оның «өнерін» есіктен сығалап қана тамашалайды.

            Құтжол – сезімтал. Үсті кірлеп кеткен соң, інім екеуміз сабынды көпіршітіп, жылы сумен жуып едік, тыпыр етпей тұрды. Шаяр кезде  жылы су таусылып қалып, суық су құйған сәт, ытқып кетті.

            Құтжол енді омырауы ақ, тұмсығы қара, құлағы тікірейген, көз тартатын сарыала ит болып шыға келді. Жүні жылтырап, құлпырып кетті.

            Таяуда ол ақсап жүрді. Иттің жайын жақсы білетін көрші ағаға апардым. Мәлік аға алдыңғы аяқтарын көрмек болып оң қолын соза беріп еді, Құтжол амандасады деп ойлап қалды-ау деймін, оң аяғын ұсына қойғаны. Бәріміз қыран-топан күліп жатырмыз. Амандасуды үйретіп едік, сонымыз зая кетпепті. Інім екеуміздің балалардың арасында бір беделіміз көтеріліп қалды. Мәлік аға мұқият  қарап, «тырнағы ішке қарай өсіпті, тырнағын алу керек» деді. Базарға барып, қайшы сатып әкелдім. Итті жатқызып, інім басын ұстап тұрып, тырнағын алдық. Ырылдап, алғызбай ма деп қорқып едім. Оным бекер екен, ешқандай оғаш қылық танытпады. Түсінді.

            Ойыны дөрекі болса да оны інім екеуміз жақсы көріп қалдық. Бірақ шешеме жақпай-ақ қойды.

            Енді ылғи да қорқып жүретін болдым: «Құтжол тағы да не бүлдіреді?»  деп. Бекер мазасызданбаппын, көп ұзамай шу шықты. Жайған кір түнде  ұмыт қалыпты да, Құтжол басқа ештеңеге тимей, тек шешемнің көйлегін дар-дар айырып тастапты. Осыдан бір-екі бұрын жақсылап таяқ жеп еді, соның есесін қайтарғаны ма?

            Өшіккен шешем, оны түнде далаға шығарып жіберетін болды. Алғашында таңертең қақпаның алдына кеп тұрушы еді, бірте-бірте қаңғыбас болып алды. Кейде түске таман, кейде кешке келеді іші ішіне қабысып. Дәл бір ойыннан қолы тимей, тамақ ішуге келетін бала сияқты.

            Бір-екі күн жоқ болып кету оның әдетіне айналды. Оған уайым жей қоймаймыз. «Мен бармын» дегендей келіп тұрады. Бір күндері көзімізге мүлде көрінбей кетті. Енді қорқайық дедік. Сырттан иттің даусы естілсе, Құтжол емес пе екен келіп қалған деп елеңдейміз. Көшеде біреу соған ұқсас ит жетектеп бара жатса, сол емес пе екен деп үңіліп қараймыз. Оның тентектігін де сағынатын болдық.

            Оны жақсы көргенімізді сезінген сайын, айрылып қалмадық па деп ішіміз удай ашитын болды. Біреулер асырап алды ма дейміз. Ондай болса тіпті жақсы. Өзі де аңғал сәби сияқты еді ғой. Танымайтын адам шақырса да, еш қауіп ойламай, арсалаңдап жетіп баратын. Осы жағын ойлағанда, бір жаман пиғылды адамдардың қолына түспеді ме деп қауіптеніп қоямын. Әйтеуір аман болса екен. Оны төрт жасар жиен ініміз Мәди де жақсы көруші еді ғой. Ол үйге қыдырып келгенде ылғи:  «Құтжолға барайық» дейтін. Мен оны үйдің арт жағына алып барамын. Ол аса жақындамай, алыстан біраз уақыт қарап тұрады да, содан кейін ғана «кеттік үйге» дейді.

            Әдеттегідей үйге шешесімен бірге Мәди қыдырып келді. Мен не істерімді білмедім. «Құтжол қайда?» деп сұрап қалса ше? Бір тәуір жері ол бірінші келгенінде Құтжолдың жоқ екенін көрді де, ештеңе сұрамастан бұрылып жүре берді. Екінші келгенінде сұрап жатса шындықты айтайын деп шештім. Екеуміз иттің ұясына жақындап келдік. Ұя бос тұр. Шынжыры шұбатылып жатыр. Ит жаңа ғана босанып кеткендей әсер береді. Мәди біраз қарап тұрды да, бір уақытта:

 – Құтжол жұмысқа кетті, – деді.

 Мұндай қуанбаспын. Арқамнан ауыр жүк түскендей болды.

  – Иә, Құтжол жұмысқа кетті, – деп жатырмын інімнің сөзін қайталап.