92
Жақсылыққа жақсылық
(Болған оқиға)
Ақ күшікті машинадан лақтырып тастаған кезде жерге шаң-шаң боп домалап түсті. Ол жер, бұл жері қатты ауырып қалғанына қарамастан төрт аяғынан тәлтіректеп тұрды. Айналаға қарап енді қайда барарын білмей дағдарып қалды. Таяқ тастам жерде гүрілдеп ағып жатқан өзеннің суық лебі бойын қарып барады. Дірілдеп, қалшылдап тоңды. Қарны да ашты. «Қамқор шешем, қайдасың? Менің қарным ашты ғой" деп қыңсылап жылады. Бірақ шешесі оның даусын естімейтіндей алыста еді. Ол құдайдан күшігінің жолы болып кетуін тілеп жатыр еді. Сол тілеудің арқасы ма екен, қарсы үйден бір ер адам шықты. Қыңсылаған дауысты естіп, адымдай басып, дәл қасына бәтіңкесінің ұшы тиер-тимес боп тоқтады. Тебетін шығар деп ойлап еді, теппеді. Жерден көтеріп алып, бауырына басты. Сол кезде бойына жып-жылы шуақ тарады. «Адамдар да әртүрлі болады екен-ау, –деп таңданды ол. – Анау адам қатыгез, ал мына адам мейірімді...» Аулада үш-төрт бала ойнап жүр екен. Олар алыстан үңіле қарап, әкелерінің не құшақтап алғанын аңғарған сәт: «Алақай! Әкеміз бізге күшік әкелді!» – деп айқайлады. «Енді осылардан қалған-құтқанды жесем де өлмеспін-ау» деп қуанды күшік. Осы сәтте үйден бір әйел шықты. Ол бұның борбайын көтеріп көріп, жақтырмай ернін жыбырлатты. Сірә: «Ұрғашы екен, ертең күшіктесе есіктің алдына ит қаптап кетеді ғой. Оның бәрін қайтіп асыраймыз?» деді-ау. «Ұнатпай қалса, қалай болар екен?» деп уайым жеді ақ күшік. Бірақ қожайын оның сөзіне құлақ аспай, балалар жаққа иек қақты. Сірә: «Көрмейсің бе? Балалар қуанды ғой. Одан артық бізге не керек?» деді-ау. Әйел оның айтқанымен келісті-ау. Бұдан ары ештеңе демеді. Балалар бұны бірінің қолынан бірі алып қашып, ауланы думанға бөледі.
Ақ күшік ауладағы лақтармен достасып алды. Балалар мектепке кеткен кезде ылғи да солармен бірге ойнайды. Лақтар сүзісіп ойнағанды жақсы көреді. Бірде лақтардың біреуі әурелеп қоймаған соң ойнауға келіскен. Лақ сәл шегініп барып, бұған тұра ұмтылсын. Санаулы секунтте көз алды жарқ ете түссін. Есін жиған сәтте, жеңісіне масаттанып тұрған лақты көрді. Содан кейін сүзісіп ойнауға келіскен емес. Лақ сүзбек болса, бұл ебін тауып сирағынан тістейді де тұра қашады. Ызаланған лақ тұра қуады. Сөйтіп ауланы азан-қазан етеді.
Бірде лақтардың бірі ойынды қоя қойып, ауланың төрінде күншуақтап жатқан көк ешкіге тұра ұмтылды. Барды да бауырына жармасты. Екінші лақ та сөйтті. Аң-таң қалған ақ күшік солардың істегенін қайталады. Таласып-тармасып желінді түртінектеді. Сол кезде ұмытыла бастаған тәтті дәмді сезінді. Дүниеде ана сүтіне тең келетін дәм бар ма еді! Көк ешкі бөтен иісті сезіп қойып, орнынан атып тұрып, сүзіп жіберді. Бірақ бұл жабысқанын қоймады. Содан кейін ешкі мұны аяды ма екен, меселін қайтара қоймады. Бірте-бірте үйреніп, бұған туған баласындай еміренетін болды. Сөйтіп көк ешкінің арқасында жетімдік көрмеді. Осылайша олардың адам айтса нанғысыз достығы басталды. Мейірім адамда ғана емес малда да болатынын көк ешкі ісімен дәлелдеді. Ақ күшік жаңа тапқан «анасына» риза еді.
Ол күн сайын егесін аялдамаға дейін шығарып салады. Сол бір қиын-қыстау сәтте аман алып қалғанын ұмыта алмайды. Мейірімді ортаға тап келтірген тағдырына дән риза. Ақ күшік, әсіресе, балалар мектепке бармайтын күндерді қатты ұнатады. Олармен бірге асыр салып ойнап, іші бір босап қалады. Балалар «Ақтөс, Ақтөс» деп шақырса, арсалаңдап жетіп барады. Содан кейін осындай думанды күндер қашан болады деп асыға тосып жүреді
Үйдің сырт жағы – кішігірім тауға ұқсайтын биік-биік жоталар. Міне, сол жоталардың ара-арасындағы сайларға үйдегілер малды бос қоя беретін. Тәтей бір-екі рет бұны да ілестіріп барған. Содан кейін Ақтөске ой түсті. «Мен енді кішкентай күшік емеспін ғой. Есейдім. Аулада лақтармен ойын ойнап уақыт өткізгенше, бір уақ барып мал баққаным дұрыс болмай ма? Сөйтіп ішкен тамағымды ақтағаным жөн шығар» деп түйді. Расында да бұл уақытта Ақтөс әпежептеурім итке ұқсап қалған еді. Сол күннен бастап ол мал бағатын болды. Ымырт үйірілгенде бір-ақ келеді.
– Осы ит қайда жүреді қаңғып? – дейді тәтей тамақ құйып жатып.
– Қаңғып жүрген жоқпын ғой, мал қарап жүрмін, – деп үріп түсіндірмек болды ит.
Бірақ ол:
– Мынау не деп тұр? – деп түсінбеді.
Біраз уақыт өткен соң жайылымда мал қайырып жүрген итті көріп көршілер аң-таң қалған-ды. Кешкілік үйге келіп, іштеріне сыймаған жаңалықты асыға-аптыға жеткізді. «Иттерің ақылды екен, мал қарап жүр», – деп мақтады. Адамдардың ауыздарының жыбырлағанынан Ақтөс не айтып жатқанын тез-ақ аңғарады. Жақсы сөз майдай жағып, құйрығын бұлғаңдатты. Бұған риза болған тәтей таңертең тамаққа тойдырып жіберетін болды. Өйткені осы кеткеннен Ақтөс кешке бір-ақ оралады ғой.
Бірде Ақтөс үйді торуылдап жүрген түрі бұзықтау адамдарды байқап қалды. Олар мал қора жаққа саусақтарын шошайтып әлдене деп қояды. Не де болса пиғылдары нашар жандар. Көңіліне күдік кірді. Сол күні тұңғыш рет мал қораның алдына жатты. Түннің бір уағында көпірді дүңкілдетіп өткен әлдекімдердің аяқ дыбысын естіп қалды. Атып тұрып қақпа жаққа барды. Сол күндіз көрген адамдар екен. Бұл:
– Жақсылықпен кетіңдер! – деп ескерткендей үріп қойды.
– Мә, мынаны жеп, аузыңды жаба қойшы, – деп, біреуі нан лақтырды.
– Тапқан екенсің нанға алданатын ақымақты, – дегендей бұл үруін тоқтата қоймады.
– Нанды місе тұтпасаң мына бір кесек етті жей ғой, – деп алдарқатты екіншісі.
– Мен сатылмаймын, иеме адал қызмет етемін. Неге түсінбейсіңдер? – деп шабаландады ит. Осылай тәжікелесіп тұрған уақытта үшінші біреудің қоршаудан секіріп түсіп, сырт жағынан кеп мойнына қапшық кигізбек болғанын аңғарып қалды. Әрең дегенде сытылып шықты-ау. Амал жоқ, терезенің алдына барып:
– Қожайын, ұйқыңызды бұзғаныма айып етпеңіз. Мұнда ұрылар жүр! – деп жарияға жар салды.
Қожайын көп күттірмей, мылтығын алып үйден атып шықты. Ұрылар тұра қашты.
Ақтөстің аты жақын маңайға түгел жайылды. Сондықтан да болар, Ақтөс тұңғыш күшіктеген кезде «ақылды иттің тұқымы» деп, жұрт жапа-тармағай бөліп алды. Ең соңғы күшікті алып кеткен кезде, Ақтөс жүрегі сыздап, көзі мұнартып күншуақта мұңайып жатқан. Тәтей оның жанын түсінгендей қасына келіп басынан сипады. «Күйеуім алғаш сені үйге әкелген кезде ұнатпай, «есіктің алдына ит қаптап кетеді ғой» деп айтқаным асылық болған екен. Кешіргейсің, жеті қазынамның бірі!» – деді.
Бір түні Ақтөс қатты мазасызданып ұлып шықты. Ертеңіне көк ешкінің толғағы басталды. Көк ешкі қатты қиналды. Оған жаны ашыған ақ ит ары-бері безектеп қыңсылағанымен, еш көмек көрсете алмады. Көк ешкі екі лақты аман-есен туды да, үшіншісін туа алмай мерт болды. Сөйтіп Ақтөс өзіне етене жақын жаннан айрылды. Қожайын оны бақшаның аяғына көміп жатқан кезде, көз алдына аулада лақтармен асыр салып ойнаған күндер келді. Сонда емес пе еді көк ешкінің бөтенсімей бауырына басқаны. Әйтпесе бұл кім еді? Жүрген жетім күшік еді ғой... Енді бір сәт те аялдамай, барып лақтарды еміреніп иіскеді. Қарындары ашып тұрған лақтар да бұның желініне жабысты. Біраздан бері күшіктерін сағынып жүрген ит иіп қоя берді. Сөйтіп Ақтөс жақсылықты жақсылықпен өтеу аңның да қолынан келетінін ісімен дәлелдеді. Бұдан кейін де лақтарды көзінен таса етпеді. Бірге ілесіп бағып жүрді. Оны көрген жұрт Ақтөсті «бақташы ит» деп атап кетті.